• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

«Уақыт жебесі» оқырманға жол тартты

Республика күні қарсаңында Егемендік Декларациясының қабылдануына куә болған қаламгер, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Қазақстан Педагогикалық Ғылым академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаевпен Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты №31 кітапханасында «Егемендікпен – ертеңімізге!» атты кездесу кеші және қаламгердің «Уақыт жебесі» атты  бестомдық жинағының  тұсаукесері өтті. 

Марат Байділдаұлының шы­ғар­машылығына қолдау көрсетіп, еңбегінің жар­қырап көрінуіне мұрындық болып жүр­ген Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Раушан Құлжабайқызы Каршалова шырайлы жүздесудің қадірлі қонағы болды. 
Алдымен келушілер М.Тоқашбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған фото көрмені тамашалады. Іс-шараны жүргізген «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты №31 кітапхананың меңгерушісі Гүлмира Бағытқызы мұндай тағылымды тұлғалармен жүздесу жастардың бойына жігер беріп, олардың бойындағы мемлекетшілдік рухын асқақтатуға серпін беретінін атап өтті.

– Марат Байділдәұлының ұлттық-демократиялық көзқарастары, әсіресе, көрнекті қаламгер Ақселеу Сейдімбек басқарған «Білім және еңбек» журналында қызмет істеген 1982-1989 жылдары қалыптасты. Зиялы қауымның азаттықты аңсаған Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов, Марат Сенбин сияқты алғыр ойлы өкілдерімен танысу, пікірлесу оның ұлт азаттығы, қазақ халқының өзін-өзі билеуі, ұлттық демократиялық өзгерістер жөніндегі ой-тұжырымдарын нығайта түсті. Әлкей Марғұлан, Нұртас Оңдасынов, Орынбек Жәутіков, Рахманқұл Бердібаев, Мардан Бәйділдаев, Жағда Бабалық сияқты ғұлама ғалымдармен кездесу ұлттық құндылықтарға деген құрметін тереңдетті. Жасы 75-ке келсе де ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қаламгер кеш қонақтарының көкейінде жүрген маңызды сауалдарға жауап беріп, көрерменге жігер сыйлады», – деді Гүлмира Бағытқызы.
Жылы жүздесуде кеш қонағы көрермендер сұрағына жауап беріп, тәуелсіздіктің қадір- қасиеті, Егемендік декларациясы қабылданған тұстағы тарихи оқиғалар туралы баяндап, ұлт мұраты, ұрпақ тәрбиесіне қатысты орамды ойларын ортаға салды.
Кешті ұйымдастыру алқасы Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика басқармасының басшысы  Бақыт Әбиірұлына, №193 жалпы білім беретің мектептің директоры Құрман Жұмаханұлы бастаған мектеп ұстаздары мен оқушыларына, Алмалы аудандық әкімдігі аппаратының өкілі Бақытжан Жайлаубекұлына, №80  жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Қаржаубайұлына, жазушы «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Жұмажанұлына, ақын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Арман Октябрьге, Кемелықшам ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығының директоры Гүлжазира Дүйсенқызына, Мәдениет үйінің директоры Роза Хамитқызына алғыс білдірді. 

«Уақыт жебесі» атты бестомдық ел өмірінің соңғы отыз жылдағы маңызды тұстарын қамтитын жинақ. Оның алғашқы томы мемлекеттегі қоғамдық-саяси өзгерістерді екшеуге, саяси баға беруге бағытталса, «Тұғыры биік тұлғалар» деп аталған екінші томдыққа автордың баспасөз беттерінде ұлт тарихынан ойып орын алатын тарихи тұлғалармен өрбіген сұхбаттары мен мақалалары енген. «Алапат соғыс ақиқаты» деп аталған үшінші кітап сұрапыл соғыс кезеңінің қазақ оқырманына бұрын беймәлім, құпия тұстарын ашып, қайсар жауынгерлердің ерлігі мен өмір өрнегінен сыр шертеді. Ал, «Диалогтар дүбірі», «Отбасылық өрнек» деп аталған келесі кітаптардың да оқырманға берері мол.
 

Айтуған ДӘУЛЕТ

122 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы