- Мақала
- 12 Қараша, 2025
Қауіпсіздік – басты мәселе
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуінде 2023 жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс орын алғанын, жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқанын тілге тиек етті. Президенттің айтуынша, бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттерінің жаһандық циклы белең алып келе жатыр деп санайды. Осы ретте халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келе жатқанына тоқталды.
Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ашық саяси-дипломатиялық диалогты, өзінің жаһандық және өңірлік серіктестерімен конструктивті қарым-қатынас жасауды қолдайтынын жеткізді.
– Біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатын ұстанамыз. Ол өзара түсіністік пен сенім шараларына негізделген. Мұндай тәсіл ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттің негізі болуға тиіс. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық. Қазақстан тарабы осы аса маңызды құжаттың жобасын талқылау барысында аталған мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Әрі қарай Мемлекет басшысы:
– Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады, – деді.
Лаңкестікпен күрес жолындағы тиімді әрі нәтижелі қадамның бірі – өзге әріптес елдермен бірлесе күресу, бірлескен, ортақ іс-шараларды бірге қабылдау. Сонда ғана мақсатқа жетеріміз анық.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны мәлім. Аталған заң да лаңкестікпен күреске бағытталған кешенді іс-қимылдардың салмағын күшейтіп, рөлін арттыра түсері сөзсіз.
Адамдарға үрей, қорқыныш тудыратын дүниенің бірі – соғыс, лаңкестік, экстремизм, түрлі апаттық жағдаяттар екені жасырын емес. ХХІ ғасырда бұл мәселелер тіпті де ушығып кетті. Бүгінде қауіпсіздік мәселелері ең жиі талқыланатын, саяси орталарда ең жиі тақырып арқауына айналатын мәселелердің қатарында. Демек, күрделі мәселенің түйінін тарқату да, шешімін шығару да оңай емес.
Қауіпсіздік туралы мемлекеттер басшылары, азуын айға білеген саяси көшбасшылар, сарапшылар жиі айтып, осы мәселені жан-жақты қаузап, күн тәртібінен түсірмей келеді. Өйткені, адамзаттың ең осал тұсы да осы қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты болып отыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіп-қатердің алдын алу теория және практика жүзінде жан-жақты қарастырылып келе жатқанымен, оның түбегейлі шешімін адамзат ақылмандары әлі де таба алмай келеді. Күрделі мәселені бір жақты ету де мүмкін емес. Ол сәт сайын құбылып, жаңаша сипат, жаңаша қарқын алуда. Оның қыр-сырын бағамдау, жұмбағы мен құпиясын шешу де соншалықты күрделеніп кеткеніне көз жеткізу қиын емес.
Қауіптіліктің трансформациялары, цифрлық платформалардың рөлі, құқықтық баланстардың мәселелері, сын-қатерлер арасындағы қарама-қайшылықтар секілді сауалдар да күн тәртібінде тұр. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде лаңкестік жойылған жоқ, ол тек формасын өзгертті. Лаңкестікке қарама-қарсы тактикалар оның алдын алуға, ұтымды әрекет етуге және адам құқықтарын қорғау тиімділіктеріне тікелей байланысты.
Жер бетінде жүріп жатқан түрлі қырғи-қабақ соғыстар, қарулы қақтығыстар, жаһандық конфликтілер, бұл ретте ультрарадикалды ағымдардың көбеюі, олардың арасындағы онлайн-белсенділіктің артуы – мұның барлығы аса қырағылықпен назар аударатын, астарына үңіліп, тиісті қорытынды жасарлық маңызды мәселелерге жатады.
Иә, лаңкестік соңғы жылдары бастапқыдағыдай бұқаралық сипатынан ажыраса да, адамдар өміріне қауіп төндіру тұрғысынан алғанда күшеймесе, еш кеміген емес. Қауіп-қатерлер географиялық тұрғыдан ауысып, өзгеру үстінде. Жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілер «виртуалды майдандар» қалыптастыруда.
Жалпы, лаңкестікке байланысты әрқилы ұғымдарды ажырата білгеніміз жөн. Мәселен, терроризм, экстремизм, зорлық-зомбылықты экстремизм, радикалдану, экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған превентивті әрекет. Өзіміз жиі қолданатын лаңкестік ұғымын – саяси, идеологиялық, діни және әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізу үшін үрей туғызу мақсатында жасалатын әрекет деп түсінсек, экстремизм мен радикализмнің ауқымы бұдан кеңірек. Мұнда ең басты дүние – идеология саналады. Ол діни, саяси, әлеуметтік идеология болуы мүмкін. Экстремизм мен радикализм міндетті түрде зорлық-зомбылықты көздемеуі мүмкін, бірақ лаңкестер үшін идеологиялық база ретінде жұмыс істейді. Ал зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизмнің пайда болуы идеология зорлық-зомбылыққа әкеліп соққанда көрініс табады. Бұл орайда «радикалдану» ұғымы – индивид немесе белгілі бір топ экстремистік идеяларды көбірек қабылдап, зорлық-зомбылыққа негізделген әрекеттерді қолдау немесе соны жүзеге асырумен тікелей байланысты.
Енді лаңкестіктің жаһандық тенденцияларына назар аударып көрелік. GTI 25 мәліметі бойынша, лаңкестіктің бір ғана әрекеті тіркелген елдер әлемде 58-ден 66-ға дейін өскен. Бұл қауіптіліктің бұрын болмаған немесе аз көрініс тапқан аймақтарға да жеткендігінің белгісі. Келесі бір тенденция – «аз шабуыл арқылы адам шығынына көбірек қол жеткізу». Institute for Economics & Peace+3Vision of Humanity+3Vision of Humanity+3 зерттеулеріне сәйкес, әлемнің кейбір аймақтарында лаңкестік әрекеттері азайса да, өмірге жасалатын шабуылдар артып келеді екен. Шабуылдар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда өткірірек және жан-жақты ойластырылған әдістермен қамтылған.
Жалпы, қазіргі таңда әлемде лаңкестік оқиғалардың ошағы ретінде Сахель мен Оңтүстік Азия саналып отыр. Сахель аймағы ең көп жапа шеккен аймақ саналады. Мұндағы өлім-жітімнің ең көп бөлігі лаңкестік оқиғалардың себебінен орын алады екен. Сонымен қатар Пәкістанда да лаңкестік құрбандарының саны 2024 жылы 45 пайызға артқан (дереккөз – Vision of Humanity).
Лаңкестік оқиғалардағы келесі бір тенденция ол – жекелеген акторлар, радикалдану. Жекелеген адамдардың шабуылы бүгінде Батыс демократиялық елдеріне тән болып отыр. TE-SAT Еуропалық ұйымының талдауына сүйенсек, лаңкестік топтар гибридті әдістерді қолдануға бейімделген, ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыс жасап, цифрлы тактикаларды қолданады. Келесі бір тенденция – технологиялар, криптовалюталар, идеялармен алмасу болып айқындалып отыр. Радикалдау, террорлық ұйымдарға тарту, идея алмасу бойынша цифрлық каналдар рөлінің өсуі, шифрланған жабық мессенджерлерді, жабық форумдарды қолданудың үлесі артуда. Демек, лаңкестік ұйымдар да қазіргі заманның барлық технологияларын өз мақсат-мүдделеріне кеңінен қолданып отыр деген сөз. Осындай жағдайда оларды тұсау, көзін жою, жолын кесу де оңай шаруа емесі анық.
Терроризм, экстремизм елге, қоғамға әр кезде де қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселеде сақтық ауадай қажет. Еліміздің күштік құрылымдары, қауіпсіздік саласы ел тыныштығын, қоғамның қауіпсіздігін кірпік қақпай, қырағы қорғап келе жатқаны анық. Десе де, азаматтарымыздың өз тарапынан да бұл мәселеде қырағылық қажет екені рас. Алла тағала «Сақтансаң сақтаймын» деген екен. Осы қағиданы өмір бойы есімізден шығармауымыз керек.
EU TE-SAT 2025 мәліметі бойынша, Еуропа елдерінің 14 мүше-мемлекетінде 2024 жылы 58 террорлық шабуыл тіркеліп, олардың 34 көздеген мақсатына жеткен, 5 – іске аспаған, 19 әрекеттің жолы кесілген. Негізгі мотивтері – жихадизм, сепаратизм. Еуропа елдерінде жекелеген терроршылардың әрекеті көбірек байқалады екен. GTI 2025 мәліметтері бойынша, Қазақстан лаңкестік оқиғалардың әсері деңгейінде 100-орында. Бұл әлемдік стандарттар өлшемімен алғанда салыстырмалы түрде төмен тәуекелдерге жатады. Дегенмен, 2016 жылы Алматыда бірнеше полиция қызметкерлерінің өлімімен аяқталған лаңкестік оқиғалар, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалар шынайы қауіп-қатерлердің бар екенін көрсетеді. Қазақстанда «экстремистік», «террорлық» деп танылған, заңмен тиым салынған бірқатар ұйымдар бар.
Бір сөзбен айтқанда, терроризм жойылып кеткен жоқ, ол эволюциялануда. Лаңкестіктен келетін қауіп-қатерлер локальды, жеке дара, цифрлы сипаттарға ие болуда. Бұл ретте лаңкестік тәуекелі аз болып саналатын елдердің өзі бұл мәселеде өте сергек болуға тиіс. Себебі жекелеген шабуылдар, цифрлы радикалдану елдердің географиялық орналасуына қарап жатқан жоқ. Демек, күшпен басуға негізделген қарсы әрекеттер жеткіліксіз. Ендігі мәселе – түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қауымдастықтармен жұмыс жасау, цифрлы мониторинг өткізу, ақпараттандыру мәселелеріне назар аудару.
Сонымен қатар экстремизм мен терроризмнің шек-шекарасын құқықтық тұрғыдан ажырата білу де маңызды. Себебі экстремизм – идеологиялық сипатта болса, терроризм зорлық-зомбылықты сипаттағы әрекет саналады. Жаңа технологиялар бір жағынан қауіп туындатса, екінші тараптан әсер ету, әрекет ету құралы болуы да мүмкін.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
205 рет
көрсетілді0
пікір