- Мақала
- 12 Қараша, 2025
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСЫ
Қытай – Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі.
Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев
(Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінен)
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,жазушы-этнограф
Қазақстан мен Қытай ежелден тату өткен көрші ел, сонау ертедегі Ұлы Жібек Жолы арқылы екі ел өте тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатып келгенін тарихи жазбалар дәлелдейді. Өйткені б. з. б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолында арлы-берлі ағылған дүниенің сауда керуені қазақтың кең даласына табаны тиіп, талай-талай жолаушының ізі қалғаны әлемге аян.
Әсіресе, 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан сәттен бастап Қазақстан мен Қытай сынды екі елдің мәдени байланысы да айтарлықтай дамуға қол жеткізді.
Қазақ халқында « Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген кемеңгер сөз бар.
Қытайдың ағылшын тілді China Daily газетінде 2025 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан мен Қытайдың берік әрі сенімді қарым-қатынасы табысты ынтымақтастықтың кепілі» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақалада Тоқаев: «Қытай әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткер саналатын Төраға Си Цзиньпинмен салиқалы басшылығымен таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Бұл табыстар жақын көршілеріне, соның ішінде Қазақстанға да жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашты», – деп Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің өз халқы мен әлем елдеріне қосқан үлесін ерекше бағалады.
Қытайдан дүниеге бет алған байырғы жібек жолы талай-талай ғасырды артқа тастап, аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген, ірі-ірі тарихи оқиғалармен сабақтасып жатқан, өркениеттің шұғылалы сәулесін күллі әлемге шашқан, қым-қуыт күрделі де алысқа керуен тартқан ұзақ жол. Жұңхуа ұлттарының жібек жолы мәдениеті тұп-тура даңқты жиырма бір ғасырды бастан өткізіп, дүниенің түкпір-түкпіріне алтын ізін қалдырып, шексіз кеткен сайын сахараны ендей кесіп өтіп, өз бойына қала мәдениеті мен дала мәдениетінің асыл қасиетін сіңіріп, күллі адамзат баласына тарихта баға жетпес ұлы өркениеттің шамшырағын жақты.
Қазіргі жаңа заманда бірге жасасып келе жатқан Қытайдағы 56 ұлттың баласы ата-бабаларынан тартып бір кісінің баласындай береке-бірлікке ұйып, өзара бір-бірінен үйреніп, тоғыстырып, өзара мәдениет ауыс-түйіс жасап Қытайдың шұғылалы 5000 жылдық мәдениетіне мұрагерлік етті және оны гүлдендіріп, көркейтіп дамытты.
Қытай дүние бойынша мәдениеті ерте дамыған, аты әлемге әйгілі өркениетті мемлекеттердің бірі. Сонау ерте заманғы мылтық дәрісі, компас, қағаз жасау техникасы және терме әріп баспа техникасы сияқты төрт үлкен тапқырлығы, хаткерлік, сызба сурет, ән-күй мен би, театр, драма, дәрігерлік, металл қорыту, фарфор жасау, жібек кездеме тоқу, шай мәдениеті қатарлылар Қытайдың шұғылалы өркениет тарихын қалыптастырып, дүние өркениетінің дамуына орасан зор ықпал көрсетті.
Қытай дүниеде ең ерте жібек құртын бағып, жібек, шағи сияқты бағалы кездемелер тоқып, жібек жол саудасын алғаш ашқан мемлекет. Осыдан 4000 – 5000 жыл бұрын Қытайда жібек құртын баққан және жібек кездемелер тоқығанын археологиялық қазбалар өзі дәлелдейді. Шетелдіктер Қытайды ежелден тартып «Жібек мемлекеті» деп атап кеткен. Тарихи деректерде жазылуына қарағанда Қытайдың ертедегі жібек кездемелері Азия, Еуропа құрлықтарына дейін тасып апарылып, сауда керуендер арқылы базар айналымына түскен. Сауда керуендерінің тарихта жібек-торғын өнімдерін тасып апарған сауда жолын «Жібек жолы» деп атаған.
Ертедегі жібек жолы туралы атақты тарихшы ғалым Су Бейхай «Әйгілі жібек жолы Чаң-аннан басталып, Хыши дәлізі мен Тарым ойпатын басып өтетін түстік-терістік тармақтары арқылы Орта Азияға тұтасады. Бұл жол негізінен, Жаң Чян батыс өңірге барғаннан, Хән патшалығының Уди патшасы Уұ–и, Жаңие, Жиучуан, Дұнхуаң аумақтарын құрағаннан кейін ғана даңғылданды. Іс жүзінде бұдан әлде қашан бұрын сахара жібек жолы түсті. Өйткені, орта жазықтағылар жібек кездеме тоқуды тапқырлағаннан кейін, оны алдымен солтүстіктегі Шанши, Шаншидың солтүстігі, Ішкі Моңғол өңірі секілді жерлердегі сахаралықтарға саудалап таратты» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы тамыз, 312 бет) деген көзқарасын айтады.
Батыс Хән дәуіріндегі Жаң Чянның батыс өңірге елші болып баруы Қытайдың батыс өңірге баратын сауда жолын ашып, Қытай тарихында айтылатын байырғы жібек жолының жүлгесін қалыптастырды. Тарихи жазбаларда айтылуға қарағанда «Батыс Хән патшалығы үкіметінің Чаң-анда құрған шығыс-батыс кездеме тоқу бөлімшесінде неше мың жұмысшы істеген. Батыс Хән патшалығының астанасы Чаң-ан қаласының шығысы мен батысында тоғыз жерде базар болған. Таң патшалығы Чаң-ан қаласының шығысы мен батысынан екі базар құрған, бұл базарлар екі тұрғындар районы көшесіндей жерді иелеген, тек шығыс базарының өзінде 220 сауда көшесі болған» («Тарих», 2 – бөлім, Шыңжаң оқу-ағарту баспасы, 2013 жылы қазан, 13-20 бет).
Қытай жібек жолының тарихы ұзақ, батыс Хән патшалығы кезінде, құрлық пен теңізде екі жібек жолы қатар ашылып, шетелдіктер мен сауда қарым-қатынас жасады, Таң патшалығы кезіне келгенде Гуаңжоу маңызды сыртқы сауда портына айналды, үкімет осы арадан арнайы кеме ұлығын тағайындап, сыртпен сауда жасауды басқарды. Қытайдың алуан өрнек басылған фарфор ыдыстары, көздің жауын алатын гүлді жібек кездемелері, атақты шайы, алтын, күміс қатарлы бағалы заттары жібек жолындағы керуен саудагерлері арқылы дүниенің түкпір-түкпіріне таралды.
Ғылым-техника қарыштап дамыған бүгінгі заманда Қытайдың байырғы жібек жолын зерттеудің және оны қайта ашудың маңызы өте зор. Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйекте Қазақстанға ресми іс-сапармен келгенде, Назарбаев университетінде «Халықтар достығын әйгілеп, кемел болашақты бірге ашайық» деген тақырыпта маңызды дәріс жасап, Қытай мен Қазақстанның достығын жоғары бағалап, жаңа селбестік формасын қолданып, «Жібек жолындағы экономикалық белдеуді» бірге гүлдендіруді баса дәріптеді. Си Цзиньпин сөйлеген сөзінде «2100 неше жылдың алдында, Қытайдың Хән патшалығы дәуіріндегі Жаң Чян бейбітшілік және достық борышын арқалап, Орта Азия өңіріне екі рет елші болып барып, Қытайдың Орта Азия елдерімен болған достық барыс-келісінің қақпасын ашып, шығыс пен батысты ендей өткен, Еуропа – Азия құрлықтарын тұтастыратын жібек жолын ашқан еді» («Ши Жинпиң ел басқару жөнінде», ұлттар баспасы, 2015 жылы мамыр, 389 бет) дей келіп, осы жолғы сапарында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ортаға қойды. Бұл реткі ортаға қойған халықаралық сипат алған селбестік стратегиясы дүние елдерінің қызу қарсы алуына ие болды. Ши Жинпиң қазақтың кемеңгер, ұлы ойшыл атақты классик ақыны Абай Құнанбайұлының «Дүние үлкен көл, заман соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген өлең шумағын жатқа оқып қазақстандықтарды тамсандырған еді.
«Бір белдеу, бір жол» дәріптемесі Қытай экономикасының ғаламдасуына сәйкес ортаға қойылған ғылыми құны жоғары, өміршеңдік қуатқа ие ұлы стратегия болып табылады. Қазақстан мен Қытай 1992 жылдан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері тұп-тура 33 жыл болыпты. Қытайдың Жяң Зымин, Ху Жинтау қатарлы мемлекет көсемдері Қазақстанмен сауда-саттық, ғылым-техника, мәдениет алмастыру жақтарына ерекше көңіл бөліп, екі елдің дипломатиялық байланысын, достығын ілгерілетуге барынша күш жұмсады. Қытайдың алуан түрлі тауарлары жібек жолы саудасы арқылы Қазақстан еліне, тіпті Еуропа-Азия елдерінің базарына салынды.
Әсіресе, Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ортаға қойғаннан кейін Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуды қолға алып, Орта Азиядағы көптеген мемлекеттермен барыс-келісті тіпті қоюлатты. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда Қазақстан–Қытай сынды екі ел арасында сауда-саттық жасау істері барған сайын дамып, екі елдің әдебиеті мен мәдениеті өзара ауыс-түйіс жасап, бір-біріне ықпал көрсетіп, өзара үлгі-өнеге алатын, ғылым-білімді бір-бірінен құмарта үйрететін алтын дәуірге қадам тастады. Си Цзиньпин ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» стратегия кейінгі реформа жемісінің табыстары болып табылады.
2
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бастамасын күллі әлем елдеріне жариялағанына биыл түп-тура 12 жыл болды. Бүгінгі күні бұл бағдарлама 150-ден астам ел мен 30-дан артық халықаралық ұйымның басын біріктірді. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жүзеге асуына Орталық Азия елдерінің беделді көшбасшыларының бірі Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атсалысып отыр. Бұл бағдарламаның Қазақстан халқының тұрмыс өресін көтеруге тигізер пайдасы өте зор. Өйткені Тоқаев жүргізіп отырған алуан түрлі реформа «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының идеясымен тамырласып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев тоқыраған жылдардың қиын өткелінен сүрінбей өткен саяси тұлға. Ол сонау 1970 жылдардың ортасында кеңес заманында-ақ ел басқару ісіне белсенді түрде арласа бастаған. Еліміз тәуелсіздік алудан бұрын Қытайдағы КСРО елшілігінің екінші, бірінші хатшысы болған. Осыдан кейін тәуелсіздік дәуірінде ол Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Парламент төрағасы т.б. лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында Мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін, Қытай, Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Үндістан, Моңғолия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді көптеген елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда белсенділік танытты. 2019 жылы қыркүйек айының 11 күні ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс-сапармен барған Тоқаевты өте ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұдан кейін «ҚХР мен ҚР-ның бірлескен мәлімдемесіне» екі ел басшылары жеке-жеке қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл реткі мемлекеттік сапарында Қытайдың ақпарат құралдарында «Қазақстанның жаңа Президенті Қытай халқының көне досы», «Қазақстан Президенті қытай және қазақ тілдерінде сұхбат беріп дүниені таңғалдырды», «Қытай тілінде жаттық сөйлейтін Мемлекет басшысы» т. б. хабар-мақалалар беделді басылымдарда кеңінен жарияланды. Міне, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүние жүзіне танылған мемлекет қайраткері әрі лауазымды дипломат екенін дәлелдейді.
Қазақстан Президенті мен Қытай Төрағасы араларынан қыл өтпестей тату-тәтті әріптес, сырдесте достар. Екі елдің Мемлекет басшылары әр реткі іс сапар, келіссөздерде кездескенде Қазақ-Қытай қарым-қатынасын және өздерінің достығын да тілге тиек етіп отырады.
2024 жылы шілде айының басында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келген мемлекеттік іс-сапарында «Біз қазақстандық әріптестерімізбен иық тіресе отырып, ұлттың бірлесе өркендеуі мен жаңғыруына қытай-қазақ достығының жаңа көкжиегіне жол ашуға дайынбыз» десе, Тоқаев: «Қытай өз көшбасшысының дана басшылығымен Қытай халқын қайта түлету және Аспан империясын әлемдегі ең үлкен державаға айналдыру бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға жету жолында дәйекті түрде алға жылжуда. Мен сіздің ел өз дамуында бұдан да биік белестерді бағындырып,« Қытай арманын» толықтай жүзеге асыратына сенемін», – деді.
Ертедегі Қытайдың жібек, шағи кездемелері, қош иісті шайлары, фарфор бұйымдары, дәрі-дәрмектері жібек жолы керуендері арқылы тасылып, Еуропа, Азия, Африка қатарлы елдердің базарына салынып, дүниенің түкпір-түкпіріне таралып, сауда-саттық, өркениет алмастыру тіпті жандана түсті. Тарихи деректерде жазылуына қарағанда Қытайдың батыс өңіріндегі елдермен қарым-қатынас жасайтын сахара жібек жолының атқаратын рөлі мен маңызы өте зор болған.
Біздің жыл санауымызға дейінгі 425 – 490 жылдар аралығында жасаған атақты Грек саяхатшысы Геродот өзінің «Тарих» атты еңбегінде «Сахара жібек жолы» деген атауды алғаш рет хатқа түсіріп кеткен. Аумалы-төкпелі заманда жасаған сақ, ұлы жүз, үйсін, қаңлы, ғұн қатарлы халықтардың сахара жібек жолын ашушы, дамытушы халықтар екенінде дау жоқ. Ал жібек жолын зерттеуші кейбір ғалымдар «Сақтар өздерінің көшпенді тұрмысы арқылы Қытай мен сонау қиырдағы Грек елі ортасында ең ежелгі «Жібек жолы» саудагерлерінің рөлін атқарған. Ең ежелгі жібек жолы міне, осы» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы «Қазақ этнографиясы», Ұлттар баспасы, 2012 ж., 224 бет) деген көзқарасты айтады.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІ ғасырларда атақты саяхатшы Жаң Чян Хән елінің батыс өңіріндегі үйсін, ғұн, ұлы жүздер еліне сапар тартып, жібек жолы саудасының алғашқы жүлгесін қалыптастырғаны белгілі. Жібек жолының ең алғашқы ізі Чаң-ан арқылы Хән елі мен Үйсін елінің арасын жалғап достық қарым – қатынасты күшейте түсті. Ежелгі жібек жолы саудасы Чаң-ан мен Үйсіндердің бұрынғы атамекені Шүлен тау (Шиланшан) Дұнхуаң арасында басталса, Үйсіндер Іле өңіріне қоныс аударған соң, жібек жолы саудасы Дұнхуаң мен Іле арасын жалғады. Алғашқы жібек жолы саудасы Хән елінің жібек кездемелерімен Үйсін елінің тұлпарларын ауыстырудан басталды. Осыдан кейін тарихта Хән патшалығы мен Үйсіндер арасында сауда қарым-қатынас жанданып, құда- жұраттық ілік-шатыс басталды. Хән елі өзінің ханшасын Үйсін еліне ұзатқанда олардан 1000 жылқыны қалың мал ретінде алған, ал Хән елі де Үйсін еліне жібек, торғын-торқа, фарфор, шай қатарлы асыл бұйымдарды тарту етіп отырған. Үйсін елінің әлемге даңқы тараған «Тәңір тұлпары» аталған жер қайысқан жылқылары Хән патшалығының адамдарын қатты қайран қалдырған екен. Сондықтан Хән елінде «Атың болса әлемге жетесің» деген сөз қалған. Сол заманда патша Хән Удидың өзі батыстың тұлпарын бас болып жырға қосқан. Таң дәуірінің атақты классик ақындары Ли Бай, Ду Фулар да тұлпар туралы өте тамаша жыр жазып қалдырған. Мысалы, Ли Бай «Тұлпар жыры» атты өлеңінде:
Кісінейді тұлпарлар,
Айдаһардай ойқастап.
Көздері отша жайнайды,
Адамға ғажап ой тастап.
Кеудесі қаздай қалқиды,
Құйрық-жалы төгіліп.
Аузынан көбік шашады,
Меруертке көміліп, – деп батыс өңірдің тұлпарлары туралы тамсана жырлаған.
Тарихи жазбаларда шалғайдан алып келген батыс өңір тұлпарларының құны өте жоғары бағаланған екен. «Қос таң патшалығы тарихы» атты кітапта бір жылқының құны «40 топ торғын» деп жазылған. Тарихи деректерде баяндалуынша Қос Жиын және оңтүстік-солтүстік хандықтар дәуірінде (заманымыздың 256-581 жж.) «Орта жазықтағы патшалар Орта Азияның Қаңлы елі, Сут елі арқылы Персиямен қою сауда қатынасын жасап тұрған Шиляң өңіріне (қазіргі Гансу) батыстың ірі сауда тоғанақтары үзбей келіп, бір жолғы бір тоғанақтағы 240 саудагер, 600 қашыр, 10 мыңдаған жібек топ кездемелерге сауда жасаған» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы «Қазақ этнографиясы», ұлттар баспасы, 2012 жылы желтоқсан, 224-225 бет).
Ғасырдан-ғасырға жалғасқан тарих парағына зер салсақ сақ, үйсін, ұлы жүз, қаңлы, ғұн, дулат, жалайыр, алан, найман, керей, меркіт, қыпшақ, арғын, қоңырат секілді қазақты құраған ру-тайпалар жібек жолының адамзат мәдениетінің өркендеуіне өз үлестерін қосқаны тарихи шындық. Заманымыздың VI ғасырда түркілер ерекше дамып гүлденді. Қытайдың орта жазық хандарымен сауда қарым-қатынас жасады. Төрт түлік малдарын сатып, торғын-торқа айырбастап алды. «Датұңның 11 жылы (545 жылы) Тайзухан Жиучуанға Ху Аннуоны түркілерге елшілікке жіберді, түркі ақсүйектері алақайлап: енді үлкен елдің елшісі келді, еліміз өркендейтін болды» (Су Бейхай «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы тамыз, 318 бет) деп қатты қуанысты.
Қытайдың атақты саяхатшысы, бұдда ғұламасы Шуан Заң 628 жылы Суяб қаласын өз көзімен көргенін саяхат естелігінде былай баяндайды: «Суябқа барған кезіміз түркі қағанының серуендеп аң аулауға қалың жасауылмен шыққан кезіне тура келді. Қаған жасыл шағидан ұзын шапан киіпті, ұзын шашын жібекпен орап байлап артына қайырыпты. Қасына ерген үлкен мансаптылары 200-ден асады, бәрі оқалы ұзын шапан киіп, шаштарын жібекпен байлап өрген, олар қағанды қаумалап алды-артын орайды, басқа жасақ пен халық жүнді тері киім киіп, қолдарына садақ пен жебе алып, ат, түйе мініп жүр, көптігіне көз жетпейді».
«Қаған өзі киіз үйде тұрады, киіз үй алтын зерделі жіппен әшекейленген. Көркі көз тайдырады, үлкен мәнсаптылар алдыңғы дастарқанды жағалай отырады, олардың киімдері өте сәнді көрінеді. Олардың артында қарауылдар тұрады».
Міне, осы тарихи деректерден батыс түркі қағандығының мәдениеті недәуір биік өреде дамығандығын байқау қиын емес. Олар жалаң мал шаруашылықпен шұғылданып қана қоймай, егіншілік, қолөнер кәсіп, металл қорытумен шұғылданып, көркейген қала өркениеті бар, саудасы өркендеген ел екенін дәлелдейді.
Қытай мен батыс елдерін тұтастыратын жібек жолының бір тармағы болған «Сахара жібек жолы» дүние мәдениеті мен экономикасының өркендеуінде ерекше рөл атқарып отырған.
Батыс түркі қағандығы құлағаннан кейін 699 жылдан 766 жылға дейін билік жүргізген Түркеш хандығы құрылды. Осы өңірді ертеден мекен еткен қазақ тайпалары Түркеш хандығының құрамында болды. Түркеш хандығы жібек жолы саудасын тіпті дамытып, хандық жақтан металл ақша шығарып, хандары ақшаға өз аттарын жаздырып, сауда айналымға түсірді. Қала өркениеті дамыды, жазу мәдениеті жарыққа шықты.
Түркеш хандығы аударылған соң Қарлық хандығы 766 жылдан 940 жылға дейін екі жүз жылға таяу уақыт билік жүргізді. Қарлық хандығы тұсында Қытайдан Орта Азия және Еуропаға дейін баратын жібек жол саудасы ерекше дамыды. Қарлықтар араб әліппесі негізіндегі жаңа түркі жазуын қолданды. Қарлық хандығы да Түркеш хандығы сияқты хандары өздерінің атын жазып, металл ақша шығарды.
«Қарахандар дәуірінде егіншілік, мал шаруашылығы, қолөнер және сауда гүлденіп, елдің экономикасы мейілінше дамыды. Бұрынғы қалалар көркейіп, жаңа қалалар жарыққа шықты, қала мәдениеті өркен жайды. Сол заманның авторлары Тараз қаласын «Саудагерлер қаласы», Исфиджабты (Сайрам) «Бүкіл дүние жүзі саудагерлері үшін кен бұлағы» деп мақтады» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы 2009 жылы тамыз, 184-бет).
Қарахандар дәуірінде Орта Азиядағы жергілікті халықтардың әдебиеті, тіл жазуы, мәдениеті ерекше өркендеді. Әлемге аты әйгілі Махмұд Қашқаридың «Диуан лұғат ат-түрк» («Түрік тілдер сөздігі»), Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» сияқты шоқтығы биік кітаптары дүниеге келді.
Сахара жібек жолы бойында жасаған қазақтар мен басқа ұлттардың да керуен жолы арқылы келген жібек кездеме, торғын-торқа, фарфор ыдыстар, шай, дәрі-дәрмек қатарлы заттарға қажеті барған сайын арта түсті. Сахара халықтары өздерінің қолында бар төрт түлік мал және басқа заттарын орта жазықтан келген бұйымдарға айырбастап сауда-саттық жасап отырды. Осылайша сахара халықтарының тұрмысы барған сайын жанданып, мәдениеті өркендеп, гүлденді. Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білігінде»:
«Туардан – батар беттеп кезеді,
Тауып сенің тілегіңді келеді.
Қытай керуені жүрмегенде жосылған,
Мың-мың асыл қайдан сірә келеді» – деген өлең шумағы сахара жібек жолының ерекше маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.
«Миң хандығы дәуірінің 1371 жылынан бастап, 1547 жылға дейінгі аралықта «Жібек жолы» саудасы қайтадан жандана түскен. Миң хандығының алғашқы жылында – ақ патша өзінің қорғанысын күшейту үшін шай, ат саудасына ерекше назар аударған. Шаншиде үш миллион шайға 30 мың ат сатып алынған, Миң хандығы кезінде 16 орында ат сауда жәрменкесі ашылған, бірінші дәрежелі ат – 120 жың шайға, орта дәрежелі ат – 70 жың шайға, төмен дәрежелі ат – 50 жың шайға бағаланып Ганжиңде 1900 ат сатып алынды деген мәліметтерге қарағанда, ол кезде Қытайдың батыс-солтүстік өңірінде де, сондай-ақ солтүстік өңірінде де ат сатып алу жәрмеңкелері ашылғанын көре аламыз» («Қазақ этнографиясы», ұлттар баспасы, 2012 жылы желтоқсан, 229-230 бет).
Тарихшы ғалым Жақып Мырзақанов байырғы жібек жолының қазақтың заттық мәдениеті мен рухани мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне аса маңызды рөл атқарғандығы туралы тоқтала келіп, «Ертедегі Қытай жібек жолы ендей өткен өңірлерде қала мәдениетінің дамуына, сауда орталықтарының қалыптасуына жебеуші болып қана қоймай, дүние жүзіндегі әр ел халқының мәдениет жақтағы өзара барыс-келісіне, бірінен-бірі үйренуіне де жалғастырушы дәнекер болған. Қазақ даласын, Орта Азияны басып өткен жібек жолы бойындағы қалалар өз кезіндегі саяси, экономика, сауда орталықтары ғана емес, өз дәуірінің мәдениет орталықтары да болған» («Ғасырлар қойнауынан», Ұлттар баспасы, 2004 жылы мамыр, 67 бет), – дейді.
Қазақ ұлты – сан ғасырды бастан кешірген, тарихы ұзақ, сахара жібек жолының дамуы мен мәдениетінің өркендеуіне көрнекті үлес қосқан өркениетті халықтардың бірі. Ғасырлар аунап, жылдардың жылжуымен XV ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті жойылуына байланысты әр аймақтарда жеке-жеке хандықтар құрыла бастады. Солардың бірі 1455 жылы (кей деректерде 1456 жылы делінеді) Керей хан мен Әз Жәнібектің бастауында құрылған Қазақ хандығы. Содан үш жарым ғасырдан артық уақыт өмір сүрген Қазақ хандығы өз мәдениетін, әдебиетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға ерекше мән беріп, сахара жібек жол саудасын ашуға, өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген керуен саудагерлері, саяхатшылары қазақ даласына атбасын тіреді. Бір кездері Еуропалықтар қазақтың ұланғайыр даласына саяхаттап келгенде «Күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деп қатты таңырқаған екен. Өз заманында Түркістан қаласы 200 жылдан астам қазақ хандығының астанасы болып «Ұлы жібек жолының» керуендері келетін атақты сауда орталығы болды. Қазақтар жібек жолы арқылы ағылып келе жатқан торғын-торқа, шұға-шекпен, алтын-күміс қатарлы асыл бұйымдарды үздіксіз сатып алып отырды. Түркістан, Отырар тағы басқа қалалардан қазып алынған күміс теңгелер мен мыс жармақтар Қазақ хандықтарының ақша айналым жасағанын деректейді. Әсіресе, XVIII ғасырдың ортасына келгенде Абылай хан бастаған қазақтар Ежен ханмен өзара сауда-саттық жасасып, достық қарым-қатынас орнатты. «Ежен әулетінің жылнамаларындағы деректерге қарағанда, қазақ саудагерлері әкеліп сатқан малдардың бағасы мынандай болған екен: бірінші дәрежелі ат 4 сәрі 8 мысқал күміс, екінші дәрежелі ат 3 сәрі 6 мысқал күміс, үшінші дәрежелі ат 2 сәрі 5 мысқал күміс, сиыр (өгіз) 1 сәрі 5 мысқал күміс, қой 4 мысқал күміс болған. 1762 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін қазақтар тек Үрімжінің өзіне ғана 4200 ат әкеліп сатқан. Бұл сол заманның тұрғысынан алғанда едәуір көлемді сауда еді» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 421-бет).
Ұлы Жібек жолы саудасы жанданып көркейгеннен кейін ұлттар арасында достық барыс-келіс, сауда-саттық істері тіпті дами түсті. «Ежен үкіметі қазақтармен болған саудасында бір реттің өзінде он мыңдап жылқы айырбастаған, ең көп айырбастағаны 28, 29 мың жылқыға жеткен. Чиянлұңның 51 жылы Ежен үкіметі басқарып, қорғап Ілеге жеткізген түрлі кездемесінің өзі 3000 топқа жеткен» (Жақып Мырзақанов қатарлылар «Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар – өрендер баспасы, 2006 ж., мамыр, 345-346 бет).
Әсіресе, Ежен хан үкіметі үшін Шыңжаңдағы қазақтармен сауда жасау маңызды орынды иеледі. Сонау Бейжиңнен Шыңжаңға дейінгі ұлан – байтақ өңірде әскери міндет өтеген жауынгерлерге, сауда керуендеріне мініс көлік, азық-түлік қажет еді. Сол себепті Ежен үкіметі қазақтармен болған сауда-саттықты күшейту үшін Үрімжі, Құлжа, Шәуешек қалаларына арнайы сауда жәрмеңкелерін ашты. Бұл сауда жәрменкелері Шыңжаң экономикасының өрлеуі мен мәдениетінің өркендеуіне ерекше рөл ойнады. Осылайша Үрімжі, Құлжа, Шәуешек қалалары шетелдерге танымал саяси, шаруашылық, мәдениет орталығына айналды.
«XVIII ғасырдан XIX ғасырдың орта шеніне дейін Шыңжаңның Ресей шекара өткелдерінің ашылуына байланысты, Іленің басты мал шаруашылық өнімдері, астық секілділер Қорғас, Бақты өткелдері арқылы Ресей мен Орта Азия елдеріне экспорт етілген. Осы кездегі Іледе іш пен сырттың саудасы қатар дамыған қазақ ұлттық саудасының базасына айналды» («Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар – өрендер баспасы, 2006 жылы мамыр, 346-бет).
Қытай 56 ұлттан құрам тапқан, көп ұлт мәдениеті тоғысқан мемлекет. Жаңа Қытай құрылғаннан кейін Қытай үкіметінің ұлт саясатының жебеуінде, Шыңжаңды ашу, гүлдендіру барысында Жұңхуа ұлттары өзара ынтымақтасып, өзара бірін-бірі қолдап, өзара бір-бірінен үйреніп, осы заманғы Жұңхуа мәдениетін ортақ дамытты.
Қытайдағы 1 миллион 500 мыңнан астам жан саны бар қазақ ұлты ханзу, ұйғұр, дүнген, моңғұл, қырғыз, татар, өзбек, сібе қатарлы ұлттармен бірге өзінің ана тілін, әдебиетін, салт- дәстүрін, мәдениетін дамытты.
(Жалғасы бар)
400 рет
көрсетілді0
пікір