• Мақала
  • 08 Қазан, 2025

САЯСИ ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСА АЛДЫҚ ПА?

Қазақ Елі 34 жыл өз тәуелсіз мемлекетінде өмір сүруде. Бұл аз емес – ғасырдың үштен бірін құрайтын уақыт. Алайда осы кезеңде қазақ ұлты өзінің потенциалды мүмкіндігі тұрғысынан мемлекеттің бар жауапкершілігін мойнына жүктейтін саяси ұлт ретінде қалыптаса алды ма? Өкінішке қарай, біз бұл сұраққа біржақты «иә» деп жауап бере алмаймыз. Себебі, «саяси ұлт», алдымен, мемлекетте тұрып жатқан барлық диаспораларды өзінің мәдениеті мен тіліне, өзінің ұлттық мақсатына сай біріктіре алуға қауқарлы болуы керек. Біздегі жағдай осыған толық сай келмей отыр: қазақ тілі – әлі де өзінің «мемлекеттік тіл» статусын толық атқара алмай келеді; барша қазақстандықтар әлі де қазақ ұлтының мәдениетін, тілін, дәстүрін «қазақ мемлекеттілігімен» байланыста қарай қойған жоқ. Ал тарихи Отанын өзге жақтан іздейтін кейбір диаспора өкілдері әлі де «жатжұрттық мүдделерден» арыла алмауда.

Мемлекеттің «қазақы моделін» құру. Осы мәселелер әлі де біржақты шешім таппауы салдарынан қоғамда қазақ ұлтының тағдыры туралы алаңдаушылықтар жалғасуда. Мәселен, оның ең өзектісі тіл төңірегінде болып отыр. Оған Конституциямызда «мемлекеттік тіл» (1-тармақ, 7-бап) мәртебесі берілген қазақ тіліне қатысты үкімет пен атқарушы билік тарапынан жіберілген саяси қателіктер көбірек әсер еткен секілді. Атақты философ Гегель «шынайы асыл дүниелер тек ана тілде туады» деген. Бүгінде біздің мемлекеттік қызметкерлерден бастап, өзге салалардағы көп азаматтарымыз – өздерін «қазақ тілінің иегеріміз» деп атаса да – бұл Гегель ойшылдың айтқанына сай келмей отыр десек болады. 
Тіл мәселесі өте күрделі мәселе қатарына жатады. Оны саяси, заңдық‑құқықтық, этнология мен мәдениет бағытында жеке‑жеке талдау қажет. Бірақ, шынайы жағдайда осы бағыттағы талдаулар бір‑бірімен сәйкес келе бермейді. Мысалы, саяси тұрғыда Қазақстан әлі де орыс тілі құрсауынан шыға алмауда. Ал заңдық‑құқықтық тұрғыдан еліміздегі миллиондаған азамат өзге тілдерді қарым‑қатынас құралы ретінде қолдануда және оған олар құқылы. Дәл осындай жағдай өзге этнологиялық және мәдени бағытта да орын алуда. Сондықтан, қазіргі қазақ тілі мен мәдениетінің жай‑күйі көп жағдайда «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» деген қазақ мақалының мағынасына сай келіп тұр десек қателеспейміз.    
Міне, осыны ескере келе, қазіргі Қазақстанның «мемлекеттік дамуы» үшін, ең алдымен, тарихи әділеттікке жүгіне отырып, «мемлекетті қазақтандыруды» қолға алған дұрыс деп айтамыз. Өйткені, тәуелсіздіктен бергі отыз жылдан астам уақытта қоғам санасында «Қазақстан – Қазақ елінің мемлекеті» деген парадигма берік орныға алған жоқ. Ол енді ғана еліміздің барлық азаматтарына ортақ ұғым не түсінік болып қалыптасу үстінде. Олай болса, идеологиялық өрісте біз Ұлттық мемлекеттің «қазақы моделін» алға шығаруды қолға алмасақ болмайды. 
Мысалы, Қазақстанда өткен V Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Қазақ Елі» идеясы толығымен паш етілді. Бірақ, бұл бір мезгілде ғана өтетін шара. Ал, біз «Қазақ Елі» идеясы күнделікті өмірде, ғылым мен білімде, мәдениетте, әр азаматтың тұрмыс жағдайында, ойлау жүйесінде көрініс тауып отыруға тиіс» деп айтар едік. 
Яғни, біз Абай айтқандай «адамдарды жақсылыққа бағытталған ортақ ой (мақсат) біріктіреді» қағидасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқының бар күш‑жігерін Отанды қуаттандыруға жұмылдыру қажет деп санаймыз. 
Тіл мен мәдениет – мемлекетті байытушы құндылықтар. Тіл мен мәдениет – әрбір халықтың рухани байлығының іргесін құрайтын рухани құндылықтар жүйесі. Сондықтан, осы екі іргенің бір жағы әлсіз болып жатса, ол міндетті түрде екіншісіне әсер етеді. Қазақстандағы ұлтаралық күрделі ахуал осыған қатты әсерін тигізуде. Өйткені, жаңа ғасырда тәуелсіз Қазақстан халқы әлемнің барлық елдерімен, әртүрлі мәдениеттермен тығыз араласа бастады. Нәтижесінде, Қазақстанның өзі де халықаралық миграциялық процестердің аумағына еніп кетті. Әрине, оның қарқыны әзірге баяу өтуде, бірақ, бұл құбылыс болашақта қарқынды бола түседі деп болжаймыз. Себебі, көптеген ішкі‑сыртқы объективті және субъективті жағдайлар бізді соған итермелеуде: 
1.Қазақстан – бейбітшілікті ұстанған мемлекет, ал, қазақ халқы – табиғатынан өзге ұлттар мен халықтарға толерантты халық.
2.Сол себепті, болашақта халқының саны көптігінен жұмыссыздық жайлаған Үндістан, Пәкістан, тұрмысы төмен Ауғанстан сияқты көптеген Азия және Африка елдерінен, әлемдегі соғыс ошақтары пайда болған өзге елдерден Қазақстанға қарай миграциялық көштің легі арта түседі. Қазір ол күнделікті байқалып жатқан жоқ. Бірақ, бұл үрдіс басталды. Егер осы үрдіс қарқын алса, онда біз көп ұзамай оның қауіпті жағын анық байқай бастайтын боламыз... 
Ең қиыны, бұл процесс елімізде қазақ тілі мен мәдениетінің толық үстемдікке қол жеткізіп, мемлекеттік даму тұрғысында «қазақ халқының өзін‑өзі идентификациялау деңгейімен және «ұлттық менінің» жеткілікті дамуымен» теңеспей тұрып басталып жатыр. Оның көріністері қазір күнделікті өмірде байқала басталды: мысалы, елімізге келетін шетелдіктердің көпшілігі әлемдегі унитарлы (бір ұлтты) мемлекеттердің қалыбына сай, Қазақстанға келерде «қазақ тілін меңгеру қажет» деген оймен келеді. Олар бастапқы қолданыста айтылатын «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз», «Сізге рахмет», «Қалай?», «Қайда?» және т.с.с. сөздерді үйренуді міндетті деп ойлайды. Бірақ, олар Қазақстанға келген соң жағдай күрт өзгереді: біз олармен тек орыс тілінде, тіптен, кейде таза ағылшын тілінде сөйлесуге бейім тұрамыз... Содан кейін мигранттар таңданысын жасыра алмаса да, амалсыздан орыс тілін үйрене бастайды.
Міне, сөйтіп, олардың Қазақтың тілі мен мәдениетіне деген бастапқы құрметі, оны үйренуге деген бастапқы ынта‑жігері (энтузиазм) сап тыйылады. Соңынан, осы туралы олардың еліне «кері ақпарат» жетіп, ол елдерде «Қазақстан – орыс тілді мемлекет», не болмаса, «Орыс тілін білсең ғана өмір сүруге қолайлы мемлекет» деген түсініктер қалыптаса бастайды. Бұл Қазақстанды тарихи тұрғыдағы унитарлы мемлекетке (Қазақ мемлекетіне) емес, керісінше, әлемнің әр түкпірінен келген, әр ұлттардан құралған азаматтық мемлекет дегенге бастайтын құбылысқа айналып келеді.
Егер біздің мемлекет осы үрдістің алдын алып, оны мемлекетті құраушы ұлтымыздың қазіргі мәдени дамуы және оның әлемге танылуы деңгейімен үйлестіруге күш салмасақ – бұл миграциялық процестің соңы қазақ ұлтын іштен ыдырататын бағытқа (әртектілікке) апарады. Сөйтіп, біз әлемдік саяси алаңда «унитарлы мемлекет» деп мойындалған Қазақстанның бет‑бейнесін біртіндеп жоғалта бастаймыз. Бұл әлі де экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыда іргесі бекімеген Қазақстан үшін аса қауіпті құбылыс.
Ұлттық өнер – қазақ халқының бейнесі. Ұлт өнері – ғасырлар бойы халықтың өмірімен бірге тұтастықта сараланып, іріктеліп, өзінің өміршеңдігін жалғастырған, халықтың санасына «айшықты белгі» ретінде таңбаланған рухани құндылықтар жүйесін құрайды. Олардың көнесі де, жаңасы да бір‑бірімен тарихи тұрғыда сабақтасып жатады. Бірақ, Қазақстанда өнердегі бұл сабақтастықты түсінетін және айтқызбай ұғатын халық біреу ғана: ол – сол өнердің егесі болып табылатын қазақ халқының өзі. 
Иә, кейінгі кездері осы бағытта мемлекет тарапынан біршама қолдау мен ілгерілеу бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ, қазақ мәдениетін әлемге танытушы «мемлекеттің өзі» емес. Оны жүзеге асырушылар – мемлекеттен өкілеттік алған нақты адамдар: мәдениет және білім-ғылым министрлерінен бастап белгілі ғалымдар, өнер адамдары: кинорежиссерлер, суретшілер, шеберлер, жазушылар, ақындар, әншілер, композиторлар және т.б. Өйткені, шет елдерге «мемлекет» бармайды, сол жекелеген өнер адамдары мен өнер туындылары «барады».  
Міне, осы бағытта бізде айтулы жетістіктермен қатар елеулі кемшіліктер орын алуда. Өйткені, біздің ұлттың «өзін‑өзі тану» (идентификациялау) мәдениеті жетіспейді. Біз осы бағытта «ненің жақсы, ненің жаман» екеніне баса назар аудармай келеміз. Мысалы, бұл құбылыстың кино саласында нақты көрініс тауып отырғаны байқалады. Біз қазақ киносын шартты түрде екі бағытқа бөліп қараймыз: бірі – шынайы ұлттық құндылықтар мен ұлттық мінезді паш ететін фильмдер болса, екіншісі – «әлемдік өнер бағыты» девизімен эксклюзив ретінде түсіріліп, халықаралық бәйгеге барып, кейде орын алып жатқан фильмдер. Мысалы, өткен жылы шет елге «сапарлап» келген «Талақ» фильмі көрсетілді. Ол Б.Майлиннің шығармалары негізінде түсірілген екен. Сондықтан, былай қарасақ тарихи фильм деуге болады. Міне, осы фильм­де «шоқпытқа оранған кір‑қожалақ кіл қазақ» өздерінің бір мәселелерін шешумен әуре... Әрине, режиссер оны «тарихи кино болғандықтан, біз сол заманғы реализм тұрғысынан келдік» деп ақталуы мүмкін. Бірақ, осы фильмнің шетелдік көрермендері бұл фильмді «тарихи» тұрғыдан бағалай ма? Әрине, жоқ. Олар бұл фильм арқылы «қазіргі қазақтың бейнесін» көреді. (Оларға «қазақтың тарихы» аса қажет деп кім айтты?).
Иә, фильмнің оқиғалары өткен уақыттарда өзге халықтардың да жағдайы мәз болмағаны анық. Бірақ, бұл әр халықтың «өз шаруасы». Ал, мына фильмде қазіргі өркениеттің бар қызығына малынған шет елдік көрермен тек бір ғана кейіпкерді көреді, ол – «шоқпытқа оранған қазақ деген ұлт» болып шығады. Сондықтан, «өнер – ұлттың айнасы» десек, әрбір өнерге қатысы бар адам алдымен «жақсысын асырып, жаманын жасырып» отыруға тиісті. Бізге біздің «ұлттық мүддеміз» осылай дейді! Егер олай болмаса, қазақтың тіліне де, мәдениетіне де жуық арада шет елде ғана емес, өз ішімізде де құрмет қалыптаспайды. Ендеше, Қазақстанда «бір жақсыға біріккен» халықтың да ауылы алыстай бермек.
Дегенмен, қазір ұлттық қолөнерге деген көзқарас позитивті бағытта дами бастады. Ол, әрине, режиссердің қиялына тәуелді болмағандықтан, мұнда бәрі керісінше – қол өнері неғұрлым тарихқа тереңдеген сайын, оның егесі болып табылатын халыққа деген құрмет те соғұрлым жоғарылай береді. Мысалы, екі мың жылдан астам тарихы бар біздің Алтын адам – әлемді таң қалдырады. Көне сақтардың «аң стилі» деп аталатын алтын құймалары да таңғажайыптар қатарында. Сондықтан, қазіргі өрлеуге бетбұрыс жағдайында бізге шетелдіктермен байланысты бір ғана мақсат – қазіргі Қазақстан мемлекетіміздің мүддесі тұрғысында құруымыз қажет. 
Бізге қазіргі қажет болып отырған нәрсе – халқымыздың қай салада болса да асқақ тарихының дәріптелуі. Оны біреулер «өткенін айтып мақтану» деп сынайды. Бірақ, егер, біздің бүгінгі ұрпақ санасында дәл осындай «асқақ тарих» өшетін болса, онда ол ұрпақтың болашақта «өз тарихын жасауы» екіталай... 
Міне, мәселенің мәнісі неде. Өйткені, бүгінгі алмағайып заманда бізге тәуелсіздік туы бар, іргелі ұлт екенімізді өзіміз де сезінуіміз керек, өзгеге де сездіруіміз керек. 
Сонда ғана – Отанын жанын сала қорғайтын ұрпақ өмірге келеді.
Сонда ғана – Отанын гүлге айналдыратын ұлт қалыптасады.
Сонда ғана – Қорқыттың мәңгілік сарыны естіледі.
Сонда ғана – Асанқайғының жерұйығы көзге көрінеді.

Әбдірашит Бәкірұлы, 
философ
 

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы