• Мақала
  • 10 Желтоқсан, 2025

Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтары қандай?

2025 жылдың 5-ші қараша күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Қаулысы жарияланды. 
Елдің ішкі саясатын реттейтін мұндай мемлекеттік құжаттың маңызы зор екені сөзсіз. Өйткені, ішкі саясаттың мазмұнына, оның қоғамдық өмірге тигізер әсеріне көп дүние байланысты. 
Бағдарламалық құжатта ай­тылғандай: «Ішкі саясат – елді тұрақты дамыту үшін мемлекеттік институттарды жұмылдыруға және нығайтуға арналған мемлекеттік саясаттың аса маңызды саласы. Қазақ­станның жан-жақты жаңғыруына байланысты ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бір жүйеге келтіретін жеке тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі туындады».  

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде көптеген саяси реформалар қолға алынғаны белгілі. Оның бірі – конституциялық реформа. «2022 жылғы конституциялық реформа еліміздің жаңа тарихындағы маңызды оқиғаның бірі болды. Бұл реформа мемлекеттің негізгі институттары арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы барынша әділ саяси жүйе құруға септігін тигізді» делінген құжатта. 
Әділдік, әділеттілік, ашықтық прин­циптеріне негізделген реформалардың нәтижесі қоғамдағы шынайы да сапалы өзгерістердің жүзеге асырылуымен ерекшеленеді. Солардың қатарында адал әрі еркін бәсекелестікті қалыптастыру, ресурстарды әділ бөлу ұстанымына негізделген жаңа экономикалық саясатқа көшу, ұлттық экономиканы дамыту, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау, халықаралық беделін күшейту мәселелері күн тәртібінде тұр. 
Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдай, экономикалық, климаттық, демографиялық, көші-қон факторлары да мемлекеттердің саяси-әлеуметтік даму барысына айтарлықтай ықпалын тигізіп келе жатқаны сөзсіз. Жаңа технологиялардың өзі біздің санамызға, дүниетанымымызға тікелей әсер етіп, адам мен қоғам болмысы жаңару үстінде. Мұндай жаңарулар құндылықтардың, адами-азаматық қағидалар мен ұстанымдардың алмасуына да ықпалын тигізуде. Бұл орайда «Ғылым, білім және мәдениет озық ойлы ұлт болуға ықпал ететін басты үш тірек ретінде жария­ланды». Аталған үш құндылықтың ішкі саясаттың маңызды бөлігі ретінде көрініс тауып отырғаны өте маңызды. Себебі ғылым, білім және мәдениет арқылы ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. 
Құжатқа сәйкес, мемлекет алдында ішкі саясат саласына қатысты мынадай екі деңгейлі міндет белгіленіп отыр. Біріншісі – еліміздің ішкі және сыртқы ахуалға тиімді бейімделуін қамтамасыз ету. Екіншісі – мемлекеттік институттар мен қоғамның жасампаздық бағыттағы өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын айқындау.
Ішкі саясаттың мақсаты – мем­лекеттілігімізді және ел бірлігін нығайту, елді тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету болса, басты идеясы – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру екені жазылған. Ал оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттары қалыптастырылды делінген. 
Бұл қағидаттар еліміздің заңдары мен мемлекеттік бағдарламаларында көрініс тауып, қоғамдық-саяси өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, аталған қағидаттар аясында көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. 
Құжатта айтылғандай, «Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт және де барша азаматтың заң алдында тең болуы, заң бұзған адамның жазасыз қалмауы, жоғары құқықтық мәдениет қоғамдағы әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының түпкі мәні – азаматтардың талап-тілегіне әділ және уақтылы ден қою, мемлекет пен қоғам арасында тұрақты әрі жүйелі диалог орнату. Сонымен қатар мемлекеттік органдар басшыларының халықпен кездесуі, сарапшылардың пікірталас алаңының болуы, өкілді және консультативтік-кеңесші органдар арқылы жүзеге асырылуы, сонымен қатар, ашық үкімет порталы, «E-petition» онлайн-петициялар институты, азаматтар өтініш білдіретін «E-Otinish» порталы сияқты пәрменді цифрлық байланыс арналарының іске қосылуы саяси-әлеуметтік өмірдің жаңару кезеңіндегі сипатына айналды. Дегенмен, халық пен биліктің арасындағы алшақтық әлі де азая түсуі қажет. Атқарушы билік өкілдері халықпен бетпе-бет жүздесуден, шынайы сұхбат құрудан әлі де қашқақтайтыны байқалады. Есептік кездесулердің өзінде халықты толғандырған мәселелер шет қалып, жиынды жүргізіп отырған модераторлардың сұрақ қоюға мүмкіндік бермей, билік өкілдерін халықтан қорғаштап отыратыны қынжылтады. Президент пәрменімен жолға қойылып келе жатқан реформалардың толық мәнінде іске асуына кедергі жасайтын адамдар атқарушы билік өкілдерінің арасынан төбе көрсетіп жатса, қалай болғаны? Сондықтан Президенттің бастамасымен жасалып отырған мемлекеттік ауқымдағы реформалар мен олардың іске асуына ең алдымен облыс, қала, аудан, ауылдағы атқарушы билік өкілдерінің өздері мүдделі болуы тиіс емес пе? Халықтан алшақ болу, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ аспау – кешегі уақыттың еншісінде қалған дүние. Көзбояушылық та, жасандылық та сондай. Бірақ, осы ескі әдеттерден кейбір лауазым иелері, басшылар, әкімқаралар әлі де арыла алмай келе жатқандай әсер қалдырады.  
Бағдарламалық құжатта анық жа­зылғандай: «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді. Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог алаңдары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады. Азаматтардың ортақ ұстанымына негізделген әділ әрі тиімді шешімдер мемлекеттігіміздің демократиялық тұғырын нығайтуға және елімізді орнықты дамытуға ықпал етеді». 
Ал «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты биліктің осы институттарының өзара үйлесімді әрекет жасайтынын білдіретіні айтылған. Бұл орайда Президент институты – мемлекеттік басқару жүйесінің ең негізгі элементі және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы. Мемлекет басшысы реформалар жасау туралы бас­тама көтеретіні, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтыны атап көрсетілген. 
«Адал азамат» – азаматтардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының озық үлгісін қалыптастыруды және оны қоғамда орнықтыруды көздейтін қағидат ретінде белгіленген. «Таза Қазақстан» қағидаты барша азаматқа ортақ жасампаз ой-сана жүйесін қалыптастыратыны, тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс екені атап өтілген. 
Сонымен «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі; «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – өзара іс-қимыл құралы; «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – өзара түсіністік орнату жолы; «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» – басқару үлгісі; «Адал азамат» – ойлау пайымы; «Таза Қазақстан» – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы ретінде тұжырымдалып отыр. Яғни, бағдарламалық құжатта анық көрсетілгендей, бұл қағидаттардың барлығы Қазақстан қоғамына тән өмір салтының және ел болашағының бейнесі – Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құрайды.
«Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған және азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығы мүлткісіз қорғалатын мемлекет. Елдің дамуына елеулі үлес қосатын жауапты әрі еңбекқор азаматтар қоғамы. Бұл – тарихи тұғырына нық орнығып, алға ұмтылған озық ойлы қоғам. Жайлы өмір сүру, қызмет бабында өсу және бизнес жүргізу үшін баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет. Бұл экономикасы барлығы жағынан инновацияға, ауқымды цифрландыру үдерісіне негізделген және жасанды интеллект технологиясы жаппай енгізіліп жатқан, қарқынды дамитын ел. Бұл – азаматтардың әл-ауқаты мен тіршілігі сапасын арттыруға басты басымдық беретін мемлекет» екені тұжырымдалған. 
Құжаттың 3-ші тарауына сәйкес, ішкі саясаттың басым бағыттары ретінде: 
1) қоғамдық диалог;
2) этносаралық қатынас саласындағы саясат;
3) дін саласындағы саясат;
4) мәдени-гуманитарлық саясат;
5) отбасы саясаты;
6) жастар саясаты;
7) ақпарат саясаты, – деп айқындалған. 
Енді аталған басым бағыттардың мазмұнына қысқаша тоқталайық: 
Қоғамдық диалог
Ашық және тұрақты қоғамдық диалог орнату үшін: мемлекеттің азаматтық қоғамның барлық институтымен өзара байланыс орнату тетігін жетілдіру; азаматтық қоғам институттарын дамытуға қажетті құқықтық, экономикалық және басқа да жағдайларды жасау; шешім қабылдау ісіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының барынша араласуы; қоғамдық кеңестер мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметін жетілдіру; мемлекеттік органдар жұмысының айқын және ақпараттық тұрғыдан ашық болуын қамтамасыз ету; қоғамдық пікірге үнемі мониторинг жүргізу қажет.
Этносаралық қатынас саласындағы саясат
Этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін: бірлік пен ынтымақтастық құндылықтарын қоғамда дәріптеу; қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттықты нығайту; ұлтына, нәсіліне және басқа да белгілер бойынша кемсітудің барлық түріне түбегейлі қарсы тұру; Қазақстан халқы Ассамблеясын этносаралық келісім саласындағы негізгі институт ретінде дамыту; мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары этносаралық қатынастар саласында өзара тиімді іс-қимыл жасау; этносаралық қатынас саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау қажет.
Дін саласындағы саясат
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін: мемлекетті дамыту ісінде зайырлылық қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілету; конфессияаралық келісімді және дінаралық толеранттықты нығайту; дінді деструктивті мақсаттар үшін пайдалануға және діни наным-сенімді ұстануға біреуді мәжбүрлеуге жол бермеу; діни радикализм мен экстремизм насихатына қарсы тұру; дін саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау керек. 
Мәдени-гуманитарлық саясат
Мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін: қоғамда жасам­паздық пен жаңашылдық құндылықтарын, білімге құштарлықты ілгерілету, ғылымды дәріптеу; қоғамның құқықтық, қаржылық, саяси, цифрлық, ақпараттық және экологиялық сауатын арттыру; мемлекеттік тілді және оның халықты ұйыстырушы тіл ретіндегі әлеуетін дамыту; Қазақстандағы барлық этностың тілдерін дамытуға қолайлы жағдай жасау; мәдениетті, әдебиетті және өнерді дамыту, сондай-ақ креативті индустрия­ны қолдау; елдің тарихи-мәдени және деректер мұраларын сақтау; ономастика және тарихи-мәдени монументтік өнер саласындағы рәсімдерді жетілдіру; тіл саласын, тарих пен ономастика мәселелерін саясиландыруға жол бермеу қажет.
Отбасы саясаты
Отбасы саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін: отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын қолдау; жауапты ата-ана идеясын дәріптеу; тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; отбасы саясаты саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.
Жастар саясаты
Жастар саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін: жастардың зияткерлік және жеке әлеуетін дамыту, олардың қоғамдық және экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау; патриоттық тәрбие беру жүйесін дамыту, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды дәріптеу, жауапты азамат болу идеологиясын және Отан тағдырына жанашырлық сезімін күшейту; жастарды волонтерлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуға ынталандыру; жастар арасында жасампаздық құндылықтарын және өмірге деген құлшынысты дәріптеу; жастардың жағымсыз қылықтарға, соның ішінде нашақорлыққа, маскүнемдікке, ойын­­­құмарлыққа, озбырлық пен тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, ысырапшылдыққа қарсы тұруы; мемлекеттік жастар саясатын әзірлеу және жүзеге асыру үдерісіне жастар өкілдерін белсенді қатыстыру қажет.
Ақпараттық саясат
Ақпараттық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін: еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру; ағартушылық, ғылыми-танымдық және тәрбиелік мәні бар сапалы контентті дамыту; мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысын жетілдіру; журналистік этиканың жалпыға ортақ қағидаттарын дәріптеу, ақпарат кеңістігіндегі кез-келген заңсыз әрекеттің таралуына қарсы іс-қимыл жасау; деструктивті идеологияның және үгіт-насихаттың, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу; масс-медиа саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.
Құжаттың қорытынды бөлімінде Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары жалпыұлттық сипатқа ие және оларды барлық мемлекеттік органдар өз қызметінде ескеруге міндетті екені жазылған. Ұсынылған тәсілдер қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізгі бағдар болады. Құжаттың ережелерін іске асыру ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, әрбір азаматы біртұтас, жауапты және озық ойлы ұлттың өкілі саналатын Әділетті Қазақстанды құруға ықпал ететіні атап көрсетілген. Сонымен «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» бағдарламалық құжаттың қабылдануын еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі маңызды белес деп бағалауымызға болады. Бұл құжатта айтылған маңызды дүниелер ел игілігіне қызмет етіп, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, ішкі саясатының беріктігіне, адамдық, азаматтық құндылықтардың жоғары деңгейінде қалыптасуына ықпал етеді деген сеніміміз мол. 
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы