- Мақала
- 09 Қыркүйек, 2025
Биологиялық байлықты сақтау ісі – ұлттық басымдық
Табиғатты сақтау жер шарындағы бүкіл адамзаттың ортақ міндетіне айналды. Экологиялық жүйе, өсімдік түрлері мен генетикалық ресурстар әрбір елдің тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді. Жердегі бүкіл өсімдік адам игілігі үшін жаратылғанмен де, оны жойылып кететіндей жағдайға жеткізуге болмайды. Табиғи ресурстар шектеулі, сондықтан оны тиімді, парасатты пайдалану қажет. Биологиялық түрлерді сақтау үшін аймақтағы ғылыми қауымдастық ынтымақтаса әрекет етуге тиіс. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтымен бірлесіп өткізген Орталық Азия аймағы өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеу жөніндегі Орталық Азия желісін дамыту ІІІ Халықаралық симпозиумы осы тақырыпқа арналды.
Қазақстан Биологиялық алуантүрлілік туралы халықаралық конвенцияны 1994 жылы ратификациялады, оған қосылған елдер бұл құжаттағы ережелерді мүлтіксіз орындауға тиіс. Биологиялық түрлерді сақтау елеулі экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәнге ие. Конвенцияға сәйкес, негізгі міндет – биологиялық алуантүрлілікті сақтау, оны тиімді әрі тұрақты пайдалану, генетикалық ресурстардың пайдасын әділетті бөлу. Осы мақсатта ұлттық стратегиялар әзірленеді. ІІІ халықаралық симпозиумда өңір өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеуге арналған Орталық Азия желісі құрылатыны айтылды. Шараның негізгі мақсаты – Орталық Азияның жабайы өсімдіктерінің биоалуантүрлілігін зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау, пікір және тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірдің табиғи экожүйелерін тұрақты дамытуға арналған нақты практикалық ұсынымдар әзірлеу. Ғылыми қауымдастық өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерді де талқылады.
Әлемнің үшінші полюсіндегі өсімдіктердің алуантүрлілігін сақтау жөніндегі ІІІ халықаралық симпозиумға Қытай ғылым академиясының академигі Ханг Сун, Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының академигі Комилжон Тожибоев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі Ерлан Тұрысбеков, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының профессорлары – Чжэкунь Чжоу (Сишуанбаньна тропикалық өсімдіктер бағы, Куньмин, Қытай), Николай Фризен (Оснабрюк университеті, Германия), сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Қытай, Корея, Финляндия сияқты 14 елдің 100-ден астам ғалымы қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жас ғалымдар, ботаника, молекулалық генетика, экология және табиғатты қорғау саласының мамандары бас қосты.
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті А.Қ. Күрішбаев: «Табиғи экожүйелерді сақтау экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуының стратегиялық міндеті болып табылады. Бұл іс-шараның маңызы мен мәні зор. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде табиғатты сақтауға ерекше назар аудару жөнінде айта келіп, биологиялық алуантүрлілікті сақтау үшін халықаралық қор құру қажеттігін мәлімдеген болатын. Бір елдің емес, бірнеше елдің күш-жігерін біріктіретін бұл бастама жаһандық экологиялық күн тәртібінің аясына кіреді және табиғатты қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Қазақстан үшін биоалуантүрлілікті сақтау ұлттық қауіпсіздіктің, тұрақты даму мен болашақ ұрпақ игілігінің мәселесі. Бүгінгі таңда қазақстандық фауна мен флораның бірегей түрлері жойылып кету алдында тұр. Басты себеп – инфрақұрылымның кеңеюі, тау-кен өндірісінің артуы, урбанизация және басқа антропогендік факторлар. Сонымен бірге жаһандық климаттың өзгеруі де бұл проблеманы ушықтырып отыр, Орталық Азия тауларында мұздықтар еруде, шөлдену күшеюде, түрлі ауа райы құбылыстары жиіледі. Бұл факторлардың барлығы заманауи инфрақұрылымды өрістетуден бастап, биоалуантүрлілік туралы мәліметтерді мониторингтеу және цифрландыруға дейін ғылымның көмегімен жүргізу қажеттігін көрсетеді. Табиғатты қорғаудың ұлттық жоспарына ғылыми-негізді стратегия негіз болуға тиіс».
ҰҒА президенті өз сөзінде осы мәселеге қатысты Ұлттық ғылым академиясының ұстанымы мен ұсыныстарын мәлім етті. Академия көрші елдердің салалық ведомстволары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Орталық Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі Кеңес құруды ұсынады. Кеңес өңірлік табиғатты қорғау саясатын үйлестіретін орган болады. Бұл трансшекаралық экожүйелерді сақтау бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімді алаңына айналуы керек. Жерді пайдалану және шаруашылық қызметі саласында барлық шешімдер олардың алдағы 40-50 жылда экожүйеге қалай әсер ететіні тұрғысынан бағаланып қана қабылдануға тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық тәсіл табиғатқа келтіретін залалдың алдын алуға көмектеседі.
Ғалымдар атап өткендей, Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау бағытындағы тиімді жұмыс үшін мына мәселелер шешімін табуға тиіс:
Биоәртүрлілік пен экожүйелерге цифрлық технологияларға негізделген интеграцияланған бақылау жүйесін енгізу.
Жануарлар мен өсімдіктердің санын және таралу ареалын есепке алу мен талдауға арналған орталықтандырылған платформа құру.
Аумақтық жоспарлауда ұзақмерзімді болжамдық тәсілді қолдану.
Институционалдық үйлестіру, трансшекаралық экожүйелерге көрші елдердің ортақ саясат жүргізуі және т.б.
Симпозиумде баяндама жасаған Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Г.Ситбаева ең ірі құрғақ аймақ саналатын Орталық Азия өсімдіктері әлі де толық зерттелмегенін айтты. «Өңірде 350 мыңнан астам түр бар, материал өте көп. Алайда ұлттық флора туралы энциклопедиялық басылымдар 50-70 жыл бұрын, Кеңес кезінде шыққан. Одан бері талай дүние өзгерді, талай мәлімет қосылды. Бірақ ғалымдар қол қусырып отырған жоқ, мысалы біз қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп, ОА флорасы тізімін жаңартуға тырысудамыз» деді ғалым. Г.Ситбаева Қазақстанның қызғалдақ сияқты эндемик өсімдіктерінің көлемі мен оларды зерттеу жөнінде де айтып өтті.
Айта кетерлігі, Қазақстанда 6000-нан астам өсімдік бар, оның 387-сі, соның ішінде Шренк қызғалдағы мен Сиверс алмасы Қызыл кітапқа енгізілген. Соңғы үш жылда Қазақстанда өсетін 24 қызғалдақ түрі Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының қызыл тізіміне енді. Таулы жеміс ормандарында (3800 гектар) Сиверс жабайы алмасын қоса алғанда, 130-дан астам жабайы жеміс-жидек өсімдіктері өседі және оларды көздің қарашығындай қорғау қажет (Академия деректері).
Экожүйе бойынша он бес жоба іріктелді
Жуырда ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі, өсімдіктер генетикасы және селекциясы саласының зерттеушісі Ерлан Тұрысбеков еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау проблемалары жөнінде Академия атынан ұсыныстарын жеткізіп, сараптамалық жазба жариялаған болатын. Ғалым ІІІ халықаралық симпозиумның басы-қасында жүрді, баяндама жасады. Жиын кезінде Ерлан Кеңесбекұлымен әңгімелескен едік.
– Симпозиум әлемнің үшінші полюсіндегі өсімдіктердің алуантүрлілігін сақтауға арналған. Мұндағы үшінші полюс қандай аймақтарды қамтиды?
– Біз солтүстік және оңтүстік полюстерді білеміз, одан бөлек үшінші полюс бар, ол – Гималай, Тибет және қатар орналасқан Памир, Тянь-Шань тау жоталары. Бұл тауларда мұздықтар мен қардың көлемі, яғни тұщы су қоры үлкен, бірегей экожүйе болғандықтан, олар бейресми түрде әлемнің үшінші полюсі деп аталады. Осы аймақтағы елдердің тұрақты дамуы оның биоалуантүрлілігін сақтауға тікелей байланысты.
Біз осы аймақтағы өсімдіктердің биоалуантүрлілігін зерттейміз, мұнда климаттың өзгеруі, антропогендік фактордың әсері ескеріледі. Аталған факторлар осы тау жүйелеріндегі биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді. Симпозиум аясында тұңғыш рет өңір өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеуге арналған Орталық Азия желісі құрылады. Төрт мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан Памир мен Тянь-Шаннің биоалуантүрлілігін зерттеу үшін күш біріктіреді. Бұл бізге проблеманы тереңірек және кең қамтуға мүмкіндік береді.
– Бұл қандай проблемалар?
– Бұл экожүйеде түрлердің таралуы, географиялық ауқымы, цифрландыру, молекулярлық-генетикалық талдау, өсімдіктердің ботаникалық ерекшеліктері және түрлердің макро- және микроэволюциясына қатысты түрлі проблемалар. Оның ішінде кең танымал өсімдіктерді зерттеу, атап айтқанда қызғалдақтар, түйнек-пиязшықты өсімдіктер және т.б. Олар дәл осы Орталық Азияда, Қазақстанның оңтүстік облыстарында көп кездеседі. Сондықтан да бұл биоалуантүрлілік үшін маңызды өңір. Симпозиумға ғалымдардың қызығушылығы зор болуы, шет елдерден қонақтардың көп келуі содан.
– Симпозиум бағдарламасы жөнінде айтып берсеңіз.
– Симпозиумге 14 елдің зерттеушілері қатысып отыр. Бірінші күні негізгі жиыннан кейін олар Ботаникалық бақты аралайды, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институтында болады. Бүгін қатысушылар Орталық Азия аймағы өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеу жөніндегі Орталық Азия желісін құру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қояды. Ғалымдар үш күн бойы өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау мәселесін талқылайды, пікір-тәжірибе алмасады. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қытай, Ресей, Еуропа елдерінен келген әріптестерімізбен бірлесіп өңір экожүйесіндегі ең өзекті проблемаларды анықтаймыз. Өңіраралық деңгейде биоэкологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түрлердің жойылуына жол бермеу және қалпына келтіру бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді қажет етеді.
– Орталық Азия желісі аясында қандай халықаралық жобалар жүзеге асады және оны кім қаржыландырады?
– Бұл тұңғыш рет қолға алынып отырған іс-шара, сондықтан бірлесіп жұмыс істейміз. Симпозиумды ұйымдастыру барысында біз алдын ала zoom-кеңестер өткіздік, соның нәтижесінде 15 жобаны іріктеп алдық. Оларды төрт елдегі әріптестеріміз бірге зерттейді, әрбір ел өзіне қатысты түрлер бойынша үйлестіруші болады. Мысалы, Қазақстан қызғалдақты сақтау бойынша жоба жүргізеді, т.б. Сәйкесінше, әр тарап осы ғылыми зерттеулерді өзі қаржыландырады, яғни паритеттік негізде. Жаңа жобаларды іске асыру, күш-жігерді дұрыс үйлестіру, түйінді мәселелерді анықтау үшін тұрақты түрде семинарлар ұйымдастырылады. Оның барлығына жыл сайын мониторинг жасалып, талдау жүргізіледі.
– Жаһандық климаттың өзгеруі Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікке қалай әсер етіп жатыр?
– Өзгерістер өте ауқымды. Климат және басқа антропогендік факторлар салдарынан таулардағы мұздықтар қарқынды еруде, жасыл өсімдіктер белдеуі тарылып келеді. Соңғы 70 жылда мұздықтардың жалпы ауданы 47%-ға, ал соңғы 160 жылда 75%-ға азайған. Егер бұл үрдіс жалғасатын болса, ғасыр соңына қарай мұздықтардың басым бөлігі толықтай еріп кетуі мүмкін. Тұщы су ресурстары азаюда, мал жайылымдары тозды, шөлдену күшейіп жатыр. 1992 жылдан 2023 жылға дейін шөлейттенуге бейім жерлердің аумағы тым ұлғайып, соңғы 30-50 жылда шамамен 15%-ға артқан.
Ерекше қорғалатын аумақтар – табиғи қорықтардың экологиялық мәселесі көп. 1992 жылдан 2023 жылға дейін егістік жердің 25-30 миллион гектары құнарынан айырылды. Ол жерлердің шөлге айналу қаупі бар. Біз бұны ел аумағында зерттеп, біліп, сезініп отырмыз. Бірақ бұл бір елдің мәселесі емес. Симпозиумның мақсаты да сол – экожүйе проблемаларын ел ішінде ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша өңіраралық деңгейде зерттеу, ғылыми көкжиекті кеңейту, әлемдегі мықты зерттеу орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеу, жас ғалымдардың біліктілігін арттыру.
– Ерлан Кеңесбекұлы, сіз жуырда Академия атынан жариялаған сараптамалық жазба-ұсынысыңызда генбанк құру мәселесін көтердіңіз. Бұл генбанк қашан құрылады және оның маңызы неде?
– Қазақстан – ауыл шаруашылығы дақылдары жағынан бай мемлекет. Генетикалық әртүрлілікті сақтау мақсатында Орталық Азиядағы бірегей жабайы өсімдіктердің тұқымдары сақталатын банк құрылған, онда 1102 өсімдік түрінің 5740 тұқым үлгісі жинақталған. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізімінде 227 түр тіркелген (оның ішінде 131 омыртқалы және 96 омыртқасыз жануар бар).
Ұлттық генетикалық ресурстар банкі дегеніміз – генотиптеу, фенотиптеу және биоинформатика платформаларымен жабдықталған инфрақұрылым орталығы. Қазақстандағы биоәртүрлілікке төнетін қатерлер ауқымды және күрделі. Егер өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ету ортасы бұзылса, олар жойылып кетеді. Сондықтан Академия әзірлеген ұсыныстар нақты әрі іске асырылуға болатын жол картасын білдіреді. Бұл шаралар Қазақстанның табиғатын сақтау және қорғау үшін маңызды.
Біз академия атынан генбанк құру жөнінде Үкіметке ұсыныс жібердік, Халықаралық тәжірибеге қарасақ, шекаралас Ресей, Қытай елдері генбанк қорын дамытуға баса көңіл бөледі. Біздің елімізге де ұлттық генбанк өте қажет. Біз қазіргі уақытты ғана емес, болашақты – болашақ ұрпақтың игілігін ойлауымыз керек. Үкімет оң шешім қабылдайды деп күтеміз.
Дина Имамбай
561 рет
көрсетілді0
пікір