• Ел мұраты
  • 08 Желтоқсан, 2025

  Жас дәрігерлер ғылыми байқауда бас қосты   ​​​​​​​

 

     Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде Жас ғалымдардың ІІІ республикалық конференциясы өтті. «SOVMIN FORUM 2025» атты іс-шара госпиталь қызметінің 95 жылдығына арналды. Форум аясында жас ғалымдардың байқауы ұйымдастырылды.

Үшінші рет өткізіліп отырған конференцияның мақсаты – медицинаның әр бағытында ғылыми зерттеулермен айналысатын жас дәрігерлерді біріктіру,  мәселелерді бірлесіп талқылау, тәжірибе алмасу және жастарды ынталандыру. Магистратурада, докторантурада оқитын жас ғалымдар форумда өз зерттеулерін таныстырып, еңбектерін қорғады.  Ұлттық госпиталь директорының кеңесшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ж.Қусымжанова, эндокринолог дәрігер М. Маратова сияқты  білікті мамандардан құралған қазылар алқасы әр ғалымның баяндамасын жіті тыңдап, бағасын берді. Жалпы медицина – үздіксіз дамып отыратын сала және ол әрдайым ғылымға сүйенеді. Сондықтан да әр маман ғылыммен айналысуға, өз жұмысында ғылым жаңалықтарын енгізуге тиіс.  

Форумның ашылу салтанатында Ұлттық госпиталь директоры Асхат Бралов сөз сөйлеп, жас ғалымдарға табыс тіледі. Директордың айтуынша, алдағы уақытта атақты аурухана ғылыми орталыққа айналады. Госпитальдің ғимараты реконструкциядан өтіп, жаңа орталық салынады. Заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, дәрігерлер дәстүрі жалғасын табады.

    Байқауға қатысқан С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ортопедиялық стоматология  кафедрасының оқытушысы, PhD докторант Мәди Тілешев «Қазақстандық жаңа импланттаттарды құрудың ғылыми негіздері» тақырыбындағы зерттеуін таныстырды. Жас ғалым елімізде имплантацияға сұраныс артқанына тоқталды. Әсіресе 40 жастан асқан пациенттер дентальді имплант салғызады. Жалпы медицина өнеркәсібінде  титан кеңінен қолданылады, оның таттануға төзімділік, жеңілдік, беріктік, т.б. қасиеттері бар. Мәди Тілешевтің айтуынша, Қазақстанда титанның мол қоры бар, бірақ оның биоинженериялық материал ретінде әлеуеті лайықты қолданылып отырған жоқ. Имплантаттар негізінен шетелден сатып алынады және қымбат. Жас ғалым зерттеуінде стоматологияға арналған импланттарды өз елімізде өндіруге болатынын келтірді. 

     Форумда жас ғалымдар қазіргі ең өзекті мәселелерді тақырып етіп алғаны байқалды. Мысалы «Радиология» бағыты бойынша резидент Перизат Хабит «МРТ деменцияны ерте анықтау құралы ретінде: дәрігерлерге арналған визуалды маркерлер мен практикалық нұсқаулар» деген тақырыпты талқыға салды. Жас зерттеушінің айтуынша, әлемде 55 миллион адам деменциямен өмір сүреді. 2050 жылға қарай осындай диагнозы бар адамдар саны 139 миллионға жетуі ықтимал. Әсіресе, тұрғындарының табысы аз елдерде деменциямен ауыратын адам көп. Қазақстанда деменцияға ұшыраған 10 мың пациент тіркелген. Алайда деменцияға қарсы терапия алатындар саны төмен. Елімізде Альцгеймер ауруына душар болған жандарды қолдау жағы кемшін. Аурудың алдын алу үшін ерте диагностика жасау қажет. Перизат Хабит өз зерттеуінде миға МРТ жасау арқылы деменцияны анықтау әдісі, ол үшін арнайы бағдарламаны қолдану жөнінде айтып өтті. Жас ғалымның айтуынша, бұл әдіс нейродегенеративті ауруларды ерте анықтап, дәл диагноз жасауға көмектеседі.

  Сондай-ақ, жас ғалымдар форумда трансплантация, акушерлік және гинекология, урология, генетика, нейрохирургия бойынша баяндама жасады, әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.

  Форумға жиналғандар Ұлттық госпитальдің тәжірибелі мамандарының сараптамалық дәрісін тыңдады. ҚР ПІБ МО Ұлттық госпиталі хирургия   бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі уролог Айдар Бегалин бүйрек ауруларын емдеу жөнінде дәріс оқыды. Ғалым-дәрігер соңғы кезде бүйрек аурулары көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

«Біз үйде тамақтану мәдениетінен айырылып барамыз. Бүйрекке тас байлану дертінің басты себебі – тамақ. Урология ғылыми орталығының мәліметіне қарағанда, 100 мың адамға шаққанда 76 пайызы несеп-жыныс жүйесі ауруларына шалдыққан. Соның ішінде 34 пайызының  бүйрегінде тас бар.  Урологиялық аурулардың арасында осы дерт басым. Елімізде 1988 жылдан 2023 жылға дейін осы ауру 60 пайызға өскен. Науқастардың көбісі 20-50 жаста. Ота жасалған соң да бұл ауру қайталануы мүмкін. Бүйрегі ауыратын адамдар су, тамақ, дәрі-дәрмек режімін қатаң сақтап өмір сүруі керек» дей келе, ауруды емдеу ерекшелігіне, тамақ режіміне тоқталды.  

Форум соңынан байқау қорытындысы жарияланып, жеңімпаз ғалымдар марапатталды. Бірінші орынды стоматолог-ғалым Мәди Тілешев иеленді. Дильфуза Сұлтанмұратова 2 орын, Ринат Нұржан 3 орынға лайық деп танылды. Қазылар алқасы жас ғалымдардың ізденісіне ризашылық білдіріп, табыс тіледі.

Дина Имамбай

 

 

 

225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы