• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Сауда-экономикалық қатынастар өзара достыққа негізделеді

Ел  экономикасының тұрақтылы­ғын ар­­т­тыру және шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін өңдеу секторын дамытуды күшейту қажет. Экономика­ның құры­лымын әртараптандыру өндірісті кеңейту, сыртқа дайын өнім түрлерін шығару, жаңа нарықтарға шығу арқылы қалыптасады. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялар тарту, жаңа нарықтарды игеру жөнінде атап айтты. Жаһандық шикізат бағасы құбылып тұрған уақытта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару ғана экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде, импортты алмас­тыру және отандық экономиканың тұрақтылығын арттырудың маңызы туралы еліміздегі іргелі ғылыми орталық – Экономика институтының ғылыми қызметкері, Жаһандану және әлемдік экономика бөлімінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Күләш Түркеевамен әңгімелестік.    
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында  экономиканы әртараптандыру керектігіне баса мән берді. Жалпы әртараптандыру бойынша қандай салалардың әлеуеті мол? Ең алдымен әртараптандыру деген ұғымға тоқталып өтсеңіз. 
– Әртараптандыру – экономиканың құрылымын модернизация мен трансформация тарабына өзгерту, яғни осы салалардағы өнімнің сапасын жақсарту, оның құнын арттыру. Мысалы, Прези­денттің сөзінде және үкімет отырыстарында өңдеуші өнеркәсіп туралы жиі айтылады. Жалпы өңдеуші өнеркәсіптің өзінің металлургия және басқа ішкі салалары бар. Үкіметіміз экономиканың құрылымын өзгерту бойынша бес бағытты белгіледі. Оның арасында металлургия бірінші орында тұр: өндірістің 40%-дан астамы  металлургияға тиесілі. Қара және түсті металлургия өнеркәсібі өнімдері экспортқа шығарылады және жақсы бағаға сатылады. Бұл біздің еліміздің экономикасының тірегі іспетті салалардың бірі. Әлбетте, бұл саланы одан ары жақсарту керек, жаңа өндіріс орындарын ашу керек.  
Қазіргі уақытта кез келген өнімді өндіру үшін ең алдымен инновациялар енгізуді талап етеді. Сонда ғана бұл өнімнің құны жоғары болады. Мәселен металлургия өнеркәсібі процесінде алюминийді шикізат күйінде емес, нақты өнім түрінде ұсыну керек, ол шикізатқа қарағанда қымбат болады. 
Металлургия саласына басымдық берілуі бекер емес, елімізде орасан зор шикізат базасы бар. Бұл элементтер мен материалдар әсіресе ғарыш өнеркәсібінде, жаңа технологиялар саласында кеңінен қолданылады.  Сондықтан, ең бірінші кезекте түсті металлургияны дамыту керек. Екіншіден, фармацевтика саласын алайық. Біз негізінен шетелден әкелінген дәрі-дәрмекті қолданып жүрміз, өйткені өз елімізде өндірілмейді, ұзақ жылдардан бері импортқа тәуелдіміз. Соңғы жылдары Шымкенттегі фармацевтика кәсіпорны шетелдіктермен ынтымақтастық жасай бастады, соның негізінде дайын дәрілерді сатып ала бермей, өз өнімімізді шығаруға болады. Оған қажетті шикізат, дәрілік өсімдіктер елімізде жеткілікті.  Отандық дәрі-дәрмек өндіру – маңызды мәселе. Адам денсаулығы –  мемлекет үшін алдыңғы кезекте тұруға тиіс. Ол экономикалық қауіпсіздік қана емес, ұлттық қауіпсіздікке жатады. Дені сау азаматтар ғана қоғамға пайдасын тигізеді.  
Импортқа тәуелді тағы бір сала – жеңіл өнеркәсіп. Біз халық тұтынатын киім-кешек және басқа тауарлардың 90 пайыздайын шетелден сатып аламыз. Отандық өнеркәсіп көп жылдан бері еңсесін тіктей алмай келеді. Дегенмен, бұл салада ілгерілеушілік байқалады. Мысалы, Абай тігін фабрикасы қазір жақсы өнімдерімен танымал. Тараздағы аяқ киім фабрикасы да нарыққа сапалы өнімдерін ұсынып жүр. Осы секілді мысалдар аз емес. Үкімет бұл саланы кластерлік бағытпен дамытуды қолдап, саланы қайта жаңғыртуы керек. Кластер дегеніміз өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі аралықты қамтиды. Мәселен, мұнай өндірдің бе, ендеше оны өңдеп, бензиннен тұрмыстық химияға дейін өнім ал, мақта егесің бе, мақта-мата өнімдерін шығар.  
 Ал тағам өнеркәсібі орта және шағын кәсіпорындардың арқасында еңсесін тіктеп тұр. Мысалы Солтүстік Қазақстандық кәсіпкерлер ет және сүт өнімдерімен жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл елімізді қамтамасыз етуге қабілетті. Айталық, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы «Родина» ауылы баршамызға белгілі. «Родина» ауылы  әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығы жағынан өркендеген елді мекендердің бірі болып табылады. Міне осындай табысты кәсіпорындардан үлгі алу керек. 
– Күләш Әмірқұлқызы, осы тұста инвестиция мәселесі алға шығады. Қазақстан инвесторлар үшін қазіргі уақытта тартымды ма, қандай артықшылықтарымыз бар?  
– Біз мұнай өнеркәсібінен және басқа шикізаттан түсетін қаражатқа тәуелділіктен ажырау үшін басқа да әлеуетті салаларға инвестиция салуымыз керек. Бұл мәселе көптен бері айтылып келеді. Мысалы, жоғарыда айтқан жеңіл және тағам өнеркәсібін көтеру инвестицияға келіп тіреледі.  Инвестиция – экономиканы дамыту үшін қажет капитал. Инвестиция салынса – инфрақұрылым жақсарады, жаңа кәсіпорындар ашылады, жұмыс орындары пайда болады. Еліміз шетелдік инвесторлар үшін қолайлы, тұрақты ел. Бұл да инвестициялық артықшылығымыз болып саналады.  
Қазір кез келген салада инновациялар, инновация технологиялары болмайынша алға баспайды. Ол үшін қаражат салу керек. Міне, мәселе осында. Мұнайдан мыңдаған түрлі өнім шығады, жанар-жағармай, тұрмыстық химиядан тағам өнімдеріне дейін. Ең алдымен отандық бизнес өкілдері инвестиция салуы керек. Сөзден іске көшетін уақыт жетті. 
Агроөнеркәсіп кешені­нің – мал шаруашылығы мен егін шар­уашы­лығының әлеуеті зор. Қазақстан кеңес кезінде аграрлық ел болды, бірақ сол деңгейге әлі жете алмай келеміз. Агроөндірушілер агронарық үшін күресіп келеді.  Аграрлық нарықты көтеру – бұл бірінші кезектегі міндет. Оны көтеру үшін химия өнеркәсібін дамыту қажет – бәрі бір-бірімен тығыз байланысып жатыр, бәрі бір тізбек.  
Аграрлық сала дамыса біз тұр­ғындарымызды өз азық-түлігімізбен қамтамасыз ете аламыз. Жалпы азық-түлік мәселесі бүкіл әлемде бар. Өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмағандықтан тағам өнімдерінің басым бөлігін шетелден импортқа алуға тура келеді. Әлбетте, шет елдермен ынтымақтастық, өзара байланыс, алыс-беріс, сауда-экономикалық қатынастар бұрыннан орнатылған. Мәселен, бізде өндірілмейтін немесе өспейтін өнімді көрші елдерден аламыз.    
– Өзіңіз айтып өткендей, қазіргі таңда еліміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығы кеңейіп келеді. Осы орайда жаңа нарықтар мен сауда бағыттары жөнінде айтып берсеңіз.    
– Сауда-экономикалық қатынастар өзара достық қатынастарға негізделеді және келісімшарттар арқылы іске асырылады. Еліміздің стратегиялық серіктестері саналатын Қытай мен Ресейден бөлек, қазіргі таңда Орталық Азия елдері бағыты маңызды болып отыр. Сондай-ақ бұл трансшекаралық аймақтардағы экономикалық өсім нарықтарын дамытады. Мәселен Өзбекстанмен шекаралық аймақта халықаралық сауда логистикасы орталығын салу жоспарланған. Орталық Түркістан облысының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Өйткені қазір бәрі логистикаға келіп тіреледі. Бұл материалдық, қаржы және басқа ағындардың көзі болып табылады. 
– Әңгімеңізге рақмет! 
Әңгімелескен 
Дина Тазабекқызы

 

171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы