• Мақала
  • 12 Қараша, 2025

Заңнамалық шаралар мен қатаң бақылау – жеткіліксіз

Марат Қалимолдин,
«Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қорының президенті, Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі

Қазіргі заманда сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі әлемнің көптеген мемлекеттері үшін стратегиялық басымдыққа айналды. Қазақстан да бұл тұрғыда жүйелі саясат жүргізіп келеді. Дегенмен, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тек заңнамалық шаралар мен қатаң бақылау жеткіліксіз. Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл – ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы орнықтыру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – қоғамның иммунитеті
Ғалымдардың пайымдауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – адамның заңға, әділетке, қоғам игілігіне деген ішкі сенімі мен ұстанымдарының жиынтығы. Яғни, бұл сана әрбір азаматтың параға, заң бұзушылыққа төзбеушілігін қалыптастырады. Мұндай құндылықтар орныққан қоғамда жемқорлық әрекеттерге деген әлеуметтік сұраныс та болмайды.
Қазақстанда қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы (2022–2026 жылдар)» осы бағыттағы кешенді міндеттерді айқындап отыр. Тұжырымдамада ең басты басымдықтардың бірі – қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыру.
Білім мен тәрбиенің рөлі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәде­ниетті қалыптастыру бала кезден бастал­уы тиіс. Мектептерде «Адалдық сағаттары», жоғары оқу орындарында арнайы элективті пәндердің енгізілуі – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Жастардың бойына парасаттылық пен әділеттілікті сіңіру – болашақта адал қоғам құрудың кепілі.
Мұнымен қатар, отбасылық тәрбие де ерекше орын алады. Баланың бойында адалдық қасиеті ата-ананың үлгісі арқылы қалыптасады. Сондықтан отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті мен күнделікті тұрмыстағы әділдіктің сақталуы – жас ұрпақ үшін нақты өнеге.
Ақпараттық-ағартушылық саясат
Қоғамдық санаға әсер ететін басты құралдардың бірі – ақпарат. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен жаңа медиа мүмкіндіктері арқылы жүзеге асуы тиіс. Әсіресе, жастарға жақын тілде түсіндіру, заманауи форматтарды қолдану (бейнероликтер, челлендждер, флешмобтар) тиімді нәтиже береді.
Қоғамдық белсенділіктің маңызы
Қоғамның жемқорлыққа қарсы иммунитетін күшейтуде азаматтық қоғам институттарының рөлі зор. Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, еріктілер қозғалыстары мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, халық пен билік арасындағы сенімді арттырады. «Алматы – адалдық алаңы» секілді жобалардың тәжірибесі қоғамның белсенді қатысуы нақты нәтижелер беретінін көрсетті.
Қорытынды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – кез келген қоғам үшін ұзақ мерзімді құндылықтық бағдар. Ол тек заңнамалық шаралармен емес, тәрбиемен, біліммен, ақпараттық саясатпен және қоғамдық белсенділікпен орнығады. Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін әрбір азаматтың адалдық пен әділдікті өмірлік қағидаға айналдыруы – басты шарт.
Жемқорлықсыз қоғам – әділетті мемлекет пен жарқын болашақтың кепілі.

188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы