- Мақала
- 10 Желтоқсан, 2025
Абай әндері – сөзі мен әуені бөлінбейтін тұтас құбылыс
Еркін Шүкіман,
дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Он бір басылымды біріктірген «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты Алматы басылымдары жанынан белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы атындағы шығармашылық бірлестік құрылды. Бірлестік аясында «Қазақ газеттерінің» қонағы» деген атаумен дәріс-кездесулер өткізіліп тұрмақ. Алғашқы қонағымыз – дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман. Дәрісте «Абай шығармаларының толық жинағы» атты үш томдықты әзірлеуге атсалысқан әнші-зерттеуші Абай әндерінің нотаға түсу тарихы, осы заманға жетуі және түрлі нұсқалары туралы әңгімеледі. Дәріс әншінің өзі және шәкірттері – Нұрғабыл Құрманғазы, Әсем Әбдіғани, Алтынбек Тұрғанбаев орындаған Абай әндерімен өріліп отырды. Кездесуді Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы жүргізді.
Бағашар Тұрсынбайұлы:
– Құрметті Еркін аға, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Абай шығармаларының толық жинағын» құрастыру кезінде өзіңізбен бірге жұмыс істедік, оған қоса Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде монография әзірледіңіз. Осы зерттеулерде ұлы ақынның композиторлығы қазақ мәдениетінде жаңа мектептің басы болды деген едіңіз, жалпы Абайдың халық композиторларынан айырмашылығы және музыкадағы жаңашылдығы неде?
Еркін Шүкіман: Абайдың қазақ музыка өнеріндегі, әсіресе ән өнеріндегі орны айрықша екені баршаға мәлім. Ол жасынан-ақ халықтың бай мұрасын санасына тоқып, меңгеріп, ән-жыры мен күйінің табиғатын терең түсінген тұлға. Дегенмен, Абай дәстүрді біліп, жалғап қана қоймай, өзгеше өрнек, жаңа түр, сапа қалыптастырған. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов арнайы тоқталып өткен.
Абайдың жаңашылдығы, ең алдымен, өлең құрылымынан көрінеді. Ол қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған жаңа өлең формаларын тудырып, буындық-ырғақтық жүйеге тың серпін берсе, сол өлең формасының өзгеруі – оның әуеніне де жаңа сипат, бөлек бедер әкелді. Себебі Абай үшін сөз бен әуен бөлінбейтін тұтас құбылыс. Сол себепті өлең ырғағы мен мазмұны жаңа музыкалық шешімдерді талап етті. Сол арқылы Абай әндері дәстүрлі халықтық үлгіден өзгеше, күрделі, терең сезім мен интеллектуалдық ойды қатар өрбіткен жаңа бағытты қалыптастырды.
Сонымен бірге, Абай шығармашылығындағы аса маңызды жаңалық – әр әннің өзіне лайық арнайы жазылған жеке мәтіні болды. Бұрынғы дәстүрде бір мәтін бірнеше әнде қолданыла беретін. Ал Абайда әуен де, сөз де бір-біріне органикалық түрде телініп, біртұтас көркем жүйе құрады. Бұл қазақтың авторлық музыка мәдениетінің дамуындағы өте маңызды кезең болды.
Жалпы Абайдың ән мұрасы музыкалық-эстетикалық, ғылыми-теориялық жағынан Кеңес үкіметі кезінде, өткен ғасырдың 40-50 жылдарынан бастап зерттеле бастады. А. Жұбанов, Б.Ерзакович, В.Дернова, Ғ.Бисенова, Г.Шомбалова, М.Ахметова, В.Беляев, Ә.Байғаскина, С.Күзембаева сынды ғалымдар Абай музыкасын жан-жақты зерттеді.
Ғалымдар Абай ең алдымен халық мұрасымен сусындап, сосын шығыс әдебиетімен, одан кейін орыс әдебиетімен және сол арқылы Еуропа әдебиетімен танысты деген тұжырымды музыкалық мұрасына қатысты да айтады. Бұл қазақ даласына орыстың демократ ойшылдары келіп жатқан уақыт, Абайдың қаламен тығыз байланысы болды, ол орыстың қала романстарынан үлгі алған деп те айтады. Алайда бұл мәселе Кеңес заманында «Абай тек орыс музыкасынан ғана үлгі алған» деген өте біржақты сипат алып, бұл пікірге А.Жұбановтан бастап Ғ.Бисенова, С.Күзембаева, Қ.Жүзбасов, композитор Т.Базарбаев сынды ғалымдар мен музыка мамандары қарсы ойларын айтты. Қалай болғанда да, орыс музыкасының, сол кездегі қала романстарының Абайға ықпалы болған жоқ емес, болды. Міне, осы қырынан келгенде Абайдың әндері өзіне дейінгі және өз замандастары Біржан, Ақандардың әндерінен бөлектеніп тұрады. Тағы бір ерекшелігі, Абай әндерінде Біржан, Ақан, Шашубай, Әсеттердегідей «Пау, өттің жалған, кештім сайран» болып келетін дәстүрлі қайталаулардан немесе «әгәгай, ха-ла-лай» секілді алексикалық сөздерге құрылған тұрақты қайырма жоқ. Бұл да оның жаңашылдығы деуге болады. Абайдағы өлеңнің 3-4 тармақтары қайталану арқылы немесе «Ата-анаға көз қуаныш», «Сен мені не етесің», «Бойы бұлғаң» секілді екі бөлімді құрылымдағы өлеңдерінің екінші бөлігі қайырмалық қызмет атқарып отырады.
Алайда ақынның «Қарашада өмір тұр» дейтін әні алексикалық сөздерге құрылған қайырмамен жеткен. Мен өзім бұған әлі күнге дейін күмәнмен қараймын, оны жинақта да жазып өтуге тырыстық. Бұл Абайдың өз әні болмауы мүмкін деген де ой болды. Себебі, ән А.Бимбоэстің жазып алуында «Шәкәрім» деген де атпен жазылып алынған. Немесе алексикалық қайырма орындаушылар тарапынан қосылуы да ықтимал. Өйткені қайырма интонациясы ладтық жағынан бөлек болғанмен, Жаяу Мұса әндеріндегі қайырмалармен үндестік танытады. Бірақ Абайдың тікелей ұрпақтары – Әрхам Ысқақов пен Мәкен Мұхамеджановадан жеткендіктен, ескеру әрі жинаққа Абай әні деп енгізу міндет болды.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Абай әндері нотаға алғаш қашан түсе бастады?
Еркін Шүкіман: Ал енді Абай әндерінің жинақталуы мен тасқа басылуына келсек, қазақтың музыкалық этнографиясының 200 жылдық тарихының алғашқы жүз жылдығында Абайдың әндері жөнінде естеліктер мен әсерлі очерктер болмаса, әндерінің нотаға түскені жайлы дерек жоқ. Тек 1919-1920 жылдары ғана тегі голландтық журналист, зерттеуші Альвин Бимбоэс Көкшетаудағы Ақмола бекінісінде әскери қызметкер болып істей жүріп, қазақтың музыкалық шығармаларын жинаумен, өңдеумен айналысып, музыка мектебін ашып, бала оқытып, сонымен бірге қазақтың жүзге жуық әнін жинаған. Өкінішке қарай, сол жүз әннің 25-і ғана бізге жетті. 1926 жылы Орыс географиялық қоғамының Санкт-Петербургтен шыққан «Музыкальная этнография» деген мақалалар жинағында Бимбоэстің «Қырғыздың 25 әні» мақаласы жарияланады. Осы 25 әннің ішінде Абайдың «Сегіз аяғы» мен «Татьянаның хаты», «Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні енеді. Міне, Абайдың да, Шәкәрімнің де әндерінің алғаш хатталуы осы А.Бимбоэспен тікелей байланысты.
Осы тұстарда А. Затаевич те Абайдың бірнеше әнін хатқа түсіреді. Оның төртеуі «Қазақ халқының 1000 әні», біреуі «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына енген. Ал осы жинақтардың алғашқы қолжазбасы Мәскеудегі М.Глинка атындағы «Музыка мәдениеті» музейінде сақталған, қазір де сонда. Б.Ерзакович, Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде тұңғыш кандидаттық диссертация қорғаған Ғ.Бисенова, Абай музыкасымен жүйелі айналысқан В.Дернова зерттеуінде сол қолжазбалар ішінен Абайдың тағы да 12 әні табылып, олардың барлығы зерттеу еңбектері мен мақалаларда жарияланған. Бұдан кейін М.Әуезовтің ұйтқы болуымен 1935 жылы Л. Хамиди Ә.Ысқақовтан Абайдың 17-18 әнін жазып алады.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Жалпы Мұхтар Әуезовтің Абай әндерін жеткізудегі рөлі қандай?
Еркін Шүкіман: Өте жоғары. Ол кісі Әрхам Ысқақовтан жазып алғаннан бөлек, Алматыда да Абай әндерін жазып алуды ұйымдастырады. Соның ішінде Темірболат Арғынбаев, Жүсіпбек Елебеков, Әміре Қашаубаев, Қ. Лекеров және басқа әншілерден бірнеше әнін қағазға түсіртеді. Б.Ерзаковичтің С.Ақтаев аударған «Мұхтардың Абай әндерін нотаға түсіртуі» деген естелік мақаласында 30-жылдары Абай әндерін айтуға, яғни, концерттік репертуарға қосуға, радиодан берілуіне тыйым салынған екен. Осы мақаласында Ә.Қашаубаев қайтыс боларының алдында Е.Брусиловскийді арнайы шақыртып, «Біреуден біреу артылса», «Қор болды жаным» секілді әндерін жаздырғаны айтылады. Ал Абай әндерінің сол тұстағы негізгі орындаушысы Әлмағамбет болғаны белгілі, Әміре де Әлмағамбетпен «Ес-аймақта» танысып, Абай әндерін үйренгені анық.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Осы әндердің бірнеше нұсқасының пайда болу себептері қандай?
Еркін Шүкіман: Музыкатану ғылымында Изалий Земцовский деген ғалым бар. Ол: «Вариант (нұсқа) – бұл фольклордың ажырамас ерекше бөлігі. Оны фольклордың жаны мен тәні деп атауға болады. Себебі, нұсқалылықта фольклордың нағыз болмысы материалдық пішінде көрініс табады... Егер біз «вариант» (нұсқа) ұғымын зерделеуге тырысатын болсақ, онда белгілі бір тұрғыдан алғанда, «инвариант» (өзгермейтін, белгілі бір түпнұсқа немесе түпнұсқаға ең жақыны) ұғымын анықтау қажет», – дейді. Егер де белгілі бір әннің түпнұсқасын іздеу керек болса, сол варианттардың ішінен ең алдымен инвариант нұсқасын (түпнұсқаға жақын үлгісі) табу керек. Әрбір әннің нағыз тегін сол инвариант арқылы білуге болады дейді. Абай әндерін зерделеу кезінде түсінген және бір нәрсе – кез келген орындаушы өз өрнегін қосып орындайды. Нәтижесінде, әр әннің ғұмыры – оның орындалуында болса, нұсқасы – кімнің қалай орындауына байланысты пайда болады екен. Ал әр жаңа нұсқа алдыңғы нұсқаны жоққа шығаруы және өзі де жоққа айналуы мүмкін екен. Бұл тек екі шумақ, бір қайырмадан тұратын ән ғана емес, сан салалы жырларға да тән нәрсе. Оны көпшілік жақсы біледі.
Ал түр мен нұсқаның айырмашылығына келсек, менің ойымша, атауы мен мәтіні бір, бірақ әуендік интонация, ырғақ, құрылым жағынан бір-бірінен алшақ болып келетін ән «түрге» жатса, сол «түрдің» әртүрлі өрнек, бедермен айтылғандары «нұсқа» болып танылады. Сол секілді Абай әндері де түрге бөлінген. Әсіресе, бұл «Сегіз аяқ» әнінде көп кездесті. Мәселен, А.Бимбоэс түсірген «Сегіз аяқ» халық әні «Гүл-гүл жайнаға» өте ұқсас. Абайдың 175 жылдығы кезінде үлкен телевизиялық қойылымдарда осы түрімен айтылып та жатты. Мен бұған қарсымын. Осы түрінің бір нұсқасын Қ.Лекеров те жеткізген. Т.Арғынбаев айтуындағы «Сегіз аяқ» та мүлде басқа әуенмен жеткен. Бұлай болудың өзіндік сыры бар секілді. Абай сөзі сол кездегі қазақ үшін бұрын-соңды болмаған соны, тың, көркем, жаңалыққа толы дүние болғандықтан халық Абай сөзіне құмар болды. Ғалым Н.Смирнова еңбегінде Абай сөзін қосып сөйлеу үрдіске айналғанын айтады. Мысалы, үлкендер «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» секілді философиялық өлеңдерін сөздеріне тиянақ етсе, жастар жастық шаққа арналған лирикалық өлеңдерін қосып сөйлеуді дәстүрге айналдырған. Тіпті, ауқатты адамдар Абай өлеңін көшіртіп, кітап етіп, ұзатылған қызының жасауына қосқан. Абай сөзіне ғашық болудың арқасында ақын өлеңін жай ғана жаттап алмай, оны халықтық әуендерге салып айтқан, сол себепті ән түрлері көбейген. Сол түрлердің ішінен түрлі нұсқалары шыққан. Қызық болғанда, бір түрінің өзінің үш-төрт нұсқасы бар. Бүгінгі айтылып жүрген «Сегіз аяқтың» да бірнеше нұсқасы бар, соның ішінде Ж.Елебеков айтуындағы «Сегіз аяқ» негізгі үлгі болып ұсынылды.
Жалпы «Сегіз аяққа» келгенде даулы мәселелер де бар. 2019 жылы күйші Мұрат Әбуғазы «Сарыарқа әндері» жинағын құрастыру барысында Хабиба Елебекова апамыздан ән жазып алуға бардық. Сонда Хабиба апамыз «Сегіз аяқтың» біз мүлдем естімеген бір түрін айтты. Оны әнші Ерлан Төлеутай ағамыз Абай туралы төрт сериялы деректі фильміне пайдаланды. Тіпті, бір сұхбатында Абайдың «Сегіз аяғының» түпнұсқасы табылды деп жіберген. Алайда Хабиба апамыз «Біз бала күнімізде «Сегіз аяқты» осы әуенмен де айтқанбыз» деген еді. Ал «Сегіз аяқтың» бүгінгі әуені жөнінде: «Менің 8-9 жасар кезім еді. Әкем: «Шәкәрімнің жаңа әні шығыпты, көшіріп жазып алып, үйреніп кел» деп ағамды жұмсады. Сөйтіп бес-алты күннен кейін «Гаухардай көзі, бұлбұлдай сөзі» деп басталатын «Жастық туралы» деген әнді бүгінгі «Сегіз аяқтың» әуенімен үйреніп, айтып келді», – деді. Жоғарыда осы әнге қатысты мәселе деп отырғаным осы. Яғни, біраздан бері әнді Шәкәрімдікі деген сөз бар. Бұл Шәкәрімнің «Жастық» пен «Кәрілігі» Абайдың «Сегіз аяғынан» он жылдай бұрын жазылуында болып тұрған секілді. Архив деректері де Шәкәрімнің өлеңі 21 жасында жазылған дейді, бір қолжазбаларда 25 жасында жазылған деп көрсетілген. Ал Абайдың «Сегіз аяғының» жазылған мезгілі жинақтарда 1889 жыл болып көрсетіліп келеді. Бірақ абайтанушы Асан Омаров, Бауыржан Ердембеков өз еңбектерінде Шәкәрімнің екі өлеңі Абайдың «Сегіз аяғынан» кейін жазылғандығын дәлелдеп жазды. Бұл ғалымдардың жазғанындай болса, менің ойымша, «Сегіз аяқтың» жазылған жылы он жылға кейін көрсетіліп жүрген секілді.
Ал Хабиба апамыздың жеткізуіндегі «Сегіз аяққа» қайтып оралсақ, Абай елінде Жүсіпбек Елебековтің шәкірті, Абай әндерінің, Шәкір әндерінің білгірі, әнші Амангелді Жекенов ағамыздан сұрағанымызда, «Шыңғыстауда «Сегіз аяқтың» бұл түрі бұрын-соңды естілген емес, қазір де айтылмайды. Егер де айтылған болса, ең болмаса бір жұқанасы осы елде қалуы керек еді ғой. Мен Қабышты көрдім, Шәкір Әбеновпен жақын араластым, жақын дос болдым, бірақ олар бұл түрін ешқашан айтқан емес» деді. Шәкәрім әндерін насихаттаушы Келденбай Өлмесеков те «Шәкәрімнің екі әні де Абайдың «Сегіз аяғының» поэзиялық құрылымымен бірдей болғандықтан, Абайдың әуенімен айтылады» дейтін.
Абайдың музыкалық мұрасы алғаш 1945 жылғы академиялық жинаққа қосылып, 16 ән енген. Ал жеке жинақ ретінде Б.Ерзаковичтің құрастыруымен «Абайдың музыкалық творчествосы» деген атпен тұңғыш 1954 жылы, екінші рет 1986 жылы «Айттым сәлем, қалам қас» деген атпен жарық көреді. Алғашқы жинаққа 36 ән, екншісіне жинаққа 65 ән, 3 күй енді. Әр жинақ сайын әндер көбейіп отырғанын байқауға болады. Оның себебі, ақын сөзімен айтылған халық әндері де Абай әні боп еніп кеткен. Тіпті, Абай сөзіне жазылған Қазақстан композиторларының әндері ақын әндері болып қосылып кеткен. Ғ.Бисенованың 1966 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясы негізінде 1995 жылы «Песенное творчество Абая» деген монографиясы жарық көріп, онда да ақынның көптеген әндерінің бірнеше түр-нұсқасы берілген. Алайда мұнда да жоқтау сарындары немесе Абай сөзімен айтылған халық әуендері ақын әндерінің қатарынан орын алған. Мәселен, «Әбдірахман қайтыс болғанда әйелі Мағышқа жазып берген жоқтау» өлеңі жоқтау сарынымен Абайдың әні болып ұсынылған. «Қарға мен бүркіт» бүгінгі күнге дейін «Сегіз аяқтың» екінші түрі деп айтылатын әуенмен берілген. Жалпы алдыңғы жинақтарда Абай әндеріне қатысты мұндай ауыс-түйіс көп болған.
Осы түр-нұсқалардың барлығын тұтас қарастыра отырып, ақын әндерін біріздендіру, тұрақтандыру керек болды. Сондықтан мына үш томдық академиялық жинақтағы музыкалық мұрасына қатысты еңбектің бір мақсаты да осы – Абай әндерінің музыкалық текстологиясына үңілу, ақын әндерін біртекті ету, тұрақтандыру.
Біз жоғарыда әр жинақ сайын әндердің көбейіп отырғанын сөз еттік қой. Ал менің алғаш ақынның музыкалық мұрасымен айналысқан кезім 175 жылдығы аясында дайындалған академиялық жинаққа қатысуымнан басталды. А. Бимбоэс нотаға түсірген 1919-1920 жылдардан бастап 2020 жылдар арасындағы Абай музыкасына қатысты барлық еңбек, фонотека қорлары, архив материалдары, жинақтар тұтас қарастырылып, әндердің барлық түр-нұсқаларын жинақтағанда 150-ге жетті. Ол кезде пандемия уақыты болатын, өздеріңіз білесіздер. Кейіннен осы еңбекті толықтырып, жеке жинақ етіп шығарғанда әндердің түр-нұсқалары 170-ке жуықтады. Бұлардың барлығы мәтіндік және әуендік жағынан салыстырылып, кең түсінік берілді. Енді осының бәрін Абайдың әні дей береміз бе? Өйтуге болмайды ғой. Қал-қадерімізше, осылардың ішінен жоғарыда айтылған критерийлерге сәйкес инвариант үлгісін алып ұсындық. Оңай жұмыс болған жоқ.
Жалпы Абай әндерін көбейтуге құмар болудың қажеті жоқ. Мұхтар Әуезов «Абайды көбейтеміз деп көбік қылып алмайық» дейді ғой. Мен де осы көзқарасты ұстанамын.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Бұл жөнінде Тәкен Әлімқұлов бірде орыс кемпірден әуені «Айттым сәлем, қалам қасқа» келетін ән естідім деп жазатыны бар ғой.
Еркін Шүкіман: Иә, ол Мәскеуде болған оқиға. «Мәскеуде оқып жүрген кезде «Айттым сәлем, қаламқасты» ыңылдап айтып жүрсем, пәтер қожайыны орыс кемпір «Бұл біздің орыстың халық әні «Карие глазки», сен оны қайдан білесің?» деді» деп қайран қалғанын жазады Тәкен ағамыз. Бір қызығы, екі әннің әуені тоқсан пайыз ұқсайды. Тәкен ағамыз осы «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Орыстың халық әнінің саздысының көбі осы Еділге байланысты туғанын еске алсақ, «Карие глазкидің» тым әріден келе жатқанына күмән қалмайды» дейтіні бар. Бұл жерде үлкен ойды тұспалдап тұрғанын байқауға болатын сияқты. Еділ бойы дегенде біздің есімізге Алтынорда дәуірінің еске түсетіні белгілі. Көрші немесе күшті мәдениеттің үстемдік құратыны табиғи заңдылық десек, Тәкен ағамыз «Карие глазкидің» ар жағында қыпшақтардың (половец) әуені жатыр дегенді меңзеп тұрған сияқты.
Жалпы Абай музыкасы әлі толық зерттелген жоқ. Өкінішке қарай, Кеңес өкіметі кезіндегі «Абай өзінің музыкасының негізін тұтас орыс әуендерінен алған, соған сүйенген» деген пікір, көзқарас әлі де бар. Одан үлгі алғанын жоққа шығаруға болмас. Бірақ бүгінгі күні Абай музыкасын ұлттық таным тұрғысынан қайта қарастыруымыз керек. Ол үшін біз қыпшақ әуендерін және кешегі Алтын Орда дәуіріндегі дүниелерді зерттеуіміз керек. Мысалы, Бородиннің «Князь Игорь» операсында қыпшақтардың сахнасы үшін шығыс әуендерін іздеп, осы мақсатпен сол тұстардағы башқұрт, қырғыз, венгр, қыпшақ әндерінің жинақтарын қарағаны жөнінде Б. Ерзакович жазды. Бұл 1800 жылдардың аяғы. Болашақта бұл ұқсастықтарды осы аяда қарастырған дұрысырақ қой деп ойлаймын.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Абай қай кезден бастап ән жазған? Алғашқы әні қайсы?
Еркін Шүкіман: Әндердің дүниеге келуі туралы әркім әрқилы айтады. Жалпы Көкбай өз естелігінде «Абай өмір бойы ән жазуды серік еткен жоқ. Бір қыстың ішінде ғана бірнеше ән жазды» дейді. Шамамен 1889-90 жылдарды келтіреді. Ал Мұхтар Әуезов 1886-97 жылдардың арасы деп көрсетеді. Кейінгі кезде Абайтануда бірқатар зерттеу жасап жүрген Асан Омаров ағамыз: «Бұл Біржан сал келіп кеткеннен кейінгі1888-1890 жылдар. Абай ән шығаруды бір-екі жыл ғана серік еткен. Болыстықтан босап, тыным тапқан кездері болды ғой, сол кездерде өлеңдері мен әндерін жазды» деп пайымдайды.
Әсілі, Көкбайдың айтқаны дұрыс, өйткені ол Абайды өте жақсы білген, өмірден өткенше қасында болған адам. Ал енді алғашқы ән дегенге келсек, қайсы әні бұрын шыққанын біз біле қоймаймыз. Өйткені 1909 жылы бірінші жинағы шықты, одан кейін 1922 жылы Ілияс Жансүгіров Ташкеннен шығарды. 1933 жылы Әуезов атсалысқан жинақ бар. Сол кезден бермен қарай Абай өлеңдері жазылған жылына байланысты хронологиялық тізбекпен беріліп келеді. Бұл жинақтарда да әндерді өлеңдердің шыққан жылына қарай беріп отырдық. Кейде өлең бұрын жазылып, ән кейін шығуы да мүмкін. Мысалы, Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған, Табылмай басында өзіне лайық ән» деп келетін өлеңінің әні 40 жылдан кейін барып туған. Бірінші шумағы да сол ән туғаннан кейін барып қосылған. Мұндай да болуы мүмкін.
Бұл жағынан нақты дәлел-дәйегіміз жоқ. Осы хронологияны негізге алғанда, ең алдыңғы әндер қатарында «Желсіз түнде жарық ай» деп бердік. Онан кейін «Біреуден біреу артылса», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным» деп кете береді.
Абай туралы естеліктерде «Ол өлең жазған кезде ыңылдап ән салып отыратын» дейді. Бәлкім Абайдың өлеңдері әнімен бірге туды ма екен деп те ойлаймын. Әсіресе, «Желсіз түнде жарық ай» осылай туған тәрізді. Әуені кез келген қазақ қосылып айтып кете беретін қарапайым болғанмен, музыкалық тілі күрделі және де Абайдың композиторлық тұлғасын бірден бөлектеп, айшықтап тұрады.
Абай әндерінің бөлектігі оның үлгі алған ортасына, өлеңдерінің құрылымына байланысты дедік. Дегенмен Абай жаратылысынан феномен болып туған адам ғой, ең бірінші ерекшелігі сол шығар. Айтушы мен тыңдаушының мәдениетін қалыптастырған, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, анықтамасын жазып кеткен адам. Ең алдымен ол өлеңге, әнге, оның мазмұнына терең мән берген. Бұл үрдісті кейін Шәкәрім жалғастырды.
Жалпы Абайдың ауызша «Сегіз аяқ», «Ата-анаға көз қуаныш», «Айттым сәлем, қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» секілді санаулы әндері ғана кең таралды. Кейіннен «Сен мені нетесің...», «Сұрғылт тұман, дым бүркіп» әндері қосылды. Соңғы екеуі күйші-зерттеуші М. Әбуғазының «Сарыарқа әндері» антологиясын құрастыру кезінде танылды. Антологияға Шәкәрім әндерін Н.Алдажаровтың айтуында түсіріліп, осы орындауда Абайдың осы екі әні де жинаққа енген еді. Осыдан бастап, жиі орындала бастады. Бір қызығы, бүгін Абайдың 24 әні бар десек, осы әннің барлығы алдыңғы жинақтарға енген болатын. Бірақ дәстүрлі орындаушылар тарапынан «осы жинақта не бар, қарайық, біз білмейтін әндері болса орындайық» деген қызығушылық болмаған секілді.
Осы тұста Абай әндерінің ішінде кең тараған «Татьянаның хаты» жөнінде айта кетсек. Жалпы Абайдың Онегин циклына жататын «Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы», «Онегиннің хаты», «Онегиннің жауабы» деген өлең-әндері бар. «Татьянаның жауабы» деп отырғанымыз «Тәңірі қосқан жар едің сен...», ал «Татьянаның хаты» «Амал жоқ, қайттым білдірмей» деп басталады. Бұлардың сөзі басқа болғанмен, әуенінде ортақтық бар. «Тәтіштің әні» болып тараған бұл әндер Тобықты еліне ғана емес, Орта жүзден шығып, Сыр бойы мен Орынборға дейін жеткендігі туралы зерттеу еңбектерде жазылады.
Орыстың тарихшы-этнограф, саяхатшы ғалымы Александр Седельников 1903 жылы шығарған кітабының Әлихан Бөкейхановпен бірігіп жазған Шығыс Қазақстанға қатысты бөлігінде «Қазақтың жаңаша бағыттағы ақындарының ішінде Кномбайды (Абай) атап айту керек. Оның Лермонтов, Пушкиннен аударған өлеңдері бар және «Онегин» романындағы Татьянаның әнін әуенімен тыңдауға болады» деп жазады. Ал осы Татьяна әндерінің қайсысы «хаты», қайсысы «жауабы» екенін орындаушылар тарапынан ажыратып жатқан ешкім болмаған. Сол сияқты «Онегиннің хаты» мен «Онегиннің жауабы» да бүгінге дейін айтылмай келеді.
Аға буын әншілер ішінен осы әндерді алғаш орындаған тек Тұрсынғазы Рахимов болды. Ол ақынның 150 жылдығы кезінде композитор Теміржан Базарбаевтың жүргізуімен өткен хабарда алғаш Семей телеарнасы арқылы көпшілікке тарады. Өкінішке қарай, бұл екі бөлімді хабардың біреуі ғана сақталып қалды.
Айналып келгенде Абайдың 24 әні бар дейтін болсақ, соның сегіз-тоғызы ғана осы күнге дейін айтылып келеді. Қалған он бесі Т.Рахимовтан кейін де айтылмай келді. Енді-енді ғана сең қозғалып, жастар арасында айтыла бастады. Бұған себеп болған да осы жинақ шығар деп ойлаймын.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Сіз өзіңіз осы Абай әндерін зерттеуге қалай келдіңіз?
Еркін Шүкіман: Мен өзім бала күнімнен музыкаға жақын болғанмен, домбыра тартып, гитара ойнағанмен, ән айтқан емеспін. Мектепті тауысқан соң ғана ептеп ән айтуға бет бұра бастадық. Кейіннен Семейге оқуға түскен соң бірден өнерге қарай бұрылдық. Бағыма орай, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов, Амангелді Жікенов, Санақ Әбеуов, Толғанбай Сембаев секілді Жүсіпбек Елебековтің шәкірттерінің ең көбі Семейде тұрды. Әрқайсысы ән өнеріндегі биік тұлғалар. Мен солардың жанында домбырасын көтеріп, баласы секілді еріп жүрдім. Кейін Шәкәрім университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірдім, Алматыға келдім. 1990 жылдары студент кезімде Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдарынан» бастап қазақ әніне қатысты еңбектерді оқып, іздендік. Одан бөлек сал-серілерге, қазақ әндеріне қатысты ауызекі әңгімелерге қанықтық. Оқи жүріп, тыңдай жүріп ән өнерінде әлі де көп нәрсенің зерделенбей жатқынын түсіндік. Сол кезде іштей орындаушылықпен қатар ағартушылықпен де айналысу керектігін ұққандай болдық. Кітапханаларды жағаладық дегендей... Қазақ ән өнеріне қатысты материалдарды жинақтадық. Жалпы жазып-сызумен айналысуды сол кезде мақсат етсек керек. Ақырындап жинақ құрастыру, оларға түсініктер жазу секілді істермен басталды.
Бұл істі Абайдан бастайын демесем де, оған қатысты дүниелерді көп жинаппын. 2019 жылдың аяғында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов ағамыз: «Абайдың 175 жылдығына орай академиялық жинағын әзірлеп жатырмыз. Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде жазылған дүние аз, 1940 жылғы жинақтарда ғана әндердің нотасы берілген. Бір-екі жинағы шыққанмен, ешқандай түсінік берілмеген. Осыны кеңінен жазу керек» деді. Мен музыкатанушы иә ғалым емеспін деп қашқақтағанмен, Кенжехан ағамыз осы жұмысқа алып келді. Қазір ағамызға рахметтен басқа айтарым жоқ. Дегенмен мен өзімді ешқандай зерттеуші, ғалыммын деп есептемеймін. Меніңше кез келген орындаушы, әнші болсын, күйші болсын, өзінің мамандығына қатысты деректерді жиып-теріп, жазып-сыза білуі керек. Атқарған жұмыстарымыз осы оймен жасалып жатқан шаруа ғой.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Абайдың сирек айтылып жүрген әндерінің құрылымына кәсіби баға берілген бе, қай әндері ерекше? Музыкадағы абайтану қалай дамып жатыр?
Еркін Шүкіман: Жалпы қазіргі музыкадағы абайтануда бір ғана кәсіби зерттеуші – Әлия Сабырова деген апамыз бар еді, жуырда өмірден өтті. Бұл кісі Шәкәрім ақталғаннан кейін 1991-1992 жылдары «Абай және Шәкәрім: музыка философиясы және ән стилі» деген тақырыпта тұңғыш кандидаттық диссертация жазып, монография шығарды. Өкінішке қарай, бізде музыкатану деген ғылымның тілі орысша шыққан, әлі орысша сөйлеп келеді, ол кісінің еңбектері де орысша. Музыкадағы абайтану деген кезде ақылдасатын, сүйенетін адамымыз сол Әлия апай еді. Алғаш Кенжехан аға осы жобаға шақырғанда Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде осы кісі жазу керек деген оймен барғанымда, халықаралық екі жобамен жұмыс жасап жатқанын айтып, бұл жобаға қатыса алмайтынын түсіндірді. Тағы бірер музыкатанушы да абайтанушы емес екендіктерін айтып, бас тартты. Маған бұйырып тұрған дүние ме, кім білсін, ақыры өзім кірісуге тура келді. Бұл істе маған Ә.Сабырова, А.Бердібаева, Т.Қоңыратбаев секілді ғалым аға-апаларымыз бағыт беріп, көмек көрсетті. Ақын әндеріне қатысты деректерді жинауда А.Жекенов, Т.Жұртбай, т.б. ағаларымыз қол ұшын созды. Көптеген материалдар Семейдің Абай атындағы кітапханасы, Семейдегі Абай қорық-мұражайынан алынды. Жоғарыда айтқанымыздай, ақынның музыкалық мұрасы 180 жылдығы аясында жарық көрген академиялық жинаққа толықтырылып енді. Болашақта тағы да қарастырылып, Абайдың музыкалық текстологиясы жеке монографиялық еңбекке айналатын шығар деп ойлаймын. Оны уақыт көрсетеді.
Қазір, Шәкәрімнің де музыкалық мұрасына қатысты дәл осындай еңбек дайын болды. Одан бөлек, Затаевичтің бұрын-соңды шықпаған үшінші жинағын әзірлеп жатырмын. Міне, осындай жазу-сызу жұмыстары ептеп өзімді машықтандырып келе жатқан сияқты. Әйтпесе, анау айтқандай, жазушы, зерттеуші, ғалым емеспіз ғой.
Бағашар Тұрсынбайұлы: Еркін аға, сізге бүкіл ұжымымыздың атынан алғыс айтамыз. Алтын уақытыңызды қиып, шәкірттеріңізді ертіп келгеніңізге рахмет. Шығармашылық табысыңыз мол болсын!
Дайындаған Дина Имамбай
261 рет
көрсетілді0
пікір