• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Ұлттық баспасөздің ізашарлары

Қазақ баспасөзі – қазақ мемлекеті тарихының, қазақ қоғамының нағыз шежіресі. Жиырмасыншы ғасыр басында бірінен-соң бірі жарыққа шығып, халыққа қоғамдық-саяси және ағартушылық бағытта ақпарат таратқан газет-журналдар бүгінде тарихи құнды құжаттарға айналды. Ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығаштары болған бұл басылымдарда уақыт демі, қоғам тынысы, халықтың жай-күйі шынайы көрініс тапқан. Осындай іргелі басылымның бірі – бүгінгі «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ізашары – «Қызыл Қазақстан» журналы. Биыл қыркүйек айында басылымның алғашқы саны жарық көргеніне 105 жыл толады. Журнал мерейтойына арналған жарияланымдар легін ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі негізіндегі «Төте жазу» курсы және оған қатысушылар кирилл қарпіне түсірген, 1928 жылғы №8 санынан бастауды жөн көрдік. Бұл жоба – ұлттық жазба мұраны тануға, тарихи мәтіндерді түпнұсқадан оқуға, төл әліпбиді ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды қадам. 

ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында ауқымды өзгерістер аясында баспа қызметі де жанданды. Кітаптармен қатар, ұлттық баспасөз құралдарының негізі қаланды, ағартушылық қозғалыс күшейді. Ұлт зиялылары халықтың білімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып, теңдік пен еркіндікке жету міндетін алға қойды. Елді өркениет көшіне ілестіру үшін «халықтың көзі мен құлағы һәм тілі» – газет-журнал шығару ісі өте маңызды еді. Осы бағытта қазақ баспасөзіне үлкен міндет жүктелді. Бұған дейінгі ресми басылымдарға қарағанда бұл газет-журналдардың идеялық бағыты айқын еді: олар ұлттық мүддені басшылыққа алып, қоғам қажеттілігіне бағдарланды, тарихи, мәдени, саяси, ағарту сипатында болды. Соның ішінде журналдардың орны бөлек. 1915 жылдан бастап шығып, 88 санынан кейін тоқтаған қазақтың тұңғыш журналы «Айқап», 1918 жылы Семейден шыққан «Абай» журналы, «Садақ» (1917–1918 жж.), «Балапан» (1915–1916 жж.), «Жаңа заман» (1917–1918 жж.), Ташкенттен шығып тұрған «Сана», Мәскеуде жарық көрген «Темір қазық», Орынборда басылған «Жас қазақ» журналдары ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды, халықты топтастыруға үлес қосты, сондықтан да олардың ұлт үшін атқарған қызметі орасан. 

Алғашқы газет-журналдар бастап берген ұлы үрдіс кеңес өкіметі орныққан соң өзіндік жалғасын тапты. Осы басылымдардың қатарында 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынборда алғаш «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген басылым – бүгінгі «Ақиқат» журналы бар. Қоғамдық-саяси басылымның тұңғыш редакторы Абдолла Асылбеков болды, редакцияда Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Хамза Жүсіпбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Жанайдар Сәдуақасов, Сейділда Төлешев, Ахмет Елшібеков және басқа қайраткерлер мен авторлар қызмет атқарды. Журналдың тұрақты авторлары  қатаң цензураға қарамастан, қазақ қоғамының ащы мәселелерін көтере білді. Басылымның көнерген беттерінде сол замандағы халықтың өмірі, қоғамдық сананың дамуы жөнінде шежіреге бергісіз мәліметтер бар. Әйтсе де бір ғасырда әліпбиіміз бірнеше рет өзгергендіктен, бұл мұра көпшілікке қолжетімді емес, екінің бірі төте жазуды оқи бермейді. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері секілді, көне журналдар да қазіргі қаріпке түсіру, ғылыми айналымға қосу ісін күтіп тұр. 
Ғасырдан астам тарихқа ие «Қызыл Қазақстанның» тарихи нөмірлері бүгінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі қорында сақтаулы. Сарғайған журнал парақтарындағы ақпарат Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі негізіндегі төте жазумен жазылған. Жалпы ұлттық кітапхана, оның ішінде Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі халқымыздың тарихи-мәдени құнды мұрасын сақтаумен қатар, оны оқырмандарға жеткізу, ғылыми айналымға енгізу, зерттеулер жүргізу ісіне де ұйытқы болып келеді. Кітапхана қабырғасында ұйымдастырылған «Төте жазу» курсы – соның айқын дәлелі. 2025 жылдың қыркүйек-қараша айларында осы курсқа қатысып, дәріс алған 40-қа жуық қатысушының 20-сы жуырда ерекше емтихан тапсырып, сертификат алды. Қорытынды емтиханға әзірлену барысында олар төте жазумен басылған бірнеше журналды кириллица қарпіне түсіріп келді. Баспасөз өкілдерінің қатысуымен өткен бұл іс-шараға «Ақиқат» журналының қызметкерлері де арнайы шақырылды. 

Үш ай бойы үздіксіз жүргізілген дәрісті Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы Ертай Біләл жүргізді. Курс барысында қатысушылар төте жазудың графикалық ерекшелігі, орфографиялық нормалары, оқылым, транскрипциялау және мәтін талдау дағдыларын меңгерді. Емтихан нәтижесінде 20 қатысушы курс­ты сәтті аяқтап, сертификатқа ие болды. Төте жазу курсын ұйымдастырған – кітапхана қызметкері, жас зерттеуші Ертай Біләл:  
– Басты мақсат – оқырмандарға төте жазуды меңгерту, тарихи мәтіндерді түпнұсқадан оқу дағдысын қалыптастыру және қазақ жазу мәдениетінің сабақтастығын кеңінен таныту. Осы мақсаттан туындаған курс идеясы ұлттық жазу мұрасын тек өткеннің жәдігері ретінде ғана емес, қазіргі ғылыми-танымдық айналымға белсенді енгізілетін тірі мәдени код ретінде ұсынуға негізделді. «Төте жазу» курсы барысында қатысушылар А.Байтұрсынұлы түзген әліпбидің тарихи-әлеуметтік негіздерімен, графикалық жүйесімен және емле қағидаларымен жүйелі түрде танысты, – дейді.


2025 жылғы қыркүйек – желтоқсан айлары аралығында жүргізілген курс түркі халықтарына ортақ Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы түлеткен ұлттық әліпбиді насихаттауға және Ұлттық кітапхананың 115 жылдық мерейтойына арналды. Үш айға созылған тегін дәріске түрлі сала мамандары мен зерттеушілер, студенттер және көне мәтіндерге қызығушылық танытқан оқырмандар белсенді қатысты. 
Е.Біләлдің айтуынша, курс барысында қатысушыларға төте жазудың тарихи қалыптасуы мен теориялық негіздері таныстырылды. Бұдан кейін әліпбидің графикалық жүйесі, таңба құрамы және олардың фонетикалық ерекшеліктері үйретілді. Бағдарламада мәтінмен жұмыс істеу, оқығанды түсіну және талдау дағдыларын жетілдіру ерекше назарда болды. Сонымен қатар, ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне тән газет-журнал материалдары мен кітаптарды оқу тәжірибесі ұсынылды, бұл қатысушыларға тарихи дереккөзді түпнұсқа күйінде түсінуге мүмкіндік берді. 
Айта кетерлігі, төте жазу кур­сының әдістемесі А.Бай­тұрсынұлының төл әдіснамасына сүйене отырып әзірленген. 

Курс сипатына байланысты ұлт көсемінің 1928 жылы жарық көрген «Оқу құралы» еңбегі негізінде арнайы силлабус дайындалған. Курс ұзақтығы – 12 сағат, яғни 12 апта бойы өтетін сабақтардан тұрады. Арнайы оқыту силлабусы құрастырылып, дәріс форматына сәйкес (30%) және практикалық жұмысқа байланысты (70%) материалдар енгізілген. Әр сабақта презентация, бейнематериалдар, жазу және оқу машығын дамыту элементтері қамтылған. Ең бастысы – білім алушының тапсырманы жан-жақты игеруі мен қызығушылығын арттыру көзделген. 
Қорытынды емтиханға қатысқан 20 оқырман төте жазудың графикалық ерекшеліктерін, орфографиялық және фонетикалық заңдылықтарын, мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. 
«Алдағы уақытта аталған курсты жүйелі түрде жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл бастама ұлттық жазу мұрасын терең меңгеруге қызығушылық танытқан оқырмандар аясын кеңейтуге, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған жазба жәдігерлерді оқи алатын маман даярлауға және тарихи дереккөздерді түпнұсқадан тану мәдениетін қалыптастыруға бағытталмақ», – дейді Е.Біләл. 
Төте жазуды меңгерген қатысушылар төрт топқа бөлінді: «Айқап», «Жас қайрат», «Шолпан», «Абай». Негізгі тапсырма – «Жас қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» және «Жаңа мектеп» журналдарының алғашқы сандарын толықтай кирилл қарпіне түсіру, факсимилесін беру және қосымшалар (кісі есімдері, түсіндірме сөздік, құрастырушы сөзі және т.б.) әзірлеу. Қатысушылардың жұмысын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Гүлшат Абикова бастаған қазылар алқасы бағалады. 

Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық кітапхана директоры: 
– Интернет заманында газет-журнал керек пе деген пікірлерді жиі естиміз. Бірақ жаңа технологиялар қаншалықты дамыса да қағаз басылымдар құндылығын жоймайды. Мәселен, 2025 жылдың бір ғана қараша айында біздің кітапханада оқырмандарға 177 мың құжат берілген, соның 84 мыңы – газет-журнал. Бізде газет-журналға тапсырыс өте көп, тіпті кейде қызметкерлеріміз үлгермей жатады. Көне газет-журналдардағы мақалаларды сұраған хаттар еліміздің түкпір-түкпірінен де, шетелден де келеді. Осыдан кейін біз  газет-журнал керек емес, оны кім оқиды деп қалай айтамыз? Кітапхана қазір екінші білім ошағына – жастардың өзіндік білім алуына көмектесетін ортаға айналды. Зерттеушілер, ізденушілер көптеген ақпаратты осы жерден алады. Қағаз нұсқадағы кітап пен газет-журнал оқу ешбір заманда сұраныстан түспейді, біз де қолымыздан келгенше бұл іске үлес қоса береміз.
Дәріске қатысушылар газет-журналдарда төте жазудың соңғы нұсқасы қолданылғанын айтады. «Транскрипция жасаған кезде мақалалардағы сөз құрылымы, автордың ой жүйесі толық сақталды, тек қазіргі қазақ орфографиялық нормаларына сәйкес «э, ю, я» әріптерімен бердік», – дейді олар. «Айқап» атауын иеленген топ «Қызыл Қазақстан» журналының 1928 жылғы №3 санын кириллицаға түсірді. Топ мүшелері мақалаларды түсіру кезіндегі әсерін бөлісіп, журналдың ерекшелігіне тоқталды. 
Айнұр Мұратова, журналист, «Ақ желкен» журналының қызметкері: 
– «Бүгінде «Қызыл Қазақстанның» алғашқы сандары сирек басылымға айналды. Журналдың атауы бірнеше рет өзгерген, 1921-1929 жылдар аралығында осы атаумен шығып отырды. Басылымның мұқабасында төте жазумен «Қызыл Қазағыстан» деп жазылған. Біз қазіргі қаріпке түсірген 1928 жылғы №3 санында Қазақстан аумағындағы ауыр кезеңдерді шынайы суреттейтін мақалалар бар. Журналдың көлемі – 80 бет. Алаш қайраткерлері мұнда өз ұстанымдарын айқын білдіреді, мысалы, елде ашаршылықты болдырмау, оның алдын алу үшін не істеу керектігін ескерткен. Журналдың атауы «Қызыл Қазақстан» болғанмен, мұнда тек қызыл большевиктердің саясаты жүргізілді деуге болмайды. Басылымда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ел тұрмысы және басқа тақырыптардағы күрделі мәселелерді қозғаған мақалалар көп. Мысалы, Ұзақбай Құлымбетұлының «Қазағыстанда астық дайындау науқанының тәжірибесі» деген мақаласында елге азық-түлік жетіспей, тапшылық болып жатқанда бүкіл астықтың саудагерлер қолында екені айтылады. Журналда сараптамалық мақалалар да кездеседі, Доссор, Мақат мұнай кеніштері туралы сын мақалада сызба-кесте келтіре отырып, сынайды. Бір қызығы, 1928 жылғы қаріп алғашқы нұсқасына қарағанда оңай сияқты. Айта кетерлігі, мұнай – непті, январь – ғынуар деп жазылған. Біз түпнұсқадағы сөздерді өзгертпедік». 
Ұлттық кітапхананың Сирек кі­таптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Гүлшат Абикова емтиханға қатысушылардың жұмысына баға берген соң өз лебізін білдірді. Маманның айтуынша, ХХ ғасыр басындағы газет-журнал басылымдарына әлі де шығыстанушы, арабтанушы мамандардың қолы жетпей жатыр, барлығы бірдей қазіргі қаріпке түсіріліп, зерттеле қойған жоқ. 

«Сондықтан да біздің бөлімнің жас маманы Ертай Біләлдің бастамасымен қолға алынған бұл жобаның маңызы зор. Ертай үлкен ыждаһаттылықпен бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтижесіне баршамыз куә болып отырмыз. Қатысушылар төте жазуды үйреніп қана қоймай, әр журналдың бір нөмірін толық кириллицаға аударуға қол жеткізді. Кезінде Үшкілтай Сұбханбердина апамыз тарихи газет-журналдардың библиографиялық көрсеткішін жасағаны белгілі. Бұл жоба алдағы уақытта осындай маңызды жұмыстарға жол ашып, тың идеялар беріп отыр. Сіздер енді еріктілер ретінде осындай құнды құжаттарды түсіруге атсалыссаңыздар – нұр үстіне нұр. Бұл жоба жалғасын табады, ғалымдар тарапынан да сұраныс бар», – деді Гүлшат Мәсәлімқызы. 
Осылайша, Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған төте жазуды үйрету курсына қатысушылардың бірінші легі дәрісті нәтижелі аяқтады. 1920 жылдары шыққан «Жас қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» және «Жаңа мектеп» журналдарының алғашқы сандары кирилл қарпіне түсіріліп қана қоймай, барша оқырманға қолжетімді болды. Енді ізденушілер, зерттеушілер және баспасөз тарихын білгісі келетін қауым ХХ ғасыр басындағы баспасөздің және қазақ жазба мәдениетінің құнды жәдігері іспетті тарихи басылымдардың алғашқы нөмірлерімен танысып, оқи алады. Сондай-ақ төте жазу курсы жаңа ізденістерге жол ашып, ғылымдағы еріктілер қызметінің айқын көрінісі болды. Осы жобаның түрткі болуымен ХХ ғасыр басындағы журналдар қоры қазіргі қаріппен әрқайсысы жеке кітап болып жарық көрсе, ұлттық баспасөз тарихын тану ісі кеңейе түспек.  

Дина Имамбай
 

498 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы