• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Тұлпар рухты Тоқаш (эссе)

Бүгінгі поэзия айдынында философиялық тереңдікке бойлап, ішкі әлемнің иірімдерін аша білетін ақындар сиреп бара жатқандай көрінеді. Әсіресе бала жүрегінің қылын шертіп, олардың қиялын биіктететін, жан дүниесін тәрбиелейтін өлеңдер жазатын қаламгерлер саны азайған сайын, поэзия әлемінде Тоқаш Бердияров сынды тұлғалардың қадірі бұрынғыдан да айқын сезіледі. Өз дәуірінің күрделі де қайшылықты кезеңдерінде өмір сүрген Тоқаш Бердияров – поэзияға адал, жүрекке таза келген сирек мінез иесі. Оның саналы ғұмырында көңіл дәптері кірлемеді, сөзінің парқы мен өз болмысының тазалығын бір сәтке де жоғалтпады. Ақынның тұлғалық мінезі қандай болса, өлеңдегі мінезі де дәл сондай өткір, ашық, жасандылықтан ада, өмірдің өзінен жаралғандай табиғи.

Тоқаштың жырларына көз салсаң, алдымен оның тік және шыншыл болмысы көрінеді. Ол өмірдің сынына сынбайтын, өтіріктің қасына жуымайтын қайсар рух иесі еді. Сол рух оның өлеңдерінде жылдар өтсе де өшпей, қайта уақыт өткен сайын жаңғырып, жасарып келеді. Балаларға арналған өлеңдерінің өзі – қызық пен шаттыққа толы қарапайым мәтіндер емес, кішкентай жүректің ой-өрісін тереңдететін, өмірдің мәні мен жақсы мен жаманның парқын үйрететін тәрбие бастауы.
Ақын адамдарға шыншылдықтың бағасын жырмен ұқтыра алды. Оның жасандылыққа қарсы тұрғаны – поэзияның қадірін сақтап қалу үшін жасаған ерлігімен бірдей. Мінез бен өлең арасында алшақтыққа жол бермей, өнердің тазалығын өзінің рухани тазалығымен дәлелдеп кеткен ақын ретінде Тоқаш Бердияров әдебиет тарихында өз өрнегін қалдырды.
Тоқаш Бердияровтың поэзиядағы тұлғалық салмағын өлшеу үшін оның шығармашылығы туралы айтылған сөздерге құлақ түрсе жеткілікті. Қазақ руханиятының ең биік шыңында тұрған ой алыптары – Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев сынды сөз зергерлері ақынның талантын өз дәуірінде ерекше бағалағаны тегін емес. Олар Тоқаштың шығармашылығында уақыттан биік тұрған шындық бар екенін, оның өлеңдері жасандылықты қабылдамайтын табиғи қуатқа ие екенін терең сезінді.
Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл ұлттық руханияттың алтын қазығы. Осындай алыптың назарына ілігу – Тоқаш поэзиясының қаншалықты мықты болғанының дәлелі. Әуезов оның өлеңдеріндегі турашылдықты, халықтық екпінді, қарапайым болса да терең иірімдерді байқап, ақынның болашақта қазақ әдебиетінің өзіндік үніне айналарына сенді.
Жазушы Тәкен Әлімқұлов та Тоқаштың әр жолында тектіліктің табы, табиғилықтың лебі бар екенін айтқан. Тәкеннің талғамы – аса қатал талғам. Ол көркемдікке талапты биіктен қоятын жазушы еді. Оның Тоқаш поэзиясын мойындауы – ақынның шынайы талант иесі болғанының бір белгісі.
Ал Қадыр Мырза Әлі – қазақ поэзиясының жаңа тынысын ашқан тұлға. Сол Қадыр да Тоқаштың сөзіндегі өзгеше бір мінезді, өлеңінің ішінен өзіне ғана тән ырғақты сезіп, оны поэзия әлеміндегі өз жолы бар ақын ретінде таныды. Қадырдың бағасы – ақындықтың бағасы.
Әбіш Кекілбаев тәрізді білім мен парасаттың биігіне шыққан ғалым-жазушылар да Тоқашты бағалау арқылы оның шығармашылығының күрделілігін, тереңдігін, ой әлемінің байлығын көрсетті. Олар үшін Тоқаш – тек балалар ақыны немесе сыршыл лирик қана емес, адам жанының күйін дәл басып айтатын, уақыт тамырын ұстаған суреткер.
Осының бәрі – бір ақынның тағдырына, оның шығармашылық әлеміне жасалған шынайы құрмет. Ұлттың ең ұлы сөз иелері мойындаған талант – ұлт әдебиетінің мәңгілік құрамына енеді. Тоқаш Бердияров та дәл сондай сирек жұлдыздардың бірі.
Тоқаш Бердияровтың әңгімелері – адам жанының құпиясына үңілген, тағдырдың қатал соққыларын шынайы бейнелеген көркем туындылар. Оның шығармаларындағы психологиялық тереңдік пен әлеуметтік астар – ақынның өз өмір жолынан, өз жүрегінің жарасынан бастау алады. Бала күнінен жетімдік тауқыметін тартып, бес жасында Ташкенттегі балалар үйіне тап болуы, он жеті жасында қанды майданға аттануы – оның тағдыр жолындағы ең ауыр, бірақ ең үлкен мектептері еді. Сондықтан болар, Тоқаштың шығармаларында адам жанының түнерген сәттері, үміт пен күдік арпалысы, өмір үшін күрес және рухани шыңдалу ерекше көрініс табады.
Соғыстан кейінгі қоғам – сын мен сынаққа толы кезең. Адам тағдыры, рухани дағдарыстар, әділет іздеу, рухани құндылықтың мәнін тану сияқты мәңгілік мәселелер Тоқаш шығармашылығының өзегіне айналды. Оның әңгімелерінде қоғамдағы өзгерістердің сыртқы көрінісі ғана емес, сол өзгерістердің адам жүрегіне түсірген ізі, көңілінде қалдырған күйі терең ашылады. Ол заман суретін боямасыз жеткізді, бірақ адамның жанындағы жарықты өшірмей көрсете білді.
Тоқаштың кейіпкерлері – қарапайым адамдар. Олар шала сауатты, кедей, кейде мінезі қатқыл, кейде жүрегі жаралы болуы мүмкін. Бірақ өмірдің қиын-қыстау сәттері оларды биіктетіп, өзімен-өзі күресе жүріп шыңдайды. Жазушы сол қарапайым адамның ішкі әлеміндегі алып күшті, ар-намысты, әділет жолындағы табандылықты дәл көрсете білді. Бір әңгімесінде кешегі жауынгер, бірінде колхоздың қарапайым еңбеккері, бірінде балалар үйінің тәрбиеленушісі болып келетін қаһармандар – бәрі де адамдық қасиеттің салмағын арқалап тұрғандай әсер береді.
Бұл – жазушының шеберлігі. Ол қаһарманды сыртқы іс-әрекетімен емес, жүрек ішіндегі жалынмен танытады. Кейіпкерлердің жан әлеміндегі қақтығыстарды суреттей отырып, автор оқырманын да сол тартысқа еріксіз жетелейді. Бір кейіпкер ар-ұяттың алдында, екіншісі тағдырдың табанында, үшіншісі қоғамның талаптары мен жеке мұратының арасында қалады. Бірақ олардың бәрін біріктіретін күш – адамдық болмысты сақтап қалуға деген талпыныс.
Ал Тоқаш Бердияровтың поэзиясы – мүлде бөлек әлем. Өлеңге келгенде, ол өз жүрегінің сырын жасырмайтын ақын еді. Оның әр жолында өмірдің салмағы, жүректің сыздауы, үміттің сәулесі сезіледі. Өлеңдері көркемдік құрылымымен ерекшеленіп, бейнелі сөздер арқылы терең философиялық ой тудырады. Туған жерге деген ыстық сағыныш, өмірдің өткіншілігі, соғыс қасіретінің жүректегі жарасы, рухани құндылықтардың маңызы – бәрі де нәзік сезім мен үлкен даналықтың тоғысында өріліп отырады.
Оның жырлары мен әңгімелері қазақ әдебиетінің алтын қорына енгені – заңдылық. Себебі бұл туындылар адамды ойландырады, ойға жетелейді, рухани биікке шақырады. Оның шығармалары оқырманның жүрегіне ғана емес, санасына да әсер етіп, адам болмысына үңілуді үйретеді.
Тоқаш Бердияровтың мұрасы – рухани тәлім. Ол адамгершілікке үндеп, ұлттық болмыстың қадірін, ар-ұяттың салмағын, шындықтың құнын ұмыттырмауға шақырады. Біздің қоғам әлі күнге дейін Тоқаш көтерген мәселелермен бетпе-бет келіп келеді. Сол себепті де оның шығармалары бүгін де, ертең де өз биігінен төмендемейді.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» атты естеліктер кітабы – қазақ әдебиетінің ішкі әлемін, ақын-жазушылар ортасының мінезі мен болмысын көз алдыңа әкелетін ерекше туынды. Сол жинақтағы «Тентек Тоқаш» атты бөлімінде автор өз көзімен көрген, өз жүрегімен түйсінген Тоқаш Бердияровтың адамдық келбетін, ақындық адуынын, пенделік пен асқақтықтың қатар өрілген мінезін бейнелі штрихтармен сомдайды.
Өлеңдері кітап болып жарық көрмей, әдеби ортаның әр талқысынан жүдеген, көңіліне кірбің түскен шағында Тоқаштың алғашқы жинағына редактор болу да Ұлықбек Есдәулетке бұйырған екен. Кітапты қарап, тиісті орынға өткізіп болған соң, уақыт жылжып өтеді. Кітабының тағдырын білгісі келген ақынның көкірегінде қысылған реніш те, іштей жанған ашу да, өзіне ғана тән тентек мінез де бар. Сол күйімен ол редакцияға кіріп, әуелі кабинетінде отырған көрнекті ақын Сағи Жиенбаевқа тілін безейді, одан кейін сатирик Шона Смаханұлына ауыр сөз айтып өтеді. Есіктен шыға бере өзіне еңбек етіп жүрген редактор бауырын да тілінің ұшына іліктіреді.
Шығыс жұрты үшін ауыр сөз – кісіге атқан оқпен тең. Мұндайды көтере алмайтын Ұлықбек аға ақынды оңаша жерге апарып, жөнін айтып, мінездің артық кеткенін түсіндіреді. Бір сәттік адуын мен реніш басылған соң, Тоқаш ақын да шындықтың алдына барып, жасырынатын пана таппай, ініден кешірім сұрап, ағалық айыбын жуыпты. Бұл – Тоқаштың мінезіндегі найзағайдай жарқ етіп өтетін «тентектіктің» мың мысалының бірі ғана.
 Ақын мұрасы – жаңа көрсеткіште
Ұлықбек Есдәулет өз естеліктерінде Тоқаштың мінезін ашатын тағы бір қызық оқиғаны келтіреді. Бірде ақын Әнуарбек Дүйсенбиев отырған жерге Тоқаш жақындап барып, ешқандай себепсіз келіп түртіп қайтады. Одан кейін де дәл сол қылығын бірнеше рет қайталайды. Бақылағыш Ұлықбек ағамыздың көзіне түскені топыдай ғана Тоқаш ағасының бойы өзінен әлдеқайда биік, тау сияқты Әнекеңе жеткенше, сол қолымен оның жағасынан ұстап, оң қолымен бар күші жеткенше соққылауы еді. Қимылы шалт, ашуы лап еткен сәт болатын. Әнекеңнің шықшыт жағына бес-алты соққы бірінен соң бірі тізбектеліп түседі. Бірақ алып денелі Әнуарбек аға былқ етер емес. Құдды бір жел сипап өткенге де селт етпейтіндей, жоғарыдан маңқия қарап тұрыпты. Содан кейін ол өзіне ғана тән ауыр жұдырығымен Тоқаштың иек тұсына бір-ақ салып қалып, Тоқаш анадай жерге ұшып барып, әзер тәлтіректеп қалады.
У-шу басылғанда жұрт Әнуарбек Дүйсенбиевтен «Не болды өзі?» деп сұрағанда, ол кісі иығын ғана қиқаңдатып: – Итім біліп пе? – деп қысқа қайырыпты.
Осы бір шағын ғана оқиғалардың өзі Тоқаш Бердияровтың тумысынан тентек, жүрегіне жақпаған нәрсені жасырмай айтатын, мінезін ішке бүге алмайтын, бірде оттай лап етіп, бірде жаңбырдай басылып қоятын ерекше болмысын айқын көрсетеді. Бұл жөнінде белгілі алаштанушы-зерттеуші Заңғар Кәрімхан көлемдірек жазған болатын.
Тоқаш Бердияровтың тағдырлы таланты, адуынды мінезі мен алаулы шығармашылық әлемі уақыт өткен сайын көмескі тартпай, қайта жарқырай түсіп келеді. Сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізіп жүрген абзал азаматтардың бірі – Болат Шарахымбай. Ол – ақынның шығармашылық жолын шынайы құрметпен зерттеп, Тоқаштың әр өлеңі мен әр жолының түп астарын танып, өмірлік деректерін жинақтап жүрген рухани шырақшы.
Болат ағамыздың еңбегі – жай ғана ізденіс емес, адалдықпен атқарылған жан қызметі. Ол Тоқаштың өмірін, мінезін, жүрек пен тағдырдан ұштасқан күрделі болмысын қайта зерделеп, ақын жайлы шындықты жаңғыртып жүрген тұлға. Әдебиетке махаббатпен, ақынға құрметпен қараған адамның қолынан ғана мұндай іс келеді.
Тоқаш ақынның 100 жылдығына орай Болат Шарахымбайдың құрастыруымен жарық көрген «Тағдырлы дарын» атты естеліктер жинағы – соның бір айқын дәлелі. Бұл кітап – бір адамның өмірі туралы ғана емес, тұтас бір дәуірдің әдеби атмосферасы, сол дәуір ақындарының мінезі, сөзге деген құрметі, рухани тынысы туралы сыр шертетін құнды дүние. Жинақтағы әр естелік – Тоқаштың адами бейнесінің бір қыры: бірде адуынды, бірде баладай аңғал, бірде ойлы, бірде өршіл, бірақ қай кезде де шынайы, жалған сөзге жуымаған таза мінез иесі.
«Тағдырлы дарын» – ақын тағдырын түсінгісі келетін кез келген оқырман үшін жол көрсететін шамшырақ іспеттес. Болат Шарахымбай Тоқаштың шығармашылығына ғана емес, оның жүрек тарихына, өмірінің қуанышы мен күйінішіне, өз дәуірінің ең өткір шындығына үңіліп, тұтас бір көркем бейне жасап шығады. 
ҚР Ұлттық кітапханасы Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толуына орай дайындалған «Тоқаш Бердияров (1925–1988)» атты библиографиялық көрсеткішті оқырман назарына ұсынды.
Бұл көрсеткіш – бір ғана ақын шығармашылығын жүйелеу емес, бүкіл бір дәуірдің рухын, елдің басынан өткен тарихи сындарлы кезеңдерді, әдебиетіміздің қалыптасу жолын айқындайтын ғылыми басылым. Тоқаш Бердияров – қазақ поэзиясында өзіндік өрнек қалдырған, мінезді де мейірбан, қайсар да гуманист ақын. Оның тағдыры мен шығармашылығы – ХХ ғасырдағы қазақ руханиятының шынайы шежіресі болып отыр.
Сөйтіп, Тоқаш Бердияровтың мұрасы уақыттың желіне ұшпай, қайта жаңғырып, жаңа ұрпақ жүрегіне жетіп жатыр. Бұл – шырақ ұстап жүрген Болат ағалардай жанашырлардың еңбегінің жемісі.
Қорытындылай келгенде, тағдырлы талант, «тентек» мінезді, жүрегі от-жалыннан жаратылған Тоқаш Бердияров – қазақ поэзиясының қайталанбас құбылысы. Ол – мұзбалақ Мұқағалимен үзеңгі қағыстырып, сөздің салмағын бірге көтерген, бір дәуірдің рухани тынысын бірге жұтқан ақын. Олардың достығы – ақындық адалдықтың, рухани жақындықтың белгісіндей. Сол мұрат биігіне көтерілген Тоқаштың есімі, оның жүректен шыққан өлеңдері мен өмірдің өзінен сомдаған прозалары ешқашан өшпек емес.
Уақыт атты өзен талай нәрсені өзімен бірге алып кетеді, бірақ жүректен туған сөзді, ақиқаттан туған шығарманы өшіре алмайды. Тоқаштың тағдыры да, таланты да бүгінгі оқырман үшін темірқазықтай жарқырап тұр. Оның артында қалған рухани мұра – ұлттың қорғаны, сананың тұрағы.
Сол мұраны сақтап, ұрпақ санасына жеткізу жолында Ұлттық кітапхана да ерекше еңбек сіңірді. Еліміздегі бас кітапхана – руханияттың қастерлі қарашаңырағы – Тоқаш Бердияров туралы көлемді библиографиялық жинақ құрастырып, ақын мұрасын жүйелі түрде хатқа түсірді. Бұл – бір адамның ғана еңбегі емес, бір халықтың өз перзентіне деген құрметінің айқын көрінісі.
Тоқаш Бердияров – өткен дәуірдің елесі емес. Ол – бүгінгі күннің де, ертеңгі ұрпақтың да рухани серігі. Оның аты – қазақ поэзиясының самалы соққан сайын еске түсетін, жүрекке күш-қуат беретін мәңгілік есім. Оның сөзі – жыр сүйер халықтың санасына қалып, жадына жазылған шертілмес күйдей.
Тоқаштың аты өшпейді – себебі ол халықтың жүрегіне жазылды. Ал халық жүрегіне жазылған жыр ғана мәңгі өмір сүреді.

Қанат АЛТЫНБЕК,
ҚР Ұлттық кітапханасының Ғылыми хатшысы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


    
 

244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы