• Мақала
  • 08 Қазан, 2025

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Әлемге таралған қауіпті проблеманың бірі болып есептелетін нашақорлық – біздің елімізде де өткір әлеуметтік-медициналық мәселе. Синтетикалық және өсімдіктекті есірткі заттарын тұтыну адамның орталық жүйке жүйесіне әсер ететіндіктен, оның өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті. Нашақорлықтың себептері саналуан, салдары өте ауыр. Бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де алаңдатарлық жағдайға жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды. Үкімет Президенттің тапсырмасы аясында нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрды. Осы тақырып жөнінде Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры, медицина докторы (PHD) Сапар Рахменшеевпен сұхбаттасқан едік. 

– Сапар Құттыбайұлы, өзіңіз білетіндей, жуырда Президент тапсырмасымен нашақорлыққа қарсы профилактиканы үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрылды. Бұл штабтың құрылуы осы проблеманың қоғамда тым дендеп кеткенін білдіре ме?  
– Шын мәнісінде ел Президентінің көтерген мәселесі өте күрделі. Бұның ұлт қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Әсіресе жастар арасында есірткіні таратпау және алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізу қажет. Қазіргі таңда ғаламтордан, жаңалықтардан құқық қорғау органдары қаншама тонна есірткі жасайтын орынды жойғанын, оны тасымалдаушыларды ұстағанын баршаңыз біліп отырсыздар, соған қарамастан есірткі бизнесі тоқтар емес. Өкінішке қарай, есірткі қолдануға және соған қатысты қылмыстарға жастар да тартылып, тұзаққа түсіп қалып жатыр. Кейбіреуінің еш жазығы жоқ, нені таратып жүргенін білмейді, кейбірі ақша табу үшін барады. Мұндай жағдайлар клиникадағы тәжірибемізде болды. 
  – Сіз басшылық ететін клиникаға адамдар өз еркімен келіп емделе ме? 
  – Біздің орталықта негізінде стационарлық емдеу бөлімі және амбулаториялық бөлім бар. Диспансерлік бақылауға қойылған адамдар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, ем алады. Сонымен қатар қаламызда ресми тіркеуден тыс қаншама есірткі тұтынушы бар, оның нақты санын білмейміз. Олардың біздің орталыққа келмейтін себебі: диспансерлік бақылауда тұрудан қашады, өйткені жұмысқа тұру, көлік жүргізу, тағы басқа жағынан қиындық болады деп санайды. Кейбірі жеке клиникаларға барады, олар емделуші туралы ақпаратты құпия сақтайды. Біздің орталығымызда да жасырын, анонимді және ақылы емдеу бөлімі бар. Көбінесе есірткі тұтынушылар анонимді емделгенді дұрыс көреді.
– Ресми тіркеуде неше адам бар? 
– Биылғы алты айдың қорытындысына келетін болсақ, жалпы біздің Психикалық сауықтыру орталығында 4 627 адам диспансерлік бақылауда тұр. Олар Алматы қаласының тұрғындары. Соның ішінде 1174 емделуші – есірткіге тәуелді. Өкінішке қарай, оның ішінде жасөспірімдер де бар. Қазір бізде 22 жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр, өткен жылғымен салыстырғанда біраз көбейген. Олар есірткіге және ішімдікке тәуелді балалар.  
Тіркеуде тұрғандар өз еркімен келді ме әлде әке-шешесі, отбасы мәжбүрлеп әкелген бе? Емделу нәтижесі қалай?  
Жоқ, өз еркімен келген жоқ. Жалпы мұндай аурулардың басқа ауруларға қарағанда ерекшелігі бар – олар емделгісі келмейді. Көбінесе ата-анасы я болмаса әйелі көндіріп әкеледі. Әрине, өз еркімен келген адамдар да бар. Олар «отбасым білмей-ақ қойсын, емделгім келеді, есірткіге тәуелділік өмір сүруіме кедергі жасап жатыр» деген уәжбен келеді. Соңғы кезде мұндай тілек білдірушілер көбейе бастады.  
Сондай-ақ «Осы емнің нәтижесі бола ма?» деп сұрайтындар көп. Әрине, бұл тек дәрігерге байланысты мәселе емес, ең алдымен науқастың өзіне байланысты. «Ата-анам білмей-ақ қойсын. Сіздердің көмектеріңізбен емделіп, есірткіні тастағым келеді» дейтін адамдардың нәтижесі де жақсы. Ал енді еркінен тыс алдап-сулап алып келіп, осы жерге күшпен жатқызатындар да бар. Олар әке-шешесі безбеуі үшін, әйелінен ажыраспау үшін амалсыз көнеді. Бірақ мұндай адамдар сол ортаға түсетін болса, есірткіні қайтадан бастап кетуі мүмкін. Біздің мамандардың айтар кеңесі: жақын адамыңызды есірткіден емдеткеннен кейін ұзақ уақытқа дейін бұрынғы ортасына қоспау керек.  
Емдеу процесі қалай жүреді?  
Бұл орталыққа ең алдымен ауырсыну белгісімен келеді, яғни абстинентті синдром кезінде түседі («ломка»). Егер адам есірткіні тұтынуды тоқтатса ағзада бұзылыс басталады, бұл өте ауыр хал. Олардың ұйқысы бұзылады, дене қызуы көтеріледі, қалшылдап тоңады, сүйектеріне дейін қақсайды, т.б. Біз соның барлығын дәрі-дәрмек қолдану арқылы емдеген соң, әрі қарай психотерапиялық ем басталады. Терапевт-психологтарымыз іске кіріседі. Сонымен қатар бізде реабилитациялық бөлім бар, науқастарды соған жібереміз. Психолог-психотерапевтер пациентпен жұмыс істеп, есірткіге тәуелділік ауруымен күресудің жолын көрсетеді. Осындай кешенді емнің нәтижесінде бірнеше жыл бойы есірткі қолданбай жүрген адамдар бар.
Орталықта неше күн емделеді? 
Орташа емдеу ұзақтығы 15 күннен 30 күнге дейін, ол енді пациенттің жағдайына, ауру дәрежесіне байланысты. 
Президент тапсырмасымен құрылған нашақорлыққа қарсы профилактиканы үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың сіздердің жұмысыңызға септігі тие ме?
Әрине, бұл штаб мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы тұру және алдын алу шараларын үйлестіріп, ортақ тиімді тәсілдер әзірлейтін болады. Ең алдымен құқық қорғау органдарымен жұмысымыз жақсарады, жандана түседі. Қазірдің өзінде олар есірткіге тәуелді деген күдікті адамдарды бізге алып келіп, тексеруден өткізіп жатыр. Олардың кәнігі нашақор екені анықталатын болса, диспансерлік бақылауға қойылады.  
Есірткі заттарын тұрақты тұтынатын адамдардан келетін басты қауіп неде? 
Ең басты қауіп – психикасы бүлінген адам криминогенді, яғни қылмысқа бір табан жақын тұрады. Қажетті есірткі дозасына қаражат таппаса, әйтеуір бір жерден алуға тырысады. Оны қалай табады: біреуге күш көрсетеді, тартып алады я болмаса үйіндегі заттарды ұрлап сата бастайды.  Нашақордың жалғыз өзі емес, отбасы, қоршаған ортасы зардап шегеді. Біреуді жарақаттауы, зорлық көрсетуі де мүмкін. Отбасының берекесін кетіреді, қорғансыз адамдарға зәбір-жапа көрсетеді. Сондықтан бұндай адамдар қоғамға қауіпті. Нашақорлыққа душар болған адамдар өз отбасының тіршілігіне де, қоғам өміріне де толыққанды араласа алмайды. 
Біз емдеушілермен әңгіме жүргіземіз, «Сіздің ішетініңізді, шегетіңізді біліп қойса, балаңыз психикалық жарақат алады, сіз үшін намыстанатын болады» дейміз. Ол балалардың бойында әкеге деген жеккөрініш сезімі пайда болады, соның кесірінен достарымен араласып, көшеге шыға алмай қалады. Міне, бір адамның есірткіге немесе ішімдікке тәуелділігі қаншама зиян алып келеді.  
Тіркеуде тұрған нашақорлар арасында қандай әлеуметтік топтың өкілдері басым?
–  Біз бұрын жағдайы төмен, өмірден өз орнын таппаған адамдар нашақорлыққа беріледі дейтінбіз. Ал қазіргі ахуалға қарасақ, нашақорлық адам таңдамайды. Көбінесе есірткі саудасындағылар ауқатты адамдарды тартуға тырысатыны рас, дейтұрғанмен нашақорлар барлық ортада кездеседі. Өкінішке қарай, бұл дерт әрдайым жаңа нәрсеге, тылсым дүниелерге құмар келетін жастар арасында да таралған.  
Есірткі заттарының синтетикалық түрлері көбейгенін естиміз. Бұлардың зияны неде? 
– Синтетикалық есірткілерді жасағанда химиялық заттарды қосады, мысалы оның ішінде автокөлік саласында қолданатын тосол бар. Синтетиканың ерекшелігі – бір қолданғаннан-ақ психикалық тәуелділікке душар етеді. Екіншіден, олар бірден миды зақымдайды. Егер оны тұтынған адамдар дер кезінде тоқтатпаса, ағзаның әрі қарай дамуы, өсуі сол деңгейде тоқтап қалады, яғни деградацияға ұшырайды.   
Синтетика дегеніміз у ғой, сондықтан ең алдымен орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Мефедрон және басқасын тұтынатын адамдар тек соны ойлап, соны іздеп отырады. Қазір синтетикалық есірткі заттарының түрлері көбейді, мысалы шылымның сыртына сеуіп те үйретеді. Сондай-ақ оны қолданудың жолы да көп, бұрын тек тамырға салатын болса, қазір шылым сияқты шексе де жетіп жатыр. Жастардың көбі «шексем тәуелді болмаймын, тамырға салып жатқан жоқпын ғой» деп ойлайды. Алайда бұл жерде еш айырмашылық жоқ, шексе де, иіскесе де, тамырға салса да бәрібір тәуелділікке алып келеді. 
Есірткі тұтынудың жастар ағзасына зияны қандай? 
– Жасөспірім шақ – адамның бүкіл ағзасы дамитын, жетілетін уақыт. Ең алдымен нашақордың ой-санасының дамуы тежеледі. Есірткіге берілген жастар өз болашағына балта шабады. Біздің тәжірибемізде неше түрлі адамдар кездеседі, емдеу кезінде терапия жүргіземіз, әңгімелесеміз ғой.  Сонда байқайтынымыз, жасы отыз-қырықтан асқан, бірақ ақыл-ой деңгейі мен сөз саптауы құдды баланыкіндей адамдар болады. Даму жоқ. Бұл есірткінің салдары. 
Тәжірибелі маман ретінде нашақорлықтың және басқа зиянды  әдеттердің алдын алу үшін не істеу керек деп есептейсіз? 
Біздің орталықта сенім телефоны бар: 376-56-60. Бұл желіде мамандар тәулік бойы отырады. Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда биыл 700 қоңырау артық түсіпті. Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Адамдар мейірімге, жылулыққа мұқтаж. Айналасынан қолдау таппайды. Есірткіқұмарлық және басқа зиянды әдеттердің басты себебі: елімізде бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас өте нашар, өзара түсініспеушілік көп.  Мен қала мектептеріне барып дәріс оқимын, ата-аналармен кездесемін. Осындай кездесулерде байқайтыным және өзімнің зерттеулеріме сүйене отырып айтарым: халқымыздың отбасылық дәстүрі өзгеріп барады. Мысалы, қазір ата-аналар бала-шағасымен бірге дастарқан басында шүйіркелесіп отырмайтын болған. Шынымен де әрқайсысы өз бөлмесінде, бөлек-бөлек тамақтанатын адамдар бар. Баласы өзімен-өзі компьютер ойнап отырып тамақ ішеді, анасы сериал көреді дегендей. Бұрын біз әкеміз келгенше күтіп, содан кейін ғана дастарқандағы асқа қол созатынбыз. Бұл әкеге құрмет әрі әдет-ғұрыптың бастауы еді. Сондай-ақ бұл зиянды әдеттердің алдын алу шарасының бір түрі. Шетелде оны ең алғашқы профилактика деп есептейді.   
Мен отбасында бөлек тамақтану қазаққа тән емес, бізге жат нәрсе деп ойлаушы едім, науқастарды қабылдаған сайын олай еместігіне көзім жетіп жатыр. Бұл үрдіс отбасындағы мейірімнің, бауырмалдықтың жетіспеушілігін көрсетеді. Дастарқан басында бірге ас ішу кезінде біз әрі тамақтанамыз, әрі ойымыздағы дүниелерді ортаға салып талқылаймыз. Бізге осы үрдісті қалпына келтіру керек. Әке ретінде баламыздың алдындағы міндетімізді орындауымыз керек, жұмыстан келген соң жарты сағат болса да онымен ойнап, әңгімелескен жөн. Біз қазір қарапайым адами қарым-қатынастың жоқтығынан азып барамыз. Сұрағына жауап таппаған, әңгімелесетін адамы жоқ бала оны ғаламтордан, көшеден іздейді. Жас кезде әрбір адамға айналасының, достары мен араласатын ортасының ықпалы ерекше болады.  
Нашақорлықтың алдын алудың ең бірінші шарасы отбасында басталады деп қадап айтқым келеді. Негізінде адамның психикалық денсаулығына құрсақта жатқаннан бастап көңіл бөлу керек деген сөз өте дұрыс. Ана мен әкенің және баланың қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Балаға деген көзқарасты өзгертіп, оларды тыңдай, ести білу, сөйлесе білу керек. Ересектерге қарағанда олар ішкі жан-дүниесіндегіні жеткізіп айта алмайды. Мысалы кейбір балалар өзіне назар аударту үшін әлсіз адамды ұрады немесе басқа бір оқыс әрекетке барады. Бұл – жанайқай. Демек балаға көңіл бөлу жетпей жатыр деген сөз.  
Мектептерге келсек, мұғалімдер, сынып жетекшілері мен психологтар оқушы баланың мінез-құлқына зер сала жүруге тиіс. Егер бала мазасызданып тұрса, жаймен ғана жағдайын сұрауға немесе анасына хабарласуға болады. 
Жасөспірімдер арасында нашақорлық және басқа зиянды әдеттердің алдын алу бойынша ресми орындар тарапынан қандай істер атқарылып жатыр? Есірткіге қатысты сауалдар алаңдатқан адамдар қайда хабарласса болады?  
Қазіргі кезде бұл салада бірқатар нақты іс-шаралар қабылданды. Біріншіден, қалалық білім басқармасында балаларға психологиялық көмек көрсету орталығы ашылды. Бұл өте жақсы үрдіс. Ол жерде тегін кеңес алуға болады. Екіншіден, мектептегі психологтардың саны көбейді, жалақысы артты. Біз олармен кездесулер, семинарлар өткізіп тұрамыз. Деңгейі жоғары мамандар баршылық. Кейбірі біздің орталықпен байланысып, көмегімізге жүгінеді. Орталығымызда жедел көмек көрсететін қызмет бар, ол жерде дәрігер, суицидолог, балалар психиатры мен психолог жұмыс істейді. Мектептер дабыл қаққан жағдайда олар топ болып барып көмек көрсетіп келеді. 
Әйтсе де бәрін мектепке сілтей беруге болмайды. Баланың өміріне ең алдымен ата-ана жауапты. Ата-ана – мектеп – қоғам. Осы үш тарап біріге отырып қимылдауы керек. Балалардың зиянды әдеттен аулақ болуы осы үшеуінің жауапкершілігіне, оң әрекетіне келіп тіреледі.  
Ата-аналарға айтарым, балаңыз компьютер алдында ұзақ отырса, оның не істеп отырғанын білуге тырысқан жөн. Бірақ күш көрсетуге болмайды. Неге? Өйткені қазіргі балалардың психологиясы басқа.  Мәжбүрлеген сайын олар ерегісіп, қарсы шығады. Сол себепті әдіс-тәсілдерді өзгерту керек. Білмейтін нәрсесін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ашып айтып беріңіз. Бала өлең айтқысы келіп тұр ма, айтсын. «Дауысың жаман, жараспайды» деп басып тастамаңыз. Үйде балғамен шеге қаққысы келсе – қаға берсін. Аулада асыр салып ойнасын. Баланы шектен тыс өбектеуге де, мүлде назарсыз қалдыруға да болмайды. 
Жасөспірімдер зиянды әдетке бой ұрғанда алғаш қандай белгілер болады және ата-анасы қайда жүгінуі керек?   
Егер баланың мінез-құлқында өзгеріс пайда болса, онда уақыт созудың керегі жоқ, бірден мамандарға алып бару, ақылдасу керек. Көптеген адамдар диспансерлік бақылауға қояды деп қорқады. Біз ата-анасы келісім бермесе, тіркеуге қоймаймыз. Қажетті ақыл-кеңес береміз. Сондықтан қорқудың керегі жоқ. Ал егер есірткіге тәуелді жағдайда – міндетті түрде емдету керек. Ондай жағдайда кейінге қалдыруға болмайды, барлығымыз жабылып көмек көрсетуіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады.  
Баланың кіммен араласатынын, интернетте қандай желілерге кіретінін, қандай клубқа баратынын бақылап отыру керек. Баланың досы болыңыз. Керек кезде әкесі, керек кезде ағасы бола біліңіз. Бірдеңеге мұқтаж болса, басына қиындық түссе жанынан табылыңыз. Жанашырды сырттан іздемесін. 
Жастар – біздің болашағымыз, егер олар әлсіз болатын болса, еліміздің ертеңі не болады? Олар біздің өмірімізді жалғастырушылар, ертеңгі біздің Отан қорғаушыларымыз. Олар – ертең әр саланың тұтқасын ұстайтын мамандар. Еліміздің көк туын биікте желбірететін де солар. Сондықтан осы бастан жас жеткіншектердің денсаулығына баса мән беріп қарауымыз керек. Ұлттың саулығы, ұлттық қауіпсіздік деген осы. 
Әңгімеңізге рақмет. 
Сұхбаттасқан Дина Имамбай

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы