• Мақала
  • 09 Қыркүйек, 2025

Лудомания: Себеп неде, салдар қандай?

Лудомания – осы ғасырда адамзат бетпе-бет келген өте ауқымды мәселе. Ол  Қазақстанды да айналып өтпеді. Осы бір жаман әдет жайлы бұған дейін қазақстандық БАҚ-та көп айтылып, жазылғанымен, оның себеп-салдары ғылыми тұрғыда арнайы зерттелмеген еді. 

Биыл сәуір айында «Esbol Qory» (Esirtkisiz Bolashaq) қоғамдық қорының тапсырысы бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы бұқаралық республикалық сауалнама әдісімен «Қазақстандағы лудомания феномені және оның дамуына ықпал ететін факторлар» атты зерттеу жүргізіп, баяндама әзірледі. Баяндама бұл дертке себеп болатын факторлар мен салдардың ауқымын тануға мүмкіндік береді. 
Зерттеу деректерді талдау, әлеуметтану әдістерін қолдану, атап айтқанда, тиісті мамандармен сараптама сұхбат, құмар ойынға тәуелді адамдармен жан-жақты сұхбаттар жасау арқылы жүргізілді. 
Баяндама авторлары экономика, құқық, психология, әлеуметтану саласындағы сарапшылардан, оңалту орталықтарының басшыларынан барлығы 10 сұхбат, Қазақстан бойынша құмар ойынға тәуелділіктен емделіп жатқан адамдардан 60 сұхбат алған. 
«Esbol Qory» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев «Біз көп жылдан бері қоғамда лудомания төңірегінде мазасыздық белең алғанын байқадық, бірақ бұл құбылыстың ауқымы мен себептері туралы нақты деректер болған жоқ. Осы уақытқа дейін көпшілік алдында айтылғанның бәрі тек болжамдар мен пікірлер еді. Осы зерттеуден кейін біз сөзден іске көшуге, ойынға тәуелділікпен күресу үшін тиімді әрі нақты шаралар жасауға негіз болатын материал жинадық», – деді.   
Аналитикалық есеп жүргізген авторлар зерттеу негізінде жасалған қорытындылардың осы күнге дейін айтылған болжамдарды нақты деректермен растағанын айтады. Қазақстандағы лудоманияны зерттеу барысында олар лудоманияға себеп болатын мынадай үрдістер мен факторларды анықтаған:  
– Құмар ойындарға интернет арқылы еркін әрі тез қосылуға болады. Смартфондар мен компьютерлер арқылы құмар ойынға тез әрі оңай қосылу лудоманияның белең алуының негізгі драйвері деп  танылды. Кез келген жерде және кез келген уақытта ойнау мүмкіндігі ойынға  жылдам кіріп кетуге жол ашады. Ал ол тәуелділіктің қаупін арттырады. 
– Эмоционалды фактор материалдыққа қарағанда басым. Көп адам ойынды жеңіске жету үшін ғана емес, сол жолда бойын билейтін эмоция мен құмарға еліту үшін ойнайды. Сарапшылар ойынның барысы, сол кездегі эмоциялар бастапқы мақсатқа шығып, тәуелділікке ұрындыратынын айтады. Мұндайда жеңіске жету туралы жоспар кейінге ысырылып қалады.  
– Онлайн-казино мен спорттық бәс тігудің (ставка) танымалдығы. Зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда құмар ойындардың ең көп таралған түрі онлайн ойындар, онлайн-казино және спортқа бәс тігу. Олар смартфондар мен компьютерлер арқылы қол жетімді болғасын тез танылып, оңай әрі тез пайда табудың елесіне еліктіреді. Бұл ретте авторлар Қазақстанда тыйым салынған онлайн-казиноларды қоса алғанда, заңсыз платформалардың қаупін атап көрсетеді. Заңсыз платформаар заңнамалық шектеулерге бағынбайды және ойыншыларға еркін есік ашып, тәуелділікке ұрынудың қауіпін арттырады.  
– Ойынпаздардың көп бөлігі заңсыз платформада немесе рұқсат етілген платформада ойнап жатқанын білмейді. Бұл тым қауіпті әрі «тұтынушының құқығы сақталмаған платформаларда да қауіпсізбін» деген иллюзияны тудырады.
– Мұндағы әлсіз топ – жас жігіттер. Зерттеу деректеріне сәйкес лудоманияға 18-35 жас аралығындағы ерлер жиі бой алдырады. Әсіресе табысы төмен, психологиялық қиындықты басынан өткеріп жүргендер көп ұрынады. Қаржылық тұрақсыздық, тәуекелге бейімділік және күйзеліске ұшырау факторлары осы бір әлеуметтік-демографиялық топты ойынға тәуелді етуге себеп болады.  
– Заң жүзіндегі шектеулер туралы хабарсыз болу. Халықтың едәуір бөлігі ойын бизнесін реттейтін заңнамалық нормалар туралы толық хабардар емес. Заңдық және қаржылық сауаттың төмендігі мен заңсыз онлайн платформалардың қолжетімділігі көп адамның құмар ойындардың жекелеген түрінің заңсыздығын да, жеке басы мен отбасына тиетін зардаптың да ауқымын дер кезінде түсінуіне мүмкіндік бермейді. 

Зерттеу құмар ойынға кіретін басты нысан ойын залдары емес, смартфонның экраны екенін көрсетті. 
Жасалған есеп те лудомания мәселесінің кешенді сипатын айқындап тұр. Ол мәселені ведомствоаралық деңгейде қарастыруды қажет етеді. Лудомания төңірегінде тиісті заңнамалық құжаттар қабылданғандықтан, ендігі жұмыс мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, өзге де осы мәселеге бей-жай қарай алмайтын ұйымдардың бірлесуімен лудоманияның алдын алу жолында халықты заңдық шектеулердің барынан, ойынпаздықтың зияны жайлы жан-жақты хабардар етіп, ойынға тәуелді адамдарға көмек беретін тиімді бағдарламаларды іске асыруға ұласуы тиіс. Авторлар Қазақстандағы лудомандардың нақты санын айтпайды. Ал сарапшылардың тұжырымы әрқилы. Бұл тәуелділіктің көбіне жасырын қалатынын көрсетеді.  Мұндайда ұзақмерзімді  мониторингсіз лудоманияның ауқымы мен себеп-салдарын нақты айту қиын. Дәл осы себепті бұл мәселеге жүйелі түрде қарауды қажет ететінін нақтылап тұр.  
Ауқымды зерттеу жүргізген авторлар әлеуметтанулық зерттеу нәтижесін талдау бойынша Қазақстан қоғамындағы ойынға тәуелді болып қалу мәселесі бойынша қоғамдық пікірдің мынадай тенденциялары мен ерекшеліктерін анықтаған.
1.Халықтың «лудомания» термині жайлы хабары аз. Респонденттердің жартысынан азы (46,7%) лудоманияның не екенін біледі, ал 10,4%-ы бұл туралы ішінара хабардар. Шамамен 39%-ы терминнің мағынасын мүлде түсінбейді. Ең көп хабардар 18–29 жас аралығындағы жастар (55,9%) және 30–44 жастағы ересектер (52,7%) екені байқалады. Өңірлер бойынша ең жақсы хабардар Маңғыстау (67,6%) және Солтүстік Қазақстан (68,3%) облыстарының тұрғындары, сондай-ақ Шымкент қаласында (59,8%) тіркелді.
2.Лудомания туралы ақпараттың негізгі көзі – әлеуметтік желілер. Респонденттердің көп бөлігі (45,4%) құмар ойындарға тәуелділік туралы алғаш рет әлеуметтік желілерден білген. Достар мен таныстар респонденттердің 20,3%-ы, ал БАҚ 15,3%-ы үшін ғана ақпарат көзі болып отыр. Тек 10%-ы осы проблема туралы жақын адамдарынан немесе туыс­тарынан естіген, бұл отбасыларда осы тақырыпты талқылау деңгейінің төмен екенін көрсетеді.
3.Құмар ойындарға қатысу көбіне қаржылық мүддеге байланысты. Респонденттердің басым бөлігі құмар ойындарға әуестіктің негізгі себебі ретінде ақша табуға ұмтылысты (44,8%) атаған. 22,4%-ы ойынға деген қызығушылықты, ал 7,4%-ы ләззат алуды басты себеп деп санайды. Бұл лудоманияны емдеуді және алдын алуды қажет ететін ауру ретінде қарастыру қажет екенін көрсетіп отыр. Респонденттердің өзіне келсек, оларды құмар ойындарды ойнауға итермелеген факторлар қатарында қызығушылық болған (10,9%). Сауалнамаға қатысқандардың 7,5%-ы бұл кездейсоқ болғанын атап өтті.Сондай-ақ достары мен таныстарының ұсынысы бойынша – 4,5%, жарнама/науқан – 5,8%, спортқа деген қызығушылық – 3,4%, тез ақша табу ниеті – 5% сияқты жағдайларды атап өтті.
4.Топ-3 ойын түріне ойындар арқылы ақша табудың қызығына бағытталғандары, яғни спорттық бәс тігулер, онлайн-казино және ойын автоматтары кіреді. Ойындардың бұл санаты лудоманияға, яғни патологиялық ойын тәуелділігіне алып келетін ойын түрлері ретінде анықталады. Барлық ойындар арасында мобильді ойындар аса танымал (70,3%) болып отыр. Спорттық бәс тігулер, онлайн-казино және ойын автоматтары сияқты құмар ойындары да жиі кездеседі, әсіресе, ауылдық жерлерде карта ойындары (50,2%) және лото (44,9%) кең таралған. Қалаларда спорттық бәс тігулер (60,1%) және мобильді ойындар (73,1%) басымдыққа ие.
5.Құмар ойындардың жарнамасы халықтың ойынға тартылуына едәуір ықпал етеді. Респонденттердің 63,9%-ы әлеуметтік желілерде, 58,1%-ы сайттарда, 25,2%-ы мобильді қосымшаларда құмар ойындарға қатысты жарнама байқайды. Көпшілігі (61,7%) мұндай жарнама ойыншылар санының артуына ықпал етеді деп есептейді. Әйелдер мен егде жастағы адамдар заңды және заңсыз құмар ойындар жарнамасын ажырату қабілеті жағынан төмен деңгейде екенін көрсетеді. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоспарлау кезінде осы топтардың қажеттіліктерін ескеру қажет екенін айқындайды.
6.Құмар ойындар қоғамға және жеке өмірге кері әсерін тигізеді. Респонденттердің басым бөлігі (77,9%) заңды ойын орындарының әлеуметтік қатынастарға кері әсер ететінін атаса, 82,4%-ы жеке әл-ауқатқа нұқсан келтіреді деп есептейді. Бұл факт, әсіресе, заңды ойын қызметтеріне теріс көзқарас білдіретін ауыл тұрғындары арасында байқалады. Заңсыз құмар ойындарға келетін болсақ, бұл қызметтердің әсері одан бетер теріс бағаланады. Респонденттердің 85,5%-ы заңсыз құмар ойындардың қоғамға теріс әсер ететінін және 87,9%-ы жеке адамдардың өміріне зиянын одан да күшті деп бағалайды. Бұл дерек заңсыз ойын қызметтеріне қатысты жоғары қауіп-қатер барын және оның таралуын бақылауды күшейту қажет екенін растайды.
7. Респонденттер құмар ойыншыларға оң қабақ танытпайды. Сауалнамаға қатысушылардың 75,3%-ы құмар ойыншыларды, 71,8%-ы бәс тігушілерді, ал 61,1%-ы мобильді ойыншыларды жақтырмайтынын білдірген. Әйелдер (79,3%) ерлерге қарағанда (70,6%) құмар ойыншыларға іші жылымайтынын айтқан. Жасы ұлғайған сайын құмар ойындарды мүлде құптамайтын адамдардың да үлесі арта береді.
8.Қаржы пирамидалары егде жастағы адамдар үшін айтарлықтай қауіп төндіреді. Респонденттердің 84,2%-ы қаржы пирамидаларына ешқашан қатыспағанын мәлімдесе де, 5,3%-ы қатысқанын мойындаған, ал 3,6%-ы бұл әрекетке бейсаналы түрде тартылған. Әсіресе үлкен жастағы топтар мен әйелдердің осындай схемалардың құрбаны болуы ықтималдығын атап өткен жөн.
9.Лудомания респонденттердің жақын ортасында байқалатын мәселе болып отыр. Сауалнамаға қатысушылардың 12,5%-ы жақындарының арасында лудомания мәселесі бар екенін растаған, ал 10,2%-ы осы мәселе болуы мүмкін деп күдіктеніп жүр. Тәуелді болып қалғандардың көбі ем алмайды (8,6%), тек 1,8%-ы емделуден өтіп жатыр. Бұл медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ тәуелділерді ем алуға ынталандыру қажет екенін көрсетеді.
10.Респонденттердің 67%-ы ойынға тәуелділік бойынша арнаулы көмек көрсету орындары туралы білмейді. Дегенмен олар психологқа қаралып емделу (52,3%) және жақындарының қолдауы (44,7%) ең тиімді шара деп есептейді. Құмар ойындарға қолжетімділікке заңнамалық түрде шектеу енгізу де тиімді шара ретінде бағаланады (30,0%).

Зерттеушілер осындай тұжырымдар жасай отырып, оның негізінде мынадай ұсынымдар ұсынады:  
Профилактиканы күшейту және хабардарлық деңгейін арттыру. (Лудоманияның даму қаупін азайту үшін халықты оның табиғаты, мәні және қауіп-қатері жайлы белсенді түрде ақпараттандыру қажет).
Заңсыз құмар ойындардың жарнамасын реттеуді қатаңдату. (Жарнаманың теріс әсерін барынша азайту үшін оның таралуын шектейтін қатаң заңнамалық шараларды әзірлеген маңызды).
Лудоманияны емдеу және қолдау инфрақұрылымын дамыту. (Ойынға тәуелді адамдар білікті көмек ала алатын арнаулы орталықтарды көбейту қажет).
Халықтың қаржылық сауатын арттыру.  (Егде жастағы адамдар мен әйелдерді оқытуға ерекше назар аудару қажет, себебі олар қаржы пирамидалары мен құмар ойындардың құрбанына жиі айналады).
Мониторинг және ғылыми зерттеу­лер. (Лудоманияның таралуы деңгейін және іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін нақты анықтау үшін тұрақты түрде әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу қажет. Бұл мәселенің динамикасын талдауға ғана емес, сонымен бірге осы саладағы сая­сатты түзетуге мұрсат береді).
Лудомания Халықаралық аурулар классификациясы аясын­да ауру ретінде танылып, (ICD-10) F63.0 коды берілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалауы бойынша, құмар ойындарға тәуелділіктен туындаған сырқаттан әлемдегі ересек халықтың 1,2%-ы зардап шегіп жүр. Құмар ойындар бүкіл әлемде әйелдердің шамамен 5,5%-ына және ерлердің 11,9%-ына зиян келтіріп отыр. Барлық ойыннан келетін шығынның шамамен 60%-ы ойындарға қатты тәуелді адамдардың үлесіне тиеді.

Тақырыпты тарқатсақ

Тақырыпты тарқату үшін әлеуметтік ғылымдар магистрі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың PhD докторанты Әйгерім Сарыбаеваға бірқатар сауал қойған едік.

– Әлеуметтанушы ретінде лудоманияның өршуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Әлеуметтану тұрғысынан алып қарасақ лудоманияның өршуіне бірнеше әлеуметтік фактор әсер етеді. Ең басты фактор – экономикалық фактор деп ойлаймын. Жұмыссыздық, көбінесе қазір жастар арасында ауадан ақша табу, яғни жылдам әрі көп пайдаға батып қалсам деген иллюзия көп. Сонымен қатар, онлайн-казинолардың ашықтығы, олар туралы жарнаманың шексіз еркіндігі. Бұдан шығатын қорытынды лудомания тек жеке адамның әлсіздігі емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты құбылыс.
– Сіз бұл тақырыпты қай қырынан зерттеп жатырсыз?
– Мен лудоманияны әлеуметтік құбылыс ретінде, яғни қоғамның оған деген көзқарасын, әлеуметтік тұрғыда қабылдауын  жан-жақты қарастырамын. Бұл проблема әсіресе отбасы институтына көп зардап шектіріп жатыр. Себебі бір мүшесі лудоманияға шалдыққан отбасында  ең бірінші қарызға бату, отбасылық бюджеттің ыдырауы секілді қаржылық қиындықтар туындайды. Екіншіден, сенім дағдарысы пайда болады. Жақындарын алдап, өтірікті көп айтатын жағдайлар жиі орын алады. Үшіншіден, отбасындағы психологиялық ахуал бұзылады. Көп жанжалдар, ұрыс-керістер болып, оның түбі ажырасуға әкеп соғады. Балалар қараусыз қалады, яғни отбасы мүшелерінің әлеуметтік рөлі бұзылады. Әке, ана, ұл, қыз ретіндегі міндеттерін атқармай, басты назар ойынға ауады. Әлеуметтік байланыстар деңгейінде адам қоғамнан шеттеп, достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасын доғарады. Жалпы лудоманияның салдарынан тек жеке адам ғана емес, оның отбасы мүшелері, айналасындағы достары зардап шегеді. Сол себепті ол бүкіл қоғамға кері әсер ететін ауқымды әлеуметтік проблемаға айналды.  
– Жалпы мұның алдын алу үшін жеке адам, мемлекеттік органдар не істеу керек?
– Біріншіден жеке адамдар қаржылық сауатын арттырып, өзін-өзі бақылауды жетілдіргені абзал. Ал мемлекеттің тарапынан құмар ойындарға деген жарнаманың қолжетімділігін шектеу қажет. Бақылауды күшейтіп, құмар ойынға тәуелді адамдарға арналған көмек көрсету орталықтарын көбейткен дұрыс. Жалпы қоғамда ойынға тәуелділікті әлсіздік емес, ауру ретінде қабылдау қажет. Сонда адамдар жасырмай, уақытында көмекке жүгінетін еді
– Сұхбатыңызға рақмет! 

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА


Материал жазу барысында аталған зерттеу жұмысы ішінара пайдаланылды. 


 

1306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы