• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

IFLA және Шығыс Қазақстан кітапханалары

Хабиба Ақжігітова, 
Шығыс Қазақстан облысы Кітапханашылар қауымдастығының басшысы

Ұлы Абай атамыз «артық білім кітапта» екенін әлдеқашан айтып кеткен. Кітаптағы сол білімді бүгінде «ерінбей оқып», «көретін» ұрпақ бар ма? Технология алға кеткен мына заманда жас ұрпақты кітап оқуға қалай қызықтыруға болады? Бұл тек Қазақстанды ғана емес, әлемді толғандырып отырған мәселе. IFLA-2025 жиыны – халықаралық кітапханалар қауымдастығы мен мекемелері конгресінің биыл біздің елімізде өтуі отандық кітапхана саласына тың серпін беріп, сала мамандарының кәсіби дамуына, халықаралық тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік туғызды.
Тамыздың 18-22 аралығында Астана төрінде адамзаттың мәдени өмірінде үлкен мәні бар халықаралық жиын өтті. IFLA-2025 жиыны – халықаралық кітапханалар қауымдастығы мен мекемелерінің конгресі. Жаһандық жиынға 115 елден кітапхана саласының 1627 маманы қатысты. Өскемендегі О.Бөкей атындағы кітапханадан тоғыз қызметкер қатысып, оның бесеуі еріктілер қатарында өз міндетін абыроймен атқарып шықты.  Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелерінің халықаралық федерациясы­ның (ағылшынша International Federation of Library Associations) бұл жолғы 89-шы дүниежүзілік конгресі «Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз» тақырыбымен өтті. 
Қазіргі уақытта жас ұрпақты кітап оқуға баулу, қызықтыру әсте оңай шаруа емес. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, әлемді толғандырып отырған мәселе. Сол себепті қазіргі таңда кітапханаларға қойылып отырған талап өте жоғары. Кітапхана бұрынғыдай кітап қоймасы емес. Бүгінгі кітапханалардың жүгі де, жүктемесі де ауыр. Бүгінгі қоғамның келбетін көріп, тынысы мен тіршілігін сезінгісі келген адам алдымен кітапханаға барады. Замануи кітапхана – білім беру һәм мәдени орталық, цифрлық инновация мен қоғамдық диалог алаңы. IFLA-ның конференциялары әлемнің барлық түкпірінде өтіп келеді. IFLA конгресінің биыл біздің елімізде өтуі отандық кітапхана саласына тың серпін беріп, сала мамандарының кәсіби дамуына, халықаралық тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, бұл жиын Қазақстанның әлемдік кітапханалық қауымдастықтармен терезесі тең әріптестік орната алатын ел екенін көрсетті.
Жалпы, біз IFLA туралы не білеміз? Ол қандай ұйым? IFLA бізге не берді? IFLA-ның тарихы 1927 жылдан басталады. Шотландияның Эдинбург қаласында құрылған. Ресми түрде 1971 жылы Нидерландыда жарғы қабылданғаннан кейін тіркелген. IFLA-ның штаб-пәтері Гаагадағы Нидерландының Корольдік кітапханасында орналасқан. IFLA-ның негізгі мақсаты – кітапхана қызметін жоғары деңгейде ұйымдастыру, әлем елдері кітапханалары арасындағы ынтымақтасты дамыту және т.б.   
Менің IFLA-мен таныстығым 1995 жылы басталды. Еліміз енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізген кез еді. Сол жылы IFLA-ның 61-ші конференция­сы «Болашақтың кітапханасы» атты тақы­рыппен Стамбулда өтті. Интернеттегі көпшілік кітапханалардың рөлі, виртуалды кітапханалар, өзгерістерді сараптау, интернет арқылы білім беру, кітапхана қызметінің маркетингі мәселелері қозғалып, талқыға салынды. Бұл мәселелер қазіргі таңда да өзекті. Ал Пекинде өткен IFLA-ның бас конференциясы «Өзгерістерге толы әлем: кітапханалар және экономикалық даму» тақырыбын қаузады. Біреулер кітапхана мен экономиканың қандай байланысы болуы мүмкін деп те ойлауы әбден мүмкін. Бірақ қазір ақпараттың құндылығы артқан заманы екенін естен шығармау керек. Ақпараттық құндылық – экономикалық дамудың негізгі тетігі. Ақпарат экономикалық ресурс ретінде бағаланады. Осы орайда кітапханалардың білім берудегі рөлін ескермеуге болмайды. Әрбір елдің интеллектуалды капиталын қалыптастыруда кітапханалардың рөлі орасан. 
Әрине, халықаралық деңгейдегі шара бізге дем беріп, қанат бітірді. 1996 жылы құрылтай өткізіп, Шығыс Қазақстан кітапханашыларының қауымдастығын құрдық. Қауымдастық – IFLA-ның мүшесі. Бұл бізге кәсіби тұрғыдан өсуге ықпал етіп, халықаралық жобаларға қатысуға жол ашты. 2023 жылы қауымдастық ҮЕҰ әлеуметтік жобаларын жүзеге асырғаны үшін республикалық «Таңдау» сыйлығының лауреаты атанды. Ғаламдық деңгейдегі екі конференцияға қатарынан қатысуымыз өз жемісін бере бастады. 1997 жылдан бастап алғашқы семинар-тренингтер өткіздік, бұл «Жазғы интернет мектеп» жобасына ұласты. Жоба он жылға жалғасып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстандағы 300-ден астам кітапхана маманына интернетті сауатты пайдалануды үйретті. IFLA-ның Интернет туралы манифесі бізге кітапханаларда IFLA-ның интернетке еркін кіру ережелерін құрастыруға көмек болды. Осы жылдары дәрігерлер, журналистер мен мемлекеттік қызметкерлерді және басқа мамандарды оқытуға арналған AIREX жобасы жүзеге асырылды. Қалалық әкімдікпен бірлесіп, «Ашық қала» сайтын жасадық. ПРООН-ның қолдауымен «IT-киіз үй» жобасын жүзеге асырып, ауылдық және аудандық кітапханаларда 32 онлайн орталық ашуға қол жеткіздік. 
IFLA-ның бұдан кейінгі конференциялары мен стратегиялық маңызы зор бастамалары, жол нұсқаулары біздің өңір кітапханаларының қызметіне оң әсер етіп, дәстүрлі кітапхананың тыныс-тіршілігіне елеулі өзгерістер енгізді. Әр конгресте  білім мен инновациялық идеяларға түрткі болатын постерлік сессия тұрақты түрде өтіп келеді. Пос­тер немесе стендті баяндама бұл қысқа нұсқадағы коммуникацияның бір түрі. 2016 жылы АҚШ-тың Огайо штатында өткен ИФЛА-ның 82-ші конференциясында біздің «IT-отау» атты жаңашыл жобамыз 130 елдің 205 постерінің ішінен үздік болып танылды. Сол кездегі конгрестің «Байланыстар, ынтымақтастық, қауымдастық» атты тақырыбына керемет үйлесе кетті. Біз алған бағытымыздың дұрыс екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Постердің макетін жасау барысында материалдың көрнекілігіне мән беру қажет. Айтар ойыңды фотосуреттермен, деректермен жеткізген жөн. Ал, мәтін ойыңды фотодеректермен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ғана жазылады. Стендті көрме жұмысында кеңес беруге, сый-тартулар жасауға, пікір алмасу мен тақырыпты талқылауға мән берген абзал. Кейіннен біз бұл форматты жылжымалы көрмелер жасау барысында сәтті пайдаға асырдық. Бұл біздің айтпақ ойымызды көпшілік аудиторияға жеткізуге көмектесті. IFLA-ның конгрестері – үздіксіз кітапханалық-ақпараттық білім жүйесінде біліктілікті көтерудің таптырмас құралы. Жаһандық шараны ұйымдастырған елдердің үздік, жетекші кітапханаларына барып, тәжірибе алмасқан да ғажап. Өзім барған кітапханалардың артықшылығы өте көп. Әріптестерім ең алдымен оқырманға қолайлылығын, кітап қорының ашықтығын ерекше атап айтып жатты. Нидерландыда өткен конгресс кезінде біздің кітапханашылар Гаагадағы кітап музейіне барған. Музей балалар кітабының тарихы мен бүгіні туралы сыр шертеді. Көп жылғы кітап оқу дәстүрі мен жаңа технологияның қалай үндескенін көру де ғанибет. Осы орайда көңілге жақсы бір идеяның келе қалатыны бар. Неге орталық балалар кітапханасы базасында қазақ балалар кітабының тарихына арналған жобаны жүзеге асырмасқа? Тұңғыш әліппе тарихын, өткен ғасырдағы алғашқы балалар баспасөзі туралы деректер мен жәдігерлерді неге жинамасқа?  
Жалпы IFLA цифрлық трансформация мен озық технологияға негізделген, білімнің ашықтығын мақұлдайтын «Болашақтың кітапханасы» тұжырымдамасын белсенді насихаттап жүр. Негізгі бағыттарының ішінен цифрландыру және қолжетімділік, электронды каталогтарды дамыту, кітаптар мен басқа да ресурстарға қашықтан қол жеткізу, ақысыз білім ресурстары, цифрлық кітапхана туралы манифест секілді тұстарын бөліп қарауға болады. Осы орайда Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылғанын айтқым келеді. Мысалы, bokey.kz – электронды кітапхана жобасы мен әдеби залдың ашылуы сөзімізге айқын дәлел бола алады. bokey.kz жобасының мақсаты – жазушы Оралхан Бөкейдің әдеби мұрасын сақтау, насихаттау. Виртуалды режім, оқырманның кітапхана қызметіне қашықтан қол жеткізуі қазіргі күні қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. BOKEY.KZ электронды кітапханасы цифрлық оқудың үлгісі деуге болады. Оқырман электронды кітапханаға кез келген құрылғымен, яғни компьютермен де, телефонмен де, планшетпен де кіріп, қаламгер шығармаларын әлемнің әр нүктесінен оқи алады. Мұндай қолжетімділік оқырманның белсенділігін арттырып, тұрақты түрде кітап оқу әдетінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ оқырманның уақытын айтарлықтай үнемдейді. Біз аудиокітап, видео және т.б. мультимедиялық контентті белсенді түрде дамытудамыз. Бұл пайдаланушылардың мүмкіндігін кеңейтіп, оқуды түрлі аудиторияға қолжетімді етеді. 
Оралхан шығармаларының сөздігі де ерекше атап айтуға тұрарлық. Жазушы шығармаларының текстология­сы лингвист ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бүгінгі таңда қаламгердің «Қамшыгер», «Кербұғы», «Айпара ана», «Тортай мінген ақбоз ат», «Ардақ», «Жылымық» секілді шығармалары бойынша сөздік құрастырылды. Бұл сөздіктердің білім және ғылыми тұрғыдан үлкен мәні бар.  IFLA-ның келесі бір басты бағыты – ЖИ және автоматтандыру. 2013 жылы Сингапурда ИФЛА-ның «Болашақтың кітапханасы: Шексіз мүмкіндіктер» атты 79-шы конференциясы өтті. Сингапур кітапханалары технология саласындағы инновациясымен әлемге танымал екені аян. Сингапурдың ұлттық кітапханасы әлем кітапханаларының ішінде RFID жүйесін бірінші болып енгізуімен есте қалды. Бұл кітап қорын бақылайтын құрылғы кітап беру, тапсыру ісін автоматтандырып қана қоймай, сұрыптап, инвентаризация жасайды. 2012 жылы біз облыстық Пушкин атындағы кітапханаға RFID технологиясын енгіздік. Биыл қағазсыз қызмет көрсететін RFID технологиясы О. Бөкей атындағы қалалық кітапханаға да келіп жетті. Әрине, жаһандық деңгейдегі шараға қатыса отырып, шығысқазақстандық кітапханашылар өңір кітапханаларын қалай тиімді ету туралы көп нәрсені сараптап, түсінді. Осы орайда IFLA-ның тағы бір маңызды бағытын атап өткім келеді. Кітапхана – қоғамдық кеңістік. Заманауи технология кітапханаларда шығармашылық, мультимедиялық, толық шынайылық секілді алаңдарды қалыптастыруға көмектесуге тиіс. Яғни, заманауи технологияның шығармашылықпен үндесуі немесе кірігуі өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін көп жобаға жол ашады. Мысалы, «Сөйлеуді түзету және дамыту» жобасының басты мақсаты – инновациялық технологияларды пайдалана отырып, тілінде мүкісі бар балаларға барынша қолайлы жағдай жасау. 
IFLA-ның кезекті бір конференциясында әйелдер мен жасөспірім қыздарға қызмет көрсетудің үздік тәжірибесін енгізу туралы мәселе көтерілді. Бұл ретте, Оралхан Бөкей атындағы кітапханада балалы аналарға арналған арнайы орын жасалған. Ал, жас қыз балаларды бағдарламалау және модельдеуге үйрететін «IT-Arular mektebi» жобасы жүзеге асырылып, қазіргі күні де жалғасын табуда. 
IFLA-конференциясының әрбір жиыны кітапханалардың жаңаша жұмыс істеуіне дем береді, олардың жақсы жаңалығын жарнамалап, қолдау көрсетуді де ұмытпайды. Сонымен бірге, жаhандық жиын назарынан инклюзия мәселесі де тыс қалған емес, яғни ерекше қажеттілігі бар балаларға ақпараттың қолжетімді болуы маңызды. Жалпы IFLA ұйымының әрбір жиыны жаңа жобаларға үлкен мотивация береді. 2023 жылы О. Бөкей кітапханасынан 5 кітапханашы Нидерландының Роттердам қаласында өткен IFLA-ның 88-ші конференциясына қатысты. Конференция тақырыбы инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы кітапханалардың рөліне арналды. Кітапханаларды қалай баршаға қолжетімді етуге болады? ЖИ кітапхана ісі саласына дос па, қас па? ChatGPT дәуірінде сыни ойлауды қалай дамытамыз? Роттердамдағы конференциядан шабыт алған өңір кітапханашылары біраз жобаны қолға алды. Кітапхананың «Bala-Daryn» жобасы мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауды көздейді. Биыл Астанада өткен әлемдік жиында О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың қызметкері Руслан Бабиров инклюзия мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы осы жобаны әлем кітапханашыларына таныстырып, арнайы баяндама жасады. Ол «кітапхана – бәріне бірдей мүмкіндік беретін кеңістік» дейді өз баяндамасында. Ал «TehnoSHeber» атты инклюзия орталығы балалар мен жасөспірімдерді 3D принтермен жұмыс істеуге үйретеді. Цифрлық мамандықтарға баулу – бұл болашаққа жасалған қадам. Әсіресе ерекше мұқтаждығы бар балалар үшін мұндай жобалар өмірде кездесетін түрлі кедергілерді еңсеруге көмектеседі. 
«Жасанды интеллект – ORKENIET OZEGI» мектебі жобасы аясында 2024 жылы «Жасанды интеллект кітапхана ісі саласында» атты республикалық конференция ұйымдастырылды. Жалпы Қазақстанда ЖИ тұжырымдамасы шыққаны белгілі. Бұл кітапханаларға үлкен мүмкіндік. Ендігі жерде кітапханалар ЖИ пайдалану бойынша оқыту орталығына айналуы тиіс.
Біздің жобаларымыз кітапхананы жаң­ғыртуға, оқырманның қызығушылығын оятуға зор мүмкіндік береді. Жанға жайлы қолайлы жағдай, жаңа технология тек бірін-бірі толықтыра түседі. Ең бастысы, кітапханаға келушілердің қатары артуда. Оның 63%-ы жастар. Экологиялық сауаттылық – тұрақты дамудың басты көрсеткіштерінің бірі. 2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсатын күн тәртібіне қойды.  Алға қойған 17 мақсаттың ішінде әлемді жақсарту да бар. 2016 жылдан бері IFLA БҰҰ-ның күн тәртібіндегі мәселелерді жүзеге асыру үшін халықаралық бағдарламаны іске асырып келеді. Осы орайда «Жасыл үй» экологиялық орталығы жобасы балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, туған өлкенің табиғаты жайлы білімдерін кеңейтуді көздейді. Бұл жобаның демеушісі «Самұрық Қазына». «Жасыл үй» жобасы 2023 жылы EIFL қорының инновация үшін сыйлығына ие болды. Сондай-ақ бұл марапатқа Пушкин кітапханасында қызмет еткен жылдары «IT-киіз» үй жобамыз ие болған еді. Осылайша біз БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға өз үлесімізді қосып келеміз. 
Өкінішке қарай, кеңестік дәуірде біздің кітапханаларда орыс тіліне, орыс әдебиеті мен мәдениетіне басымдық берілді. Тоқсаныншы жылдардың басында облыстық Пушкин атындағы кітапханадағы кітап қорының тек 5 пайызы, ал облыс бойынша тек 13 пайызы ғана қазақ тілінде болды. 1992 жылы облыстық кітапханаға директор болып тағайындалғанымда, мені осы мәселе қатты ойландырды. Қазақ тілі мен ұлттық мәдениетімізге бет бұру қажеттігін түсіндім. Кітап қорын қазақ тіліндегі әдебиеттермен толықтыру, іс-шараларды мемлекеттік тілде жүргізу, қазақша жетік білетін мамандарды жұмысқа шақыру тәрізді алғашқы қадамдар жасалды. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда қазақ тілінің Ренессанс дәуірі басталды, орыс тілінің дәрежесін төмендетпей, қазақ тілін жандандыруға үлкен мән беріліп отыр. Бұған «Кел, сөйлесейік» қазақ тілі курсы мен «Шығыс» мөлтекауданында орыс тілі курсын мысалға келтірсек те болады. 
Қазақтың ұлттық дәстүрлері заманауи технологияның қысымымен өзгеріске түсіп жатқанын да мойындаған жөн. Мәдени құндылықтар мен дәстүрді, соның ішінде қазақ тілін сақтауды кейінге ысыруға болмайды. Өткенге құрметпен қарау – ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етудің алғышарты. Кітапханалар мем­лекетіміздің тарихы мен мәдениетін, тілі мен дәстүрін оқытуға, дәріптеуге жағдай жасауға тиіс. Ұлттық дәстүр заманауи өмірге интеграцияланып, жаңа технология ғасырлардан тамыр тартқан ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді жатсынбауы керек. Біздің міндетіміз дәстүрді сақтай отырып, болашаққа бет алу. Осы орайда «ХХІ ғасырдағы ата-баба дәстүрі» атты жоба Ататек, Шешендік өнер, Бата беру, Асық ату, Тоғызқұмалақ секілді ұлттық дәстүрді ұлықтайтын бағыттарды дамытып, оқырманның өзінің бастауына оралуына ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыруға демеушілер мен еріктілер қолдау көрсетіп, ортақ мақсат – отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге жұмыла кірісуде.  
Жалпы IFLA-ның мүшесі болу біздің кітапханалардың өркендеп дамуына, кітапханалық ақпараттық қызметтің құндылығы мен маңызын түсінуге ықпал ететіні сөзсіз. Кітапханалар үшін IFLA-ның көпшілік кітапханалар туралы манифесі маңызды құжат болып табылады. Жергілікті деңгейде білімге жол ашқан кітапханалар үздіксіз біліммен қамтамасыз ету, жеке шығармашылықты дамытуға мүмкіндік беру үшін қажет. Осы мақсатта 2023 жылы біз «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылықты қозғаушы күш» атты республикалық конференция өткіздік. Конференцияда ұстанатын саясатты, мақсат-міндеттерді көрсететін қызметті жергілікті тұрғындардың сұранысын ескере отырып анықтаудың маңыз­дылығын нақты мысалмен көрсеттік. Мысалы, Өскеменнің іргесіндегі «Шығыс» ауылында 6123 адам тұрады, оның 80%-ы қандастар. Дәл осы ауылда біз балаларға цифрлық сауатты үйрететін «IT білгірі» жобасын іске асыруды жөн деп таптық. Басқа мөлтекауданда орналасқан кітапханамызда «Балаларды дамыту орталығы «Оқы, біл, жаса» жобасы іске асуда. Сонымен қатар тағы бір филиалда балалар домбыраны қызыға үйренеді.  Университетпен бірлескен «Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы» жобасына отбасындағы тәрбие мәселесі өзек болады. «Қазғарыш» АҚ-мен бірлескен «Ғарышқа жол кітапханадан басталады» атты жоба да өз жемісін беруде. IFLA-ның көпшілік кітапханалар туралы манифесінде кітапханалар түрлі аудиторияны қамтуы үшін серіктестік қарым-қатынас орнатуы қажет екендігі айтылады. Жергілікті билікпен де ынтымақтастық орнату маңызды. Мысалы, «АТОМТАНУ» жобасы ересек оқырманның энергия туралы білімін кеңейтіп, жастардың атом энергиясына деген қызығушылығын арттырып, атом энергетикасына қатысты мамандықтарды таңдауына ықпал етеді. Бұл жобаға атом технологиясы бойынша ақпараттық орталық пен Астанадағы оқу орны демеушілік көрсетіп отыр. 
Әрбір кітапхана IFLA туралы, оның мақсаттары мен қағидалары, құндылығы туралы хабардар болуы керек деп санаймын. Тіпті жыл сайын өтетін Конгрестің негізгі құжаттарын, баяндамалары, баспасөз мәлімдемелері мен стратегиялық маңызы зор мәлімдемелерін мемлекеттік тілге аударып қойса да артық емес. Ел мен елдің, жергілікті жердегі кітапханалардың деңгейі әртүрлілігіне қарамастан, барлығына ортақ мәселе жетеді. Мысалы, цифрлық мүмкіндіктер, балалар мен жастарға қызмет көрсету және цифрлық білімге қолжетімділік, ЖИ пайдалану, т.б. IFLA арқылы әлемдегі озық кітапханалардың тәжірибесі бүгінгі күні қолжетімді болып отыр. Десе де бізге бұдан да табысты болу үшін ортақ мақсат керек. IFLA қазіргі өзгерістер заманындағы кітапханалардың рөлін қайта қарау үшін тұрақты түрде диалог алаңын ұйымдастырып отыруға ұмтылады. Бүгінгі таңда кітапхана дегеніміз, бұл – цифрлық платформа, инклюзивті кеңістік, мәдени және білім беру орталығы, дәстүр мен болашақтың арасындағы алтын көпір. 
IFLA бізге әлемді айқын көруге, үздіктерден үйренуге, пайдалы болуға көмектеседі. Уақыт талабына сай болу үшін IFLA-ның қызметіне белсенді қатысуымыз, оның негізгі құжаттарын мем­лекеттік тілге аударуымыз, тәжі­рибені ортаға салып, ортақ мақсатқа жұмылуымыз керек. Болашақтың кітапханасы – өмірге бетбұрыс әкелетін кітапхана. Біз осынау үлкен миссияның бір бөлшегіміз. IFLА-ның инновациялық қызметі мен саясаты кітапханалардың болашағын қалыптастыратыны анық. 

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы