- Мақала
- 10 Желтоқсан, 2025
Шетелдегі қазақ ғалымдарының әлеуеті – ел игілігі
Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде ҚР Сыртқы істер министрлігі және «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен «Отандас ғалымдар форумы» өтті. Ауқымды жиынға әлемнің 12 елінен қырықтан аса отандас ғалым және Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары білім беру ұйымдарынан жүзге жуық сарапшы қатысты. Бұл – «Отандастар қоры» жүзеге асырған төртінші халықаралық бастама. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары өткен Отандастар форумы және 2024 жылғы Кәсіпкерлер форумы шетелдегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс орнатуға серпін берген болатын. Биылғы форумның ерекшелігі – шетелде ғылым, технология және инновация салаларында еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдарды алғаш рет кең ауқымда бір алаңға тоғыстыру.
Форум шетелдегі отандас ғалымдардың білімін, тәжірибесін және инновациялық әлеуетін Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуына жұмылдыруды көздейді. Сондай-ақ интеллектуалды диаспорамен тұрақты байланыс орнату; ғылыми және технологиялық серіктестіктер құру; жас ғалымдарды халықаралық ғылыми экожүйеге қосу; ғылым мен өндіріс арасындағы интеграцияны күшейту; Қазақстанды ғылым мен инновацияға ашық халықаралық хаб ретінде таныту міндеттері қойылды.
Форумның ресми ашылу салтанатында Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров, Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров, Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар сөз сөйледі.
А.Смадияров: «Ғылым – елдің экономикалық өсімінің және инновациялық дамуының басты тірегі. Мемлекет басшысы шетелдегі отандас ғалымдардың тәжірибесін елге тартудың маңызын атап өткен болатын. Министрлік бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді», – деп атап өтті.
«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Д.Қадыровтың айтуынша, Қазақстан білім экономикасына қадам басқан қазіргі кезеңде шетелдегі жаратылыстану және инженерия салаларында жетістікке жеткен қазақ ғалымдарының әлеуеті – елдің стратегиялық капиталы. Форум – осы әлеуетті ел игілігіне бағыттаудың нақты қадамы.
Форумға алаң ұсынған Назарбаев Университетінің президенті А.Вакар: «Әлемнің түкпір-түкпіріндегі отандас ғалымдардың білімі мен тәжірибесі – Қазақстанның ғылыми өрлеуіндегі шешуші ресурс. Университет есігі сіздерге әрқашан ашық: ғылыми серіктестік, бірлескен зерттеулер, академиялық мобильділік бағыттары бойынша ынтымақтастыққа әзірміз», – деп түйіндеді.
Форум аясында жуырда жарық көрген «Ұлы дала» кітап сериясының таныстырылымы өтті. Жоба әлемдік қазақ және түркі елдері авторларын насихаттап, қазақ мәдениеті мен әдебиетін халықаралық деңгейде ілгерілетуді мақсат етеді.
Пленарлық сессияларда АҚШ, Ресей, Германия, Франция, Финляндия, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен келген ғалымдар өз зерттеулерін таныстырды. Қатысушылардың баяндамалары жасанды интеллект пен кванттық технологиялар, ядролық энергетика, медицинадағы озық технологиялар, жасыл энергетика, дәстүрлі жайылым шаруашылығы мен агроинновациялар, биометрия және когнитивті ғылымдар, фотоқартаюға қарсы биотехнология, әлеуметтік және психикалық денсаулық, ауыл шаруашылығындағы IoT шешімдері, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған халықаралық білім беру экожүйесінің дамуы секілді маңызды ғылыми бағыттарды қамтыды.
Форум барысында Қазақстанда оқып жатқан қандас студенттер арасындағы «OQ Startup» және «Үздік қандас студент» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Бұл бастама жас таланттардың әлеуетін қолдауға және олардың Қазақстанмен ғылыми байланысын нығайтуға бағытталған.
Белгілі ғалым әрі ғылымды насихаттаушы Қуаныш Ерғалиев Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен дүниеге келген «Жүз ғалым» жобасын, сондай-ақ әлемдік қазақ ғалымдарын біріктіретін Qazaq International Science and Technology Association (QIST) ұйымын ресми түрде таныстырды. Бұл жоба Қазақстанның талдамалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық ғылыми коллаборацияны институционалдық деңгейде дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.
Форум соңында «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров басты ұсыныстар мен талқылауларды түйіндеп, форум материалдары бойынша жинақ шығатынын хабарлады.
Ғылыми іс-шара Қазақстанның интеллектуалды диаспорасымен жүйелі әрі ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап берді.
Назым Саймасайқызы
Тұрсынжан ТОҚАЙ,
Қазақстанға келіп, еңбек етіп жатқан ғалым, форум қатысушысы:
Ғалым ғылыми саясатқа ықпал ете алады
Бүгін мен сіздерге тек ғалым ретінде емес, өз еліне жанашыр қазақ азаматы ретінде сөйлегім келеді. Қазақстандағы ғылым мен технологияның болашағы – сіздерге, бізге, барлығымыздың бірлесіп атқаратын еңбегімізге байланысты. 2014 жылы Назарбаев Университетіне алғаш келгенде қазір сіздердің көкейлеріңізде тұруы мүмкін «Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ғылыммен айналысуға бола ма?», «Шетелдегі сияқты ресурстар, ынтымақтастықтар және зияткерлік орта табыла ма?» деген сұрақтар менің де ойымда болған еді. Осында 12 жыл жұмыс істеп жүріп түйген жауабым – нық әрі сенімді «иә».
NU-де мен неврологиялық ауру модельдері, трансляциялық нейроғылым және нейрологиялық ауруларға арналған нанотехнологиялық терапия бағыттарында бірқатар қызықты жобаларды жүргізіп келемін.
Бүгінгі Қазақстан 10 жыл бұрын болмаған мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Мемлекет ғылыми гранттарды, стартап қаржыландыруын, халықаралық қарым-қатынас бағдарламаларын үнемі қолдап келеді. Биомедициналық индустриялар, технологиялық инкубаторлар және зерттеу ауруханалары дамуда. Бұлардың бәріне білікті ғалымдар мен көреген жетекшілер қажет. Сол себепті Қазақстанның дамуына сіз нақты және тікелей әсер ете аласыз. Шетелдегі үлкен жүйелерде сіздің үлесіңіз мыңдаған адамның ішіндегі бір жұмыс болуы мүмкін. Қазақстанда болса – сіз бір саланы қалыптастырып, жаңа буынға шабыт беріп, ұлттық ғылыми саясатқа ықпал ете аласыз. Ертең қазақ ғылымының тарихында, елге оралғандардың есімі олардың шешімінің маңызымен құнды болып, алтын әріппен жазылады деген сенімдемін.
Фото: көренкі / ашық дереккөз
245 рет
көрсетілді0
пікір