- Мақала
- 09 Қыркүйек, 2025
Әділетті қоғамның іргетасы – заң мен тәртіп
Нұрхалық АБДЫРАҚЫН,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ғылым докторы (PhD)
Заң мен тәртіп: Бұл қоғамдағы тәртіпті сақтау мен әділдікті қамтамасыз ету үшін қабылданған құқықтық нормалар мен ережелер жүйесі. Бұл ұғым екі негізгі ұстанымды қамтиды:
1.Заң (Құқық) – мемлекет қабылдаған және қоғам мүшелерінің бәріне міндетті жазбаша ережелер жиынтығы. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайды; Құқық бұзушылық үшін жауапкершілік белгілейді.
2.Тәртіп – адамдардың қоғамдық өмірде заңға, ережелерге және әдеп нормаларына сай әрекет ету арқылы қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді; Сабаққа кешікпеу, жолда бағдаршамға тоқтау – тәртіп. Жұмысқа уақытында келу – тәртіп. Демек, ол да қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алады; Әлеуметтік әділеттілікті орнатуға көмектеседі. Маңызы: Қоғамда тыныштық пен бейбітшілік орнайды; Мемлекет пен азамат арасындағы сенім нығаяды.
Әркім өз құқықтары мен міндеттерін біледі және соған сәйкес әрекет етеді.
«Заң мен тәртіп» – қауіпсіз және әділетті қоғамның іргетасы. Заңды сақтау және тәртіпке бағыну – әр азаматтың міндеті әрі жауапкершілігі. Әр нәрсенің іші және сырты болады, осы қағиданы ұстана жоғарыдағы тақырыпқа талдау жасасақ: Ар мен ұят – адамның ішкі компасы (адамның өзін-өзі бақылау, ұялу, ар-ождан азабы), ал заң – сыртқы шектеу (мұғалім, полиция, ескерту, айыппұл, жаза). Егер әр адам ар-ожданға, ұятқа сүйеніп әрекет етсе, заңның қажеті де азаяр еді. Сол себепті: Алдымен мораль, сосын ғана заңды қолдану қоғам үйлесімділігін арттырады. Ар-ұят (мораль) – адам ішіндегі заң. Ол адамның жүрегінде болады. Адам ар-ожданын тыңдай білсе, жаман іс жасамайды. Мораль адамды ішкі жағынан тәрбиелейді. Бұл – өзін-өзі бақылау. Мысалы: бір адам қоқыс тастамайды, өйткені заңнан емес, олай жасауға ұялады. Енді біреу қарттарға көмектеседі, мейірімділігінен. Бір адам өтірік айтпайды, себебі ар-ожданы оған жол бермейді.Демек мораль – адамның ішкі ұстанымына, ар-ұятына негізделген мінез-құлық нормалары. Ол қоғамда жақсылық пен жамандықты, әділет пен зұлымдықты ажыратуға көмектеседі. Заң – адам ар-ұятты тыңдамаса қолданылатын мәжбүрлеу тәсілі, бірақ ол уақытша ғана болуы мүмкін, бостандыққа шыққанда жаман әрекетін қайта жасай беруі бек мүмкін. Заң барлық жерде, барлық уақытта адамды бақылап тұра алмайды. Ал ар-ұят – әр адамның ішкі жан-дүниесінде. Ол үнемі бақылайды.
Моральға бағынбайтын адам тек заңдық жазадан қорқады, шын мәнінде ол тәрбиесіз. Айналасына, өзіне зиянды. Ұяты бар адам заңнан бұрын өз-өзіне жауап береді. Ол өзіне де, өзгеге де пайдалы. Егер қоғамда әр адам ар-ұятпен өмір сүрсе, заңның рөлі екінші қатарға түседі. Сол үшін әрбір адам алдымен адамгершілікті, әділеттілікті, шыншылдықты жүрегіне сіңіруі тиіс. Тәртіп пен мораль – қоғамда дұрыс қарым-қатынас орнатуға, әділдік пен үйлесімділікті сақтауға бағытталған. Әр адам ереже, заң, бұйрыққа бағынумен шектелмей, әр кез ар-ождан, ұятын жоғалтпауы өте маңызды. Әр кез барша қоғам адамгершілікті жоғалтпауға міндетті.
Заң мен тәртіп мектеп, қоғамдық орында маңызды болса, ұят пен ар отбасында аса маңызды.
Мораль – адам мінез-құлқын реттейді; ал тәртіп-жауапкершілік пен сананы қалыптастырады. Егер адамда мораль болса, ол тәртіпке автоматты түрде бағынады. Сондықтан адам тәрбиесінде алдымен мораль, содан кейін тәртіп орнығуы тиіс.
Қортындыласақ: адам алдымен өзін-өзі ар соты мен ұяты алдында есепке тартып, іштей өкінуі, өртенуі керек, олай болмай тағы тайраңдаған арсыз болса тәртіпке шақырып, оған көнбесе заң тезіне салып қатаң жазалау керек. Ауыр қылмыс жасағандар, әрине, мұның сыртында. Тәртіпті қоғам ұяты бар адамнан қалыптасады. Сонда өркениетті қоғам орнайды.
519 рет
көрсетілді0
пікір