• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

САЯСИ ЖҮЙЕ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖІКТЕУ МӘСЕЛЕСІ

Раушанбек Әбсаттаров, 
ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор

Қоғамның саяси жүйесінің проблемалары саясаттанушы ғалымдар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, заңгерлер, философтардың назарын айырықша аударып отыр. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені төтенше күрделі қарым-қатынастар қалыптасқан қазіргі даму жағдайында қоғамның сая­си жүйесін талдаудың маңызы арта түсуде. Қоғамның саяси жүйесінің тұжырымдамасы саяси ғылымдардың әдіснамалық арсеналына сапалық жаңалықтар енгізу үшін жасалған ұмтылыс ретінде XX ғасырдың орта шенінде қалыптасты. Әлеуметтік процестерді зерттеуге жүйелік, бихевиористік және құрылымдық-функционалдық тұрғыдан келу қоғамның саяси жүйесі теориясының негізі болып келеді. Бұған қоса саясаттануда осы әдістер тұрғысынан келу қоғамның саяси жүйесін әртүрлі деңгейлерде терең, неғұрлым кешенді талдауға мүмкіндік береді.
Қоғамның саяси жүйесін жұмыс істеп тұрған, біртұтас жанды дүние ретінде қарастыруға болады. Осыған байланысты саяси жүйе арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінің тыныс-тіршілігі жүзеге асырылады, осында әртүрлі қоғамдық күштер мүдделерінің қиылысуы мен қақтығысуы жүріп жатады, билік сипатындағы шешімдер қабылданады деп айтуға болады. Қоғамның саяси жүйесі алға қойылған мақсаттардың орындалуы үшін әртүрлі саяси субъектілер қызметінің үздіксіздігін, байланыстылығын және оларды сатылап үйлестіруді қамтамасыз етеді. Ол әлеуметтік жанжалдар мен қайшылықтарды шешу механизмін анықтайды, қоғамдық қатынастарды үйлестіреді, әртүрлі қоғамдық күштердің негізгі кұндылықтары бойынша, қоғамдық дамудың мақсаттары мен бағыттары жөнінен консенсусқа жетуіне септеседі.
Сонымен бірге қоғамның саяси жүйесі таптардың, әлеуметтік топтардың, халықтардың саяси мүдделерін түсінуге, осы мүдделерді білдіретін саяси құбылыстардың өзара байланыстылығы мен өзара тәуелділігін анықтауға мүмкіндік береді. Қоғамның саяси жүйесінің осы және басқа да мәселелерін дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, қоғамның саяси жүйесінің өзекті мәселелерін қарастыру, зерттеу қажет. 
Әрине, қоғамның саяси жүйесінің барлық өзекті мәселелерін бір мақалада қарастыру мүмкін емес. Сондықтан бұл ретте негізінде тек қоғамның саяси жүйесінің түрлері және олардың жіктеу мәселесін қарастырамыз. 
Қоғамның саяси жүйесінің түрлерін және оларды жіктеу мәселесін дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, оның ұғымы, құрылымы мен функциясын қысқаша қарастыру керек. 
Қоғамның саяси жүйесінің осы заманғы тұжырымдамасы оны анықтаудың әртүрлі өлшемдерін ұсынады. Сондықтан саясаттанушылар арасында бұл ұғымды түрліше түсіндіру қалыптасқан. Бүгінде ғылыми әдебиетте қоғамның саяси жүйесі жөнінде елуге жуық анықтама берілген. Мәселен, бірқатар ғалымдар саяси жүйені идеялар (комплексі) кешені деп білсе, басқа біреулері оны өзара әрекет ету жүйесі ретінде таниды, үшінші біреулері оған белгілі бір элементтердің жиынтығы деген анықтама береді.
Бүгінде саясаттануда қоғамның саяси жүйесін талдауға жаңа қырынан келу қажет, ал ол синергетика арқылы мүмкін болмақ. Синергетика – бұл өзінің мәні жағынан пәнаралық болып табылатын жаңа ғылыми парадигма. Ол ашық және өзгермелі (нелинейных) қоғамның саяси жүйесінде қалыптасатын өздігінен ұйымдастырылатын, өздігінен басқарылатын процестерді зерттейді. Синергетика – кездейсоқ саяси құбылыстарды жалпы сипаттық белгілерге жатқызады. Синергетикалық тұрғыдан келгенде, кездейсоқтық саяси өмірдің өзіндік, сипаттық қасиеті ретінде қарастырылады. Бұл бағыттағы одан арғы зерттеу, меніңше, синергетика тұрғысынан келуді қоғамның саяси жүйесін танудың және түсіндірудің сенімді методологиясына ұластырады. Саяси микроқұрылымды және саяси өзара әрекеттесуге нақты қатысушылардың мінез-құлқын, сондай-ақ қоғамның саяси жүйесінің құрылымы мен функциясын түсіндіруге негізделген теорияны сипаттайтын тұжырымдаманы келісудің сенімді әдісін табуға жағдай туғызуы да мүмкін.
Қоғамның саяси жүйесі – белгілі бір саяси және құқықтық нормаларға, мәдениеттің құндылықтары мен дәстүрлеріне негізделген қоғамның саяси ұйымдары рөлінің, қатынасының, процестерінің, принциптерінің реттелген құнды жиынтығы болып табылатын саяси институттарды көзге елестететін күрделі, көп қырлы жүйе. 
Саяси жүйе дегеніміз – мемлекет фокусы болып табылатын организмнің сая­си билік арқылы тұтастай орталықтандырыла басқарылатын қоғамның барлық элементтерінің интеграциясын қамтамасыз ететін біршама тұйық жүйе. Ол солардың ұйымдасуы мен өкілдіктерін, билік әдістері мен тәсілдерін және саяси институттардың (саяси режим) қызметі, саяси билігі, саяси құндылығы, бағыт ұстануы мен саяси іс-әрекеттердің үлгісі бойынша әлеуметтік және саяси басқару құрылымдарының арасындағы өзара әрекет етудің жүйесін анықтайтын саяси институттарды (мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және т.б.), саяси-құқықтық нормаларды қамтиды. 
Қысқасын айтқанда, қоғамның саяси жүйесі дегеніміз соның механизмі, күші арқылы қоғамдағы билікті, басшылықты және басқару қызметін жүзеге асыратын тұтастай бір тетік. Қоғамның саяси жүйесінін қызметі – қоғамдағы болып жатқан саяси қатынастарды және ондағы саяси үрдістерді реттеуге бағытталған қызмет. Қоғамның саяси жүйесі, бұл өз бетінше күрделі институционалды ұйымдасқан құрылым болып есептелінеді. Ғылыми әдебиеттерде қоғамның саяси жүйесін құруға әртүрлі әдістердің қолданылатыны сөз болады. Оның құрылымында ең көп тарағандары мына компоненттер (ішкі жүйелер): институционалды, нормативті-реттеуші, ақпараттық-коммуникативті, функционалды, мәдени және идеологиялық. 
Саясаттану әдебиеттерінде қоғамның саяси жүйесі құрылымдарының компоненттері (элементтері) жөнінде басқа да нұсқалар үлгілер және көзқарастар бар екендігін айта кеткеніміз жөн. Мәселен, кейбір саясаттану әдебиеттерінде саяси жүйенің негізгі компоненттері ретінде: саяси ұйымдарды; саяси қатынастарды; саяси және құқықтық нормаларды; саяси сананы және басқаларды келтіреді. Қоғамның сая­си жүйесі компоненттерінің әрқайсысы өзінің дербес ерекше құрылымдары, сыртқы және ішкі ұйымдастырушылық түрлері мен мүдделерді білдіру әдістері болады. Осы элементтердің дұрыс жұмыс істеуі тұтастай қоғамның саяси жүйелерінің барлық кызметтері үшін бірінші кезектегі маңызы болады.
Осыған байланысты мынаны атап өткен жөн – Қазақстанның осы заманғы саяси жүйесі аса күрделі өтпелі (ауыспалық) кезеңді бастан өткізіп отыр. Осы жүйенің барлық негізгі элементтері әлі де болса қалыптасып біткен жоқ. Оның үстіне барлық элементтердің сипаттары мен формаларының қандай болатындығы да әзірше белгісіз. Сондай-ақ жаңа саяси жүйелердің қоғаммен екі арадағы өзара қарым-қатынасының кандай болатындығы да нақты айқындалмаған. 
Қоғамның саяси жүйесінің аса мәнді сипаттамаларының бірі – оның өміршеңдігі. Бұл оның белгілі бір функцияларын орындау үрдісінде көрініс табатын болады. Осыған байланысты қоғамның саяси жүйесінің функцияларын түсіндіруде саясаттануда әлі де болса пікірлердің шашырап, бір жерге тоғыспай келе жатқандығын атап өткен орынды. Қоғамның саяси жүйесінің бүгінгі таңдағы қызметі әлі де болса тұрақты түрде қалыптаса қойған жоқ. Әлгінде айтылған пікірлердің әрқилы болуы да осыған байланысты секілді. Саяси жүйе тарихи-саяси жағдайлардың және қоғамның саяси жүйесінің дамуына орай өз түрін өзгерту үстінде. Қоғамның саяси өмірінің қызмет істеуі бір-бірімен тығыз байланысты болады, олар бір-бірін толықтырып отырады. Алайда, қалай дегенмен де олар дербес дамиды.
Қоғамның саяси жүйесінің функциялары қоғамдық организмнің біртұтастығын сақтауды және оның ішкі және сыртқы тәртіптерге, өзгерістерге орай бейімделуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрақты, қалыптасқан саяси жүйелер үшін мынандай функциялардың сипаты болуы тиіс: қоғамды дамытудың мақсаттарын, міндеттері мен жолдарын анықтау; мақсаттар мен бағдарламаларды орындау; материалдық және рухани құндылықтарды бөлу; мемлекеттің әрқилы мүдделерін әлеуметтік қауымдастықтармен келісу; қоғамдағы адамдар мен топтардың ережелерін және заңдарын талдап жасау; саяси құрылыстың ішкі және сыртқа қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету; саяси сананы қалыптастыру, қоғамның мүшелерін саяси қызметке қатыстыру; заңдар мен ережелерді орындауға, сақтауға бақылау орнату, саяси нормаларды бұзатын әрекеттердің алдын алу. Осыдан көріп отырғанымыздай, қоғамның саяси жүйесі қоғамның жалпы қоғамдық жүйесінің анағұрлым қосалқы жүйесі ретінде өзіне тән функцияларды орындайды. Оның негізгі өзіндік функцияларын: интеграциялық, мақсаткерлік, ұйымдастырушылық, реттеушілік және бақылау орнатушылыққа бөлуге болады деп ойлаймын. 
Саяси жүйе қоғамды ілгерілетіп дамытуға қабілеттілігі арқылы сипатталады. Оның түп тамыры сыртқы ортаның өзгерген талаптарына дер кезінде көңіл аударуға барып тіреледі. Саяси жүйе қайта жаңғыртулардың жаңа талаптарының ықпалы арқылы өзін-өзі игеруге қабілетті болуы тиіс. Бұл ретте оның қайта жаңғыруы қоғамның саяси жүйесінің түрлері мен жіктелуін анықтау кезінде аса маңызды болып саналады.
Бір-бірінен объективті және заңды түрде қалыптасқан мәдени және әлеуметтік-тарихи ерекшеліктерімен ерекшеленетін қоғамның саяси жүйелерінің әртүрлі формалары өмір сүреді. Бұлардың қай-қайсысында өзіндік ерекшеліктері бола тұра, олардың барлығына тән белгілі бір ортақ белгілер, сипаттамалар болады. Мұның өзі барлық саяси жүйелерді бөлуге, немесе жекелеген саяси жүйелерді сол және басқа да принциптер мен критерийлер негізінде белгілі бір топтарга біріктіруге мүмкіндік береді. Қоғамның саяси жүйелерін типтендіруде (түрге бөлуге) әртүрлі қырынан және критерийлер тұрғысынан келуге болады, бұл әртүрлі негіздерге сүйене жасалынатындықтан, ол көп қырлылығымен ерекшеленеді.
Қоғамдық құрылыстың сипаты, саяси режим, мемлекеттік форма, қоғамның экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік даму тенденциясы, азаматтардың құқығы мен бостандығын жүзеге асырудың әдістері мен мүмкіндіктері, плюрализм, азаматтық қоғамның орнығуы немесе болмауы, саяси мәдениеттің деңгейі және тағы басқа факторлар қоғамның саяси жүйелерін жіктеудің көпшілік мақұлдаған негізгі критерийлері болып табылады. XX ғасырдың бас кезінде қоғамның саяси жүйелерін типтендіруде қоғамдық құрылымды талдаудың бір-біріне қарсы маркстік және веберлік дәстүрлері көрініс берді. Саяси жүйені талдауға маркстік тұрғыдан келудің мәні қоғамның саяси жүйесінің қызметі мен оның дамуында таптық факторларды абсолюттендіруге келіп саяды. Саяси жүйелер, ең алдымен, олар қай таптың саяси мүддесін білдіргендігіне, әлеуметтік-экономикалық құрылымның сипатына және қоғамдық-экономикалық формацияның түріне байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес қоғамның саяси жүйелері құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік болып бөлініп отырады. Саяси жүйелерді бұлай типтендірудің басты ерекшелігі бөліп көрсетілген осы түрлердің бір-біріне қасарысқан қарама-қарсылығында болып отыр.
Саяси жүйелерді типтендіру негізі қоғамның саяси жүйелері қызметінің формасы мен әдістері болуы да мүмкін екендігін айтқан жөн. Мұндай талдаудың негізін М.Вебер қалаған. Ол саяси жүйелердің түрлерін экономикалық детерминдеуге қарсы болды. Қоғамды экономикалық құрылымға таңып, байлап қою әсте де дұрыс емес, мұндай жағдайда бір типті базисте неліктен әртүрлі саяси жүйелер пайда болатынына түсінік беру қиын. Оның көзқарасы бойынша, ең бастысы – дәуірдің әлеуметтік сипатымен, азаматтық коғамның даму деңгейімен, бұқараның күткен талаптарымен, билікті негіздеу әдістерімен, элитаның іске икемділігімен анықталатын билік жүргізудің детерминденген әдісі болып табылады.
Заңдылығына және билік етудің үлгісіне қарай бағдар ұстауға байланысты саяси жүйелер дәстүрлі, харизматикалық, рационалды болып бөлінеді. Бұл мәселелерді зерттеуге Вебер тұрғысынан келу саяси жүйелерді типтендірудің осы заманғы дамуына үлкен ықпалын тигізді. Американдық саясаттанушы Г.Алмондтың саяси жүйелерді жіктеуі де кеңінен тараған әдістердің бірінен саналады. Ол оларды саяси мәдениеттің үлгісі және саяси процеске қатысушылардың өзара ішінде саяси рөлдерін бөліп көрсету бойынша ажыратуды ұсынды. Г.Алмонд саяси жүйелердің ағылшындық-американдық, континентальды-еуропалық, индустриалдыға дейінгі немесе ішінара индустриалдық және тоталитарлық деп аталатын төрт түрлі үлгісін бөліп көрсетеді.
Ағылшындық-американдық саяси жүйе (АҚШ, Ұлыбритания) үшін саяси процеске қатысушылардың; мемлекет, партиялар, мүдделі топтар т.б. арасында саяси рөлдер мен қызмет бөлісудің жоғары деңгейде жүргізілуі тән. Бұл жүйе гомогендік және плюралистік саяси мәдениеттің болуымен сипатталады. Саяси процестің көптеген субъектілері саяси жүйе құрылымының негізгі принциптерімен, көпшілік мақұлдаған нормалармен және құндылықтарымен келісетіндіктен де оны гомогенді деп айтуға болады. Саяси мәдениет адамның бас бостандығы мен қауіпсіздігі идеясына, барлық мүдделер мен позициялардың заңдылығына негізделген, бұл екеуінің арасында толеранттылық басым мәнге ие, ол қоғам мен элитаның тығыз одағы болуына, нақты саяси бағытты ұстануға жағдай жасайды. Саяси партиялар, мүдделі топтар, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты өзіндік рөлі бар құрылымдар бостандықтың дәмін татып жүргені сөзсіз.
Әрбір жеке индивид бір мезгілде бір-бірімен араласып, қабысып кеткен көптеген топтардың құрамына кіруі де мүмкін. Саяси жүйенің осынау түріне асқан ұйымшылдық, жоғары деңгейдегі тұрақтылық, ұтымды әрекет, оның әртүрлі элементтерінің қызметін дамыту мен олардың арасындағы билік бөлісу сияқты сипаттар тән. Ағылшындық-американдық саяси жүйе мен мәдениет, сондай-ақ антиэтатизмге, эгалитаризмге және дарашылдыққа негізделген. Континенталды-еуропалық саяси жүйе (Франция, Германия, Италия және Батыс Еуропадағы басқа да елдер) өзінде ескі және жаңа саяси мәдениетті топтастырады. Сонымен бірге ол тұтас алғанда жалпы базасы бар саяси мәдениеттің фрагменттігімен ерекшеленеді. Ол үшін ескі және жаңа мәдениеттің қатар өмір сүруі сипатты нәрсе, ал қоғам бір-біріне сай келмейтін, қарама-қарсы құндылықтарымен, идеалдарымен, бағдарларымен, мінез-құлық нормаларымен, стереотиптерімен ерекшеленетін көптеген мәдениеттерге бөлінген. Мүдделі топтардың, партиялардың т.б., халықтың қажеті мен талабын саяси альтернативаға ұластыру мүмкіндігі шектелген, бірақ, басқа әлеуметтік ұйымдардың (мәселен, діни, үлттық және т.б.) күш-жігері мен мүмкіндігі әртүрлі негіздік мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылықты үдете түседі. Алайда саяси жүйеде негіздік субмәдениеттер арасында болатын қарама-қайшылықтар ортақ мәдени негіз – либералдық құндылықтар бар болғандары да қоғамдық келісімге қол жеткізуге бөгет бола алмайды.
Индустриалдыға дейінгі немесе ішінара индустриалдық саяси жүйе аралас саяси мәдениетті бағдарда ұстайды. Бұл жүйеде қарама-қарсы бағыттағы саяси бағдарлар бар және жүйе қызметі ешқандай шектелмеген. Индустриалдыға дейінгі және ішінара индустриалдық саяси жүйелердің аралас саяси мәдениеті негізінде жергілікті саяси субмәдениеттен құралады, оның негізінде ағайындық-рулық қауымдастардың және тайпалардың құндылықтары жатыр. Соған қарамастан мұндай саяси мәдениеттің қалыптасу жағдайларының өзі қасиетті деп саналатын әдет-ғұрыптар, дәстүрлер, байланыстардың бұзылуымен, тұрақсыздықтың өсуін сезінумен бірге жүріп отырады. Тәртіптілік пен қорғаныш іздеген адамдар харизматикалық лидерге өтінішпен барады. Коммуникация және үйлестіру тұрғысынан келгенде бұл процестер қоғамдағы қарым-катынасты қиындата түседі. Осы үлгідегі саяси жүйеге билікті бөлуді көмескі жүргізу, бостандықты шектеу, зорлық-зомбылықты қолдану тән болмақ. Мұнда күш қолданбай келісім мен ымыраға келу іс жүзінде мүмкін емес. Күш қолдану жолымен қоғамды интеграциялау билікті шоғырландыруға әкеледі.
Тоталитарлық үлгідегі саяси жүйеде саяси мәдениеттің тоталитарлық сипатын танытатын саяси белсенділіктің мәжбүр етуші үлгісі орнығып, бекиді. Тоталитарлық саяси жүйе қатаң орталықтаңдырылуымен және ортақ билік жүргізу орталығының бақылауында болуымен сипатталады. Саяси істерге қатысу және демократиялық процедуралар формалды түрде ғана болады. Билік монополиялық билік жүргізуші партиялардың, не әлдебір топтардың және бюрократтық аппараттың қолына шоғырланады. Партия коғам мен жеке адамның тіршілік әрекетінің барлық қырын бақылайтыны белгілі. Әлеуметтік-мәдени өрісте таптық, ұлттық немесе діни құндылықтарға басымдық беріледі және бұл қоғамның барлық саяси жүйесіне міндеттелінеді.
Француз саясаттанушысы Ж.Блонделяның саяси жүйелерді жіктеуі кеңінен танымал болып отыр. Ол саяси жүйелерді басқарудың мазмұны мен формасы бойынша танып-білуді ұсынады және оны бес түрлі үлгіге: либералдық, радикалды-авторитарлық немесе коммунистік, дәстүрлілік, популистік және авторитарлық-консервативтік деп бөледі. Либералдық саяси жүйе – бұл дарашылдық, бостандық пен жауапкершілік құндылықтарына бағдарланған саяси шешімдер қабылдау болып табылады. Радикалдық-авторитарлық (коммунистік) саяси жүйе теңдік пен әлеуметтік әділеттілік құндылықтарына бағдар ұстайды. Дәстүрлі саяси жүйе – бұл олигархтар басқаратын саяси жүйе, оларға консерватизм әдісі тән және ол экономикалық-әлеуметтік игіліктердің, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебелердің тең бөлінбеуіне бағыт-бағдар ұстайды.
Популистік саяси жүйе – бұл дамушы елдерде өзінің авторитарлық әдістері және игіліктерді бөлуде теңдікке көбірек ие болуға бағытталған басқару тәсілдері арқылы басымдыққа ие болып отырған саяси жүйе. Ал авторитарлық-консервативтік саяси жүйе – бұл әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктің сақталуын және халықтың саяси істерге қатысуын шектеуді көздейтін саяси жүйе.
Саяси жүйелерді Ресей саясаттанушысы В.Е.Чиркиннің жіктеуі де қызғылықты. Ол саяси жүйенің командалық, жарыспалылық және әлеуметтік бітімгершілік секілді үш басты үлгісін бөліп көрсетеді. Командалық саяси жүйе көне заманнан бері белгілі. Оның басты белгілері: әкімшілік, мәжбүр етушілік. Соңғысы әртүрлі формада, соның ішінде салыстырмалы түрде жұмсақ формада жүзеге асырылуы мүмкін. Жарыспалылық саяси жүйенің басты көрсеткіші – бұл әртүрлі күштердің саяси күресі, олардың саяси процестегі еркін бәсекелестігі болып табылады. Әлеуметтік бітімгершілік саяси жүйе ымыралық және консенсустік ізденістерімен сипатталады. Осы үш жүйенің тиімділігі жөнінде әңгімелей келе, В.Е.Чиркин оларды қоғамдық прогресс, әлеуметтік әділеттілік, демократия, жеке адамның жан-жақты дамуы ретіндегі индикаторлар тұрғысынан бағалауды ұсынады. Осыларға сәйкес командалық саяси жүйе де белгілі бір аралық нәтижелерге жету үшін (Чили, Бразилия, Оңтүстік Корея, Тайвань және т.б.) сондай жағымды сипатқа ие болуы мүмкін. Жарыспалы саяси жүйе әлеуметтік прогресс, демократия және адам құқығы бойынша бірқатар жағымды сипаттарға ие, бірақ әлеуметтік әділеттілік мәселелері бойынша ондай табысқа жете алмай отыр және де бұл тек тұрақтылығы бір қалыпты қоғам жағдайында мүмкін болмақ. Әлеуметтік бітімгершілік саяси жүйе (Солтүстік Еуропа елдері) салықты көп төлету арқылы ұлттық байлықты қайта бөлу жолымен қол жеткізілген экономиканы дамытудың жоғарғы деңгейі жағдайында тиімді болмақ.
Саясаттануда саяси билікті жүзеге асырудың құралдары мен әдіс-тәсілдерін, қоғамдағы саяси бостандық дәрежесін, жеке адамның құқықтық жағдайын, тоталитарлықтың және демократияның принциптерін ұштастыру формасын талдау негізінде саяси жүйені жіктеу кеңінен белгілі болып отыр. Әдетте оның шеңберінде саяси жүйенің үш түрлі үлгісі: тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық үлгілері бөліп көрсетіледі. Кейде оларға саяси жүйенің либералдық үлгісі де қосылып жатады.
Тоталитарлық саяси жүйе үшін қоғамдық өмірдің барлық саласына мемлекеттің қатаң бақылауы тән, бұған жеке адамның құқы мен бостандығын белгілі бір дәрежеде шектеу немесе жоққа шығару, жасырын оппозицияның болмауы, билік бөлісуді іс жүзінде жою, қоғамды жалпыға бірдей идеологияландыру, билікті орталықтандыруды қатаң жүргізу, жекенің инициативасын радикалды шектеу, оның барлық саяси проблемаларды шешуге мемлекеттік машинаның алдында толығымен тәуелсіздігі жатады.
Нацизм, фашизм, сталинизм, хусейинизм – тоталитарлық саяси жүйенің неғұрлым қатаң формасы болып табылады. Жүйелердің бұл формасында билікті бөлісу принципі атымен жоқ, жеке бір партия мемлекеттік аппаратпен бірге билікке өзі иелік етеді, барлық оппозициялық партиялар мен идеологиялық ағымдар жойылады, азаматтардың құқығы мен бостандығы толығымен аяқ асты етіледі, күштеп билік жүргізу және қуғын-сүргінге ұшырату әдістері кеңінен қолданылады.
Авторитарлық саяси жүйе тоталитарлық және демократиялық саяси жүйелердің арасындағы аралық жағдайды иемденеді. Авторитарлық саяси жүйе жеке билік режимі болуымен, басшылық етуші топтардың билік етуімен сипатталады. Мұнда жасырын оппозиция да өмір сүреді, бірақ оның әрекет ету мүмкіндігі тарылған және де ол басып тасталуы да мүмкін. Сонымен бірге авторитарлық саяси жүйе адамның бостандығы мен негізгі саяси құқықтарды шектеуі немесе оны жоюы арқылы ерекшеленеді, парламент екінші дәрежедегі билік жүргізуші органға айналады. Авторитарлық режимде ресми идеология үстемдік етеді, сонымен бірге режимге адал басқа да идеологияларға орын беріледі. Экономикада мемлекеттік сектормен бірге, жеке кәсіпкерлік те іс-әрекетін жүргізеді. Бұқараның саяси өмірге араласуы шектеулі болады, бұқара саяси бағыттарды белгілеуге қатыспайды, билік етуші топ өзінің билік жүргізуін іс жүзінде бұқараның бақылауынсыз жүзеге асырады.
Осы заманғы авторитарлық саяси жүйеге өтпелілік сипаты да тән, ол тоталитарлық немесе демократиялық бағытта өрістеп, дамитын болады. Демократиялық саяси жүйеде биліктің қарым-қатынасы бойынша жеке адамның құқығына және қоғамның билікке бақылау орнатуына басымдық беріледі. Ол азаматтардың бостандығы мен құқықтарына, билік жүргізуші және оппозициялық партиялардың еркін іс-әрекетіне кепілдік беретін кең диапазонды иемденеді, бұқаралық ақпарат құралдары цензураның қадағалауынан толықтай босатылады, қоғам әлдебір ресми идеологиядан арылып, жалпыұлттық дүниетанымдық құндылықтарды сақтауға қол жеткізеді. Бұл жүйеде билік тармақтары қалай бөлінетіндігі нақты көрсетілген. Конституция және зандылық принциптері мойындалып, іс жүзінде жүзеге асырылады. Биліктің өкілетті органдары жалпыға бірдей сайлау негізінде құрылады. АҚШ, Франция, Швеция, Финляндия, Бельгия, Австрия, Австралия, Канада және т.б. елдердің саяси жүйелері бүгінде демократиялық жүйелер ретінде танылып отыр. Ал Германия үшін демократиялық институттар мен билік жүргізудің авторитарлық әдістерінің процедурасын ұштастыра отырып басқару қалыпты үрдіске айналуда. Демократиялық жүйелер әртүрлі елдерде белгілері өз-өзінен қайталанып отыратын қайдағы бір көшірме емес екенін ескеру қажет. Бұған қоса демократиялық жүйелерге сипаттама бергенде экономикалық және әлеуметтік дамудың деңгейі, саяси бағыты, басқару формалары және т.б. ескерілуі тиіс. Осыған байланысты демократиялық саяси жүйені заңдылыққа және билікке қоғамның бақылауы жүзеге асырылатын ресми ұйым деп санау керек. Ол қоғамда қабылданған принциптер мен ұғымдар негізінде жұмыс істейді, айқын мақсаты бар және жалпы мүдделерді жүзеге асыруға ықпал етуге бейімделген ұйым.
Мемлекеттік формаға негізделген саяси жүйелер үлгісін жіктеу де кеңінен белгілі болып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде мынандай екі белгіге: әртүрлі билік тармақтары мен институттарының арақатынасына және қоғамдық саяси жүйенің территориялық құрылымына назар аударылады. Бірінші белгіге сәйкес осы заманғы саяси жүйелер монархиялық (абсолюттік немесе конституциялық) және республикалық (парламенттік, президенттік) болып бөлінеді. Екінші белгіге сәйкес саяси жүйелер унитарлы, федеративтік және конфедеративтік болып бөлінеді. Саяси жүйелерді дәстүрлік және саяси өзгерістер деңгейіне байланысты модернизацияланған деп жіктеу де кеңінен белгілі болып отыр. Дәстүрлік саяси жүйеге қоғамды құрудың ескірген принциптері, азаматтық қоғамның жетілмегендігі, саяси мінез-құлық формасының дамымауы, қоғамға кажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырудағы консерватизм тән. Дәстүрлі саяси жүйе саяси рөлдердің әлсіздігімен, билікті негіздеудің харизматикалық әдістерін иеленумен ерекшеленеді. Ал модернизацияланған саяси жүйеде, бұған керісінше, азаматтық қоғамның дамуы, саяси рөлдердің диверсификациялануы, билікті негіздеудің ұтымды әдісі жүзеге асырылады. Модернизацияланған саяси жүйе маңызды экономикалық және әлеуметтік ұйымдарды, мекемелерді модернизациялау мақсатын жариялауымен ерекшеленеді. Саяси модернизациялаудың мақсаты қоғамдағы терең әлеуметтік қарсылық, элита мен бұқара арасындағы қарым-қатынас тудыратын қарама-қайшылықты жою болып табылады.
Егер жіктеу негізінде тұрақтылық пен өзгерістерге бағдар ұстаған саясатты алатын болсақ, онда саяси жүйелерді шартты түрде консервативтік және өзгерістік деп бөлуге болады. Консервативтік саяси жүйенің басты мақсаты – саяси, экономикалық және мәдени салаларда қалыптасқан дәстүрлі құрылымдарды, әсіресе саяси билікті жүзеге асырудың нысандары мен әдістерін сақтап қалу. Өзгерістік бағытты ұстанатын саяси жүйе қоғамды өзгертуді, реформаларды жүзеге асыруды көздейді, ол қарқынды әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Қазақстанды өзгерістік сипаттағы саяси жүйеге жатқызуға болады.
Саяси жүйелерді жіктеудің және бір нұсқасы аталған жүйелердің сыртқы ортамен өзара қарым-қатынасының сипатынан туындайды. Осы критерий бойынша саяси жүйелер жабық және ашық болып бөлінеді. Жабық саяси жүйе қатаң белгіленген құрылымы бар, өзіне өзі тоқмейілсіп қарайды, оның сыртқы ортамен байланысы тым шектеулі келеді, басқа саяси жүйелердің құндылықтары мен жаңа үрдістерін қабылдай алмайды. Жабық саяси жүйе тұтас саяси жүйе қалыптаспаған, саяси мәдениеті дамымаған, әсіресе дамушы елдерге, сондай-ақ бұрынғы социалистік лагерь елдеріне тән. Ашық саяси жүйе белсенді әрекет етеді және басқа елдермен жан-жақты өзара байланыс орнатады, сыртқы жағдайлар мен факторлардың ықпалына ұшырайды және өз кезегінде, оған қарсы әрекет етеді. Ол анағұрлым ширақ және пәрменді қимыл жасайды. Басқа жүйелердің жаңа құрылымдарын, озық құндылықтарын қабылдап, өзіне тиімді қолдануға әзір тұрады және басқа саяси жүйелердің өзге де құндылықтары мен идеологияларына түсіністікпен қарап, төзімділік көрсетеді. Ашық саяси жүйеге Батыстың дамыған демократиялық мемлекеттері мысал бола алады. 
Саяси жүйелерді жіктеудің басқа нұсқалары да бар. Саяси жүйелердің әрбір үлгісі шеңберінде ұлттық-тарихи даму жағдайларының ерекшеліктеріне байланысты көптеген үлгілер мен нұсқалар болуы мүмкін, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың өзіндік өзгешеліктерімен, саяси күштердің, билік тармақтарының, саяси басшылық әдісінің, басқару нысандарының ерекшеліктерімен, саяси сананың жай-күйімен және саяси мәдениеттің деңгейімен түсіндірілетінін атап айту керек. Оның үстіне негізгі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды әртүрлі саяси жүйелер қалыптастыруы мүмкін, ал ұқсас саяси жүйелер де әртүрлі бағытта дамып, әрқилы нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін.
Мына жағдайды атап көрсету қажет: саяси жүйелердің әралуандығы бұлардың әрқайсысында өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері болатынын, бірақ ол әмбәбап демократия принциптеріне ғана емес, сол қоғамның өзіндік өзгешеліктерін, ерекшеліктерін, қоғам алдында тұрған міндеттерге байланысты оның нендей бір саяси жүйе үлгісіне әлеуметтік-мәдени бейімділігін ескере отырып құрылған жағдайда ғана тиімді болатынын дәлелдеп отыр. Қазіргі Қазақстанның саяси жүйесіне кейбір өзіндік өзгешеліктер мен ерекшеліктер тән. Мәселен, институционалдық құрылымда (ішкі жүйе) билік өкілдіктерінің атқарушы органдардың пайдасына қайта бөлінуі және заң шығарушы билік институттар функцияларының айтарлықтай шектелгені байқалады. Және бір ерекшелік – саяси партиялардың үлес салмағының төмендігі, олардың билік жүйесіне, қоғамға ықпалының төмендігі. Осының бәрі саяси құрылым мен оның мәдени негіздері арасында бар қайшылықтар екенін дәлелдейді.
Қорытындылай келе айтарымыз, қоғамның саяси жүйесі – бұл мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, құқықтық және саяси нормалардың қоғамда саяси билікті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың принциптерінің жиынтығы. Сондықтан саясаттану саяси жүйенің, оның түрлері және оларды жіктеуін, оның әртүрлі даму кезеңіндегі мазмұны мен нысанының өзгеруін, сондай-ақ саяси жүйенің, әсіресе, қандай элементтерінің объективтік факторлардың ықпалымен өзгеретінін және өзгеруге тиіс екенін зерттейді. Саяси жүйенің түрлерін сөзсіз өзгеру кажеттігін туғызатын жағдайлардың және саяси жүйенің түрлерін жіктеудің мәнін ашу ерекше маңызды. Осының негізінде саяси жүйелердің өмір сүріп отырған үлгілерін, түрлерін, нұсқаларын, құрылымын, қызметін байытып, жетілдіруге және анағұрлым қарымды да ауқымды саяси жүйе үлгілерін жасауға болады. XXI ғасырдың басында осы заманғы саяси жүйелер және оларды жіктеу жөніндегі біздің түсінігіміз айтарлықтай кеңейіп, толықты. Мүмкін, қоғамның саяси жүйелерінің түрлерінің және оларды жіктеулерінің ортақ теориясы мен тұжырымдамалары жөнінде сөз өтер кез де алыс емес шығар. 
                        

210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы