• Ел мұраты
  • 22 Қазан, 2025

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы: Жауапты өндіріс – өнім сапасын арттыратын алғышарт

Өнім сапасының артуына бірнеше фактор әсер етеді. Экономист ғалымдар өнім сапасын жаңа деңгейге көтерудің басты шарты – жауапты өндіріс дейді.

Жалпы жауапты өндіріс дегеніміз не, оның өнім сапасына, өндірушінің жауапкершілігіне, экология мен әлеуметтік жауапкершілікке қандай қатысы бар?

Осы бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарынан құралған зерттеу тобы PhD, доцент Ақнұр Жидебекқызының жетекшілігімен Қазақстан кәсіпорындарындағы жауапты өндірістің даму деңгейін бағалау бойынша сауалнама жүргізген екен. Сауалнаманың маңызы мен нәтижесі жөнінде осы зерттеу тобының мүшесі Экономика институты «ZertteuLab» зертханасының меңгерушісі, PhD, әлеуметтанушы Айсұлу Молдабековадан сұхбат алдық.

  • Жауапты өндіріс деген қандай ұғым, ол өндірушіге не береді?

  • Жауапты өндіріс тек экологиялық қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік туралы ұғым емес. Жауапты өндіріс – өнім сапасын арттырудың негізгі шарты. Өйткені өндіріс процесінде энергияны үнемдеу, қалдықтарды басқару, ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық стандарттарды сақтау – барлығы да өнімнің сапасына тікелей әсер етеді. Бұл тәсіл технологиялық дәлдікті арттырып, тұтынушыға экологиялық таза әрі сенімді өнім дайындауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі жауапты өндіріс бағытында енді-енді жұмыс істей бастады. Сала ЖІӨ-нің 12,9%-ын және парниктік газдардың 13,6%-ын құраса да, көптеген кәсіпорында энергия тиімділігі мен шығарындыларды бақылау толық жолға қойылмаған. Бұл өнім сапасының тұрақтылығы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне селкеу түсіруі мүмкін. Сондықтан экологиялық-операциялық тиімділікті арттыру өнімнің сапасын жүйелі түрде жақсартудың маңызды тетігіне айналуы тиіс.

– Сонда бұл өндірушінің жауапкершілігіне тікелей әсер ететін мәдени ұғым деуге негіз бар ғой?..

– Дұрыс айтасыз, жауапты өндіріс мәдениетін қалыптастыру – өнімнің өзіне ғана емес, оның өмірлік цикліне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Шикізат таңдаудан бастап, дайын өнімнің тұтынушыға жетуіне дейінгі әрбір кезеңде сапа, қауіпсіздік және әлеуметтік құндылық ұштасуы қажет. Өнім өндірудегі мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, қоғамның, яғни тұтынушының өндірушіге деген сенімін де нығайтады. Себебі қазір сапалы өнім – тек технологиялық жетістік емес, ол өндірушінің жауапкершілін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

  • Сіздер Қазақстан кәсіпорындарындағы жауапты өндірістің даму перспективалары туралы зерттеу жүргізген екенсіздер? Зерттеудің мақсаты неде, нәтижесі қандай болды?

  • Жалпы өндірісте нақты белгіленген Тұрақты даму мақсаттары бар. Солардың бірі 12-мақсат, яғни жауапты тұтыну және өндіріс. Біздің зерттеуіміз елдегі кәсіпорындардағы жауапты өндірісті осы ТДМ -12 ге жету құралы ретінде зерттеп, оның әлеуеті мен даму перспективаларына үңіліп көру мақсатында, сауалнама тәсілімен жасалды. Зерттеу әртүрлі саладағы 100 кәсіпорынды қамтыды, оның ішінде металлургия – 35%, көлік жасау – 13%, тамақ өнімдері өндірісі – 10%, жеңіл өнеркәсіп – 9%, ал мұнай, газ және құрылыс материалдары секторлары – әрқайсысы 8%-ды құрады. Өңірлік тұрғыда зерттеу ең алдымен Қазақстанның негізгі индустриялық аймақтарын қамтыды: Қарағанды облысы – 36%, Жетісу – 23%, Маңғыстау – 11%. Сонымен қатар Павлодар, Қостанай, Астана және Алматы өңірлерінен де қатысушылар болды. Бұл аймақтардың экономикалық әртараптандыру мен өндірістік ерекшеліктерін  көрсетуге мүмкіндік берді.

  • Сонда сіздер оны қандай көрсеткіштер арқылы бағаладыңыздар?

  • Экологиялық тиімділік, ресурстарды ұтымды пайдалану, қалдықтарды басқару және әлеуметтік жауапкершілік сияқты көрсеткіштер арқылы   бағалауға тырыстық. Сауалнама нәтижесінде энергияны үнемдейтін, экологиялық стандарттарды қатаң ұстанатын кәсіпорындарда өнім сапасы артып, өндірістік ақаулар азайғаны және тұтынушылар сенімінің артқаны байқалды.

Қазақстанда экологиялық жауапкершілік бизнес этикасының маңызды бөлігіне айналып келеді. Дегенмен, нақты инвестициялық әрекеттер бұл үрдіске әлі толық сәйкес келмей отыр: компаниялардың небәрі 9%-ы ғана өз кірісінің бір бөлігін экологиялық жабдықтарға бағыттайды, ал 91%-ы мұндай шығынды, тіпті жоспарламаған. Бұл кәсіпорындардың басым бөлігі үшін экологиялық жаңғырту тек декларативті сипатта, яғни тек құжат жүзінде екенін көрсетеді. Ал экологиялық сертификаттау жағынан жағдай біршама белсендірек: 61% компания тиісті сертификатқа ие, тағы 20%-ы рәсім үстінде. Соған қарамастан, әр бесінші кәсіпорын, яғни 19%-ы әлі де сертификаттау үдерісін бастаған жоқ. Бұл экологиялық менеджмент стандарттарын қабылдаудағы дифференциация мен стратегиялық көзқарастың әркелкі екнін аңғартады. Көптеген кәсіпорын ISO 14001 сияқты халықаралық жүйелерді немесе ұлттық салалық талаптарға сай сертификаттарды таңдайды.

Алайда сертификатқа ие болу әрдайым экологиялық тәртіптің сақталуын білдірмейді. Соңғы бес жылда компаниялардың 43%-ы экологиялық заңнаманы бұзғанын мойындаған: оның ішінде 12%-ы –1–2 рет, 10%-ы – 3–5 рет, ал 21%-ы – бес немесе одан да көп рет заң бұзған. Бұл көрсеткіш кәсіпорындардың шамамен жартысына жуығы экологиялық нормаларды сақтауда жүйелі қиындықтарға тап болып отырғанын айғақтайды. Демек, Қазақстандағы экологиялық саясаттың басты сын-тегеуріні – декларативті жауапкершіліктен нақты әрекетке көшу, яғни инвестиция, технология және корпоративтік мәдениет деңгейінде тұрақты экологиялық мінез-құлық қалыптастыру болып отыр.

– Жауапты өндірістің бір белгісі қалдықтарды басқару екенін айттыңыз. Компанияларда қалдықтарды басқару ісі қаншалықты жолға қойылған екен?

Компаниялар қайта өңдеу және қайта пайдалану бастамасына әртүрлі деңгейде қатысатынын көрсетті (1 сурет). Компаниялардың тек 15%-ы қалдықтарының 75%-дан астамын қайта өңдейтінін немесе қайта пайдаланатынын хабарлаған, ал 8%-ы 50-75% аралығында, тағы 8%-ы 25-50% аралығында қайта өңдейтінін көрсетті. Компаниялардың 14%-ы тек 10-25% қалдықты қайта өңдейтінін, ал 13%-ы 10%-дан аз қайта өңдейтінін көрсетті. Алайда респонденттердің 42%-ы қалдықтарды басқару көрсеткіштерін бағалау қиын екенін айтты. Бұл тұрақты даму көрсеткіштерін бақылау және есеп беру саласында олқылықтың бар екенінің белгісі болуы мүмкін.

Біз бұл көрсеткіштердің кестесін де жасадық.

 

1 сурет - Компаниялар қайта өңдеген немесе қайта пайдаланған қалдықтардың пайыздық үлесі.

– Компаниялар қалдықтарды азайту әрекетін қалай жүзеге асырады екен?

– Өндіріс процесінде қалдықты азайту әрекеті әр компанияда әртүрлі жүзеге асады. Ең жиі қолданылатын шаралар қатарында қалдықтарды кәдеге жарату бойынша өзге ұйымдармен ынтымақтастық орнатуды респонденттердің 28,5%-ы көрсеткен, өндірістік процестерді оңтайландыру арқылы қалдықтарды азайтуды – 27,5%. Материалдарды қайта пайдалануға арналған технологияны 16% компания қолданса, 12%-ы қалдықтарды кешенді қайта өңдеу бағдарламасын әзірлеп, енгізуде. 9,5% компания экологиялық таза және қайта пайдаланылатын материалдарды қолданады екен. Бұл материал таңдау стратегиясы әлі де сирек екенін көрсетеді. Ал компаниялардың 5%-ы қалдықты азайту бойынша арнайы шара қабылдамайтынын, 1,5%-ы өзге нақты көрсетілмеген шараларды қолданатынын хабарлады.

 

2 сурет - Компаниялардың қалдықтарды азайтуға бағытталған стратегиялары (%)

 

 – Жалпы компаниялар өндірістің экологияға зиянын азайту үшін жаңа әдіс-тәсілдер де қолданылатын шығар?

Компаниялар арасында экоинновацияларды енгізу деңгейі әртүрлі, олардың 80%-ы экологиялық бастамаларға белгілі бір деңгейде қатысатынын айтты. Олар ең жиі қолданатын экоинновация – энергия тиімділігін арттыру және ресурстарды тұтынуды азайту, оны респонденттердің 34%-ы атады. Сонымен қатар, компаниялардың 24%-ы өндірістік процесте экологиялық таза технологияларды белсенді түрде енгізетінін хабарлады, ал 14%-ы экология саласында зерттеулер мен әзірлемелер жүргізеді. Жаңартылатын энергия көзін сауалнамаға жауап берген компаниялардың тек 3%-ы қолданса,    5%-ы экологиялық таза өнім әзірлеп, сатад. Айта кету керек, компаниялардың 20%-ы экоинновацияларды мүлде енгізбейтінін мәлімдеді, бұл өндірістік тәжірибені тұрақты түрде жақсарту қажет екенін көрсетеді.

 

  1. сурет - Компаниялар тәжірибесінде экоинновацияларды енгізу

 

Өндірістік қауіпсіздік те жауапты өндірістің бір шарты. Сіздер зерттеген компанияларда оның деңгейі қандай?

–  Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ең кең таралған шара – тұрақты оқыту және нұсқаулық өткізу, оны респонденттердің 34%-ы жүзеге асырады. Қазіргі заманғы және қорғаныс жабдықтарын енгізу де маңызды бағыт болып табылады, оны 32,5% компания атап өтті. Бейнебақылау және бақылау жүйелері 31,6% компанияда қолданылады. Компаниялардың аз бөлігі – 1,4% – қазіргі уақытта өндірістік қауіпсіздік шараларын қолданбайтынын хабарлады, ал 0,5% компаниялар өзге нақты көрсетілмеген шараларды көрсетті. Бұл нәтижелер компаниялардың көпшілігі жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін түрлі алдын алу шаралары мен технологиялық шешімдерді белсенді қолданатынын көрсетеді.

 

4 сурет - Өндірістік қауіпсіздік шаралары (%)

 

  • Жауапты өндірісті кеңінен енгізу үшін нақты қандай шаралар қажет деп санайсыз?

  • Жауапты өндіріс – бұл экономикалық тиімділік пен экологиялық сананың үйлесімін білдіретін жаңа даму бағыты. Ол өнім сапасын арттырумен қатар, қоғамның сенімін арттырып, өндіріс мәдениетін өзгертеді. Қазақстанда бұл үрдіс қалыптасу үстінде: экологиялық сертификат алған кәсіпорындар көбейіп келеді, бірақ экологиялық инвестициялар мен қалдықтарды қайта өңдеу ісі әлі де жеткіліксіз. Көптеген компания үшін экологиялық жаңғыру тек ниет деңгейінде қалып отыр. Сондықтан алдағы міндет – декларациядан нақты іске көшу, яғни экоинновацияларға инвестиция салып, энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды азайту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Осындай кешенді қадамдар ғана елді тұрақты даму жолына түсіріп, жауапты өндірісті Қазақстан экономикасының басты қағидатына айналдырады.

  • Сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА

 

 

344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы