• Ел мұраты
  • 20 Қазан, 2025

ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ БАЙЛАНЫСЫ: ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ӨНІМ

Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауында Ақтөбе облысында карбамид өндіретін газ-химия кешенін салу туралы, құны бір миллиард АҚШ долларынан асатын келісім ерекше атап өтілді. Бұл KMG PetroChem (АО «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы) мен CNPC компаниясы арасындағы келісім. Осыған орай, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы KMG PetroChem компаниясымен бірлесіп, «Ғылым академиясы және бизнес: инновациялық даму жолы» атты ғылыми-өндірістік кеңес өткізді және өзара меморандумға қол қойылды.  

Бұл іс-шара ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы және бизнестің ғылыми зерттеулерге инвестиция салуы арқылы олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізудің нақты үлгісі болды. Жиында карбамидті қолдану тәжірибесі қарастырылып, отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту перспективалары бағаланды, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалды. Осындай өзара іс-қимыл тетігі ғылым мен өндірістің тұрақты серіктестік моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту және тұрақты шикізат базасын қалыптастыру; тыңайтқышты еліміздің әртүрлі өңірлерінде тиімді қолдану бойынша ұсыныс әзірлеу; импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық карбамидпен қамтамасыз ету; ғылыми әзірлемелерді ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тәжірибесіне енгізу мәселелері талқыланды. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ.Күрішбаев: «Нарық конъюнктурасының жылдам өзгеріп отырған жағдайында қазақстандық бизнес үшін бағыт-бағдар табу барған сайын қиындай түсуде, әсіресе климат, шикізаттың әлемдік бағалары мен логистика шектеулері сияқты сыртқы факторларға айтарлықтай тәуелді ауыл шаруашылығы саласында. Мұндай жағдайда интуицияға ғана сүйенген инвестициялар көбіне негізсіз әрі шығынды болып жатады. Сондықтан ғылыми верификацияны басты шарт ретінде айқындайтын жаңа басқарушылық парадигма қажет: алдымен – стандартталған зерттеулер мен сынақтар, содан кейін – индустриялық деңгейге дейін кеңейту. Дәл осылай әлемнің жетекші аграрлық экономикалары жұмыс істейді.

Бұл үдерістегі Ұлттық ғылым академиясының рөлі – жүйелі сипатта. Академия сыртқы кеңесші емес, ғылыми-индустриялық үлгінің сәулетшісі ретінде әрекет етеді. Капиталды көп қажет ететін жобалар жүйелі ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік апробациялардың нәтижелеріне негізделуге тиіс. Тек тәжірибе жүзінде дәлелденген деректер, экономикалық есептер мен болжау модельдері ғана стратегиялық инвестицияларды негіздеудің сенімді тірегі бола алады. Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығы тұрақты табысты қамтамасыз етеді және Қазақстан экономикасына ғылым мен бизнестің қосатын үлесін арттыра түседі», – деп атап өтті.

 «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Д.Диянов: «Қазақстанның аграрлық саласы үшін карбамид — жай ғана тыңайтқыш емес, ол өнімділікті арттырудың, жер ресурстарын тиімді пайдаланудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Елде ауыл шаруашылығы әлеуеті зор болғанымен, минералдық тыңайтқыштарды қолдану деңгейі әлі де өте төмен. Қыркүйек айының басында ШЫҰ аясында CNPC компаниясымен карбамид өндіретін зауыт салу жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды — бұл жоба жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтын маңызды қадам. Жылына 800 мың тоннаға дейін тыңайтқыш өндіру қуатына ие зауытты іске асыру фермерлерді қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады және бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсуіне берік негіз қалайды»

Отырыс жұмысына мұнай-газ және аграрлық бизнес өкілдері, отандық және халықаралық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «KMG PetroChem» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын институционалдық тұрғыда нығайтудың және интеграциялық жобаларды дамытуға ұзақ мерзімді негіз қалау жолындағы маңызды қадам болмақ.

Дина ИМАМБАЙ

 

 

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы