• Мақала
  • 08 Қазан, 2025

TRT ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ: ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Қазіргі заманғы цифрлы технологиялардың дамуы журналис­тика саласына да тың өзгерістер алып келді. Ақпарат таратуда цифрлы медианы қолдану жеделдік пен сапаны арттырып, қоғамның ақпараттық сұранысына сай сапалы қызмет көрсетуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда баспасөз саласындағы халықаралық әріптестіктің орны ерекше. Жуырда «Қазақ газеттері» серіктестігінің журналистері Түркияның Мемлекеттік телерадиокорпорациясында (TRT) тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмас­ты әрі кәсіби біліктіліктерін шыңдап келді.  
Бұл сапар «Қазақ газеттері» серіктестігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік-университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты арасындағы тығыз әріптестік байланыстың нәтижесі. Осыдан бірер жыл бұрын екі мекеме арасында меморандум қабылданып, журналистерге түрік тілі дәрістері ұйымдастырылған болатын (дәрістер қазір де жалғасуда). Осы уақыт аралығында бауырлас халықтың тілін жетік меңгеруге талпынған журналистер Түркияда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік-университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шимшек бей, институт директоры Суат Бейлур және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) қолдау білдірген бұл сапарда қазақ журналистері әлемге танымал телерадиокорпорацияда бір апта бойы дәріс алып, тәжірибе алмасып қайтты.  
Түркия Мемлекеттік телерадиокорпорациясы (TRT) – түрік медиакеңістігінде өзіндік орны бар бұқаралық ақпарат құралы. 1964 жылы негізі қаланған TRT қызметі радио мен телевидение саласында бай тарихы мен ақпараттық адалдық дәстүрін жалғастырып келеді. Телерадио­корпорация жеті құрлыққа телерадио және интернет хабарларын таратады және жүздеген елде тұрақты аудиториясы бар. TRT қызметкерлері бүгінде дәстүрлі ақпарат таратуды заманауи цифрлы қызметтермен шебер үйлестіре білуінің арқасында дәл де шынайы журналистика көшбасшысы ретінде тұтынушы қауымға бірегей және бай контент ұсынып отыр. Бұл табыстың сыры цифрлы трансформация заманында жаңа үрдістерді тап басу және қолданысқа енгізу арқылы көш бас­тауда жатыр. TRT жаһандық медиакорпорация ретінде бүкіл әлемге 50 шақты тілде телерадио хабар таратады, көптеген телеарнасы, төл сериалдар, деректі фильмдер мен мультфильмдер өндірісі, баспа өнімдері, цифрлы платформалары мен веб-қосымшалары, әлемнің әр түкпірінде өкілдіктері бар. Корпорация қызметкерлері қазіргі танымал әлеуметтік желілерді (TikTok, Instagram, X, Facebook, YouTube арналары, т.б.) сәтті пайдаланып, жұмыс процесіне енгізіп, бұл салада да басқалардан оқ бойы озық келеді.  
Бес күндік оқу бағдарламасына негіз­делген тағылымдама TRT академиясының қабырғасында өтті. Алғашқы күні қазақстандық журналистерді қарсы алған TRT Academy басшысы Бирдже Алейна ханым академия қызметімен және мақсат-міндеттерімен таныстырды. 2024 жылы құрылған TRT академиясы осы уақыт аралығында медиа, хабар тарату және коммуникация саласындағы заманауи білім орталығына айналған. Корпорация бұл академияда бүкіл бай тәжірибесі мен технологиялық инфрақұрылымын пайдалана отырып, ондаған бағыт бойынша жүздеген оқу бағдарламасын әзірлеп ұсынып отыр. Бұл бағдарламалар құрамында заманауи әдістемелер негізінде әзірленген бейнесабақтар, жүзбе-жүз және қашықтағы дәрістер, сайт материалдары, аудиокітаптар, сондай-ақ түрлі подкаст өнімдері бар. Медиа мен коммуникация саласындағы даму мен өзгерістерді батыл қабылдаудың және дұрыс қолданудың нәтижесінде TRT Academy ұлттық және халықаралық БАҚ арасында инновациялы, озық медиамектепке айналып үлгергенін айта келе, Бирдже ханым қазақстандық қонақтарына табыс тіледі. Біз де келген күні Анкара аспанын қалың бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп өткенін және әп-сәтте күн шайдай ашылғанын көріп жақсылыққа баладық. 

Цифрлы дәуір бейімделуді талап етеді 

Медиаиндустрияда жетістік тікелей еңбекпен және тәжірибе арқылы келетіні белгілі. Біздің TRT академиясындағы дәрістеріміз де тәжірибе алмасу бағытында өтті. Бұл дәрістер тұтастай цифрлық медиада контент жасаудың қыр-сыры мен ерекшеліктеріне арналды. Алғашқы дәрісті бастаған Гюльчен Сакария дәстүрлі медиа мен цифрлы медианы жаңалықтар қызметінде үйлестіре отырып, тиімділікке жету жолдарын көрсетті. Дәріскердің айтуынша, телеарна хабарлары сайтқа және әлеуметтік желілерге де салынады, оның ішінде ең танымалы – TikTok және Instagram. Ал Х және Telegram желісінде салмақты, маңызды хабарларға мән беріледі. 
«Әлеуметтік желілер – жаңалықты жедел жеткізу, тәулік бойы қолжетімділік, оқырмандардың пікір білдіру мүмкіндігі сияқты артышылықтарға ие болуымен ерекше, – дейді Гюльчен Сакария. – Сондай-ақ біз бұл желілерде өткенге қатысты ақпарат беріп отырамыз, мәліметтерді сілтемемен толықтырамыз. Әсіресе, көрнекі ақпарат, бейне, инфографика қолданудың пайдасы көп». Маманның айтуынша, келіп түскен бүкіл хабардың дереккөздері мен шынайылығы жіті тексеріледі, жалған ақпаратқа жол берілмейді. 
Әлеуметтік желі тұтынушыларының көңілді бейнекөріністерге басымдық беретіні, олардың көп қаралатыны белгілі, бұны түрік әріптестеріміз де айтып өтті. Сондықтан да TRT арналарының хабарлары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында арагідік қызықты, тартымды роликтер де беріліп тұрады екен.  
Дүние жүзі бойынша әлеуметтік желілер статистикасын қарайтын болсақ, әлем тұрғындарының тең жартысынан астамы осы алаңдарды пайдаланады. Интернетте ең көп уақыт өткізетіндер – 16-27 жастағы адамдар. Тұтынушылар күніне орташа алғанда 5-6 сағатын интернетте өткізеді. Әлем бойынша күніне WhatsApp желісінде 41,6 миллион хабарлама жолданады, жасанды интеллектінің ChatGPT қосымшасында күніне бірнеше миллион промпт (сұраныс) жасалады (дереккөз: we are social). Бұл ғаламат цифрлар біздің қоғамда әлеуметтік желілердің қандай рөл атқаратынын көрсетсе керек. Сондықтан да бұл үрдіспен есептеспеске шара жоқ.
Қазір желілерде адамдардың назарын тез аудару және трафикті ұлғайту үшін ақпаратқа сенсациялы тақырып қою етек алды. Гюльчен Сакария ханым бұл тәсіл қажет болса да кликбейт тақырыптарды көп қолданбауға тырысамыз дейді. 
Әлеуметтік желілерде өтімді кон­тенттің арасында бейнеформат бірінші орын алады және бұл қаралымды арттыру үшін де пайдалы. Гюльчен ханымның келтірген дерегіне сәйкес, бір адам айына 182 бейнекөрініс қарайды екен. TRT арналарының журналистері TikTok пен Instagram-да бейнеформаттағы контентті жиі жасайды. Оның ішінде түрлі саладағы хабарлар бар. Соның нәтижесінде арнаның TikTok-та 3 миллион, Facebook желісінде 4 миллион оқырманы бар. Гюльчен ханым өз дәрісінде бейнеконтент жасаудың егжей-тегжейіне де тоқталды. Оның ішінде контент дизайны, қаріптер қолдану, инфографика, иллюс­трация жөнінде сөз болды. 
Бүтін Түркия елі тәрізді, Мемлекеттік телерадиокорпорациясы да өз қызметінде түркі халықтарының бауырластығын нығайтуға баса мән береді. Соның бір дәлелі – түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған бейнеподкаст. Подкастты жүргізуші, цифрлы медиа маманы Айше Шимшек өз дәрісін түркі халықтарына ортақ зиялы тұлға, ағартушы, баспагер Исмаил Гаспралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген сөзімен бастады. Бұл қазақ баспасөзіндегі бүкіл журналист атаулыға өте таныс тұжырым. Түркі тілдес халықтардың бірлігі мен дамуы үшін еңбек еткен, оларды біріктіру идеясының негізін қалаушылардың бірі болған Гаспралы қазақ еліне де қадірменді тұлға. Dilde, fikirde, işte birlik – бұл сөз қазіргі заманда да өте өзекті.
Айше Шимшек цифрлы медиадағы жаңалық форматтары тақырыбында өз тәжірибесіне тоқталды. Оның айтуынша, TRT Haber-дің веб-сайты, мобильді қосымшасы және подкастылары бар. Әлеуметтік желілердегі парақшаларына күніне оншақты бейнеролик салады және мұнда да сапаға баса мән береді. Контенттің бейне, фото, мәтін, т.б. түрлерін қолданады. Сондай-ақ мұнда ғылыми хабарлар бөлімі де бар. Жалпы цифрлы медиа бөлімінде 50 қызметкер жұмыс істейді. 
«TRT Haber подкастылары көп қаралымға ие, – деді Айше ханым. – Мысалы адамдардың өмірі, отбасы туралы бейнекөріністер, түрлі хикаялар миллиондаған рет қаралады». Бұл контент әлеуметтік желілерде кеңінен таратылады. 
Әсіресе, Айше Шимшек жүргізетін түркі халықтарының мәдениеті мен өнері туралы хабардың көрермені көп. Бұл хабарлардың біріне Қазақстандағы белгілі тарихшы-археолог, атақты Берел қорғандарын зерттеуші Зейнолла Самашев қатысқан және бұл подкаст түркі тілдес көрермендердің қызығушылығын туғызған. Ал ортақ түрк әліпбиі туралы ақпарат желіде 2 миллион рет қаралыпты. Әлбетте, түркітілдес елдердің ортақ құндылықтары көп және түркиялық әріптестеріміз бұл алаңды тиімді пайдаланып, маңызды дүниелерді өздерінің кең аудиториясына оңтайлы жеткізіп отыр. 

Әлеуметтік медианы басқару – тиімділіктің кепілі 
Заман көшінен қалмай, цифрлы кеңістіктен өз орнын тапқан TRT және Anadolu Ajansı ақпарат корпорациялары технологиялық трансформацияға жақсы бейімделудің арқасында әлемдегі озық медиа қатарында нық орын алған. Әсіресе түркі елдері әлемі және мұсылман елдерінің тұтынушылары олардың контентін тұрақты қарайды. Бұған әлеуметтік желіні ұтымды пайдалану да көп көмегін тигізуде. 
Академияның тағы бір дәріскері, әлеуметтік медиа маманы Ильхан Гүзел тегін веб-қосымшаларға талдау жасап, медианы басқару жөнінде кең мағлұмат берді. «Өлшей алмаған нәрсені басқара алмайсың» деп менеджмент теоретигі Питер Друкер айтпақшы, Ильхан мырза контент жасау және есеп беру үшін қолданылатын қосымшаларды, дереккөздерді көрсетіп берді. Олардың арасында тартымды визуал, кесте, график жасайтын қолданбалар бар. Әлеуметтік желілердегі парақшаның трафигін өлшеу, жазылушылар туралы мәлімет алу жұмыстың тиімділігін анықтау үшін қажет. Интернеттегі арнайы қосымшалар оқырмандардың кім екенін, нені жиі қарайтынын да көрсетеді. Талдау және жоспарлау құралдары журналистің жұмысына көмекші ретінде және болашақ контентті жоспарлау үшін өте пайдалы. Бұл дәстүрлі баспасөз үшін де қажет, мәселен, газет-журнал сайттарындағы мақалалардың әр мерзімдегі оқылымы, оларды түрлі платформаларда бөлісу, іздеу, қай тақырып өтімді – осының бәрін жіктеп, талдап, статистика мәліметтерін жасап беретін құралдар бар. Мысалы, TRT Haber-дің соғыс ошағындағы балалар туралы бейнекөрінісі 126 миллион рет қаралған. 
Ильхан Гүзелдің айтуынша, TikTok, Instagram, Х және басқа желілерде көрнекілік аса маңызды. Дәріскер жасанды интеллект арқылы көрнекілік жасайтын қосымшаларға тоқталып, егжей-тегжейлі түсіндірді. Олардың арасында Sora, Google, Canva, Gemini және басқалары мәтін жазу, фото-бейнеконтент жасауда таптырмас көмекші. 
Айта кетерлігі, бізге дәріс берген TRT Academy қызметкерлерінің барлығы өз сабағына тыңғылықты дайындалып, дәрістерінің таныстырылымын қазақ тілінде әзірлепті. Бұл қазақстандық журналистерге және еліміздің мемлекеттік тіліне деген құрметі деп бағаладық. Сондай-ақ, түрік тіліндегі дәрістерді толық түсіну үшін аудармашы тартылды, отандасымыз Гүлмира Сандыбаева бұл қызметті жоғары деңгейде атқарды. 
Дәрістер арасында қазақстандық журналистер TRT ғимаратын аралап, арна қызметкерлерінің жұмыс процесімен, бөлімдермен танысты. Алпыс жылдан бері хабар таратып келе жатқан Түркия мемлекеттік телерадиокорпорациясының құрамында 18 телеарна мен 19 радио бар, жаңалықтар платформасы тәулік бойы қызмет атқарады. TRT радиосы 41 тілде әлемнің түкпір-түкпіріне хабар таратады, оның ішінде қазақ редакциясы да бар. «TRT»-ның заманауи инфрақұрылымы да көз тартады, заманауи техника жетістіктерімен жабдықталған, қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. 
Бұдан кейін түрік әріптестеріміз бізді TRT хабар тарату тарихы музейімен таныстырды. Телерадиокорпорация тарихы әлемдік телевидение тарихымен ұштасып жатыр. Бұл музей 1981 жылы ашылған, осы елде қолданылған көне телерадио жабдықтарының коллекциясынан тұрады.  Мұнда ХХ ғасыр басындағы үлкен жаңалық болған өнертабыстар – механикалық құрылғылардан бастап қазіргі заманғы цифрлы құралдарға дейін бар. 1927 жылы хабар тарата бастаған түрік радиостанциясында қолданылған микрофондар, граммофон пластинкалары, дыбыс жазатын құрылғы, радиоқабылдағыш, одан бөлек алғашқы студияларда қолданылған телекамералар, ақ-қара және түсті теледидар, тұңғыш диктордың бейнесі, тағысын-тағы жәдігерлер телерадио тарихынан сыр шертеді. 
TRT хабар тарату тарихының музейінде тарихи жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, шын мәнінде теледидар қызметі туралы білім алып, көзбен көріп қолмен ұстауға болады. Мұнда шымылдықтың артындағы өмір, студиядағы жұмыстың қыр-сыры, виртуалды студия – бәрі-бәрі келушілерге өте қызық. Музейде Ататүрікке арналған экспозиция бар, мұнда әйгілі тұлғаның фотосуреттерімен қатар 1933 жылы республиканың 10 жылдығына орай салтанатты жиында сөйлеген сөзінің түпнұсқа аудиожазбасы сол күйінде сақтаулы. Сондай-ақ түрік елінің шаруашылығы, халықтың тұрмысы туралы сирек те қызықты бейнекадрлар, фотосуреттер де осында. Әрбір жәдігерде елдің шежіресі, адамдардың еңбегі, жұмысына деген ықыласы, сезімі тұнып тұрған талғаммен жабдықталған музейден әдемі әсер алып, мол мағлұматқа қанығып шықтық. 

Контенттің сапасы мен мазмұны маңызды 
Алып телерадиокорпорацияның жаңалықтар қызметі үнемі қыз-қыз қайнап жатады. TRT Haber-дің веб-платформалары мен әлеуметтік желілеріне ақпарат дайындайтын жаңалықтар продюсері Жандан Билгичи өз дәрісінде цифрлы журналистиканың қыр-сырына тоқталды. Жаңалық алудың қайнар көздері ретінде әлеуметтік медианы қалай қолданатындарын айтты. «Қазіргі уақытта қоғамдағы бүкіл оқиғалар ең алдымен әлеуметтік желіде жарияланады. Түркияда адамдардың 80 пайызы ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Біз оқиғаны жаңалыққа айналдыра білуге тиіспіз. Ол үшін дереккөзге мұқият қараймыз, тексереміз, мониторинг әдістерін қолданамыз. Бұл уақытты алады, бірақ біз үшін ақпараттың шынайы болуы маңызды. «Жеделдік – дәлдік – сенімділік» – бұл біздің басты қағидамыз», – дейді Жандан Билгичи. Бұл жағынан TRT Haber қызметкерлері әбден шыңдалғанын байқатты. Дәріскер сондай-ақ іздеу, бақылау, тексеру құралдарымен таныстырды. 
Оқу бағдарламасының үшінші күні теория мен практиканы ұштастырған дәрістер болды. Стамбулдан арнайы келген TRT қызметкері Илияс Умут Өзаджар мобильді журналистика туралы мол мәлімет беріп, өз тәжірибесін келтірді. «Мобильді журналист спорттағы триатлоншы сияқты, жан-жақты болуы керек. Оның алдында ешбір кедергі жоқ» дейді Илияс. Оның айтуынша, 2022 жылғы Түркияда болған жер сілкінісі кезінде TRT журналистері апат ошағынан өздерінің смартфоны арқылы жедел хабар жеткізіп отырған. Илияс Умут мысал ретінде көрсеткен үлгілер олардың тартымды бейнесюжет жасауды шебер меңгергенін көрсетті. 
Илияс бей өз дәрісінде мобильді журналистика құралдарымен таныстырып, олармен жұмыс істеудің ерекшелігі жөнінде айтты. «Біз осы құралдармен кәсіби түрде түсірілім жасап, бейнеконтент өндіре аламыз» дейді ол. Оның ішінде iPhone, түрлі штативтер, жарық құралдары бар. Олардың көмегімен жасалған контенттің телекамерамен жасалған бейнелерден еш кемдігі жоқ, сапалы дүниелер және де олар әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған, адамдардың эмоциясын туғызған. «Немен, қандай құралмен емес, нені, қалай түсіргенің және оның мазмұны маңызды» дейді Илияс мырза. Айта кетерлігі, TRT қызметкерлері цифрлы медиа саласындағы соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін көрдік. 
Илияс Өзаджардың екі күндік дәрісінде біз жұмысты жоспарлау, тақырыпты анықтау, зерттеу, түсірілім жасау, өңдеу, желіде жариялау секілді барлық процесті бірге атқардық. Практикалық сабақта Илияс бейдің басшылығымен бейнесюжетті түсіру, жарықты дұрыс қою, микрофон қолдану және материалды өңдеу әдістерін, маңызды ережелерді үйрендік. Репортаждың тақырыбы TIKA қолдауымен TRT-де өткен оқу бағдарламасы жайында болды. Академия ғимараты алдындағы әдемі табиғат аясында өткен түсірілімнен үйренгеніміз көп. Пайдалы да қызықты бұл машықтар газет-журналда қызмет атқаратын біз үшін өте қажет және алдағы уақытта кәдеге жарайтыны сөзсіз. 
TRT-нің бренд маркетинг маманы, Стамбул университеті коммуникация факультетінің докторанты Биркан Коч әлеуметтік медиа журналистикасының маңызы мен артықшылығы, басты қағидалары жөнінде талдап-таразылап, құнды мағлұмат берді. «Контент нысаналы аудиторияға және әлеуметтік платформаға сай келуге тиіс. Бұл жаңалық мазмұнының сәтті болуының құпиясы. Дер кезінде ақпарат беру, сапалы да бай өнім ұсыну арқылы цифрлы медиадан өз орныңды табуға болады. Ол үшін платформаларды тиімді қолдану керек» дей келе, өз тәжірибесінен үлгі келтірді. 
Биркан Коч келтірген мәліметке сәйкес, Фейсбук желісінде 2017 жылы 3 млрд адам тіркелсе, 2028 жылы бұл сан 6 млрд адамға жетеді. Қазір аталған желіде күн сайын 2,1 млрд адам отырады. Оның ішінде миллениалдар (21-44 жастағы адамдар) басым – 51,6 пайыз. Ал Z буын үшін TikTok – жаңалықтың көзі, музыка мен спорт, ойын, тағам туралы ақпарат алатын жер. Әсіресе әлеуметтік желі тұтынушылары бейнекөріністерді көп қарайды. Бұл ретте YouTube желісі алдыңғы орында. Бұл деректер ақпарат өндіретін мекемелердің осы үрдіске бейімделуі керектігін білдіреді. 
TRT қызметкерлері Эмир Текер және Юсуф Шахин жүргізген сабақтардың да берері мол болды. Эмир мырза цифрлы маркетинг әдістері мен оның маңызына тоқталды. Ол әлеуметтік медиада контент жасауда назар аударатын мәселелер, контент трендтері мен форматы, жарнама сияқты маңызды тақырыптарды айтып берді. Ал Юсуф Шахин TRT-де SEO/ASO маманы болып істейді. Іздеу жүйесін оңтайландыру, SEO процестері, салада көшбасшылық ету сияқты маңызды дүниелерді білу баспасөз қызметкерлері үшін қажет дейді ол. 

Түркі елдеріне ортақ мәдени көпір 
Дәрістерден соң қонақжай түрік әріптестеріміз қазақстан­дық журналистерді TIKA – Түрік ын­тымақтастық және үйлестіру агенттігінің бас кеңсесіне алып барды. Мұнда бізді агенттік басшысының орынбасары Фаһрие Беккайя күтіп алып, мәжіліс залында әңгіме-дүкен құрдық. Фаһрие ханым ең алдымен осы мекеменің қызметімен таныстырды. Бүгінде TIKA – әлемнің әр түкпірінде 170-тен аса жобаны жүзеге асырған іргелі ұйым. Дүние жүзіндегі түркі және мұсылман қауым үшін мектеп, аурухана салу, ескі тарихи, мәдени ескерткіштерді жөндеу-жаңғырту жұмыстарымен айналысатын бұл ұйым қайырымдылық көмектерімен де танымал. Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жөндеуге қол ұшын созып, игілікті іс атқарды. Штаб-пәтердің музей іспетті залында түркі-мұсылмандар үшін қымбат осы кесененің де макеті және Қазақстан байрағы тұр. 
Түбі бір түркі халықтарымен қатынастарды нығайтып, мәдени, экономикалық және басқа салада тығыз байланыс құру Түркия саясатында басым бағыт болып есептеледі. Бұл қатынас 1992 жылы негізі қаланған Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі тарапынан ұзақ мерзімді жобалар арқылы нақты іске асырылып, одан әрмен кеңейе түсуде. 
«TIKA осы жылдар ішінде білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм және өнеркәсіп саласында көптеген іс-шараларға ұйытқы болды. Агенттік жобаларының ауқымы кең: техникалық инфрақұрылымнан мәдениетке дейінгі салаларды қамтиды. Көптеген елде мектептер, ауруханалар, кітапханалар, зертханалар салынды, университеттер құрал-жабдықпен қамтылды. Бүгінге дейін TİKA 30 мыңнан аса жобаны іске асырды. Соның ішінде туысқан түркітілдес елдердегі жобаларымыз біздің ортақ құндылықтарымыздың арқасында тұрақты сипат алды. Біз осы елдердің экономикалық, әлеуметтік және адами дамуға ықпал ететін ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз, тарихи-мәдени мұрамызды болашақ ұрпақтарға жеткіземіз», – деді өз сөзінде Фаһрие ханым. 
Бұдан кейін қазақстандық журналистер өз басылымдарын таныстырып, елден ала келген сый-сияпаттарын тапсырды. Оның ішінде Қазақстан алманың отаны екенінің айғағы ретінде біз ала барған Алматының қып-қызыл апорттары да бар. 
Тағылымдама барысын­да әріп­тестерімізбен бірге осы тағылым­даманың ұйымдастырылуына тікелей дәнекер болған Мұхиттин Шимшек мырза басқаратын Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің бас кеңсесіне де бас сұғып, қызметімен таныстық, алғысымызды жеткіздік.  
Дәрістердің соңғы күні тағылымдамаға қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. TRT Academy басшысы Бирдже Алейна ханым оқу бағдарламасы туралы пікірімізді сұрап, қызығушылығын білдірді. Біз өз тарапымыздан бізге қызықты да маңызды дәрістер өткен Айше Шимшек, Ильхан Гүзел, Жандан Бильгичи, Илияс Умут Өзаджар, Биркан Коч, Эмир Текер, Юсуф Шахин сынды мамандарға, тағылымдама барысында үйлестіруші қызметін атқарған Седа Жан ханымға айрықша алғысымызды білдірдік. Барлық дәріс әріптестердің емен-жарқын әңгімесі, еркін тәжірибе және білім алмасу түрінде өтті. Тағылымдаманы мазмұнды да талғаммен ұйымдастырған TRT академиясы басшылығы мен қызметкерлерінің ықыласына, қонақжайлығына шексіз ризашылық білдірдік. Дәрістердің соңғы күндері мәдени бағдарламаға ұласты. Түркияның әсем де заманауи астанасы Анкара – тарихы терең қала, мұнда көнеден белгілі Ankara Kalesi (қамалы) бар. Ежелгі қалашық өзінің терең тарихымен, құлаққа жағымды шығыс сазының әсем әуені себезгілеген, сауда алаңдарына толы ескі көшелерімен, әйгілі хош иісті түрік кофесін ұсынатын мейрамханаларымен өзгеше әрі тартымды. 
Анкараның жүрегі – Чанкая ауданында орналасқан ерекше тарихи орын – Түрік Республикасының тұңғыш президенті, елдің ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік жерленген Anıtkabir кесенесі әрбір түркиялық үшін отаншылдықтың бастауы, ұлттық мақтанышы. Кесененің іргетасы 1944 жылы қаланып, 1953 жылы салынып біткен. Әрбір тасы мен кірпіші тарихқа тұнған, отаншылдық сезімге бөлейтін, тарих пен тұлғаға құрметті паш ететін осынау еңсесі биік рухани ғимараттан жыл бойы адам арылмайды. Біз де Ататүріктің жатқан жеріне тағзым етіп, туысқан түрік еліне бейбіт өмір мен өркендеу тіледік. 
Біз кез келген адам ақпарат таратушыға айналған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сапалы да шынайы, дәл де сенімді ақпарат тарату – әрдайым кәсіби мамандардың еншісінде қала береді. Сондықтан да дәстүрлі медиа мамандары цифрлы заман көшіне лайықты ілесуге тиіс. Анкара сапарынан түйген ойымыздың бір парасы осындай.  
Түркия астанасында өткен бір апталық тағылымдаманың тағылымды тұстары өте көп. Біз жаңа білімдермен қатар, жаңа тақырыптар және пікірлес дос, әріптестер таптық. Дәріскерлердің тәжірибесі арқылы жаңа дүниелерге үңілдік. Журналист қызметінде тың идеялар, жаңа көзқарас осылай туады. 

Дина ИМАМБАЙ
Алматы – Стамбул – Анкара – Стамбул – Алматы 

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы