• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФАРАБИТАНУ МЕКТЕБІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ

Жақыпбек АЛТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі

Қазақстандағы фарабитану мәселесі философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х.Қасымжанов шығармашылығымен тығыз байланысты. «Өткеннің ұлы мұраларын адамзат руханилығының інжу-маржанына айналдыра білген қадірлі ұстаз, кемеңгер ғалым А.Х.Қасымжанов есімі әлемдік мәдениет тарихына алтын әріппен жазылып отыр. Ол өз дәуірінің адал перзенті, бар өмірін ғылым жолында сарп етіп, әсіресе әл-Фараби мұраларын әлемге паш етіп, артында өшпес із қалдырған үлкен ірі тұлға, ойшыл ғалым демекпіз» [1, 19-21 бб.]. А.Х.Қасымжанов өз дәуірінің озық ойлы азаматы болғандығын артында қалған мол мұрасы айқындап түр. 
Халықтар мен ұлттардың мәдени дамуы өте күрделі үдеріс болғандықтан, оны құрайтын бөліктер негізінен философия тарихында жинақталған түрде беріледі. Олай болмаған жағдайда қайсыбір ұлттың мәдениеті мен философиясының мазмұны, шығу төркіні түсініксіз болып қала береді. Мәселеге осы сыңайлы пайыммен келгенде ғана «қазақ философиясының» шынайы тарихын қалыптастыру мүмкін екенін алғаш түсінген ғалымдардың бірі А.Х.Қасымжанов еді. Ол өзінің осы бағыттағы алғашқы жұмысын XX ғасырдың 70-жылдары әл-Фараби мұраларын зерттеулерден бастады. Фарабитану «қазақ философиясының тарихын танудың негізі» саналғанымен, қазақтың рухани даму тарихы фарабитанумен шектеліп қалмайтындығы белгілі. Мәдени қабаттарды тереңдете зерттеу қажеттігі мәселенің ішкі логикасынан туындайды. Әрине Кеңестік кезеңде қазақ ұлтын сауатсыз деген пікір қалыптасып қалғандықтан, ол мәселені ашық түрде қою мүмкін емес еді. Бірақ болашақта философия ғылымы ұлттық құндылықтарға қарай бет бұратындығын А.Х. Қасымжанов түсінген болатын. Әлі де ескі естен кетпей, жаңа жүйе біржақты құрыла қоймаған. ертеңгі күн туралы ешкім дөп басып айта алмайтын уақытта қазақтың, яғни өз ұлтының өзіндік санасын танытатын тұс – әл-Фараби екендігін көре білген ғалым А.Х. Қасымжанов еді. Осы Фараби мұрасына терең бойлай отырып, озық ойларға кенелді. Әлемнің «Екінші ұстазы» атанған, әлем халықтарына теңдесі жоқ ғылыми мол мұра қалдырған әл-Фараби қазақ топырағында дүниеге келген. Философия әлеміне келген әрбір ғалым Фараби тағылымына бір рет болса да бой ұратыны баршаға белгілі. Ал А.Х. Қасымжанов ілімін саралайтын болсақ, онда Аристотельді жетік меңгеру арқылы диалектикаға келіп, осы арқылы Фарабиді зерттеуге араласып, кейін маңызды болып табылатын ұлттық өзіндік сана тұрғысында ой қорытуынан көреміз. 
Жалпы Қазақстанда «Фарабитану» неден басталады? Жұмыс барысында айқындық басым болуы үшін нақты жүргізілген іс-шаралар туралы айтып өтпесе болмас. 1967 жылы Қазақстан Ғылым академиясының президиум мәжілісінде әл-Фараби мұрасын жинау, зерттеу мәселесі түңғыш рет қаралды. Ал фарабитанушы М.С. Бурабаев кеңес одағының ғалымдары әл-Фарабидің өмірі мен қызметін ерте, яғни 20-жылдардан бастап зерттей бастағандығын айтады. М.С. Бурабаев осы мәселеге қатысты кітап басып шығарды. Қазақстандағы фарабитанудың профессор А.Х.Қасымжановқа қаншалықты қатыстылығын осы кітаптың атауының өзі айтып тұр: «Ағын Қасымжанов – әл-Фарабидің тарихи отаны Қазақстанда фарабитануды кайта жаңғыртудың негізін салушы». «Менің замандасым әрі досыма киын, сонымен қатар құрметті міндет жүктелді, ол – орта ғасырдың ұлы ойшылы, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз – әл-Фарабидің аты мен көптеген еңбектерін халыққа қайтару еді... XX ғасырдың екінші жартысында Фарабидің тарихи отанында қайта жаңғыруына тікелей негізін салушы болған. Оған өте киын болды: іздеу, аудару, Фараби еңбектерін басып шығару барлығы киын шара еді. А.Х.Қасымжанов барлығын басынан бастады» [2, 251-260 бб.].
 Әсіресе, кемеңгер ойшылдың мұрасына деген қызығушылық оның туғанына 1100 жыл толуы қарсаңындағы дайындық барысында арта түсіп, Қазақ КСР ҒА-ның Философия және заң институтының жанынан құрылған арнайы шығармашылық топ ойшылдың көптеген шығармаларын орыс және қазақ тіліне аударып, басып шығарғандығын атап өтеді. Бұларға «Философиялық трактаттар» (1970), «Әлеуметтік-этикалық трактаттар» (1973), «Логикалық трактаттар» (1975), «Математикалық трактаттар» (1972), «Птоломей «Альмагестіне» түсініктеме» (1975), «Тарихи-философиялық трактаттар» (1985) жататындығы баяндалады [3, 7-8 бб.]. Қазақстанда ұлы жерлесінің мұрасын белсенді зерттеу өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталды. Қазақстан ғалымдары әл-Фарабидің шығармашылық мұрасына үлкен мүдделілік танытты, оны бірнеше бағыттар бойынша қарастыра бастады. Бірінші бағыттың негізгі міндетіне әл-Фараби трактаттарын ғылыми айналысқа енгізу болып табылды. Бұл жұмысқа мына қазақстандық ғалымдар үлкен үлес қосты: А.Х.Қасымжанов, Е.Д.Харенко, В.Л.Ошерович, К.Х.Тәжікова, А.Көбесов және т.б. 1970 жылы «Әл-Фарабидің философиялық трактаттары» жарыққа шықты. 1973 жылы әл-Фарабидің «Әлеуметтік-этикалық трактаттары» жарияланды. Әрі қарай төмендегідей тізбекте әл-Фараби еңбектерінің басқа томдары шыға бастады: «Логикалық трактаттар» (1975), «Математикалық трактаттар» (1972), «Птоломей «Альмагестіне» түсіндірмелер» (1975), «Философия тарихы бойынша трактаттар» (1985), «Табиғаттану-ғылыми трактаттар» (1987), «Музыка және поэзия туралы трактаттар» (1993) және «Таңдаулы трактаттар» (1994), оларды оқып-зерттеу осы ұлы ойшыл мұрасының аса зор көлемін аңғаруға бізге мүмкіндік береді, себебі оның шығармашылығын ортағасырлық ғылымның энциклопедиясы деп атауға болады. 2003 жылдан бастап ҚР БҒМ Философия және саясаттану институтында ҚР ҰҒА академигі Ә.Н.Нысанбаевтың жетекшілігімен «Әл-Фараби: Таңдаулы (трактаттар аудармасы және философиялық түсіндірмелер)» (2003-2005 жж.) деп аталатын жаңа ғылыми-зерттеу жобасы аясында ойшыл трактаттарын аудару ісі жалғасып келеді» [4, 94 б.]. 
«Совет империясы кезінде қазақтың кәсіптік философиясының келесі елеулі жетістігі деп айтуға болатын жұмыс, ол Қазақстандағы 70-жылдары басталған әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын жүйелі түрде зерттеуді қолға алу. Оны іске асырған қазақ философиясының осы заманының көрнекті өкілі профессор А.Х.Қасымжанов екенін ерекше атап өту керек», – деп профессор Н.Ж.Бәйтенова пікір білдіреді [5, 19 б.]. 
А.Х. Қасымжановтың фарабитануға қосқан зор үлесі туралы айтылған пікірлер өте көп. Г.К. Курманғалиева, Г.Г Соловьева өз мақалаларында Философия институтында әл-Фараби зерттеулерін толыққанды жүргізуде бірінші жетекшілік жасаған белгілі қазақстандық философ, ҚазКСР ҒА корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х.Қасымжанов екендігін атап өтеді. Оның ғылыми басшылығымен Қазақстандағы фарабитанудың бірінші кезеңінің дамуы басталғандығы және ғалымның ғылыми қызметінің жемісті идеяларымен ұштасып жатқандығы айтылады. Фарабидің көпқырлы мұраларына шығармашылық көзқарас А.Х.Қасымжановтың жеке шығармашылығымен мазмұндық жағынан үндестік тапты [6, 165 б.]. Т.К. Искаков «Достояние мударистов» атты мақаласында «Біздің замандастарымыз Орталық Азиядағы дарынды екі ғалым А.Х.Қасымжанов пен М.М.Хайруллаевқа ұлы ғұлама әл-Фараби үшін философия саласындағы табанды күресіне куәгер болу бұйырыпты. 1982 жылы «Мысль» баспасы «Өткеннің ойшылдары» сериясында А.Х. Қасымжановқа сөз береді. Қазақстан Ғылым Академиясының баспасы ғұламаның зергтеу бағыттарына байланысты өзінің шығармаларын шығара бастады. Сосын, КСРО ҒА жиналысында вице-президенттің өзі осы мәселеге нүкте қояды. Фараби – ұлы қазақ философы», –  деп жазады [7, 51 б.].  
Фарабиді зерттеген ғалымдар әртүрлі ғылым саласында кызмет атқарып жүрсе де, олардың ортақ мәселе әл-Фараби туралы барлық шекараларды бұзып, игілікті нәтижеге алып келген оңды істері құнды болып табылады. Бұған, әрине, негіз болған, мұрындық болған Фарабидей ғұламаның энциклопедиялық ой-толғамдары. Қандай ғылым саласы болмасын ұлы ғұлама есімі айтарлықтай орын алады. Бүгінгі таңда «екінші ұстазға» сілтеме жасамайтын ғылым жолында жүрген адам кем де кем. Әлемнің екінші ұстазы атанған. әмбебап энциклопедияшы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен қалдырған өшпес ғылыми мұрасы жөнінде азды-көпті хабары жоқ зиялыны бұл күнде кездестіру қиын. Бірақ қырық жылдай бұрын Фарабидің еңбегі түгіл, есімін естіген адамдардың өзі саусақпен санарлықтай болатын. Қазақстанда фарабитану кешеуілдеп қолға алынса да, атқарылған істер қомақты. Соның арқасында данышпан ғұламаның аты халқымызға танылды, ұлттық мақтанышымызға айналды. Фарабитану елдік санамыздың деңгейін көтерген шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Осылайша, ҚР ҰҒА Философия институты, «Қазақтың қоғамдық философиялық ой тарихы» бөлімінде «Әл-Фараби өмірі мен шығармашылығын зерттейтін топ» құрылып, зерттеу орталығы ашылды. Оның жетекшілігіне философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Қасымжанов тағайындалды. Басында бұл топқа Ильяс Омар Мухаммед (Ирак), шығыстанушы Б.А. Ошерович, еуропалық тілдер маманы Е.Д. Хоренко, ҚазССР ҒА корреспондент-мүшесі А. Машанов, шығыс математикасының маманы А. Көбесов кірді. Кейін оларға арабтанушылар А.С. Иванов, К. Таджикова, Н. Қаратаев қосылды. Ең алдымен мәскеулік арабтанушылар Б.Г Гафуров, Ю.Н. Заводской, А.В. Сагадеевпен қарым-қатынас орнатылды. Осы топтың арқасында Фараби шығармашылығымен танысу, оның мәтіндерін басып шығару қолға алынды. 
Замза Муташқызының баяндап өткеніндей: «Араб-мұсылман философиясы мамандарының арасындағы жарқын оқиға Мәскеуде 1975 жылы Б.Г Гафуров пен А.Х. Қасымжановтың «Мәдениет тарихындағы Әл-Фараби» кітабының басылуы болды» [8, 66 б.]. 
А.Х. Қасымжановтың замандасы Р. Бердібай: «Ағын Қасымжанов атына сәйкес өзі де ағып тұрған философ еді. Оның үлкен конференцияларда қағазға қарамай айтқан сөздері хатқа түскендей әрі жүйелі, әрі ұғымды естілетін...» [9, 136 б.], –  деген пікір айтады.  
Озық ойлы ғалым А.Х.Қасымжанов философия саласында қызмет атқарып, ғылыми зертгеулер жүргізгендіктен, Фараби мұрасын қарастыру барысы да осы ғылымның мәселелерімен сәйкес келеді. 
Әл-Фараби философиясының сипаты, негізгі өзегі, шынайы мағынасы қандай? А.Х.Қасымжанов «Оймен ұғынылған дәуір» атты мақаласын осы сұрақты қоюмен бастайды. Профессор А.Х.Қасымжанов ойын әрі қарай былай өрбітеді, бұл сұраққа мынадай жауап жиі берілетіндігін атап өтеді: эклектика, перипатетизм мен жаңаплатоншылдық элементтерінің сабақтасуы. Батыс Еуропа тарихнамасында орын алған бұл пікір негізді сынды талап етеді. Бұл жерде ғалымның өз көзқарастарын негізінен Платон мен Аристотель шығармаларына берілген түсінік түрінде баяндау формасы оның жүйесінің өзекті мәні мен мазмұны ретінде көрсетілген: басқаша айтқанда, сана-сезім, сол өз әрекеттері туралы ойшылдың өзіне қалай есеп беруі, осы әрекеттердің шынайы мағынасымен, оның объективті құрамымен теңестіріледі. Ескертетін жай, түсінік парафраза формасында беріледі де, өз сөздері талданып отырған пікірлерден анық ажыратылмайтындығын айтады [10, 27 б.]. Бүкіл Батыс пен Шығысқа әйгілі болған, ғалымдар атасы атанған Әбу Насыр әл-Фараби араға мың жылды салып барып, өзінің туған отаны – Қазақстанға қайта оралды. Бұл білім биігіне көтерілген қазақ халқының мәдени өсуінің, санасы артуының, өзін-өзі тануының бір жарқын белгісі. Қазақ жерінде Фараби еңбектерін ең алғаш рет жинау, зерттеу, таныстыру жұмысын өз тарапынан мойнына алып, көп пайдалы іс атқарғандардың бірі – Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. Оның Фараби өмірі мен тарихи орны туралы мақалалары газет, журналдарда жарияланып, жинақтары шыққан. Фарабидің дүниежүзі кітапханаларында шашырап жатқан еңбектерін іздестіріп, тауып, бірталайының көшірмесін алдырған және оны қазақ тіліне аударған. Ақжан Машановтың әл-Фарабидің өмірі мен ілімін саралап беретін «Әл-Фараби» атты кітабы бар, сонымен қатар «Әл-Фараби және Абай» деп аталатын қазақтың екі ұлы ғұламасының ойшылдың сабақтастығын дәлелдеп, оны жұртшылыққа таныстырып, оларға ғылыми негіздеме жасады. 
А.Машанов Фараби өмірін білім алуынан, яғни медресе табалдырығын аттаған сәттен бастап суреттейді. «Екінші ұстаздың» туған даласына, ата-бабасына да токталып өтеді. Отырар қаласы, оның айналасындағы қасиетті мекендер, халықтың салт-дәстүрлерін Фараби өмірімен байланысты қарастырып, қазақтың өзіндік бет-бейнесі, сана-сезімі мен көкірегі ояу, ашық адамға озық мәдениет үлгісін танытады. Көшпелі өмір салтын негіздеген қазақтардың мекені киіз үйдің құрылысы оның танымдық деңгейінің жоғары болғандығын көрсетеді. Мәселен, «киіз үйге түсетін күн сәулесін байқасақ, сол сәуленің жүрісі бойынша күннің мезгілін түсінуге болар еді. Ал оларды өлшеу үшін жолын тегістеп, дәл өлшеу аспаптарын қосар едік. Жалғыз күн емес, оның айналасындағы Айды, жұлдыздарды да солай қабылдау керек. Біздің тауып отырған расытханамыз осы рәуішті нәрсе» [11, 40-б.]. 
Әл-Фарабидің ғылымдар тарихына қосқан үлесін жоғары бағалай келіп, белгілі фарабитанушы ғалым М.С. Бурабаев: «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы ерекше кең аумақты әртүрлі болып келеді. Ол ғылымның бар саласы бойынша еңбектер жазып, өз дәуірінің рухани мәдени мұраларының жетістіктерін тұжырымдай келе, прогрессивті философиялық жүйе жасады. Сөйтіп, әлеуметтік философия, этика-эстетикалық және жаратылыстану ғылымдары саласына өзінің өте құнды үлесін қосты», –  дейді [12, 16 б.].  
Қай ғылым саласында болмасын тұлғаны қарастыру барысында міндетті түрде өмір жолы қарастырылатындығы белгілі. Профессор А.Х.Қасымжанов 1975 жылы Б.Г. Ғафуровпен бірге «Мәдениет тарихындағы Әл-Фараби» деген еңбегін жариялаған, кейін 1997 жылғы «Әл-Фараби» атты кітапшасында «Әл-Фараби және оның уақыты» деген тарауында Фараби өміріне толық тоқталып өтеді. Ортағасырлық мұсылмандық Шығыста «Екінші ұстаз» ретінде танымал (яғни Аристотельден кейінгі) Әбу Насыр Мухаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн ұзлағ әл-Фараби Сыр бойындағы, Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі Фараб қаласында 870 жылы түркі отбасында дүниеге келді. Кейін Фараб Отырар болып аталды. Сырдария аңғары – көне өркениет бесігі, Ніл  Египет үшін, Тигр мен Ефрат Месопотамия үшін қандай рөл атқарса, ол Қазақстан тарихында сондай рөлге ие.  А.Х.Қасымжанов жазып өткендей, Фараб – X ғасыр авторы, әл-Мукаддасидің айтуынша, 70 мыңға жуық ер азаматтары, үлкен мешіті, ірі қамалы және базары бар ірі қала болған. Қала Отырар алқабында орналасқан, бұл өңір отырықшылықтың, суармалы егіншіліктің және қалалық өркениеттің көне орталығы болған, әл-Фараби өмір сүрген дәуірді қарастырғанда, біз қазақ халқының арғы ата-бабалары, түркі тайпаларына қатысты мәліметтерге тоқталамыз, бізді ойшылдың Отырарда дүниеге келуінің дерегі ғана емес, бір жағынан, бұл тайпалар тарихындағы болған шынайы байланыс және екінші жағынан, Орта Азия мен Таяу Шығыс халықтары мен басқа этникалық топтардың өзара қатынасы қызықтыратындығын атап өтеді. 
Олардың бір мәдени аймаққа кіргендігі туралы айтуға мүмкіндік беретін мәліметтер жеткілікті, Оңтүстік Қазақстанда бұл ақиқат. Өкінішке қарай, біз бұл пікірді толығымен нақтылай алмаймыз, өйткені бұл ауданның халқының этникалық құрамы мен оның географиялық қоныстануы туралы мәліметтер бір-бірімен қабыспайды. Кездейсоқ миграциядан басқа мұнда сол заманның басқа да ерекше жағдайлары – түрлі жазба ескерткіштеріндегі жер атауларындағы (әртүрлі тілдерде жазылған деректерде) алшақтық, сипаттамасындағы қандай да бір үйлестірудің жоқтығы және біраз шарттылықтың болуы – осының бәрі өз әсерін тигізеді. Араб халифаты құрылу кезеңінде үлкен аудармалық сириялық-парсы әдебиеті қалыптасты. «IX ғасыр да ғылыми және аудармашылық қызметтің дамуындағы шарықтау кезеңіне жатады. Аббасидтік Халифат дәуірінде араб тілінде мәдениеттің барлық салалары: ғылым да, философия мен заң да толығымен нығайды. IX ғасырда мәдениеттің ірі орталығы – аббасидтік Халифаттың астанасы Багдад болды. Бұл жерде бай, көп тілді әдебиет жинақталады және Орта Азия, Иран және Сирия ғалымдарының қызметі дамиды» [13, 6-7 бб.]. 
Осы пікірді қазақ философиясын зерттеуші ғалым профессор Ж.А.Алтаев та құптайды. Әл-Фараби дәуіріндегі Қазақстанның қоғамдық ойы тарихи маманданған ғылыми және философиялық ойдың айрықша кезеңін құрайтындығын айта келіп, нақ осы кезеңдерде Қазақстан халқы өздерінен бұрын өткен кезеңдердегі рухани мәдениет пен мұраның бай даму тәжірибесін байыптай бастауы, философиялық ілімнің алғашқы тұжырымдамалары мен жүйелері, танымның қағидалары мен әдістері пайда болғандығын баяндайды [14,4 б.]. 
Негізінен, Платон мен Аристотель философиясы әл-Фараби ойларының теориялық қайнар көзі болды. А.Х. Қасымжанов әл-Фарабидің философиялық көзқарастары платонизм мен аристотелизмнің жай ғана ұштастырылуы деп түсіну дұрыс еместігін атап өтеді. «Платон мен Аристотель ілімдерінің тағдыры қандай болғанымен, әйтеуір әл-Фараби философиясын жаңа платоншылдық пен аристотелизм элементтерінің ұштастырылуы ретінде баяндауға біраз дәлел бар екені анық. Шынында да, Платонның дүниедегі нәрсені құдай жаратқан, бәрі соның эманациясы /туындысы/ дейтін ілімі әл-Фараби философиясында белгілі орын алады. Бірақ ислам діні дәуірлеп тұрған жағдайда мұның тарихи мағынасы өзгереді. Құдай (Алла-тағала) өзіне тән сипатынан айырылып, бейнесіз бірінші есепке айналады да, содан кейін эволюция мағынасында құдай мен табиғат арасында байланыс орнатылады, ал мұның өзі сол заман үшін едәуір прогрестік көзқарас еді» [15, 34 б.]. 
А.Х.Қасымжанов атап өткендей, Отырарға орта ғасыр ғалымдарының көп назар аударғанын тарихтан біз жақсы білеміз. Жағрафиялық көрінісі түрліше бұл өңір суармалы егіншілікпен айналысуға да қолайлы болған. Сол ғалымдардың айтуынша, Отырар қаласы орналасқан аса құнарлы алқапта қазақ халқының арғы ата-бабалары, қырдағы көшпенділер мен қала тұрғындары жиі қарым-қатынас жасап отырған дейді. «Әбу Насыр философиялық және ғылыми білімдердің негіздерін, сол замандағы аса бай кітапханада философиялық және ғылыми еңбектермен танысуға мүмкіндік алған Отырар қаласында оқып-үйренді. ІХ-Х ғасырларда Отырар ірі мәдени және саяси орталық болды. Ол отырықшылықтың, ирригациялық жер өндеудің және қалалық өркениеттің Қазақстандағы ежелгі орталықтарының бірінде орналасқан», – деп философ-ғалым Ә. Нысанбаев атап өтеді [4, 92-108 бб.].  
Ғалым А.Машанов зерттеулері тек таза ғылым қауымына арналған ұғымдық мәнде емес, жалпы оқырманға, қазақи танымға да қызық болар жүйеде жазылған. Ұлы ғұлама өмірінің асуларын аса қызық суреттей отырып, ғылыми ақпаратты да орынды қоя білген. Оқиғалар желісіне түскен оқырман өзі де байқамай, жеңіл түрде таза ғылыми ашылыстарға бойлап кете береді. Жағрафиялық аймақты айта отырып, ата-бабадан мұра болып қалған дүниелерге ғылыми мағлұматтар береді. «Түрлі ғылымдардың жеке тарауларындағы тамаша заңдарына Фараби аса жоғары ынтамен көңіл қояды» [6, 82 б.]. Осылайша, А.Машанов Фарабидің өмірбаяны мен ілімдерін қатар баяндайды. Әл-Фарабидің білім қоры, мол тәжірибе жинақтау арқылы грек елінің ойшылдарына да көңіл қойғаны туралы айтылған. А.Машанов атап өткендей, өзіндегі интеллектуалдық потенциалды өзгелермен толықтырып, жоғары деңгейге көтергенін, мұндай дүниелер түркілерде де болғанын айтады. «Кімнен кім алған. Мәселені ол осылай қояды», яғни тек айтылғанға бас шұлғу емес, тарихына, түпнегізіне үңілу – басты мақсат, сол арқылы ақиқатқа жету деп түсіндіреді. Ал А.Х. Қасымжановтың пайымдауынша, ғылымдарды реттеу, оларды топтастыру әлемнің жалпы суретін жүйелеу үшін қажетті. Барлық бұл пікірлерде Фараби жиі-жиі Аристотель мен Платонға сүйенгенімен, бірақ көбінде өзінің жолымен жүреді. Аристотельден айырмашылығының ең маңызды жағына, шығыс философы адам болмысының мәнін пайымдаумен шектелмейтіндігінде, ал оған әрекетті де, нақты өзін танытуды да қосатындығы жататындығын айтады.   
Фараби мұрасын зерттеуге қатысты сөз қозғалғанда айтылатын тағы да бір тұлға, дарынды математик – Ауданбек Көбесов. Ол фарабитану саласында айтарлықтай қызмет атқарған ғалым. Өз мамандығының тұрғысынан жаратылыстану ғылымдарына көп көңіл бөлгені байқалады. Әл-Фараби шығармашылығына талдау жасаған ғалымның бірқатар еңбектері бар. Соның бірі – «Әбу Насыр Әл-Фараби» атты кітабына салыстырмалы түрде тоқталып өтейік. Бұл кітабында автор өзі атап өткендей, «мұнда Фарабидің философиялық және қоғамдық-саяси еңбектері көзқарастарын талдауға  біршама аз орын берілді» [15, 4 б.]. Негізінен, нақты ғылымдарға назар аударған А.Көбесов Фарабидің «Ғылымдардың шығуы туралы» трактатын жан-жақты қарастырып көпшілікке ұсынады. Ұлы ғұламаның ғылым мен дін дүниетанымының айқын анықтамасы болғандығын көрсетеді. Бұл туралы профессор А.Х. Қасымжанов та өз зерттеулерінде атап өтеді. «Ойшыл үнемі әлем құрылысын жаңадан аңдауға ұмтылады. Басы – Алла; ортасы – болмыс иерархиясы, әлемді түсінуші және онда әрекеттенуші адам; соңы – шынайы бақытқа жету. Бірақ оның құрылымының нақты мазмұны Алланың дара биліктен айырылуын, барлық догмалық ережелердің аллегориялық бейнелерге айналуын және адам құлықтылығын қандай да сыртқы күштерден, ол дүниелік өмірден тәуелсіздігін көрсетеді: соңғылары аксессуар ретінде әлсіз, ұстамсыз, шындықты жеке өзі тануға және оны батыл қабылдауға қабілетті емес адамдарға керек» [16, 17 б.]. 
Ғалымның тағы бір атап өтетін ілімі – «Құраннан туындаған ғылым немесе Фараби космогониясы». Фараби өзінің космологиялық көзқарастарын баяндауда тек Құран және Құран төңірегіндегі, соған байланысты ғылыми-философиялық материалдарға сүйенеді. Бұл да оның жаңалығы екендігін А. Көбесов атап өтеді. Фараби танымындағы дін және оның ғылыммен байланысына қатысты мәселеге профессор А.Х.Қасымжанов та біршама өзіндік мәнге ие тұжырымдар ұсынады. А.Х. Қасымжановтың пайымдауынша, логика тұрғысынан философия, оның жалпыға түсінікті көрінісі ғана болатын. діннің алдын алады. Еске сала кететін жай, Гегель өнер мен дінді философиямен салыстырғанда, абсолютті пайымдаудың ең төменгі формасы деп санаған. Бірақ ол философиямен салыстырғандағы діннің дамуының ең алғашқы сатылары туралы айтады, ал Фарабиде білім деңгейінің белгілі төмендеуі туралы теориядан бейнелік көрініске ауысу жүреді. Дін философия зерттейтін, «ойша және практикалық заттар» үшін оның түйсінуі мен қабілеттеріне сай келетін тәсілді тауып, халыққа білім беру мақсатына қызмет етеді. Өз кезегінде, ол кәлам өнері мен мұсылмандық құқықтың алдын алады. Көбінесе олардың арасында, дінге немесе идеалды жағдайда нағыз философияға сүйенетін, заң шығарушы қызметі тұрады. Тізбек былай құрылады: диалектика – софистика – аподейктика (философия) – дін – заң  шығару – Кәлам өнері мен мұсылмандық құқық. Бірақ та философия шынайы ақиқат немесе теріс, жалған болуы мүмкін. Заң шығару не дін, не басқасына сәйкес негізделеді. Бірінші жағдайдағы нәтиже «дұрыс» дін болады. Философияға диалектика мен софистика әсерінен оның мәнін бұрмалайтын, оны күмәнді әрі жалған ететін, идеялар кіргенде «дұрыс емес», теріс дін пайда болады. Теология жалған философиядан шығатын оның бейнелерін қабылдайды және оларды дәлелді, ақиқат деп береді деп қорытады.   
А.Х. Қасымжанов атап өткендей, егер бір халық басқа халықтың дінін қабылдап және оны өз мұқтаждары мен мүмкіндіктеріне бейімдесе, көрсетілген тізбек реті өзгеруі мүмкін. Бұл контекстіде Фараби түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер сабақтастығын «сезетіні» шүбәсіз. Мұндай жағдайда дін философиядан да, диалектикадан да, софистикадан да ертерек пайда болуы мүмкін. Философ екі түрлі баламаны қарастырады. Біріншісі: халық шынайы философияға негізделген, «дұрыс» дінді үлгі алады. Оның діні философияға сүйенетінін білмей, ол оның бейнелерін шынайы әрі философияның теориялық ой баламасы ретінде бағалайды. Қасымжанов бойынша, егер содан кейін сол халықта шынайы философия таралса, онда ол, мүмкін, оған қарсы әрекет жасамас па еді, халықтан шыққан адамдар мен философтар арасында дау тумас па еді. Бірақ дінтанушылар мұндай философияны ұстанушыларға, философтарды қорғануға мәжбүр етіп, қарсы шығуы мүмкін. Бірақ сонда олар «дұрыс» дінге емес, ақиқат бейнелерін ақиқаттың өзі деп қабылдауға ғана қарсы тұрар еді. Екінші балама: дін теріс философияға негізделетіндігін айтады. 
Фәлсафа тарихын зерттеуші ғалым Ғарифолла Есім Фараби ілімінің ерекшелігіне тоқталу барысында, Фараби дін мәселесіне келгенде Құдай деген идеяны жоққа шығармағандығын айтады. Ол Аристотель ілімінің негізінде әлемнің алғашқы себебін мойындап, оның Құдай екендігін атап өтеді. Бірақ Фараби дүниенің материалдығын да мойындап, оның заңдылықтарын зерттеуді ғылымның міндеті деп есептегендігіне тоқталады [17,48-49 бб.].  
А.Х.Қасымжановтың пікірінше, тереңірек үңілсек, біз «дұрыс пікірлі» халық пен нағыз философ арасындағы байланысты табамыз. Біріншісі олардың қай дінді ұстанатынынан дербес барлық адамдардағы «көпшілік мақұлдағанға» сүйенеді. Мутакаллим (дінтанушы), факих (заңгер) та белгілі дін шеңберінде ғана «қабылданғанды» ұстанады. Нағыз философияның ерекшелігі – барлық адамдар мен халықтарға тиістілігі және өз көзқарастарының жүйелі дәлелдемелі құрылымы мен парасатты абсолюттік мағынада алғышарт негіздерін сынау жолымен тарататындығын көреміз [16,24 б.]. 
Әл-Фарабидің философия тарихында алатын орнын белгілеу үшін оның тікелей және жанама түрде кімдерге әсер еткенін, «Мың бір түн» атты тамаша туынды және ІХ-ХІІ ғасырдың мәдениетін көтеруде ықпал жасаған Синдбад – теңізші туралы аңыздар әлемдік мәдениеттің алтын қорына айналғандығын А.Х.Қасымжанов өз әл-Фараби тануында көрсетіп кетеді. Ол алып мәдениеттің қозғаушы бөліктері деп философия мен ғылымды айтады. Бұлар бір жағынан Баласағұн, Рудаки, Омар Хайям өнерлерін толықтыруға әсерін тигізсе, екінші жағынан өзінің де эстетикалық талғамын білдіреді. Осы бөлшектер тоғысында әл-Фараби тұлғасы пайда болған. Әл-Фараби жасаған ұмтылыс қазіргі жаратылыстану ғылымдарының қалыптасуына әсер, негіз болды және жана заманның материализм тұрғысындағы еркін ойлау жүйесін қалыптастырды. 
Әл-Фарабидің философия тарихындағы орны әрқашан да ибн-Сина есімімен бірге жүреді, себебі олар ойшыл ғұламалар ретінде ғылым негізін орнықтыру деп қарастырады А.Х.Қасымжанов. Бәріне белгілі, ибн-Синаның «Мен метафизиканы тек әл-Фарабидің жүйесі арқылы ғана түсіндім» деген тұжырымын Ибн Халикал мен Байхаки болжамдары бойынша, Әбу Али ибн-Сина Әбу Насырдың еңбектерін көп қолданған, Данте де осыны айтады. Ибн-Синаның медицина еңбектерін Леонардо да Винчи мен Визалий оқығандығын және олардың Еуропада құнды жүйе саналғандығын анықтаған [12, 67 б.]. 
Ауданбек Көбесов өзінің «Әл-Фарабидің ашылмаған әлемі» атты еңбегінде ақыл туралы ілімді Фарабидің көзқарасы бойынша зерттейді. Ол: «Ақыл туралы ілім Фарабидің философиядағы ірі жетістіктері санатына қосылады», деп айтады. Мұндағы ақыл ұғымы кең, бүкіл әлемдік мағынада қарастырылып. оның космологиясына тірек болған. Адамдардың танымдық қасиеттерін, соның ішінде ақылды әл-Фараби екі топқа бөліп қарастырады. Олар – жасампаз ақыл және ғарыштық ақыл. Ғарыштық ақыл – ай асты әлеміндегі бүкіл қозғалыстардың себебі ғана емес, ол жер бетіндегі тіршілікке тән ақыл. бұл дүниенің заңдылығын реттеуші, билеуші. Аристотельше айтқанда, жасампаз ақылдың бірінші қозғаушы күші. Ал А.Х. Қасымжановтың көзқарастарына сүйенсек, ақылдың даму сатыларына «силлогистикалық өнерлер» түрлері сәйкес келеді. Теориялық пайымдаудың ең жоғарғы формасы Фараби үшін философия болып табылады. Сенім немесе қиял (немесе екеуі бірге) формасындағы білім ретіндегі дінге қатысты ол аподейктикалық, дәлелдемелі білім ретінде көрінеді. Бұл тақырыпқа «Китаб әлхуруфтаның» («Әріптер кітабы») 19-шы («Сөздердің, философияның және діннің пайда болуы») және 24-ші («Дін мен философия арасындағы байланыс») бөлімдері арналған. Бұл шығармада шынайы ақиқат дәлелдемелі жолмен философияда ғана алынады деп ашықтан-ашық айтылады. Бірақ Әбу Насыр философиялық ақиқатты халық санасына жеткізудің қиындығын ескертеді. Бұған, олардың білім алуына құштарлық танытпайтын, жоғарыдағылар кедергі жасауы мүмкін. Бірақ халықтың өзі де философиялық ақиқатты меңгеруге дайын емес. Міне, сондықтан белгілі рухта қалыптасқан, адамдарға бейімді «жалпыға түсінікті», «сыртқы» философия жасауға тура келеді. Оны «үлгілі» қалаға сай келетін, «нормативті» «ақиқат» дін деп те атауға болады [12]. 
А.Көбесов пайымдауы бойынша, «Азаматтық саясатта» философ азғын қалаларды бірнеше түрге бөледі: қажеттілігі бар қалалар, алмасу қалалар, рақымсыз қалалар, атаққұмар қала, боскеуде және бірлескен күйдегі қалалар. Жақсылық пен зұлымдық үйлесіп жатқан және даналар мен шешендер жиналып бірлескен және бос күйдегі қалаларда құрметті адамдар болуы мүмкін. Алайда надан қалаларда да әл-Фарабидің ойынша, адамгершілік жолына түсу мүмкіншілігі бар адамдарды осы қаладан табуға болатынына сенімді. Профессор А.Х.Қасымжановтың тұжырымы бойынша, «Азаматтық саясатта» Әбу Насыр, кемеліне жеткен адамды, жанның парасатты бөлігі материяның жойылуымен бірге жойылмайды деп нандырады. Жаман адамдардың жаны кемеліне жетпейді, материямен байланыста қалады және онымен бірге жойылады. Бұл ой нәтижелері үйлескенде, Фарабидің жанның өлмейтіндігіне сенгендігіне күмәндануға мүмкіндік тудырады. А.Х.Қасымжанов атап өткендей, әл-Фараби еңбектерінде жаратылыстанушы, математик, бақылаушының құмарлығы көрініс тапқан. Түрлі, ойдан шығарылғандай, «надан» қалалар суреттемесінен феодалдық қоғамның тарихи шындығы танылатыны сияқты, қайырымды қаланы құру бойынша берілген нұсқаулардан жай идеал максималар ғана емес, ол бағаланған әрі ұстанған принциптер ретінде көрінеді. Бір-бірін түсінушілік және достық негізінде құрылған адамдар бірлестігі әлемдік үйлесімге кіреді. Яғни, олар құдайдың көзсіз құралдары емес, ол парасатқа сүйене әрекет етуші тұлғалардай қабылданады. 
А.Х.Қасымжанов әл-Фарабидің сөзін де келтіре кетеді: «Адам заттардың мәнін тамаша түсінетін және елестете алатын қасиетке ие болуы қажет, оған қоса ол ғылымдарды меңгеру үрдісінде ұстамды әрі табанды болу керек, өз табиғатынан ақиқатты да, оны жақтаушыларды да, әділеттілік пен оның жолын қуғандарды сүюі керек, өз тілектерінде бірбеткейлік пен эгоизмді көрсетпейтін, тамаққа, ішімдікке сараң болмайтын, табиғатынан құмарлықты, дирхемдер мен динарларды және сол сияқтыларды жек көретін болуы керек. Адамдар ұялатындарда абыройын сақтау керек, өнегелі болып, жақсылық пен әділеттілікке оңай, ал жамандық пен әділетсіздікке әрең мойынсұнып, үлкен саналылыққа ие болуы қажет» [12]. 
Профессор А.Х.Қасымжановтың пікірінше, философ мұндай қала әкімі, ізгілікті мінез-құлықты бұл дүниедегі әлемде кемелдену мен бақытқа жетуге мүмкіндік беретін, аясы тар емес мақсаты ретінде түсінеді. Теологтар «қалың жұрттың» құмарлығында күнелтеді және тағдыр әлемінде қайырымдылықты ұстанғаны үшін о дүниедегі өмірде игілікке үміттендіреді. Бұл контекстегі Фарабидің қорытындысы айқын, оның мәнін Ибн Туфейль былай түсіндіреді: о дүниедегі бақыт суреттемесі – «кемпірлердің ойдан шығарылған бос сөзі мен сандырағы». Сол бір мезгілде Фараби реалист, «кітаптар құпиясы» тақырыбын бірнеше рет көтеріп, жалпы фанатизм салдарынан абайсыз ойшылға жабылуы мүмкін түсіндірмелер арасында философиялық ақиқаттарды дабыралаудың мүмкін еместігі туралы ескертетіндігін айтады. Әл-Фарабидің «ізгі қала» тұрғындары туралы жасаған А.Х. Қасымжановтың тұжырым-түйіндері А.Көбесов еңбектерінде де көрініс тауып, ақыл арқылы өрбиді. Әрбір тіршілік иесінің ақылы тек әлемдік, ғарыштық ақылға қатысты ғана екендігін атап өтеді [18]. 
(Жалғасы бар)

307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы