• Мақала
  • 17 Қазан, 2025

САХНА ӨНЕРІНІҢ АЙТӨБЕЛ АРҒЫМАҒЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыстың 60 жылдық мерейтойына орай туған жері Шонжы ауылында «Өнер – тәуекелі жеткеннің тұғыры» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесінің шығармашылығына арналған фотокөрме ұйымдастырылып, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Бес бойдаққа бір той» қойылымын ұсынды. Дара дарыны мен азаматтық болмысымен қайраткерлік деңгейге көтерілген тұлғаға көрсетілген құрмет өнер мерекесіне ұласты.

Актер Бекжан Тұрыс – бүгінде қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов театрындағы белді буынның өкілі, өнер ордасының іргесін нығайтқан майталман актерлардың жалғасы, ұлылардың аманатына адалдық танытып келе жатқан азамат-актер. 1991 жылдан бері осы театрда қызмет атқарып келе жатқан өнер иесі осы киелі сахнада сомдаған рөлдерімен көрермен жүрегіне жол тапса, адамгершілік пен ізгілікті ту еткен бекзат болмысымен халқымыздың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Кәсіби шеберлігі мен талантының және тынымсыз ізденістің арқасында қайталанбас образдар галереясын жасаған Бекжан Асаубайұлының шығармашылығы ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Осы ретте көрнекті театр сыншысы, өнертанушы Әшірбек Сығай бір сөзінде: «Бекжан шыға келгенде саxнаға бейнебір қазақ даласы көшіп келгендей әсерде боламын. Оның дауыс мәнері, үнінің интонациялық бояуы, рең-ажары қазақ псиxологиясының шуағын шашады» деуі тегін емес. Ол қазіргі театр өнерінің майталманы ғана емес, азаматтық ұстанымы мығым тұлға ретінде де танымал. Айналада болып жатқан оқиғаларға үнемі сергек көзбен қарайтын, керек тұста кешегі би-шешендерше қара қылды қақ жарып, әділеттің сөзін айта білетін қасиетімен үлкен-кішіні тәнті етуі бір бөлек. Өнерімен де, өмірімен де ұлтымыздың ең үздік қасиеттері мен құндылықтарын дәріптеп келе жатқан Бекжан Асаубайұлына деген халқымыздың ықылас-құрметінің сыры да осында жатса керек. Бұны туған жерінде өткен мерейтой кеші тағы бір дәлелдеді.

Ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық қасиетті бірінші кезекке қоятын актер-азаматтың мерейтойына арналған іс-шаралар Шонжы ауылына кіреберістегі Әлмерек Жаншықұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым ету рәсімінен басталды. Жергілікті жұрт әйгілі Әуезов театрының артистерімен қауышып, көзайым болды. Асқаралы 60 жас мерейтойға арналған ән-жыр кешін өзінің кіндік қаны тамған жерінде өткізуге келген талантты ұлын жерлестері айрықша қошеметпен қарсы алды. Ән-күймен басталған салтанатты кеш ізгі тілектермен жалғасты.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова өз сөзінде Бекжан Тұрыстың актерлік және азаматтық тұлғасына тоқталды. «Театр әлеміне ерекше леп, жаңа тыныс әкелген тұлғаның шығармашылығы әрдайым ұлт мұратымен үндес, әрбір сахналық образы мен тың дүниелерінен Отанға, елге, жерге деген ыстық сүйіспеншілік пен азаматтық үн естіледі. Бекжан Асабуайұлы – өнер арқылы жұртың жүрегіне жол тауып, жас ұрпаққа рухани бағдар беріп келе жатқан біртуар талант. Ол қайда жүрсе де туған жері, қасиетті Шошанай ауылын, Аспантаудың етегіндегі Қарадала өңірін жүрегінің төрінде ұстап, әрдайым ел мен жер амандығын тілеп жүретін азамат. Өзінің өмірлік ұстанымы мен өнердегі ізденісінен туған топырағына деген сағыныш пен ілтипат сезіледі. Бүгінгі кеш иесінің шығармашылық жолы тек өнер әлеміндегі үлкен белес қана емес, сонымен қатар ұлт мәдениетіне қосылған зор үлес, туған жерінің мерейін асқақтататын мақтаныш. Қазақтың төл өнерін қадірлеген, театр әлемінің биігін бағындырған өнер иесінің ұлттық мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Туған жері өзіңіздей дара перзентімен мақтанады. Сіз салып келе жатқан өнер соқпағы, туған жерге деген сүйіспеншілігіңіз бен адалдығыңыз өскелең ұрпақ үшін үлгі мен өнеге», – дей келе, мерейтой иесінің қажырлы қызметіне табыс тіледі.

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың мерейтой иесіне арналған құттықтауын елорда төрінен арнайы келген депутат Жанарбек Әшімжан жеткізді. М.Әшімбаев өз хатында белгілі актерді қазақ мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан дарын иесі және ұлт жанашыры ретінде ерекше құрмет тұтатынын білдіре келіп, шығармашылығы төл құндылықтарымызды насихаттауға, сабақтастықты сақтауға және жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді дарытуға арналғанын атап өткен.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің жүрекжарды лебізін білдірді: «Осынау найзағайдың отынан нан пісірген алмағайып шақта театр өнері бүкіл ұлтты, бүкіл елді, бүкіл халықты тәрбиелеп жатқан ұлы шаңырақ. Алыстан, ойдан-қырдан ағылып қалаға келген бозбала студенттер Алматыға табан тіреген кезде ең бірінші осы театрға баратын. Тоқсаныншы жылдар сияқты өте қиын уақытта Бекжан ағаларымыз театрды тастамады. Жалпы өнер адамының өмірі сырттай керемет көрінгенмен, олардың да тағдыры бар, сүйініші бар, күйініші бар. Заманымыздың, қоғамымыздың, еліміз бен жеріміздің, тіліміз бен діліміздің басынан өтіп жатқан ахуал өнер адамының жүрегінен өтеді. Соны сахнаға алып шығып, бүкіл халыққа мұңын да, сырын да өнер тілімен жеткізеді. Бірақ шын мәнінде олардың жүрегіне түскен салмақ та ауыр. Бекжан ағамыз кешегі даңқты ұлы актерларымыз Нұрмахан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев бастаған, одан кейінгі Уайыс Сұлтанғазин, Тоқсан Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев, Құдайберген Сұлтанбаев, Төлеубек Аралбай ағаларымыз жалғаған көштің лайықты ізбасары деп білеміз. Сондықтан біз бұл буынның театр өнеріне адалдығы, халыққа сыйлаған кереметтей тарихи рөлдері үшін басымызды иіп, алғыс айтамыз. Шерхан Мұртаза айтқандай, «театр көп жерде түрме аз болады». Сол қасиетті өнердің төрінде жүрген Бекжан Асаубайұлы қандай да болсын атаққа, марапатқа лайықты тұлға. Еліміздің қай өңірінде барса да Бекжан ағамыздың өнерін құрметтейтін әлеумет аз емес. Бұл жалпы театр өнеріне деген үлкен құрмет» деп, актер ағасына арнаған өлеңімен сөзін түйіндеді.

Кеш барысында М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, еңбек ардагері әрі кәсіпкер Стахан Белғозиев, актер Бауыржан Қаптағаев мерейтой иесіне деген ақжарылқап тілектерін білдірді, Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазиев әннен шашу шашты. Кеш барысында жиналған қауым режиссер Есмұхан Обаевтың «Абай», Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» қойылымдарынан үзінді тамашалады. Аудан халқының аяулы ұлына деген ерекше ықылас-құрметін Бекжан Асаубайұлының әріптестері мен бауырлары, кәсіпкерлер табыстаған автокөлік пен мінгізген тұлпар айшықтай түсті.

Осы күні түстен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлары Ұйғыр аудандық Мәдениет үйіне жиналған қауымға «Бес бойдаққа бір той» қойылымын ұсынды. «Өмір – рөл емес, әр рөл – өмір» деп сахна төріне жазылғандай, басты кейіпкер Қырманбайдың рөліндегі Бекжан Тұрыс пен басқа да актерлердің шеберлігі мен үздік ойынына тәнті болған көрерменнің риясыз қошеметі мен ықыласында шек болмады. Бұл ықылас-пейіл өнерге құрметтің белгісі және азаматын ардақтаған елдің шынайы қуанышын білдірсе керек.

Мерейтой аясында Шошанай ауылында жастарға арналған мәдени-спорт кешенінің алғашқы қазығы қағылды, өзі оқыған орта мектепте бұрыш ашылды. Ұлтының сөзін сөйлеп, құнды қазынасын талмай насихаттап келе жатқан, өнерге адалдығы және әділетсүйгіш болмысымен елінің сүйіспеншілігіне бөленген Бекжан Асаубайұлының шығармашылығы мен қайраткерлік қызметі өскелең жастарға үлгі-өнеге болатынына сенім мол.

Дина Имамбай

 

 

 

 

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы