- Мақала
- 08 Қазан, 2025
Жаңа министрлік жаңа сапаға жол ашады
Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауын 8 қыркүйек күні жолдады. Жолдаудағы ең маңызды жаңалық Жасанды интеллект министрлігін құру туралы бастама болды. Мемлекет басшысы «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.
Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.
Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», – деді.
«Ақиқат» журналының тілшісі осыған орай мамандардың пікірін білу үшін Satbayev University-нің қауымдастырылған профессоры, PhD Арай Қасенхан мен SDU University-нің аға оқытушысы Шахназар-Сұлтан Манбайға сұрақ жолдап, жауап алды.
Министрлік жұмысы кешенді стратегия жасаудан басталса...
– Жасанды интеллект министрінің міндеті мен мақсатына не кіруі керек?
– Арай Қасенхан: Менің ойымша жасанды интеллект министрінің негізгі міндеттері ең бастысы жасанды интеллектті дамыту және қолдану бойынша дұрыс стратегия әзірлеу және оны тұрақты түрде жаңартып отыру. Бұл стратегия елдің экономикалық, білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және өнеркәсіптік басымдықтарымен тығыз үйлесуі тиіс.
Оған қоса, университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары – ЖИ саласындағы негізгі білім ошағы. Сондықтан министрлік жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыста болып, сарапшыларды осы ортадан тартуы қажет.
ЖИ саласы күн сайын жаңарып отыр. Егер министрлік дер кезінде әрекет етпесе, елімізге өзге елдерден артта қалу қаупі төнеді. Сондықтан басты мақсаттың бірі – өзгерістерге тез жауап беру және даму қарқынын реттеу. Медицина, білім, өнеркәсіп және басқа да салаларды ЖИ арқылы өзара байланыстыратын дұрыс механизм құру. Бұл бүкіл цифрлық жүйенің теңгерімді әрі дұрыс дамуына мүмкіндік береді.
Шахназар-Сұлтан Манбай: Министрлік жұмысы ЖИ-ді дамытудың бірыңғай стратегиясын құрудан, этика мен қауіпсіздік мәселелерін реттеуден, осы саладағы мамандардың біліктілігін жетілдіру мен инфрақұрылымды дамытудан басталуы керек. Жасанды интеллект технология ғана емес, білім, мемлекеттік қызмет және экономикаға қажет белгілі бір ережесі бар құрал екенін түсіну маңызды.
Министрліктің басты міндеттерінің бірі осындай интеграцияны қамтамасыз ету болуы керек, өйткені жасанды интеллект қуатты құрал және оны күнделікті өмірде ғана емес, медицина, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға да енгізу қажет.
– Бұл істерді қолға алуға мүмкіндік беретін мамандар жеткілікті ме?
Арай Қасенхан: Кадрлық әлеуетті дамыту – жасанды интеллект министрлігінің тағы бір маңызды міндеті. Қазақстанда ЖИ саласындағы мамандар саны әлі аз, бірақ қолда бар кадрлардың сапасы өте жоғары. Бұл мамандар әр қадамын саналы түрде жасайды және әлемдік даму қарқынымен қатар жүр. Бұған мысал ретінде Satbayev University ғалымдарының жоғары сапалы халықаралық журналдарда жарияланып жатқан еңбектерін келтіруге болады.
Барлық салаға жеткілікті кадр әлі қалыптасқан жоқ, сондықтан жаңа буынды тәрбиелеу және қолдау аса маңызды.
Менің ойымша енді қолға алынатын істің жүйелі болуы үшін осындай шаралар ұсынуға болады:
Біріншіден, мемлекеттік деңгейде мектептерден бастап университеттер мен курстарды қамтитын кешенді бағдарламалар құру. Ол арнайы бір ғана бағдарлама болмау керек, әр білім ордасына арнайы жасалса одан шығатын қорытынды да сапалы болады.
Екіншіден, Ғылыми-зерттеу орталықтары мен заманауи зертханаларды дамыту.
Үшіншіден, Халықаралық ынтымақтастықты күшейту, қазақстандық мамандардың шетелде тәжірибеден өтуіне және үздік орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасау. Бізде тек Болашақ бағдарламасы ғана бар, бірақ оның шарттары көп адамға әлі де қол жетімсіз. Осы механизмді жеңілдету жолдарын тауып, мамандардың білім сапасын жетілдіруге қолдау көрсету.
Шахназар-Сұлтан Манбай: Иә, Қазақстанда ЖИ және оған қатысты салаларда білікті мамандар бар. Олар университеттерде, ғылыми орталықтарда және IT компанияларда жұмыс істейді. Дегенмен, олардың санын арттыру маңызды. Ал ол жаңа кадрларды дайындауды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, ел ішінде тағылымдамадан өтуге және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік жасауды талап етеді. Қазақстандағы бірнеше ЖОО-ы белсенді түрде маман дайындап жатыр. SDU-да да ЖИ зертханасы бар, онда студенттер өнеркәсіптік жобаларға қатысады және өздеріне көмекші ретінде чат-боттар жасайды. Біз студенттерді AWS Academy бағдарламалары арқылы оқытамыз, бұл бізге қажетті білім мен практикалық дағдыларды меңгертуге мүмкіндік береді.
– Ал қазір техникалық әлеуетіміз қандай?
Арай Қасенхан: Қазақстанның техникалық әлеуеті әзірге толыққанды деңгейге жеткен жоқ. Тіпті ірі университеттердің өзінде де қарапайым зертханалардың тапшылығы сезіледі. Бұл оқытушылар мен студенттердің заманауи құралдарға қол жеткізуін шектейді. Ғалымдар мен білім алушылар «заманға сай қаруланған» болуы керек: тек сапалы біліммен ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманғы құралдармен де жабдықталуы тиіс.
Біздің білім жүйеміз сапалы, ал қазақстандық жастардың интеллектуалды әлеуеті жоғары. Әлемдік жетекші ғалымдар да біздің студенттер мен жас зерттеушілердің зеректігін, логикалық ойлауын және қабілетін жиі атап өтеді. Бұл – үлкен артықшылық.
ЖИ тек алгоритм емес, ол үлкен деректерді қажет етеді. Ал үлкен деректерді өңдеу үшін қуатты ресурстар: есептеу кластерлері, GPU/TPU серверлері, дата-орталықтар және бұлттық технологиялар керек. Техникалық база күшеймесе, біздегі «күшті бастардың» әлеуеті толық ашылмай қалады.
Сол үшін менің ойымша, университеттер мен зерттеу орталықтарын қазіргі заманға сай зертханалармен және есептеу ресурстарымен қамтамасыз ету және ұлттық деңгейде жоғары өнімді есептеу (HPC) инфрақұрылымын дамыту жақсы нәтиже беруші еді.
Шахназар-Сұлтан Манбай: Техникалық әлеуетіміз бірте-бірте қалыптасуда. Қазірдің өзінде жаңа дата орталықтар салынуда, заманауи серверлік жабдықтар сатып алынуда, ауқымды деректерді сақтау және өңдеу платформалары жасалуда. Бұл ЖИ және цифрландыру жобаларының әлеуетін қолдайтын маңызды іргетас.
– Цифрлы ел болсақ, цифрлық қауіпсіздікті де қамтамасыз ету мәселесі алға шығады. Ол үшін не істеу керек?
Арай Қасенхан: Қауіпсіздік – цифрлық мемлекеттің ең маңызды тіректерінің бірі. Қазіргі заманда ақпарат алтынға тең: кім ақпаратқа ие болса, сол артықшылыққа ие. Сондықтан деректерді қорғау – стратегиялық басымдық.
Жасанды интеллект деректерге сүйенеді, ал олардың дұрыстығы мен қауіпсіздігі елдің тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында ақпаратты дұрыс сақтау, қорғау және пайдалану бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі.
Киберқауіпсіздік – ең күрделі және үздіксіз өзгеріп отыратын сала. Егер деректер қорғалмаса, ЖИ-ды дамыту орнына қауіп-қатер артуы мүмкін. Ол үшін істі мына қадамдардан бастасақ:
1) Ұлттық деңгейде деректерді қорғаудың бірыңғай стратегиясын әзірлеу.
2) Тек қана отандық мамандарды даярлап, оларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету. Бұл шетелдік тәуелділіктен арылуға көмектеседі.
3) Киберқауіпсіздік бойынша мамандандырылған оқу бағдарламалары мен зерттеу орталықтарын құру.
4) Деректерді сақтауда халықаралық стандарттарды енгізу, бірақ қауіпсіздікті бақылау ел ішінде болуы тиіс.
Шахназар-Сұлтан Манбай: Цифрлық қауіпсіздік барлық жобалардың негізі болуы тиіс. Деректерді қорғау, ЖИ-жүйелеріне аудит жүргізу, киберқауіпсіздік бойынша мамандар даярлау және күрделі инфрақұрылымның орнықтылығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ халық арасында кибергигиена мен сандық хабардарлықтың деңгейін арттыру өте маңызды, әр адам желіде қандай әрекеттер қауіпсіз екенін және өз деректерін қалай қорғайтынын білгені дұрыс.
– Цифрлық кодексті қабылдау барысында не ескерілген жөн?
Арай Қасенхан: Кейінгі ақпараттардан білгеніміздей Цифрлық кодексті қазір Парламент Мәжілісі қарап жатқан көрінеді. Оны пысықтау Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізіледі екен. Кодекс жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub платформасына жарияланатынын білдік.
Цифрлық кодекс – бұл тек заңнамалық құжат емес, ол әртүрлі саланың мамандарын біріктіретін кешенді еңбек болуы тиіс. Сол себепті кодексті дайындауға деректерді қорғау, зияткерлік меншік, IT-құқық салаларында тәжірибесі бар заңгер мамандар, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектті іс жүзінде қолданатын сарапшы деңгейіндегі IT және AI мамандары, медицина, білім беру, өнеркәсіп, қаржы сияқты салалардан практик мамандар қатысты деп үміттенеміз. Мұнда ескеретін ең маңызды нәрсе кодексте Этика мамандары деген ұғымның енгізілуі. Этика мамандары ЖИ-дың қоғамға әсерін ескеріп, этикалық нормаларды реттеуге атсалысуы керек. Соңғы жылдары университеттерде этикалық комитет құру мәселесі жиі талқыланып жүр. Егер мұндай идея мемлекет деңгейінде қолдау тапса, онда бұл комитеттер ЖИ-ды қолданудағы этикалық нормаларды бақылап, дұрыс бағыт беруге мүмкіндік алар еді.
Кодекс жазуға тек теориямен шектелмей, ЖИ-ды күнделікті тәжірибесінде қолданатын адамдарды да тарту қажет. Сонда құжат өміршең болып, іс жүзінде жұмыс істейді.
Шахназар-Сұлтан Манбай: Цифрлық кодексті қабылдау барысында бағдарламашылар мен заңгерлердің ғана емес, сондай-ақ киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар, инженерлер, деректерді талдаушылары, педагогтар, экономистердің де пікірі ескерілгені жөн. Құжат цифрландырудың техникалық қана емес, әлеуметтік, құқықтық және этикалық аспектілерін де ескеруі үшін пәнаралық ынтымақтастық орнауы аса маңызды.
Сұрақтар дайындап, пікірлерді топтастырған
Назым ДҮТБЕВА
875 рет
көрсетілді0
пікір