- Мақала
- 09 Қыркүйек, 2025
Әдебиет ұлттық болмыстан нәр алуы керек
Елдегі әдебиеттің дамуына әр аймақтағы қаламгерлер де үлес қосатыны белгілі. Әр өңірдегі қаламгерлердің басын қосып, олардың Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз қарым-қатынас орнатуына сеп болатын сол өңірдегі облыстық филиалдар. Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанұзақ Аязбековпен өткен әңгіме Тобыл-Торғай өңіріндегі ақын-жазушылардың әдебиетке қосқан үлесі жайлы өрбіді.
– Қазақ әдебиетінің бүгінгі даму бағытын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша қазіргі заман қаламгерлеріне қандай жауапкершілік жүктелген?
– Ұлт әдебиетінің дамуы қоғамның дамуына тікелей байланысты. Төрткіл дүниенің бір бөлігін мекен етіп, өз несібесін теріп жеп отырған қазақ жұртының рухани дамуында іркіліс бар. Материалдық құндылық меңдеп бара жатыр. Үлкен-кіші, жас-кәрі тек жақсы киініп, жақсы жүріп-тұрып, тоқшылықта, сұлу өмір сүрудің жолына түскен. Ал руханият жанталас күйде. Жас қаламгерлердің арасында жан-жақты ізденетіндері некен-саяқ, аға ұрпақтың бірен-сараны болмаса, көпшілігі өткен-кеткенді қаужап, алдағы күнге аса бір құштарлықпен қарай алмай жүр. Рухани құндылықтар өзгергелі заманауи дүние ұсына алмай шерменде күйде секілді. Сол себепті де жазушыларға бүгінгі заман нақты бір жауапкершілік жүктеп отыр деп тап басып айту қиын. Дегенмен, ақын-жазушылар өздерінің қаламгер ретінде қоғамы алдындағы парызы мен қарызын сезінеді. Ұлттың қадір-қасиетін аздырып-тоздырып алмауы үшін қалам тербейді.
– Бұл орайда Қостанай өңіріндегі жас ақын-жазушылардың беталысын қалай бағалайсыз, оларға көрсетілетін рухани-материалдық қолдау қандай?
– Кейінгі төрт-бес жылда облыста әдеби орта қайта қалыптасып, жергілікті алты ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Жаңа кітаптардың таныстырылымын өткізу дәстүрге айналды. Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нұрқанат Құлабаев, Абылай Мауданов есімді қаламгерлер осындай таныстырылымдарда оқырманмен емін-еркін әңгімелесіп, пікір алысып, ой бөлісіп, әдеби ортаның өрісін кеңейтуге ықпал етіп жүр. Жастарға келетін болсақ, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов жас ақын Дәулет Жадырасынның «Тығылмақ ойнамаймын» деген өлеңдер кітабының жарыққа шығуына демеуші болды. Дос-жарандары Абылай Маудановтың «Тұлпар-жыр» деген көлемді жыр жинағын жергілікті баспадан кітап етіп бастырып, тосынсый жасады. Арқалықта Ернұр Әуезханның «Бір мекенде тоғысармыз түбінде», Ернағыз Жанатқанның «Сезім бояулары», Балғын Раштың «Перзент», Злиха Кенжеғозының «Сезім үшін не істемейді адамзат» атты тұңғыш жинақтары облыстық кітапханаларда таныстырылып, жыр кештері өтті. Бұл кештер де өз кезегінде әдебиеттің насихатын арттырып, жас қаламгерлерді таныта бастады. Қала мен ауданда жас таланттарды қолдайтын жанашырлар бой көрсетсе, кеудеңді кәдімгідей қуаныш кернейді.
– Қаламгер мен қоғам арасындағы байланыс қаншалықты мықты? Жазушының сөзі халыққа әсер ете ме?
– Өңірімізде ақын-жазушылар көп емес. Аға ұрпақ өкілдері де санаулы, дегенмен белсенді. Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нұрқанат Құлабаевтардан басқа, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбеков, Асылан Қанғожин, Жанна Ерекинаның әлеуметтік желілерге жарияланған туындылары мен руханият төңірегіндегі ой-пікірлері әдеби ортада талқыланып, ойға ой қосып, қозғау салып жүр. Бұл ақын-жазушылардың сөзіне оқырман құлақ асатынын білдіреді. Әрине, біздегі әдеби ортаның ықпалын қазақ тығыз орналасқан еліміздің оңтүстігіндегі аймақпен салыстырудың реті жоқ. Дегенмен бізде аз болса да саз қаламгер бар.
– Жақында аяқталған «100 кітап» сауалнамасынан не байқадыңыз? Оқырмандар қандай туындыларды таңдады?
– Байқағаным – 100 кітап қатарында кешегі аға буынның шығармалары басым. Классика бар. Бірақ заманауи шығармалар мен жаңа авторлар тым аз. Демек жаңа таланттардың насихаты төмен немесе қалың қазақ жұртының көңілінен шыққан туындылар жоқтың қасы деген сөз. Жұрттың қандай да бір авторды, қандай да бір кітапты атағанымен іс бітпейді. Мәселе, оларды оқып, тұшынуда. Ол үшін мектеп оқушылары мен студент жастар арасында көркем әдеби шығармаларды талдау-сараптау кештерін жиі өткізсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мысалы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелер өлімі» атты романы осы заманғы ең озық туындының бірі. Аға ұрпақтың шедевр жаза алатындығын дәлелдеген дүние. Осы шығарманы көркем әдебиетке ынтасы бар ортада талдаса әсері мол болар еді. Ал Дидахмет Әшімханның «Жынды жел» әңгімесі оқырманды шын мәнінде терең ойға жетелейді.
– Сіздіңше, мұндай жобалар әдебиетті насихаттауға шын ықпал ете ме, әлде бұл символикалық қадам ғана ма?
– Айтарлықтай әсер етеді деп айту қиын. Әдеби ортада дүмпу тудырған құбылыс емес қой. Мәселе қай істің де атында емес, затында. Дегенмен бұл шараның пайдалы тұсы болды. Әдебиет сүйер қауымның есіне мазмұнды шығармаларды қайта түсірді. Оқырман назарын көп таныла қоймаған туындылар мен авторларға қайта аударды. Таңдалған 100 кітапты ақын-жазушылардан бұрын өзге мамандық иелері мен қалың қазақ баласы оқи бастаса қандай ғанибет болар еді!.. Мақсат та сол ғой!
– Әдебиет «Мемлекеттік идеология құралы» деген пікірлерді жиі естіп қаламыз. Жалпы әдебиетте шекара жоқ, барша халыққа ортақ деп білетін едік...
– Кеңес заманында әдебиет идеологияның басты қаруының бірі болғаны рас. Мемлекет көсемі Ленин 1905 жылы «Партия ұйымы және партиялық әдебиет» деген мақаласында жаңа әдебиетте жаңа образ жасалуы керек, ол партиялық образ, партиялық әдебиет болуға тиіс десе, Сталин әдебиетте қолданылатын амал тек біреу ғана – социалистік реализм деп атап көрсетті. Осылайша коммунистік идеология жетпіс жылдан астам бір елдің руханиятын билеп-төстеді. Әр ұлттың көркем әдебиетін коммунистік идеяға жұмылдырып, ұлттық дербестік, ұлттық көркем ой дегенге тыйым салынып, біртұтас кеңестік әдебиет жасауға ұмтылды. Белгілі бір дәрежеде ол өз нәтижесін берді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері сол коммунистік идеология аясында шығармашылықпен айналысты. Басы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Мұхтар Әуезовтің шығармаларының өзегінде коммунистік идеология жоқ деп айта алмас едік. Сөз зергерлері сол кеңестік идеологияны ұстана отырып, қазақтың мұңы мен зарын, рухани дүниесін шамасы келгенше көркем сөзбен кестеледі. Ел сөзін белгілі бір дәрежеде айта алды. Бірақ бәрі де Кеңес дәуірінде жазылғандықтан, тәуелсіздіктің талабынан шыға алмайтын еді.
Тәуелсіздік дәуірінде ше?.. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғанда билік мемлекеттік идеология деген болмау керек деп мәселенің басын ашып алды. Тіпті ұлттық идея дегенді ара-кідік айтқанымыз болмаса, оған да декоративті сипатта мән беріліп, жіті қадағаланған жоқ. Есіл-дертіміз өткенді қиратып, жаңаның өзі – материалдық табыс табудың жабайы жолына түсті. Қазақтың ұлттық руханияты, Алаш идеясы, ұлттық құндылықтар айтылмады емес, айтылды, жазылмады емес, жазылды. Бірақ жеме-жемге келгенде іс-қарекет жүрдім-бардым жасалды.
Кез келген әдебиеттің өзегінде – ұлттық идея жату керек. Сонда ғана қаламгер адамзаттың көркем ойына ой қоса алады. Біз қазір ұлттық идеяға келгенде осалдық танытып, әр нәрсенің басын бір шалып, түп-тамырына жете алмай келеміз. Осы заманда қазақ үшін құндылық не дегенде, нақты көрсетіп, кейінгі жастарға соқырға таяқ ұстатқандай көрсете алмадық... Әдебиетіміздің орындай алмай жүрген миссиясының бірі осы. Әдебиетте шекара жоқ, баршаға ортақ дегеніңіз жөн сөз. Әдебиетіміздің тамыры ұлттық болмыспен біте-қайнасып жатса ғана, жалпы адамзатқа ортақ қазына болып қосылар еді. Өзіндік бет-әлпеті жоқ көркем дүние рухани қазына болып жарытпайды.
Әдебиет – ұлттың жаны. Осы күнге дейін ұлттың жаны ауыл деп келдік. Ал қазіргі ауыл қандай? Қазақы болмысы таза күйінде сақталып, жаңа үрдіспен дамып жатыр ма? Сауал бар, жауап та бар, бірақ көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, бүгінде бұл көзқараспен келіспейтін ұстанымдар пайда болды. Қазақ қоғамы тек ауылда ғана емес, индустриялы, тіпті цифрлы кеңістікте дамуға көшкенін қалам ұстағандар енді-енді түсіне бастағандаймыз. Бұл орайда әл-әзір нәтижелі іс тындырылмады. Жас ұрпаққа заманауи татымды ештеңе ұсына алмадық. Туындыгерлеріміз рухани қазынаны әлі өткеннен іздеуде. Оқырманды жасампаздыққа жетелейтін тегеуріні мен рухы бар шығарма бере алмауда.
– Қазір рухани құндылықтар әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады. Жазушы ретінде бұл өзгерістер туралы пікіріңіз қандай?
– Қазір адамзат рухының жаңа формаға көшкен кезеңі. Ол селсоқ, жайбарақат, төзімді сипаттарға ие. Сондай-ақ белгілі бір топтың агрессивті, қатігез қарекеттерінің қоғамға ықпалы артып кететіні де жасырын емес. Талғамы төмен субмәдениет белең алуда. Қазіргі замандағы руханият әлжуаздығының бір сыры осында. Сондықтан да дүниежүзі көркем әдебиетінде шедевр шығармалар жоқтың қасы. Мақталып жүрген Джоан Роулинг, Харпер Ли, Джордж Оруэлл, Маргарет Этвуд, Харуки Мураками, Орхан Памук, Уильям Гибсон,
Виктор Пелевин туындыларында конюьнктуралық-коммерциялық сипат басым. Оларда таза көркемдік танымның болар-болмас жұқанасынан басқа дәнеме де жоқ. Ал адамның өмiрлiк болмысы, қызметi, сезiмi, арманы, тағдыры, өмiрiнiң мәнi туралы терең ой салатын заманауи және өзектi шығармалар керек-ақ.
– Әлеуметтік желіде белсенді болу қаламгерге міндет пе әлде артық салмақ па? Кей қалам иелері шығармашылығына қарағанда жарнамаға көп мән беретін секілді.
– Әлеуметтік желі біз қалайық, қаламайық, бүгінгі өміріміздің бір көрінісі. Онымен санасасың, сен санаспасаң, ол санастырады. Ол еркін ойдың тиімді алаңына айналғалы қашан. Сонымен қатар оның біздің болмысымыздың осал тұсын әшкере етіп, масқаралап жатқаны да бар.
Әлеуметтік желі – жарнама алаңы. Өзіңде жарнамалауға лайықты дүниең бар ма, қысылма, жарнамала, насихатын жаса. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Бірақ кейбір әріптестеріміз түкке алғысыз, айтары жоқ, тұщымнан ада бірдеңелерін жарнамалап әуре. Оқығаныңызда жүрекке әсер етпейді. Қызыл сөзді желдіртіп жаза береді. Аты-жөнін айтып, түсін түстесең олар сені ата жауындай көреді. Сондайдан айылыңды жиып қаласың. Бұл қорыққандық емес. Бұл әдепсізбен әдепсіз болып, былғанғың келмегендіктен.
Әлеуметтік желіде мықты ақындар да өлеңдерін жасырмай-ақ жариялап, өзіне лайық ортасын тауып алады. Бұл ұнамды құбылыс.
Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Қостанай қаласы
1176 рет
көрсетілді0
пікір