• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Жеңімпаз роман талқыланды

2024 жылы Mecenat әдеби сыйлығына жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы лайық деп танылған. Байқауға түскен 40 романның ішінде 17 шығарма қазақ тілінде, 23-і орыс тілінде жазылған еді. Авторлардың 10-ға жуығы кәсіби жазушы, 7 әйел адам, 2 университет студенті болған. Сол тұста Mecenat.kz жобасының негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков байқауға түскен шығармалардың сапасы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтқан.
3-маусым күні байқауды ұйымдастырушылар өздерінің белгіленген жоспарына сәйкес Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Рецензенттерге романның жетісігі мен кемшін тұсын бүкпесіз айтып, авторға айтылатын ұсыныстарды ашық жазып келу керек деген талап қойылған. Рецензерттердің қатарында жазушы Заря Жұманова, Сағадат Ордашева, Жайна Саткенова, Сәкен Солтанаев, Динара Қожабаева бар. 
Соңғы жылдары әдеби процесс саябырсып, шығарманы бұлайша кең көсіліп талдау үрдісі сиреп кеткен еді. Осы дөңгелек үстел сол олқылықтың орнын толтырып, жиналған рецензенттер мен қаламгерлер шығарма туралы ойларын еркін ортаға салды.  
Жазушы Заря Жұманова «Романның басты символы – бәйтерек образы. Ол адам өмірінің жалғастығын, ұрпақ сабақтастығын  және рухтың мәңгілік екендігін бейнелейді. Бұл бейне дәстүрлі фольклорлық мағынада ғана емес. Философиялық-экзистенциалдық  деңгейде жаңаша қолданылған. Осы арқылы жазушы ұлттық символиканы сақтай отырып,  қазіргі әлем әдебиетіне тән сиволизм тәсілін қазақ прозасына енгізген. Роман оқырманды сыртқы оқидан гөрі адам жанының ішкі драмасына жетелейді. Мұндай тәсіл қазіргі қазақ әдебиетінде жиі қолданыла бастағанымен, әйел жазушының қолында ерекше нәзіктік пен эмоциялық қуатқа ие», – дей келе романдағы өзі байқаған аздаған кемшілікке тоқталды.
Жас қаламгер Сағадат Ордашева «Өмір бәйтерегі» романының алғашқы бетінен-ақ, оның ұлттық роман екенін түсінесіз, қазақтың өмірге көзқарасын – өмірді тануын, түсінуін бірден оқырманға ұсынуымен ұтымды басталған деп ойлаймын. «Дала төлқұжатына тіркелмеген екенсің»  деген сөз оқырманның ішін түйнеп өтеді. Автор бірден кейіпкердің жасырып жүрген ең нәзік жан жарасын ашуымен бастайды. Қазақ танымындағы әкенің рөлі, ізгі ұрпақты аңсау, қыз баланың, әйелдің орны секілді құндылықтарды жоқтайды» – деп романның ұтымды тұстарына тоқталды. Талқылау шартына сәйкес шығарманың олқылығы деп санаған тұстарын да атап өтті. «Біздіңше, роман көлем көтереді, бірақ көпсөзділікті емес. Оқырман оқиға қуалап енді не болар екен деп отырғанда жағдай сұрасқан, амандық біліскен диалогтар қатары жалықтырып жібереді, бірауыз түсіндіре салатын жерде автор ұзақ диалог құрайды. Кейде романға қатысы жоқ кейіпкерлер кіріп кетіп олардың да тағдыры да айтыла бас­тайды». 
3,5 сағатқа созылған талқылау барысында әрбір рецензент осы талап бойынша рецензиясын оқыса, автор өзінің сынды дұрыс қабылдайтынын бүкпесіз айтып, ол автордың ғана емес, әдебиеттің дамуына да қосылған үлес деді.  Өз кезегінде рецензенттер романның баяндау тәсілін, көркемдігі мен идеясын, кейіпкерлердің мінез-құлқын, әр оқиғаға қатысты іс-әрекеттерін, жазушының шешімдерін жан-жақты талқылады. 
Арнайы белгіленген қаламгерлерден бөлек осы дөңгелек үстелге арнайы келіп қатысқан жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, сыншы, мәдени сарапшы Әлия Бөпежанова, әдебиеттанушы Гүлжаһан Орда, жазушы-журналист Қанат Тілеухан сөз сөйлеп, автордың қаламгер ретіндегі ерекшеліктеріне, «Өмір бәйтерегі» романының бүгінгі қазақ әдебиетіне қосар үлесіне тоқталды. 
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ 
 

105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы