- Мақала
- 08 Қазан, 2025
Қара сөздің қаранары
Күз мезгілінің алғашқы айында жазушы, аудармашы, сыншы, драматург Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақы қара сөздің алдаспаны» атты конференция өтті. Қазақ прозасының қара нары атанған қаламгердің құрметіне арналған жиынды ақын, « Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып жүргізді.
Бұл жиынға дейін қаламгердің 90 жылдығына орай, суретшілер арасында оның шығармаларын арқау еткен суреттерге байқау жарияланған еді. Басқосуда осы байқаудың нәтижесінде үздік деп танылған шығармалар мен жазушының кітаптарынан кітап көрмесі қойылды.
Сөз шеберлерінің шығармаларын ұлықтау мақсатында өткен кезекті жиынның маңызына тоқталған Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы жиналған қауымға ізгі ниетін айтып, кітапхана қызметкерлерінің еңбегін атап өтті.
Одан кейінгі кезек баяндамашыларға беріліп, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш «Күрмеуі шешілмеген күрделі тағдырлар», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Әлия Бөпежанова «Тереңнен тартқан тамыр», филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гауһар Балтабаева «Қалихан Ысқақ прозасындағы ұлттық құндылықтар», филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қалиқан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» әңгімесіндегі стиль мен сөзсаптам» тақырыптарында баяндама жасады.
Қаламгердің ең танымал шығармасы «Қоңыр күз еді» әңгімесіндегі стиль мен сөзсаптам туралы ерекше талдау жасаған Құралай ханым Қалихан Ысқақты ең көп оқылатын жазушылар қатарына жатқызып, аталған шығарманың тілі тақырыбы мен идеясына толық үйлесіп тұрғанын айтты. Ғалымның талдауында шығарманың оқиғасы ерекше, ондағы кішкентай детальдар да өзіндік ерекшелігімен оқырманды тартатыны айтылды.
«Шығарманың ерекше әлемі, тіпті оқырманның оқып отырғанына да аса назар аудармайтындай, оқиғалар мен диалогтардың шынайлығы сонша, көзге еш кедергісіз елестейтін кино лента тәрізді. Оқырман шығарманы оқып болғаннан кейін де, ұзақ уақыт оның әсерінен шыға алмай, жадында сақтайды. Француз ғалымы Блез Паскальдің «Табиғи стильді байқағанда, таңданамыз, өйткені біз жазушыны емес, адамды табамыз» деген сөзі бар екен. Бұл тұжырым Қалихан Ысқақ шығармаларына арнап айтылғандай, оның шығармаларының тілінің жатықтығы, сюжеттердің қарапайым өрілгендігі оқырманды өзіне шынында баурап алып кетеді. Ал В.Г. Белинский «Шынайы әрі қарапайым жаза білген жазушы сұлулық пен таңғаларлық эстетика жасай алады» деген екен. Қаламгердің шығармалары бұл үдеден де шығып тұр», – дей келе «Қоңыр күз еді» әңгімесінің стилдік ерекшелігін сөйлеу тілі жасап тұрғанын әңгіменің әр парағында кездесетін бірліктерді көрсете отырып, баяндады, Сонда сөйлеу тілі оралымдары - 87 жерде, сөйлеу тілі тұрақты қолданыстары – 84 жерде, метонимия 9 жерде, бейнелі сөйлемдер – 87 жерде кездесетінін айтты.
Жиын соңында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанар Әбдішова, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири сөз сөйлеп, Қалихан Ысқақ жайлы естеліктер айтты.
Назым ДҮТБАЕВА
451 рет
көрсетілді0
пікір