- Мақала
- 10 Желтоқсан, 2025
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ
Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы
(Алтыншаш Жақиянованың «Апа, сені сағындым» балаларға арналған прозалық жинағы негізінде)
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» бағдарламасының «Әдеби өлкетану» тақырыбын зерттеу мақсатымен Жетісу облысындағы бірсыпыра қаламгерлердің шығармашылығы зерттеу нысанымызға айналды. Солардың бірі – қазіргі қазақ әдебиеті өкілі ақын, жазушы Алтыншаш Жақиянова.
Қаламгер 1959 жылы 30 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал кеңшарында дүниеге келді. Он жасынан бастап жаза бастаған Алтыншаш Жұманқызының өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарық көрген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды. «Жүрегімнің жұлдызы» (1996), «Арқабай шежіресі» (2000), «Жанымның нұры» (2009), «Сүмбіле» (2015), «Қапшағай толқынында туған жырым» (2016) атты жыр кітаптарын және Қапшағай қаласының 40 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қанат жайған Қапшағай» (2010), ақын Мұқағали туралы «Менің Мұқағалиым» (2011), Д.Қонаевтың 100 жылдығына арнап «Алып тұлға және айдынды қала» (2012) атты көркем публицистикалық жинақтарын шығарды.
Ақынның «Сағындым әже», «Асылым анам», «Жан асылым», «Әндерің-ай», «Көңілің қалды ғой менен», «Әнім сенсің Қапшағай», «Арманым болып кеттің сен», «Қапшағай вальсі» өлеңдеріне Амангелді Нұрқасымов, Мұрат Сатов, Жанат Сәденов, Жекен Нұрсапин, өзінің ұлы Әділет Жақиянов, Гүлмира Сарина, Ерсайын Нарымбаев сияқты белгілі және әуесқой композиторлар ән жазған.
Қолымызға қаламгердің «Апа, сені сағындым» атты балаларға арналған повестер, әңгімелер мен хикаяттар жинағы тиіп отыр. Жинаққа «Балалық балдәурен», «Апа, сені сағындым», «Өміршең өрен» повестері мен бір топ шағын әңгімелері топтастырылыпты. Балаларға арналған шығармалардың барлығының негізгі кейіпкері – мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы оқушылар. Ақын поэзиядағы кейіпкерлерін проза жанрына алып келіп, өзіне белгілі оқиғаларды кеңірек қаузай отырып, ата-ана, өскен орта, білім алған мектебі туралы еселіктерге жан бітіре отырып, жүріп өткен жолына есеп берген тәрізді.
«Балалық балдәурен» повесі өз ішінен он екі тарауға бөлінген. Әр тарауға кейіпкердің өмірінен маңызды орын алатын, есінде мәңгіге сақталып қалған оқиғалар арқау болған. Мектеп бітіргенге дейінгі оқиғалардың барлығы да туған жерде өткендіктен, оның кейіпкерлері – сол ауылдың тұрғындары.
Әжесінің әңгімесінде айтылатын ашаршылық тұсында елдің қынадай қырылуы, соғыс жылдарындағы ел басына түскен қиыншылық – бүкіл қазақ ауылына ортақ шындық ретінде баяндалған. Соғыс жылдарында жүкті келіншектердің босана қалса, баланың кіндігін байлау үшін қалталарына кендір жіп салып жүретінін оқып отырғанда, қырқыншы жылғы келіншектердің көрмегені жоқ екені есімізге түседі. Қазақ әдебиетіндегі әпербақан бригадирлердің бейнесін толықтыратын әңгімелер қасіретті жылдардан сыр тартады. Күні бойы әкесі ұста дүкенінен, анасы колхоздың жұмысынан босамайтын кезде үш ұл, төрт қызға нағашы әжесі қарап отыратындықтан, олардың тұңғыштары да әженің баласы болып өсетіні бүкіл қазаққа белгілі. Жалғыз қызының балаларын бағып-қағып отыратын кемпірді өз қызы ренжітіп қойғанда, күйеуінің: «Сен ол мүсәпір кемпірде нең бар ей,а? Бала-шағамызды бағып, отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрген жазығы ма?!» деп кейігенінен «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп түсінген атам қазақтың үлкендерге зор құрметпен қарағанын байқауға болады. Қара суды теріс ағызған Қоштай атасы Дәнегүл әжесіне Құдайдың бермегенін алып бере алмайтындықтан, елдің бәрін емдегенмен өздері бір қызбен қалған болатын. Нағашы Қоштай атасының бойындағы ақындық, әншілік өнер қызының бойынан табылса, анасына берілген ақындықтың арқасында біздің кейіпкеріміз де күллі қазаққа танылды.
Қияға су шығарған Сәтберген атасының еңбегіне қарап отырып, қазақтың «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналығы еске түседі. Туып өскен жеріндегі Майданталдың тарихы Бекназаров Сәтбергеннің еңбегімен тікелей байланысты болса, тастақтың арғы бетіндегі ешқашан егін егілмеген жерге арық қазып, су апарып, халықты мол өнімге кенегенін кейіпкер сөзімен жеткізген:
«Сонымен бірге сол жылы колхозшылардың еңбегі жанып, күздік, жаздық бидай, мақта, бақша өнімдері егіліп, бітік өнім алыпты. Мемлекеттік жоспар, міндеттемелер асыра орындалды. Бұл жеңісіміз халықтың ынтымақ-бірлігінің, Сәтберген ақсақал сияқты көреген кісінің арқасында еді. Бертін тоған жақ бетке қауынға дейін егіліп, ел-жұрт өнімге қарық болған. Мақта да, бидай да мол өнім беріп, бірінші орынды жеңіп алған жетістіктеріміз қаншама» (1, 41). Қырдың астына егіліп, ел «сұмдық қауындар» атап кеткен қауындардың пәлегінде жарылып, қақ-қақ айырылатыны да ел есінде. Даланың «оқымаған гидротехнигі», «мелиораторы» аталған Сәтберген ақсақалдың бір көрегендігі – ауыл жанына еккен майда талдары болса, сол талдар өсе келе мәуелі баққа айналып, бүгінде сол жердің Майдантал атануы.
Жекелеген эпизодтармен үлкен мәселелерді оқырманның есіне сала білген жазушы аңшылықты жанына серік еткен әкесінің тазысы самолеттің астында қалып өлгенде, «Ой қу бала, қайдан ғана келіп едің?!» деп баласына тіл тигізуінен, «Жүйрігім-ай, серігім-ай, алғырым-ай, ақылдым-ай» деп өкіре жылауымен жеті қазынаның бірі саналатын, аң алатын тазыға деген құрметті көрсеткен. Ашаршылық жылдары тұзақ құрып, аң аулап ауыл үйді асыраған қазақтар аңшылық өнерді де ата-бабадан мирас етіп бүгінге дейін жалғастырып келеді. Темірден түйін түйген, тазы ұстап, қақпан құрып аңшылық тәрізді өнердің бәрі де бір басынан табылатын Жұман ақсақалдың жасаған кетпендерінің араға 40-50 жыл салса да лыпып тұруынан оның шеберлігі байқалады. «Ұста өлсе артында заты қалар, ақын өлсе, хаты қалар» дегендей Жұман ақсақалдың ұста дүкенінде пайдаланған ескі көрігі бүгінде Түркістан облысының мұражайында сақталса, жасаған заттары ел ішінде қолданыста жүр. Соның бір айғағы көршінің қорасындағы – төрт қырлы брус етіп шотпен шапқан дөдеге ағаш.
Автор әке-шешесінің жеті атасына дейін тарата сөз еткенде, олардың шыққан тегінен хабар берген. Қазақтың шежіресін тарқатуды кейінгі жастар білу үшін олардың ата-тегі туралы мәлімет беруді көздегені анық. «Жетіге келгенше жерден таяқ жеп», әпкелерінің әңгіме-ертегілерін тыңдап өскен кейіпкеріміздің мектепке барған күнінен еңбекке араласқанға дейінгі аралықтағы оның өсу, толығу жолына қанығамыз. Балшыққа батқан етігін сүйреуге шамасы келмей құлап жүретін қыздың кітапқа деген құмарлығы оны келе-келе өлең жазуға ынталандырды. Өлеңдері мен мақалалары мектепте жүргенде-ақ республикалық басылымдарда жарық көре бастайды. Ақтөбе педагогикалық училищесі музыка факультетінің баян бөлімінде оқитын студент ағасының «Сен кейін атақты ақын ба, әйтеуір атақты біреу болатын сияқтысың» деген сенімі алдамапты.
Түркістан индустриалды педагогикалық техникумында оқитын Ауданбек ағасының үйге электр сымын орнатып жарық жағуы, ауылға алғаш келген телевизор ХХ ғасырдағы қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігінен хабар береді.
Кішкентай кезінде қырықаяқ пен қоңыздан қорқатын қыздың жиі көретін түсіне қарап оның болашағы жарқын болатынын болжауға болады. Оны жазушы былай жеткізеді: «Жайбарақат уақытта көретін түстерімнің көбі: құлашымды сермеп суда жүзіп бара жатамын немесе екі қолымды ауаға сермеп, аяғым жерде, баратын жеріме тез жетіп, рақаттанып, ұшып бара жатқан сияқты боламын.
«Қызға қырық үйден тыйым жасайтын» қазақтың қыз балаларға қаталдығын Пернеш пен Күләшқа қатысты оқиғалардан көретін болсақ, аталарының піспеген қауынын ұрлайтын балалар бәрімізге де жақсы таныс.
Кеңестік дәуірде мектеп оқушыларының барлығын совхоз жұмыстарына жегетіні бәрімізге белгілі. Ертеректе 5-сыныпта бастап мақта теруге алып баратын болса, бертін келе балалар есейген соң, 7-сыныптан бастап көрші созхоз, аудандарға мақта теруге алып баратын. 5-сынып оқушыларының тым кішкентай әлжуаз болатынын олардың ұйқысы қанбай жүретінінен, мақтаны дұрыс тере алмайтынынан, оқушы қыздың машинаның астына түсіп қайтыс болғанын көрсе керек. Үйден ұзап шықпаған балалардың айлап өзге ауылда жатып таңның атысы, күннің батысы мақта теру оңай шаруа емес. Ауылды сағынған балалардың мақтадан қашуы, кешке би алаңына барып демалуы да Оңтүстік өңірінде туып-өскендерге жақсы таныс. Оны автор былай баяндайды:
«Өз басым мақтадан қашып көрмесем де, бір ай жүріп, әбден сағыныштан сарғайып, қайтатын күнді асыға күтіп, көресімді көріп қайтатынмын. Таянған сайын күн өте ме?! Үлкен қыздардан қорлық көріп, жылап-сықтап жүрген кезіміз естен шыға қойсын ба?».
«Жарты әлемге ықпалын жүргізіп, аузын айға білеп тұрған кеңес одағының халық шаруашылығына құртақандай, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған сол кездегі біз сияқты мыңдаған жас өспірімдердің де қосқан үлесі бар деп есептеймін» (1, 94), – дейтін кейіпкер сөзі – еңбекпен тәрбиелеудің бір мысалы ғана. Оңтүстік өңірлерде күн жылынғаннан егін шаруашылығы басталады. Қашан емтихандарды тапсырып болғанша шабық шабатын оқушылар, күз келе жүгері мен мақта теруге жегілетін. Айлап мектеп көрмей жүріп, мектепті үздік бітірген оқушылар – өмірмен күресуді бұғанасы қатпай жатып меңгерген жанкештілер екені дау туғызбайды.
Үлкенге қарап сөйлеуге болмайды деп түсінген қазақ балалары ынжық, ұялшақ болып өскені белгілі. Жастық шағы көк бантикпен бірге кеткен тәрізді.
Кейіпкердің Түркістаннан шығатын аудандық «Коммунистік еңбек», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Балдырған» басылымдарына алғаш шыққан өлеңі мен мақаласы, мотоцикл жүргіземін деп шаңын бұрқ еткізіп арыққа түсуі, өзіне көйлек тігетін ісмерлігі, машина жүргіземін деп ағасын алты ай бойы жүргізуші куәлігінен айыруы – өмірден алынған шынайы оқиғалар болғандықтан да оқырманын баурап отырады. «Балдырған» журналындағы «Жаңа жыл кешіне» деген өлеңінің соңына Алтынбек Сәтбергенов деп қате жазылуы, кейін көптеген оқырманнан хат келіп, Қарлығаш деген қызбен күйеуге шыққанға дейін жігіт болып хат алысуы езуге күлкі үйіргенмен, балалықтың шалалығын көрсетеді.
Әжелерінің көйлегінен ойып алып қуыршаққа көйлек тігетін, кілем тоқитын, 6-сыныпта жүріп өзіне моряк жаға салып көйлек тігетін, қыздардың бәрі де өмірден алынған шынайылығымен баурайды. Осындай оқиғалар бір кейіпкердің емес, оның замандастарының барлығының басынан өткен десек те болады.
Повестің оқиғасы мектеп бітірген жылы құжаттарын тапсырып үлгермей, фосфор заводына жұмысқа тұрған болашақ ақынның газет бетіне шыққан өлеңдеріне берілген 20 сом қаламақысына анасының бір қап қант алуымен аяқталған. Повестің оқиғасы есін білер білмес баланың көз алыдымызда жетіліп, үлкен жолға қадам басуымен аяқталған. Баласы әперген матадан тіктірген көйлегін «көзінің қарашығындай көріп, жуғанда бырысып-бырысып қалатын материалды сумен, не үтікпен жазып, аялап киетін» анасына алғашқы еңбекақысын жеткізіп отырған қызды көрген оқырман оның болашағына үлкен сеніммен қарайды. Көп балалы отбасында өскен, 5-сыныптан мақта теріп үйдегілерге ұсақ-түйек сыйлық алып жүретін, белі бүгіліп айлап кілем тоқитын қыздың еңбекқорлығы оны үлкен белестерге жеткізгеніне оқырман куә.
«Апа, сені сағындым» повесі «Алаңсыз күндер», «Шыңырау», «Сергелдең» деген тараулардан тұрады. Оқиға кішкентай кейіпкердің атынан бірінші жақтан баяндалады. Өмірге келгенінен бастап, ата-ана, ата-апасының қызыл шақа баланы қуана қолға алып түскен суреттеріне қарап, өзінің өмірге келген қуанышты сәттерінен хабар берген кейіпкер ес білген кезінен бергі өміріне шолу жасайды. Бірінші тарауға бақытты балалық шағы арқау болса, екінші тарауда ата-анасының арасында кикілжіңнің көбейгенінен отбасында берекенің кетуіне куә боламыз. Жазушы кішкентай кейіпкердің көзімен толық отбасында өскен баланың жағдайы мен ата-аналары ажырасқан кездегі балалардың сезімдеріне үңілген. Бір отбасының екі баласының үлкені орыс мектебінде, екіншісі қазақ мектебінде білім алуы олардың өмірлік көзқарастарына тікелей әсер еткендігі де нанымды суреттелген. Жазушы баланың тілінің кеш шығуына ата-ананың тікелей қатысы бар екеніне назар аударған. Ата-апасы қазақша сөйлесе, анасы орыс тілінде сөйлейді. Екі тілдің арасында өскен бала қай тілде сөйлерін білмей жүруі – өмірден алынған шындық. Орыс мектебінде оқыған бала кісікиік, тұйық болып өссе, қазақ мектебіне барған бала көпшіл, бауырмал, әңгімешіл болып өсіп келеді.
«Сергелдең» тарауында кең үйінен біреу қуғандай, екі баласын жетелеп бір бөлмелі пәтерге бөлініп шыққан келіншектің балаларының жағдайын көріп, оларға қалай көмек беруді ойлайсың. Тіпті баласының айтуымен келген ата-апасына тыйым салып, балаларын көрсетпей, енесі ауруханаға түссе де селт етпеген келіншектің тасбауырлығы оқырманға ой салады. Ата-апасының ертегісін тыңдап, олардың қойнында жатып үйренген баланың оларды сағынуы, ішкі күйзелістен тығырыққа тірелуі оның жол шетіндегі велосипедтің астына түсуіне себепкер болады. Қан жоса болған баланы жедел жәрдем ауруханаға алып бара жатқанда оның іздеген адамы апасы мен атасы болғанына әр оқырманның жүрегі ауырады. Есінен айырылған баланың есін жиғанда айтқаны:
«Апа! – деймін, ешкім мені естімейді. Көзімнен аққан ыстық жас шекемнен ары қарай жып-жылы боп ағып барады.
– Апа, мені қайда апара жатыр? Мені алып кетші, ата, апа! Сендер мені жақсы көресіңдер ғой, неге мені өздеріңмен бірге алып кетпейсіңдер?!
АПА, СЕНІ САҒЫНДЫМ! ТЕЗ КЕЛШІ, АПА! МЕНІ АЛЫП КЕТШІ!», – деген баланың сөзіне оның жан жарасы сыйып тұр. Баланы ең жақын адамынан айыру – олардың болашағына балта шабу.
Қазіргі таңда жастар арасында ажырасу жыл сайын көбейіп келеді. Жанын қинап жұмыс істемейтін жастардың өмірге де жеңіл қарауы өкінішті. Олар үлкендердің тілін алса, екі бала үшін бірге өмір сүруіне болатын еді. Бірақ, қазіргі таңда үлкендердің ақылын алатындардың арамызда азайып бара жатқаны – ащы болса да шындық. Жазушы тоғыз жасар кейіпкердің жанына жара салған ата-ананың қателігін бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі ретінде көтерген.
«Өміршең өрен» повесінің оқиғасы өмірге жаңа келген Қалдыбай төңірегінде өрбиді. Бірнеше тараушаға бөлінген шығарманың әр тарауына жекелеген оқиғалар арқау болған. Мәселен, «Қалы бар сәби» деп аталатын бірінші тарау полигон зардабынан арқасында жұдырықтай томпақ қалмен туған баланың атын апасы Қалдыбай қоюына негізделген. «ескінің көзі саналатын қарт кісі «жылдар өте кетіп қалады» деп топшылады. Дүниенің бәрі атқа байланысты болмайтынын қайдан білсін...».
Қарны тоқ болса, тыныш жататын сәби ышқынып жылағанда ішек-қарыны сол топмақтан шығып кетердей тырсия қалатын. Жанына батқанда бебеу қағып, қолды-аяққа тұрмай кететін баланың алдымен қырқынан шығуын күтті, дәрігерлер жасына толмай ота жасауға болмайтыныны айтқан соң, ата-анасы және бір жылды күтумен сарғайды. Балаларына қарап салы суға кеткен Айбар мен Сақып, Бәтіш апа бір-бірінің жағдайын айтпай түсініп жүргелі қашан.
Қаратаудағы Тұмаргүл әпкелерінің үйіндегі жездесі Қадір дәрігер болғанмен, мыңнан біреуде кездесетін ауруды үлкен қаладағы білікті дәрігерлерге көрсетпесе болмайтынын айтып, «Әй, қайдам, жазылып кетуі екі талай, бірақ «үмітсіз шайтан» деп жұбатқан.
Араға жыл салып, үш ай байлаған тайыншаны сатып, үстерін жаңалағаннан қалғанын қалталарына басып Айбар мен Сақып балалары Қалдыбайды алып Алматыға шықты. Тауасар жездесінің қаладағы Беласар ағасының үйіне келіп дәрігерлердің консилумын күтіп жатқанда, олар балалы қонақтың ұзақ жатқанына шыдамай курортқа кетеміз деп оларды қонақүйге апарып тастауынан «біреудің тойып, біреудің тоңып секіретінін» көреміз. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген – осы. Елден келген ерлі-зайыптылар балаларының тағдырын ойлап жандарын қоярға жер таппай отырса, қалалықтар ауылдан келгендердің ұзақ жатқанына шыдамай, өтірік айтып құтылғанша асығулы. Оны мына диалогтан көруге болады:
«Неге кешіктіріп жатыр деп, уайымдап, Айбар мен Сақып екеуінде тағат қалған жоқ.
Қашан жасайды екен? Неге ұзатып жіберді?, – деп, Беласар мен Айсұлу да жиі сұрай бастады.
Біз қайдан білеміз, жеңгей-ау, қазір бітсе, қазір қайтуға дайынмын, – деп те қалды Айбар тезірек құтылғысы келіп отырғанын сезіп».
Ертеңіне Қадір мен Дәурен оларды іздеп келгенде Қадір Алматыда бірге оқыған досы Дәуренді араға салып жүріп, Ғани профессорды ота жасауға көндіреді. Қалдыбайдың алдындағы Ерлан деген төрт жасар ұлдары сары аурудан қайтыс болған жандардың балаларына ота жасауға келісім берулері оңай болған жоқ. Ұзаққа созылған ота сәтті шыққанмен, баланың дәретін астына жіберіп үштен асқанша жүре алмай еңбектеп жүруі ата-ана үшін, Бәтіш апа үшін оңай шаруа емес. Араға бір-екі жыл салып үш рет апарған соң, келесі барғанда Ғани профессордың өзі өмірден өтіп, Қалдыбайда қарайтын дәрігердің болмауы – бұл аурудың сирек кездесетіні.
Қазақта бауырмал болатын қыз балаларға деген құрмет ерекше. Соның көрсеткіші Тұмаркүлдің келіп, Қалдыбайды үйден оқытуға жаздыртуы. Балаларының тірі қалғанына шүкіршілік дегенмен, мектепте бара алмай, үйде жеке мұғалім келіп сауатын ашуы – Қалдыбай үшін үлкен олжа болды. Ғайнижамал апайының Совет одағының батыры, ұшқыш Алексей Мересьев туралы «Нағыз адам туралы аңыз» кітабын оқығаннан кейін, ендігі оның ермегі – кітап оқу болды. Мектепте оқып жүрген балалар оқымаған ауыл кітапханасындағы С.Бегалиннің «Қыран кегі» өлеңдер жинағын, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары», А.Гайдардың «Чук пен Гек», «Тимур және оның командасы» кітаптарын жаздыртып оқыды. Кітапханаға алғаш барғанда Ермектің велосипедімен барған Қалдан кейін жанын қинап, аяғының ауырғанына қарамай кітапханаға өзі баратын болды. Келесі жолы С.Бегалиннің «Бала Шоқан», одан кейін С.Мұқановтың «Өмір мектебі», М.Горькийдің «Кісі есігінде», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптарын оқып жүргенде әкесі созылмалы ауруға шалдығып, одан қорасындағы қойларына бір емес, екі рет ұры түсіп, оның жанына салған жарасы мен тән жарасы қосылып ұзаққа бармады. Бұл кезде Сауық деген баланың артынан Сақыптың аяғы ауыр болатын. Айбардың көре алмай кеткен ұлын Аңсар деп атап, төрт жетімекті Бәтіш апа қарауына алды. Бұл кезде Сақып кемпірге есеп бермей, қалаған уақытында үйден шығып кететінді шығарған.
Он үш жасында әкесінен айырылған Қалдыбай тез есейіп әжесіне көмекші болды. Арада төрт жыл өткенде анасы өзінен өзге адамның етегінен ұстап кетіп бара жатқанда, естері кіріп қалған Гүлден мен Қалдыбай әжелерінің қасында қалды. Сауық пен Аңсар қайда бара жатқандарын да білмеген күйі аналарымен кете барды. Тұмаркүл барда ала алмаған шешесінің жасауға берген ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, телевизор, самауыр сияқты заттарын бір жүк көлігімен келіп сыпырып алып кеткен. «Келген көлік асығыс келіп, ұрлық жасағандай асығыс тиегендікі болар, үйдің сыртқы бұрышын қаға-маға сүйкеп кетіпті. Ол кәдімгідей ойсырап тұрды.
Тұмар келесі келгенде телевизор, Қадір ағасының Қалдыбайға планшет алып келуі – оның жаңа қырын ашты. Енді ол техниканы игеріп, әпкесі компьютер мен принтер алып берген соң ағалы-қарындасты екеуі ауылдағылардың құжаттарын, керек қағаздарын шығарып, азын аулақ тиын-тебен таба бастады. Кітапты көп оқыған сауатты баланы ауыл басшысы хатшы етіп қасына шақырды. Екі тілге бірдей жігіттің сауаттылығы аудан басшыларына ұнады. Көп ұзамай аудан басшысы Арыстан Жапарұлы үш бөлмелі пәтер беріп, ауданға жұмысқа шақырды.
Жазушы «Жалғыздың жары – Құдай» дегенді Қалдыбайдың төңірегіндегі оқиғаларға сыйғызған. Бір аяғы протез мүгедектігіне қарамай, дизайнердің жұмысын меңгеріп алған ол өз заманында таптырмайтын маман болып қалаға келген соң да тасы өрге домалай берді. Қалаға келген соң, түрлі-түсті принтер алған екеуі түрлі тапсырыстарды алып жүргенде Арыстан Жапарұлының елу жасқа толған мерейтойына шақыру билет жасап беруі, бастығының жылдам, әрі сапалы жұмысы үшін жүз мың беруі – Қалдыбайдың ынтасын арттыра түсті. Әріптесі Асхаттың айтуымен информатика мамандығы бойынша бір жылдық курсты бітір алып, қаладағы танымал маман болып жүргенде Гүлденнің Педагогикалық училищеден кейін педагогикалық жоғары оқу орнына түсуі олардың мерейін арттырып жатқанда, аяқ астынан әжелері сырқаттанып өмірден озады. Бұл кезде Асхат пен Гүлденнің кездесіп жүруінен жаспен жастың тілегі бір екенін көрсек, Гүлденге жақсы жігіттің кездесуі – жастайынан қиыншылықты көп көрген ақылды қызға Алланың рақымы түскендей әсер береді.
Көршісі Дүйсенбектің салық инспекциясында қызмет істеуі, оған компьютер столын сыйлауы, бәсекелестеріне араша болуы – «өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» екенінің айғағы.
Апасының «бұл үйдің қадіріне жетсе, Құрманәлі ғана жете алады, басқа біреу алса тоздырып жібереді» деген сөзі есінде қалған Қалдыбай қара шаңырақты көршісі Құрманәліге жарты бағасына сатып, сол ақшаға апасының басына ескерткіш-тақта орнатты. «Кез келген уақытта келіп, аунап-қунап жатып кетесіңдер» деген Құрманәлі пейілі өзгерген жоқ. Апасы айтса айтқандай, ол үйге жөндеу жұмыстарын жасап жарқыратып қойды. Енді оларға кез келген уақытта ауылды сағынғанда келіп тұруларына болады. Арыстанның хатшысы бола жүріп, Санаттардан тәжірибе жинақтаған Қалдыбай «Айбар» деп әкелерінің атын қойып, жеке офистерінің ашылу салтанатына мұғалімдеріне айтып қарындасы мен інісінің келуін ұйымдастырады. Офистің лентасын қию рәсіміне Арыстан Жапарұлы, ауылдағы бұрынғы бастығы Мақсат, ауылдағы достары Ермек пен Дәурен, әріптестері Асхат, Жанар, Санат, көршілері Дүйсенбек, Сана, Маржан, мектептен Сағымгүл апай мен бірнеше мұғалім мен оқушылар келген болатын. Он төрт-он беске келіп қалған Сауық өжет те, айтқанынан қайтпайтын қыз болып өссе, он-он бірдегі інісі Аңсарға өгей әкенің қолы қаншама рет тиді. Айбардың бір көруге зар болып кеткен ұлы Аңсар әкесін көрмегенмен, атына қанық болып өскендіктен, офистің әпкесі мен ағасынікі екенін айтпай-ақ білді.
Апасының аманатын орындаған Қалдыбай артынан ерген бауырларын бауырына басып, бір әкеден туған төрт бала жетімек бір-біріне сүйеу болып бір шаңырақтың астында тұрып жатты. «Көз алдында – жастай өмірден өткен әкесінің жарқын жүзі. «Қажыма! Налыма, ұлым! Бұл ғана емес, әлі де талай жетістіктерге жетесің! Сенің шаттық толы шақтарың әлі алда!» деп тұрғандай», – деп аяқталады шығарма.
Жазушы басындағы бағын бағаламаған Сақыптың бұл кезде бет-ауызы көгеріп, сүйгенінің таяғынан бас көтере алмай жүргенімен, бір кезде енесі мен қайынапасын жылатып кеткен келіннің үлкен өкінішін нанымды бейнелеген. Өзінен он жас кіші, үйленбеген жігітке тұрмысқа шыққанмен, кішкентай баласын өгей әкенің тоқпағынан арашалай алмаған оның жан жарасын екінің бірі түсіне қоймас. Гүлденнің апасының қырық күндік асына боздап келген шешесін тыңдағысы келмеуі – анасынан көңілі қалуы. Мүгедек болып туған Қалдыбайдың басынан өткен қиыншылықтарға мойымай өмірмен күресуі, өмірге деген құштарлығы, еңбекқорлығының артында оның кітапқа деген құштарлығы жатыр.
Бала күнінде кітапханадағы қазақша, орысша бар кітапты қоймай оқығанының арқасында екі тілде бірдей жазатын сауатты маман болуы, өзінің ізденімпаздығымен информатиканы меңгеріп алуы, еңбекқорлығының арқасында кәсібін дөңгелетіп жүргізуі жас оқырманға үлгі-өнеге болары анық.
Қорыта айтқанда, қолымыздағы жинаққа жазушының балаларға арналған шығармалары топтастырылған. Шағын әңгімелерінің де кейіпкерлері – кішкентай бүлдіршіндер.
Балалардың өмірінен алынған бір сәттік оқиғалар өмірден алынған шынайылығымен, бала тілі бал екендігімен баурайды. Шығармалардағы негізгі оқиғалар бала көзімен суреттелгендіктен шынайылық басым. Жазушы тілі қарапайым, оқиғалар шынайылымен баурайды.
251 рет
көрсетілді0
пікір