• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Екінші тілді меңгеруге арналған ерекше әдістер

Айнұр ТӨЛЕУ,  Абай институтының жетекшісі

Тіл үйренуге қатысты ақыл-кеңестер ғаламтор желісінде өте көп. Жаһандану үдерісі адамнан бірнеше тілді меңгеруді талап етеді. Өз елінен, атамекенінен жырақта жүріп, сол ортаның тілінде сөйлегенімен, өз бірегейлігін сақтау үшін ана тілін екінші тіл ретінде оқитындар да бар. Сондықтан әр адамның екінші тілді үйренуіне қатысты оқиғалар кейсі әрқилы. 

Біздің айтпағымыз қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренушілерге арналған әдіс- тәсілдер турасында. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Абай инс­титуты  «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын жыл сайын өткізеді. Сол себепті тіл үйрету жөніндегі әдіс-тәсілдерді жетілдіру ісі  институттың маңызды міндеттерінің бірі деуге негіз бар. Биыл екінші тілді меңгертуге арналған инклюзивті әдістер туралы филолог, зерттеуші-әдіскер   Әйгерім Әлиасқардың баяндамасы мамандарды ерекше қызықтырды. Онлайн дәріске АҚШ-тан арнайы қосылған маман зерттеушілер айтатын «тілдік осалдық» (linguistic vulnerability) ұғымын түсіндірді. 
Алғаш тілі шығып, әр заттың өз атауы бар екенін ұғынған адам баласы тіл үйреніп жатқанын сезінбейді. Ол бір адамның даму жолында міндетті түрде өтуі тиіс табиғи құбылыс ретінде қабылданады. Ал екінші тіл үйренудің жөні бөлек. Ғалымдар екінші тілді үйрену кезінде  тұлға өзін әлеуметтік және когнитивтік тұрғыдан «әлсіз» сезінетінін айтады. Бұл құбылысты зерттеушілер  «тілдік осалдық» (linguistic vulnerability) ұғымымен түсіндіреді (Kramsch, 2015). Яғни, тіл үйренуші жаңа тілдік ортада толыққанды коммуникативтік әрекетке түсе алмай, қате сөйлеп қоямын деп қорқады. Дәл осы қорқыныш «тілдік осалдық» ұғымын тудырған. Тілі жаңадан шығып жатқан бала да қателеседі, алайда оны айналасындағылар немесе өзі қателік деп санамай, керісінше «бала тілі – бал» деп, сүйсінеді, қызықтайды. Осыны ескерген мамандар шет тілін, яғни екінші тілді оқытуда инклюзивті педагогика элементтерін енгізу мәселесін көтереді. Бұл әдістің ерекшелігі тіл үйреніп жатқан адам «қателік жасайтын әлсіз субъект» емес,  «қолдау арқылы дами алатын тұлға» ретінде назарда болуы керек. Бұл тұрғыда Дж. Брунердің сүйемелдеп оқыту – scaffolding ұғымы ерекше: оқытушы мен орта студентке «тірек» беріп, оның тілдік әрекетін жеңілдетеді (Bruner, 1983). Тіл үйреніп жатқан адамды әдіскер барынша қолдау арқылы адам миына сенім ұялатады. Сенім ұялаған ортада адам өзін еркін ұстай алады. Осы тұрғыда  С.Крашеннің «Аффективті сүзгі гипотезасы» – affective filter hypothesis теориясы (Krashen, 1982) да маңызды. Онда ғалым  тіл үйренуші  психологиялық  қысымға түссе, жаңа ақпараттарды қабылдай алмайтынын негізге алады. Ал эмоционалды қолдау, эмпатия мен сенімді атмосфера тіл үйренуді жылдамдататынын бірнеше тәжірибе анықтаған.  Қазіргі әдістемеде бұл тәсілдерді:  «Эмпатиялық тәсіл» – empathetic approach немесе «Мейірім тұнған тіл оқыту тәсілі» compassionate language teaching деп атайды. Анықтап айтқанда, мұғалім тіл үйренушіге «мүмкіндігі шектелген адам» ретінде (metaphorical disability) қарап, оған барынша ыңғайлы жағдай жасауы тиіс. Осылайша, инклюзивті әдістерді қолдану – екінші тіл үйрету кезінде адамның осалдығын мойындап, оны дамуға бағыттайтын тиімді жол. Қазіргі жаһандану дәуірінде екінші тіл меңгеру мәселесі білім беру жүйесінің стратегиялық бағыттарының бірі болып отыр. Әрбір үйренуші өзін психологиялық тұрғыдан «осал» сезінеді. Ол қателіктен қорқады, мәдени кедергілерге тап болады және өз ойын толық жеткізе алмайды. Әйгерім Әлиасқар  баяндамасында осы әдістерді түсіндіріп, әсіресе АҚШ-та білім алып жатқан өз балаларының күнделікті білім алу үдерісінде осы әдістердің кездесетінін жеткізді. Екінші тілді  меңгеру кезінде ғана емес, кез келген жаңа дүниені игеру барысында үйренушінің осал, қорғансыз күйде екенін әдіскер ескеріп отырса, нәтиженің де жылдамдайтынын байқатқан тәжірибелер аз емес.
Абай институтының  сайтында қазір «Димаш әндері арқылы тіл үйрену» айдары жұмыс жасап тұр. Онда Димашпен бірге ән айтып, әннің мәтініндегі сөздерге сүйене отырып тапсырма орындауға болады. Бұл Димаштың әндерін түсінгісі келетін тыңдаушылар үшін жасалған мүмкіндік. Сонымен қатар  тіл үйренушілер мен оқытушылар үшін сайтқа жыл сайын деңгей-деңгейімен бейнесабақтар жүктеліп отырады. Бұл бейнесабақтар арқылы да қазақ тіліне ынталы адам өздігінен тіл үйрене алады.
Цифрлық дәуірде мемлекеттік тілді меңгеру үшін адамда Абай айтқан бес асыл істің алғашқысы – талап болса жеткілікті. Тілді меңгеру үдерісін жеңілдетудің түрлі тәсілдері жасалып жатыр. Қазақ тілін үйренуге арналған тағы бір мүмкіндік Абай институтының сайтындағы Кітапхана айдарының  Оқу-әдістемелік құралдар бөлімінде жүктелген. Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету – тек грамматикалық білім мен сөз қорын меңгерту емес, ең алдымен, тұлғаның ішкі сенімін ояту, тіл арқылы өзін және өзгені түсінуге жетелеу үдерісі. «Абай институты» осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Институттың басты мақсаты – мемлекеттік тілді заманауи, қолжетімді әдістермен үйрету арқылы оның өміршеңдігін арттыру, шетелдік және отандас үйренушілерге қазақ тілінің терең рухани қуатын сезіндіру.
Инклюзивті педагогика мен эмпатиялық тәсілдерді тіл үйрету ісіне енгізу – қазіргі әдістемелік ізденістердің маңызды бағыты. Бұл тәсілдер адамды қателіктен қорықпауға, өзін еркін сезінуге, тіл арқылы жаңа кеңістікке енуге мүмкіндік береді. Мұндай қолдаушы ортада тіл үйрену тек білім алу емес, тұлғалық өсуге жол ашады.
Тілді үйрену – адамды өзгерту, оның дүниетанымын кеңейту, өз ұлтының мәдениетіне деген сүйіспеншілікті тереңдету. Сондықтан Абай ин­ститутының жұмысы – жай тіл үйрету емес, ұлттың рухани бірегейлігін әлемге танытудың маңызды жолы.                         
Материалды баспаға дайындаған 
Назым ДҮТБАЕВА                                                                                                                                                                           
 

Пайдаланған әдебиеттер:
1.Bruner, J. (1983). Child’s Talk: Learning to Use Language. Oxford University Press.
2.Krashen, S. (1982). Principles and Practice in Second Language Acquisition. Pergamon.
3.Kramsch, C. (2015). Language and Culture in Second Language Learning. Routledge.
4.Oxford, R. (2016). Teaching and Learning Language with Compassion. Journal of Language Education, 2(3).
5.https://abai.institute/learn/dimash-songs/1

 

111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы