• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Шекарадағы сауда әлеуеті

Елімізде шекаралық сауда мен логистика саласын дамытуға арналған мемлекеттік және өңіраралық бірнеше бағдарлама мен тұжырымдама жасалған. Бұдан бірнеше жыл бұрын 2010-2014 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында сауданы дамыту жөніндегі» бағдарлама қабылданса, 2020 жылы 2021-2025 жылдарға арналып, «Сауданы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» қабылданған. Ал 2022 жылы логистика мен транспорттық мүмкіндіктерді арттыруды көздейтін «Транспорт-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы-2030» қабылданған еді. Ал 2022 жылы логистика мен транспорттық мүмкіндіктерді арттыруды көздейтін «Транспорт-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы-2030» қабылданды. 
Бұл бағдарламалардың артықшылығы Қазақстанның транзиттік және логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін нығайту, Орта Азиядағы маңызды көлік және сауда орталығы болуға күш салу. Бұл мақсатқа жету барысында еліміздің шекаралық сауда аймақтарындағы жұмыс қарқынды деуге негіз бар. 
Мәселен, Қазақстан – Өзбекстан шекарасы еліміздің ең қарқынды сауда аймағы. 2023 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 5 млрд АҚШ долларынан асса, 2030 жылға қарай оны 10 млрд долларға айналдыру көзделген. Қазір Сарыағаш маңында «Орталық Азия халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылуда. 100 гектарға жуық аймақта өңдеу өндірісі, логистика, қойма және кеден қызметтері орналасып, ол жерде бірлескен кәсіпорындар іске қосылып, дайын өнім экспортқа шығарылады, деп жоспарланған.  
Қордай, Кеген, Ақ-Тілек сынды негізгі өткізу пункттерін біріктіретін Қазақстан – Қырғызстан арасындағы сауда айналымы жылына шамамен 1 млрд доллар шамасында. Мұндағы басты бағыт ауылшаруашылық өнімдері мен туризм саласына аударылмақ. Қазір екі елдің тиісті органдары бірлесіп, шекарадағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. 
Жалпы алғанда Қазақстанда бес негізгі шекаралық сауда хабы дамып жатыр. Қытаймен – «Қорғас» Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, Ресеймен – Орал, Қостанай, Павлодар бағыттары, Өзбекстанмен – Сарыағаш орталығы, Қырғызстанмен – Қордай және Кеген хабтары, Каспий маңы – Ақтау порты арқылы Транскаспий дәлізі.
«Ақиқат» журналының тілшісі Жетісу облысы әкімдігінің Баспасөз қызметіне хабарласып, шекаралас аудандардағы сауданың даму барысы туралы сұрады.
Бұл облыста екі аудан, яғни Алакөл және Панфилов аудандары Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасқан. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Алакөл ауданында негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемі 78 957 млн. теңгені (ИФО – 99%) құрады. Бұған қоса 10 жұмыс орнын ашатын жалпы құны 1,1 млрд. теңгегені құрайтын инвестициялық жоба жоспарлануда. Қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында тауар айналым 24 976,5 млн. теңгені құрады.  Оның ішінде бөлшек сауда - 23 061,2 млн. теңге (ИФО-100%), көтерме сауда - 1 915,3 млн. теңге (ИФО-38,6%). 
Ауданда сауда саласында – 464, тамақтану саласында – 112, тұрмыстық және сервистік қызмет көрсету объектілері (тұрмыстық қызмет көрсету-55, сервистік қызмет көрсету - 47) және 3 базар, барлығы 682 нысан жұмыс істейді. Жыл басынан бері қаржылық сомасы 155,5 млн. теңгені құрайтын 9 кәсіпкерлік нысан жұмысын бастап, 13 жұмыс орны ашылды. Осы уақыт аралығында Қазақстанға Достық бағытындағы шекарадан өтіп, 7200 турист келген. 
Ал Панфилов ауданында 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемі 41 001 млн. теңгені (ИФО – 139%) құрады. Сондай-ақ, жалпы құны 11,9 млрд. теңгені құрайтын 589 жұмыс орнын ашады деп күтелетін 11 инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл кезеңдегі тауар айналымы 282 847,7 млн. теңгені құраған. Оның ішінде бөлшек сауда – 57 684,4 млн. теңге (ИФО-100%), көтерме сауда – 225 163,3 млн. теңге (ИФО-38,6%). 
Аудан бойынша 626 сауда нүктесі, 246 қоғамдық тамақтандыру, 171-і тұрмыстық қызмет көрсету,  52-і  сервисті қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. 
«Қорғас» ХШЫО АЭА-да атқарылған істер
2023 жылы «Қорғас» Шекара маңы халықаралық ынтымақтастық Арнайы экономикалық аймағы Жетісу облысы әкімдігінің меншігіне өткені белгілі. Қазір мұнда жалпы құны 258 млрд. теңге болатын 45 жоба жүзеге асырылуда, олардың ішінде құны 213 млрд. теңге болатын 25 жоба Жетісу облысы әкімдігінің басқаруына өткеннен кейін іске асырыла бастады.
Соңғы бір жарым жылда жалпы құны 17 млрд. теңге болатын 8 жоба пайдалануға берілді, ал 2027 жылға дейінгі мерзімде жалпы инвестиция көлемі 241 млрд. теңгені құрайтын тағы 37 жоба іске асырылу сатысында.
Мемлекет басшысының «Қорғас» ХШЫО» АЭА» АҚ-ның өткізу қабілетін арттыру бойынша тапсырмасын орындау  жолында атқарылған жұмыстар нәтижесінде мұнда келушілер саны күніне 4500-5000 адамға жетеді, ал демалыс күндері 8000-нан асады. 
Осы жылдың 8 айында ғана «Қорғас» ХШЫО келушілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% - ға артып, жүк көлемі 4,3%-ға өсті. 2023 жылы кедендік төлемдер 79,1 млн теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 44 есе артып, 3,6 млрд теңгеге жетті. Осы жылдың 8 айында да 3,5 есеге өскені байқалады.  
 Көлік-логистикалық саласындағы өсім
Өңірдегі «Достық» және «Қорғас» ірі транзиттік дәліздері елдегі көлік-логистикалық саланың дамуына көп үлес қосатыны анық. Мұнда «Достық», «Нұр жолы» атты автомобиль өткізу, «Алтынкөл», «Достық» атты теміржол өткізу пункттері жұмыс істейді. 
Биыл қаңтардан бергі жеті айы ішінде бұл пункттер арқылы 647,7 мың көлік құралы өтті, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артқан. Өткізілген тауарлардың жалпы салмағы 8,9 млн тонна (өсім – 1%).
Кедендік төлемдер мен салықтар көлемі негізінде 2025 жылдың 7 айында бюджетке 201,6 млрд теңге кіріс (өсім – 12%) кірді.
«Қорғас» ШЫХО аумағында келушілерге қызмет көрсету жүйесі қайта құрылып, кіреберіс тобы жаңғыртылды. Билеттер мен жүк тасымалына автоматтандыру және цифрландыру жүйесі енгізілді, екінші жүк терминалы («Zhetisu Support») іске қосылды. Нәтижесінде өткізу қабілеті тәулігіне 2,5 мыңнан 8 мың адамға дейін өсті.
Мұнда биылғы жеті айда – 929 мың адам (2024 ж. 7 ай – 852 мың, өсім – 9%) келсе, жүк көлемі – 24,2 мың тоннаны (өсім – 4,3%) құрап, кедендік төлемдер 3,5 млрд теңгеге жеткен.
«Нұр жолы» өткізу пунктінде қазір ұзындығы 2,4 км болатын айналма жол салу жобасы дайындалуда. Бұл ірі жүк көліктерінің емін-еркін өтуін және өткізу пунктінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз етеді.
Жетісу облысы әкімдігінің Баспасөз қызметі 
берген мәліметтер негізінде дайындаған 
Назым ДҮТБАЕВА

169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы