• Мақала
  • 09 Қыркүйек, 2025

ТӘКЕННІҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ МӨЛДІР ӘЛЕМІ (жұмбағы мол жазушы Тәкен Әлімқұлов жайлы оқырман сыры)

Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында еліміздің оңтүстік өңіріне жиі келіп-кетіп тұрғаны белгілі. Ол бірнеше күн сол аймақты аралап, кәрі құлақ қарттардан естіген небір керемет аңыздар мен ескі әңгімелерді қағазға түсіріп, қызыға еңбек еткен. Сол сапарларында кейде осы өлкенің төл перзенті Тәкен Әлімқұловты өзімен бірге ертіп жүріп, қазақ тарихының көмбесі аталған қарт Қаратаудың күнгейі мен теріскейін шарлап, қазақ ұлтының қаймағы бұзылмаған бұл аймақтағы күйшілер мен сазгерлерді, жырау мен әншілердің өнеріне, ел арасындағы табиғи талант иелеріне тамсана сүйсініп, ләззат алған. Бұған ұлы қаламгердің халық аузында қалған «Шаянға барып әншімін деме, Созаққа барып күйшімін деме» деген қанатты сөздері дәлел болса керек. 

Артыңнан адаспайтын жол тастап кет,
Ескеріп, ойлап жүрер сөз тастап кет.
Бабалар сөзі.

1958 жылдың сәуірінде Мұхаң Тәкенді жанына серік етіп оңтүстік өңірді аралайды. Сол сапарында олар шертпе күйдің шебері атанған созақтық Сүгір күйшіге арнайы ат басын бұрып, сәлем беруге барады. Күйші шабыттанып толғай-толғай күй тартады. Мұхтар Әуезов күйшінің тартқан «Телқожа», «Бозінгеннің бүлкілі» және де басқа күйлерін зейін қоя, ынта-ықыласпен тыңдап, олардың орындалу шеберлігіне ерекше риза болып, олардың әрқайсысының шығу тарихын егжей-тегжей сұрап, қағазына түртіп отырады. Ол масайрап «Созақтан бір Тәттімбетті таптым» деп толқи сөйлеп, ішіндегі қуанышын жасыра алмай:
 – Пәлі, шіркін-ай, нағыз күйші деп осыны айт! О кезден-ақ киелі Қаратау өңірі күйден кенде болмауы керек деп жүрген едім. Міне, сол мен іздеген өнер қайнарының көзі дәл осы жерден табылды. Керемет қой мынау! Бұл, біле-білгенге, бір таңғажайып оқиға емес пе, Тәкен? Ежелгі заманда Құрманғазы мен Тәтімбеттің орындауында күйлерін таспаға, күйтабаққа жазып алуға мүмкіншілік болмағаны белгілі. Қазір мүмкіндік мол ғой, айналайындар-ау. Шіркін, Сүкеңді Алматыға алдырып, күйлерін өз орындауында жаздырса қандай керемет болар еді. Төгіліп тұрған мұндай күйді қайдан табасың?! Көктен іздегенін жерден тапты деген осы! Тәкен, екеумізге бұдан артық қазына жоқ. Менің қолым тиіңкіремей кете ме, мына кереметті тез жеткіз елге, тез жазғайсың! – дейді Тәкен Әлімқұловқа бұрылып.
Сөйтіп, Сүгірдің күйшілік өнеріне ұлы жазушы ерекше тәнті болып, сүйсініп, оның қарттығына қарамай Алматыға өзі ертіп апарып, шертпе күйлерін таспаға жазғысы келгені туралы әңгіме ел аузында. Әттең, ол арманы Мұхаңның орындалмай қалды. 
Оңтүстік сапарларында кейде қасындағы Тәкен інісіне ойлы көзбен қарап, сұңғыла Мұхаң: «Тәкен-ау, мына өлке тұнып тұрған мұрты бұзылмаған тарих, толық ашылмаған көмбе екен ғой, біле-білгенге бұл бір жұмбаққа толы, өнері мол, сырлы да шежірелі сахара екен. Жазыңдар, айналайын, халыққа жеткізіңдер мұны. Ертең кеш болып, ұмыт қалып, өкініп жүрмейік... Жазыңдар! Көбірек жазыңдар!..» деп жанарлары от шаша сөйлеп, ұсыныс жасап, халық арасында сары майдың дәмді тортасындай сақталған халық аузындағы шежіре әңгімелерге, жырлар мен өнерге таң-тамаша болады екен. 
 Тәкен Мұхаңның сол жолғы ұсынысын қабыл алып, Созаққа келген сайын шертпе күйдің шеберлері күйші-композиторлар Сүгір Әлиев пен Төлеген Момбековке сәлем беріп, домбыра тартқызып, кейбір тарихи жайларды, қызық оқиғаларды там-тұмдап суыртпақтап, ежіктей сұрап, базбір детальдарды анықтап, күйшілер өмірінен үзік-үзік әңгімелер жазып, мезгілдік газет-жорналдарға жариялап, олардың біразы кейінірек кітаптарға топтастырылды. 
Ол Қаратаудың теріскейі мен күнгейіндегі ауылдарда қона жатып, асықпай ел аузында сақталған шежірелерді, аңыздарды, жыр мен өлеңдерді жинап, оларды терең талдап-зерттеп, фольклорлық салт-дәстүрді көңіліне тоқып, оларды өзінің шығармашылық еңбектеріне тиімді, жөнін тауып, тігісін жатқызып әдемі пайдаланды. Сондықтан да Тәкеннің туындылары реалистік өмірге жақын болып, олар маржандай құнарлылығымен, ерекше нәрлілігімен, аса сөлділігімен, тіл үйірер тұщымдылығымен оқушысын сүйсіндіріп, қызықтырды. 
  Мұхаңның оңтүстік сапарларында талай рет жолсерік болған Тәкен (оның азан шақырып қойылған шын аты Тәңірберген болған) Әлімқұлов сол құдіретті, киелі Қаратаудың теріскейі Созақ ауданының Бабаата маңындағы Дегерез биігінің күн батыс жақ бауырында Сауранбай сайының Үшбас өзенінің келіп жалғасар тұсында 1918 жылы қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Ол Қаратаудың теріскейі мен күнгейін мекен еткен Ұлы жүздің Шымырынан тараған Ақмолда (Сүлгетай) атаның Көзтаңбалы ұрпағы. Жастайынан әкеден жетім қалған (әкесі Әлімқұлды дұшпандар улап өлтірді деген халық арасында сөз бар). Тәкен өмірден көп қиыншылық көреді. Бұғана-буыны қатпай-ақ ол Ащысай кенішінде жұмысшы болып орналасып, тағдыр тауқіметін ерте тартады. Қысқа мерзімді есепші-бухалтер курсын тәмамдап, бірер жыл Көкжондағы «Үшбас» колхозында есепші-табелшік болып қызмет атқарады. Одан кейін Шымкентке барып, ондағы  Қорғасын зауытында 1936-1941 жылдары еңбек етті. 1941-1945 жылдары Донецк облысында (кейбір мәліметтер бойынша – Ақтөбе облысында) жұмыста болды. Соғыстың соңғы жылы елге оралып Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші, жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Ол жылдар Тәкен үшін журналистика мен әдебиетте шыңдалу жылдары болды. Сол жылдары ол П.Павленконың «Бақыт» романы мен М.Лермонтовтың «Измайл-бей» поэмасын қазақшаға аударды. Оның алғашқы әңгімелері баспаларда 1945 жылдан бастап жариялана басталды. Салиқалы, ойлы мақалары мен тартымды әдеби шығармалары баспасөздерде ара-кідік жарияланып, олары көпшіліктің көңіліне жол тауып жатты. Бір-екі жыл республикалық «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті.     
  Оның алғашқы «Сапар» атты жыр жинағы Қасым Аманжоловтың қолдауымен 1950 жылы баспадан шықты. Содан кейін уақыт оздырмай «Жазғы жаңбыр», «Боз жорға», «Қаратау өрнектері» сияқты жыр мен поэмалардан құралған кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді. Тәкеннің поэзиялық шығармаларын жыр сүйер қауым биік бағалап, өте жылы қабылдады, жас қаламгердің есімі жиі-жиі баспасөзде айтылып, елдің назарына ілікті. 
  Кейінірек Тәкен проза саласына көңіл аударып, көптеген әңгімелер пен қызықты хикаяттардан тұратын «Сейтек сарыны» (1966), «Туған ауылда» (1968), «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973), «Шежірелі сахара» (1976), «Көкек айы» (1982) атты кітаптар жазды. Олармен қызыға танысып, ерінбей оқыған оқушылар рухани байлыққа, орны бөлек қымбат қазынаға тап болғандай шаттанып, көңілдері қуанышқа кенеліп, өміршең шығармалармен ерінбей сусындады, саналарына нұрлы сәуле құйды, жүректері ойлы сезімге бөленді.  
 Оның көп шығармаларына ауыл өмірі, ауыл адамдары, өмір ақиқаты арқау болған. Талантты қаламгер өз туындыларында қазыналы Қаратау мен сырлы Сарыарқа өңірінің ел арасында мол ұшырасатын аңыз-әңгімелерін, халық арасындағы қазақтың ата-салты мен дәстүрін, атадан балаға мұра болып келе жатқан өнерін терең зерттеп, олардан ойына түйгенін шебер пайдаланды. Өйткені, Тәкен өмір бойы туған жерінен – атамекенінен қол үзбеген зерек, көңілі ояу, ізденімпаз жазушы. Ол мезгіл-мезгіл Қаратау өңіріндегі елді аралап, әсем табиғатты тамашалап, туған жерін мәңгі сүйіп, оның кербез көрінісін жырлап өткен жүрегі нәзік суреткер. Мысалы, оның қаламынан шыққан «Ақбоз ат» (1962) романы қиялдан емес, өзінің балалық шағы өткен қарт Қаратаудың теріскейінде болған нақты, деректі оқиғаға сүйеніп жазылған. Жазушының басқа дүниелері де өмірден алынған туындылар.
 «Тұлпардың тағдыры» (1975), «Ел мен жер» (1978), «Замана екпіні» (1982) романдары да ауыл өмірі, қарапайым ел адамдары, уақыт толғанысы жайлы қызыға оқылатын шырайлы шығармалар. Бұл романдары жайлы кезінде республикалық басылымдарда белгілі жазушылар мен сыншылар суреткердің шеберлігі туралы өз пікірлерін білдіріп, олары жылы лебіз бен бағаларын алды. Оның ондаған әңгіме жинақтары мен романдары орыс тілінде Мәскеу баспаларынан басылып шықты. Батыс елдерінде де жарық көрген дүниелері баршылық. Ол орыс классиктері М.Лермонтовтың, А.С.Пушкиннің, В.Маяковскийдің және шығыс жұлдызы Низамидің поэмаларын, көптеген белгілі шетел жазушыларының күрделі шығармаларын аударып,  қазақша шебер сөйлетті.
  Ол көпшіліктің көкейінде жүрген толғанысын, халықтың ой-пікірін, мына шексіз тылсым дүниені терең зерттеп, зерделеп, ой қаузай жазуға іңкәр еді. Ел аралай жүріп, құлағына ілінген аңыз-әңгімені, шежірені, жыр мен хикаяны, халықтың салт-дәстүріне, фольклорға байланысты тың дүниені қолынан бір түспейтін қаламымен қағазға түртіп алудан еш жалықпайтын. Бірер уақыттан кейін сол жазбалары оның шымыр шығармаларынан орын тауып, жарқырап шыға келетін. Бұл қасиет, дарын Тәкен сияқты сөздің қадірін білетін, әрдайым құлағы түрік жүретін, жазғанда қара сөздің мәйегін тамызған хас шеберде, сөз зергерінде ғана кездеседі. 
 Саз өнерін аса шеберлікпен жаза білу үшін музыканы терең түсініп, оның сиқырлы, нәзік ырғағын жүрекпен ұғыну хак. Музыканың құдіреті жайлы толғаныстарды жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларынан («Сарыжайлау», «Кертолғау», «Қаралы қобыз» және т.б.) мол кездестіреміз. Мысалы, оның «Күйші» атты шағын әңгімесінде домбырадан шыққан ырғақты «Тәри-тай-тай-тай, тәри-тәри-тай-тай» деп шертпе күйді әсерлі суреттей отырып, «...шебер саусақтар сылқым домбыраның төсінде еркін ойнақшып, бірде шанақтан, бірде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсілі-қарсылы шертіп, сансыз ызыңды қырық құбылтады», – деп ерекше әсерлеп жазады. Ол жолдарды оқыған сәтте өзің де дәл сол әуезді күй кернеген ортада отырғандай сезінесің, ереше рахат сезімге бөленесің. Егер кәсіби музыкант-сазгер ән мен күйдің сазы мен сарынын нота арқылы жеткізсе, Тәкен оларды қара сөзбен ғажайып шеберлікпен моншаққа тізілген маржандай етіп жеткізе білді. 
Тәттімбет күйшінің творчествосына арналған «Сарыжайлау» әңгімесін алайық. «Шәлкем-шалыс дыбыстар дөңгелене, діріл қаға екпіндеп, таңсық әуен туғызды. Ең әсерлі тұсы: «тәри-тарайт-тай, тарайтталап!» төрт тағандап, текірек қағып тұрып алды. Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым еді. Шерліге шаттық, шадыманға мұң білдіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші: «Кейінгілер нәшіне келтіре алар ма екен?!» деп күдіктенді», деп аяқтайды суреткер өз туындысын. Осы бір шағын үзіндінің өзінде қаншама ғаламат зергер сымбатты сөздер, кәусар теңеулер тізбегі тоғысып жатыр! 
Т.Әлімқұлов өзінің соңғы жинағы «Кертолғауға» енген бір мақаласында  былай деп жазыпты: «Ақын да, жазушы да өзінің өмірінің жалғасын іздейді, менің қабілетім жетсе, сөзден гөрі ұзақ жасайтын күй шығарар едім. Бәлкім күйші болып кетер ме едім. Тағдыр бірақ пешенеме қазақ әдебиетін бұйыртты». Осы ой арманының жетегінде қаламгер қырық жылдай қалам тербепті. Күйге, күйшілікке оу бастан бір табан жақын жазушы күллі шығармашылық жолының ең бір мәнді, маңызды белестерін өнер тақырыбымен байланыстырған. 
Қазақ біреуді мақтағысы келсе «жылқы мінезді таза кісі» деп жатады. Тәкеннің көптеген шығармаларында өнер адамдарымен бірге тұлпарлардың әртүрлі тағдырлары ашылады. Адам тағдырын жалаң қабат алмайды, тұлпарлар тағдыры қоса қабат өріледі. Дүниені тұлпарлар өмірінің тазалығы арқылы өлшейді. Ия, Тәкен қазақ жазушылары арасында қазақтың өмірлік серігі болған жылқы малын, желмен жарысқан сәйгүлікті, тұяғы жерге тимеген тұлпарды аса шеберлікпен айызын қандыра суреттеген қаламгер. Оған оның қаламынан шыққан «Тұлпардың тағдыры», «Көкпар» және де басқа туындыларымен жақынырақ танысқанда ұғасыз. Ол жылқының ерекшілігін, тектілігін, оның мінезін, көңіл-күйін, тіпті жай адам көңіл аудара бермейтін көз қарасын, жал-құйрығының дірілін жүрегімен сезінген, оны қарасөзбен шебер өрнектеген ғажап суреткер. Қыр мен даланың өсімдік-шөптері мен гүлдері, қурайлары мен бұтақтарын, тал-дарақтарын, құс пен аңдарын жеке-жеке «жіліктеп», әрбірінің атын жатқа біліп, олардың табиғи «тілін» ұғыну, зерделеу тек Тәкен тәрізді жазушының қолынан ғана келеді. 
Жазушы Қалихан Ысқақ: «Тәкеңнің қолы қазымыр еді. Оның мінезіне, тіліне бітпеген қазымырлық қолы мен қаламында болған. Олпы-солпы дүниелерді қара сиямен сызып отырып редакциялайтын әдеті. Бірде «Абай жолының» оншақты бетін шиедей етіп шимайлап тастапты. Оны көрген Әбу Сәрсенбаев шалқасынан түсе жаздады. Ол кезде Әуезовке қол тигізу күнәһарлық болатын. «Қазақ әдебиеті» тұтас бір бетіне «Қан мен терден» үзінді беріпті. Оның сау-тамтығын қалдырмай редакциялап, Әбдіжәміл Мәскеуге келгенде қолына ұстатып жіберген. Сол Тәкеңнің тілге кірпияздығы маған да сіңіп кеткен», – дейді екен Тәкенді жиі еске алып.
 Сыншы-жазушы Төлеген Тоқбергенов:
– Тәкен – …өзгелерге ұқсай бермейтін, тіл, стиль, тәсіл, жанр өзгешелігімен, өзінше үн-әуенімен нәзік тереңдіктен табылар сезімтал суреткер, қайталап айтамыз – сирек құбылыс. Тәкенді екінің бірі деп те, егіздің сыңары деп те айта алмайсың. Өйткені қазақ әдебиетінде оған ұқсайтын екінші бір жазушы жоқ. Тәкен қазақ прозасындағы күй-құдірет қой. Тәкенге жай өлшем жүрмес. Тәкенмен танысуға талант керек. Тәкен тылсымы туралы ойлай білмесең, ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрібір бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек, – деп тамсана жазады. 
– Әлімқұлов әңгімелерінің қаһармандарының сарыжайлау, самал жел төскейдегі, көк балаусалы көл жағасындағы бейқам тірлігінің өзі неткен драма; әр сәті, әр сағаты, тамырының әр бүлкілі ұшқын атып, от шарпып жатқан жоқ па? Бұл – суреткер жаны… ләззат пен азап толқыны алма-кезек шарпыған, аумалы-төкпелі тұңғиық құбылысқа, рухани сергектікке, азаматтық белсенділікке толы жан.
Оның бір күнінен бүкіл өмірі, бүкіл заман дидары көрініп тұратындай, – депті Тахауи Ахтанов.
Тәкеннің әңгімелері мен хикаяттарын чех тіліне аударған чех жазушысы Ұлы дала перзентінің суреткерлік шеберлілігіне сүйсінгендігі соншама, ерекше әсер үстінде ол қазақ жазушысына мынадай хат жолдапты: «Сайын далада отырған елдің есіктеріне құлып салудың не екенін білмеуі, жол жүрген жолаушының жолында кездескен үйге, адамы болмаса да өз үйіндей емін-еркін кіріп, үйде бар тағамды жеп, сусын ішіп, шөлін басып, ине-жібіне де тимей, қолданған ыдыс аяғын тазалап, қайталап өз орнына қойып, өз жөніне кете беретіндігіне «Бұл қандай пейілі кең дархан халық?» деп таң болдым».
Тәкеннің жұрттың көңілінен шығатын шығармалар жазуының бір сыры оның талғампаздығында, сыншылдығында, өзіне өзі өте қатал қарай алғандығында. Тәкеннің шығармаларын алып қарасаңыз, оның повестері жетпіс беттен аспайды. Әңгімелерінің бәрі де қысқа. Тәкенмен жақын араласқан таныстары, замандастары оның өтірік сөйлеп, көлгірсінгенін білмейтін. Көзкөргендер суреткердің көп сөйлемейтінін, керісінше аз сөйлеп, көп тыңдайтынын еске алады. Суреткердің сырын білмейтін адамдардың ортасында ашылып, суырылып сөйлеуден әсте бойын аулақ ұстайтын өзіне тән мінезі болыпты. Есенғали Раушанов куә болған тағы бір жайтты еске түсірейік: Жазушылар одағында Тәкен Әлімқұловты көріп қалған кем талант інісі ебелектеп келіп амандасыпты. Өзі қызулау екен. Сонда Тәкен: «Не по-таланту пьешь!» – депті.
Тәкен аға «тек таланттылар ғана ішуге болады» деген қағиданы ұстаныпты. Өзі оңашада ғана «бозасын боздатыпты». Ешкімнің қалтасына салмақ салып, масыл болмапты. «Тәкен көкемді «ішімдік ішті» демеу керек, ол күйік басты, өзін-өзі жұбатты. Әдебиет жайында ешкімге ашылғысы келмейтін. Мен оны керемет түсінемін. Ол өзін аяды. Өйткені, оның әдебиеттегі әлемі тап-таза еді. Соны сырттан келгендер былғайтын сияқты көрінді. Әдебиет деген қалы кілем төселген мешіт болса, оны анау есіктен кіретіндер былғап тастайды деп ойлады. Сол үшін ыңғайсыз әңгіме айтып, табалдырықтан таза әлеміне ешкімді аттатқызбай қоятын», – дейді Есенғали Тәкен ағасы жайлы сыр шертіп. 
Қаламгер Аян Нысаналин бір сұхбатында («Ақ желкен», №8. 2015 жыл): «Бізде Тәкен тәлімі деген нәрсе тіпті айтылмайды. Алғаш тәрбиесін көрген кезімді айтайын. Студентпіз, әдебиет әлемін онша біле бермейміз, адамдарды да. Алматыдан Есмағамбет Ысмайылов Мәскеуге «Поиски нового» деген мақаласын жіберді. Мәскеудің бір басылымына бастыру керек екен. Галина Серебрякова ол кезде «Литературная Россияда» редколлегия мүшесі екен. Сол мақаланы алып, Переделкинодағы Галина Серебрякованың үйіне барғанымыз есте. Қоңыр күз еді. Мен онда қолдыаяқтай жүгіріп жүрген баламын. Галина Серебрякова сонда Тәкенді көргенде бүкіл қазақ даласын көргендей әсерде қалғанын байқадым. Бізге ерекше қамқорлық көрсетті, ілтипат білдірді. Мақала көп ұзамай шықты. Мені Ғабит Мүсіреповке де осы Тәкен ағам таныстырған. Грузиннің академигі Ираклий Абашидзе, Мұстай Кәрім, Эдуардас Межелайтис, Қайсын Кулиев, Расул Ғамзатов, Давид Кугультинов, бәрімен таныстырды. Сөйтсем олардың бәрі Тәкенді сыйлайды екен. Ар жағында қазақ деген халық тұр ғой. Парасат пен пайым қандай! Интеллект дегендей. Біреулер соны көре алмауы мүмкін. Солардың назарына түсуге таласқан заман болған. Ал Тәкен қазақтың ұлы жазушысы ғана емес, өз халқының перзенті де бола білген адам.
Қайда болса да: үйде, түзде, сапарда тектілік қасиеті аңғарылып тұратын. Сырбаз. Көп сыр ашпайды. 1968 жылы Мәскеуден Сыр бойына келіп, Қызылордада күн күйіп тұрса да Асқар Тоқмағамбетовтің қарашаңырағында аунап-қунап жатқанына куә болдым. Аудармашы, ақын И.Урин әйелімен бар, ал жаңақорғандық айтыскер ақын Манап Көкенов қызық отырысты жандандырып жіберді тіпті. Әлі шілде түспесе де қапырық еді. Артынша Тәкең екеуміз Бабатаға келіп, екі атпен бір апта бойы Қаратау қойнауын армансыз аралағанымыз бар. Сылдырлаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ еді айналамыз. Жұлдызды түндерді қалай ұмытайын сондағы. Бабата, Қызылкөл, Үсіктас, Бүркітті, Баба Түкті Шашты Әзіз, бәріне бардық. Құмкент, дала елігі, аттың желігі, бәрі болды. Ол анда-санда Лермонтовтың жырларын жатқа оқиды. Лермонтовты шектен тыс сүйе ме, білмеймін. Сөзге сараң, көбінесе ой үстінде жүреді. Бұның бәрі болашақта жазатын шығармасына алтын арқау болып тартылған көріністер. Қырдан қазақ иісі аңқып тұрды сол жолы...», – деп елжірей Тәкенді еске алды.
 Тәкен табиғатынан бойын саясаттан аулақ ұстаған қаламгер. Оның туған жерге, өз еліне деген махаббаты ерекше болғанын кәрі құлақ қариялар мен дастархандас, дәмдес болған азаматтар осы күнге дейін жыр ғылып айтып отырады. Оған Тәкеннің елге – атамекеніне келген бір сапарында тебірене толқи тұрып созақтық інісі С. Еспенбеттегіне айтқан мына сөздері дәлел бола алады:
 – Туған жерден алыста, жырақта жүрсем де, сонау Қаратаудың теріскей бетіндегі Бабаата аулындағы анамды жиі еске алып, сағыныш сезімім бойымды билеп, кейде жабырқаулы күй кешетінмін. Бұл сағыныш бесікте жатқан сәби көзімен-ақ ана сүтімен бірге бойыма енгенін жүрегіммен сезінетінмін. Қызмет бабымен өмірімнің жиырма жылын Мәскеу қаласында өткізген кезде, көп қабатты биік үйдің балконында тұрып, сонау шексіз көкжиекке көз тігіп, көгілдір аспан төсінде баяу жылжыған ақша бұлттар көші ыстық сағыныш сезімімді өздерімен бірге елге тез жеткізуге асығыс алып кетіп бара жатқандай бір күй кешетінмін (С.Еспенбеттегі «Шежірелі Қаратау», Алматы, «Қазығұрт», 2003, 196 бет.). 
– Тәкен аға елге келген сайын үйге соғып, әкейге сәлем беріп, бір-екі күн жатып, әңгімелесіп, әкейдің күрең қасқа жорғасын мініп, Көсегенің көк жонын аралап кететін. Жонда мал бағып отырған таныс ағайын-қариялардың үйіне қона жатып, туған жерінің сай-саласын, тау-қиясын аралап, мауқын басып, мұздай бұлақтарынан су ішіп, мейлінше көңілді оралатын, – деп еске алады  Тәкеңнің елдегі інісі Сапарбек Сопбекұлы.
Жамбыл облысының Сарысу ауданында көп жылдар кеңес-атқару органдарында басшылық қызметте болған еңбек ардагері Қуаныш Пәрімбекұлымен жолығып, Тәкен Әлімқұлов жайлы сөз болғанда мынадай бір әңгіме айтып беріп еді. 
– Бірде, ұмытпасам, өткен жүзжылдықтың 70 жылдары, жаз айының ортасында, таңертең ерте тұрып Байқадам-Жаңатас жолынан бұрылып, көрші Созақ ауданына шекаралас Жайылма аулына іссапармен бара жаттым. Ауыл сыртындағы қара жол бойында жалғыз жаяу кетіп барады екен. Жақындағанда байқадым, бұрындары бірнеше рет жүздескен жазушы Тәкен ағамыз болып шықты. Машинадан түсіп сәлем бердім. «Тәке-ау, мұныңыз қалай? Ешкімге ештеңе демей жаяулатып ерте қайда тартып барасыз?» – дедім өз таңғалысымды білдіріп.
– Кеше кешке автобуспен Алматыдан Жаңатасқа келіп, сонда қонақүйде қонып шықтым. Асығыстау едім, жол-жөнекей кетіп бара жатқан машинаның біріне ілігіп, Құмкенттегі ағайын-жұртқа жетіп алсам деп ерте жолға шықтым. Әзірше көлік кездеспеді. Содан кейін жаяулатып келемін...
– Есіміңіз елге белгілі мүйізіңіз қарағайдай жазушысыз, Тәкен аға. Неге аудан орталығындағы аудандық мекемелердің біріне бас сұғып, көлік сұрап алмадыңыз?
– Шынымды айтсам, біреуге салмақ салғанды жаным сүймейді. Қазір шаруа үшін қып-қызыл науқан кезі. Сондықтан, жергілікті бастықтарды мазалап, тірліктерінен қалдырғым келмеді. Аяғым бар, аузым бар, кешке дейін діттеген жеріме әйтеуір жетемін ғой... 
   Содан Тәкен ағаны қасыма отырғызып, Жайылма совхозының орталығындағы кеңсе алдына барып жеттім де:
– Тәке, жолыңыз болсын. Мына шофер жігіт барам деген жеріңізге жеткізіп салады. Құмкентке ме, Бабаатаға ма, өзіңіз біліңіз. Сау болыңыз!
– Рахмет, бауырым. Өркенің өссін. Машинаңнан «аударып» алғаныма кешірім сұраймын. Айыпқа бұйырма. Реті солай болып қалды...
– Жоқ, онда тұрған ештеңе жоқ. Сіздей асыл ағаларды аулымызға әрең шақыртып аламыз. Өзіңізге қызмет етуге біз әрдайым дайынбыз. Қысылмай, қымтырылмай келіп тұрыңыз. Алдын ала телефон шалып қойсаңыз, машинамен қарсы алуға жараймыз.
– Рахмет, рахмет, бауырым! Көсегең көгерсін! Көріскенше күн жақсы!, – деп ризашылық сезімін білдіріп жазушы ағамыз Созақтағы туған жеріне қарай асығып кете барды… 
 Міне, байқадыңыз ба, Тәкен Әлімқұловтың бойындағы қарапайымдылығы қандай? Басқа жазушы болса, елді дүркіретіп «мені күтсін, қарсы алсын», «шығарып салсын, апарып келсін» деп мазасын кетіріп, телефон шалдырып, пұлданып келмес пе еді? Жоқ, ол ондай емес-тін. Ол әрқашан қарапайымдылықты ұнататын. Ел аралағанда, іссапармен келгенде пұлданбай кезіккен көлікке мініп (малшылар аулына кетіп бара жатқан су таситын водовоз машинаға, егіндіктегі трактор-машиналарға, жанар-жағар май таситын «бензовозға», базбірде доңғалақты трактор кабинасына, кейде трактордың артындағы жайдақ тележкаға), кейде тіпті жалғыз-жаяу, бірде-бір жанға салмақ салмай, жұмыстарынан алаңдаттырмай жүретін өзіне тән адами қасиеті, сүйегіне сіңген мінезі бар екен. «Қарапайымдылық» дегеннен шығады. Осы жерде менің ойыма ертеректе естіген тағы бір мына әңгіме түсті. 
…Тәкен Әлімқұлов кезінде халқымыздың данышпан ұлы Абай Құнанбаев жайлы «Жұмбақ жан» деген сүбелі, құнды зерттеу кітабын жазғаны белгілі. Соны оқып шыққан бір жақын жазушы інісі:
– Тәке-ау! Мына еңбегіңіз дап-дайын тұрған диссертация ғой. Кейбіреулер шамалы бірдеңе жазса болды, диссертация қорғап, ғылым кандидаты, немесе ғылым докторы болып кеудесін керіп, қаздай қоқиланып, маңғазданып шыға келеді. Сіздің олардан неңіз кем? – дейді. 
Сонда Тәкен Әлімқұлұлы еш тежелместен, ойланбастан:
– Маған ғұмыры қысқа, дыз етпе, даңғаза атақтың түкке де қажеті жоқ. Мені болашақ ұрпақ өздері іздеп табады. Мына «жаман» ағаңа бағаны да, атақты да беру болашақ еншісінде. Менің тағдырым – халықтың тағдыры. Мен өз шығармаларыма мәңгілік өмір сүретін ақиқатты арқау еткен жанмын», – деп жауап беріпті. 
 Халқы алдында ғылым докторынан, академиктен Тәкен Әлімқұловтың беделі кем бе? Қазіргі саны көп, сапасы жоқ ғалымдардың қайсысының «ашқан жаңалығын» халық мойындап, есімін ел біліп жатыр? Осындайда халық аузында сақталған «Алмас кездік қап түбінде жатпас» деген аталы сөзді еріксіз еске түсіресіз.
«Мәскеуде оқығанымда Тәкен Әлімқұловпен көрші тұрдым. Ылғи мені ертіп әкететін. Шығарма жазарда қатты күйінетін (Соқпақбаев болса, жазып жүргенде ешкіммен хабарласпайтын ғой).
Тәкен ат бәйгесін жақсы көретін, ипподромға алып баратын. Көңіл күйі жақсы болса, менің қасында екенімді ұмытып, ән айтатын. Кейде ер¬тіп алып, қайтарда «соңымда қал» деп, өзі жалғыз ыңылдап кетіп бара жатар еді. Мен оған өкпелемеймін. Сырын білемін. Бірдеңе жазарда, толқуы солай. «Маған үш күн жолама, жазып біткен соң өзім тауып аламын» дейтін. Бір күні ысқырып тұрады, қайта бәйге көруге барамыз. Ақша тігіп, қай аттың бұрын, қайсының кейін келеріне бәстесіп жататын. Кейде ұтып, кейде ұтылатын еді. Соның бәрі жазушы үшін материал деп түсінемін», деп жазады белгілі жазушы Әкім Тарази («Егемен Қазақстан», 17.11.2017).
Тәкен Әлімқұлов Бабаатадан келіп, алғашқы еңбек жолын Көкжондағы «Үшбас» колхозында (қазіргі Жамбыл облысы Сарысу ауданының Түркістан ауылдық кеңесінің құрамындағы ауыл) есепші-табельщик болып бастаған. Ол туралы ол өзінің аяқталмай қалған «Жизнь в скитаниях» деген орыс тілінде жазған әдеби естелігінде келтіреді («Тұлпар тақылеттес тұлға», Алматы, «Білім баспасы», 2008, 260 бет). Ешқандай жоғары оқу орнын тауыспай-ақ ауылда есепші болғаны оның қабілетті болғанын көрсетсе керек. Тіпті, сол есепшілігінен қате жіберіп алып, сотталып кете де жаздаған. Сол кезде жастайынан қосылған қосағымен ауылда жүріп, екіге айырыласады. Одан Шымкентке келіп, облыстық газетте журналист болып істейді. Өзіне білім керек екенін түсініп, көп ұзамай Алматыға келеді. Мұнда да көп тұрақтамай, Мұхтар Әуезовтің тілдей қолхатымен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтынан бір-ақ шығады. Айтпақшы, Аян Нысаналин айтқан мына бір дерек те тәкентанушыларға қажет болар деп ойлаймыз.   
Әлімқұлов Алматыға аялдағанда белгілі ақын Қасым Аманжоловтың қарындасымен көңіл қосқан екен. Ақынның «Т… мен Х-ға» деген өлеңі екеуіне арналыпты.
«Бірің дос, бірің жақын қарындасым,
Аямас сендер келсең барын Қасым», – деп басталады Қасымның сол жыры. Бірақ ақынның қарындасымен көңілі жараспайды да көп ұзамай ажырасып тынады. Содан Мәскеуде білім қуып жүргенде Муза Григорьевнамен табысады. Айтушылар, Муза Григорьевна орыс емес, еврей деседі. Құлбек Ергөбек: «Созаққа келін қылып түсірген Музаны Төлеген Тоқбергенов аузының суы құрып әңгімелейтін. «Әйел біткенде мұндай ажарлы, сұлу жанды көрген емен, – дейтін Төлеген марқұм. – Таңертең ертемен Тәкен екеуі бұлақ басына барып жуынып, қайтып келе жатқанын көруге көз керек!». Муза Григорьевнаны Мәскеу суретшілері көбірек төңіректеп, суретін салған деседі», – дейді. Соңғы әйелі Есімгүл: «Муза сұмдық сұлу әйел болған», – деп тамсана суреттейді. Аян Нысаналин: «Сендерден сұлу емес. Мұрны сорайған әйел болатын. Ал қазақ қыздары жыл өткен сайын сұлулана түседі. Ал, олар жасы келгенде, ажарсызданып кетеді ғой. Бәлкім, мен жасы келгенде көргендіктен, маған сұлу көрінбеген болар», – дейді. Қалай десек те, Муза Григорьевна Әлімқұловтың өмірінде ерекше орны бар әйел. Әйтпесе Тәкең Марияны «Муза» деп атамас еді ғой. Мүмкін ол Тәкеннің қасіреті, мүмкін шын мәнінде Музасы болған да шығар. Кім білсін?..
«Орыс қызға ғашық болған Тәкен Әлімқұлов көкеміздей-ақ болсын. Көп жылдар Мәскеуде тұрды. Біздің Жазушылар одағының Мәскеудегі өкілі болды. Өте беделді адам болатын. Бір күні қалың ойға шомып, қолына қоңыр домбырасын алып, күй шертіп отырғанда: «Тарт әрі, андағы жабайылардың аспабын», – депті көңілсіз жүрген әйелі. Сонда Тәкең шамаданын алып, домбырасын мойнына іліп, әйелін тастап кете барыпты» – деп айтады жазушы Дулат Исабеков. Солай болуы да ғажап емес-ау. Өйткені тірісінде елден ерек ғұмыр кешкен Тәкенде көпшілік ұға бермейтін басынан сөз асырмайтын, ешкімге ұқсамаған ерекше мінез болған. Әйелінің әлгі ауыр сөзі қытығына қатты тиген болу керек, сірә. Өз халқын жанындай сүйген, ұлтының салт-дәстүрі мен өнерін аса құрметтеген рухы биік Тәкен жүрегіне найзадай қадалған ауыр сөзді қабылдай алмаған, бәрін тәркі еткен. Сондықтан болар, оны жұрт «табиғаты бөлек жұмбақ жан» деп бекер айтпаса керек.
Муза Григорьевнадан Тәкен ағамыздың Жаннета есімді бір қызы бар. Бүгінде Мәскеуде тұрады-мыс. Есімгүл жеңгеміздің айтуынша, тұрмыс құрмаған. Әке сүйегі шыққан шаңырақпен араласпайды. Оған кінәлі жалғыз – «Муза Григорьевна!» «Әкесінің сүйегін шығарарда Жаннетаны күттік. Бірақ шешесі жібермеді. Одан кейін де араласуға тырыстық. Ол өзін бізден алшақ ұстады», – дейді Есімгүл жеңгеміз. Кім білсін, мүмкін шындық солай болар.
Есімгүл жеңгеміз бен Тәкен ағамыздың жас айырмашылығы 30 жас! Есімгүл жазушы Бек Тоғысбаевтың немере қарындасы. Мектепті сол кісінің үйінде жатып оқыған. Ал Тәкен Әлімқұлов Бек Тоғысбаевпен заманқұрбы. Есімгүл апамыз: «Мектеп бітіретін жылы алғаш рет Тәкенді көрдім. Аққұба, қыр мұрынды, қалың қасты, ұзын бойлы (2 метрге жуық), өзі ескерткіш сияқты екен. Ол уақытта Олжас Сүлейменовтің поэзиясын бәріміз жапатармағай оқитынбыз. Олжаста: «Поэт красивым должен быть как бог» деген жолдар бар болатын. Мен соны Тәкенді көрген кезде сезіндім. 1967 жылдың жазында Мәскеуге мединститутқа түсуге бардым. Тәкен күтіп алды. Солай араласып жүріп, алты айдан кейін шаңырақ көтердік. Қызық адам болатын. Ұсынысты төтесінен бір-ақ қойды. «Сен маған тұрмысқа шық. Ата-анаңның, Бектің алдынан өтейін. Маған қояр шартың болса айт. Көнсең, келісіміңді осы жолы бер. Көнбесең, екінші қайталап сөз салмаймын!» – деді. Мен келістім. Бірақ ол: «Туған күн, 8-наурыз, Жаңа жыл мейрамдарында сыйлық күтпе. Менің өзім саған сыйлықпын!» деп әу баста ашып айтты. Біз отбасылық өмірде тату-тәтті күн кештік деп айта алмаймын. Оның табиғаты балажан емес еді. Балабақшадан балаларды алып кел десең, ылғи әріптес інілерін жұмсайды. Бірде маған тәрбиеші: «Балаңызды әр күні әркім алып кетеді, бере берейік пе?» дейді. Тәкен Жазушылар одағында шахмат ойнап отырып, кез келген інісін жұмсай салатын. Баланы бақшадан әкелгесін маған телефон шалып, «Балаларды әкелді, алып кет», – дейтін. Оны қазір «Неге ел сияқты өмір сүрмеді?» деп жазғыра алмаймын. Оның табиғаты кәдуілгі адамдар сияқты болып жүруді көтермейтін», – дейді отбасылық өмірлері жайында. Тәкен ағамыздың Есімгүл апайдан Алма, Рауан есімді қызы мен ұлы бар. Алма дипломат, ал Рауан қаржыгер-экономист. Рауаннан Наиль, Алмадан Алтынай есімді немерелері өсіп келеді. 
Тәкең еңбек демалыстарында курорт-санаторияларды «сүріп» тастап, туған елге келіп, атқа қонып, қасына бір жолсерікті серік етіп Қаратау бойын, Көкжон өңірінің ауылдары мен жайлаудағы қойшы үйлеріне қона жатып, кәрі құлақ кісілермен ұзақ түндер бойы жалықпай әңгімелесіп, жер аттарын, өңірде өсетін шөп-су аттарын, бұлақтар аттарын қаперінде сақтап, қойын кітапшасына түртіп отырады екен. Оған дәлел мына жазбалар: «...Тәкен Әлімқұловпен екі атпен Көсегенің Көкжонын құмарта көргеніміз еске түседі. Жартытөбеден шыққанда рахман нұры жауып тұрғандай еді. Шілденің күні шақырайып, шекені шақты. Қырда бұлың-бұлың сары сағым ойнап, асыр салды. Ми қайнататын ыстық енді сезілгендей, табада шыжырғандай. Қаталаған бізді бұлақ, жылға өзекшелердегі сәнді талдар мен қарағаштардың көлеңкесі қорғап қалғандай. Екіндіге қарай сабат самал соғады. Табиғатпен тел өскен қандай. Т.Әлімқұлов кейіпкерлерінің кеудесіне бұлбұл ұя салғандай. Қасиетті топыраққа табаны тиген Ықылас, Сүгір, Төлеген, Асқар, Файзолла туралы тамсандырып алғаусыз жазды. Үшбасты (өзен аты – С.О.) бойлап, Бүркіттінің үстімен Баба Түкті Шашты Әзізге зиярат етуге беттеп келеміз. Түн сайын бейтаныс малшылардың үйіне қонып, жұлдызды түнге қарап ұзақ-ұзақ жатамыз, Қағілез қапырық түн оянады. Шекшек тынымсыз шырылдайды. Беймезгіл құстар уілдейді. Серігім аунап түсіп, тылсым түнді тыңдап жатқандай. Көбінесе ол үндемейді. Көп ұзамай өмірдің өзгеретінін білген шығар. Әлде мені әлі баласынды ма?.. Сол қанатта атақты Қызылкөл қалды. Алда – Бабаата! Кенесары-Наурызбай көтерілісі күшпен басылғаннан кейін осы өңірге 15 000-нан аса төрелер мен төлеңгіттер қоныстандырылды. Жергілікті елмен мидай араласып, күнкөрістің кебін киді. Қаша көшкен қалмақтарды қуалай жеткен алшындар мен тамалар да әлдеқашан жерсініп, бұл өлкеге бауыр басты. Қит етсе, «Қазақстан достық тәжірибе алаңы», бұнда 130 ұлыс тұрады деп желпілдеп шыға келеміз. Оның ақыры неге соғарына мән беріп жатыппыз ба?», – деп толғанады жазушы Аян Нысаналин.
«Т.Әлімқұлов – лирик. Оның бояу әлемі аса жұмсақ, аса нұрлы. Бірақ, лиризм Т.Әлімқұлов әңгімелеріндегі драмалық кернеуді еш әлсіретпейді, қайта ол адам жанындағы шарпысқан шар тарап сезімдер мен ойлар қақтығысын – рухани драманы терең түсініп, нәзік жеткізуге, шығарманың гуманистік сипаты мен оптимистік үнін айқындай түсуге көп әсер еткен», деген пікір білдіреді қазақтың дара қаламгері Әбіш Кекілбаев. 
Тәкен өз талабымен, табиғи талантымен, ізденпаздығымен, сөз шеберлілігімен елдің сүйікті дарабоз жазушысына, жұлдызы жарық суреткерге айналды, елі оның шығармашылық құдіретін мойындады. Оның қаламынан шыққан сырлы әңгімелері мен хикаялары, поэмалары мен романдары, фольклорлық шығармалары арқылы Тәкеннің есімі көптің көңілінің төрінен орын алып, жүректеріне рухани нұр құйды. Сөйтіп, оған көпшілік «қара сөздің хас шебері», «қазақ прозасының сарабдал сардары» деп жоғары баға берді. Білгір жазушы әдеби сын өлкесіне де өз ізін қалдырды. Оның қаламынан шыққан салиқалы да ойлы сын-пікірлер жүйесін тауып, объективтік тазалығымен айрықшаланып тұратын. Талант иесін қарапайым қалың ел уақытында тани білді. Бұл деген кез келген қаламгердің, таланттың маңдайына жазыла беретін, басына келіп қонатын бақыт құсы емес. Көзі тірісінде ақ халықтың сүйікті дарабоз суреткеріне айналу жазушыға нағыз бақыт. 
Осы күнге дейін базбіреулер «Тәкен қай атадан, руы кім?» деп бірінен-бірі қазбалап сұрап жатады. 
Бірде Нәсіреддин Серәлиев Алматыдағы жазушылардың кезекті пленумына қатысып, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әбілмәжін Жұмабаев сынды достарымен қыдырың-қырап, ұзақтау жүріңкіреп оралған ғой. «Не жаңалық бар екен, Нәсір аға?» – деп сұрағандарға:
– Бүкіл Алматы у-шу. Тәкен Әлімқұловтың қай жүзден, қандай рудан екенін анықтай алмай алашапқын…». Мәскеуіңізде он бес жылдай тіршілік кешіп, еліне кешірек қайтқан, әулекілік жайлаңқыраған әдеби ортаға онша кіріге алмаған Әлімқұловыңыз әуре-сарсаңды аз көрмеген, әрине. Азапқа буылған айлары мен жылдары да аз болмаған, әлбетте. Міне, мына қоңырқай дәптердегі біраз өлеңдері де осыны анық аңғартады. Біреуін ғана келтірелікші: «Менің өмірбаяным жатқан жұмбақ; Шет жағасын аңғартам, көбін қымтап. Қайсы рудан екенім – «қараңғылық»; Сұрағанға мылқауша айтам ымдап. Руды айтсаң, сорыңа тілің пәле; Әлдебіреу етеді есек дәме. Жат жұрттығын істемей қоймайды деп; Кіжінеді кейбіреу әлденеге. Ортасында өстім мен надан елдің; Қашып кетіп Мәскеуге, қайта келдім. Дұспанның да, достың да сыры мәлім; Топырағы алдамас туған жердің», депті Тәкен ағамыз.
Айтушылардың сөзіне сенсек, ол Шымыр атадан тараған Бестеректің Ақмолдасы (Сүлгетайы), одан – Көзтамғалы деп тарқатады. Зерттеушілердің айтуынша, Т.Әлімқұлов жүзшілдіктен жүдә қашып жүріпті. Жұбайы Есімгүл: «Мәскеуде тұрғанымызда елден інілері мен қатар құрбылары көп келеді. Сонда Тәкеннен «Қай рудансыз?» деп сұраса, біресе Ұлы жүз, біресе Орта жүз, біресе Кіші жүз бола салатын. Содан олар елге келгенде: «Тәкен біздің жүзден екен» деп желпініп жүреді. Мен ылғи Тәкенге «Румен ойнауыңды қойшы» дейтінмін. Айтқанымдай ең соңында жүзге бөлінген орта Тәкенді жалғыз қалдырды», – десе, Құлбек Ергөбек: «Бірде Тәкеңнің үйіне барғанда «бозаның» қызуымен Тәкеңнің руын тексергенбіз. Ақын Аян Нысаналин «Тәкең Ысты», - деді. Ауылдасы сыншы Сайлаубек Жұмабеков «Сүлгетай» десті. Тәкең салалы саусағымен мұрнын сауды. «Е-е, қазақтар» - деді содан соң, – Ал, мен ноғаймын!» Неге бұлай дегені маған жұмбақ», – дейді. Қазірге дейін Шымырдан шығатын Бестерек ағайындарды кейбіреулер «бұлар татарлар» деп жатады. Мүмкін, Тәкеңнің «ноғаймын» деуі содан болар. Таратып айтса бұл өзі біраз әңгіме...
 Тәкен Әлімқұлов 1987 жылдың сәуір айында, 69 жасқа қараған шағында, ауыр науқастан Алматыда дүние салды. Өзінің өлер алдындағы аманаты бойынша ол мәңгілік тыныштықты өзінің Созақтағы кіндік қаны тамған атамекені Бабаата аулының жанындағы ата-баба зиратынан тапты. Жазушы Мархабат Байғұт сол сәтті былай деп баяндайды:
–  1987 жылдың сәуір айында Тәкен Әлімқұлұлының денесі Алматыдан Бабаатаға әкелінді. Өзінің өсиеті, ақтық аманаты бойынша, сөз зергері кіндік қаны тамған Бабаатаға жерленді. Тап сол күні Созақ ауданына Геннадий Колбин (сол жылдардағы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы. – С.О.) келген еді. Кесапат Колбиннің заһарлы-зымиян түріндей болып, сәуірдің сол күні төтеншелеу суытып тұрды. Облыстың да, ауданның да бетке ұстар билеп-төстеушілері Қазақстан басшысының айналасында алашапқынтұғын. Классик жазушыны жерлеуге оның жақындары мен талантына тәнті ауыл тұрғындары, ауданның қатардағы қызметкерлері ғана қатысты. Бірақ, осынау қарапайым жерлеу рәсімінін өзі қалам иесінің «Қараой», «Көк қаршыға», «Қаратау» сынды шығармасындай мәңгіліктің күйін шертіп, жалғандықты, жасандылықты жолатқысы келмегендей күйде өтіп жатты. Сәуірдің суық желі үдей түсті. Тәкен-тылсым тезірек жападан жалғыз, жалпылдап жалқы күйінде қалуға асыққандай көрінді. Көп ұзамай-ақ Бабаата әулие жатқан зираттың Қаратау қапталына таман, одан да ең шетте, ескі қорғанға шептес мүйісте Тәкеннің қоңырқай топырағы жер томпайтып қала берді. 
«Тәкенді жерлеп жатқанда, басымды төменнен жоғары көтеріп едім, саған өтірік, маған шын – ақбоз ат бастаған бір үйір жылқы Қаратаудың етегінде жосып барады екен. Тәкеннің жақсы көрген жылқылары қоштасуға келгенін қарашы сонда…» – деп еске алады оның жары Есімгүл жеңгеміз.
 Оның есімі кейінірек Бабаата елді мекеніндегі орта мектепке және Шымкент қаласының бір көшесіне берілді. Өкінішке қарай, олардан басқа қазақ прозасының зергері атанған жазушы Тәкен Әлімқұлов есімімен аталатын республикада еш мекеме, оқу орны, Алматы мен Астанада көше жоқ екен. 
Тәкен өзінің қаламгерлік ғұмырында атақ, жасанды бедел, байлық, дүние қумады. Басқалар сияқты шен тағу мен шекпен киюден бойын аулақ ұстады, кейбір «төріңнен орын бер, мүшелтойымды атқар» деп кеуде соққан «Шала Шекспирлер мен толмаған Толстойлар» (М.Әуезов) тәрізді астамшылдыққа ұрынбады, күлдіреген көпірме мақтау сөзге еш қызықпады, дарақылыққа бармады. Оның барлығы жасалмалы, үлп еткен уақытша дүние екенін жанымен сезді. Саналы өмірінде ол көпшіліктің, ел ортасында болып, асқан қарапайымдылық пен жоғары адамгершілікті, тазалықты асқататып өмір сүрді, сөз сиқырына беріліп тіршілік етті. Әттең, артынан іздеушісі болмай, өмірде некен-саяқ кездесетін көрнекті сөз зергерінің соңғы жылдарға дейін өз деңгейінде лайықты бағасын ала алмай жүргені еске түскенде кеудеге мұң тұнады...
2008 жылы жазушы Аян Нысаналиннің ұйымдастырып, құрастыруымен «Тұлпар тақылеттес тұлға» атты Тәкен Әлімқұлов туралы естеліктер жинағы (Алматы, «Білім» баспасы, 2008, 312 бет) жарық көрді. Онда суреткердің замандастары, қаламдастары мен аға-інілері Тәкен жайлы толғаныс-лебіздері мен ойлары топтастырылған. Оған да шүкіршілік етелік...  
 Қазіргі базбір қаламгерлер Тәкенді классик жазушыға жатқызса, базбірі ондай атты оған қимай жүр. Тіпті о дүниелік болған арыстанмен айқас-тартысты, дауды қоймайтын ағайындардың ішкі дүниесін ұғу қиынның-қиыны-ау. Шындыққа жүгінсек, Т.Әлімқұлұлы қазақ прозасына өзінің ізін, өнегесін қалдырып, оны жарқыраған жаңа биікке көтеріп бере алған суреткер. Қазақ әдебиетін, қазақ мәдениетін сүйетін қазіргі өркениетті еліміздің саналы, ойлы азаматтары, көзі ашық, көңілі ояу билік басында жүрген зерделі қандастарымыз бұл ой-пікір төңірегінде ойланғандары артық болмас еді. Әсіресе, жазушының дүниеге келген оңтістік өңірдің зиялы азаматтары бұл істен шет қалмағандарын, алдағы кезде игілікті жақсы іс-шараларға мұрындық болғанын қалар едік. Ештен кеш жақсы...
Жылдар алыстаған сайын Тәкеннің шырайлы да сырлы, інжу мен маржанмен тең, таудың тынысыңды ашар саф кәусар таңғы ауасындай тап-таза, таудың мөлдір қайнар бұлағындай шығармаларына сансыз оралып, оның тамаша табиғи талантына бас иетініміз сөзсіз. 
Тәкен туындылары елдің өмірін, тұрмысын өте шынайылықпен берген, жүректі қозғайтын, сананы қытықтайтын тартымды дүниелер. Оларды оқыған сайын бізге ауыл өмірі, қазақтың салт-дәстүрі мен  шежірелі табиғаты жақындай түседі. Өйткені, ол қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырған шебер жазушы. Дара жүріп, дара тұрған, шығармаларында оқыс бұрылыстары бар, күтпеген жерден тосын сөз саптайтын, ой салатыны бар жұмбағы мол жойқын қаламгер. Тәкен көңілімізге қазақ әдебиетіндегі саяқ жүрген салт атты болып елестейді. Тәкен қазақ әдебиетінің көк аспанына өшпес із тастап кеткен дарабоз қаламгер.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, 
медицина ғылымдарының докторы, профессор, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы


 

348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы