• Мақала
  • 08 Қазан, 2025

Далатау қалай Аңырақай аталды?

Қанат ЕҢСЕНОВ,  
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің қауымдастырылған профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты  

1729 жылғы Аңырақай шайқасы Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматыға қарай 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Онда «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіргені күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рухтан жігерленген сардарлар өздерінің ержүректігін, тастүйін бірлігін және әскери машығының мықты екенін танытты. Әбілқайыр хан мен серіктерінің ерлігі осы шайқаста көрінді. Аңырақай шайқасында жеке ерлік көрсеткендер, ұйымдастырушылық қабілетін танытқандар арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары болды. 
Қалмақ басқыншыларына қарсы көп жылғы соғыстың 1729 жылы жеңіспен аяқталуына Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы ауыз әдебиетінде көп айтылады. Сондай-ақ, М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер бар. Тарихта Аңырақай шайқасы өткен алқап Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағына қарай 120 шақырым жерде болғандығы айтылады. 
1729 жылы Аңырақай шайқасында Жоңғария әскерінен 30 мың, Қазақ хандығы тарапынан 30 мың әскер қатысқан. Екі ел жорыққа алдын ала әзірленіп, жекпе-жекке шығатын батырларын да дайындаған. Осы шайқаста жалпы қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланғанымен, әскерді жорық туын ұстап Бөгенбай батыр басқарған. Жорықтың жоспарын талқылауға Қазыбекбек Тауасарұлы және тағы басқа қолбасшы батырлар қатысқан. Шайқас 44 күнге созылған. Бұл ауқымы жөнінен 1727 жылы өткен Бұланты шайқасынан кейінгі екінші шешуші шайқас еді. Жан алып, жан беріскен шайқаста екі жақтан да шығын көп болған. 

Отар маңындағы «Құлжабасы» шоқысында

1729 жылы қалмақтарға Цинь империясы әскері мәнжүрлер шабуыл жасады. Қалмақ күші екі майданға бөлінді. Енді олар қорғануға көшті. Олар әлі де көп еді. Қазақ жерінде 35 мыңдай қалмақ жүрді. Жоңғарияның Қазақ хандығымен шектесетін Батыс бөлігіне Лацзан Цэрен ноян иелік еткен және Аңырақайда негізгі әскер қосындарды бастап, өзі қолбасшы болған.
Ұлы жүздің қолын Жолбарыс хан мен Төле би басқарды. Оған Кіші жүз Әбілқайырдың, Орта жүз Сәмекенің қолы қосылып 30 мың әскерді құрады. Бұрынғы Далатау (Аңырақай) шайқасының алдында қанжығалы Бөгенбай батыр мен Қазыбекбек Тауасарұлы ұрыстың жобасын жасап, оны Жолбарыс хан мен Төле биге құптатты. Бұл қазақтың бар күшін салған ұлы майдан еді. Сондықтан да, әзірлік ерекше болды. Егер қалмақтар жекпе-жек сұраса, кім барады, соғыстың арты қалай болады, қай мың басының қолы қай жерде, қай мезгілде ұрысқа кіруі керек, осының бәрі шешілді.
Аңырақай шайқасында алғаш жекпе-жекке түскен шапырашты Бөлек батыр қалмақтың Аңырақ батырын өлтіріп, үлкен жеңіске жол ашқан. Сондықтан, бұрынғы Далатауы «Аңырақай» аталып кеткен. Шайқаста қазақ батырлары Бөгенбай мен Қазыбекбек жоспарлаған «Үш тоғыс» әскери соғыс тәсілімен жеңіске жетті.

Аңырақай шайқасында қаза тапқан қазақ батырларының қорымы. Құлжабасы шоқысының етегінде жерленген.

Аңырақайда жеңілген қалмақтардың бір бөлігі Қаратауға шегінді. Қос тұра арасында қайта соғыс салды. Қалмақ жағынан Қалдан Сереннің нағашысы Донық ноян басқарды, бас батыры Ботхишар еді. Қалмақтар Ботхишарды көбірек ардақтайтын. Сол ардақтысын Қаратаудың Ұзынбұлақ (Боралдай) бойында Жаныс Өтеген батыр жекпе-жекте өлтірді [1].
Бұқар жырау 28-ші толғау жырында XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы Отан соғысы туралы айта келіп, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр), қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай, Құдайменді Жәпек, Сеңгірбай мен Шүйкебай, Таңсытқожа Малыт, Қасқарау Малдыбай, Айнақұл Батый батырлардың есімін атаған. Олардың бәрі қазақ жасақтарының жүздіктері мен мыңдықтарын басқарды. Қазақтарда әскери жасақтардың тізілімі осылай құралған.
Осы шайқастарға Ақтамберді Сарыұлы қатысты. Ол жаумен шайқасып қана қойған жоқ, сонымен бірге өз туындыларында Отан соғысының халықтық сипатын да ашып көрсетті. Нақ осы соғысқа Үмбетей жырау қатысты. Қазақ халқының ең әйгілі ақындары мен ойшылдарының бірі Бұқар жырау бұл оқиғалардың куәсі болып қана қойған жоқ, сонымен қатар жеңілген кездегі қиындықтар мен Отан соғысындағы жеңістердің қуанышын халықпен бірге көрді [2].
Тарихшы, ғалым И.В. Ерофеева «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты еңбегінде: «Бұл шабуылда қазақ атты әскері жау әскеріне бірнеше рет соққы берді. Ел тәуелсіздігі үшін күресте қазақтардың ірі әскери жасақтарын Әбілмәмбет, Барақ, Бұлқайыр сұлтандар және басқа да кейбір төрелер басқарды. Олармен бірге Кіші жүздің Жетіруынан шыққан Бөкенбай мен Есет сияқты қарапайым халық арасынан шыққан көрнекті өкілдерінің рөлі ерекше болды. Қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Өтеген, Саңырық, Малайсары, тағы басқа батырлар шықты» [3], – деп жазды.
Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сатысынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатастырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында көп деректер сақталған. 
Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ.Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңырақ атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі» [4], – деп жазды.

Аңырақай тауының Оңтүстігіндегі «Итішпес көлі»


Бөлек Қараұлы (1700-1785) Шапырашты тайпасының Асыл руынан шыққан, XVIII ғасырда қазақтардың жоғар шапқыншылығына қарсы күресіне белсенді қатысушылардың бірі болды. Бөлек батыр жоңғарларға қарсы соғыста Наурызбай батырдың әскери қосынында мыңбасы болып, 1729 жылы атақты Аңырақай шайқасына қатысып, соғыс алдында өткен шайқаста жоңғарлардың атақты батырын жеңген [5]. 
Ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы «Бірінші бабам сөйлейін Асылдан... Асылдан туған төртеуі... Төртеуінің ішінде Теке менен Төлеміс», – деген мәлімет береді. Ал осы Текеден Дәулетбай, Дуәлетбайдан Ер Бөлек тарайды. Ол жөнінде Сүйінбай ақын: «Дәулетбайдан шыққан Ер Бөлек, алабел аты астында, дулығасы басында, қалмақты шауып қоймаған... Алабел аты астында, дуылғасы басында, Сатайдың сап қасқасы қасында. Сауыты бар үстінде, Ер Бөлектің қасында. Белгілі батыр ер Сатай, Қалмақпенен қас болған. Сатай мен Бөлектен қорыққаннан, Қалмақтан шыққан қоңтажы, Дуылға, сауыт сол беріп, Қоштасып дос болған, Сосын көңілі хош болған. Сатай, Бөлек ер болған, Дұшпандары жер болған, Көкірегі көр болған! Қалмақты бері бастырмай, Шағаннан бері астырмай, Бұл кері де қалмақты шауып талаған, Алынбаған қалмақ қалмаған» [6], – деген баға береді. 
Аңырақай шайқасының уақыты мәселесіне келгенде барлық авторлар негізінен бірауызды. Ауызша аңыздарды пайдаланғандар да,         М.Тынышпаевтың ізімен жүрушілер де солай. Соғыстың қисыны да 1729 жылы екендігін анықтайды. Аңырақай қырғыны (Болаттың қайтыс болуында) «1730 жылдың көктемінен кешікпей болған, өйткені сол жылдың шілдесінде Әбілқайырдың елшілігі Уфаға жетіп те үлгереді» деп сеніммен жазады.
М.Тынышбаев Аңырақай шайқасы өткен жерді Балқаш көлінің Оңтүстік шетінен оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде жатыр, ол қазақтар арасында «Итішпес» деген атпен аталған деп жазады. 

Аңырақай шайқасы өткен даладағы «Доланқара тауы»

1729 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайтып алып, Хантау, Аңырақай таулары маңына шықты. Аңырақайдағы шайқаста Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық Үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі [2, 143-144]. 
Қазақтардың одан әрі жеңісті жорығының іздерін өзеннің жоғарғы ағысындағы «Үлкен Орда Қонған» және «Кіші Орда Қонған» деп аталатын тарихи атауларын Боралдай және Қошқар-Ата өзендерінің жоғары жағынан көреміз. Бертінгі уақытта Подгорное деп аталған ауылға қарама-қарсы Әбілқайыр есімімен аталған жер де бар. Сол уақытта Балқаш көлінің оңтүстігіндегі «Аңырақай» деген жерде үлкен қырғын шайқас болды. Мұнда қазақтар ең жарқын жеңіске жетті. Бұл жеңіс күні бүгінге дейін есте сақталып және айтылып келе жатыр.
Осы уақытқа дейін (біздің ойымызша, 1730 жылдың басына дейін) үш жүз қазақтары ортақ жауға қарсы бірлесе, иық тіресе соғысты. Шамасы, Әбілқайыр негізгі қолбасшы болып қала берді. Дәл осы уақытта ел арасында қандай да бір маңызды оқиға болды. Қазақ хандары арасында толық алауыздық басталып, Кіші жүз бен Орта жүздің едәуір бөлігі әлі де қорқынышты қонтайшының алдында тастап, кейін шегінді.
Аталмыш еңбекте хандардың дау-дамайы, марқұм Болат ханның орнына Аға ханның сайлануы себеп болғанын дәлелдедік. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түскендіктен, Әбілқайыр мен Сәмеке өздерін шетте қалдырды деп есептеп, жалпы қазақ ісіне араласпай, майдан даласын тастап кеткен [7].
Аңырақай шайқасына байланысты тарихшы И.В. Ерофеева өзінің «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты еңбегінде нақты деректер келтірген. Ғалым бұл еңбегінде қазақтар мен жоңғарлар шайқастан кейін бейбіт келісім жасады дейді. Осы шайқастың өткендігі туралы 1730-1731 жылдары Әбілқайрдың Башқұрттарға барған елшілері айтқан. Башқұрттар қазақ-қалмақ арасында осындай үлкен шайқас болғандығынан Ресей үкіметіне хабар берген [3,149]. 
Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр), Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай, Арғын Олжабай, Ботпай Сәмен, Шымыр Қойгелді, Шанышқылы Бердіқожа және тағы басқа батырлардың есімдері аталған [8]. 
Қазақ-қалмақ соғысында бетбұрысты кезең осы жоғарыда аталған Аңырақайда болды. Бұл шайқаста қазақтар жағы жеңіп, қалмақтарды Ұлытауға кіргізбей, Балқаштың батысынан қуып, Шу және Талас өзендерінен ары жылжытты. Осы Аңырақай даласына арнайы экпедиция жасап, зерттеу жүргізген И.В. Ерофеева «Анракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого срожения» атты еңбек шығарды. Онда жер-судың аты, сипаттамасы, тарихи қоныстардың атаулары және фото суреттері берілген [9]. 

Аңырақай тауындағы қалмақ әскери қарауыл бекетінің орны. 
Қопалы өзені бойындағы Ақдолы қыстағында орналасқан.


Қазақ-жоңғар соғысы Аңырақай шайқасымен аяқталған жоқ. Бұдан ары әр кезде әртүрлі шайқастар өткен. Жалпы, қалмақтардан қазақ жерін азат ету ұзақ жылдарға созылды. Аңырақай шайқасынан кейін үш жүздің ханы Болат өлді, таққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Болаттың ұлы Әбілмәмбет таласты. Таққа Әбілмәмбет отырды. Соғыс алаңын әуелі Әбілмәмбет, іле-шала Сәмеке тастап кетті. Қазақ қонысы шегінді, Орта жүз Шу бойына кетті, Ұлы жүз қалмаққа бағынды. Әбілқайыр орыс шекарасына жылжып, іргесін Орта жүзден аулақ салды, сүйтті де Ресеймен одақ болу жөнінде келіссөздер жүргізді [10]. 
Аңырақай шайқасын зерттеу­ге арналған барлау экспедициясына 2025 жылдың 14 –15 маусым күндері аралығында бардық. Бұл тарихи шайқастың өткен жері Қордай ауданының территориясында орналасқан. Отардың Оңтүстігінде «Құлжабасы» және «Қушоқы» бар. Аңырақай тауларының оңтүстігінде «Итішпес» көлі жатыр. Отардың солтүстік-шығысында «Долақара тауы» аталып қалған таудың жотасы тұр. Бұл туралы жергілікті халық арасында Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатырдан): «Доланқара, ерте тұрып атыңның жалын қара», – деген сөз айтылып жеткен.
Жоңғар әскері 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде қазақ халқын туған атамекенінен ығыстырғаннан кейін Іле өзені мен Аңырақай тауларына дейін 19 әскери бекет тұрғызған. Бұл тапсырманы Галданба ноян орындаған. Олардың кейбіреулерінің орындары: Құлжабасы шоқысының етегінде, Аңырақай тауының шығыс жағында Сарбұлақ бойында, Аңырақайдың орта тұсындағы қақпа тәрізді Қопа өзені жағасында және Хантауға жақын Сұңқар шоқысындағы өзен бойында тағандары сақталып қалған. 
Осы аталған Құлжабасындағы батырлар қорымына ерте уақытта жергілікті ақсақалдар барып құран оқып жүреді екен. Оның ішінде Қордайлық Қырықбай Қарабасұлы өзінің баласы Жандарбек Қарабасовқа өткен тарих пен бабалардың ерлігі туралы айтыпты. Ал, Қопа өзені бойындағы Аңырақайдың орта тұсындағы қақпа сияқты кең арналы өткелде Ақдолы қыстағының орны бар. Сол жерде де екі «Қалмақтөбе» орыны сақталған. Бұл туралы жергілікті қариялардан Рахымғали Аршабеков ақсақалдың айтқанын жас кезінде Кенен ауылының азаматы Айдар Бүрбаев естіпті және өзі осы экспедиция­да жол бастап жүріп көп жерді көрсетті [11]. 
Аңырақай шайқасы өткен тарихи жерлерге барған барлау экспедициясының жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты – Қанат Еңсенов; Экспедицияға демеушілік жасаған Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) ұрпақтары: Алматыдан – Тәжиев Асылжан, Кәрібаев Жұмахан, Қонысбеков Нариман және тағы басқа азаматтар; Шымкенттен – Сапарбаев Жанәділ, Батырбаев Еркін, Егембердиев Ғалымжан, Елтаев Серікжан мырзаларға және жол бастаған Алматы тұрғыны, жазушы Қасқарау Малдыбай батыр ұрпағы – Жандарбек Қарабасов, Қордай ауданы, Кенен ауылы азаматы – Айдар Бүрбаев, «Қордай аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің» қызметкері – Абай Кенжебаевтарға алғыс айтамыз!

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-тұқианнан өзіме шейін. Баспаға дайындаған.  Б. Қыдырбекұлы. – Алматы: Жалын, 1993. – 16-17 бб.
2.Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра, 2010. – 130-131-бб.
3.Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы: «Санат», 2002. – C.147
4.Қасымбаев Ж.Қ. Тағы да Аңырақай шайқасының ақиқаты хақында // Қазақ тарихы. №2. 2000. - 53-56 бб.
5.Динашева Л. Бөлек Қараұлы // «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. - 406-б.
6.Сүйінбай Аронұлы. Шығармалары. – Алматы: «Нұрлы Pres.kz»7 – 2014. – 175-176-бб.
7.Тынышпаев М. История Казахского народа: Учебное пособие. (Сост. и авт. предисловия проф. А.Такенов и Б.Байгалиев). – Алматы: «Санат», С. 164-165. 
8.Мағауин М. Бес ғасыр жырлайды. Алматы: Жазушы, 1989. – 67-б.
9.Ерофеева И.В., Аубекирова Б.Ж., А.Е. Рогожинский и др. Анракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого срожения. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. С.23.
10. Қозыбаев М.Қ. Жауды шаптым ту байлап. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 75 б.
11.Еңсенов Қ.А. Аңырақай барлау экспедициясының материалдары. 14-15 мамыр, 2025 ж. 10 б.
 

931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы