• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Баукең үш генерал хақында

Даңқты қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы ресми түрде берілді. 
Баукеңнің ерен ерлігі, батырлығы туралы талай еңбектер жазылды. Бұған дейін ел арасында Баукеңнің ерен ерлігі, батырлығы «Халық Қаһарманы» деген сөзбен сипатталып жүрді. Алайда Баукеңе «Халық Қаһарманы» деген атақ рес­ми түрде, құжат жүзінде берілмеген екен. Бұл туралы Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова өз сұхбаттарында айтып келді. Осы олқылықтың орны түзетіліп, Президент Әулиеата өңіріне жасаған сапарында Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» деген атақ ресми түрде берілетінін айтып, көптен күткен қуанышты жариялады. Осы орайда біз Бауыржан Момышұлының өзімен майданда қызметтес болған атақты үш генерал туралы жазған ойларын жариялауды жөн көріп отырмыз. Мақаланы журналға ұсынған белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Мұхтар Қазыбек. 
Редакциядан.

Мұхтар ҚАЗЫБЕК, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, баспагер, публицист

Б.Момышұлының 1964 жылы Алматыдағы әскери госпитальда емделіп жатқанда жазған «Три генерала» деген естелік мақаласында өзі майдан даласында жақынырақ қарым-қатынаста болған генералдар: И.В.Панфилов (1893-1941), И.М.Чистяков (1900-1979), С.С.Чернюгов (1901-1960) туралы ойын бөліседі.
Үш генерал да Ұлы Отан соғысы кезінде 316-шы атқыштар дивизиясының командирі болған қолбасшылар.

Генерал ПАНФИЛОВ
Б.Момышұлы 316-шы атқыштар дивизиясын қысқа уақыт аралығында жасақтап, әскери құрама ретінде Мәскеу түбіндегі теңдесі жоқ шайқаста күші мен әскери техникасы әлденеше рет басым жаудың төрт-бес дивизиясына қарсы ұрыста дұшпанға тойтарыс беріп, ұрысты жаңаша ұйымдастыра білген И.В.Панфиловтың қолбасшылық қабілетіне, парасаттылығына өте жоғары баға береді. Дивизияның басшы құрамынан басқа адамдар, әскери даярлықтан өткен кадрлар емес еді, негізінен жұмысшы, колхозшы азаматтардан, бухгалтерлер мен мұғалімдерден, сауаты жоқ жігіттерден, халық комиссарынан тұрды. Құрама 36 ұлттың өкілдерінен жасақталды. Жауынгерлерді даярлауға бейбіт кезде көп уақыт беріледі. Соғыс жағдайында уақыттың тар болуына байланысты екі-ақ ай мерзім беріліп, қысқа уақыт аралығында жігіттер даярлықтан өткізіліп, бірден ұрысқа, майданға аттандырылды.
Баукең: «Тарихта бірде-бір генерал мұндай толық әскери даярлықтан өтпеген, жаңадан шақырылған әртүрлі құраммен соғысқа қатысқан емес. 316-шы атқыштар дивизиясы сияқты жауынгерлік құраманы ұйымдастыру – бұл үлкен іс. Взводты ұйымдастырудың өзі оңай емес, ал мұндай жоғары тактикалық мақсаты бар жауынгерлік құраманы ұрыс жүргізуге даярлау, әзірлеу кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа... И.В.Панфиловтың ең алғашқы сіңірген еңбегі оның ұйымдастырушылық қабілетінен көрінді», – деп жазды. Педагог командир ретінде түз халқынан құралған құраманы қысы суық, орманды, батпақты жер жағдайында ұрыс жүргізуге, соғыса білуге, психологиялық және табиғи факторларды игеруге, жеңуге үйрете білген генерал болды, мұндай іс бірде-бір генералдың қолынан келген емес деп тұжырымдайды Баукең.
Генерал И.В.Панфиловты Баукең біртуар әскери ойшылдардың бірі деп білді. Ол өжет те батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл қолбасшы болды. Әсіресе әскери ойлауда артықшылыққа, басымдыққа ие болумен қатар, так­тикалық жағынан дұшпаннан икемді болды. Панфиловтың ауыр шайқастарды жеңіспен сәтті аяқтауға ықпал еткен, көмектескен жаңашылдығы – Панфилов серіппесі болатын. И.В.Панфиловтың идеясын – серіппесін күші мен техникасы басым жаумен ұрыс барысында өте ұтымды қолданып, іске асырған комбат Б.Момышұлының өзі еді. 
Баукең генерал И.В.Панфилов тарихымызда қалады, оны кутузовшыларға, суворовшыларға жатқызу керек деп санады. Ол И.В.Панфиловты талантты қолбасшы емес, өзіне ұстаз санады. Кейін «Генерал Панфилов» деген кітап та жазды. Өзі диктовка жасап жаздырған А.Бектің «Волоколамск тас жолы» романында И.В.Панфиловтың азаматтық, қолбасшылық, жаңашылдық бейнесін барынша жарқын, жан-жақты етіп тұлғаландырып сомдап, әдеби ескерткіш жасады. Панфилов шын мәнінде Баукең жазғандай соғыс өнерінің кемеңгері еді.
И.В.Панфиловтың көзі тірі кезінде оның дивизиясы жаудың 30000 солдатының көзін жойып, 170 танкісін өртеген болатын, бұл дегеніңіз үш дивизиядай жауды жер жастандырды деген сөз...

Генерал ЧИСТЯКОВ

И.В.Чистяков дивизияның командирі болып 1942 жылдың 18 қаңтарында келді. Отан соғысы күрделі екі кезеңге бөлінеді. Оның бірінші кезеңі – 1941 жылдың маусым-қараша айлары. Бұл кезеңде дұшпан Мәскеу бағытына 50-ден астам дивизиясын, авиациясының 35 пайызын жұмылдырып, қыс түскенге дейін Мәскеуді басып аламыз деп жоспарлады. Гитлердің жоспарын Қызыл Армия әскерлері күйретті. Бұл шайқаста Панфилов дивизиясы ерекше ерлік, жаппай патриотизмнің үлгісін көрсетті, Мәскеуді аламыз деген вермахтың әскерінің жолын кесіп, бөгеп тастады, бұған дейін беті қайтпаған неміс армиясы алғаш рет майдан даласында тегеурінді соққы алып, жоспарын қайта қарауға мәжбүр болды.
Екінші кезең – 1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың сәуірінің аралығы. Бұл кезеңде қорғаныс ұрыс қамалдарын жүргізіп келген біздің әскерлеріміз қарсы шабуылға шығып, жауды батысқа қарай тықсыра қуды.
Сын сағатта, ел тағдыры қыл үстінде тұрған ауыр кезеңде 316-атқыштар дивизиясы дұшпанға ойсырата соққы беруде белсене атсалысты. Бірінші кезеңде дивизияны И.В.Панфилов басқарса, екінші кезеңде генерал И.М.Чистяков басқарды.
Б.Момышұлы И.М.Чистяковты Қиыр Шығыста Қызыл Армия қатарында қызмет етіп жүрген кезден білетін. Баукең Қызылтулы Дербес Қиыр Шығыс армиясына 1936 жылдың наурыз айында келді. Ол кезде Дербес Қиыр Шығыс Армиясының командармы даңқы жер жарған В.К.Блюхер болатын. Комбриг Дотоль деген кісі, Баукеңнің полк командирі полковник Коваленко болатын. Ол Баукеңді полктік батареяның взводының командирі етіп тағайындайды. Әскери дайындықтан соң, Баукең батареяға берілген жылқылардың ішінен жаратылысы, тұрқы бөлек, сүліктей жіңішке Ақбоз атты таңдап алып, манежде орғытып жаттығу жасауды машық етеді. Ол ат спортымен де, жаяу спортпен тыңғылықты шұғылданады. Бір күні өзі қызмет ететін 306-полктің командирі полковник Коваленко манежде атпен жаттығып жүрген Б.Момышұлын көріп, көңіліне ұнағандықтан полктің ат спорты командасының капитаны етіп тағайындайды.
Бірде полковник Баукеңді штабқа шақырып: 
– Дивизия бойынша өте жауапты жарыс өткізіледі, соған мықтап әзірленіңдер, байқауға командашының өзі қатыспақ, полкке баға сенің командаң арқылы берілетін болады, – деді.
Ұзамай жарыс басталатын күн де жетті. Жарыс ат спортының техникалық күрделі түрлері – «конкур-иппик» деп аталатын түрінен өтпек. Жарыста салт атты адам да, ат та маршруттағы түрлі кедергілер мен бөгеттерден мүдірмей өтуі тиіс. Бүкіл команда тегіс күрделі он үш кедергіден өтуі керек. Ең қиыны он үшінші кедергі – биіктігі үш метр жерден секіру, бұл адамға да атқа да оңай кедергі емес. Жарыста Баукеңнің командасындағы он бес адамның бесеуі он үшінші кедергіден де сәтті өтті, он үші он екі кедергіні алды. Сөйтіп, 306-полктің бүкіл командасы үздік аталып, алғыс жарияланады. Команда капитаны лейтенант Б.Момышұлына сыйлыққа сағат беріледі, Кеңес Одағының маршалы В.К.Блюхер Баукеңді құттықтап, сағатты өз қолымен тапсырды. Бұл оқиға дивизияға кең тарап, Ақбоз ат пен Баукеңнің аты ерекше атала бастайды.
Комбриг Дотоль кавалерист болатын, жарыстағы жетістікке ол да, полк командирі Коваленко да қатты қуанды, содан Баукеңе мүлде сеніп алады. Дотоль: «Командаңмен шауып бара жатып, ат үстінде тік тұрып честь бергендерің, өз атыңа тізерлетіп командарм алдында «сәлем» жасатқаның төтенше болды, бұл екі номер дағдылы ат ойындарына қосқан сенің өз жаңалығың», – деді. Баукеңді барлау взводының командирінен батарея командирі етіп жоғарылатты. (Ә.Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз», 2004, 177-б.).
Ұзамай Кеңес Одағының маршалы В.К.Блюхер 1938 жылы үлкен террордың құрбанына айналды, Комбриг Дотоль де, полковник Коваленко да қамауға алынды, 105-атқыштар дивизиясын майорлар басқаратын болды. Дивизияның командирі Дотольдің орнына И.М.Чистяков деген майор келді...
Ат спорты командалары аренаға қайта шығатын болып, жарыс рубкадан өтпек, оның мәнісі – шауып келе жатып ат үстінен жолға шаншылған шыбықтарды оңды-солды қылышпен қиып түсіру керек, шыбықтардың саны да он үш. Сол он үш шыбықтың онын шауып түсірген адам ғана озады.
Аренаның орта тұсына келгенде ұзын бойлы Дотольдің орнына Баукеңнің көзі бойы аласалау комдивке түсіп, бір түрлі болып кетті, шыбықты шабуға икемделіп, атының қос бүйірінен шпорды қадап кеп қалды. Комбригтің қайғысына күйініп шпорды қаттырақ басып жібергендіктен, ат құйрығын шошаң еткізгенде құйыршықтың дәл ұшын шыбықпен қоса орып жіберді, соған қарамастан қалған шыбықтарды да шауып түсіргенімен нәтиже есепке алынбады. Жарыста аттың құйрығын шауып түсіру ұятты жағдай еді.
Сол күндері Баукеңді дивизия штабына шақырды. Чистяков: 
– Атқа міне білетін кавалерист екенсіз, бұрын жарыстарда жақсы баға алыпсыз, аттың құйрығын шауып тастауыңыз кездейсоқ емес, шыныңызды айтыңызшы, сол сәтте бір нәрсені ойлап кеткен жоқсыз ба? – деп сұрады. 
Баукең:
– Командирлерім есіме түсіп кетіп еді, – деп жауап берді. – Оларды әділдігі, әскери өнердің қыр-сырына жетіктігі, зерделілігі үшін жақсы көрген едім... 
И.М.Чистяков: 
– Бұдан былай «тіліңізге ие болып, тісіңізбен құлыптап ұстаңыз», – деді түсін суытып... Әскери қайраткерлерге репрессия науқаны жүріп жатқан кез, байқаңыз деген ишарасы еді комдивтің.
Дивизия командирі И.М.Чистяков бірде полктегі офицерлер құрамымен танысуға келді. Офицерлерді шетінен турникке, не снарядқа, не брусқа шақырып, жаттығу жасауын тексерді. Кезек Бауыржан Момышұлына келгенде иегімен турникті нұсқап, күнше дөңгеле деп бұйырды. Турникке көтеріліп, бір рет күн болып дөңгелеуі керек, бұл ауыр жаттығу. Баукең турникте бір рет емес, шыр айналып, жерге ырғып түсті. 
Содан ұзамай И.М.Чистяков қайтадан дивизия штабына шақырып, 105-атқыштар дивизиясының 267-полкінің батальон штабының бастығы етіп тағайындайды. Баукең артиллерист өнерін игерген-ді, кавалерист те болды, енді жаяу әскер жүйесін білу үшін батальон штабының бастығы етіп жіберілді, бұл 1939 жыл болатын.
Приморье өлкесі, Уссурий облысында дивизия орналасқан еді. 
И.М.Чистяков:
– Штаб өнері үлкен өнер, әзірге саған көмегім мынау деп Бауыржанға Б.М.Шапошниковтың «Армияның миы» деген кітабын беріп, оқып кейін қайтарып бергін, – деді...
Комбриг Дотоль, полковник Коваленко ұсталып кеткеннен кейін, Чистяков дивизия командирі болып тағайындалған күндердің бірінде Б.Момышұлын штабқа шақыртады. Баукең:
– Аттың құйрығын шауып алғаным үшін шақырттыңыз ба? – деп сұраған еді сонда.
– Жоқ, – деді дивизия командирі, сенің жағдайың мүшкіл болатын, сенімен сөйлесіп кім екеніңді білмей жатып, қолыңнан жетектетіп қоя бергім келмеді. 
– Онда мен осы өмірім үшін сізге қарыздар екенмін, жолдас комдив, – деді Баукең (А.Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз», 2004, 235-б). Осы деректі арнайы келтіруді жөн көрдік. Баукеңнің репрессияға әлденеше рет кандидат болдым деп жазуының астарын осы эпизод ашып береді деп ойлаймыз. Баукеңнің басына төнген қауіптен И.М.Чистяков құтқарып жібергеніне көзіміз жете түседі. Ол Баукеңнің бойындағы шыншылдық қасиетін, ойланып-толғанып барып шешім шығаратын жас офицердің ерекше болмысын тани алған еді. 
И.М.Чистяков 1936 жылы тәжірибелі командир ретінде Қиыр Шығысқа 92-атқыштар дивизиясына жіберілген болатын, ол дивизия штабының оперативтік бөлім бастығы болып істеді, содан 105-дивизияға командир болып тағайындалады...
1941 жылдың 26 қараша­сында 16-армияның қолбасшысы Ро­ко­с­­­сов­скийдің қабылдауында бол­­ған Б.Момышұлы полк командирі бол­ып та­ғайын­далды. Рокоссовский сонда:
– Жолдас Момышұлы, Сізді Қызыл армияда полкке басшылық ететін жалғыз дара аға лейтенант деп айта алмаймын, ал менің Армиямда сіз жеке дарасыз, құттықтаймын! Сіз туралы И.В.Панфилов маған айтқан еді, табыс тілеймін, – деді. Сөйтіп аға лейтенант шеніндегі Баукең атқыштар полкінің командирі болып, полк тізгінін қолға алды. Өзінің орнына батальон командиріне ойланып, толғана келіп кіші лейтенант, білімі жоғары, соғыстың алдында «Социалды Қазақстанда» қызмет істеген М.Исламқұловты тағайындайды. Ол Баукеңнің сенімін ақтаған талай шайқастарда өзін көрсете алған, ерлікпен қаза болған батальон командирі болды.
Немістердің тобына қарсы шабуылға шығып, қиян-кескі соғыстармен кейін тықсыра бастаған қыстың аязды күндерінде дивизия командирі генерал И.М.Чистяков Б.Момышұлын өзіне шақырып алып:
– Сен басқаратын 1075-ші полк Соколово деревнясының Солтүстік батыс жағынан шығып, Трошкова деревнясын қалай болғанда да таңғы сағат 8-де дұшпаннан тартып алатын болсын, – деп міндет қойды. Ол міндет қоя отырып:
– Егер ертең таңғы сағат 8-де деревняны тартып алсаң, сені Суворов деп атаймын, – деді. Б.Момышұлы жер жағдайын, дұшпанның орналасуын барлаушылар арқылы анықтап, нақтылай келе міндетті орындау үшін Трошкова деревнясын тартып алу – мәселені шешпейтінін түсінді. Соколово деревнясы мен Трошкованың жанында шағын екі деревняға бұрылатын жол бар екені анықталды. Соколово деревнясына дұшпанның «Өлі бас» деген дивизиясының тұтас бір тобы шоғырланған еді. Б.Момышұлы барлық алты жолды және алты деревняны тартып алу қажет, алты жол да Бородино селосына барып тіреледі, қорғаныстың тіреуі – Бородино болғаны ғой. Баукеңнің командир творчестволық тұлға деуінің мәні осында еді, бұл өте күрделі творчестволық шешім болатын. Полктің бір жарым батальонын алты топқа бөліп, айқай-шусыз түнде барлық деревняға батыл шабуыл жасау жөнінде бұйрық берді. Түнгі шабуыл сәтті аяқталды, алғашында бұған сенімсіздік білдіргендер де болды, шабуыл ойдағыдай аяқталды. 800 немістің көзі жойылса, бізден 57 солдат мерт болыпты. Бұл оқиға 1942 жылдың 7 ақпанында болған еді.
Немістер ес жиып, қарсы шабуылға жаяу әскерін жұмылдырды. Окоптарда бекінген жауынгерлер, дұшпан әбден таянғанға дейін оқ атпай, тым жақын жіберіп алып, атакаға шығып, автоматтан оқ жаудыра бастады. Сөйтіп дұшпанның қарсы шабуылға шыққан жаяу әскері кері шегініп, тырақайлап қаша бастады. Бородино үшін болған ұрыста 1200 неміс жер жастанды, полктің 157 адамы ұрыс даласында көз жұмды.
Б.Момышұлы дивизия командирі И.М.Чистяковтың жауынгерлік міндетін осылай жеңіспен орындаған еді. Ол Баукеңнің ұрыс жүргізудегі айла тәсілі мен творчестволық шешімін жоғары бағалаған-ды. 
И.В.Чистяков 1941 жылдың тамыз айынан қараша айына дейін бас штаб академиясының жедел курсында оқып, сол 1941 жылы майданға келді. Батыс майданының 64-ші дербес теңіз атқыштар бригадасының командирі болып тағайындалды, Мәскеу түбіндегі дұшпанға қарсы шабуылға атсалысты. 316-шы панфиловшылар дивизиясы, 8-ші гвардиялық дивизия аталып, осы құрамаға командир болып келетіні осы кез. Дивизия жауынгерлері Чистяковты «екінші Панфилов» деп атап кетеді, оның қолбасшылық қабілеті мен жауынгерлерге деген жылы қарым-қатынасы, адамгершілігі, солдаттың ерлігін бағалай білуі, әділдігі мен турашылдығы үшін құрама жауынгерлері жақсы көрді, оны Панфиловтың нағыз ізбасарындай қабылдады. 
Ол 1942 жылдың сәуірі мен қыркүйек аралығында Калинин майданындағы 3-ші екпінді армияның 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі болды, содан қыркүйек айынан 1942 жылдың қазан айына дейін Дон майданының 1-ші гвардиялық армиясының командашысы болды. 1942 жылдың қазан айынан 1945 жылдың мамыры аралығында Оңтүстік батыс және Дон майдандарының 21-ші (1943 жылдан 6-шы гвардиялық армия) армиясының қолбасшысы болды. И.М.Чистяковтың қолбасшылық қабілеті мықты еді. Ол стратегиялық міндеттерді іс жүзіне асырып, жаудың ірі құрамаларын тас-талқан етіп, жою операцияларын басқарды.
Сталинград шайқасында 6-шы гвар­диялық армияның қолбасшысы ретінде ұрыс майданында шеберлігін көрсетті, дұшпанды жоюда шешуші үлес қосты.
6-шы гвардиялық армия­ның қолбасшысы И.М.Чистяков Беларусь стра­тегиялық шабуыл операциясын да тамаша етіп ұйымдастырды, себебі неміс­тердің әскері Прибалтика жеріне шоғырланып, мықтап бекінген болатын. 1944 жылдың жазында 6-шы армия жауынгерлері майдан шебін бұзып, 200 км қашықтықты ұрыспен басып өтті. Неміс басқыншыларымен күресте майданда командованияның жауынгерлік міндеттерін үлгілі орындағаны, сөйтіп қаһармандық пен ерлік көрсеткені үшін И.М.Чистяковке 1944 жылы 22 шілдеде Совет Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылы ол Қиыр Шығыста 25-ші армияның қолбасшысы ретінде Жапония­мен соғысқа қатысып, шығыс шекарада үнемі қауіп төндіріп тұрған Квантун армиясын талқандап, қарусыздандырып, тізе бүктіруге атсалысты...
Баукеңді 1945 жылы қаңтарда майдан командашысы И.Х.Баграмянның штабына шақыртты. 6-шы армияның командашысы И.М.Чистяков еді. Баукеңнің Москва түбіндегі ерлік істері мен батыл да табанды, тапқыр батальон командирі ретіндегі қызметін жақсы білетін И.М.Чистяков, полк командирі ретінде Б.Момышұлының неміс басқыншыларына қарсы шабуылды ұйымдастырып, дұшпаннан әдіс-айласы басым түсіп отыратынын көрсете білген ерекше ерлігін жоғары бағалайтын.
Майдан командашысы армия генералы И.Х.Баграмянның штабында Жоғарғы командование ставкасының мүшесі Совет Одағының маршалы А.М.Василевский, маршал Г.К.Жуков алдағы жүргізілетін жауапты операцияны талқылап жатқан екен. И.М.Чистяков майдан қолбасшысына Б.Момышұлын 9-гвардиялық дивизияның командирі қызметіне тағайындауға ұсыныс жасауға шақыртқан еді.
Қиыр Шығыстан соғыстың алдында ерекше Киев әскери округіне қызметке келген кезде Б.Момышұлы алғаш Баграмянның қабылдауында болған, осы округта Жуковты да бір рет көрген еді. И.М.Чистяков Б.Момышұлын Баграмянға таныстырып, 8-гвардиялық дивизиядағы менің ең батыл да өжет, табанды командирлерімнің бірі, дивизия командиріне лайық деп санаймын, деді.
Сөйтіп маршал Василевскийдің құптауымен Б.Момышұлы 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып 1945 жылдың 21 қаңтарында бекітілді. Чис­тяков Б.Момышұлының ерлік, батылдық, шешімталдық қасиеттерін бағалап қана қойған жоқ, оның ер мінезділігін де жақсы көрген, өзінің сенімді қолбасшыларының ішіндегі бірегейі деп те білді. Баукең генерал Панфиловты өзіне қалай ұстаз санаса, генерал полковник Чистяковты да солай бағалап, «Чистяков маған үш рет ұстаз болған кісі» деп құрметтеген.
Осы жерде бірнеше мемуарлық кітаптардың авторы И.М.Чистяковтың өзінің естелігінде 1073-ші атқыштар полкінің командирі Б.Момышұлын соғыстан бұрын білетінін, Қиыр Шығыста бірге қызмет еткенін айта келе, оның ұлтының қазақ, мінезі қатал, қайтпас сымбатты командир болатын. Ерлік істері үшін оны Панфилов өзгеше жақсы көргенін, Б.Момышұлы батальоны жау қоршауында қалып, ұрыс жүргізіп қоршауды жарып шығып, төрт жүзден астам фашистің көзін жойып, ентелеген жаудың жолын бөгеп тастады, сөйтіп полкіне келіп қосылды деп жазды. 
Б.Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын – өзіне зиян келсе де шындықты айтатынын білетінмін деп Баукеңе шынайы баға береді.
Жоғарыдағы естелігіндегі Баукең: И.В.Панфилов қайтыс болғаннан кейін И.М.Чистяков дивизияға екі айдай уақыт қолбасшылық етті. Генерал И.М.Чистяков қысқа мерзімде дивизияның жағдайын зерттеп, жақсы танып білді. Ол Панфиловтың жауынгерлік дәстүріне арқа сүйей отырып, оны дамыта алды, жауынгерлер де оны жақсы біліп қоймай көп жыл бойы естерінде сақтап қалды деп бағалады Баукең. Тактикалық соғыс кезінде бірнеше сағаттың ішінде-ақ адамның бойындағы батылдық, ақылдылық, адалдық, ептілік, шешімталдық сияқты қасиеттері алақанға салғандай көрінеді. И.М.Чистяков бір жылдан кейін өткен бір жиында Панфиловты жамандап, одан нашар мұра қалып отыр деген 31-ші гвардиялық полктің командирі полковник Уральскийге:
– Сіз Панфилов дивизиясы полкінің командирі болғаныңызды абырой деп біліңіз! – деп ескертіп тастады. Жауынгерлер генерал Чистяковты әділдігі мен турашылдығы үшін, солдаттардың бәріне бірдей қарайтын адамгершілігі үшін жақсы көрді.
И.М.Чистяков – Б.Момышұлымен жақсы қарым-қатынаста болған, батырдың қолбасшылық қызметіне үнемі қолдау білдіріп отырған аса талантты әскери һәм мемлекет қайраткері. Сондықтан Баукең үш рет ұстаз санаған генерал туралы деректер мен мәліметтерді келтіруді жөн санадық. 

Генерал ЧЕРНЮГОВ
Бауыржан Момышұлының генерал С.С.Чернюговпен ара қатынасы жақсы болмаған, себебі генерал Чернюгов Панфиловтың атақ-даңқына қызғанышпен қарады. Ол Панфиловтың жауынгерлік, қолбасшылық еңбегін, дивизияның ұлттық ерекшелігі мен дәстүрін елемей астамшылық көрсетті. Жауынгерлердің біз панфиловшылармыз деген сөзін ауыр қабылдап, ұнатпады. Үкіметтің қаулысымен дивизияға И.В.Панфиловтың аты берілгендіктен жауынгерлер өздерін біз панфиловшылармыз деп атап кетті. Сондықтан біз чернюговшылар деп атай алмаймыз деген Баукеңнің сөзін ауыр қабылдап, ішіне кек сақтап қалған ол бір аптадан кейін Б.Момышұлын шақырып, жаудың алдыңғы шебін барлап, мәлімет алып келгін деп бұйрық береді. Баукең алты жауынгерін алып, он шақырымдық зонаны шаңғымен кесіп өтіп, жаудың алдыңғы шебіне барлау жасап, түн ішінде сәтімен қайта оралады. Барлау мәліметін баяндаған кезде қатысып отырған атқыштар корпусының командирі М.Кутузов барлау мәліметін мақұлдап:
– Сіз полк командирін барлауға немістерге тұтқынға түссін деп жіберген екенсіз! – деп қатаң ескертті. – Сізде барлау батальоны бар емес пе? Тұтас дивизия қолыңызда тұр, әрқайсысын өз орнына пайдалана біліңіз! – деді Чернюговтың бұйрығын ұнатпай.
Генерал Чернюгов Баукеңнің соңынан кісі салып, жүрген-тұрғанын аңдытты, полк командирінің әрбір қимыл әрекетін бақылап жеткізіп, баяндап отыруды тыңшылардан талап етті. Полк командирінің әрекетін аңдып, бақылау үшін батальон командирі Лукьяненкоға, замполит Толстунов, уәкіл Вилковқа, дивизия партия ұйымының хатшысы Дюкановқа мәлімет жеткізіп тұр деп тапсырма берген. Тіпті Баукеңмен әңгімелесу үшін келген журналист Кривицкийдің де жанына тыңшы ретінде Момышұлының не туралы айтқанын баяндайсың деп екі офицерді қосып жібереді. Полк штабының бастығы, Кеңес Одағының Батыры И.Д.Курганскийді айтқанына көндірмек болып қысымға алып тапсырма бергенмен, ол командирімнің үстінен әрекеті туралы баяндауға құқым жоқ, деп бас тартады. Генерал С.С.Чернюгов 1944 жылы ақпанда ауыр жарақат алып, дивизияға басқа қолбасшы тағайындалады. Қызыл Армиядағы ұлт мәселесіне Баукең арнайы тоқталатыны бар, себебі жаңадан әскер қатарын толықтыруға келіп жатқан солдаттардың көбі ауылды жерден шақырылып жатқандықтан олар орыс тілін жақсы біле бермеді әрі оның үстіне қысқа уақытта дайындықтан өткізіліп, бірден ұрыс майданына жіберіліп жатты. С.С.Чернюгов дивизияның ұлттық құрамын елемей, ұлт өкілдеріне астамшылықпен қараған адамгершілігі төмен, мінезі дөрекі, балағатшыл, айқайшыл, барып тұрған шовинист генерал болды, сондықтан да оның бойындағы қолбасшыға жат қылықтар – Баукеңнің ұлтжандылық биік, асқақ рухына, гуманистік, адамгершілік принциптеріне қайшы келді. Қайсар мінезді Б.Момышұлы өзінен лауазымы, қызметі жоғары тұрған дивизия командирі С.С.Чернюговпен жиі-жиі келісе алмай ұстасып қалатын. Оның үстіне С.С.Чернюговтың ұрыс қимылдарын ұйымдастыру қабілеті де, интеллектуалдық деңгейі де дивизия командиріне лайықсыз деп санады. Өзінің ішкі сенімі мықты, творчестволық ойлау қабілеті күшті, алдағы болатын ұрыс жағдайын болжап көре білетін қасиет табиғатынан бойына қонған Б.Момышұлы өзінің соңынан кісі салып, қимыл әрекетін аңдытып қойған бастығы дивизия командирінің келеңсіз кещелік іс-әрекетіне, пендешілігіне, шектен шыққан дөрекілігіне, боқтампаздығына ызаланып, С.С.Чернюговты қолбасшы деп қарамай семсердей өткір сөзімен сілейте соғып, айылын тартқызады. «С.С.Чернюговтың ақылының тұрлаусыздығынан үш рет сәл болмағанда ажал апанына түсе жаздадым, осы жағдай «күдік» деген ұғымды тереңірек түсінуіме түрткі болды», деп тоқталады 1944 жылы Ғылым академиясында өткізген әңгіме-дәрісінде. Әңгіме С.С.Чернюговтың терең ойланбай қатерге ұрындыратын, қауіпті тапсырма беруіне байланысты болып отыр. Әңгіме-дәрісін өткізу барысында Б.Момышұлы соғыс басталғалы қатардағы жауынгерлер мен взвод, рота, батальон командирлерінің ұрыс алдында, ұрыс үстінде бойынан айқын көрінетін психологиялық құбылыстың себеп-салдарын жан-жақты зерттеп, елуге жуық психологиялық терминдер мен ұғымдарға жеке-жеке тоқталып, анықтама береді.
Өзі іріктеп талдайтын психологиялық терминдердің ішінде «күдік» терминіне тоқталуы жай емес еді. С.С.Чернюговтың тапсырмасының өзі күдік тудыратын, жан-жақты ойластырылмаған тапсырма болатын. «Күдік те қорқыныштың бір түрі, күдіктене бастаған командир өз міндетін қарамағындағыларға арта салып, бұйрық беруден қашқалақтайды» деп ой түйеді Баукең.
Жауынгерлердің арына, намысына тиіп, күнде қиқу, ақырумен ер жігіттерді жер еткен С.С.Чернюгов туралы 1943 жылы тамыз айының 4 күні Калинин облысы Пляшкова деревнясында «Қайран сегіз» деген толғауында арнайы тоқталып, оған жағымсыз баға беріп, Панфиловтың даңқын көре алмайтын, іші тар, қызғаншақ, қолынан іс келмейтін, балағатшыл, ақылы да, ары да таяз, жауынгерлердің қадірін, ердің қадірін бағалай білмейтін, салттан хабарсыз, сауатсыз, қара басын ғана ойлайтын дөң мінез, пасық пікір, әдепсіз өскен ит екен дейтін сипаттама береді. Талай жауынгерлердің соры болған, саясатсыз, «сауатсыз» дивизия командирінің нақұрыстығын Баукең жер-жебіріне жеткізіп, сай сүйегін сырқырататындай етіп қырғыз, қазақ, орыс жауынгерлерінің алдында 1943 жылы 19 июльде «жеті рет соғып найзамен, отырғыздым үндетпей» деп ызалана жыр жолдарымен толғайды. Себебі С.С.Чернюговтың шектен шыққан әдепсіздігі, Қызыл Армияның уставына қайшы келетін қолбасшыға лайықсыз әрекеттері, солдаттың қадірін, ердің қадірін білмейтін саяси сауатсыздығы, ақылының тұрлаусыздығы жаумен жан алысып, жан берісе шайқасып жүрген дивизия құрамындағы жауынгерлердің де, полк командирі Б.Момышұлының да әбден намысына тиіп, зығырданын қайнатқан еді.
Ұлы Отан соғысы кезінде С.С.Чернюгов сияқты, Баукең айтқан­дай, сауатсыз, ұрысты ұйымдастыру­да осалдық, парасатсыздық танытқан, жауап­кершіліктен қашқақтап, орынбасарына, қарауындағы командирлеріне ысыра салатын қолбасшылардың кесірінен қаншама әскер жау қоршауында қалып, қырылып ажал құшқанын ашық меңзейді.
Дұшпанмен шайқасып, үнемі айқын жеңісті қамтамасыз етіп отырған Б.Момышұлы дивизияның айқайшыл командирі генерал С.С.Чернюговтың надандық әрекеті мен нақұрыстығына қарсы айқасуға мәжбүр болып отырды.
С.С.Чернюгов Москва түбіндегі ең ауыр шайқастарда атағы жайылған Б.Момышұлының даңқын да, генерал Панфиловтың атақ-даңқын да қызғанды. Оның үстіне А.Бектің «Панфиловшылар алға шепте» («Волоколам тас жолы») повесінің бас қаһарманына айналған көзі тірі қазіргі полк командирінің абырой беделінің өзінен жоғары тұрғанына С.С.Чернюгов іштарлық жасап, көре алмаған. Сондықтан полк командирінен құтылу әрекеттерін жасағаны, Баукеңнің үстінен жоғары тұрған командованиеге арыз ұйымдастырып отырғанына күмән келтіруге болмас. Майдан даласындағы генералдың қызғанышы әскер үшін өте қауіпті құбылыс. Қызғаншақтық – күншілдіктен, есерсоқтық – ессіздіктен туады.
Б.Момышұлы өзінің майдандас, қанды көйлек жауынгерлері мен взвод, рота, батальон командирлерінің полк комиссарының, саяси жетекшілердің жаумен шайқаста көрсеткен ерліктері мен батырлық істерін лайықты бағалап, наградаларға ұсынып отырған. Ерлік ескерусіз, елеусіз қалмауға тиіс деп санаған. Ұрыста қаншама жауынгерлердің ерліктері комиссарлардың ыждағатсыздығынан дер кезінде бағаланбай қалғанына реніш білдірген.
Ал дивизия командирі С.С.Чернюгов болса, жауынгерлер түгілі даңқты полк командирі полковник Б.Момышұлының ұрыста басшылық жасап, тактикалық-стратегиялық міндеттерді мүлтіксіз орындауға қол жеткізіп отыратын ерекше қабілетін бағалаудың орнына, көре алмаушылық, күншілдік мінезін көрсетті. 
Б.Момышұлының қолбасшылық қабілетінің өзінен асып тұрғанын С.С.Чернюгов шын мәнінде көре алмады, содан да болар қайсар, айтқанынан қайтпайтын, бастығының ырқына иіле қоймайтын, сертіне семсердей берік полк командирінің беделін де қызғанды. Оның үстіне Б.Момышұлының тактикалық-стратегиялық міндеттерді творчестволық тұрғыдан ойластырып, «жүз ойланып, мың толғанып» барып сәтті шешетін қолбасшылық қабілеті С.С.Чернюговты жер қаптыратын. Дегенмен Б.Момышұлын қанша ұнатпаса да оның ұрыс майданындағы іс-қимылын С.С.Чернюгов амалсыз мойындауға мәжбүр болатын. Баукеңнің осы жерде Панфиловқа, полк комиссары Логвиненкоға, батальон командирі М.Исламқұловқа берген бағаларына тоқтала кетуді жөн көрдік.
Баукең 316-атқыштар дивизиясының командирі И.В.Панфилов туралы: парасатты генерал, ақылгөй генерал, нақты есеп жүргізе білетін генерал, сабырлы генерал, табанды генерал, қайсар генерал, мақсатты генерал болды деп, қолбасшылық, қазақ мәтелінде айтылатын «сегіз қырлы бір сырлы» – яғни сегіз қырын танып, нақты сипаттап көрсетсе, ал полк комиссары Логвиненкоға: «табиғат оның бойына жақсылық пен жамандықты, әділдік пен зұлымдықты, билік құмарлықты, менменділікті, ұлықтық пен мансапқорлықты, шыншылдық пен жалған өсекшілдікті, ашықтық пен екіжүзділікті де берген, тұжырымдап айтқанда бір басына жетерлік есерсоқтығы бар үлкен адам» еді деп мінездеме мен баға берсе, батальон командирі М.Исламқұлов қазасына қайғырып:
Келбетті, орта бойлы, өжет мінез,
Кең маңдайда ақылды жайнаған көз,
Әдепті һәм өнерлі салтанатты,
Сендей жігіт анадан туа бермес...
Өршіл өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем,
Хас батырдың бейнесін,
Сипатыңнан көруші ем.
Ақылға да кең едің,
Үлгі-өнеге көрсетер,
Ел серкесі болар деп
Ішімнен баға беруші ем.
Серігім едің сенімді,
Жауды бірге шабысқан.
Жүрекке суық, жанға жат,
Есіттім хабар алыстан.
Сыймай кеттің маңдайға
Қыршын, шейіт арыстан,
Қазаңа қатты қайғырып,
Жігер-бауырым құм болып.
Қабырғам менің қайысқан, – 
деп қабырғасы қайысып, жан жүрегі езіліп, қайғырып отырып берген мінездемесі мен бағасын оқыған адам тебіренбеуі мүмкін емес.
Ал С.С.Чернюгов туралы Б.Момышұлы Махамбетше жыр жолдарымен толғаған «Қайран сегіз» деген толғауында айқайшыл, өркөкірек, «сая­сатсыз, сауатсыз, арсыз» деп санаған генералдың кескін келбеті мен тұрпатын аяусыз сынға алып, әшкерелейді. Жыр жолдарынан үзінді келтірейік. (Толғау Баукеңнің 1944 жылы академияға қалдырған қолжазба папкасынан алынды)

Руза бойын жайлаған,
Жүз мыңға жақын жау қолын,
Бөгет болып көлденең,
Жібермей алға байлаған,
Өркөкірек дұшпанның,
Өршуін басқан біз едік.
Танкке қарсы таяқпен,
Арпалысып, күресіп,
Діңкелеткен біз едік.
Ынтымақты, табанды,
Құрыш тәртіп болатты,
Бұлжытпастан бұйрықты,
Жалтартпастан жарлықты,
Белуардан қан кешіп,
Намыс туын көтеріп,
Жалғыз да болса алтауға,
Шыдап берген біз едік.
Айуан келбет дұспанның
Отыз мыңын өлтіріп,
Жетпіс мыңын жаралап,
Қырық мыңын қашырып
Жүз танкісін бүлдіріп,
«Жеңілмес» намын күйдіріп,
Ойран сап бетін қайтарып,
Жау мұқатқан біз едік.
Гвардия атаққа еге боп
Ту алып үлкен советтен,
Атағымыз жер жарып,
Ел қуанып, жау қорыққан,
Ызғарлы жігіт солдаттар,
Майдан төрін шаңдатқан,
Ерлігіне таңғалтқан,
Қазақ, қырғыз ұлы едік.
Біз кім едік, біз едік
Панфиловтың кезінде.
II
Панфилов қаза тапқан соң,
Бастады бізді Чистяков. 
Панфиловтың жолымен,
Ақылға салып, іс істеп
Соғысқа енді жөнімен.
Жылы жерден келсек те,
Елемей боран, аязды,
«Ильмен» мекен «Холымның»,
Арасында айқасып,
Жүзімізден жай ойнап,
Ұран салған біз едік.
Белуардан қар кешіп,
Түкірік түспес аязда,
Жылы орнынан қозғалтып,
Ордасына ойран сап,
Дірілдетіп бездіріп,
Қыр соңынан қалмастан,
Дұшпанды қуған біз едік.
Көбін қолға түсіріп,
Аяқ-қолын үсіріп.
Он бес мыңын өлтіріп,
Жауды қырған біз едік.
Екі жүз отыз шақырым,
Жарықта болып соғысып,
Тоқайласып тоғысып,
Екі жүз қыстақ,
Қырық мың ел,
Миллиондай шаршы жер,
Тоғай, орман, көл, өзен.
Табанынан дұшпанның,
Босатқан ерлер біз едік.
Олжаны елге сауға етіп,
Атақ алған майданда
Қос орденді жалаулы.
Риза боп маршал мақтаған
Жыраулар мақтап жырлаған,
Панфиловшыл азамат,
Әскер көркі аталған,
Ер солдаттар біз едік.
Батпақ кешіп белуардан,
Тоқсан бір күн ашығып,
Паналап ағаш, орманды,
Жүз атака тойтарып,
Жаудың лебін қайтарып,
Қаншама қиын болса да
Ар-намысқа тырысып,
Аш күзендей құрысып,
Алты жаумен күресіп,
Жағаласып, тіресіп,
Табандылық көрсеткен,
Кобляки деген шалшықта
Бастығымыз Чистяков
Бірнеше қиын қиямет,
Басымыздан кешіріп,
Оттан тіккен қапшықтан,
Жеңіспен шыққан біз едік.
III
Біз кім едік, біз едік,
Панфиловтың кезінде?
Біз кім едік, біз едік,
Чистяковтың кезінде.
Кейіннен келді бастауға,
Чернюгов деген нақұрыс,
Бастау жөні осы деп,
Күнде қиқу, ақырыс.
Жігіт көңілін жер етіп,
Майда өсек сөз етті.
Бұрынғыны көре алмай,
Қолынан ісі келе алмай,
Балағаттап, ақыреттеп,
Айдын көлді шөл етті.
Ерлердің көбі шыдамай,
Сай-сүйегі сырқырап,
Ызаланып, қынжылып,
Басқа қолға көп кетті.
Әбден байқап қарасам,
Чернюгов деген Шернияз
Ақылы жоқ, ары жоқ,
Ел қадірін білмейтін
Ер қадірін сүймейтін,
Саясатсыз, сауатсыз,
Өз басын сипап сыйлаған,
Пасық пікір, дөң мінез,
Әдепсіз өскен ит екен.
IV
Әділдікке тәнт тұрып,
Өсекке көңіл бөлмеймін.
Қара ниет озбырлық,
Қиянат тисе арыма,
Кім алдыңда болса да,
Оған мен жол бермеймін.
Аштырмаймын ауызын,
Езіп жүрек, бауырын.
Он тоғызыншы июльде
Қырғыз, орыс алдында,
Жеті рет соғып найзамен,
Отырғыздым үндетпей,
Орынсыз айтқан сөзіне,
Өз басымды қорғаумен,
Талғар полкін қорғаймын
Ресімін сегіздің
Жігіт арын қорғаймын.
Кепкенше Шекең орнынан,
Сөзімнен мен танбаймын.
4.8.43 ж. Пляшкова деревнясы, Калинин облысы.
Соғыс аяқталғаннан кейін жиырма жылдай уақыт өтсе де Баукең сұрапыл майданда қандыкөйлек қолбасшыларының даңқты ерліктерін, асқақ тұлғаларын ұмытпай өскелең ұрпақ үшін өнеге болсын деп естелігінде әспеттеп сипаттаған болса, С.С.Чернюговқа қатысты баһадүр Баукеңнің ой толғанысы, көкірегін кернеген пікірі керісінше кереғар, контрасты сипатта өріледі, оның ұнамсыз келбетін жыр жолдарымен тасқа қашап түкіргендей етіп бедерлеген. Генерал Чернюгов Б.Момышұлы үшін жағымсыз, адамгершілігінен арсыздығы басым, ақылшылдығынан айқайшылдығы басым, ерлікті бағалай білмейтін, сауатсыз генерал болды. Майданда мұндай генералдар аз болмағанын С.С.Чернюгов мысалынан көруге болады. Әділдік пен ақиқатты ту еткен, Баукең ерте ме, кеш пе шындық пен жалғандықтың ара-жігі ашылмай қоймайды деп білді. Оның генерал С.С.Чернюговқа қатысты сыни ой толғамы ащы шындық, шынайы ой бөлісудің айқын көрінісі дерлік.
Жазушы Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңызды» жазу барысында Подольск архивінде болып, Баукеңе қатысты құжаттарды қарастырған. 
Ол кісі генерал С.С.Чернюговтың Б.Момышұлының үстінен сегіз айдың ішінде бес мінездеме түрінде жазылған шағымына кезігеді. Баукеңді отанға адал, саяси тұрғыдан берік, тәртіпті деп атап көрсете отырып, генерал ауыр кінәларды мойнына артып қояды. С.С.Чернюговтың бесінші шағымын 22-ші армияның командашысы Юшкевич пен Соғыс Советінің мүшесі қарап, дәлелсіз болғандықтан бекітпей тастапты...
Б.Момышұлымен майдан даласында жиі келіспей, жөн-жосықсыз қайшыласып қала беретін қызғаншақ генерал С.С.Чернюгов 1949-1951 жылдары Қазақ КСР-інде республикалық ДОСААФ-тың төрағасы болып істеді. Осы жылдары қаһарман Б.Момышұлының есімі оның алдынан аңыз адам болып қайта шықты, Қазақстанда оны нағыз хас батыр санап, зиялы қауым өкілдері жоғары бағалап, мақтан тұтатынына көзі әбден жеткен еді.

 

81 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы