• Мақала
  • 08 Қазан, 2025

Қатайған заң зорлық-зомбылықты азайтады

Кейінгі бірнеше жылдың мұғдарында «тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымы қоғамда жиі айтыла бастады. Әсіресе әйелдер қауымы мен балалар отбасында көрген зорлық-зомбылыққа бұрынғыдай төзіп жүре бермей, жәбір-жапа көргендерін ашық айтып, әлеужелі арқылы тарататын болды. 
Бұған 2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны ықпал етті. Өзгертулер енгізудегі басты мақсат – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттің қай-қайсысы үшін де жауапкершілікті күшейту, отбасы институтын нығайту, кәмелет жасына толмаған балалардың, жасы үлкен дәрменсіз жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.   
Бұл мазмұндағы Заң 2021 жылы да қаралып, алайда қоғам тарапынан түрлі қарсылық туып, қабылданбай қалған еді. Ол кезде «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң деп аталып, қызу талқыға түскен. Заңның қабылдануы «қазақ халқының дәстүріне қайшы», «баламызды сүндеттесек, ата-ана құқығынан айырылады екенбіз» деп құжат туралы жалған ақпарат таратып, қоғамдық көзқарасты бұрмалаушылар да болған. Ол топ отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтамыз деп арнайы заң қабылдау отбасылық құндылықты әлсіретуге алып келеді деген өздерінің қорқынышын ел ішіне жаппай таратып, соған иланған Қазақстанның әр аймағындағы ақын-жазушылар Заңның қабылдануына қарсымыз деп үндеу тастаған. Ал «Не молчи» секілді қоғамдық қорлар сол тұста отбасында зорлық-зомбылық көрген жандардың түрлі оқиғаларынан мысал келтіріп, әлеуметтік желіде түрлі материалдар жариялаған. Сонымен бірге бұл белгілі бір топтың мүддесі үшін, яғни түрлі дағдарыс орталықтарын ашып, сол арқылы ақша жасағысы келген топтардың пайдасына бола қабылданбақшы деген қауесеттер де желдей есті.   
Ал кейбір заңгерлер ондай заңның қабылдануы үшін біздің қоғамға біраз дайындық керек деген пікір айтқан. Олар посткеңестік елдердің көбінде батыстық құндылықтарды елеп-екшемей, тура сол күйінде көшіріп алатын әдет бар екенін, оны құқықтану ғылымында «правовая аккультурация» деп атайтынын жазған. Дамыған елдердегі құқықтық нормаларды дүниетанымы мен менталитеті басқа дамушы елдерге енгізу кезінде кейбір нормалардың ғана еніп, кейбірі кедергіге ұшырап, тіпті кейбірінің кері әсер ететінін айтқан. Дәл осы 2021 жылы бұл Заң шынында заңгерлер айтқан кедергіге ұшырады. Қоғам мүшелерінің кейбірі шынымен оны қауіп көріп, енді бірі дұрыс түсінбесе де дүрмекке еріп қарсы шығып, түбінде заң қабылданбай қалды. Бірақ одан отбасындағы яки тұрмыстағы зорлық-зомбылық азайып кеткен жоқ. Тек жабулы қазан жабулы күйінде қалған еді.  
2022 жылдың қыркүйек айындағы кезекті Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырма берген. Бұл тапсырманы орындау барысында еліміздің тиісті мекемелері түрлі іс-шаралар өткізді. Ондай шараның бірі 2023 жылы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы еді. Дәл осы отырыста Президенттің тапсырмасымен ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгерістер енгізілгені айтылып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдату үшін бірқатар шаралардың қабылданғаны белгілі болды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, полиция бұрынғыдай арыз жазылғанын күтпей-ақ құқық бұзушылық анықталған уақыттан бастап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғай алатын болды. Оған құқық бұзушылықты көрген куәгерлердің жауабы, бейнебақылау камералары мен олардың жазбалары жеткілікті болды.  Осындай шаралар қабылданғаннан кейінгі 10 ай уақыт аралығында отбасындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20 пайызға, қылмыстық құқық бұзушылық 4,2 пайызға, ауыр қылмыстар 12 пайызға азайыпты.   
Осы басқосуда Ұлттық комиссия мүшелері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тек әкімшілік емес, қылмыстық іс ретінде қарауды, Қылмыстық кодекске жеке бап енгізуді ұсынды. Сондай-ақ заңнамаға экономикалық зорлық-зомбылық туралы ұғым енгізілуі керектігі айтылды.    
Осылайша, бірте-бірте қоғамның құқықтық сауаты артып, қоғам тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзбеу әдетін тұрғындарға бірте-бірте меңгертіп, адамдар өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қажет кезінде талап етуге дағдылана бастады. 2023 жылдың қараша айында экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтіріп, оның соты ұзаққа созылды. Бұл атышулы іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, ендігі жерде Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдауына еш кедергі жоқ екенін көрсетті. Соттың жария түрде өтуі өз кезегінде ел тұрғындарының құқықтық сауатының артуына ықпал етіп, қоғамда күш көрсетуге төзбейтін аураның қалыптасуына біршама ықпал етті. Сот процесі құқықтану саласы бойынша білім беретін оқу орындарындағы тәжірибелік сабақ барысында көрнекілік ретінде пайдаланылды. 
Осылайша, қоғамда көп кедергіге ұшырап, қоғамның ауанын ұзақ бақылаған Заң 2024 жылы 15 сәуірде қабылданды. Одан кейін іле-шала Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштан жәбір көрген әйелі Карина Мамаш арыз түсіріп, оның негізінде іс қозғалып сот өтіп, айыпталушыға тиісті жаза тағайындалды. 
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық түрін азайтуды көздеген құжат 15  заңнамалық актіге, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Ілеспе заңға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де түзетулер енгізілді. Кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, жыныстық немесе экономикалық қысым түрінде болуы мүмкін. 
Күш көрсету: бір адам екінші бір адамға күш қолданып, денесін жарақаттап, денсаулығына қасақана зиян келтіру;
Психологиялық зорлық-зомбылық:  адамның психикасына қасақана әсер ету, қорқыту, қорлау, бопсалау, денсаулығына қауіп төндіретін, психикалық дене және жеке бас дамуының бұзылуына әкеп соғатын әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу арқылы ар-намысы мен абыройын түсіру. 
Сексуалдық зорлық-зомбылық: адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін, жеке бас құқығына қарсы қасақана іс-әрекет, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекет. 
Экономикалық зорлық-зомбылық: Адамды заңда көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.  
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам ең алдымен не істеуі керек: 
Бірінші: 102 номері арқылы полицияға хабарласу керек. Qamqor порталы арқылы да өтініш беруге болады. Зорлық-зомбылық көрсеткен адамға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақыруға және олардан өзін сот-медициналық сараптамаға жіберуді сұрауға хақы бар. Полиция қызметкерлерінің өтінішті қабылдамауға хақы жоқ. 
Екінші: 103 номерін теріп, жедел жәрдем шақырыңыз. Әдетте сіз медициналық көмекке жүгінген кезде, дәрігерлер бригадасы да полиция шақыруға міндетті. 
Үшінші: Дағдарыс орталықтарына барыңыз. Қазақстанда 150 деген номермен ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді. Есте сақтауға оңай номер зорлық-зомбылық көрген жандарға арналған, оған еліміздің барлық жерінен, тәулік бойы, қазақ және орыс тілдерінде тегін қоңырау шалуға болады. Сонымен қатар 111 номерлі телефон да азаматтарға арналған. Оған да кез келген уақытта қоңырау шалып, төнген қауіп жайлы айтуға болады.  
2025 жылдың 5 мамыр айындағы мәліметке сәйкес елімізде 74 дағдарыс орталығы бар, оның 22-сі мемлекеттік. Бұл орталықтар белгіленген стандартқа сәйкес зәбір көргендерге құқықтық, психологиялық, т.б. көмектер көрсетеді. 
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бір қарағанда әлеуметтік мәселе секілді көрінеді. Алайда ол әлеуметтік қана емес, психологиялық мәселе. Психолог мамандар зорлық көрсетушілердің не үшін олай істейтінінің себебі өте тереңде дейді.   


Психоанализ бағытындағы психолог, Орта Азия Психоанализ ассоциациясының мүшесі Зүлипа Абдрахманова зорлық-зомбылық көрсетуші адамдардың психоаналитикалық портретін төмендегідей жіктеді: 
*Басқаларды бақылауда ұстауға әуестік: Өзінің әлсіздігін жасыру үшін басқаларды бақылауға тырысады.
* Эмпатияның аздығы: Басқалардың сезімін түсінбеу немесе елемеу.
* Өзін-өзі бағалаудың төмендігі: Өзіне деген сенімсіздігін  басқаларды төмендету арқылы жасырады я тұншықтырады
* Балалық шақтағы жарақаттар: Зорлық көрсетушінің өзі де бала кезінде зорлық-зомбылық көп көрген болуы әбден мүмкін.
Ал зорлық-зомбылыққа көбіне тұлға ретіндегі «мені» әлсіз, психикасы жеткілікті деңгейде қалыптаспағандар ұшырайды екен. Ол қатарға ер де, әйел де, бала да, кәрі де жатуы мүмкін. Демек зорлық көру адамның жынысы мен жасына байланысты емес.
Мысалы буллингке, сексуалды зорлыққа ұшыраған бала не болғанын бірден түсіне қоймауы мүмкін. Қиналып, жанына батқанда ғана жақындарына айтады. Ал егер отбасында айқай-шу көп болса, өзара сенім жоқ болса, болған жағдайды айтуға баланың эмоционалды күші жетпей, ішінде сақтап қалады. Мұндайда балалар зорлық жасаған адамға жазаның бар екенін білмеуі де мүмкін. Бірақ жазаланғанын іштей қалайды. Кейде балаға артылған шексіз үміт, оны өз құқығын қорғай алмайтын етіп қояды.  
Маманның айтуынша, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін психологиялық білім ауадай қажет. Ол үшін мектептер мен жоғарғы оқу орындарында зорлық-зомбылықтың түрлері мен оның салдары туралы білім беру, сондай-ақ түрлі қоғамдық науқандар ұйымдастырып, психологиялық мәдениетті көтеру мақсатында  зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық пікір қалыптастырған жөн. Құрбандар мен зорлық-зомбылық көрсетушілерге психологиялық қолдау көрсету. Сонымен қатар азаматтарды өз құқықтары мен қорғау механизмдері туралы барынша көбірек хабардар ету арқылы құқықтық сауатты арттыру керек. 
Жалпы елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің күшейгенін күш көрсетушілерге тағайындалған жауапкершіліктің қатаңдатылғанынан көруге болады. Бұл өз кезегінде қоғам мүшелерінің зорлық-зомбылыққа төзбеу қабілетін де арттыра түсетіні анық.

Назым ДҮТБАЕВА

552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы