• Мақала
  • 09 Қыркүйек, 2025

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ІЗМАҒАНБЕТ ӘУЛИЕ

Тарихи негізде қарайтын болсақ ұлт, тіл, жер, дін, тұлға, тарих – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Дін мен діл, тіл, әулиелер мен батыр адамдардың рухы (қасиет, білім және даналық) ұлттың болмысы мен мәдениетінің негізгі кодын құрайды.  Атамекен, жер, әулиелер және  олардың рухани мұрасын, дінді ата-бабаларымыз болашақтың игілігіне дұрыс пайдалана білген. Соның ішінде ұрпақты елдікке, кісілікке тәрбиелеудегі дәстүрді, дін құбылысы мен әулиелердің кереметін ғылым шеңберінде зерттейтін болсақ, әулие, батыр атанған діни адамдардың (Мүсірәлі сопы әзиз, Қосым қожа, Бекет ата, Марал ишан және т.б.) қызметіне, феноменіне келіп тірелеміз.  

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты  

Елге білім берудегі діни тұлғалар институтына қарсы саясатты кезінде патша билігі, одан кейінгі большевиктер қарқынды жүргізді. Тарихымызда ұлтқа қарсы жүргізілген саясат дінді әлсіретуден басталған, рухани дәстүрді дінмен бірге түбегейлі жоюға бағытталған. Дін мен ділдің, соның ішінде ұлттың мәдени игіліктерінің арасындағы байланыс, оны байланыстыратын адамдардың деңгейі жалғасқан кезде ғана сақталады. Ұлттың ділі сақталған жерде оның діни дүниетанымы, тәжірибесі сақталады. 
Ең алдымен, адамға діни білім дұрыс берілуі тиіс. Сондай-ақ, діни білім ұлттық құндылықтармен қатар үйретілуі қажет. Қазақтың тарихтағы діни тұлғалары ұлтының тарихын, батырлар жырын жақсы білген. Әулиелердің медреселерінде даналық, тарих пәндері оқытылған. Яғни, білім алып шығатын адам түсінігі терең, кемел адам болып шығуы тиіс. Бұдан шығатын түйін – дін мен ұлттың тарихы, даналығы қатар оқытылғанда ғана адам санасы биік болады. Санасы, білімі, мәдениеті биік адамның Құдайға деген сенімі де күшті. Тарихта ІХ-Х ғасырлардан бері келе жатқан дәстүр бойынша, осы принцип елдің негізгі өмір сүрудегі қағидасына айналған. 
Әулие, батыр атанған тұлғалардың ішінде де жыраулар көп. Бұқар жырау, Мөңке би сияқты діни білімі терең әулие адамдар болған. Олардың айтқан сөздерінің өзі ұрпақтың өзіндік санасының дұрыс қалыптасуына әсер еткен. Олардың ақыл-кеңесімен хандар, батырлар түрлі сәттерде дұрыс шешім шығаратын болған. Қай істе де тәжірибесі мол адамдар жүрген. Осының барлығын кеңес өкіметі жоюға, санадан өшіруге күш салды. Жаратушы Алла тағала адамды кемелдену үшін жаратқан. Сондықтан да адамның дүниедегі орны оның танымдық қасиеттері, қабілеті, пайымы, ақыл-парасатымен көрінеді. Егер, таным, пайым, зерде, ақыл-парасат, білім, тәжірибе, ар-ұят, намыс, яғни бір сөзбен айтқанда тағылым болмаса және ол адамнан кейінгіге аманат болып қалмайтын болса, онда адамның босқа өмір сүргені. Осы себептен, Шәкәрім адамның дүниеге келудегі, өмір сүрудегі мақсаты ұжданды иелену деп түйіндеген. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді». «Үш анық» еңбегінде ол «Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім» деп жазған еді. Ең алдымен адамға жан байлығы, жанның саулығы керек. Жан мен тән бір-бірімен байланысты. Жанның саулығы деннің саулығына әсер етеді. Сана, түсінік, ой, көзқарас, білім, дұрыс мінез, тәжірибенің адамның рухани өміріне әсер ететінін көбісі терең біле бермейді. Адам тәжірибені, ойлауды, дұрыс пайымдап, зерделеуді, яғни нәрсені дұрыс тануды осы өмірден үйренеді. Тарихымыздағы әулиелердің қызметіне қарайтын болсақ, олар өз жұртының рухын, рухани әлемін кемелдендіру мақсатында қоғамына қызмет еткен. Негізінен дін де, пайғамбар да солай. Әулиелердің ұрпақтары ата-бабадан берілетін қасиет, дәстүрді жалғастырған. Тарихымыздағы сондай адамдардың бірі Мүсірәлі сопы әзиз болғанын жұрт біледі. Оның ұрпақтары да тегіс әулие болған. Ырғыз жеріндегі Сары ишан, Ізмағанбет әулиенің есімі аталған жерде солардың бабасы деп Қосым қожаның да есімі қоса аталатын. Осының өзі бұл кісілердің үлкен әулие болғанын, кешегі қиын заманда ұлттың сақталуына көп еңбек сіңіргенін көрсетеді. 
Тарихымыздағы тұлғалардың ішінде кеңестік саясаттың салдарынан ұмыт бола бастағандары аз емес. Оларды барынша зерттеп, тауып жарыққа шығару міндетіміз. Олардың тұлғасын, ұлттық мүдде жолындағы қызметтерін зерттеуде де ескеруді қажет ететін мәселе көп. Ерекше құбылысқа ие адамдардың (әулиелер, батырлар, жыраулар) тұлғасын зерттеуде де мәдениет сақталуы керек. Себебі, тұлғаның шындығымен байланысты тарихтың шындығын ақиқатты негізде бағалау, жарыққа шығару өте күрделі. Ал әулиелердің өздері үлгі еткен, тарихта қалдырған тәжірибеге келсек, ол мынадай дүниелермен айқындалады: бірінші кезекте небір қасиеті, білімі күшті әулиелер өздерінің кереметін Алланың құдіреті деп айтып, ұрпаққа осыны ұғындырған. Олардың көбі дүниеден өткенде зәулім сарай салдырып, үлкен белгі де қалдырмаған. Бұның өзінде бүгінгі ұрпақ біле бермейтін үлкен мән, білім жатыр. Бейіттерінің орны бар, білініп жатады. Бірақ бас-басына тұрғызылған зәулім сарай, үлкен ескерткіш тас жоқ. 
Бала күнімізде үлкендерден есті­геніміздің бірі – бұл «әулиенің оты» деген түсінік. Олар әулиелердің бейітінен бейсенбі-жұма күндері жарық сәуле, яғни нұрдың көрінетінін айтатын. Бұны қазақ «әулиенің оты» деп атап кеткен. Яғни, қазақта «әулиелердің бейітіне Алланың нұры түседі» деген ұғым бұрыннан бар, болған нәрсе. Сол себептен, ата-бабамыз ұлт тұлғалары қудалауға түспеген уақытта олардың орнын жақсы білген, ұрпаққа айтып (жеткізіп) отырған. Өкінішке қарай, кеңес өкіметі әулиелердің отырған жерлерін тартып алып, жойғаннан кейін көбі ұмыт бола бастаған. Әулиелер сталиндік саясаттың құрбаны болды. Ал діни тұлғаларды білетіндер айтуға қорықты. Сол себептен көп нәрсе бізге жетпей ұмыт бола бастаған. 
Мүсірәлі сопы әзизден, баласы Қосым қожадан тарайтын әулиелердің бейіттерінің көбінде құлпытас жоқ. Әулиелер қара судың жанында, көлдің жанында, қалың құмда отырған. Құмды жерлерде орналасқан қорымда тек бейіттің іздері ғана бар. Құмды жерлерде әулиелердің отыруының да, сол жерге жерленуінің де себебі бар. Екіншіден, әулиенің қызметі оның тек осы өмірдегі қызметімен шектелмейді. Дүниеден өткеннен кейін де әулиелік қасиеті сақталады. Осыған байланысты қазақта әулие кісілер ұрпақтың тілегін тілеп жүреді деген түсінік болған. Үшіншіден, әулие, батыр адамдар  қай уақытта да ұлттың, ұрпақтың рухани тірегі, арқа сүйейтін, үлгі тұтатын адамдары болып қалады. Ұлтты, елді әлсіретіп жою үшін оның мәдениетіне, болмысына тірек болатын нәрселерді жою көзделетінін жоғарыда айттық. Сол себептен, қиын заманда олардың жерленген жерлерін сыртқа айтпаған, елеусіз болған. Әулиелер де көзі тірісінде небір заманның болатынын, сол заманда ниеті, тілегі басқа адамдардың, ел мүддесіне жат биліктің келетінін сезген. Сол кезде әулиелердің жатқан жерін тек халықтың өзі білуі тиіс. Егер ол көзге көрініп тұрса, ел мен жерден кие, рух деген нәрселерді кетіру үшін түрлі теріс пиғылдағы әрекеттер орын алуы мүмкін. Төртіншіден, әулие Алла тағаланың құдіретімен адамзатқа қызмет ететін адамдар. Сондықтан да, ұрпақ ең алдымен Құдайдан тілеуі, сұрауы тиіс, ал әулиелер олардың ісіне (егер дұрыс болса) тілекші. Әулиелердің көзі тірісіндегі қызметі, тағылымы, айтқан сөздеріне және бейіттеріне қарап жаратылысы, табиғаты қарапайым адамдардан өзгеше, үлкен миссиямен дүниеге келетін, өмір сүретін адамдар екенін түсіну қиын емес. 
Ел тарихындағы әулие, батыр атанған тұлғалардың ұлттың, адамзаттың игілігі жолындағы қызметтерінің бірнеше бағыты болған. Біріншісі, батырлық қасиетке ие болу, осы қасиет арқылы елді жаудан қорғап отыру. Заманның, елдің қиындығына қарамастан айналасындағы адамдардың, ұрпақтың басын біріктіру, ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау. Кісілікке, адалдыққа тәрбиелеу және тағы басқа істердің басынан әулие, батыр атанған адамдарды көруге болады. Тарихтағы кез келген батыр қара күштің иесі ғана емес, үлкен қасиеттің де иесі. Ел қорғаудағы қиын сәттерде батырдың да көрінетін кереметі болған. Қазақта бір батыр дүниеден озса, елдің бір шеті сөгілгендей көрінеді. Себебі, батырдың елге тірек болатын рухы, орны бар. Әулиелердің барлығы да батыр, ал батырларда елге төнген қауіпті алдын ала сезетін, біліп отыратын қасиет болған. Өкінішке қарай, бұл қасиет әлі күнге дейін толық тұлғалықтың негізгі құбылысы, мәні ретінде зерттелмей келеді. Көбінесе ерлік істерге, жорықтарға, соғыстарға көңіл бөлеміз, ал жеке адамды ұлттың тұлғасы, тарихтың субъектісіне айналдырып отырған не нәрсе екенін зерттемейміз. Екіншісі, бұл емшілік, көріпкелдік қасиетке ие болу. Әулиелер адам емдеген. Емдеудің де ауруға байланысты түрлі әдістері болған. Ал әулиелер Құран аяттарымен, дәрілік шөптерді дайындау арқылы адам емдеген. Қиналып отырған адамның ертеңгі өмірін айтуда, емдеуде де батырлық керек. Үшіншісі, бұл сынықшылық. Бұл да емшілік қасиетпен байланысты. Әулие кісілер ауырып, қиналып жүрген адамды күні бұрын сезетін. Бұндай кісілер Ырғыз жерінде де көп. Төртіншісі, білімді, ілімді ұрпаққа үйрететін әулиелер. Олар мешіт, медресе салып бала оқытқан. 
Ырғыз, Торғай, Сыр өңіріндегі Мүсірәлі сопы әзиз ұрпақтары осы бағыттарда елге аянбай қызмет еткен. Оның ішінде Ырғыз жерінде Оспан Дәрменұлы, Сары ишан Үмбетұлы Қожахмет, Ізмағанбет Досымбетұлы және оның оның әкесі мен атасы Бақы, Досымбет әулиелердің есімдерін атаған жөн деп есептейміз. Бұл кісілер осы өңірдегі діни адамдарды оқытқан. Ел қорғау, халыққа білім беру, білімді адамдарды қолдау істерімен айналысқан. Өкінішке қарай, олар 1925 жылдан бас­тап қудалауға ілігіп, кейін дүниеден өткен. Барлығының мал-мүлкін кеңес өкіметі тәркілеп, мешіттерін, үйін мал қора ретінде пайдаланған. 
Әулиелердің барлығы да үлкен медреселерден білім алған. Әрине, адамның ата-тегінен берілетін қасиет болғанмен, білім, ілімді үйрену де өте қажет. Ең алдымен, адамға білім берілуі керек. Елдің тарихында ұзақ жылдар бойы әулие кісілерден білім алып, әулиелік деңгейге жеткен адамға құжатпен қоса Құран кітабы, асатаяқ берілген. Содан кейін ғана адам емдеуге, өзінің бойындағы қасиетін басқаруға рұқсат етілген. Медреседен ұзақ уақыт білім алған бала Құранды, діннің тарихын, пайғамбардың хикметтерін, елдің тарихын, дәстүрін жақсы білуі тиіс еді.Досымбетұлы Ізмағанбет 1895-1966 жылдар аралығында өмір сүрген. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құрылыс ауылында дүниеге келген. Ізмағанбет – Мүсірәлі сопы әзиздің, оның баласы Қосым қожаның тікелей ұрпағы. Мүсірәлі әулиеден тарайтын ұрпақтың шежіресін білетін кісілерден арнайы барып сұрағанымызда келесідей деректерді айтты: Мүсірәлі әулиенің үш әйелі болған. Бірінші әйелінен Сүгірәлі, Дербісәлі, Махамбет, Дербіс деген төрт ер бала, Айша, Сүлкен және Бөпем деген үш қыз бала дүниеге келген. Осы үш қыздың бірі Қосым бабамызды кішкентай кезінен бауырына басып өсіреді. Қосым баба Мүсірәлі бабамыздың үшінші әйелінен туған. Анасы қалмақтың қызы, Қосымнан кейінгі баладан қайтыс болған. Содан Мүсірәлі әулие «мына бала тегін болмайды, інілеріңді өздерің бауырлап өсіріңдер» деп қыздарына тапсырады. Қосым бабаны өсірген Мүсірәлінің қызын ел Сары қыз деп атап кеткен екен. Бұл кісінің де әулиелік қасиеті күшті болған дейді. 
Мүсірәлі бабамыздың екінші әйелінен Сауранбай, Дос деген екі бала дүниеге келген. Үшінші әйелі Қосым бабаның анасы Мәриям деген кісі. Бұл кісі жаңа айтқан Қосым әулиені дүниеге әкелгеннен кейін екінші бала үстінде қайтқан. Осы кісілерден тараған ұрпақтың барлығы да әулие, батыр кісілер. Әулие бабаларымыздың қыздарынан тараған ұрпақтың ішінен де әулие кісілер көп болған. Осы кісілерден тараған әулиелердің әулиелік қызметін атқарған ұрпақтың соңғы буыны 1930 жылға дейін мешіт, медресе салып елге қызмет еткен. 
Мүсірәлі сопы әзиздің кіші баласы Қосым әулиеден тарайтын ұрпаққа келсек, бұл кісінің де үш әйелі болған. Бірінші әйелінің аты Солым, Екінші әйелінің аты Асау, үшіншісі Өрік. Солымнан Әбжел, Ышқыш, Арыстан, Сәдір есімді төрт ер бала дүниеге келеді. Асау анамыздан Арзағұл, Қожағұл, Райым, Таңсық деген төрт бала туған. Өріктен Қалдар деген бір ер бала дүниеге келген. Қалдардан Қолдас деген жалғыз ер бала туған. Қолдас та үлкен әулие болған дейді. Бейіті Қызылқұмда. Мүсірәлі, Қосым бабадан тарайтын ұрпақты айтып кеткен кісі осы кісілердің тікелей ұрпағы Ахметұлы Өтеген ақсақал. Бұл кісі 1895 жылы Қосым бабаның мешіті, бейіті орналасқан жердегі ауылда туған. Өтеген ақсақал 1975 жылы дүниеден өткен. Жоғарыда айтылған деректер Өтеген баласы Ақмырза ақсақалдан жазып алынды. 
1918-1919 жылдары бұл ауылдарға да (Қосым бабаның қорымы, мешіті тұрған жер) қызылдардың әскері келіп, большевиктердің қысымы күшейе бас­тайды. Ел ішінде үлкен рухани ортаға айналған ауылдарға қысым күшейген соң жұрт амалсыздан басқа жаққа кетуге мәжбүр болған. Осы жердің тұрғындары Әмударияға қарай көшкен көрінеді. 1918 жылдары Өтеген ақсақал жиырманың үстіндегі жігіт. Бұлар да анасы екеуі елдің артынан көшкен екен. Адамдардың жүрген жолымен көшіп келе жатып, жолдың жиегінде үлкен кісінің жатқанын көреді. Жақындап қараса қайтыс болған кісі екен. Анасы Өтегенге «Балам, мына кісінің бұлай қалдырғанымыз жарамас, обал болады, не болса да жерлеп кетеміз» деп, баласына жер қаздырады. Әжеміз жыңғылдың ішін қарап жүріп таңдаған жерді Өтеген атамыз қолындағы қалағымен ұзақ қазған көрінеді. Анасы қабірдің бетін жабу үшін сексеуіл, құрғақ шөп жинап әкеледі. Екі-үш күндей далада жатып қалған кісіні аударып денесін жерге орналастырады. Жатқан кісінің астында жиналып қалған қаптаған қара кене бірден баланың үстіне жабысады. Бірақ, соған қарамастан қайтыс болған кісіні бар күшімен жерлеп, әрмен қарай кетеді. Әмудария жақта 1948 жылға дейін тұрып, кейін елге оралады. Елге оралған соң Өтеген ақсақал Қазалы ауданындағы Ақсуат ауылында тұрған, өмір бойы колхозда еңбек еткен. 
Қосым бабаның ұрпағы Өтегенұлы Ақмырза ағамыздың айтуы бойынша, Ахметұлы Өтеген жастайынан адам емдеген, әулиелік қасиеті бар кісі, ал Өтегеннің әкесі Ахмет те үлкен емші болған. 1960 жылдары ауданнан екі дәрігер Өтеген ақсақалды іздеп келеді (атамыздың қасиетін сынау үшін). Келген адамдардан ақсақал «Сендерді үкімет жіберіп отыр ма? Әлде өздерің келіп отырсыңдар ма?» деп сұрайды. Олар өздерінің емшінің қасиетін көзбен көру үшін арнайы келгенін айтады. Өтеген ақсақал келген адамның біреуінің білегін ұстап отырып, бұрын жауырынын тіліп өкпесіне ота жасағанын айта бастағанда «аға, болды, көзіміз жетті» деп атамызды тоқтатады. Өтеген ақсақалдың емшілік қасиеті туралы көп нәрсе айтуға болады. Ата-бабасынан келе жатқан дәстүрдегідей көріпкел, адам емдейтін арқалы кісі болған. Бірақ, кеңес қоғамында діни білім, ілімді үйрететін бұрынғы із болмағандықтан көптеген қасиетін шығара алмаған, игере алмаған. 
Ахметұлы Өтеген 1963 жылы баласы Ақмырзаны ертіп, екеуі екі атпен Ақсуат ауылынан Қосым бабаның қорымына барады. Сол кезде баласына Қосым бабаның қасындағы бейіттерді көрсетіп, көп ұзатпай олардың әрқайсысына аты-жөнін жазып, белгі қоюды тапсырады. Ақмырза ағамыз көп кешіктірмей әкесінің айтуымен Қосым баба қорымындағы кісілердің бастарына (темірге жаздырып) белгі қояды. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол белгілер арқылы Қосым қожа қорымындағы тұлғаларға құлыптас қойылған, қайтадан бейіттер салынған екен. Осы Қосым бабаның ұрпақтарының айтып кеткен шежіресімен қарайтын болсақ, Ырғыз өңірінде өмір сүрген осы Досымбетұлы Ізмағанбет, Сары ишан Үметұлы Қожахмет әулиелер Қосым қожаның балалары Әбжел, Ышқыштан тарайды екен. 
Ақмырза ағамыздың айтуы бойынша Қосым бабаның ұрпақтарының біразы Қызылқұмда жерленген. Бұл қорым Қосым бабаның Қалдар деген ұлынан туған Қолдас әулиенің есімімен аталады екен. Қолдас әулие осы Қорымда жерленген. Қосым қожа көзі тірісінде Қолдас немересін жақсы көрген кезде «осы балам да әулие болады» дейді екен. Содан Қолдасты бала күнінен жұрт әулие деп атап кеткен. Есейгенде әулие кісі болған. Қосым бабаның баласы Ышқыштан тараған ұрпақтың да көбісі осы Қызылқұмда жерленген екен. Ақмырза ақсақалдың айтуы бойынша (оған әкесі айтып кеткен) Ырғыздағы Тәуіптің маңында Әбжел әулиенің өзі отырған. Сол жерде Әбжелдің мешіті, құдығы болған. Ақмырза ақсақал «Біздің есімізде қалғаны осы, осы шежірені әкеміз бала кезімізде жаттататын еді. Сол кісіден Ышқыштан Исалды, Әумин, Иман, Шәйімбет деген ұрпақтың тарағанын еститін едім. Махамбет, Дербіс деген кісілерден бала болмаған. Бұлар Ресей жағында Жағалбайлылармен бірге жүрген», – деп әңгімесін аяқтады.  
Ізмағанбет атамыздың тегіне келсек (осы айтылған шежіре ұрпақтарының қолындағы дерекпен сәйкес келеді): Мүсірәлі сопы әзиз, Қосым қожа, Әбжел, Бақы, Қосымбет, Досымбет; Досымбеттен Ізмағанбет, Ізмағанбеттен Қазихан тарайды. Қазихан – Ізмағанбеттің үлкен ұлы, 19 жасында қайтыс болған. Бақы атамыз Ырғыздағы Қызылжарға жас кезінде, білім алғаннан кейін келген. Бақы атамыз, оның баласы Қосымбет, немересі Досымбет те үлкен әулие кісілер болған. Қазір ауылға жақын жерде Бақы әулиенің қорымы бар. Бұнда Бақы әулие және ұрпақтары жерленген.  
Әулиелер – елге үлгі, рухани ұйытқы болатын адамдар. Қосым қожаның өзі балаларын бір жерде ұстамаған. Білім алғаннан кейін әулиенің ұрпақтары елдің ішінде отырып қызмет еткен. 
Мүсірәлі әулиенің өзі хандар заманында ұлт ісіне араласқан, елдің мүддесіне үлкен үлес қосқан кісі болғанын жұрт жақсы біледі. Оның қасиеті бір басқа, ал даналығының өзі елдің бірігуіне үлкен әсер еткен. Осы жолмен әулиенің ұрпақтары патша заманында, кеңес өкіметі құрылған тұста да қиындықпен күресуде үлкен жігер, ерлік танытқанын білеміз. Сары ишандар ашаршылық кезінде еріксіз босқынға айналған адамдармен бірге жүрген, талай жетім қалған баланың елге аман-есен оралуына себепкер болғанын бұған дейін де жазған едік. 1930 жылы кеңес үкіметінің саясатына қарсы орын алған көтерілістерге де осы әулиелер, ишандар түгелдей қатысқан. Алаш милициясын, әскерін құруда, оны қолдауда үлкен істерді атқарған. 
Ізмағанбет қожаның атасы Бақы әулие Қазалы жақтан Ырғыздағы Тәуіпке, одан кейін інісі Пана екеуі Қызылжар ауылына келген. Інісі жас болғандықтан бұл жерде тұрақтамаған, ата-анасын сағынып үйіне оралады. Бақы әулие осы жерде қалып елге қызмет еткен. Осы Бақы әулиеден бастап оның баласы Қосымбет, немересі Досымбет және шөбересі Ізмағанбет жерленген әулиелердің қорымының алдында үлкен шеңбер түрінде салынған (киіз үй сияқты) үйдің орны байқалады. Үй қорымның ауыл жақ бетінде, дәл түбінде орналасқан. Соған қарағанда сол жерде Ізмағанбет әулиеге дейін, оның әкесі Досымбет те отырғанға ұқсайды. Бақы әулиеден бастап бұл кісілердің барлығы да адамдарды түрлі аурудан емдеумен айналысқан. Есінен ауысқан, жүйке ауруына шалдыққан, басқа да ауруларды емдеген. Құран аяттарын оқу арқылы, аса таяғымен, зікірмен адам емдеген. Шеңбер тәріздес үйдің орны тегін емес, арнайы салынғаны көрініп тұр. Өз заманында Бақы әулиенің өзі үлкен әулие кісі болған. 1925 жылдан бастап бұл кісілерге де кеңестік билік қысым көрсете бастайды. Мешітін тартып алады. 1930 жылы бейіттің түбіне мал қамайтын баз салған, жанындағы шырақшы отырған, намаз оқып, құлшылық ететін, адам емдейтін жерге мал қаматқан. Кейін үйдің қабырғаларын тарқатып, алып кеткен. Үлкен шеңбер түрінде салынған үйдің төменгі қатары мен үйдің қабырғаларының ізі анық көрінеді. Бұл кеңес үкіметінің тапсырмасымен аяқ асты салынған мал қамайтын баздың орнына ұқсамайды. Үйдің қабырғалары түзу қаланғаны, кірпіштері еш қоспасыз шым кесектен қаланғаны көрініп тұр. Халықтың айтуы бойынша, 1930 жылдардан кейін бұл кісілердің де қорымының түбіне әкеліп кішігірім баз салған. Басында ірі қара малды қамаса, кейін қой қора болған. Күзде уақытша қой қамайтын колхоздың қорасы да осы жерде тұрған. Бейіттің арғы шетінде қораның орындары көрініп жатыр. Малды қамаған жердің орны, пештің орны, күлдің қалдығы, әйнектің сынықтары көп. Бұның барлығы 1930 жылдары діни орындарды, қасиетті символдарды жою үшін жүргізілген саясаттың көрінісі екендігі даусыз. 
1930 жылдары осы Бақы әулиенің бейітінің қасына ең бірінші серіктіктің малын қаматқан екен. Соған қарағанда бейттің бас жағында орналасқан, бұрынғы шырақшы отырған үйге мал қамағанға ұқсайды. Қамаған бойда ірі қара малдар өзінен-өзі өкіріп, электр тоғы соққандай бірінің-үстіне бірі мініп тегістей өле береді. Малды қамап қарап отырған кісіге ештеме болмайды. Бірақ, ол өзінен-өзі құтырып өліп жатқан сиырларды көріп далаға қашады. Басқа әулие кісілердің мешітін тартып алып, мал қамаған кезде де осындай оқиғалар орын алған. Сары ишанға қатысты да осындай оқиға халық жадында қалған. Яғни, қамалған колхоздың малы бір түнде өлген. Осы жерде ескеретін нәрсе, кеңес үкіметі құдайсыз қоғам құруға күш салуда, ең алдымен «қасиет», «кие», «жердің киесі», «бейіттің, мешіттің киесі», «елдің қасиеті» деген түсінікті санадан өшірумен қатар, жерден де қашыруға күш салған. 
1929-1930 жылдары барлық әулие-молда кісілердің отырған жерлеріне мал қамату тегістей жүргізілген. Дүкен қылған бұрынғы мешіттерде заттардың шашылып жататынын да халық көп айтады. Бұл жөнінде жазған кісілер де бар. Кеңес үкіметі мал қаматқаннан кейін мешіттерді міндетті түрде бұздырады. Түрлі оқыс оқиғалардан соң тегіс тарқатылмай қалып қойған мешіттер де бар. Мәселен Сары ишан мешітін тегіс тарқата алмаған, намаз оқитын, азан шақыратын мұнара жақ бөлігі күні кешеге дейін тұрған. Себебі, мешітті тартып алуға келген адамдардың ішінде сол бойда қайтыс болғаны бар. Қамалған мал тірі шықпаған, оның үстіне мешіттің, жанындағы үйдің есіктері өзінен-өзі тынымсыз ашылып, жабылып тұрған. Содан ешкім бата алмаған.  Осы жерде кеңес өкіметі «Мешіттерге неге мал қамаған? Мал қаматпай-ақ бірден құрылысқа пайдаланбаған?» деген сұрақ туындайды. Осы сұраққа терең үңілген сайын, тарихта әулие кісілердің өздері айтып кеткен сөздер есімізге түседі. Мөңке би былай деген: 
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар.
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар. 
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар. 
Мөңке әулиенің айтқан сөздерінен кеңес өкіметі құрылған тұста жүргізілген саясат, большевиктердің ақылға қонымсыз ерсі әрекеті, одан кейінгі адам мен қоғамның жағдайы көрініп тұр. Кеңес өкіметінің жүргізген саясаты патша билігінен де асып кетті. Әулиелер жатқан жерге, оның отырған жеріне, мешітке мал қаматудың түпкі мәні – аруақты қашыру. 
Ізмағанбет атамыз кеңес үкіметі тұсында да ата-бабасынан берілген қасиетін тоқтатпай, қиналып жүрген адамдарды емдеген. Қызылжар ауылында 1950 жылдардан кейін заман саябырсыған кезде ескі үйінің жанынан үлкен бір бөлме салып, оны намазхана есебінде ұстаған. Жұма күні бұл кісінің үйіне келіп намаз оқитын кісілер көп болған. Өзі Құранмен адам емдеген, кереметімен талай адамдарға ой салған. 1937 жылы ұлы Қазихан дүниеге келген. Кейін осы ұлды туғаннан кейін әйелі Күләш анамыз қайтыс болған. Өзі ұлы Қазихан екеуі Қызылжардағы қызыл мектептің бір бөлмесінде тұрған. Сонда мектептің отын жағып, қызмет жасайды. Мектептің бір бөлмесінде отырып ұлын оқытқан. Өкінішке қарай, ұлы Қазихан он тоғыз жасында кенеттен ауырып, Ырғыздағы ауруханада қайтыс болған. Қазихан мектепте жақсы оқып, өте сауатты, көрікті бала болған екен. Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты үстем болған кезде Қазихан ата-бабасынан берілген қасиетті ұстай алмаған. Дәрігерлер қанша күрессе де баланың жағдайы ауырлай берген көрінеді. Есік алдында қиналып баласын күтіп отырған Ізмағанбет атамыз дәрігерлерге, «бұл бала бабаларының қасиетін ұстамады, ауруының себебі сол аруақты ұстамағаннан» деп айтқан екен. Ізмағанбет ұлы Қазиханды Ырғыздағы ескі қорымға, анасы Күләштің қасына жерлейді. Қазір бейіттің орны бар, Ізма­ғанбеттің балалары ағасы Қазихан­ның басына белгі қойған. Содан кейін Ізмағанбет атамыз Балтай анамызға үйленген. Одан тараған ұрпақ бар. Өзі 1966 жылы дүниеден өткен. Дүниеден өткеннен кейін де әулиенің орнын, қызметін әжеміз, балалары жоғалтпаған. Әлі күнге дейін Ізмағанбет әулиенің басына келіп түнейтіндер көп. Соның барлығына ұрпағы барынша қызмет етіп келеді. 
Ауылдағы осы Ізмағанбеттің көзін көрген кісінің бірі Ерғали ақсақалдың айтып кетуі бойынша, 1947 жылы осы ауылдағы колхоздың бір базы өртенеді. Ішінде қалған отар қойды қалың түтіннің ішінен шығару қиын болады. Осы кезде Ізмағанбет әулие іштей ыңырсыған дыбыспен дұға оқиды. Баздың есігін бұзып ашқан кезде өртке оранып жатқан жерден қойлар түгел аман шыққан. Қойды сыртқа шығарған бойда баздың да төбесі ортасына түскен. Ауылдағы әулиенің көзін көрген үлкен кісілер бұны да Алланың құдіретімен берілетін әулиенің кереметі дейді екен. 
Ізмағанбет көзі тірісінде адамдарға көмегін аямаған, өте қарапайым, қамқорлығы мол, басынан өткен қиындықты ешкімге сездірмейтін өте салмақты, көркем мінезді адам болған. Оның бұрынғы отырған үйі әлі күнге дейін тұр. Жұрт әулиенің орны деп құрметтейді. Ауылдағы жаңа салынған мешіт осы Ізмағанбет әулиенің атымен аталады. Ұрпақтары атасының заттарын сақтап келеді. Бұл кісінің рухына қатысты елдің ішінде қалған деректің бірі оның кереметі жайлы. Ізмағанбет өзінің қазіргі бейітіне жақын жердегі Ырғыз өзенінің арғы бетінде тұрған ағаш үйді ішіндегі ыдыс-аяғымен өзеннің бергі бетіне көшірген. Бұндай кереметтер әулиелерде көп кездеседі. Мүсірәлі, Қосым әулиенің ұрпақтарының ішінде жазда суды мұз қылып қатырып тас­тайтын, өзенді қақ бөліп құрғақ жолмен адамдарды өткізген, суды теріс ағызатын әулиелер болған. 
Досымбетұлы Ізмағанбет – әулие кісілердің мектебінен білім алған, ата-бабасынан бастап адам емдеген, кереметімен елдің жадында қалған үлкен әулие. Әулиелік қасиеті бар бала медреседен білім алғаннан кейін, әулиенің батасын алып, оған Құран кітабы мен асатаяқтың табысталатын айттық. Ізмағанбет әулиенің Құран кітабы, асатаяғы үйінде сақтаулы. 
Біздің міндетіміз осындай әулие адамдардың елге, халыққа жасаған жақсылығын ұмытпау, естен шығармау, жарыққа шығару, өзімізден кейінгі буынға жеткізу. Діннің өзіне де көзіқарақты, білімі терең адамдар қажет. Ал тарихымыздағы рухы биік, ерік-жігері күшті, білімі терең адамдардың тағылымын қоғамға жеткізу – азаматтық парызымыз. 
 

1112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы