• Мақала
  • 10 Желтоқсан, 2025

Жедел экономикалық дамуға апаратын жол

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, 
Қазақстан Ұлттық Банкінің алғашқы төрағасы

2023  жылы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа стратегиялық парадигмасын айқындап, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жаңа ел экономикасын құру мәселелерін көтерді. Бұл ретте Президент жоспарланған реформалардың бас­ты нысаналары – экономиканың өсімін жылына 6-7 пайыз деңгейге көтеріп, даму процесін жылдамдату, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың (ІЖӨ) көлемін екі есеге, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту, халықтың күнкөріс жағдайын арттыру екенін атап өтіп, Үкіметке осы мақсаттарды жүзеге асыруды жүктеді. 
Сонымен қатар, Президент 2022-2025 жылдардағы Жолдауларында, мына мәселелердің орындалуын үкімет пен құзырлы басқару органдарына тапсырды: 
– ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті жою қажет;
– нақты секторды несиелендіру әлі де тиісті деңгейде емес. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. Бұл – елдегі іскерлік белсенділікке, экономиканың тұрақтылығына және прогрессивті өсуіне кері әсерін тигізеді;
– Ұлттық қордың қаражаты шетел қаржы институттарына қызмет етпей, ең алдымен өз мемлекетіміздің мүддесіне қызмет етіп, стратегиялық мақсаттарға жетуге жұмсалуы керек;
– үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне ерекше назар аударып, еліміздің тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктерді қарастыруы керек;
– басты мақсат – азаматтардың табыс деңгейін арттыру.
Осы аталған мәселелер бойынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп отырған стратегиалық даму бағыттарын қолдау мақсатында, оны іске асыру шараларына көмек ретінде осы реттегі көп жылдар бойы жасаған зерттеу жұмыстарымның нәтижесінен туындаған ұсыныс жобаларымды 2024 жылы жарық көрген «Үкімет қазынасы» атты кітапшамда жарияладым. Мұндағы мақсат – дайындалған жобаларым, ұсыныстарым белгілі бір дәрежеде үкіметке Президенттің тапсырмаларын орындау жолында септігі тиер деген ой болды. 
Соңғы үш-төрт жыл мұғдарында еліміздің стратегиялық мақсат-мүдделерін іске асыруда тиісті рефрмалар іске асырылып, біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Дегенмен, экономиканың даму жылдамдығы халықтың тұрмыстық жағдайының өсу деңгейі әлі де отандық экономикамыздың қуатына, мүмкіншілігіне сәйкес болмай тұрғаны баршамызға белгілі. Мысалы 2020-2025 жылдары экономиканың (ІЖӨ), халықтың нақты табыстарының өсу қарқындары, тиісінше орта есеппен жылына 3,2 және 3,0 пайыздан аспай тұр. 
Жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі жылдары біршама ауқымды істер тындырылды, бірақ соңғы жылдардың қортындылары көрсетіп отырғандай, негізгі бағыттарда Президент анықтаған деңгейлерге жете алмай келеміз. Әрине, алға қойылған стратегиялық нысаналарға қол жеткізу үшін елімізде жеткілікті мүмкіндіктер бар. Елдегі стратегиялық міндеттерге жету жолында, мақсат-мүдделері біріктірілмеген көп сатылы басқару жүйесі мен әртарапты мүддені көздейтін даму институттары – экономиканың тұрақты өсуіне және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қажетті, қолымыздағы бар қуат көздерін негізгі бағыттарға тиісті дәрежеде шоғырландырып, жинақтап, сала алмай тұр. Оның мынадай себептері бар сияқты. 
Бірінші себеп, ел экономикасының даму қуаты, қаржы-қаражаты Үкіметке тікелей бағынышты емес жекеменшік банк­терге және «Самұрқ-Қазына», «Байтерек» сияқты аса ірі акционерлік ұйымдарға, басқа да құрылымдарға таратылып кеткен. Соңғылары өздеріне бағынышты ондаған, жүздеген заңды және жеке тұлғалардан тұратын империя құрып, дербес шешімдер қабылдайтын орталықтарға айалып, бұл салалық министрліктердің оларға тигізетін ықпалын азайтып отыр. Осылайша басқару жүйесінің қуаты, жауапкершілігі шашыраңқы қалыпқа келген. Соның салдарынан бақылау жүйесі шектеліп, атқарушылық тәртіп төмендеп, өзекті мәселелерді шешуде күрделі кедергіге айналған, сыбайлас жемқорлыққа кең жол ашылған. 
Екіншісі, негізгі даму институттары – Ұлттық қор, Зейнетақы қоры, Алтын-валюта резервтері Ұлттық Банкінің (ҚР ҰБ) басқаруына берілген және даму институттарының, жекеменшік банктердің қаражат несие көздерінің қомақты бөлігі экономиканың нақты секторларының даму процестеріне еркін қатынасуларына, нарық экономикасының ескіріп қалған теориялық көрпесін жамылған көптеген құйтұрқы заңнамалармен негізделген, кедергілер жасалынған. Атап айтсақ, Ұлттық Банкінің 2023 -2024 жж. деректері бойынша 120,0 - 130,0 млрд АҚШ долларына дейін немесе шамамен 55,0 - 60,0 трлн. теңге көлеміндегі еліміздің қаражаты басқа елдердің экономикасында пайдаланылады. Ал, шетел инвестициясына келер болсақ соңғы 30 жылда ауыл шаруашылығына тартылған шетелдік инвестицияның үлесі оның жалпы көлемінде, орта есеппен 0,1%, ал азық-түлік өндірісінде 2,0-3,0 % аспады. Бұдан сабақ – басқа елдің қаражаты біздің мұң-мұқтаждығымызға сүйеніш болмайтыны көрініп тұр, оларға мұнай, газ сияқты табысы мол салалар ғана қызықты. Сондықтан ауыл экономикасын, кіші кәсіпкерлікті дамытуға керекті қаражатты өз елміздің ішкі қаражат көздерінен іздеуіміз керек. Бірақ бұл мәселені тек қана бюджеттегі даму қаражатымен және отандық жекеменшік банк саласының несиесімен шеше алматындығымызды кейінгі 30 жылдық тәжірибеден көріп отырмыз. Ендеше үкімет бюджеттен басқа әлемдік және ішкі ақша нарығынан, даму институтарының қаражат көздерінен (олардың шетел экономикасындағы салымдарын азайтып), инвестициялық несие (ұзақ мерзімді кредит) ұсына алатын құрал (инструмент) жасау мүмкіншілігі бар ма деген заңды сұрақ туындайды. Енді осы несие мәселесіне көз салайық.
Үшіншісі, дамудың негізгі құралы болып табылатын несие (кредит), инвестиция, инвестициялық кредиттерді халықаралық және ішкі несие нарықтарына еркін шығуға мүмкіндік беретін үкіметтің өз құзырындағы тартымды құралдар жасалынбаған. Осыған байланысты қазіргі жағдайдағы кредит қаражаты мәселесіне және оның үкіметіміздің мүдделігіндегі жеке кәсіпкерлікті дамытуға қандай ықпалы бар екеніне қысқаша тоқталайық. Қазір халықтың барлық ақшалай салымы екінші деңгейдегі банк жүйесіне салынғанына қарамастан жекеменшік банктер кәсіпкерлікке кредит беруді тоқыратып тастады деуге болады. Мысалы, кәсіпкерлік саласындағы кредит көлемін ІЖӨ шаққанда 2007 жылы 39,1 пайыз болса, бұл көрсеткіш жылдар өткен сайын құлдырап, 2023 жылы 9,4 пайыз, 2024 жылы 9,7 пайыз ғана жетті, ал салалардағы өнім мөлшеріне шаққанда берілген банк кредиттері 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінде 16,5 пайыз құраса, ауыл шаруашылығында 6,3 пайыздан аспай қалды. Мысалға, 2023 жылғы Дүниежүзілік банкінің статистикасы бойынша экономиканың жеке секторын кредиттеу көрсеткіштері Қытайда 185 %, Германияда 82 %, ал әлемдегі барлық елдерге ортақ көрсеткіші 52-54 пайыз, бізде бұл көрсеткіш 14-14,5 пайыздан аспай тұр. 
Әрине, жекеменшік банк саласының Қазақстандағы даму үрдісі, жеткен жетістіктері көп, табыстары басқа салалардан әлдеқайда жоғары тұр. Халыққа банк қызметін көрсету мәселесінде біздің банктер көптеген шетел банктерін басып озды, бұл әрине айтарлықтай жақсы жетістік. Сонымен қатар, жекеменшік банк, микрокредиттік мекемелер жүйесі үкіметтің ырқындағы сала емес, олардың көздейтін негізгі мүддесі – табыс. Қазір жекеменшік банк жүйесі 2024 жылдың статистикасы бойынша, жеке тұлғалардың және халықтың табыс көзінен 37070,4 млрд. тенге (79,0 млрд. АҚШ доллары) көлемінде салым (депозит) жинап отыр. Осы ресурс негізінде, кәсіпкерлікке беріп отырған несиесі 13083,4 млрд. тенге (27,9 млрд доллар) ғана, оны ІЖӨ шаққанда 9,7 пайыздан аспай, жыл сайын төмендеп келіп, тек 2024 жылы ғана 0,3 пайызға ғана өсті. Халыққа берілген тұтыну несиесі жылма-жыл (кейінгі 20 жыл бойы үлкен қарқынмен өсіп, оның соңғы бес жылында 28–30 пайыз жылдамдықпен өсті), несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемелері 18-20 пайыздан кем болмады. 2024 жылы халыққа берілген тұтыну тнесие көлемі 20677,2 млрд. теңгеге (44,0 млрд. доллар) жетіп, банктердің несие қоржынының 61,2 пайызын құрады. Банк саласының ақшалай табысы 2020 жылғы 5,9 млрд. доллар көлемінен 2024 жылы 15,8 млрд. долларға жетіп, соңғы бес жылдықта 5,4 еседей өсім көрсетті. Жекеменшік банк жүйесінің мұндай табыс мүдделіктерінен туындайтын несие саясатына ешкім қарсылық көрсете алмайды, ол заңмен қорғалатын құқықтық мүдде. Демек, жекеменшік банк жүйесі пайда жолындағы ұстанған бағыттарын басқа салалардың – ауыл экономикасының кіші бизнестің даму мүддесі үшін өзгерте қояды деген қиялға сыймайтын ойға ешқандай негіз жоқ. Біз оларды кәсіпкерлікке несиелік қолдауды күшейту мәселесін биліктің ықпалымен немесе заң жүзінде де мәжбүрлеп шеше алмаймыз. Олар өздері таңдаған жолымен ілгері басып дамығаны жөн. 
Төртінші, осы жағдайларды зерделей келе, даму институттарының және жеке меншіктегі банктердің қазіргі жұмыс істеп, әрекет ететін форматында экономиканы, әсіресе, оның жекелеген артта қалған сегменттерінде – ауыл шаруашылығында және шағын бизнесте тұрақты және жедел дамуының шешуші күшіне айналмағанын көріп отырмыз, тиісінше, болашақта да бола алмайтыны айқын болып отыр. Сондықтан үкіметке жылдам дамып келе жатқан, Қытай Ветьнам т.б. басқа елдердің тәжрибелерін зерделеп, тың таңдаулар жасап, өзіне тиесілі сүйеніш құралдарын іздегені жөн.
Енді осы мәселелер бойынша қорыта айтар болсақ, қазіргі уақытта Үкімет құзырындағы қазынашылықтың күнделікті шығындарға жұмсалатын бюджет қаражатынан басқа тұрақты түрде сақталатын қазынасы жоқ. Яғни, бюджеттен басқа Үкіметтің қолында экономикалық өсуді жеделдету үшін бюджет қаражатымен қатар әлемдік және ішкі нарық кеңістігінде несие, несиелік инвестиция тарта алатын өзіндік құралдары жоқ. Осындай қуатты несие нарығына шығу үшін қызғылықты сенімді құрал қажет. Сондықтан үкіметтің ырқындағы жаңа даму құралдарын кешіктірмей жасау қажет, онсыз үкіметтің өз қолында тиісті дәрежеде несиелік қаражат қуаты болмайтыны хақ. Ал, несиелік қуаттың көлемі, несие нарығы, мемлекеттік бюджеттен бірнеше рет асып түсетін құдыретті күш, одан қалыс қалу қаржылық жарымжандықпен тең. 
Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, Қазақстан сияқты табиғи байлығы мол, болашағы зор елдегі, экономиканың ең маңызды салаларын жылдам дамытып, еліміздің өз қолындағы бар қуатын жандандыратын, халықты тез арада кедейшілік жағдайынан шығаратын, мүмкіншіліктерге жол іздеу аса маңызды мәселеге айналып тұр. Осы орайда мен екі жоба ұсынамын, олар өзара тығыз байланыстағы жобалар.
Бірінші жоба: «Үкімет қазынасы» даму қорын құру – «Өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикаға» жол ашу. Үкімет қазынашылығында тұрақты түрде сақталатын алтын, платина, басқа да сирек металдардан тұратын «Үкімет қазынасы» деп аталатын дербес, даму қорын құрып, экономиканы жедел даму жолына шығаруға керекті бюджет қаражатымен қатар басқа қаражат тарта алатын құрал жасау қажет деп санаймын. 
 Енді осы мәселені іске асыру үшін қандай өнімдік және ақшалай ресурстар бар деген мәселе тоқталайық. Қазір елімізде жылына 130 тоннадан асыра алтын шығарылады, осы өнім бойынша біз дүниежүзіндегі елдердің арасында алтыншы орынға шықтық, бұл үлкен жетістік, қолымыздағы ұлан-ғайыр байлық, үлкен қазына бар. Бірақ, өз елімізде шығатын алтынға – қазынамызға иелік ете алмай отырмыз. Қазір алтын қазатын жекеменшікті бизнес өкілдері алтынды шетелге сатып жіберіп жатыр. Мысалы біздегі статистика бойынша Қазақстан 1990-2024 жылдар ішінде 1520 тонна алтын шығарыпты, содан 2024 ж. соңында ҚР ҰБ алтын валюта қорында 311 тоннадай ғана алтын сақталыпты, қалғаны 1209 тонна алтын (2024 жылғы бағамен 130,0 млрд АҚШ долларына тең) шетелге сатылып кеткен. Сөйтіп, осы ел экономикасына бірден-бір қорған бола алатын стратегиялық құндылық, қайтарымсыз біржола жоғалып жатыр. Бүгінде әлем экономикасында орын алып отырған сауда және валюта қақтығыстарынан туындайтын, дамудың тұрақсызданған алмағайып белгісіз жағдайында, алтынға сұраныс шарықтап өсуде. 2023 жылғы есеп бойынша әлемдегі шығарылған алтынның, 22-23 % инвестиция ретінде пайдаланылып, 25%-ын үкіметтік Алтын қорлары, Орталық банктер сатып алып жатыр. Мысалы, соңғы 10 жылда (2013-2023 жж.) Ресей 1347 тонна алтын сатып алып, алтын қорын 2329 тоннаға, Қытай 1191 тонна алтын сатып алып, алтын қорын 2245 тоннаға дейін арттырды (WGC статистикасы). Осылай біздің елден басқа елдер алтын қорларын еселеп өсіріп, қазыналарын көбейтіп, экономикасын қуаттандырып жатыр. Біз бұл жаһандық мейнстримнен тыс қалмауымыз керек. 
Осы мәселе бойынша көңіл аударарлық бір жағдай бар. Алтын көп жағдайдайларда халықаралық саудада, экономика халықаралық санкцияларға, саяси экономикалық үлкен кризиске немесе соғыс зардабына ұшыраса, аса қажетті шикізат және технологиялар үшін төлем құралы ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, алтын (платина және сирек металлдар тобы) инвестициялық салада, өнеркәсіп өндірісінде (ғарыш, жоғары технологиялық және зергерлік бұйымдар өндірісінде), медицинада және басқа салаларда кеңінен қолданылады. Сондықтан алтынды өндіру, сату және сатып алу тәртібін Орталық банктері емес, үкімет өз бақылауында ұстайды. Алтын қорларының негізгі мақсаты, экономиканы сыртқы тәуекелдерден, тосыннан келген қауіптерден қорғау болып табылады. Міне, осы жалпы елдік экономика тұрғысындағы мүддені ескере отырып, көптеген елдердің үкіметі өзінің алтын қорын, өз қазынасын жасайды. Бірақ, біздің қоғамда Орталық банктер елдің алтын қорын толығымен өз бетімен иемденеді деген үлкен жаңсақ пікір орын алған. Соның салдары болар, үкіметтің осы алтын қазынамызға салқындық танытып жүргені. Көптеген елдерде алтын қорлары елдің егемендік құқығымен қорғалатын тек мемлекетке тиесілі қазына болып табылады, ал орталық банктер осы алтынның сақтаушылары немесе басқару агенттері ретінде ғана әрекет етеді. Мысалы, Ұлыбританияның алтын қоры мемлекетке (үкіметке) тиесілі және Қаржы министрлігінің Қазынашылық департаменті басқаратын Валюта бағамын теңестіру қорында (ЕЭҚ) сақталады, ал Англия Банкі қорды жедел басқару құқығымен «агент» ретінде әрекет етеді. Ресми деректер бойынша 8133,5 тонна тең АҚШ үкіметінің алтын қорының басым бөлігі АҚШ қазынашылық департаментінің қоймаларында сақталады, ал осы қоймаларды басқаратын Теңге сарайы, Қаржы министрлігінің бөлімшесі. АҚШ алтын қорының аз ғана бөлігі Федералдық резервтік жүйенің Орталық банкіде сақталады, оған тағы да қаржылық министрлігі иелік етеді. Қытай елінің ресми алтын қоры Қытай мемлекетіне (үкіметіне) тиесілі, оларды Қытайдың орталық банкі – Қытай Халық банкі (ҚХБ) басқарады. Ресей Федерациясында алтын қорының аз бөлігі Ресей Федерациясының Орталық банкінің, ал негізгі бөлігі «Гохран» деп аталатын қымбат металдар мен асыл тастардың мемлекеттік қорының қарамағында, ол тек Ресей Федерациясының Қаржы министрлігіне бағынышты. Осындай көптеген елдерге тән ортақ тәртіппен, Германия, Франция, Голландия және басқа да елдерде мемлекетке (үкіметке) тиесілі алтын қорлары құрылған. Әрине, біздегі жағдай басқашалау, елдің алтын-валюта қоры Ұлттық банкінің қаражатымен жасақталған, сондықтан оған үкімет иелік ете алмайды. Бұл мәселе келесі жағдайларға байланысты болды: мемлекеттік алтын қорын құруға бірінші әрекет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жасады, содан кейін ел Президентінің 1991 жылғы 31 тамыздағы N 412 «Қазақ КСР-де алтын қоры мен алмаз қорын құру туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлықтың негізінде ҚР ҰБ алтын-валюта қорынан басқа, мемлекеттің (үкіметтің) алтын қоры құрылмақшы болатын. Алайда Үкімет, Президент Жарлығын жүзеге асыра алмады. Оның себебі 1991 жылы КСРО-ның құлауынан экономика терең дағдарысқа ұшырап, бюджет тапшылығы асқынып, мемлекеттік қазандық (Казначейства) құрылмай тұрған кезеңде, үкіметтің өзінің алтын қорын құруға қаражат мүмкіндігі болмады. Ол кезде мұндай мүмкіндік тек ҚР Ұлттық Банкінде ғана болды. Осы себеппен Жарлықты орындау ҚР ҰБ жүктелді. Мен,1992 жылдың басынан бас­тап ҚРҰБ Басқарма Төрағасы қызметін атқардым. Аса қиыншылық жағдайында 1992-1993 жж. бас аяғы екі жыл ішінде жұмысымызды нөлден бастап 22 тонна алтын қорын жинадық, алтын-валюталық резервті 730 млн. АҚШ долларына жеткіздік. Алтын қорын тек ҚРҰБ өз табысымен құрдық, сәйкесінше алтын қоры бірте-бірте ҚРҰБ алтынвалюта резервіне айналды. ҚРҰБ алтынвалюта қорындағы алтынның миссиясы мүлдем бөлек, банк жауап беретін төлем балансына қауіп төніп немесе теңге бағамы орынсыз құлдыраған кездерде ғана жұмсалады, ол заң жүзінде ел экономикасының дамуына тікілей жұмсалатын үкіметтің қазынасы емес, ал мұндай қазына оған керектігі хақ. 
Міне осылай, тоқсаныншы жылдардың басында үкімет өзінің алтын қорын жасауға белгілі дәрежеде әрекеттер жасады, бірақ ол жоғарыда көрсетілген себептермен іске асырылмай қалды, ал тап қазір осы істі жандандыратын күн туды деп есептеймін. Оның негізгі себебі жоғарыда айтып көрсеткеніміздей экономиканы жедел өсу жолына апаратын үкімет құзырында бюджет қаражатынан басқа тұрақты қазына-құрал жоқ. Егер «Үкімет қазынасы» даму қоры құрылған жағдайда, үкіметтің қорды халықаралық және ішкі ақша, несие және инвестиция нарықтарына еркін шыға алатын құрал есебінде пайдалануына кең жол ашылады. 
Үкіметке тиесілі алтын қорлары барлық империялардың, атауы тарихта қалған елдердің тәжірибесінде баяғы заманнан қолданыста бар құндылықтар, ол туралы жоғарыда қысқаша ғана айтып өттік, оның халық игілігі үшін біздің елімізде де болғаны жөн.
Енді алтын қазынамызды қалай жинаймыз деген мәселеге келейік. «Үкімет қазынасы» даму қорына керек алтынды жыл сайын 100 тоннадай көлемде жеке өндірушілерден биржалық бағамен сатып алу керек. Осы мақсат үшін, 10-20-30 жылдық мерзімді үкімет қазандығының облигацияларын айналымға шығару қажет. Осы облигацияларға Ұлттық банкінің, Ұлттық қордың, Зейнетақы қорының қаражатын салып (орналастырып), қарыжы жинақтап, алтынның бағасын өтеуге болады. Бұлай істеу біздегі заңнамаға қайшы келмейді. Ұлттық банктің 2023-2024 жж. есебі бойынша Ұлттық қордың 90%, АҚШ, ЕуроОдақ елдерінің 2,0-2,5% жылдық табыс беретін қазынашылық облигацияларына, 5-5,9% алтынға салынып келе жатыр, ал өз қаражатымызды өзіміздің қазынашылық облигациямызға және өз алтын қазынамызға салуға ешқандай бөгет жоқ. Бұл бірнеше жылдар бойғы жасалынып келе жатқан қолданыста бар тәжірибе. Үкімет тек тиісті шешім шығарса жеткілікті. 
Осыдан соң, жиналған алтын қорын, қозғалыссыз жатқызып қоймай, оны монеттендіріп (ақшалай қаражатқа айналдырып), тікелей экономикалық даму процесінің қажеттілігіне пайдалану қажет. Ол үшін «Үкімет қазынасына» жыл сайын келіп түсетін 100 тоннадай алтын қорымен қамтамасыз етілген 10-20-30 жылдық мерзімдегі 2,0-3,0 % жылдық табыс беретін алтын облигацияларын шығарып, Қор нарығынан, Ұлттық банк­тен, Ұлттық қордан, және Зейнетақы қорынан ақшалай қаражат тартуға болады. Сонымен қатар, алтынды монетизациялау процесінде Ұлттық қордан тартылған шетел валютасындағы қаражатты ешқандай делдалсыз «Үкімет қазынасы» қорының Ұлттық банкідегі валюталық шотына бірден салынуы қажет. Теңгелік валюта керек кезеңдерінде «Үкімет қазынасы» қоры шетелдік валютасын, алыпсатарлық валюта биржаларына шығармай, ҚР ҰБ тікелей сатқаны жөн. Өз кезегінде, ҚР ҰБ валюталық резервтерін толықтырады немесе оларды дұрыс пайдаланудың басқа жолын табады. Осылайша, алтынды монетизациялау процесі валюта айырбастаудағы алыпсатарлықсыз, теңге бағамына әсер етпей, елдегі инфляцияны қоздырмай өтетін болады.
Алынған қаражаттарды 10-20-30 жылдық облигация мерзімі көлеміндегі уақыт аралығында, тұрақты үш табыс көздерінің есебінен күмәнсіз түрде қайтарып отыруға болады. Біріншісі – алтының бағасының жылсайынғы өсімі, екіншісі – жаңадан құрылатын үкіметке бағынышты кредит институттарының табысы, үшіншісі – несие алушы кәсіпкерлердің табыс көздері және өтімді активтері. Осылай ең қуатты үш табыс көзі бір арнада түйісіп, алынған қаражатты қайтаруға тоғысады. Бұл сыртқы қарыз емес, ішкі қарыз, сондықтан үкімет керек кезінде қайтару мерзімін ұлғайтып немесе қысқартып отыруына мүмкіншілік туады. Нәтижесінде барлық даму институттарының Қазнашылық облигацияларына орналастырылған қаражаттары жоғалып кетпей, түгелімен сақталады және олар өз эмитенттеріне тұрақты табыс әкеліп тұратын болады. Бұл пайымдауларымызды, бір ғана фактор – өткен 30 жыл ішіндегі алтын құнының өсуі мен әлемдік резервті валюталардың құнсыздану фактілері толығымен растайды. Мысалы, алынған қаражаттың қайтару мәселесіне тиесілі бірінші табыс көзіне қатысты айтар болсақ, WGC (World Gold Council) статистикасы бойынша,1994 жылы 1 грамм алтынның әлемдік нарықтағы құны 11,57 АҚШ долларына тең болды, ал 2024 жылы – 86,85 АҚШ долларына жетті, сонда кейінгі 30 жылда алтын бағасы 750,6 %, яғни 7,5 есе өсті, керісінше барлық резервтік валюталардың құны төмендеді, ал АҚШ доллары жыл сайын 1,5 -1,7 % құнсызданып отырды. Мысалы, 2023 жылы 1 доллардың құны 1992 жылғы 45 центке тең, немесе доллар 31 жыл ішінде 65 центке құнсызданды (АҚШ еңбек статистикасы бюросы, 2023 ж.). Сондықтан үнемі қымбаттап тұратын алтын мен сирек металл тобын, үнемі құнсызданып тұратын АҚШ долларына, басқа валюталарға сатудың мағынасы жоқ, әлемдегі ең тұрақты және құнды валюта алтын ғана. Қалған, қайтарымға қатынасты екі табыс көздері бойынша Екінші Жоба аясында қысқаша тоқталамыз.
Осылайша, жылына 100 тоннадай алтын жиналса, Үкіметтің қазынашылық қорына бірінші жылы кемінде 7-8 миллиард АҚШ доллары, алғашқы 3 жылда 35-40 миллиард АҚШ доллары, 10 жыл ішінде 130-150 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылады. Мұндай, бюджеттен тыс, көлемді қаражатты қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресті, адам капиталын және қазіргі экономикалық өсуді айқындайтын бағыттар болып табылатын төртінші және бесінші буынның озық технологиялық өндіріс түрлерін дамытуға, ірі энергетика нысандарын салуға пайдалануға болады. Бұл жағдайда мемлекеттік бюджет үшін халықтың көпшілігіне әлеуметтік жағдайын үстемелеп жақсартуға кең жол ашылады. 
Қазіргі уақытта ел экономикасының барлық қуаты жеке сектордың шикізат экспортымен байланысты, соның валюталық түсімдерінен мемлекеттік бюджет кірістерінің 30-35 пайызы және Ұлттық қор қалыптасады, бірақ экспорттық тауарлардың баға деңгейі біздің елге тәуелді емес, әлемдік нарықта анықталды, ол кейде өсіп, кейде құлдырап отырады, сондықтан елдің даму мүмкіндіктері сыртқы күштерге тәуелді болып қалып отыр. Ал, қазір мұнай бағасы нарық аясында анықталмай, жаһандық саяси күштердің шешімдеріне байланып, үлкен тербелісте тұрған кезеңде, мұнай бағасы түсіп кететін болса, ел экономикасы үшін үлкен қауіп, елдің валюталық резервтері халықаралық, отандық алыпсатарлардың қолына түсіп, еріген мұздай болып ағып кетуі мүмкін, одан қорғанатын жол біреу-ақ, ол – алтынды қолдан шығармай, өз елімізде, үкімет құзырында сақтау. Осы мақсатта және алтынның жерқойнауындағы табиғи қорының шектеулі екендігін ескеріп, алтын экспортын және алтын шығатын кен орындарын жекенің қолына беруді тоқтатып, осы страгиялық сегментте мемлекеттік меншіктің үлесін белсенді түрде жоғарылату керек. Қазір алтын өндіру технологиясы біздің елде толығымен игерілген, яғни алтын өндірудегі мемлекеттік сектордың тиімділігі басқалардан кем болмайды, ал үкімет осы стратегиялық сегментте толық бақылауға қол жеткізе алады. Бұл мемлекеттік алтын қорды құруды жеңілдетеді және оның шығындарын айтарлықтай азайтады.
Үкімет «Үкімет қазынасы» даму қорының аясында алтын қорын құру арқылы сыртқы күштердің қаупінен, АҚШ долларының айырбас бағамынан тәуелсіз, жылма-жыл үдемелеп өсетін, тұрақты стратегиялық қаржының көзін қалыптастырады, яғни мемлекеттің дамуына ықпал ететін аса маңызды экономикалық факторлар Үкіметтің дербес құзыретінде өтеді. Алтыннан тұратын қазыналық қор Үкіметтің қолындағы ең тиімді құралға айналады.Үкімет еліміздегі әлеуметтік-экономикалық салалардың өзекті бағыттарына бюджеттен тыс, көлемді қаржылық инвестиция құятын дәрежеге жетеді, экономика саласындағы дербестігімізді нығайтуға қол жеткізеді, ұлттық валютамыз теңгенің бағамы, тауар бағасының тұрақтануына жол ашылады. 
Екінші жоба. Экономиканы үдемелі дамыту мақсатында «Үкімет қазынасы» даму қорының ресурстарын тиімді пайдалануға керекті жаңа тетіктерін құру.
Екінші жоба бірінші жобадан шығады. Ұсыныстарымның бірінші бөлімінде мен «Үкімет қазынасы» даму қорын құрудың қажеттілігіне тоқталып өттім. Қор құрылған жағдайда оның инвестициялық қоржынына экономиканың өсіміне тиісті дәрежеде жылдамдық әкелетін, үлкен қаржы ресурстарын тартуға болатынын анықтадық. Енді мұндай қомақты қаржыны төкпей-шашпай қалайша тиімді пайдалануға болады деген мәселе туындайды. Егер осындай үлкен қаражат ресурс­тарын бұрынғы қалыппен, алыпсатарлық қор нарығы, валюта биржаларының негізгі үлкен ойыншылары болып табылатын, қазіргі даму институттары мен жекеменшік банктердің қолына беру – осы үлкен ресурстарды басқару ырығынан толығымен айырылу деген сөз. Әрине, олар әдеттегідей табыс қуалап, қаражатты бірінші кезекте тұтынушылық және валюта, қор нарықтарында, шетелде пайдаланатыны сөзсіз. Нәтижесінде инфляцияны күшейтіп, теңге бағамын түсіріп, үлкен табыс табатындары тағы да айқын. Оған дәлел жоғарыда көрсеткеніміздей, кәсіпкерлікке берілген несие көлемінің ІЖӨ шаққандағы жылдан жылға азайып келе жатқанына қарамастан жекеменшік банк жүйесінің соңғы бес жылдағы табысы 5,4 есеге өскенін, несие портфелінің 60-64% кәсіпкерлік саласынан тыс салаларға салынатынын айтып өттік. Ал, инфляцияның деңгейі осы соңғы бес жыл ішінде орта есеппен 10,9 % төмен түспегені, теңгенің бағамы жыл сайын 4,2 % құлағаны да шындық. Бірақ бұл оларға тағылатын айып емес, қазіргі заңнама бойынша бәрі дұрыс. 
Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, «Үкімет қазынасы» қорының ақша ресурстарын тиімді пайдалану үшін, жеке банктердің және қазіргі мемлекеттік қорлардың делдалдығынсыз тікелей өндірістік салаларға (ауыл шаруашылығына, өңірлердегі кәсіпкерлікке) қаражат беруге ынталы, алыпсатарлық табыс қуаламайтын, мемлекеттік қатысумен құрылатын, бақылау пакеті үкіметке тиесілі, акционерлік қоғам форматындағы «Агроөнеркәсіп банкін», ал ірі қалаларда орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту үшін «Кәсіпкер» банкін ашуды ұсынамын. Банктердің филиалдық желілері барлық селолық аудан және облыс орталықтарында, барлық қалаларда болғаны жөн. Жаңадан құрылатын банктерге жарғылық капиталын қалыптастыруға «Үкімет қазынасы» қоры 4-5 млрд. АҚШ доллары көлемінде 10-20-30 жылдық алтын облигацияларын шығарып жиналған қаражат есебінен, банктерге бастапқы жарғылық капитал ретінде беруге болады. Осыдан соң Банктер қызмет жасауға дайын сәтінде «Үкімет қазынасы» даму қоры алтынды монетизациялау процесі бойынша жиналатын барлық қаражатты, түгелімен жаңадан құрылатын банктерге аударып отыруы керек. Сонда ғана осындай ірі қаражат көзін алыпсатарлық нарық сегменттеріне кетіп қалмай, кәсіпкерлік салаға тура бағыттауға қол жеткізіледі және қордың қаражаты бірден несиеге ауысып, міндетті түрде қайтарылатын қасиетке ие болады. 
Міне, мәселенің ең негізгі маңыздылығы осында болып тұр. Енді берілген қаражатты қайтаруға, мемлекеттік бюджетке, «Үкімет қазынасы» даму қорына, бастапқы кредиторлар – ҚР ҰБ, Ұлттық қорға, Зейнетақы қорына, салмақ түсірмейтін, ең құдіретті, экономикадағы шешуші күш – қарыз алушылардың, яғни кәскерлердің табыс көзі, өнімі, өтімді мүлкі іске қосылады. Осылайша қарапайым үкіметтің қаражат қоры, ең тиімді қайтарымды қаражат құралына – инвестициялық несие көзіне айналады, қаражат үкімет шенеуніктерінің қолына түспей, жемқорлықты да тыйуға жол ашылады. Мемлекеттің қатысуымен құрылған банк жүйесі «Үкімет қазынасы» даму қорындағы алтын құрамы 500-600 тоннаға жеткен шағында, елдегі ең үлкен акционерлік банктер қатарына ілігіп дүниежүзілік ақша нарығына шыға алатын дәрежеге жетеді. Осы кезеңде «Үкімет қазынасы» даму қоры және жаңадан құрылатын банктер Ұлттық Қордың, Зейнетақы қорының ақша-қаражатына тәуелділігінен кете бастайды. Бұл кезеңде даму қорлары қаражатын өздері осы банк­терге беруге мүдделі болатыны да айқын мүмкіндік. 
Бір ескеретін мәселе, банктердің атауында тұрған ешқандай проблема жоқ. Егер олардың атауы бұрынғы банкрот болып жойылып кеткен банктерді еске салмайтын болсын десек, үкімет оларға өз қалауымен басқа аттар берсін, мысалы «Алатау банкі» немесе «Ұлытау банкі», т. б. Мәселе бұл банктердің атауында емес, өңірлік даму саясаты аясында жасайтын іс-қызметінде. Сондықтан бұл банктер тек өңірлерде ғана қызмет жасауын, табыс қумай, кәсіпкерлерге несиенің үстеме ақысын 3-5-7 % аспайтын деңгейде ұсынатын міндеттеме құқықтарын олардың құрылтай құжаттамалық жарғыларында жазылып, келешекте осы форматта бұлтартпай қызмет жасайтынын заңдастырып қойған жөн.
Мемлекеттің қатысуымен құрылған мұндай банктер барлық дамыған және дамушы елдерде – АҚШ, Германия, Франция, Австрия, Қытай, Ресей, Беларусь және т.б. елдерде жекеменшікті банктерімен қатар кредит несие нарығында үлкен үлеске ие. Мысалы, банк секторындағы мемлекеттік және мемлекеттің қатысуымен қызмет жасайтын банктердің үлесі Германияда 60 %, Қытайда – 80 %, Вьетнамда – 60%, құрайды. Германияда 11 мыңға жуық шағын мемлекеттік банктер 2-3 % аспайтын пайызбен тек жергілікті шағын бизнес­ке ғана несие беріп, қолдау көрсетеді, бұл елдердің ұдайы және жылдам дамуының құпиясының бірі – үкіметке бағынышты банктердің экономикаға керегінше кредит беруімен тығыз байланысты. Ал Қазақстанда несие нарығында мемлекеттік банктердің үлесі 15-16 %-дан аспайды, бұл өте төмен көрсеткіш, және үстеме ақысы – кредиттің құны өте жоғарғы, яғни тауар өндіруге, қызмет саласын дамытуға кәсіпкерлерді ынталандырмайды. 
Мемлекеттің қатысуымен құрылатын банктердің аталмыш салаларға кредиттің үстеме ақысын 3-5-7 % асырмай беру міндеттемелерінің болуына байланысты, бюджет тарапынан кредитті арзандатуға берілетін субсидияларды түгелімен жою қажет. Қазір кредитті субсидиялауға бюджеттен 1,2-1,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалады, бірақ мұның үлкен бөлігі кәсіпкердің мұқтажына жетпей, жемқорлардың пайдасына кетіп отыр. Бұл қаражаттарды басқа түрде, мысалы, отандық тамақ өнімдерінің бағасын түсіретін субсидияға пайдалансақ, осы саладағы кәсіпкерлер үшін әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. 
Қорытынды
Мен ұсынған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде «Үкімет Қазынасы» дербес қаржы қоры мен мемлекеттің қатысуымен құрылатын банктердің қызметінен салыс­тырмалы түрде қысқа мерзімде мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
1.«Үкімет қазынасы» қоры мен үкіметке бағынышты жаңадан құрылған банктердің активтері ұлғайған сайын ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселесі түбегейлі шешімін табатыны сөзсіз, осы бағыттарда экономикалық тиімділіктің артуы да айқын. Бұл ретте жеке меншікті банктер өзіндік ақша және несие саясатын қайта қарауға мәжбүр болады. Осылайша батыстық қаржы орталықтары мен жаһандық ықпал ету құралдарына тәуелсіз қаржы-несие жүйесінің жаңа архитектурасы құрылады. Үкімет әлемдік және ішкі несие нарығына бөгетсіз шыға алатын қуатты құралға ие болады. Ол мемлекеттік бюджетпен бірге еліміздің Президенті белгілеген ел экономикасындағы барлық стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізуге керекті жаңа және қарымды мүмкіндіктер туғызады.
2. Алтынмен қамтамасыз етілген қазынашылық облигациясын шығару Қазақстанның қор нарығының тарихында алғаш рет тартымдылығы жағынан кез келген дамыған елдің, оның ішінде АҚШ-тың, ЕО-ның бағалы қағаздарынан кем түспейтін отандық жоғары рейтингті бағалы қағазды, яғни жаңа аса өтімді инвестициялық құралды өмірге келтіреді. Ол кез келген отандық және шетелдік даму институттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарының қаражатын орналастыруға болатын сенімді инвестициялық құралға айналады.
 3.Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік банктер құрылған жағдайында облыс және аудан әкімдері, осы қуатты кредит институттарына сүйеніп, өңірлерді дамытудың және муниципалді меншікті құрудың нақты жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік алады. Яғни, өңірлерді дамыту жоспарлары жоғарыдан емес, төменнен жасақтала бастайды.
4.Өңірлік даму бағытындағы оңды өзгерістер азаматтық қоғам мен жергілікті мем­лекеттік органдарының күш-жі­герін біріктіруге және елдің барлық эко­номикалық қуатын өңірлерді, түрлі инфра­құрылымдарды дамытуға бағыттау үшін нақты мүмкіндіктерге жол ашады. Жергілікті халықтың өмір сүру сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік туады, бұл ішкі сұраныстың қажетті деңгейін, демографиялық өсуді қамтамасыз ете алады. 
5.Әлемде ғылымның, жасанды интеллекттің және өткізгіш ма­териалдардың өндірістері қарқынды дамып келе жатқан жағдайында, яғни ХХІ ғасырдағы кванттық экономиканың пайда болуына байланысты әрбір мемлекет өзінің экономикалық және саяси егемендігін сақтау үшін, ескірген стереотиптік байламдардан арылып, қолындағы бар мүмкіншіліктерді белсенді түрде жанталасып қолданып жатыр. Қазақстанда бұл процестің негізгі құрамдастарынан екі бөлігі бар, олар мұнай мен газды былай қойғанда, уран, алтын, платина және сирек металдар тобынан тұратын қазба байлығы, сондай-ақ жоғары сапалы адам капиталы. 
Дегенмен, әлемдік ғылыми прогресс пен жоғары технологиялық үрдістің соңында қалмау үшін керекті үшінші құрамдас бөлік – үлкен көлемдегі қаражат көзінің қажеттілігі. Қазіргі заманауи ғылым мен жоғары технологиялық салаларды, өткізгіш құралдар өндірісін дамытуға, орасан зор көлемдегі қаражат ресурстары қажет болады, ал аталған салаларсыз, біз өз егемендігімізді сақтауымыз екі талай. Шетелдік инвесторлар тарапынан мұндай ірі көлемді инвестициялар жинай аламайтынымыз баршамызға белгілі жағдай. Оған шетел инвесторлары мүлдем мүдделі емес, өйткені әрбір мемлекет келешектегі өзінің қауіпсіздігін нығайту үшін мұндай өндірістерді тек өз аумағында құруға, ал басқа елдерден тек керекті шикізат сатып алуға ғана ынталы. Қазақстанның даму бюджеті қазіргі күйінде мұндай жобаларды тек бүгін ғана емес, тіпті ұзақ мерзімді перспективада да көтере алмайды. Ал, «Үкімет қазынасы» даму қоры, егер оның ісін жоғары кәсіби және сауатты деңгейде ұйымдастырып жолға қойсақ, дәл қазір осындай жобаларды жүзеге асырудың, заманауи атом энергетикасының ірі нысандарын салуға қол жеткізетін, үкіметтің өз қолындағы қуатты құралға айналатындығы сөзсіз.
Астана қаласы

261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы