• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Өнім сапасы: өндірушіден тұтынушыға дейін

Өнім сапасы – экономикалық ұғым. Дейтұрғанмен өнім сапасының артуына қоғамдағы әлеуметтік факторлардың әсері мол. Өнімнің сапасы тұтынушының өнімге қоятын талабына ғана емес, оны өндіретін өндірушінің әлеуетіне де тікелей қатысты. Яғни, өнім сапасы тек тауарға қойылатын белгілі бір стандарттарға негізделген шарт қана емес, қоғамның экономикалық әлеуетін көрсететін санат. 
Өнім сапасын арттыруды реттеу тетіктерінің бірі ретінде стандарттау мен сертификаттау жүйесі жұмыс істейді. 
Елімізде бұл міндетті «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы («ҰлтССО» АҚ») атқарады. Ол тұтынушылар талабын қанағаттандыру жолында стандарттау, метрология, өнімді сертификаттау, қызмет көрсету, менеджмент жүйелері, сынақтар, зертханалық салыстырулар, көлік құралдарын техникалық тексеру, тауардың шығу тегін сараптау, зергерлік бұйымдарды сынау саласындағы қызметтер кешенін ұсынады. 
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сертификаттау жүйесі бойынша міндетті сертификаттау елімізде өндірілетін тауарларға ғана емес, импорттық өнімдерге де бекітілген. Сертификаттау тәртібі ИСО (Халықаралық Стандарттау Мекемесі) /МЭК (Халықаралық электротехникалық комиссия) нұсқауларының жалпы принциптеріне сай болуы керек. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сертификаттау жүйесінде сертификаттау төмендегі принциптерге сай жүргізіледі: 
өнім туралы мәліметтің дұрыстығын қамтамасыз ету;
өндіруші мен тұтынушының тәуелсіздігі; 
сынақтың кәсіби түрде өтуі; 
шетелдік өтініш берушілерге қысым жасамау; 
сертификаттау туралы ақпараттың ашықтығы немес сәйкестік сертификат уақытының біткендігі, жойылғандығы жөніндегі ақпарат; 
сертификаттау жұмысында ИСО/МЭК аймақтық ұйымдар, халықаралық құжаттардың нұсқаулары мен ережелерін пайдалану, т.б.
Бұдан бөлек өнімдердің ерекшелігіне сай жеке-жеке талаптар бар. Оны өндіруші мұқият сақтауы керек. Өндірушінің өнімге бекітілген талаптарды қатаң сақтауы өнім сапасының артуына тікелей ықпал етеді. 
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының» ресми сайтында өнімдерге қойылатын талаптар мен ережелер туралы ақпараттар үнемі жарияланып тұрады. 
Балалар ойыншығына қатысты талаптар туралы осы орталықтың Ақтөбе қаласындағы филиалының жетекші маманы Марина Сергеева тамыз айында жазған екен. «Балалар ойыншығы баланың психикасын дамытудың маңызды құралы ретінде». Мақаланың сілтемесі: https://naceks.kz/kz/detskaya-igrushka-kak-vazhnejshee-sredstvo-razvitiya-psihiki-rebenka. Мақалада мынадай мәліметтер айтылады: 
Балаларға арналған ойыншықты таңдау кезінде оның бала өміріне қауіпсіздігі ең негізгі шарт. Ойыншық жасалған материал қауіпсіз, ойыншықтың үшкір жиегі немесе бала жұтып қоятындай ұсақ бөлшегі болмауы керек. Иісі де өткір химиялық болмауы қажет. Ойыншықтар бала жасына қарай әр түрге жіктеледі.  
Ойыншық ластанбаған таза материалдан жасалуы тиіс, қайта өңделген матариалды пайдаланып ойыншық жасауға тиым салынған. Егер дыбыс шығаратын ойыншық болса, оның дыбысы баланың есту қабілетіне салмақ түсірмейтіндей болуы шарт. Нәрестелер мен бүлдіршіндер ауызына салып ойнайтындықтан олардың беткі қабаты сілекейге, теріге және дымқылға төзімді болуы керек. Ал жұмсақ ойыншық тез тұтанбайтын матадан болғаны дұрыс. 
Ойыншыққа қойылатын қауіпсіздік талаптары Кеден одағының КО ТР 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде айқындалған. Ал ойыншықтар сатуға жіберілер алдында Кеден одағының 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарымен сәйкестендірілуі тиіс.
Ойыншықтардың талапқа сәйкестігі сертификаттау арқылы расталады. Өндіруші мен сатушы әр ойыншыққа сәйкес сертификат алуы тиіс. Ол құжат ойыншықтың, яғни тауардың сынақтан өткенін және сапа стандартына сәйкес келетінін растайды.  
Сертификатқа ие болған ойыншықтар Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісімен белгіленеді. Ондай айналым белгі ойыншықтың өзіне немесе қаптамасына, затбелгіге, медальонға, жапсырмаға кез келген тәсілмен (ойыншықты пайдаланған мерзім ішінде өшіп қалмайтындай) жапсырма-парақтарға қойылады, сондай-ақ оған қоса берілетін пайдалану құжаттарында келтіріледі. 
Ойыншықтарды таңбалау барысында мынадай мәліметтер қамтылуы тиіс:  атауы, өндіруші ел, дайындалған жері, өндірушінің мекенжайы, импорттаушы, байланыс деректері, өндірушінің тауар белгісі, пиктограмма, негізгі құрастыру материалы (3 жасқа дейінгі балалар үшін) (қажет болған жағдайда), ойыншықтарды күту (қажет болған жағдайда), шығарылған күні (айы, жыл), сақтау мерзімі, сақтау шарттары (қажет болған жағдайда). 
Қазақстанда ойыншық жасайтын өндірушілер көп емес. Ақтөбе қаласында орналасқан «ЭкоСтиль KZ» ЖШС-і ағаштан балаларға арналған бұйымдар мен ойыншықтар жасайды. 
Өнім сапасының артуына өндірушілердің тікелей қатысы барын ескеріп, біз осы серіктестік өкілдеріне хабарласып, өз өнімдерінің сапасын арттыру жолында не істейтіндерін сұрадық. 
Ольга Супрун, «ЭкоСтиль KZ» ЖШС-нің негізін қалаушы, директоры: 
– Балалар мен мектепке дейінгі мекемелерге арналған сәнді және дамыту бағытындағы тактиль панельдер, отырып ойнайтын ойыншықтар (пазлдар, баулар, салмалы карталар, құрастырғыштар), бизибордтар. Олардың барлығын қайың ағашынан алынған сапалы жұқа тақтайлардан жасаймыз. Оның бетін су негізіндегі гиппоаллергенді жабындымен қаптаймыз. 
Сапасын арттыру үшін шикізатты мұқият іріктеп, сертификатталған, улы емес, гипоаллергенді, су негізінде қапталған жабындылармен жабылған материалдарды қолданамыз. Оларды жүйелі түрде сертификаттап отырамыз. Сонымен қатар, тұтынушыларымызбен де кері байланыс жасап, сөйлесіп, олардың талабын ескереміз. Өнімдерімізді Қазақстанның барлық аймағына, шалғай ауылдарға да жеткізіп береміз. Тауарларымызды көбіне мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар сатып алады. 
Өнімдеріміз сапаны бақылау сынынан ең алғаш 2022 жылы өтті. Одан кейін 2024 жылдың ақпан айында өткен еді, келесі сертификаттау 2025 жылдың желтоқсан 2026 жылдың қаңтар айларында өтеді деп жоспарланған.
Ойыншықтарға сертификат алу оңай емес, өйткені талап өте күшті. Өкінішіке қарай, көп өндіруші бұған немқұрайлы қарайды. Жосықсыз бәсекелестер біздің өнімдеріміздің сыртқы түрін көшіреді, сертификатымыздың көшірмесін заңсыз береді. Мұндай өндірушілермен күресуге тура келгендіктен біз өз өнімдерімізге зияткерлік меншік институтында «өнеркәсіптік үлгіге» патенттер рәсімдейміз. Осылайша өнімдерімізді заңсыз көшірушілерден қорғаймыз. 
Өнім сапасын бақылау ұдайы жүргізіледі
Өнім сапасының артуына қатысты тиісті талаптар мен өндіруші тарапынан атқарылар шаралар осындай. Ал енді өнім сапасын бақылайтын органның бірі, яғни Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті қандай шаралар атқаратынына тоқталайық. «Ақиқат» журналының тілшісі тиісті ведомствоның баспасөз хатшылығына  «Комитет тарапы биылғы 9 айда өнім сапасын арттыру жолында қандай шаралар атқарды? Осы уақыт ішінде стандарттарға сай емес тауар сату фактісі бойынша қандай статистика жасалды? Елде өндірілетін тауарлар мен шетелден келетін тауарлардың сапасын тексеру ісі қалай жүзеге асады?» –  деген сауалдар жолдаған еді. 
Комитет тарапы биылғы 9 айда өнім сапасын арттыру жолында қандай шаралар атқарды? Осы уақыт ішінде стандарттарға сай емес тауар сату фактісі бойынша қандай статис­тика жасалды?
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аумақтық департаменттер мемлекеттік бақылау бойынша 4 822 іс-шара өткізді. Іс-шара барасында талаптарды бұзған 3 455 факті анықталды, бұл 72%-ды құрайды.
Департаменттер сатылатын өнімнің 177 үлгісін (төмен вольтты жабдықтар, құрылыс материалдары, электр тауарлары, табиғи тастан жасалған бұйымдар, мотор майлары және т.б.) бақылау үшін сатып алды, нәтижесінде қауіпсіздік көрсеткіштері мен таңбалау бойынша талапқа сай келмеген 127 жағдай анықталды. Бұл өнім үлгілерінің 72% белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. 
Жалпы мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша жалпы сомасы  12 млн.теңгеге (12 291 680 теңге) 31 жедел ден қою шарасы қолданылды.               174 млн.теңгеден астам сомаға 386 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. 
Олардың бірқатары Түркістан, Батыс, Шығыс Қазақстанда болған:
1) Түркістан облысы бойынша департаменті Өзбекстан Республикасында өндірілген «Conch» цементіне қатысты 2 457 дана, жалпы сомасы 4 422 600 теңге болатын өнімге тыйым салу туралы қаулы шығарды. Өнімнің жалған сәйкестік сертификатпен сатылғаны анықталды.
2) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті  35W USB-C адаптер өнімін саудадан алу және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді. Техникалық регламенттің ТР ТС 004/2011 «Төмен кернеулі жабдықтың қауіпсіздігі туралы» талапқа сәйкес келмеуіне байланысты әкімшілік іс қозғалып, 383 370 теңге көлемінде айыппұл салынды.
3) Комитеттің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің нұсқамасына сәйкес техникалық регламенттің қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкес келмеуіне байланысты Қазақстан аумағындағы сөрелерден электр шәйнектер алынып тасталды, сәйкестік сертификаты жойылды. Зертханалық сынақтар нәтижесі бойынша шәйнектің қуаты белгіленген нормадан едәуір ауытқитыны анықталды. 
– Өнім сапасын бақылаушы орган ретінде елде өндірілетін тауарлар мен шетелден келетін тауарлардың сапасын тексеру ісі қалай жүзеге асады?
Қазақстан Республикасында салалық заңдар мен Қазақстан  Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес өнімнің өмірлік циклының белгілі бір кезеңдерінде (өндіріс, сату, пайдалану және т.б.) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті органдар айқындалған. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің ережелеріне сәйкес қатаң жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау министрлігі (Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті) – қайта өңделген ет өнімдеріне, өсімдік және өзге де тағам өнімдеріне (тағам өнімдері, соның ішінде сүт өнімдері, шырындар, алкогольді және алкогольсіз сусындар, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, парфюмериялық-косметикалық өнімдер, тұрмыстық химия және басқалар) қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұл бақылау өнімді әкелу, өндіру, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және (немесе) жою кезеңдерінде жүргізіледі. 
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылауды – өңделмеген жануар тектес тағам өнімдеріне қатысты, оларды әкелу, сою, өндіру, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және (немесе) жою кезеңдерінде;
• фитосанитариялық бақылауды – өсімдік тектес өнімдерге қатысты, тек карантиндік объектілерді анықтау мақсатында жүзеге асырады.
Сауда және интеграция министрлігі (Техникалық реттеу және метрология комитеті) – кейбір тұтынушылық емес (төмен кернеулі жабдықтар, электр тауарлары, кабель өнімдері, құрылыс материалдары, мотор майлары және басқалар) тауар топтарына қатысты өнімді өткізу кезеңінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Тұтынушы өнім сапасы туралы нені білуі керек?
Әртүрлі сападағы өнімдерді күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап жүрсек те, біз өнім сапасы деген ұғымның байыбына бара бермейміз. Ал негізінде өнім сапасы жайында о баста дұрыс қалыптасқан ұғым, оның сапасының артуына міндетті түрде әсер етеді. 
Бұл орайда біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі «Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Башанқызына жүгіндік: 
Қарапайым тілмен айтқанда, өнім сапасы – тауардың өз қызметін дұрыс әрі ұзақ уақыт атқара алуы. Мысалы, теледидар жақсы көрсетсе, киім тез тозбаса – бұл сапалы өнім.  Қазір өнімнің сапалылығы оның брендке айналуымен де бағаланады. Бренд өнімдерге тұтынушылар шынайы сенеді әрі оның қадірін біледі.
Егер тұтынушылар сапалы өнімді ғана сатып алып, сапасызына назар аудармаса, өндірушілер өз өнімінің сапасын көтеруге мәжбүр болады. Яғни, бәскелестіктің күшеуі, нарықтың кеңеюі өндірушілердің назарын өнім сапасы мен ұзақ қызмет атқаруына аудартады. Өйткені, тұтынушы талғамы жоғары, алмастырушы өнім түрі  де көп. 
Өнім сапасын ажырату үшін тұтынушы бірінші кезекте өнімнің жарамдылық мерзімін, қаптамадағы ақпаратты (құрамы, шыққан елі), сәйкестік сертификатын (егер болса) қарауы керек. Қазір онлайн сауда едәуір дамып кеткендіктен, тұтынушылар тауар таңдауда өздеріне дейін сатып алған адамдардың пікіріне арқа сүйейді. Тауарға неғұрлым жақсы пікір көп айтылса, соғұрлым өнім сапасы жоғары болады деген түсінік орнаған. 
Сапаға кепілдік беруде мемлекеттік жүйе сараптау және стандарттау жолымен жұмыс істейді. Халықаралық және елдегі стандарттар, сәйкестік сертификаты, тексерулер, лицензиялар осы жүйенің бөлігі. Кез келген тауар сатушы ең алдымен өндірушіден немесе жеткізушіден сәйкестік сертификатын сұрайды. 
Халықтың тұтынушылық қабілетінің сапаға әсері айқын, егер халық сапалы, бірақ қымбатырақ өнімді сатып ала алса – өндіруші сапаны арттырады. Егер тек арзанын алуға мәжбүр болса – сапа төмендеуі мүмкін.
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА

209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы