• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

АЛМАТЫ КІТАПХАНАЛАРЫНДАҒЫ СИРЕК КІТАПТАР МЕН ҚОЛЖАЗБАЛАР ҚОРЫ

Салыстырмалы талдау

Айгерім Мұратқызы,  
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Кітапхана – ұлттық мәдениеттің және тарихи-ғылыми мұраның бас­ты сақтаушысы. Ғасырлар бойы жинақталған кітапхана қоры – қоғамның мәдени және интеллектуалдық дамуының тірегі. Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қоры – әр дәуірдің үнін, тілін, мәдениетін, ұлттың рухани болмысын сақтап қалған уақыттың тірі куәсі.
Алматы кітапханаларында қанша мыңнан астам сирек кітаптар мен қолжазбалар сақтаулы деп ойлайсыз? 10 мың емес, 100 мың емес, 359 мыңнан астам сирек қор бар десем сенесіз бе? 
Мысалы, 2010 жылы 11,5 миллион АҚШ долларына, тағы бір данасы 2000 жылы өткен аукционда 8,8 миллион долларға, жалпы алғанда, көшірмелері 50 миллион АҚШ долларынан астам сомаға сатылған кітаптың бір нұсқасы біздің де елімізде сақтаулы екенін білесіз бе?
Сирек кітаптар мен қолжазбалар туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен мына сұрақтарға жауап іздеп көрейік: 
Сирек кітап пен қолжазбаны неге басқа кітаптардан бөліп алып, «сирек» деп атаймыз? «Сирек кітап» пен «қолжазба» терминдерінің түп-тамыры қайдан бастау алады? Сөздіктерде бұл терминдер қалай түсіндірілген?
Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 6-томында қолжазба туралы былай жазылған: Қолжазба – 1) автордың қолымен жазылған немесе компьютермен терілген жазбаша шығармасы; 2) баспаға ұсынылған немесе теруге жіберілген материалдың түпнұсқасы.
Хельсинки университетінің (University of Helsinki) оқытушылар, зерттеушілер және студенттер арасында ақпарат алмасу мен бірлескен жұмысты ұйымдастыруға арналған ашық мазмұнды ресми платформасында қолжазбаға қатысты төмендегідей анықтама берілген: Қолжазба сөзі латын тіліндегі manus – «қол» және scribere – «жазу» сөздерінен шыққан, қолмен жазылған құжат дегенді білдіреді. Ол папирусқа пергаментке немесе қағазға жазылған мәтін түрінде болады. Бұл анықтамаға тасқа, қабырғаға және т.б. жазылған жазулар әдетте кірмейді.
Қолжазба термині сондай-ақ қазіргі заманғы мәтіндердің баспаға жіберілетін соңғы нұсқасын білдіру үшін де қолданылады. Ал, 2001 жылы Douglas R. Harper негізін қалаған Online Etymology Dictionary сайты – ағылшын тіліндегі сөздердің этимологиясын зерттейтін онлайн сөздік. 50 000‑нан астам сөз қамтылған сөздікте қолжазба туралы мынадай анықтама берілген:
Қолжазба (manuscript) – қолмен, сиямен, қарындашпен және т.б. жазу құралдарымен жазылған кітап, мақала немесе басқа құжат, яғни баспа арқылы шығарылған дүниелерден ерекшеленетін мәтін. Әсіресе, баспа ісі қолданылғанға дейін жазылған қолжазбаларға қатысты қолданылады. Бұл сөз шамамен 1600 жылы зат есім ретінде қолданылған, ал бұған дейін, 1590 жылдары, сын есім ретінде – «баспа емес, қолмен жазылған» деген мағынада қолданылған. Ортағасырлық латын тіліндегі manuscriptum – «қолмен жазылған құжат» деген сөзден шыққан, ол өз кезегінде латынша manu scriptus – «қолмен жазылған» тіркесінен құралған.
Dictionary.com – ағылшын тіліндегі ең танымал онлайн сөздіктердің бірі. Бұл сөздікте сөздердің мағыналары, синонимдері, қолдану үлгілері, этимологиясы, аудармалары, сөз тіркестері және тағы басқа лексикалық ақпараттар беріледі. Сирек кітап туралы төмендегідей қысқаша анықтама жазылған: Сирек кітап – бұл ерте басылған, шектеулі данамен шығарылған, шыққан жылы, басылымының немесе түптеуінің ерекше сипаты не болмаса тарихи маңызы арқылы ерекшеленетін кітап дегенді білдіреді.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар ұғымына түсінік бергеннен кейін, келесі маңызды мәселе – олардың кітапхана қорына қандай жолмен жинақталатыны және қор құрамына енгізу барысында нақты қандай өлшемдер басшылыққа алынады? Сирек қордың қалай жиналатыны мен қандай өлшемдерге сәйкес іріктелетіні – маңызды ғылыми-кітапханалық мәселе болып табылады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры негізінен бірнеше жолмен қалыптасады. Ең алдымен, олар:
1) Сатып алу арқылы – арнайы антикварлық кітап дүкендерінен, кітап аукциондарынан, жеке коллекционерлерден сирек басылымдар сатып алынады. Бұл ретте кітаптың тарихи, ғылыми, мәдени құндылығы ескеріледі.
2) Сыйға тарту – белгілі ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері немесе олардың ұрпақтары өздерінің жеке мұрағаттарынан сирек басылымдарды, қолжазбаларды кітапхана қорына тапсырып отырады. 
3) Мекемелер арасындағы алмасу нәтижесінде – архивтерден, ғылыми орталықтардан, басқа да кітапханалардан құнды құжаттар мен кітаптар арнайы келісім негізінде сирек қор бөліміне берілуі мүмкін.
4) Мемлекеттік жобалар аясында – ел көлемінде ұлттық мұраларды жинақтауға бағытталған бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылады.
5) Ғылыми экспедициялар нәтижесінде – сирек қорды қалып­тастырудың ерекше және аса маңызды жолдарының бірі – ғылыми-этнографиялық немесе археографиялық экспедициялар. Ғалымдар Қазақстанның түрлі аймақтарына, тарихи-мәдени орталықтарына, елді мекендерге, мешіттер мен медреселерге, көпті көрген ауыл ақсақалдары мен көне кітап сақтаушыларға арнайы экспедициямен барып, құнды қолжазбалар мен көне басылымдарды тауып, зерттеп, кітапхана қорына алып келеді. Мұндай жолмен алынған материалдар сирек қордың шынайы тарихи құндылығын арттыра түседі.
Сирек кітаптар мен қолжазбаларды қор құрамына енгізу барысында нақты бірнеше маңызды өлшемдер басшылыққа алынады. Атап айтқанда:
1) Басылымның шыққан уақыты – 1940 жылға дейінгі (кейбір кітапханаларда 1945 жылға дейінгі) басылымдар сирек қор ретінде қабылданады. Алайда, ерекше тарихи, ғылыми немесе мәдени маңызы бар кейінгі кезең кітаптары да іріктелуі мүмкін.
2) Шектеулі таралымы мен ерекше басылымдық сипаттары – аз данамен шыққан, арнайы тапсырыспен дайындалған, ерекше безендірілген немесе көркемделген кітаптар сирек саналады.
3) Қолжазбалық нұсқасы – қолмен жазылған тарихи құжаттар, авторлық нұсқалар, шежірелер, хаттар мен күнделіктер ерекше сақталып, ғылыми айналымға енеді.
4) Мәдени және ғылыми маңыздылығы – ұлттық әдебиет, тіл, тарих, этнография, дінтану, философия салаларындағы бірегей еңбектер сирек қордан орын алады.
5) Тұлғалық меншігі немесе аннотацияларымен ерекшеленуі – белгілі тұлғалардың жеке иелігінде болған кітаптар, авторлық қолтаңбалар, жеке жазбалар мен белгілер бар басылымдар сирек қор ретінде тіркеледі.
ҚР Ұлттық кітапханасының 2009 жылы 30 қыркүйекте ғылыми-әдістемелік кеңесінде мақұлданған Сирек (құнды) басылымдарды іріктеудің белгілері жайлы нұсқаулығында сирек кітаптарды бөлудің негізгі принциптері мен сирек кітаптың белгілері жазылған. Нұсқаулықтан үзінді:
Сирек кітаптарды бөлудің негізгі принциптері:
– хронологиялық;
      – тарихи;
– мемориалдық; 
– тілдік;
– ерекшелік (басылымның өзгешелігі). 
Хронологиялық принцип Қазақстан Республикасының тарихына, әлемдік тарихты білу мен түсіну деңгейіне, сая­си жағдайларға, мәдени процесстегі түсініктерге байланысты болады. Тарихи маңызды кезеңде шығарылған тұтас басылымды мұра деп есептейді.
Тарихи (әлеуметтік-құнды) принцип мұраларды белгілеуде кітапты мемлекеттің немесе сол аймақтың (облыстың) мәдениеті мен тарихының көрінісі ретінде қарастырады. 
Мемориалдық принцип тарихта, рухани өмірде, ғылымда, мәдениеттің кез келген бағытында белгілі орын алатын, танымал адамдар жайлы басылымдарды жинақтау және сақтау дәстүрімен байланысты болады. Бұл жеке тұлғалар ғана емес, сонымен қатар ұжымдық топ, олардың қызметі жоғарыдағы екі принципке сәйкес және баспа ісіне байланысты болады: бұл – институт, мемлекеттік мекеме, баспахана, т.б. болуы мүмкін. Басылымдардың тарихи-мәдени маңыздылығына байланысты іріктеледі. 
Мемориалдық және тарихи (әлеуметтік-құнды) принципі баспа кітаптардың данасына да, басылымына да, коллекциясына да қатысты. Тарихи оқиғалар немесе ұлы тұлғаларға қатысты өзіндік ерекше кітаптар міндетті түрде құндылықтар қатарына жатқызылуы тиіс. 
Тілдік принцип бойынша сирек кездесетін тілде немесе белгілі бір аймақтың сирек кездесетін тілінде басылған, бірнеше тілде бірге немесе өткен уақыттарда жойылып кеткен тілдерде басылған кітаптар жинақталып, сақталады.
Басылымның ерекшелігі (өзгешелігі) принципінде баспа сипатының өзіндік ерекшелігі ескеріледі. Мысалы: көлемі, теру тәсілі, бояулары ерекше, тиражы аз, сирек кездесетін әріптермен, сирек кездесетін техникаларды қолдану арқылы және табиғи материалдар қолданылған кітаптар.  
Сирек кітаптың белгілері: 
Сирек және құнды басылымдарды іріктеуде кітапхана, кітапханатану ғылымының теориясы мен тәжірибесі нәтижесінде қалыптасқан сирек кітаптың негізгі белгілері:
1.Басылым жарыққа шыға салысымен ескерілетін сиректік:
-  атақты, ерекше, өзгеше басылымдар (форматы, безендірілуі, материалы, баспа техникасына байланысты); 
2.Басылым немесе дананың тарихи жағдайына немесе тағдырына байланысты ескерілетін сиректік:
– тыйым салынған әдебиеттер, табиғи апатты жағдайлардан жоғалып, жойылып кеткендер;
–  тарихи ұлы тұлғалар жайындағы кітаптар.
3.Басылым алғашқы дереккөз ретінде ескерілетін сиректік:
–  ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген алғашқы басылымдар;
–  авторлық үлес белгісі, түзетілген данасы;
–  құжаттық деректемелер (маңызды тарихи кезеңдерде шыққан басылымдар).
1.Типографиялық түпнұсқа ретінде ескерілетін сиректік:
– атақты баспаханаларда жарық көрген басылымдар (Эльзевир, Этьенн, Альд және т.б.);
          – жаңа   н/е  ерекше   безендіру   техника­сы.
    2. Қазақ тіліндегі және Қазақстан туралы кітап ескерткіштері жоғарыдағы 1-4 бөлімдерге сәйкес, Қазақстанның өзіндік ерекшеліктері ескеріле отырып анықталады.
Сирек және құнды құжаттар түрлеріне жататын жазба мұралар:  қолжазбалар, кітаптар, үндеу парақтар, кітапшалар, плакаттар, журналдар, газеттер, сурет-бейнелеу басылымдары (изобасылым), микрофильмдер және микрофишалар.
Сирек кітаптар тарихи-мәдени құндылық дәрежесі бойынша әлемдік, ұлттық, аймақтық және жергілікті болып бөлінеді:
Әлемдік деңгейдегі сирек кітаптар жалпы адамзаттың дамуы мен қалыптасуына жан-жақты әсері зор, әрі әлемдік мәдениет туындылары болып саналады.
Ұлттық деңгейдегі сирек кітаптар алдымен Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысты, содан кейін әлем елдерінің тарихы мен мәдениетіне байланысты ескерткіштерді қамтиды.
Аймақтық деңгейдегі сирек кітаптар маңызы жағынан Қазақстанның облыстары, яғни белгілі бір аймақтың тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысты болады.
Жергілікті деңгейдегі сирек кітаптар белгілі бір мекенге қатысты өте құнды кітап, сонымен қатар мемлекеттегі этникалық топтар тұтас орналасқан жерлерге қатысты. 
Сирек кітаптар мен қолжазбалар терминін талдап, олардың кітапхана қорына іріктеп алынуын зерделеп алсақ, ҚР Ұлттық кітапханасы, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби кітапханасының сирек қорларын салыстырып, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтап көрейік. 
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. 
1931 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитеті Мемлекеттік көпшілік кітапхана құру туралы қаулы қабылдайды. Осы кезеңнен бастап тарихи жазба деректерді, соның ішінде көне қолжазбалар мен ертедегі баспа кітаптарды бір орталыққа жинап, келешек ұрпаққа жеткізу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Осы мақсатта алғашқылардың бірі болып «Краеведение» (Казахстаника) деп аталатын бөлім ашылады. Ал 1938 жылдан бастап Ұлттық кітапхана құрамында сирек кітаптар мен қолжазбаларды жүйелеу үшін арнайы бөлім жұмыс істей бастайды. Жалпы оқырманға арналған алғашқы оқу залы 1941 жылы 4 маусымда ашылды. Бөлім алғашқы құрылған кезде қорда небәрі 1004 сирек басылым болса, кейінгі жылдары материалдар саны күрт артып, ерекше құнды мұраларға айналды. Қазіргі таңда қорда қазақ тіліндегі басылымдармен қатар, әлемнің әртүрлі халықтарының сирек жазба жәдігерлері сақталған. Бүгінде «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорында 40 мыңға жуық материал бар, олардың қатарында мерзімді басылымдар, микрофильмдер, микрофишалар, электронды көшірмелер және тағы басқа құжаттар қамтылған. Қорда 13 шығыс және 13 батыс тіліндегі бірегей жазбалар, 1000-ға жуығы қолжазба. 
Қордағы жинақталған кітаптар XII ғасырдан XX ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі кезеңді қамтиды. Мазмұн жағынан бұл еңбектер тарих, этнография, география, медицина, математика, философия, мәдениет, тіл білімі, сопылық ілім, діни әдебиеттер және т.б.
Сирек басылымдардың коллекциясын саралап айтсақ:
1.Қолжазбалар: қазақ, орыс және шығыс тілдерінде.
2.Қазақ кітаптары (араб және латын шрифтімен жазылған);
3.Мерзімді басылымдар: қазақ, орыс және шығыс тілдерінде.
4.Қазақстанды, Орта Азияны зерттеуші, саяхатшы еуропалық ғалымдардың еңбектері;
5.Шіркеулік-славян, көне-славян және орыс баспа кітаптары;
6.Батысеуропалық алғашқы басылымдар;
7.Шығыстық алғашқы баспа кітаптар (шағатай, түрік, өзбек, татар, араб, парсы т.б. тілдерде);
8.Ескіқытай-Веньян тіліндегі корей кітаптары (XIX-ХХ ғ. басы);
9.Миниатюра кітаптар;
10.Автордың қолтаңбасы бар кітаптар, т.б.
Сирек қордағы шығыс қолжазбалары жинағы XII–XIX ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл жазбалар мазмұны жағынан сан алуан тақырыптарды – тарих, география, медицина, математика, философия, мәдениет, әдебиет, тіл білімі, суфизм мен діни танымға қатысты еңбектерді біріктіреді. Жазу мәнері мен жанрлық түрлері де әртүрлі: қисса, хамса, хикмет, шежіре, дастан, нама, хат, диалог, естелік, рисала, аңыз әңгімелер және тағы басқа үлгілер кездеседі. Қолжазбалар негізінен араб, парсы, шағатай және басқа шығыс тілдерінде жазылған.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 1929 жылға дейін араб графикасымен жарық көрген қазақ тіліндегі басылымдар, сондай-ақ 1929 – 1940 жылдар аралығында латын әліпбиімен басылған кітаптардың бірқатары сақталған. Бұл қорда халқымыздың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының тұңғыш басылымдары ерекше орын алады. Мәселен, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарық көрген алғашқы шығармалар жинағы, Ыбырай Алтынсариннің «Начальное обучение киргиз (казахов) русскому языку» (1879) атты оқулығы мен 1899 жылы басылған «Хрестоматиясы», сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың 1904 жылғы «Шығармалары» сирек кездесетін құнды мұралар қатарында.
«Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы. 
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы қазақ халқының мыңжылдық әдеби-мәдени мұрасын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті орын.
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі 1959 жылы 22 қаңтарда Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тікелей бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда кітапхана қорында 300 мыңға жуық сирек қор бар.
Қорда XII ғасырдан бастап XXI ғасырға дейінгі аралықты қамтитын қолжазбалар мен сирек ғылыми басылымдар, көне славян тіліндегі кітаптар, орыс зерттеушілерінің Қазақстан жөніндегі еңбектері, шетелдік сирек басылымдар, шығыс тілдеріндегі кітаптар, сондай-ақ микрофильмдер және фото көшірмелер, диссертациялар мен авторефераттар, 1917 жылға дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар мен ХХ ғасырдың 1940 жылдарына дейін жарық көрген ғылыми әдебиеттер, авторлардың қолтаңбасы бар кіші көлемді басылымдар, факсимиле, карталар мен ноталардың жекелеген үлгілері сақталған. 
Қордағы ең көне жәдігерлердің бірі – XII ғасырға тиесілі, ежелгі еврей тілінде бұзау терісіне жазылған діни қолжазба – «Тора». Бұл ерекше қолжазба Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан табылған. 
Сирек қорда сақталған маңызды еңбектер қатарында XVIII ғасырдан қалған Құран Кәрім қолжазбасы, 1819 жылы Қазанда жарық көрген «Ахбар Шыңғысхан уә Ақсақ Темір» (XIX ғ.), XVIII ғасырға жататын «Хандар шежіресі» бар. Сонымен қатар, Абылай ханға дейінгі қазақ хандары туралы шежірелік жазбалар да кездеседі. Абылай ханға байланысты қорда 35-тен астам қолжазба сақталған. Олардың арасында: «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал И.И. Шпрингерге жазған хаты» (1765–1767 жж., түпнұсқа, Абылай ханның өз мөрі басылған), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), Әбілқасым Фирдаусидің ұлы дастаны «Шахнаме» (Ораз Молда ақын аударған қазақша нұсқасы), моңғол тіліндегі «Гэсер поэмасы» қолжазбасы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, А. Диваев, Абайдың жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері қорда сақтаулы.
Сирек жәдігерлер қатарында Қазақстан мен Орталық Азия тарихына қатысты орыс тіліндегі көне басылымдар мен шетелдік сирек басылымдарды да ерекше атап өткен жөн. Мысалы Джон Джеймс Одюбонның «Америка құстары» атты кітабы Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында сақталған. Аталған кітап өте жоғары бағаланатын әрі көп ізделетін еңбектердің бірі болған. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасы – ұлттың зияткерлік дамуына ықпал ететін, үздіксіз ғылыми-зерттеу үдерісіне және жаңа білімдерді таратуға арналған сапалы ақпарат пен қызмет түрлерін ұсынатын мекеме. Бұл бағытта кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ерекше орын алады. Аталмыш қор негізгі кітап қорының мамандандырылған бөлімі ретінде жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда сирек кітаптар мен қолжазбалардың жинақталу кезеңі XVI ғасырдан XXI ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтиды. Қорда ғылымның әртүрлі салалары бойынша жинақталған ғылыми, тарихи-мәдени және көркемдік құндылыққа ие 19 мыңға жуық сирек әрі құнды кітаптар бар. Бұл кітаптар 13 тілде сақталған: қазақ, орыс, латын, неміс, француз, ағылшын, испан, поляк, түрік, араб, шағатай, парсы, қытай тілдерінде.
1920 жылға дейінгі кезеңге жататын 3483 дана кітап бар. Көптеген кітаптарда иелері жазып қалдырған қолтаңбалар мен сыйға тарту белгілері сақталған. Әл-Фараби кітапханасының сирек қорында шығыс тілдерінде жазылған бірегей қолжазбалар мен сирек 433 кітап бар. Бұл кітаптарды Қызылорда өңірінде ұстаздық етіп, ұлтымыздың руханиятына өзіндік үлес қосқан Қабыланбайұлы Дүйсенбек ақсақалдың жеке қорынан әкеліп, ұрпақтарының шешімімен кітапхана қорына тапсырған. 
Аталған қолжазбалар мен сирек кітаптар болашақта ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан жан-жақты зерттеліп, аударылып, ғылыми айналымға еніп, еліміздің игілігіне қызмет етеді деген ойдамыз. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың ортақ қазынасы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби кітапханасының сирек қорларын қосқанда мақаланың кіріспесінде айтып өткен Алматы қаласындағы үш бірдей кітапхана қорында 359 мыңға жуық сирек қор бар. Бұл мәліметтерге Алматы қаласындағы архив, музей мен басқа кітапхана қорларында сақталған сирек кітаптар мен қолжазбалар саны енгізілмеген.
Жоғарыда келтірілген кестелік талдау нәтижесінде бұл үш кітапхананың тарихи даму жолы, тілдік құрамы, қор ерекшелігі мен зерттелу деңгейі жағынан өзіндік айырмашылығы болғанымен, оларды ортақ мақсат – ұлттық мұраларды сақтау, зерттеу және ұрпаққа жеткізу біріктіреді.
Үш кітапхананың сирек қорындағы ұқсас немесе бір-бірін толықтыратын қолжазбалар мен кітаптарды бірлесіп зерттеу, жинақтау, түсіндіру және цифрлы форматта ортақ базаға біріктіру – болашақта тың ғылыми жобаларға жол ашады. Бұл бағытта жүргізілетін кешенді зерттеу жұмыстары тек бір мақала емес, іргелі ғылыми еңбектер мен бірлескен монографияларға арқау бола алатыны сөзсіз.
Үш кітапхананың сирек қорында өзара ұқсас немесе бірін-бірі толықтыратын материалдар көптеп кездеседі. Бұл бір жағынан ғылыми қауымдастық үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай дүниелерді кешенді түрде салыстыра отырып зерттеу, библиографиялық сәйкестендіру, мәтіндік талдау және филологиялық сипаттау – болашақта орындалуы керек жұмыстар. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір кітапхана өз қорындағы сирек мұралармен ғана шектеліп қалмай, бірлесе отырып жұмыс атқаруы қажет. Сирек қорларды жинақтау, жүйелеу, сипаттау, зерттеу және ең бастысы сандық форматқа көшіру бағытында интеграцияланған ғылыми-институционалдық ынтымақтастық аса маңызды.
Цифрлы трансформация – заманауи ғылым мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Бұл ретте үш кітапхана сирек қорларын ортақ бір платформада біріктіру арқылы «қолжетімді ғылым» қағидасына сай қызмет ете алады. Ортақ деректер базасы немесе электронды кітапхана құру арқылы отандық және шетелдік зерттеушілер үшін сирек қорларға қолжетімділікті кеңейту – Қазақстанның ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейге шығарудың бір тетігі болмақ. Сонымен қатар, бұл қадам болашақта іргелі ғылыми еңбектер мен бірлескен монографиялардың жазылуына, жаңа ғылыми мектептердің қалыптасуына, пәнаралық зерттеулердің дамуына серпін береді.
Бұдан бөлек, сирек қорлардың тілдік құрамын зерттеу – Қазақстандағы тіл тарихы, жазу реформалары, полиглоттық дәстүрлер мен тілдік алмасулар мәселелерін зерделеуге септігін тигізеді. Аталған үш кітапхана қорларында араб, парсы, шағатай, қазақ, орыс, түрік, латын, сондай-ақ батыс еуропа тілдерінде жазылған құжаттар кездеседі. Бұл – мәдениетаралық және өркениетаралық байланыстардың тарихи куәсі әрі еліміздегі білім мен ғылымның терең тамырлы дәстүрлерін айғақтайтын нақты дәлел. Осы материалдар негізінде тарихи-салыстырмалы лингвистика, аударматану, палеография, кодикология сынды бағыттарда тың зерттеулер жүргізуге болады.
Кітапханалардағы сирек қорлар тек ғылыми зерттеу нысаны ғана емес, сонымен қатар білім беру үрдісінің де құнды ресурсына айналуы тиіс. Университеттер мен зерттеу институттары үшін мұндай қорлар ғылыми-танымдық практика, магистрлік және докторлық диссертациялар жазу барысында аса маңызды. Әсіресе, жас зерттеушілер үшін сирек қорлармен жұмыс жасау – кәсіби дағдыларды қалыптастырудың озық үлгісі болмақ. Бұл бағытта үш кітапхана бірлескен семинарлар, оқу курстары, практикумдар мен тренингтер өткізу арқылы болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Жоғарыда аталған бағыттардың бәрі – кешенді ғылыми бағдарлама негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл бағдарламаның аясында ортақ ғылыми кеңес, каталогтау жүйесі, бірыңғай деректер форматы, авторлық құқық мәселелерін реттейтін нормативтік база құрылуы қажет. Сондай-ақ халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, шетелдік архивтер мен кітапханалармен ынтымақтастық орнату – Қазақстанның сирек қорларын әлемдік ғылыми айналымға енгізуге жол ашады.
Сирек қорларға деген көзқарас ұлттық болмыс пен мәдениетке деген көзқарасты білдіреді. Сирек кітаптар мен қолжазбалар – біздің өткеніміз бен бүгінімізді байланыстырып тұрған алтын көпір. Оларды сақтау тек кітапханалар мен ғалымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ парызы. Сол себепті, мұндай қорлардың болашағы тек зерттеу мен цифрландыруда ғана емес, оларды насихаттау, көпшілікке қолжетімді ету, танымдық тұрғыда қолдану сияқты маңызды міндеттермен де байланысты.
Қорытындылай келе, Алматы қа­ласындағы үш ірі кітапхананың сирек қорларын салыстыра, саралай отырып жүргізілетін кешенді ғылыми жұмыстар – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі. Бұл бағыттағы ынтымақтасқан қадамдар тек ғылыми қауымдастық үшін емес, жалпы ұлттық рухани сананың қалыптасуы мен нығаюы үшін де ерекше маңызға ие. Ендеше, аталған үш кітапхана бірлесіп жүзеге асыратын жобалар мен бас­тамалар – Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын жаңғырту жолындағы тың бетбұрыстардың бастауы болмақ.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Абикова Г. Бір данадан миллионға // ANA TILI (Ана тілі) 2024. – 5 желтоқсан (№ 48). – 7 б.
2. «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы шет тіліндегі сирек кездесетін кітаптардың мазмұндалған суретті библиографиялық көрсеткіші / Құраст. Никитинская Н.В., Г.М.Абикова; Бас ред. Қ.Е.Қаймақбаева. – Алматы, 2015. – 224 б.
3. Зубайда Ш., Атефе З. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасындағы қолжазба, көне және литографиялық кітаптардың каталогы. – Алматы-Тегеран, 1403/2024.
4. Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі / кіріспе, түркі-шағатай тілінен қазіргі әріптерге түсірілген, факсимилесін, көрсеткіштерін дайындағандар М. Шафиғи, С. Саттарұлы, Г. Абикова; бас ред. Ә.Қ. Муминов; ред. Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы: Ғылым ордасы, 2015. – 310 б.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тарихы = История Национальной библиотеки Республики Казахстан. Т.1: 1931-1990 / Құраст.: К.Т.Қасымжанова, Е.Исмаилов; Жоба жетек.: Г.Қ.Балабекова; Ауд.: Қ.Жорабеков; Ғылыми ред.: А.Ш.Алтаев. – Алматы: «Өнер», 2011. – 440 б.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тарихы = История Национальной библиотеки Республики Казахстан. Т.2: 1991-2011 / Құраст.: А.Ш. Алтаев, Б.Ш. Шаймерденова. – Алматы: «Өнер», 2011. – 352 б.
7. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6 том: Қ – Н / бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2004. – 696 б.
8. Мұра / Құраст: К.К. Әбуғалиева, Р.Т. Бірімжанова, Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2002. – 250 б.
9. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры [Мәтін] / Г. Абикова // Kitap patshalygy.qz2021. – № 5. – 29-43 б.
10. https://wiki.helsinki.fi/xwiki/bin/view/stemmatology/Manuscript
11. https://www.etymonline.com/word/manuscript
12. https://www.dictionary.com/browse/rare-book?utm_source

 

242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы