• Мақала
  • 09 Қыркүйек, 2025

«Библиография мәселелері жөнінен»

Ілияс АХМЕТОВ  – 1897 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген.  Журналист, зерттеуші. Мәскеудегі Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының жапон бөлімшесін бітірген.  Осында оқып жүріп «Еңбекші қазақ» газетінің Мәскеу мен Орынбордағы тілшісі қызметін атқарды. 1926-1928 жылдары «Еңбекші қазақтың» тілшісі, бөлім меңгерушісі. Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы жұмысшы факультетінде ұстаз әрі Республикалық кітап палатасының қызметкері болды. 1934-1936 жылдары Мемлекеттік орталық кітапханада (қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасында) қызмет атқарды. 1938 жылдың нау­рызында тұтқындалып, «Алашорда партиясының құрамында болып, кеңес үкіметін құлатуға бағытталған белсенді жұмыс жүргізді» деген жазамен атылды. 

Кітапхана ісіндегі ең күрделі де, қажетті дүние бұл – библиография саласы. Библиографиясы дұрыс дамымаған, жүйеленбеген, қалыптаспаған кітапханадан оқырман қауым өзіне қажетті ақпаратты, деректі, кітапты, ғылыми еңбектерді таба алмайды. Сондықтан библиография саласы – кітапхана ісінің темірқазығы, негізі деп айтсақ, артық айтқандық емес. Мыңдаған, миллиондаған баспа өнімдерін, ескі замандардан келе жатқан мұраларды көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оларды дәл тізімдеп, атаулардағы, жарық көру жылдарындағы әрқилы өзгерістерді қамтып, жинақтап, оқырманға тез тауып алатындай жүйеге келтіру – библиографтардың ісі. Бұл орайда «Отандық библиография ісінің дамуы мен тарихындағы мәселелері қандай болды?» деген сауал әркімді қызықтыратыны белгілі. Осы орайда заманында латын әліпбиінде «Ауыл мұғалімі» журналының 1935 жылғы №4-5 санында (50-55 б.) жарияланған Ілияс Ахметовтың «Библиография мәселелері жөнінен» деп аталатын мақаласы көзімізге түсті. Бұл мақаланың ерекшелігі – библиография саласы туралы қазақ тілінде жазылған мағлұматы мол, айтар ойы бар, ғылыми дәйектемесі қамтылған. Осы мақаланы санамызда қайта жаңғырту орайында оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн санадық.  

«Библиография мәселелері жөнінен»

Біздің газеттеріміздің 4-бетінде «Кітап сыны» деп жүретін жүзіміз осы библиографияның бір түрі болады. Библиография бізде сын мәнісімен қолданылып, баспасөз тұрмысында тиісті орнын ала алмай келеді. Библиография жәрдемші білімнің бірі. Әдебиет баспасөз күшейген кезде онсыз әдебиет болмайды, баспасөз бен кіндігі бір қатар жүретін ілім.
Төңкерістен бұрын қазақтың баспасөзі жоқ еді, қазақ тілінде шығатын қыса анау-мынау кітапшалар да санамалы еді.
Қазақ баспасөзінің төңкерістен кейінгі аяқ алысы ертедегі тұлпардың шабысынша тамаша қарқынмен жылдан жылға баспасөзіміздің саны да, сапасы да өсулі. Жалпы кеңес республикасының, оның ішінде мәдениет майданында мешеу қалған қазақ республикасының аз жылдың ішінде адам айтқысыз ірі табысқа ие болғандығын көз алдыңа келтіретін айғақты күштің бірі – осы баспасөз. Қазақстан қазір баспасөзді, ұлт тілінде әдебиеті бар, білімнің түрлі тарауына өз тілінде жете алатын социалды кеңес республикаларының бірі болып отыр. XVIII ғасырдың аяғы ескі Ресей патшалығының баспасөз майданында мәдениетті елдермен қатарласа бастаған дәуірі саналады. Баспаханалар көбейіп, кітап саудасы ұлғаяды. 1780 жылы Ресей патшалығында небәрі 300 кітап басылған екен, Қазақстан бұл цифрды 1930 жылы артқа тастады. Сол жылғы есеп бойынша басылған қазақша кітаптың саны 445 дана болды. Басылған кітаптың саны дұрыс алынып, дұрыс санақ жүргізіліп отырған жоқ, бәлкім одан бұрынғы жылдарда кітабымыздың жылдық өнімі одан асып кеткен болуы мүмкін. Орталығымыз, облысымыз былай тұрсын, аудандарымызда ірі өндіріс орындарымыздың бәрінде де баспахана бар, бәрінде де кітап, кітапша басылып шығып жатады, мерзімді әдебиеттері өз алдына. Орталықта шығатын «Книжная летопись» кітабының қаттауына іліккен қазақ тіліндегі кітаптардың саны 1932 жылғысы 362, 1933 жылғысы 315 (1931 жылдың тізімін қолға түсіре алған жоқпыз).
Әрине, «Книжная летопись» қазақтың түрлі түкпірінен шығып жататын ірілі-уақты кітаптарының бәрін түгел есепке алып отыр деуге болмайды. Оған тек Алматы, Қызылордадағы Қазақстан бас­пасы шығаратын кітаптардың тізімі ғана міндетті нұсқа ретінде дұрыс жетіп тұрады деп айтуға болады.
1929 жылдан бастап Қазақстан үкіметі қазақ жерінде шығатын баспа өнімінің бір-бір нұсқасы Қазақстан орталық кітап палатасында сақталсын, Қазақстан бас­па орындары, баспаханалары баспадан шыққан өнімнің бірнеше нұсқасын Қазақстан орталық кітапханасына беріп тұруға міндетті болсын десе де, жер-жердегі баспаханалардың салақтығынан бұл қаулы толық орындалмай келеді.
Сондықтан Қазақстан орталық кітап­ханасының орнына құрылған, Қазақстан мемлекет көпшілік кітапханасы қазақ кітаптарына санақ – есеп жұмысын дәлдеп жүргізе алмай келеді. Жылына қанша кітап шыққандығын анықтап, баспасөз майданындағы табысты көзге елестетудің қиындыққа ұшырайтыны, міне, осы арада.
                         II
Мәдениет жұмысымен ерте ай­налысқан елдер, кітап жұмысын ерте қолға алған мемлекеттерде кітаппен қатар кітапханалардың маңында әлгі айтылған библиография деген іліми жұмыс қоса жүреді. «Библиография» кітап туралы жазу деген сөз. Бұл ескі грек тілі «biblio – kitaп, grapia – cazamьn» кітап жазамын, кітапты есепке алып тіркеймін деген мәнде қолданылған. Биб­лиография ілімінің мамандары – кітапты тізімге, санаққа алу жұмысы, тіпті ерте заманда кітапты сүйекке, балшыққа жазып жүрген дәуірдің өзінде болған еді дейді, ал, осыдан(Айсадан) үш ғасыр бұрын Александр кітапханасының Каллимах деген оқымыстысы өзінен бұрынғы оқымыстыларды, олардың еңбегін көрсетіп 120 кітап жазып шығарған екен. Содан бері библиография қалыспай келеді. Мәдениет кітап өссе өсіп, көмекші білім есебінде қолданылып келеді. Орта ғасырда Европа жерлерінде кітап жұмысы жаңа басқа мәдениет істерінің артта қалуымен бірге, библиография жұмысы да мақтаулы орын ала алмайды. 15 ғасырдың кейінгі жартысында баспа өнері шығып, кітап молайған кезде библиография жұмысы да күшейеді.
Бұл уақыттағы библиографияны бір жағынан сатылатын кітаптың тізімін жариялаған саудагерлер, екінші жағынан тыйым салынған кітаптардың тізімін жариялаған үкімет цензурасы, үшінші жағынан, іліми кітаптардың тізімін жариялаған іліми адамдар қолданады.
Іліми библиографияны ең алғаш жасаған кісі Конрад Гесснер деген неміс, ол кісі сол заманындағы латын, грек, жевирей тілдеріндегі іліми әдебиеттердің библиографиясын жасаған, (1545 жылы шыққан библиотека «унивесалис» деген кітабында). Соның артынан батыс мемлекеттері бәсекемен дерлік библиография жұмысына қызу түрде кіріседі. 17 ғасырда сауда үшін жасалған қателіктерден бөлек, ілімнің түрлі саласына арналған күрделі библиография еңбектері майданға шығады. 17 ғасырдың аяғында сын библио­графиясы, библиография жорналдары етек алып кетеді. Мұсылман кітаптарының библиографиясы кәшпиззунның кітабы да осы дәуірде жазылған. Азамат әріпі алынған соң (1708) орыс библиографиясы да күшейеді.
18 ғасырдың кейінгі жартысында библиография ілімінің қисыны туралы кітаптардың библиографиясын қалай жазу туралы нұсқаулар шығады (17 – 63 – 69 жылдары Парижда), мектептерде библиография сабағы беріледі, библиография туралы оқу кітаптары жазылады. 19 – 20 ғасырда жер жүзінің оқымыстылары библиографияны халық арасындық үлкен мәселеге айналдырып, жер жүзіне бірдей маңызды білім қатарына кіргізеді. Библиография білімінің даму тарихы осылай болған. Бірақ, бұл айтып келе жатқандарымыз библиография ілімінің буржуалық тарихы.
                               III
Мәдениет жұмысы кеңес үкіметінің қолына көшкеннен кейін ілімнің барлық саласы мен қатар библиография жұмысы да бағаланып, тиісті орын алды. 1924 – 1926 жылы болған съездерде одақтық оқымыстылар кеңес библиографиясының қандай болатынын талқылап, келе­шегіне жаңа жол сызды. Кеңес биб­лиографиясының алған жолы, бағыты батыстағы байшыл оқымыстылардың библиографиясынан бөлектігі ашылды.
Кеңес білімпаздары: баспасөз өнімін қаттап, есепке алып, кітап мақалаларды таптабымен жіктеп, ілім қызметкерлеріне, маман­дарға, кітапханашыларға жуық­татып, іздегендерін жылдам табуға көмек беретін жылына миллиондап шығып жатқан әдебиеттен оқушылар өзіне керегін өзіне көп іздеп санамай тезінен тауып алатын, алуына жәрдем қылатын кітаптардың сапасын, маңызын тексеріп, өз тұсынан білім алатын, бұқараға қандай кітап оқуы туралы жөн сілтеп отыратын ілімді библиография деп айтады.
Кәзір кеңес үкіметіндегі библиография жұмысы негізінен үш түрлі болып жүр:
1.Қаттау библиографиясы. Мұнда тек, баспасөздің өнімі есепке алынып, іліми пікірлер, тәжірибе жүзіндегі фактілердің санағы жүргізіліп отырады. Кәзір бұл биб­лиографияны орталық кітап палатасы жасап отыр. Жылына 60 сан болып шығатын «Книжная летопись»-інде одақта басылған барлық кітап есепке алынып отырады.
2.Сын библиографиясы. Биб­лиографияның бұл түрі мен «Критико библиографический институт» деген зерттеу мекемесі айналысады. Бұл баспа өнімдерін кітаптарды тізбелеумен қанағаттанбайды, сапасын, маңызын тексеріп кітаптың жарамды, жарамсыздығын зерттейді, жетіскенін, жетіспегенін ашады, қысқасынан айтқанда жеке кітаптарды сыннан өткізеді.
3.Ұсыну библиографиясы. Бұл библиографияның көпшілікке арналған өз тұсынан білім алушылар, кітапханашылар жеке мамандарға арналған түрі. Мұнда түрлі мәселе жөнінен оқылуға лайық кітаптардың тізімі беріледі.
Маркс-Ленин ілімі бойынша, қазіргі социалдық құрылыс дәуіріне үйлес, жарамды әдебиеттерді жарыққа салып отырады. Сөйтіп библиография жұмысы кеңестер одағында іліми зерттеу жұмысының бірі қатарында маңызды орынға ие болып отыр. Іліми зерттеу орталығының қайсысы болса да, библиография жұмысын қолға алып отыр. Үлкен кітапханалардың бәрінде де библиография білімі бар, кітап палатасы, сын – библиография институты (Книжная палата, критика – библиографический институт) және сол сияқты библиография мекемелері тек библиография жұмысы мен ғана айналысып отырғанын көреміз. «Красный библиотекарь», «Книги и профсоюзы», «Книга и пролетарская революция» деген сияқты библиография мен кітапхана жұмысына арналған жорналдар бар. Одақтық республикалардың бәрінде де қаттау библиографиясы, сын, ұсыну библиографиясы қолға алынып отыр, өйткені қазіргі социалдық құрлыстың тілегі, қазіргі кеңес жұртшылығының білімге ұмтылуы солай істеуді керек қылып отыр.

IV
Қазақстан баспасөзінің өсу қарқыны қай шамада екендігі жоғарыда айтылды. Қазақстан шаруаның неше алуан саласына өнерлі кәсіп, ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы, техникалық өсімдіктер совхоз, колхоз сияқты шаруаның неше тарауына ие болып отыр. Қазақстанның алыптары одақтық, дүниежүзілік маңызға ие болып отыр. Ондағы қазақ еңбекшілері сусынын қандырарлық кітап тілеп отыр. Бұған Қазақстанның төмен орта, жоғарғы дәрежелі, мектептерін қоссақ, баспа кітап жұмысындағы тілегіміздің шегі жоқ. 
Міне, жоғарыда айтылған қазақ баспасөзінің сағаттап өсуі осы қаулап келе жатқан көп тілектен туып отырған нәрсе – баспасөз жасалды, баспасөз күшейді. Енді соның сапасын арттырып, маңызын күшейту керек болып отыр. Бұл жөнінде істелетін жұмыстың ең күштісі библиография болады. Сол библиография жұмысы Қазақстанда қай түрде? Қазақстан баспасөзін көркейту жөнінде библиография қандай жәрдемге келіп отыр? Бұл сұрауға алдымен беретін жауабымыз Қазақстанда библиография жұмысы әлі басталған жоқ, басталуы былай тұрсын толық бағаланған да жоқ, тек анда-санда гәзет, жорнал бетінде жаңа шыққан кітаптар туралы рецензия жазылады. Бұл библиографияның анау үш түрі де емес, кәзіргіде баспасөз, социалдық құрылысы тілегін толық орындарлық библиография емес. Ендігі жерде библиография жұмысын қолға алу керек.
Қазақстан көпшілік кітапханасы бұл жөнінде бір сыпыра жұмыстар істеді. 1934 жылы орыс-қазақ тілінде Қазақстан өндірісінің библиографиясын жазды. Осы күні төңкерістен бергі әдебиеттің библиографиясын жасауға кірісіп отыр, бюллетенінде түрлі тақырыпқа ар­налған ұсыну библиографияларын бас­тырып жатыр. Орыс-қазақ тілінде мал шаруашылығы, библиографиясы басылып шықты. 1934 жылғы жорналда басылған мақалалардың библиографиясы бюллетенде басылып шықпақ, баспада жатыр. Мемлекет кітапханасының жоспары бойынша жылына кемінен алты мәселе туралы ұсыну библиографиясы жасалмақ.
Балалар әдебиеті, өнер, отар мәселесі 1916 жыл сияқты зерттеуді өте керек қылып тұрған мәселелер туралы үздіксіз библиография жасап отырмақ.
Күн санап отырған қазақ кітапханасы тәжіри­бесі, ілімі, даярлығы кем кітапханашылар қай жағынан болса да библиография жұмысына мұқтаж. Түрлі науқан мен бүкіл жер жүзілік күндер (жастар күні, 1 май мейрамы, әйелдер күні, баспасөз күні сияқты), түрлі саясат мәселелері туралы бар әдебиеттерді көрсетіп беріп отыруды керек қылады.
Кітапхананы комплектеу жұмысында да библиография керек. Кітапханашылар аудандық, облыстық, округтік кітапхана қызметкерлері кітап, кітапханаларды дұрыс комплектеу үшін библиографияны керек қылатыны сөзсіз.
Кітапхананың техникасын түзеп, шала сауатты кітапханашыларға жәрдем беру үшін даяр картотекалар шығарса, тіпті жақсы іс болар еді. Кітапханалардың ісі тез аяққа басар еді. Шет елдерде болсын, кеңестер одағында болсын кәзір карточкені қолмен жазу жұмысы жоғалуға айналды. Егерде карточке жазу жұмысының қаншалық маман тілейтінін керек қылсақ, басылған, цифры қойылған даяр карточкенің бізде маманы аз. Қазақстан жағдайында қандай қадірлі жұмыс болатынын да дау болмаса керек. Міне, бұда библиография жұмысы болады. 
Осы айтылғандарды жинастырып келсек, мынадай қорытынды тілек тұрады. Қазақстанның осы күнгі мәдениеті – баспасөзі, кітапханасы, кітапхана қызметкерлері өз тұсынан білім алушылар. Қазақстанда библиография жұмысын дұрыс жолға қоюды керек қылады. Ең алдымен Қазақстан баспасөзінің өнімін толық қаттап, баспадан шыққан әдебиеттерді жоғалтпай жарыққа шығарып отыру керек.
Кітапханаларда өз тұсынан білім алушыларға, зерттеу орындарына, ілім қызметкерлеріне жәрдем беретін ұсыну библиографиясын жасау керек. Баспасөздің сапасын көтеру үшін сын библиографиясын күшейту керек.
Библиография кітапхана жұмысының өз алдына тілі болу керек. Немесе осы күнгі жорналдың бірінде библиография, кітапхана жұмысына арналған бөлім ашып соны күшейту керек. Маркс іліміне жетік баспасөз қызметкерлерінен сын библиографиясын жазушылар көбеюуі керек.
Шыққан кітаптардың биб­лиографиялық карточкелері кітапханаларға кітап пен бірге баруы керек. 
Мемлекет кітапханасы, Маркс-Ленин институты, ағарту комиссариаты, Қазақстан баспасы, Қазақстанды үйрену қоғамы, бибколлектор сияқты іліми орындарымыз библиография мәселесін қолға алып, кітап жұмысына көңіл бөлетін уақыты жетті. Қазақстаннан шыққан, шығып тұрған баспасөз мәдениеті осыны тілеп тұр. Ағарту орнының мықты бір бөлімі кітапхана, оның әскері кітапханашылар да осыны күтіп отыр.

Латын қарпінен кириллица үлгісіне түсіріп, баспаға дайындаған

ҚР Ұлттық кітапханасы мерзімді басылымдар қызметінің топ жетекшісі: Баян ӨТЕБАЕВА

 

545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы