- Мақала
- 10 Желтоқсан, 2025
ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛДІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ НЕГІЗІ
1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің тәуелсіз ел атанып, егемендігін ресми жариялаған күні. Осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Әлемдік саясат аренасында Қазақстан деген дербес, толыққанды мемлекет санатқа қосылды. «1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәуелсіздік күні – мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке. Қазақ атты ұлт екі ғасырдан соң дербес ел ретінде керегесін бүтіндеп, іргесін қымтады, мемлекеттілікті жаңғыртты. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациядан кейін Тәуелсіздік туралы заңның қабылдануы елдіктің берік негізін қалап берді. Көп ұзамай әлемнің беделді елдері бастаған мемлекеттер легі Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындады, дипломатиялық қатынастар құру ісі басталды.
Қазақстан жеке мемлекет деп жарияланған кездегі ең үлкен қуаныш – халықтың қуанышы болды. Қарапайым қара орман қалың жұрт – әсіресе ақсақалды қариялар мен аға буын көзіне жас ала тұрып, асқан тебіреніспен қабылдаған бұл ұлы жаңалық өлгеніміздің тірілгені, өшкеніміздің жанғаны еді. Өйткені бір ғана ХХ ғасырдың басынан бергі қазақ халқының тарихы мен тағдырындағы ең ауыр да қасіретті оқиғалардан кейін Тәуелсіздікке қол жеткізуден, яғни халықтың өз тізгінін өзі ұстап, өз тағдырын өзі шеше алатын жағдайға жетуінен асқан қандай бақыт болуы мүмкін. Жұрттың көз алдында жаһандағы ұлы держава атанған КСРО-ның ыдырауы тарих тегершігін жаңаша айналдырды. Бодандық пен саяси бағыныштылық келмеске кетті, енді ешкімге тәуелді емеспіз, ел мен жер, экономика мен шаруашылық, тағысын-тағы түрлі шешімдерді ешкімге жалтақтамай өзіміз қабылдаймыз, болашағымызды өзіміз айқындаймыз деген міндет-мұраттың бәрін сыйғызып тұрған Тәуелсіздік ұғымы, осылайша, оның қадірін білуден басталды. Қазан төңкерісі, ұлт-азаттық қозғалыстар, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі ес жию жылдары, тың игеру, өз жерінде азшылыққа айналуы, өзімізге тән мәдениеттің, дәстүр-салттың, тілдің, діннің жойылуға шақ қалуы сынды сынақтар халқымыз үшін алапат соққы болса да төтеп беріп, осы күнге негізін сақтап аман-сау жеткен қазақ елі «тәуелсіздік тұғырлы болғай, азаттық ұзағынан сүйіндіргей» деген бір ғана тілектің үстінде еді.
Әсіресе 1992 жылдың наурыз айында еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануы, дүниежүзілік қауымдастыққа кірігуі ел өміріндегі үлкен оқиға болды. Бұл мемлекетіміз үшін жаңа уақыт өлшемінің белгісі еді. Сондықтан да халқымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезең ауыртпалығына мойымай, қалыптасқан жағдайды дұрыс түсіне білді, иығына түскен ауыр жүкті қаймықпай көтерді. Тәуелсіздік деген бір ғана сөз үшін нарыққа өтудің бүкіл қиындықтарын сабырға жеңгізіп, ел ертеңіне үміт артты. Баршамызға белгілі, ұзақ жылғы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығу, шаруашылықты жаңа бағытқа түсіру оңай болған жоқ. Бірде сүйінішті, бірде күйінішті өрістеген бұл процесс қайткенде де белгілі бір шешімдер мен нәтижелерге әкеліп, енді бірде қайшылықты жайттарға негіз болғаны да мәлім. Ең басты оқиғалар – мемлекеттік рәміздерді қабылдау, төл валютаны айналымға енгізу, көршілес мемлекеттермен шекара мәселесін түпкілікті шешу, әлем елдерімен экономикалық қарым-қатынас орнату сияқты бірінші кезектегі мәселелердің оң шешімін табуы Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі бекітіп, елдің де көңілін орнықтырған еді.
Осындай қызығы мен қиындығы мол уақытта Сарыарқаның төсінде ақшаңқан Астананың бой көтеруі, оған бүкіл жұрт болып атсалысуы Елорданың іргетасымен бірге елдің бірлігін бекемдеген ұлы оқиғаға айналды және бұл эпопея әлі жалғасып келеді. Жаңа астананың асқақ келбетін өз қолымен қалаған да сол қараорман халық, елінің ертеңіне сенген қалың жұрт. Байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендер тұрғындары Отан деген қасиетті ұғым аясында қоғамды алға сүйреп, әркім өз саласында ұлт мүддесін іске асыруға өз үлесін қосып жатты. Осылайша, ұзақ жылғы отаршылдық пен кеңестік үстемдік уақытында дағдарып қалған ұлттық дамудың сеңі қозғалған еді.
Иә, Тәуелсіздік бір күнде жарияланғанмен, оны нығайту үрдісі үздіксіз жүре береді, бір сәт тоқтамайды. Жаңа технологиялар бүкіл әлем мен адамзаттың даму бағытын түбегейлі өзгертіп жіберген қазіргі уақытта біздің еліміз де қамсыз қалмай, ғылым мен техника жетістіктерін кеңінен енгізуге және қолдануға бет алды. Бұған дейін көз көріп құлақ естімеген жаңа мамандықтар мен тың кәсіп түрлерін меңгеру де өзгемен терезең тең болуы үшін аса қажет. «Алға басып жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, керектеріміз әлі де көп. Көп болып осы керектің төңірегінде жұмылу, мемлекет ісін ілгерілету, оқу-білім, ғылым мен мәдениетті дамыту – барлығы бір-бірімен өзектес, сан-салалы міндеттер және ретімен қолға алынып, іске асырыла беретіні аян.
Бүгінде Қазақстан Республикасы – өзіндік ұстанымы мен саяси келбеті қалыптасқан мемлекет. Алдағы міндет – еліміздің егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктерін сақтай отырып, ХХІ ғасырда тұрақты даму қарқынын жалғастыру. Қазіргі әлемдегі аумалы-төкпелі геосаяси ахуал Тәуелсіздік деген құндылықтың маңызын жете түсінуге және қастерлей білуге үндейді. Жалпы халықаралық аренада елдің жағдайы орнықты болуы ішкі орнықтылыққа тікелей қатысты. Ол үшін қоғамды жік-жікке бөлетін теріс үрдістерге жол бермеу, ортақ түсіністік негізінде азаматтық қоғамның бір мүдде төңірегінде ұйысуы қажет. Бұл тұрғыдағы ең басты ұйытқы, әрине, ол – отаншылдық, патриотизм.
Осы ретте айта кетер басты жайт, Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұлы жетістігі, бірақ ол кездейсоқ басымызға қонған бақ емес, оның алғышарттары бұрыннан қаланған болатын. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтерілістерді айтпағанда, сол алғышарттың бірі әрі бірегейі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі екені сөзсіз. Қазақ жастары ұлттың өзін-өзі билеуін қаһармандықпен талап етіп, алаңға шыққан сол күндер жеті жылдан кейін Тәуелсіздікке жеткізген үлкен саяси оқиға еді. Кеңес одағы билігінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан жастардың наразылығы бостандыққа, еркіндікке ұмтылған қазақ халқының азаттық тарихына жаңа бет болып жазылды. Сондай-ақ бұл КСРО тарихында одақтас ұлттар арасында тұңғыш бас көтеру болатын. Кейіннен, тәуелсіздік алғаннан кейін 17 Желтоқсан – демократиялық жаңару күні деп жарияланды және халық бұл күнді Желтоқсан құрбандарын еске алу күні деп те біледі. Алайда соңғы жылдары осы атаулы күн жаңа жыл мерекесінің тасасында қалып, ұмытылып бара жатқаны байқалады. Осы орайда тарихтың қасіретті беттерін ескерусіз қалдырып, ұмытуға тырысудан гөрі, одан тағылым алудың өскелең ұрпаққа берері мол екенін естен шығармасақ екен деген ой келеді.
Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мұратының салтанат құруы. Келесі, 2026 жылы Тәуелсіздіктің 35 жылдығы атап өтіледі. Біз отыз бес жылға таяу уақыттан бері бейбіт елде өмір сүріп, көк аспанда желбіреген көк туымызды асқақтатып, егемен елде тіршілік кешіп, еңбек етіп келеміз. Тәуелсіздікті қастерлеу – оның баянды болуының кепілі, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан да тәуелсіздікке тәуба дей отырып, оның өміршең болуына баршамыз болып атсалысуды қаперде ұстасақ, Отан алдындағы парызымыздың бірі ретінде сезінсек, патриотизмнің шынайы үлгісі болар еді.
Желтоқсан – жылдың соңғы айы, он екі айды түгендеп есеп беретін, барды бағалап, алдағыны жоспарлайтын ай. Желтоқсан – қазақ тарихындағы екі бірдей қастерлі күндерден тұратын ерекше ай. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік егемендігімізді тәу етіп ұлықтап, азаттық алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым етеміз, ал 17-18 желтоқсанда қыршын кеткен желтоқсаншыларды еске аламыз. Бұл даталарды қатар дәріптеу «тар жол тайғақ кешулі» тарихымызды білу, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету үшін қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау, оның қадірін білу, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын сақтауға үлес қосу – әр азаматтың қастерлі борышы.
Дина Имамбай
Фотосуреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы / Қазақ газеттері
382 рет
көрсетілді0
пікір