- Мақала
- 31 Қазан, 2025
АГРОКЛИМАТТЫҚ КАРБОН ПОЛИГОНЫ АШЫЛДЫ
Жаһандық климаттың өзгеруі және парник газдары шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында карбонды егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналуда. Соның бір дәлелі – Ақмола облысы Шортанды ауданында А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында «KAZ AGRO CARBON» – еліміздегі алғашқы агроклиматтық карбон полигоны ашылды.
Бұл ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында атқарған іс-шараларының нәтижесі. Полигон А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында орналасқан, ресейлік серіктес – Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы.
Полигонның ашылу салтанатына ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар Вице-министрі М. Ошурбаев, Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми-технологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Шашкин А.П., Ресей ғылым академиясының вице-президенті, академик П.А. Чекмарёв, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, ФАО сарапшылары, Г.В. Лейбниц атындағы Ганновер университетінің Топырақтану институтының ғалымдары, отандық және шетелдік ғалымдар мен фермерлер қатысты.
Полигон типтік агроландшафттық аумақта орналасып, экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.
Сараптамалық бағалау бойынша, Қазақстанда көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы жыл сайын ел экономикасына 25 млрд долларға дейін тартуға мүмкіндік береді, бұл орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа перспективалар ашады. Полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, олар жиналған көміртегіні сертификаттау және көміртегі квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәтижелерді нақты экономикалық табысқа айналдыруға жол ашады.
Карбон полигонының ашылу аясында карбонды егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен полигон жұмысының басым бағыттары талқыланған көшпелі кеңес өткізілді.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаев:
«Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық әрі климаттық мақсаттарды жүзеге асырудың басты бағыты. Біздің елімізде топырақ пен биомассада көміртегіні жинақтау әлеуеті зор. Кең жайылымдар мен игерілмеген жерлерді қалпына келтіріп, оларды тиімді көміртегі қоймасы ретінде пайдалануға болады.
Осы тұрғыда Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығымен бірлесіп құрылған бұл карбон полигоны азық-түлік қауіпсіздігі міндеттерін ұлттық климаттық стратегия мақсаттарымен біріктіруге мүмкіндік береді. «Kaz Agro Carbon» карбон полигоны – көміртегі теңгерімі мен парниктік газдарды өлшеу, модельдеу, болжау және басқару бойынша бірегей ғылыми-тәжірибелік база әрі тиімді алаң болады. Екі елдің ғалымдары ауыл шаруашылығы экожүйелерінде парниктік газдар шығарындыларын азайту және көмірқышқыл газын сіңіру технологияларын әзірлеп, сынақтан өткізеді», – деп атап өтті.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін Полигон экологиялық және экономикалық артықшылықтарды біріктіретін маңызды құрал болмақ. Ол оларға ғылыми зерттеулер мен сынақтардың нәтижелерін нақты өндірістік жағдайларда қолдануға, көміртегі несиелері мен қосымша табыс алуға мүмкіндік береді.
Жиынға арнайы келген профессор Г.Гугенберг:
«Бұл жоба агроэкожүйедегі көмиіртегі циклы ағыны процестерін білуге бағытталған, ол парник газдары қалдықтарын азайтуға және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектеседі. Сондай-ақ, жоба фермерлер үшін қорсымша табысты қамтамасыз етеді. Мен топырақтанушы ретінде айтарым, топырақ климаттың өзгеруі жағдайында тұрақты ауыл шаруашылығы үшін маңызды рөл атқарады. Қазақстан бидай өндірісі бойынша 8-ші орын алады, сондықтан топырақтағы көміртегі құрамын арттырып, біз оның өнімділігін жақсартамыз. Бұл бкіл аграрлық сектордың жағдайын нығайтады.
KAZ Agro Carbon жобасының Бараев институты базасында орналасуы өте сіәтті және стратегиялық шешім. Жоба табысты болатынын сенімдімін» деп жобаға сәттілік тіледі.
Көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін Қазақстанда агроэкожүйелердегі көміртегіні басқарудың жүйелі моделі қажет. Академия ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаға арналған «Карбонды егіншіліктегі топырақ көміртегін және парниктік газдарды басқарудың кешенді және интеграцияланған тәсілдері: топырақ құнарлылығын арттыру және аграрлық сектордың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты техникалық тапсырма жобасын әзірледі.
Ресейлік әріптестер екі ел арасындағы карбондық «полигонын» ашу жөніндегі келісімдердің маңыздылығын және оны іске асырудың нақты қадамдарын жоғары бағалады. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу, климаттық және агротехнологиялық бастамаларды дамытуға жаңа серпін береді.
Назым ДҮТБАЕВА


156 рет
көрсетілді0
пікір