• Мақала
  • 10 Желтоқсан, 2025

Әл-Фараби күні – ойшыл мұрасын танудың игі жолы

Сонау 1973 жылы қыркүйек айында Алматыда Азия-Африка жазушыларының V конференциясы өтіп, алқалы жиынға 100-ден аса елдің өкілдері қатысқан. Форумға Азия мен Африка елдерінен, сондай-ақ Еуропа, Америка құрлықтарынан мәртебелі меймандар келген. Аталған форумның тарихы 1958 жылғы күзден бастау алады. Ташкент қаласында тұңғыш конференция ұйымдастырылып, іс-шара жайында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың жазуымен республикалық «Білім және еңбек» журналының 1973 жылғы тамыз айындағы нөмірінде материал жарияланған. 

Мақалада конференцияның бір күні шығыстың екінші ғұламасы аталған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналғаны айтылады. Бұл күні қонақтар Республика Ғылым академиясында болып, Фараби туралы сұхбаттасқаны, қаланың көрікті жерінің біріне ұлы ғалым атындағы демалыс орны белгіленгені тілге тиек етіледі. 
Әдебиет зерттеушісі Мұхамеджан Қаратаев «Қазақстан коммунисі» журналының 1973 жылы №9 санында «Бұл қазақ халқы үшін үлкен абырой» десе, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол жылғы №37 (1179) санында абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметов әл-Фараби мен Абайдың философиялық ойлары, екі ғұламаның дүниетанымындағы сабақтастықты талдайды.
Газеттің осы нөмірінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Үлкен конференц-залында Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған мәжіліс ашылатыны хабарланады. Сонымен бірге басылымда Еркеболат Бекмұхаметов пен Садық Қасимановтың «Ғалымның дүниетанымы» атты мақаласы, белгілі суретші Сахи Романовтың қазіргі уақытта ұмыт болған Фараби бейнесі жарияланады. 
Әл-Фарабидің бейнесін суретші Сахи Романов Ақжан Машановтың елеулі көмегі арқылы салған екен. Сахи Романов әл-Фарабидің бейнесін салған туындысына екі жыл уақытын сарп еткен. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінің 11 қыркүйектегі №213 (15.412) санында материал жарияланған. Авторы – А.Сабиров. 
Айта кетейік, осы мазмұндағы көптеген мақалаларды сол кездегі бірқатар басылымдардан кездестірдік. Бұл ел руханиятындағы әл-Фараби бабамызға арналған маңызды іс-шаралар легі деуге болады. 
 «Казахстанская правда» газеті (11 қыркүйек №213 (15.412) «День памяти великого мыслителя» деген атаумен), «Социалистік Қазақстан» газеті (№213 (14569) сейсенбі, 11 қыркүйек, 1973), «Лениншіл жас» газеті (№179 (7176) сейсенбі, 11 қыркүйек, 1973 жыл) басты мақала ретінде жариялайды. 
Әл-Фарабиге арналған алқалы жиында Қазақ ССР Жоғарғы кеңес президумының төрағасы С.Б.Ниязбеков, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы А.А.Асқаров, Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Қ.Б.Біләлов, Азия және Африка елдері жазушылары бірлестігінің бас хатшысы Юсеф эс-Сибаи, СССР Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Г.М. Марков, Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі советтік комитетінің төрағасы К.Яшен, т.б. қатысқан. 
Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Ш.Е.Есенов кіріспе сөзінде «Әл-Фараби өз заманындағы ірі философ, математик, физик, астроном болды, ол – астрономияның бір бөлігі ретінде жүйеге келтіріліген тригонометрияны жасаушылардың бірі. Әл-Фараби математикалық астрономия, музыканың, физика-математикалық теориясы, сондай-ақ геодезияның математикалық негіздері, архитектура жөнінде бірқатар іргелі зерттеулер жасады. Әл-Фараби эстетика, психология, акустика, математика, аспап зерттеу мәселелерін ерекше бір сиқырлы дарынмен қамтыған жиынтық шығарма – «Келелі музыка кітабының» авторы ретінде де мәлім», – деп атап өткен. 
Ғылым академиясының академигі Б.Ғ.Ғафуров әл-Фараби туралы сөзінде оны прогресшіл ойшыл, асқан білімпаз ғалым, тамаша музыка білгірі ретінде сипаттап, дүние жүзілік өркениет тарихында ерекше орын алатынын айтқан. 
Баяндамашы Қазақстан ғалым­дарының әл-Фараби мұрасын зерттеу жөніндегі еңбектерінің маңызын атап айтады. Философтың көптеген шығармасы тұңғыш рет Қазақстанда аударылып, қазіргі уақытта Алматы Фарабитанудың басты орталығына айналды. Міне бұл – Қазақстанның ғылым мен мәдениетті дамытудағы орасан зор жетістіктерінің тағы бір айғағы. 
Бабажан Ғафуровтың «Қымбат мұра» мақаласында («Қазақ әдебиеті» газетінің 1973 жылғы № 39) әл-Фараби Аристотельдің философиясын әралуан мистикалық қоспалардан арылтып, одан әрі дамытқанын, өз еңбектерінде философияның әралуан мәселелерін көтеріп, философия мен табиғаттану ғылымының байланысын қолдағанын жеткізген. 
Жалпы, осы алқалы басқосуда әл-Фарабиге қатысты көптеген маңызды ой-пікірлер мен тұжырымдар жасалғанын байқауымызға болады. 
«Әл-Фараби – ұлы ойшыл, гуманист. Ол мәдениет пен ғылымға жан-жақты және жемісті үлес қосты. Адам рухының бостандығы мен гуманизмнің ізгі заңдары жолындағы, адам баласын рухани жағынан ағарту жолындағы күрес-әл-Фараби шығармашылығының негізгі түйіні» ( А.Х.Қасымжанов), «Әл-Фараби барлық елдердің арасында достық қарым-қатынас орнатуды насихаттаған алғашқы адамдардың бірі болды» (әдебиетші Халил Абдул Әзиз) деген көзқарастар ортаға салынған. 
Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ойшылмен бұлайша дидарласу біздің санамызды, адам баласы мәдениетінің үзіліссіз әрі берік бірлікте болатындығы, адамзаттың бүкіл тарихы бойына жасалған қазыналардың мәнділігі жайындағы сезімімізді байыта түседі», – дейді.
«Лениншіл жас» газетінің 1975 жылғы №179 (8883) санында профессор А.Машановтың «Космология кемеңгері» атты мақаласында: «Әл-Фарабидің космологиялық даналығы – сол кездегі бос ертегілердің бәрін ғылымнан алас­тап, қазіргі космология ғылымынан теріс кетпейтін өте құнды пікірлер айта білгендігінде. Әл-Фарабидің космологиялық пікірлерін қазіргі космология ғылымымен салыстырып зерттеу, біздің ойымызша, ғылыми күрделі мәселе. Бұл мәселе өзінің зерттеушісін күтеді» деген пікірі де елең еткізерліктей. 
Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекелік тойын өткізуге және оны мәңгі есте қалдыруға байланысты Қазақ ССР Министрлер Советі арнайы қаулы қабылдаған. Есімі Шымкент педагогика мәдениет институты мен Түркістан қаласындағы №386 жалпы білім беретін орта мектепке берілген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика мәдениет институтының әр қайсысы үшін Әбу Насыр әл-Фараби атындағы бір-бір стипендия белгіленген. 
Қаулыда Алматының бір көшесіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беру жөніндегі мәселені шешу, әл-Фарабиге ескерткіш орнату мәселелері атап көрсетілген. ҚазССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фарабидің есімі берілген. 
Жетекші ұлттық университетке әл-Фараби есімінің берілуі бұрынғы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихи ғибраттарын студент жастарды тәрбиелеуде және барлық жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік рухында білім беруде аса зор мәнге ие. Республикалық әл-Фараби ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы 1993 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Рес­публикасы Білім министрлігінің 1992 жылы 21 қазан № 407 бұйрығы мен 1992 жылы 14 қазан Ғылыми кеңес шешіміне сәйкес ашылды.
Әл-Фараби мұрасына деген әлемдік ғылыми қауымдастық үнемі белсенді жұмыстар үстінде. Мәселен, Иран Ислам Республикасы Саңлақтар мұрасы қоғамының ұсынысымен 2021 жылдың 21 қарашасы (Иран күнтізбесі бойынша 1400 жыл, абан айының 30-жұлдызы) Иранда тұңғыш рет ресми түрде «әл-Фараби күні» ретінде күнтізбеге енгізді. Содан бері Иран ғалымдары мен ғылыми қауымдастығы бұл күнді атап өтіп келеді. Ал «Әл-Фараби күнін» атап өту дәстүрінің негізі ең алдымен Қазақстанда қаланған болатын. Бірақ арада жылдар өтіп, ұмыт қалған жайы бар. Біз бұл мақалада мерзімді басылымдардағы дүркін-дүркін жарияланған көлемді ақпараттар мен мақалалардың негізінде 1973 жылы қыркүйек айының 9-шы жұлдызы бірінші рет әл-Фараби күні ретінде аталып өткенін, ол мәжілістен кейін 1975 жылы ғұламаның 1100 жылдық мерейтойы алғаш рет кең көлемде тойланғанын айтқымыз келді. Бұл ұлы ойшылға өз туған жерінде ғалымдардың ізденістері мен табандылығы нәтижесінде жасалған алғашқы қадам, әрі қазіргі фарабитану мектебінің негізгі іргетасына айналды. Биыл араға талай жыл салып, 9 қыркүйекте «Әл-Фараби күнін» университет қабырғасында атап өттік. Бұл игі дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыратын ойымыз бар. 
Алдағы уақытта бұл күн 1160 жылдығы жақындап қалған бабамыздың мерейтойында барынша жоғары деңгейде өтетіне сенімдіміз. Бұл тұрғыда университетімізде Философия және саясаттану факультеті философия кафед­расы және Ағын Қасымжанов негізін қалаған «әл-Фараби орталығы» кешенді зерттеулерді жалғастырып, мәдени-шығармашылық кеңістікте ауқымды шаралар өткізуге дайын. 
Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен деңгейдегі ғұлама ғалым. Ел ғалымдарының іргелі зерттеулері мен ізденіс жұмыстарының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби есімі мәдени символымызға, ойшыл мұрасы тұтас түркі мәдениеті мен руханиятынан бас­тау алатын қазақ мәдениетінің қайнары ретінде ұлттық мақтанышымызға айналды. «Әл-Фараби күні» ұлы ойшылдың мұрасын зерделеу, байыптау, насихаттау тұрғысынан да символдық мәні бар дата. Ұлы ойшылдың еңбегін таразылау ешқашан маңызын жоймақ емес.

Әсет ҚҰРАНБЕК,
философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының доценті міндетін атқарушы 
 

253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы