- Мақала
- 09 Қыркүйек, 2025
Дін – рухтың тірегі
Асқап ЖАНҚАРА,
жазушы
Мақаламды «Дін деген не?» деген сұрақтан бастайын. Менің пайымдауымша, дін бұл – рухтың тірегі. Адамдардың рухани наным-сенімі негізінде қалыптасқан рухани тірек- наным күші.
Жершары бетінде адамзат жаратылып, белгілі қауымдық топқа айналғаннан кейін тіршілік етіп өмір сүру барысында өздеріне рухани сүйеніш, тірек іздеді. Адам баласының жаратылысында тіршілік қамы үшін қажет заттық материалдар – мекендейтін жер, су, тамақ, ауа, күн нұры керек екені түсінікті.
Алайда, адам баласы үшін заттық бұйым, тіршілікке қажетті материалдық құрылым камтамасыз етілген күнде, ол тағы да осы әлемнен өзіне рухани тірек, рухани сүйеніш іздейді. Бұл адамзат жаратылысының болмысы. Мұндай жаратылыстық болмыстан бөлек жершары бетінде адамзат жоқ. Құдыреті күшті жаратушы Алла ет жүректі пендені осылай жаратты. Сондықтан адам баласы осы дүниеден рухани сүйеніш іздеуге мұқтаж болды.
Жалпы Құран кәрімде, біріншіден, құдіреті күшті жаратушы Алланың барлығы және ұлылығы, адамдардың Алланың ұлылығын танып, Аллаға құлшылық етуі, Жердің, күннің, айдың жаратылыстары, олардың адамзат тіршілігі үшін рөлі, бір жылдың он екі ай болатындығы, күн мен түннің ұзарып-қысқарып алма-кезек ауысып отыратындығы, осының барлығы адамзат тіршілігі, адамзат жаратылысы үшін Алланың құдіретімен орналастырылғандығы, о дүниенің, заман ақырдың болатындығы, тозақ пен жұмақ ұғымдары баяндалатыны белгілі.
Екіншіден, исламның діни қағидалары, ислам дінінде өтелетін бес парызды орындаумен, жамандық атаулыдан тиылуға, мәселен, кісі өлтіру, зинақорлық, ұрлық істемеу, жетімнің мал-мүлкін жемеу, т.б. мәселелерге қатысты насихат айтылады. Әрі кісі өлтіру сынды қылмысты істерге қарата жазалау ережелері көрсетіледі және басқада түрлі діни тәртіп ережелер баяндалғаны анық. Бұл жайында көп еңбектер жазылғандықтан, ол тұстарына көп тоқталып жатпайын.
Ұлтымызға қарата айтқанда, біздің ислам дінін алғаш қабылдаған уақытымыз шамамен заманымыздың IX ғасырының басы деп алсақ, қазірге дейін (ХІІ-ХІ) ғасыр шамасындағы уақыттың өткенін білеміз. Осы кезең аралығының бір ғасырға жуық уақытында кеңестік қызыл империяның құдайсыздық идеологиясына ұшырап, діни көзқарасымызға селкеу түсті деп қараған күнде, біздің ислам дінін қабылдап, діни қимылдарды ресми еркін жүргізген уақытымызға тура он бір ғасырдың жүзі болды деп айтуға болады. Алайда, осы он бір ғасыр уақыттың тура он жарым ғасырдан астам уақытын біз кілең араб тілінде өткізіп келдік. Діни білім алған қазақ азаматтары ғана араб тілінде жазылған Құран кәрімнің аят-хадистерінің қазақша мағынасын түсінгені болмаса, көпшілігіміз Құран кәрім аяттарының мағынасын түсінбей келгеніміз рас. Оқылған сөздің мағынасын, оның қандай мағына беретінін білгеніміз жоқ. Осылай күн кешіп жүргенімізде 1991 жылы қазан айында басылым көрген Құран Кәрімнің тұңғыш қазақ тіліндегі аудармасы Шығыс Түркістан қазақтарының қолына тиді. Қытайдың Шыңжаң өлкесі Алтай аймағында тұратын Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы атты ағайынды екі азамат, атақты дін қайраткері және ақын Ақыт қажы Үлімжіұлының балалары тұңғыш рет қасиетті Құран кәрімнің арабша нұсқасын Шыңжаңда қазақ тіліне аударып, халыққа ұсынды.
Бұдан тыс 1940 жылы Қытай қырғынынан қашып, шетел асып, 1952 жылдары Түркияға жетіп, күн көріс өмірін бастаған Халифа Алтай Ғакибұлының Құран кәрімді қазақ тіліне аударған аудармасы да 1991 жылы желтоқсан айында Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін қазақ халқына жетті.
Тіл құдіретіне қарата айтқанда, Құран кәрім аяттарының Араб тілінде Мұхаммедке (с.ғ.с) және араб халқына түсінікті тілде түсуі ислам дінінің араб әлемінде тұңғыш қабылданып барлыққа келуіне ерекше рөл көрсеткендігі анық. Бұл туралы Құран кәрімде Құранның араб тілінде, арабтарға түсінікті өз тілімен түскендігі көп рет тілге алынғандығын оқып білдік. Ал шынтуайтына келгенде араб тілі бізге түсініксіз тіл. Сондықтан біз қазақ баласы Құран кәрімнің аяттарын оқығанда, қазақша аудармасы бойынша өз тілімізбен түсініп оқығанымыз маңызды. Сонда ғана біздің дін туралы түсінігіміз артады. Дін туралы күңгірт қараңғылықтан айығып, көкірегіміз кеңиді. Тілі қазақша Құран кәрімнен адамзаттың жаратылысын біліп, Алланың құдіретін тереңдей танимыз.
Менің байқағаным, ислам дінін қабылдағанымызға қанша ғасыр болса да, ислам діні туралы түсінігіміз кемелді толық емес. Өйткені біз Құранды өз тілімізде, мән-мағынасын шынайы түсініп оқи алмадық. Сол себептен де, біздің діни нанымымыз күңгірт, бұлыңғыр.
2003 жылы тамыз айының аяқ шені кезінде, нақтылы күні есімде жок, Алматы қаласында жүргенімде, жасы бар, қартамысы бар, бір топ адам Алматы көшелерінің бірінде сапқа тізіліп алып, орысшалап бірдемелерді айтып жүгіріп жүр екен. Ең артында қазақтың бір қыз баласы ілесе жүр. Мен ол кезде Қытайдан Қазақстанға жаңа келген бетім. Біреулерден «Мыналар неге жүгіріп жүр? Не айтып жүр?» деп сұрап едім, олар: «ой, бұлар бір теріс ағым дінді үгіттеп жүр» деді. Сосын мен әлгі саптың ең артында жүгіріп жүрген қазақтың қыз баласына жаным ашып «Біздің қазақ баласының өз діні, ислам діні бар емес пе?» деп едім, естіп тұрғандар: «Аға, ол мұсылманшылығыңызды білмейді ғой, діни түсінігі жоқ қой» деді. Мен ішімнен ойладым: «Ой, Алла! Мұның үкіметі қайда? Мұны неге шектемейді? Анау қазақ қызы адасатын болды ғой» деп, айтып ауыз жиғанша, олар ұзап, көзден ғайып болды.
2003-2004 жылдарда тағы да осындай оқиғаны көрдік. Бір топ әйел, ішінде бірлі-жарым ер адамдары бар, қабір басына келіпті, біреуінің қолында қағазы бар, қағаздағы жазуды дауыстай оқып, қабірдегі әруақтармен бейне бір сөйлескендей, олардан сүйеніш, медет тілегендей көрінді. Ақ шүберекке түйіп алған бірер бөлек теңгелері болды. Оны сол қабір басына тастап кетеді екен. Байқағаным, діни сауаттары жоқ. Бұл да кешегі кеңестік қызыл империя саясатының салдары, халықты жетпіс жыл бұғаулап, діни сауаттан жұрдай қылып тастаған. Жастарға ақыл-кеңес айтып, діни сауат беретін қариялар да жоқ.
Осылайша, халқымыздың рухани сүйеніш іздеген кезін ұтымды пайдаланған теріс ағымдар қармағына іліккен жастарды өз қатарына тартып, адастырды. Нәтижесінде жас азаматтарымыз шалбарының балағын кесіп, қауғадай сақал қойып, түр-сипаттары өзгеріп шыға келді. «Әй, андағы сақалды неге алмайсың?» десе «бұл сақалды алмаймыз, оның түбінде калың періште бар» деп айтады екен. Бұдан өткен надандық, бұдан өткен масқаралық болар ма?
Біздің осы әлсіздігімізді пайдаланып, қазақ ұлтын теріс діни ағымдарға бөлшектеп құртуды мақсат еткен сыртқы күштердің, діни наным-сенімі әлсіз қазақ азаматтарын аздырып, қайдағы бір «уахабизм, салафизм» т.б. ағымдарға тартып, санасын улап, қазақтың дәстүрлі ислам дінінің наным-сенімдік қағидаларына тосқауыл жасалып отырған жағдайлар бар.
Сонда біздің қазақ баласы қазақтың дұрыс ел болмауын көздеп отырған сыртқы жау күштердің әрекетіне бола яки соның теріс пиғылына сәйкескендей өзінің дәстүрлі діні болған ислам дінінен теріс бұрылуы керек пе? Қазақ баласы, біздер, кешегі қызыл империяның ұлтты ойрандауынан бұрын қаншалаған ғасырлық өмірімізде осы ислам дінінің шариғаттық тиымдарын ұстанып, түрлі жамандықтан тиылып, тамаша дәстүр-салт қалыптастырған, тамаша ұлт, тамаша ел болып келдік емес пе? Үлкенде үлкендік, кішіде кішілік болған. Әке, бала, ене, келін, ата, келін, ақсақалдық құрмет деймісіз, әр пенденің өзінің ұстанған үлкендік-кішілік, адамдық салауатқа бай әдеп-ибалық орны болды. Қазақ елінің осындай елдік жетістігін ұстанған дінімізден бөле қарауға бола ма?
Дін деген адамның рухани түсінік-нанымына байланысты аса бір тылсым құбылыс. Адам баласының діни наным-сенімін осы жасырын тылсымдығын пайдаланған жау күштері, уахабизм-салафизм сынды теріс ағым жолын жобалау арқылы қазақтың дәстүрлі ислам дініне қарсы ағымдарды тудырып, өз ішінен ірітетін амал қарастырып отыр.
Діни сауаты жоқ адамға қарата айтқанда, дін туралы анау-мынау деп сөйлеудің өзі аса бір келеңсіздік, өте-мөте мұсылманшылыққа, ислам дініне қарсы келу – Аллаға қарсы келгендік болады. Ашығын айтқанда, бізді бір тамшы мәни суынан адам қып жаратып, ақыл-ес, қабілет беріп отырған, сондай-ақ, күллі ғаламды жаратып отырған Аллаға қарсы сөйлейтіндей біз кімбіз? Қазіргі ғылым-білім дамыған жаһандану дәуірінде, ұлт пен ұлтты, ел мен елді теңестіретін және бірінен-бірін асыратын кұдіретті күш бұл – ғылым. Ғылым-білімі жоқ елдің болашағы да жоқ.
Бірақ, ғылымның жолы өзінде, діннің жолы өзінде, ғылым мен діннің ешқандай бір-бірімен қайшылығы жоқ. Ғылым қуып сапалы еңбек етіп, «Құдыретті Алла, маған ғылым бер!» деп, Алладан шын жүрегіңнен тілек тілеп, ғылым қуып еңбектенсең, Алла саған ғылым береді. Бірақ ғылымның талабына сай қаншалаған жыл сапалы еңбектенуің керек. Дінді ғылымға қайшы қылып сөйлеу, дін ғылымға қайшы деп түсіну тағы да діни біліміміздің төмендігінен.
Ғылым деген не? Ғылым – еңбек. Ғылым сапалы еңбектің техникалық жетістігі. Адам баласы ғылымға сапалы еңбектену арқылы қол жеткізеді. «Ғылым инемен құдық қазғандай» деген сөзі бар емес пе. Ғылым қуып еңбектенбеген адамға Алла аспаннан бекерден бекер ғылым бере ме? Жаратушы Алла ғылым қуған адамды, ғылым қуып, еңбектеніп қиындық шеккен адамды жақсы көреді. Мейлі ол қай діндегі адам болсын. Құдайсыздар ғылымды Алладан бөлек біз өзіміз тауып жүрміз деп қарайды. Жоқ, олай емес. Алла бермей, ешқандай пенденің ғылымға қолы жетпейді. Білім алу, кітап оқу, еңбектену, ғылым іздеу ол адамның өз шаруасы. өзінің ізденіс талпынысы.
Алла бір адамға ғылым берумен бірге оны осы жетістігі арқылы сынайды. Оның осы жеткен жетістігіне қарата қандай ой-қиялда екендігін Алла біліп отырады. Әрине пұтқа табынып жүрген дінсіздер ғылымды жаратушы бір Алла берді деп еш ойламайды. Олардың қолы белгілі жетістікке жеткен сайын кеуделері өсіп, Алланы жоққа шығарады. Әрине, олардың жаратылысы, ділі солай. Бірақ мүлдем бәрі олай да емес, аса жоғары білімді ғалымдардың Алланы іштей мойындайтындары да бар.
Діннің жолы өз алдына, Аллаға құлшылық жүректе, жүрегіңмен ойлан да, тіліңмен тілек тіле. Ал миың мен қолың бос. Мен былай дер едім: егер сіз, мәселен, құлшылық істеуге уақыт шығара алмайтындай қарбалас болсаңыз көлігіңізді жөндеп жатып та «Фатиханы» оқып, Алладан тілек тілей беріңіз. Алла сіздің тілегіңізді береді. Мінеки, нұр үстіне нұр деген осы. Алла сізге, «андағы жұмысыңды тастап, маған құлшылық ет» демейді, қайта сіздің жаңағы жұмыс істеп жатып оқыған намазыңызды, тілеген тілегіңізді қабыл етеді.
Арабтың дін ұстанымы қаншалық, ол оның өз шаруасы. Ал біздің ұстанып отырған ислам дініміз арабтың меншікті жеке діні емес. Ол күллі адамзатқа Алла тарапынан түскен хақ дін. Ол бізге Алланың мархабат етіп берген діні. Арырақ айтсақ біз әлмисақтан ислам дініндегі халықпыз. Ислам діні бізге ресми келмей тұрғанда біз, «О, жаратқан тәңірім! Мені жарылқай көр! Мені оңғара көр!» деп аспанға алақан жайып, тілек тілеп келген халықпыз. Мінеки біз, ислам діні келуден бұрын «Алла!» деген сөзді «Тәңір!» деп қолданып келдік. Сондай-ақ, ислам дініндегі көптеген тиымдар бұрыннан бізде болған. Біз Қазақ баласы бұрыннан адамдық қасиетке бай халық болдық. Сондықтан да біз ислам дінін қарсылықсыз қабылдадық.
Жоғарыда айтқанымыздай біздің ислам дінін қабылдағанымызға XII ғасыр болды. Бірақ, біздің халқымызда күні бүгінге дейін толық діни сауат жоқ. Халықты дін мен сусындандыратын имамдар «Құранның тілін түсініп, қазақша аудармасын оқыңдар» деген сөздерін естімеппін. Араб тіліндегі Құран сөзін былайғы халыққа судыратып жатқа айтып берді делік, сонда, арабтың бір ауыз тілін білмейтін халық одан нендей білім алады?
Сондықтан жас балаға мағынасын білмейтін Құранның арабшасын жаттауды сенен Алла да талап етіп, қалап отырған жоқ. Құдыретті Алла балаңның ғылым-білім жолында еңбектенуін қалайды. Сол үшін қазақтың миы алғыр, зерек, балалары ғылым-білім игеріп, отаны, ұлты үшін тер төгіп еңбектенуі керек. Бұл арада арабтың тілін мүлдем үйренбе, оқыма, оның бізге мүлде керегі жоқ деген сөз шықпайды. Егер балаң азамат болғанда, өз ана тілін толық игеріп, белгілі ғылыми білім деңгейіне жеткеннен кейін өз еркімен: «Мен араб тілін оқимын, араб тілін білуге қызығамын» десе, ол баланың өз шаруасы. Тіпті, шамасы келсе басқа да бірнеше тіл оқып білсін.
Менің айтпағым, қазақ балалары ғылым игерген, бірнеше шет тілін білетін білімді азамат болса, ғылым-білім игерген жастарымыз көп болса, қазақ елі сонда ғана дұрыс ел болады. Біз сонда ғана құдіретті мемлекет, Отан құра аламыз. Ал, діни білімге қарата айтқанда, дін рухтың тірегі дедік. Ол тек жүрекпен, Аллаға деген шынайы сенім-наныммен, рухани тіректі бір жаратушы Алладан іздеумен келеді.
Егер Қазақстан билігі Отанымызды, мемлекетімізді дұрыс бағытқа бастап, құдіретті мемлекет құрамыз деп өзіне жоғары мақсат қоятын болса, онда, біріншіден, дәстүрлі ислам дініне, қазақ ұлтының ұстанып келген байырғы исламдық бағытына қайшы болған уахабизм, салафизм тәрізді діни ағымдарды түбірінен жойып, қазақ ұлтының діни ұстанымын бір тұтастыққа келтіруі керек деп білемін.
Айталық, азаматтардың шолақ балақты сым киіп, аузы-басын қаптап, сақал қойып, ал әйелдердің бетін бүркемей, басына орамалын ғана байлап жүретін етіп, ер азаматтардың сақалын қидырып, киімін түзеп киіп, дәстүрлі діндік бағытқа түсуін жүзеге асыру керек.
Екіншіден, осындай ағымдарда адасып жүргендердің бүлдіршін қыз балаларын басын орап аса бір сүйкімсіз, сиықсыз кейіпке түсіруін, атап айтқанда, жұдырықтай сәби бүлдіршінді тумай жатып, әйелдік кейіпке түсіріп, қорлауын мүлдем болдырмай, ондайды заңмен тиып, жас бүлдіршіндердің адамдык құқын бүлдіруге жол бергізбеу керек. Нақтырақ айтқанда, қыз бала 16-18 жасқа дейін өз еркімен басына қазақи тақия тектес киіммен яки мектепте мектеп форма киімімен жүріп, өзі тектес басқа балалардай болып еркін жүріп, ойнап-күліп өсетін жағдай қалыптасытру керек.
Мектепте оқитын қыз балалардың басына жамылғы жамылтып, басын тұмшалауын мемлекет біртұтас заңмен реттеп, бүлдіршін жас жеткіншектердің өспірім шағының қайдағы бір діни шектемелік ағымның құрбаны болуының алдын алуы керек.
Қорытып айтқанда, қазақ баласы Құран кәрімнің қазақша аудармасын оқып, діни сауатын жоғарылатып, ежелден ұстанып келген дәстүрлі ислам діні қағидалары бойынша дін ұстанып, жоғары діни сауаттылықпен және жоғары ғылыммен отанға, халыққа адал еңбек етіп, сапалы азаматтық салауатпен өмір кешіп, барлық жамандықтардан өзін тыятын азаматтардан болып, құдыретті Отан құру жолында адал еңбектенетін болса деймін.
Ғылым-білім игеріп, діни сауатымызды арттырып, барлық жамандық атаулымен күресіп, мықты мемлекет болайық.
136 рет
көрсетілді0
пікір