• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Темірлік алаш қайраткері - Ғұмар Есенғұлов

Райымбек ЖҰБАНЫШ, тарихшы-өлкетанушы
    
Аңдатпа. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында жаңа серпіліс басталып, ұлттық интеллигенцияның жаңа толқыны пайда болды. Олардың көбі Ресейдің белгілі оқу орындарында білім алып, сол кездегі саяси жағдайлардан жан-жақты хабардар болып оралып жатты. Олардың қатарында болашақ дәрігер, Ақтөбе өңірінде Алаш Орданың белсенді қайраткері– Есенғұлов Ғұмарда бар еді. 1917 жылы мамырда Орал облыстық съезінің қаулысымен уақытша үкіметтің Темір уездік комиссары, Алаш партиясы атынан Учредительное собраниеге депутат болып сайланған. Кейін Ақтөбе өңірінде дәрігерлік қызмет атқарып, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі ретінде халық үшін еңбек етті.
Кілт сөздер: Орал реалды училищесі, әскери губернатор, Мәскеу университеті, Николаев университеті, Земстово қаржы қоры, Халық ағарту министрі, «Фикер» (Пікір) газеті, Земгор одағы, дәрігер-ординатор, Уездік атқару комитеті, Учредительное собрание, ОГПУ, Қылмыстық Кодекс.

Райымбек Жубаныш, историк-краевед

Аннотация. В начале XX века в казахском обществе начался новый подъем, и появилась новая волна национальной интеллигенции. Многие из них учились в известных российских университетах и вернулись с всесторонним пониманием политической ситуации того времени. Среди них был Есенгулов Гумар - будущий врач и активный участник движения «Алаш Орда» в Актюбинской области. В мае 1917 года по решению Уральского регионального съезда он был избран комиссаром Темирского округа временного правительства и депутатом Учредительного собрания от партии Алаш. Позже он работал врачом в Актюбинской области, оказывая помощь населению как один из первых казахских врачей.
Ключевые слова: Уральская реальная школа, военный губернатор, Московский университет, Николаевский университет, Земский финансовый фонд, министр народного образования, газета «Фикер» («Мнение»), Земгорский союз, врач-резидент, районный исполнительный комитет, учредительное собрание, ОГПУ, Уголовный кодекс.

Raiymbek Zhumanysh, local historian
Abstract. At the beginning of the 20th century, Kazakh society experienced a new upsurge, and a new wave of national intellectuals emerged. Many of them studied at renowned Russian universities and returned with a comprehensive understanding of the political situation of the time. Among them was Yesengulov Gumar, a future doctor and active participant in the Alash Orda movement in the Aktobe region. In May 1917, by decision of the Ural Regional Congress, he was elected commissar of the Temir District of the Provisional Government and a member of the Constituent Assembly representing the Alash Party. He later worked as a physician in the Aktobe region, providing care to the population as one of the first Kazakh doctors.
Key words: Ural real school, military governor, Moscow University, Nikolaev University, Zemstvo financial fund, minister of public education, newspaper "Fiker" ("Opinion"), Zemgorsk union, resident doctor, district executive committee, constituent assembly, OGPU, Criminal Code.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында оқыған қазақ жастарының саны күрт өсе бастады. Олардың көбі Ресейдің орталық қалаларына аттанып, әртүрлі мамандықтар бойынша білімін жалғастырды. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлова: «Отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына да бөлуге мәжбүр болған. Өйткені жыл өткен сайын басқару жүйесінде ұлттық кадрларға мұқтаждық артты. Осы мақсатта генерал-губернаторлықтар кеңсесі жанынан қазақ студенттеріне жылына шәкіртақы белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген қаржыға сүйеніп, қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Киев сияқты қалаларда түрлі мамандық бойынша білім алды. Оның ішінде Саратов университетінде 6 қазақ баласы оқыған» деген мәлімет келтіреді [1, 6-9 бб.]. Міне, тақырыпқа арқау болып отырған болашақ Алаш қайраткері, дәрігер – Ғұмар Есенғұлов та осы оқу орнында білім алды. 
Ғұмардың шыққан ортасы Орал облысы, Темір уезі болатын. Ол туралы Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі 1926 жыл 20 қыркүйек күні толтырылған құжатта: «Есенғұлов Ғұмар Қожахметұлы – қазақ, руы Назар-Қосым-Қарабас-Күшік-Жәлімбет. Ақтөбе губерниясы, Темір уезі, Ембі-Темір болысы, №3-ші ауыл (Аша). Ол ауылда 9 жасынан бастап тұрмайды. Бірақ сол жақта туыстары бар. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы, Киргизская көшесі, №12 үйде тұрады. Жасы – 39-да деген дерек сақталған [2, 34 б.]. Бұл дерекке сәйкес басты назар аударатын мәселе Ғұмардың дүниеге келген жылы болып отыр. Өйткені жоғарыдағы архив құжатында 1926 жылы 20 қыркүйекте 39 жаста деп көрсетілген. Олай болса туған жылы 1887 жыл болуы керек. Ал, өзі оқыған Орал әскери реалды училищесінің куәлігінде 1890 жыл 15 мамыр деп жазылған [3, 2 б.]. Келесі дерек Батыс Қазақстан энциклопедиясында 1886 жыл 15 мамыр екендігі жазылады [4, 34 б.]. Енді бір қызықты дерек 1930 жылы қайтыс болды деген Ғұмардың, шын мәнінде 1970 жылы 28 шілде күні туған жерінде дүниеден өткендігі. Жерленген жері Жем өзенінен 4-5 шақырым, Жәлімбет тамынан 7 шақырымдай жерде. Құлпытасында: «Назар. Шерін. Жалымбет аумағы. Есенғұл ұлы Омар. 1886 жылы туған. 1970 жылы 28 июльде опат болды. Тас қоюшы әйелі Қалила. Баласы Талғат» деген жазба сақталған. Осы деректерді салыстыра келе құлпытасында жазылғандай нақты 1886 жыл дегенге тоқталдық. Өйткені әскери реалды училищеге жасын кішірейтіп 1890 жыл деп беруі мүмкін. Сондықтан құлпытастағы жазу сенімді дерек деп есептейміз. 
Ғұмардың шыққан тегі Жем бойын жайлаған Назардың Шерін деп аталатын бөлімі. Ол туралы Ғұмарды 1960 жылдары 14-15 жасында жүзбе-жүз көрген Байқадамов Садыр ағамыз бірталай ауызша деректер жинаған. Ол кісінің де нағашы әжесі Ғайнижамал Назардың Шерін бөлімінен, Ғұмар ағасы болып келеді. Осы кездесу туралы ағамызбен жүздескенде: «Елге Омар келді дегенді естіп, әкем оны үйге ертіп әкеліп, мал сойып қонағасын берді. Әжем ағасымен дауыс шығарып көрісті. Үстінде ақ бешбет, ақ шалбар. Басында ақ кепкі. Бойшаң келген, бидай өңді еңселі кісі екен. Әкем Ғұмардың әңгімесін ұйып тыңдағаны есімде. Ол кезде мен олардың әңгімесіне қызығушылық білдірмедім» дейді. Өзімнің туған шешем, (апам) яғни Ғұмардың жиені Алмаш Сағидуллақызы: «Менің әкем Сағидолла осы нағашыларымның бай-шонжар болғанының кесірінен 1937 жылы ұсталып кетіп, содан оралмады. Сол себептен нағашыларыма деген балалық ренішім көпке дейін тарқамады. Бала кезімде үйге Ғұмар нағашым келгені есімде. Нағашым «кел» деп шақырғанда барған жоқпын» деп отыратынын да жеткізді. 
Садыр ағамыз Есенғұлов Ғұмар туралы көп ізденген. Оған бала кезінде көрген тұлғасы мен үлкендердің айтқан әңгімелері себепші болған секілді. Өйткені ағамыз Ғұмардың шежіресінде жазып алып, отбасылық өміріне дейін тәптіштеп деректер арқылы өрбітеді. Мысалы Алматыда тұратын Назардың-Шеріні Мұхамбеткерей (Керей 1927 жылы туылған) ақсақал: Есенқұлдан – Қожаxмет, Сейдаxмет, Төреаxмет деген үш ұл туады. Қожаxметтің бәйбішесінен Жамал, тоқалы Қамардан Мария, Сафура деген екі қыз, және Рахманберді деген ұл туады. Рахманберді жастай қайтыс болып кеткен. Сейдаxметтен бес бала: Сұлтан, Сыдық, Ғұмар, Құсайын, Мұxтар туады. Төреаxметтен Ақу, Төкен деген екі бала. Сейдаxмет баласы Омарды інісі Қожахметке кішкентайынан бауырына басуға береді. Қожаxмет ауқатты, ел ішінде беделі бар, екі мәрте болыстыққа сайланған адам болған. Мекені – Жем бойына қарасты Көкүй, Шеңгелши, Құмжарған, Жағабұлақ. 1913 жылы Романовтардың патшалық құрғанына 300 жыл толу тойына қатысқан. Мынаны: «әкеме Петірборға барғанда ақ патша сыйға тартты деп отырушы еді әжем келіншек болып түскендегі жасауы – столовый сервисті нұсқап» дейді Садыр ағамыз. 
Міне, көріп отырғанымыздай деректер Ғұмардың шыққан ортасын өзі туған мекендегі ықпалды әрі ауқатты отбасы болғандығын меңзейді. Жасынан білім алып оқуға құштар жас Ғұмар 1903-1909 жж. Орал реалды училищесінде білім алған. Ол туралы училищені тәмамдағанда берілген куәлігінде: «1903 жылы қаңтар айында түсіп 1909 жылы 6 маусымға дейін білім алғандығын және жақсы нәтижемен аяқтап 30 желтоқсанда куәлік берілгендігі» көрсетілген [3, 2 б.]. 
Оралдағы реалды училищені жақсы нәтижеге аяқтаған соң Орал облысының қазақтары Бисенов Бақтығали мен Есенғұлов Ғұмар Мәскеу университетіне оқуға түсуге өтініш берген секілді. Өйткені Орал облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Н.В.Дубасовтың 1910 жылы 29 қыркүйекте қолы қойылған жарлықта: «Есенғұлов пен Бисеновтің құжаттары қазіргі уақытта Мәскеу университетінде жатыр. Бірақ менің тарапымнан оларды Николаев университетіне жіберу қарастырылған. Осы екі студенттің медициналық бөлімде оқуына Орал облысы, Земство қаржы қоры жылына 350 сом шәкіртақы тағайындады. Оған қосымша Халық ағарту министрі Жолдас Улбянов осы жылдың 15 қыркүйегіндегі №25388 хатында Орал облысының қазақтары Бисенов Бақтығали мен Есенғұлов Ғұмарды 15 тамызда Николаев университетіне оқуға түсуге рұқсат берілгендігі жөнінде хабарлады. Ол үшін оқуға түскен жылы өздерімен бірге латын тілін меңгергендігі жөнінде куәліктерін көрсету қажет» депті. Ал, келесі бетте Есенғұлов Ғұмардың латын тілін меңгергендігі жөнінде куәлігі көрсетілген [3, 5 б.]. 
Барлық ережеге сәйкес құжаттар толтырылып болған соң Есенғұлов Ғұмар медициналық бөлімге оқуға қабылдауын сұрап ректордың атына өтініш жазады. Сонымен болашақ қазақтың алғашқы кәсіби дәрігерлерінің бірі Есенғұлов Ғұмар 1910 жылдың 14 тамызы күні Николаев университетінің медицина бөліміне ресми түрде студент ретінде қабылданады. Осы жақта жүріп төрт жыл мамандығы бойынша білім алып, саяси көзқарастары да біртіндеп қалыптаса бастаған секілді. Өйткені арада көп уақыт өтпестен елдегі оқиғаларға байланысты саяси істердің басы-қасынан табылып үлгереді. 
Есенғұловтың бірге оқыған жолдасы Бисенов Бақтығали туралы жазылған мақалада: «1905 жылы қараша айында Орал қаласында 5 облыс қазақтары делегаттарының қатысуымен съез өтті. Б.Қаратаев, Б.Бақыткереев сын­ды сұлтандар мен Санкт-Петербург медицина академиясының студенттері Х.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетов және басқаларының құрылтайшылық етуімен Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылып, оның баспасөз органы – «Фикер» (Пікір) газеті ашылды. Осы кадеттер партиясының белсенді қолдаушысы ретінде Бисенов Бақтығали жандармерияның назарына ілінді» деп келтіреді [5, 5 б.]. Осы деректің өзі Есенғұловты бұл ұйымнан алшақ болмағанын меңзейді. Өйткені Бисенов оның Оралда кейін Саратовта бірге оқыған пікірлес жолдасы. Сондықтан Есенғұловтың 1905 жылдан бастап революциялық көзқарастары қалыптаса бастады деп толық сеніммен айта аламыз. Кейін бұл ойлары Саратов секілді орталықта пісіп-жетіліп, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Темір уезінде саяси істердің бел ортасынан табылды.
Николаев университетін тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде 1914-1916 жж. дәрігер-ординатор болып бастайды. Келесі кезекте 1916 жылы Орынбор қаласындағы жедел жәрдем бекетінде дәрігер болып жұмысын жалғастырған. Есенғұловтың 1917-1925 жж. қызметі туралы Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде нақты деректер сақталған. Ол бойынша: «1917 жылы мамыр айында Орал облыстық съезінің қаулысымен уақытша үкіметтің Темір уездік комиссары болып сайланды. Бұл қызметте 1917 жылдың қазан айына дейін болған. Қазан революциясынан кейін 1918 жылдың маусым айына дейін Темір қаласында дәрігер болып қызмет етті. 1918 жылдың маусым-1919 жылдың қараша айына дейін №3-ші ауылда болды. 1919 жылдың қараша айынан бастап 1920 жылға дейін Темір уездік ревком дәрігері. 1920 жылы президиум шешімімен Уездік атқару комитетіне мүшелікке сайланды. Ондағы қызметі Уездік денсаулық сақтау комитетінде болатын. 1921 жылдың соңына дейін Темір қаласында дәрігер. 1921 жылы бандылар Темір арқылы өткенде саяси бюроның қарамағында болды. Кейін бандылар жойылған соң 1924 жылдың қазан айына дейін Темір қаласында дәрігер болып жұмыс жасаған. 1924 жылы қазан айында Ақтөбе губерниялық денсаулық сақтау басқармасына келіп мектепке қарасты санитарлық дәрігер болып жұмысқа орналасты. 1925 жылдың ақпан айында орталық емханаға балалар бөлімінің меңгерушісі және көз дәрігерлік кабинетіне ауысқан. Бүгінгі күні осы қызметте жұмыс жасайды» деп көрсетілген. Бұл құжатта Есенғұловтың 1922-1924 жж. мәжбүрлі түрде Орынбор қаласында болғандығы және Алаш партиясындағы қызметі туралы қамтылмаған. Сондықтан келесі кезекте осы мәселеге тоқталуды жөн көрдік.
Алғашқылардың бірі болып С.Сейфуллин: «Орынборда «Алаш» партиясынан жалпы Ресейлік учредительный собраниеге Қазақстан губернияларынан белгіленген адамдардың тізімдері (списке қағаз) газеттің 14-ноябрьдегі, 1917 жылы 250-ші нөмірінде жарияланды» дейді. Аталмыш тізімге сәйкес Орал облысынан өзгелермен қатар Есенғұлов Ғұмардың да атын атайды [6, 69 б.]. 
Ғұмардың «Алаш» партиясының құрамында болғандығын М.Қойгелдиевте растайды. Ол жерде: «Алаш партиясы атынан Учредительное собраниеге аталған депутаттардың қатарында Орал облысынан – жас доктор, Темір уезінде комиссар» деп Есенғұлов Ғұмарды көрсетеді [7, 69 б.]. 
 Есенғұловтың тағдыры азамат соғысы аяқталып большевиктер билікті алғаннан бастап күрделене түсті. Өйткені Темір уезіндегі «Назар-Жекей» жаласы бойынша іс жүргізілгенде бірқатар жалған айыптар тағылды. Осыған сәйкес үстінен арыздар жазылып, нәтижесінде Орынборға шақыртылып сол жақта бақылауға қалдырылған. Ол туралы Есенғұловтың 1926 жылы тергеуші Ковалышкинге берген жауабында: «1922 жылы Темір уездік атқару комитетінің басшысы Н.Бәйменшинге Кырғыз Орталық Атқару Комитетінің басқармасы Меңдешевтен мені Орынборға жіберсін деген телеграмма түседі. Телеграмма бойынша мені комиссия тергеуде ұстап, кейін Уездік атқару комитетіне берді. Ол жерден ОГПУ – милиция басшысы арқылы маған Орынбор қаласына баруды ұсынды. Мен Орынбор қаласына жүріп кеттім. Қараша айында ОГПУ-ға барған кезде маған Орынбор қаласында тұруға ұсыныс тастады. Мен ол жерде 1923 жылдың сәуір айына дейін болдым. Кейін маған Темір қаласына қайтуға рұқсат берді. Темірге келген соң учаскелік дәрігер болып жұмысқа орналастым. 1923 жылы күзде Темір уездік кеңестер съезін өткізуге Әйтиев пен Хангереев келді. Мен ол кезде аздап сырқаттанып қалып, съезге қатысуға зауқым соқпады. Осы кезде маған Семелев Георгий келіп съезге қатысушы делегаттар соғатын болса Уездік комитет құрған тізімдегі адамдарға дауыс беруін айтыңыз деп ұсыныс тастады. Мен болсам бұл съезде өзара келіспеушілік болатынын айта келіп делегаттар комитет ұсынған адамдарға дауыс береді деп айттым. Расында іс жүзінде солай болды. Съезден кейін Уездік атқару комитетнің №1 шешімімен мені және Шектібаев, Бірекешов т.б. уезден тыс жер аударуға, қалған Каналин т.б адамдарды жауапты қызметтерден алып тастауға үкім шығарды. Берілген 24 сағаттың ішінде Темір қаласын тастап Орынбор қаласына кеттім. Ол жерде 1924 жылдың көктеміне дейін болдым. Темір қаласында дауыс беру құқығымнан айырды. Осыдан соң мен Темір уезінде тұрақтай алмайтынымды түсініп Ақтөбе қаласына барып Губерниялық денсаулық сақтау комитетіне жұмысқа орналастым. Осылайша 1922 жылдан бастап мені барлығы «Назар» тобының құрамына жатқызды» деп атап көрсетеді [2, 35 б.]. 
Міне, көріп отырғанымыздай Ғұмар өзінің туған жері Темір уезінен 1924 жылы толықтай қоныс аударуға мәжбүр болған. Бірақ қанша жерден елден кетіп Ақтөбеге қоныс аударғанымен де ОГПУ қызметкерлері оны уездегі «Назар-Жекей» ісінен қалыс қалдырмай, 1926 жылы тұтқынға алады. 
1926 жыл 8 желтоқсан күні ОГПУ Ақтөбе губерниялық бөлімшесінің комиссары Ф.Ковалышкин – Ақтөбе облысы Темір уезіне қарасты азаматтардың айыпталуы бойынша №31\РСО тергеу ісін қарап шыққан соң төмендегідей қорытынды шығарады. Ол бойынша: «1921-1922 жж. Темір уезінде жергілікті заңсыз екі Алаштық-бай-бюрократтық топтың пайда болғаны туралы ақпарат жинақталған (Күштік құрылымдар тарапынан тағылған заңсыз жала. – Р.Ж.). Аталмыш уезде жергілікті арнайы бөлімшелер құрылып, оның бір қанатын Есенғұлов Ғұмар мен Қалменов Нұраш, екіншісін Алаштық белсенді Каналин Елтай басқарды. Бұл екі топты басқарғандар конституция бойынша дауыс беру құқығынан айырылғандар болып табылады. Олардың мақсаты уездегі билікті өз ықпалына алумен қатар кеңестік және партиялық аппараттар, қоғамдық ұйымдар, кооперативтік ұйымдарды (қосшы т.б) өз мүдделері яғни байлардың мүдделері үшін пайдаланғысы келді. Көрсетілген аппараттарды өз ықпалына алуда басшылық қызметке өздерінің өкілдерін ұсынумен жүзеге асыруға тырысты. Осы мақсатта топ жетекшілері не өздерінің ықпалына берілген топ арқылы, не олардың қарамағындағы жекелеген жақтастары арқылы әрекет етті» деп көрсетеді [8, 1 б.]. 
Егер жоғарыдағы архив деректерін саралап қарайтын болсақ, Есенғұловты мәжбүрлі түрде 1922-1924 жж. Орынборда ұстап, дауыс беру құқынан айырып, Темір уезінде қыспаққа алған соң Ақтөбеге қоныс аударған. Сонда ол қай уақытта Темір уезіндегі билікті тартып алуға әрекеттенуі мүмкін? Ал, бұл сұраққа жауапты большевиктер Есенғұлов «Назар» тобының уездік, губерниялық деңгейдегі жетекшісі деп таниды. Оған қосымша Темір уезіндегі барлық іс-әрекеттерге нұсқау беріп, өзінің жақтастарының қолымен тындырады деп түсіндіруге тырысады. Егер Есенғұловтың жұмыс өтілін қарасақ 1924-1926 жж. Ақтөбеде дәрігер болып жұмыс жасаған. Аталмыш жылдары Ғұмарға: «Амбулаторияның балалар көз дәрігері ретінде Исенгулов Гумар Кожахметович өзінің арнаулы мамандығын орынды пайдалана отырып, жүктелген міндетті ойдағыдай орындайды», – деп жақсы мінездеме береді [9, 37-38 бб.]. Губернияның денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Сусловтың қазақ денсаулық сақтау халық комиссариатына 1926 жыл 2 наурыздағы жазған хатында: «Орталық амбулаторияның балалар бөлімінің меңгерушісі Исенгулов Гумарды (губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде еңбек тәжірибесі 1924 жылғы 15 қарашадан) Москваға іс сапарға жіберуімізге мүмкіншілік бар, дәрігер лауазымы бар дипломының көшірмесін жіберіп отырмын. Алдын ала дәрігерлердің Москваға жүретін уақытын хабарлауыңызды сұраймын деп келтіреді [10, 15 б.]. Бұл Ғұмардың тұтқындалғанға дейінгі губерниялық денсаулық сақтау бөлімінен берілген оң пікірлер. Демек Есенғұловтың осы аралықта саяси істермен емес, өзінің мамандығы бойынша жұмыс жасағандығы анық. Бірақ көп ұзамай оның 1917-1920 жж. саяси іс-әрекеттері үшін қайтадан ОГПУ тарапынан бақылау күшейтіледі. Ол жөнінде: «Ақтөбе губерниясының денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Вышко Ирина Григорьеваның 1926 жылғы 9-қазандағы бұйрығының көшірмесі бойынша Орталық амбулаторияның балалар дәрігері Есенгұлов Ғұмар тұтқындалған» делінген [9, 1-6 бб.]. Бұл құжаттағы көрсетілген уақытқа назар аударсақ, сәл кейін жазылғандығы көрінеді. Өйткені жоғарыдағы деректерде тергеуші Ковалышкин 20-23 қыркүйек күндері жауап алған. Сондықтан Есенғұлов 1926 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында тұтқындалды деп толық сеніммен айта аламыз.
Тергеу жұмыстары 2-3 ай көлемінде жалғасып, ақыр соңында 1926 жылы 24 желтоқсанда Бисалиев жолдастың Ақтөбе губерниялық прокурорына Темір уезіндегі Алаштық-байшыл топтардың басшыларына қатысты № 31\РСО іс бойынша берген қорытындысы негізінде бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырым шығарылған. Осыған байланысты Бисалиев жолдас өз қорытындысында атап көрсетеді: «Бұл топтық-таласушы құбылыстар дәйексіз әрі көркем сөз тіркестерімен жазылған 17 азаматтың әрекеті Қылмыстық кодекстің 57 және 62-баптарымен айыпталған. Ал, тексере келе іс дәлелденбеген деп танылып, Қылмыстық кодекстің 228-бабы бойынша іс тоқтатылсын. Әйтсе де неге екені белгісіз Бисалиев жолдас «БІРАҚ» дегенді қойып, былай деп жазады: Бірақ топтардың таласушылығын уездік және болыстық билік үшін күрескен, сондықтанда топтар арасындағы жағдайдың саяси астары болуы керектігіне назар аудару қажет. Топтар арасындағы таласушылық кеңес қоғамының алға жылжуына кедергі келтіреді. Сондықтан айыпталушыларды қазақ халқының арасындағы жергілікті топ мүшелерімен күрес тәжірибесін күшейту үшін губерниядан тыс жерлерге жер аудару арқылы әкімшілік шаралар қолдану қажет» деп көрсетеді [8, 26 б.]. Осы ұзаққа созылған істің нәтижесінде Есенғұлов Ғұмар туған жерінен тыс аймаққа жер аударылған. 
Темір уезіндегі Қылмыстық Кодекстің 6 бап, 59-шы бөлімі бойынша айыпталған «Назар» және «Жекей» тобының басшылары Есенғұлов Ғұмар мен Каналин Елтайға үш жылға Қаз АКСР-ден тыс жерге жер аудару туралы үкім шығарылды. Ол бойынша 30.04.1927 жылы Еснғұлов – Саратов қаласына, Каналин – Қазан қаласына жіберілген [11, 9 б.]. 
Міне, 1927-1930 жж. Есенғұловтың үш жылға өзі білім алған Саратовқа жер аударылғаны анықталды. Дегенмен 1930 жылдан кейінгі тағдыры белгісіз. Тіпті оны соңғы уақытқа дейін 1930 жылы сырқаттан немесе 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды деп келді. Бірақ 1937-1938 жж. саяси қуғын-сүргіннен Алаш қайраткерлерінің ішінде бірлі жарымы ғана аман қалған болса, соның бірі Есенғұлов Ғұмар болатын. Тіпті ауыр кезеңдерді еңсере білген Ғұмардың 1970 жылға дейін өмір сүргендігі белгісіз болып келді. Дегенмен ақиқат қанша бұрмаланса да, шындықтың беті ашылды. Алғашқылардың бірі болып бұл жаңалықты мерзімді баспасөз беттерінде жариялаған жерлес ағамыз Байқадамов Садыр еді. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтті. Сол себепті жинақталған мәліметтерге тарихи талдау жасауға талпынып отырмыз. 
Есенғұловтың жеке басына қатысты 1930-1955 жж. әлі күнге белгісіз болып отыр. Ал, 1955-1965 жж. Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында дәрігер болып жұмыс жасаған. Ол уақытта бүгінгі Қурайлы мен Сарыжар ауылдары бір дәрігерге қарап, Ғұмар ат арбамен жүріп қызмет көрсеткен. Кейін 1965 жылдары Есенғұловтар отбасы туған жері Ембі жаққа көшіп кетеді. 
Қурайлының ескі тұрғындарының айтуынша 1960 жылдары Ғұмардың қолында Ескендір деген немересі болған. Тіпті Садыр ағамыз байланыс жасаған ауылдың бұрынғы тұрғыны Светлана Николаевна Забосинаның айтуынша, 1975 жылы Ескендір үйлену тойларында күйеу жолдаста болған. Өкініштісі бүгінгі күні Ескендір туралы да деректер табылмай отыр. 
Жоғарыда айтылған немересімен қатар архивтік деректерде көрсетілген балалары жөнінде де толық ақпарат жоқ. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде Ғұмардың отбасы туралы: «үйленген, баласы – Ескендір 10 жаста, Қадыр 9 жаста, Талант 6 жаста, Хадиша 4 жаста, Надгиса 2 жаста, 7 айлық (Зер...) нәресте бар» деп көрсетіледі [8, 35 б.]. Өкінішке қарай қыздарының есімдерін нақты оқу мүмкін болмады. Бұл Ғұмардың бірінші некесінен туған балалары. Әкесі Қожахметпен бірге туған Сейдахметтен тарайтын Сұлтанның қызы Алмаш апай: «Ғұмар Саратовта оқып жүргенде татардың қызына үйленген» дейді. Жоғарыда келтірілген балалар осы татар әйелінен туған болуы керек. Бірақ тағы да Ғұмардың алғашқы отбасынан қашан және қандай жағдайда ажырап қалғаны белгісіз. Дегенмен архив деректері мен ауызша айтылған дерек бір-біріне сәйкес келеді. Өйткені 1926 жылғы құжатта үлкен баласы Ескендір 10 жасар деп көрсетілген. Осы дерекке сүйене келе Ғұмар шамамен 1915 жылы алғаш рет отбасын құрды деп қорытынды жасауға болады. 
Жоғарыда айтылған Ескендір деген баласы ертерек дүниеден өтіп, немересінің атын Ескендір деп қойғанда шығар. Ал, Алмаш апай татар әйелден Әнуар, Талғат, Нәпиза, Қапиза, Әлия деген үш қыз туғанын айтады. Бұл жерде баласы Ескендір туралы айтылмайды. Оған қоса ауызша және архив деректерінде айтылған балаларының аттарында да айырмашылықтар бар. Тек Таланты ғана Талғатпен сәйкес келеді. Осы Талғат деген баласы 1970 жылдары Ақтөбе қаласында тұрған. Ол туралы Мұхамбеткерей ақсақал: «Талғат деген баласының ауызы қисық, сәл кемістігі бар. Ол кезде үйленген әйелі Клара деген татардың қызы болатын. Әкесі Ғұмар қайтқанда сүйекке үлгере алмай, топырақ салды. Балалары орыс қолды болып өскесін бе олармен көп байланыса қоймадық» дейді. Тиісінше Ғұмардың құлпытасында белгі қоюшылар әйелі Қалила, баласы Талғат деген жазу сақталған. Міне, осымен біз үшін Талғаттың одан арғы тағдыры беймәлім. Ал, қалған балалары жөнінде іліп алар ешқандай дерек кездеспей отыр. Тиісінше, Ғұмар нақты қай жылдары екені белгісіз екінші рет отбасын құрған. Бұл әйелі Бәшеннің – Толыбай тармағының қызы Қалила болатын. Бірақ бұл некеден бала болмаған. 
Міне, Алаштың біртуар азаматы Есенғұлов Ғұмардың тағдыры қандай шырғалаңға толы болған. 1924 жылы өзі туған Темір уезінен өкше көтеруі ұзақ жылға созылған сергелдеңге ұласып, ақыр соңында 1965 жылдан кейін ғана өскен ортасымен бейбіт күнде қауышуға мүмкіндік туды. Әрине, бұл бір адамның ғұмырының ту талақайы шығып, тіпті отбасының да жылуын сезінуге мүмкіндік бермеген большевиктердің қолдан жасаған саяси қылмыстары еді. Дегенмен бүгінгі күні бодандықтың қамытынан арылып, тәуелсіздігі қолына тиген қазақ елі Ғұмардай асыл азаматтарымен қауышатын күні туды. Сондықтан алдағы уақытта тың деректер табылып, тарихтың қатпарларында қалып бара жатқан азаматты аршып алар сәт те келер. Ол күннің де ауылы алыстамай, ақиқаттың ақ таңы атар күнді көруге жазсын.
Ақтөбе қаласы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Оразов Р., Смагұлова С. «Саратовта оқыған қазақтар» // Егемен Қазақстан, 29 қараша, 2022 жыл
2.АОМА. 636-қ. 1-т., 5-к. 84-іс, 34-35-бб.
3.Саратов облыстық архиві: 393-қ. 1-т., 1434-іс. 2-5-бб.
4.Батыс Қазақстан энциклопедиясы, Алматы, 2002 жыл, 249 б.
5.Құттымұратұлы Қ.  «Бисеновтар тағдыры» // Егемен Қазақстан, 4 тамыз 2020 жыл.
6.Сейфуллин С. «Тар жол, тайғақ кешу», Алматы, «Жазушы», 1977 ж. 401 бет. 
7.Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысы» Бірінші том. Алматы: «Мектеп», 2008 жыл. 474 бет.
8.АОМА. 516-қ. 1-т., 1243-іс. 1, 26, 35-бб. 
9.АОМА. 55-қ. 1-т., 2-іс. 37, 38, 1, 6-бб. 
10.АОМА. 55-қ. 1-т., 8-іс. 15-б.
11.АОМА. 181-қ. 1-т., 80-іс. 9-б.

2929 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы