• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Ұлы Жібек жолы: Қорғас сауда аймағының қалыптасуы мен дамуы

Қытай төрағасы Си Цзиньпинь Nazarbayev университетінде сөйлеген сөзінде «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге ашу туралы жан-жақтылы тоқтала отырып былай деді: «Қазақстан даласы – байырғы Жібек жолы басып өтетін жер, кезінде шығыс пен батыс өркениетінің тоғысуына, түрліше ұлттың, түрліше мәдениеттің ауыс-түйісіне және селбестік жасауына келелі үлес қосқан. Шығыс пен батыстың елшілері, сауда керуендері, саяхатшылары, оқымыстылары, шеберлері бұл араға толассыз ағылып келіп отырған, жол бойындағы елдер өзара ауыс-түйіс жасап, бірі-бірінен үйреніп, бірін-бірі айна етіп, адамзат өркениетінің алға басуын бірлікте жебеген» («Ши Жинпиң ел басқару жөнінде», Ұлттар баспасы, 2015 жылы мамыр, 389-бет). 
Сонымен қатар Си Цзиньпинь осы реткі Қазақстанға келген сапарында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын тілге тиек етіп, дүниежүзі елдері бірлікте «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге құруды дәріптеді. 
Жаңа Қытай құрылғаннан кейін Қытайдың дипломатиялық табыстары сүбелі болды. Қытай дербес, өз-өзіне қожа болу сынды бейбіт дипломатиялық саясатын атқарып, сыртқы істер қимылын белсенді түрде өрістетті. 1971 жылы Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымындағы заңды орнын қайта қалпына келтірді. 2001 жылы желтоқсан айында Қытай дүние жүзілік сауда ұйымына ресми мүше болды. 
Қытай төрағасы «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге құруды ортаға қоюдағы мақсаты Еуропа-Азия елдерінің экономикалық байланысын нығайту, өзара селбестікті тереңдету, жібек жолы бойындағы халықтарды ортақ бақытқа кенелтуді мұрат етті. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында Қытаймен қарым-қатынас орнататын елдер қатары көбейуде. 
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық селбестік жоғары дәрежелі басшылар талқы мінберінің дөңгелек үстел басшылар мәжілісі 2017 жылы 15 мамырда Бейжіңде ашылды. Бұл мәжіліске әлемнің 30-ға тарта мемлекеттің басшысы және БҰҰ-ның, халықаралық ақша қор ұйымының жауаптылары қатынасып, өзара пікір алмасып, біріккен мәлімдемені мақұлдады. Қытай төрағасы Си Цзиньпин мәжілістің басталу сөзінде «Әр ел бір – біріне сүйенген, әлемдік сын-сайыстар толассыз туындаған бүгінгі күнде, әр ел өзара саясатты ұластыруы, дүние жүзінде экономикалық факторлор мен даму байлығын анағұрлым кең көлемде реттеуі керек, тек сонда ғана біріккен күш қалыптастырып, дүние жүзінің бейбітшілігін, тыныштығын жебеуге және бірге дамуға болады. Мен 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын белгіледім, оның өзекті мазмұны – негіздік құрылғы құрылысы мен өзара байланыс жасауды, тоғысуды жебеу, әр елдің саясаты мен даму стратегиясын ұластыру, нақты селбестікті тереңдету, бірге дамуды жебеу, бірге гүлденіп көркейу» («Азия кіндігі» газеті, 2017 жылы 17 мамыр күнгі саны) деп жүйелі түсінік жасады. 
«Бір белдеу, бір жол» стратегиясы жолға қойылған 12 жылдан бері көптеген елдің компаниялары назар сала бастады, табыстарға қол жеткізді, ғалымдар мен мамандар «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының дүниежүзілік экономика мен мәдениетті дамытудағы маңызын жоғары бағалады. 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 8 қыркүйекте «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына мазмұны бай, сан саланы қамтыған кезекті Жолдауын жариялады. Бұл жолдауда халқымыздың өмірі мен тірлігіне қатысы бар сан алуан іргелі мәселелер, ел өмірін жақсартуға байланысты реформалар, парасатты идеялар, тың жаңалықтар айтылды. 
Мемлекет басшысы Жолдауында «Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны милиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Мэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатынасқан сондай компанияның бірі енді AIatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады», десе, Жолдауда тағы да «Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиньмен өткен кездесуде еліміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік» деді. Міне, бұл Алматы облысының аумағында бой көтеретін Alatau City мен өзге де маңызды жобаларды жүзеге асыруға Қытай компаниялары да үлес қосып, атсалысады. Бұл бұрынды-соңды болмаған үлкен табыс. Осылайша екі ел басшыларының сенім мен достыққа негізделген әріптестік байланысының арқасында Қазақстан мен Қытайдың өзара байланысы стратегиялық мәнге ие болуда. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы еліміз үшін де пайдалы екені сөзсіз. Мысалы, сарапшылар Қазақстан мен Қытайдың экономикалық саладағы әріптестік байланыстары жаңа деңгейге көтерілгенін айтуда. 2024 жылы сауда айналымы 44 млрд АҚШ долларына жеткені бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бұл динамика 2025 жылы да сақталды. Бұл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің ұзақ мерзімді ықпалдастығын дәлелдейді. 
Қорғас шекара өткелі
 Байырғы Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан Қорғас өткелінің тарихы тереңде. Ертедегі Үйсін елі біздің жыл санауымыздан бұрынғы І, ІІ ғасырлардан бастап Іле аңғарында хандық құрып, батыс өңірмен орта жазықтың қарым-қатынасы мен береке бірлігін күшейтуде, «Ұлы жібек жолының» ашылуы мен дамуына, оны қорғауда аса маңызды рөл атқарғаны белгілі. Сақ, үйсін, ғұн, қаңлы тәрізді ертедегі елдер еліміздің шекара аймақтарын көркейтуге елеулі үлес қосқан. Кезінде Қорғас сахарасы Қытайдың ежелгі жібек жолы саудасы мен мәдениетін дүниеге жалғайтын маңызды қақпа болған. Қорғас өткелі сонау Сұй-Таң дәуірлерінде байырғы «Жібек жолы» керуендерінің сауда-саттық жасайтын бекет еді. 
Іледегі Қорғас шекара өткелі – Қытайдың батысындағы ең үлкен, ең байырғы дүниеге аты әйгілі шекара өткелі. Іле өңірінің жібек жолы саудасы XVIII ғасырға келгенде, тіпті, жандана бастады. Тарихта Құлжа, Шәуешек қалалары байырғы жібек жолы саудасының өркендеуін әйгілейді. Содан XIX ғасырдың орта шеніне дейін Шыңжаң мен Ресей шекара өткелдерінің ашылуына байланысты жүргізілген саудалар Қорғас өткелі арқылы Азия, Еуропа құрлықтарына дейін жетіп, дүниенің төрт бұрышына тарады. 
1871 жылдан бастап Ресей патшалық отаршылары Ілеге он жыл отарлық үстемдігін жүргізді. 1881 жылы «Қытай-Ресей шекара келісіміне» қол қойылды да, Чиң патшалғы Ілені қайтарып алды. 1881 жылы Қорғас өткелі ресми қайта ашылып, Қытайдың Орта Азияға, батыс Азияға, сондай-ақ Еуропаға ең жақын, ең қолайлы шекара өткелі болды. «1892 жылдан 1914 жылға дейінгі 22 жыл ішінде Шыңжаңның батыс бөлігіндегі Қытай-Ресей сауда-саттығы орнықты болды. Экспорттың жалпы нормасы 24 миллион 236. 3 мың сәрі күміс, импорт жалпы нормасы 29 миллион 849 мың сәрі күміс болған, мұның ішінде Іле жолындағы (Қорғас өткелі ауызындағы) Ресейге экспорт етілген нормасы 15 миллион 444 мың сәрі күміс, Шыңжаңның батыс бөлігіндегі экспорт жалпы нормасының 64.55% иелеген» (Жақып Мырзақанов қатарлылар «Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 жылы мамыр, 315-бет). 
1917 жылы Ресейдегі қазан төңкерісі дүние жүзінде тұңғыш социалистік мемлекет құрды. 1918 жылы Шыңжаң жерлік үкіметі Қытай-Ресей шекара саудасын жауып тастап, екі мемлекеттің саудасы ресми тоқтап қалды. 1920 жылы мамыр айында Шыңжаң мен Кеңес одағы ішінара сауда жасауға қол қойып, бұрынғы Ресей патша үкіметімен болған келісімнің күшін жойды. Осыдан кейін Қытай мен Кеңес одағы арасындағы шекара саудасы дамуға бет алды. «1950 жылдан 1960 жылға дейін 11 жыл ішінде Іле Қазақ автономиялы облысындағы 3 өткелден Кеңес одағына экспортталған тауарлардың жалпы нормасы 697 миллион 172 мың рубль болған. Мұның ішінде Іле аймағының Қорғас өткелінен экспортталған тауардың нормасы 332 миллион 825 мың рубли, 47.83% иелеген» («Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 жылы мамыр, 353-бет). 1962 жылдан соң Қытай-Кеңес одағы сауда қатынасы тоқтатылып Қорғас шекара өткелі жабылған. 1983 жылы қарашаның 16 күні Қорғас өткелі ресми қалпына келтірілді.
Қорғас шекара өткелі қалпына келіп қайта құрылған 40 жылдан астам уақыттан бері Қытай мемлекеті Қорғастың дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. 2004 жылы қыркүйекте Қытай мен Қазақстан үкіметі, Қытай-Қазақстан Қорғас халықаралық шекаралық сауда орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл Қытайдың шетелдермен тұңғыш орнатқан халықаралық шекаралық сауда орталығы. Бұл 2001 жылы құрылған Шаңхай селбестік ұйымының жақтауындағы селбестікке үлгі болды. Селбестік орталығының жалпы ауданы 5.28 шаршы километр, мұның ішінде Қытайға тиесілі аумақ 3.43 шаршы километр, Қазақстанға тиесіл аумақ 1.85 шаршы километр болып, түгелдей жабық басқарылады. 
«2010 жылы мамырда орталық комитеті Шыңжаңның 1-ші реткі қызмет мәжілісін ашты әрі Қорғас экономикалық аймағын құру туралы шешім шығарды. 2011 жылы қыркүйекте Қытай мемлекеттік кеңесі [2011] 33-нөмірлі құжат қабылдап, айырықша сүйемелдеу саясатын айқындап, Қорғастың Шыңжаңдағы, тіпті тұтас Қытайдағы қақпаны сыртқа ашық ұстаудағы ерекше орын деп белгіледі. Автономиялы райондық партком мен үкімет көп түрлі тиімді саясат арқылы Қорғастың дамуын сүйемелдеп, басқару құқығын айқындады. Қазіргі жағдайда Қорғас экономикалық ауданы маңызды тарихи даму міндетін арқалап, «Халықаралық қаржы порты, халықаралық зат айналымы порты, халықаралық әуе тасымалы порты, халықаралық саяхат аңғары» құрылысы қызметін атқарып, реформа жасап «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құруда бастамашылық рөлге ие. 
Қорғас көптеген ғасырдан бері сан түрлі ұлт қоныстанған, түрлі мәдениеттер тоғысқан жер. Байырғы жібек жолы бойына орналасқан көне қалалармен қорғандар, ескі жәдігерліктер, жартас суреттері мен жазулар, сахара сынтастары қатарлы алуан түрлі мәдени мұралар, сауда керуендерінің ізі қалған тоғанақтар мен қоналқы бекеттер Қорғас сахарасында көптеп кездеседі. Сонау ерте кезде Қорғастағы Алмалы қаласын Қарлық, Қаңлы, Шағатай, Моғолстан хандықтары астана етіп, Қытайдың батыс өңірімен орта жазық мәдениетін жалғастыруда «Ұлы жібек жолын» дамытуға елеулі үлес қосқанын көне тарихи жазбалар дәлелдейді. Жазушы Әкпар Мәжитұлы «Шыңғыс хан өзінің Орта Азияны бағындырған жойқын жорығында Талқыда 48 көпір салдырды, сонымен бұл жер Іле бойында төрт маусымда түйе керуені үзілмейтін ұрымтал өткелге айналды» («Қорғас тарихи материалдары», 10- кітап, 2015 жылы қаңтар) деген деректі айтады. 
Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйекте Қазақстанға келген сапарында «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге құруды айтып, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ұсынған болатын. Бұл стратегиясының жолға қойылуы тұтас Іле Қазақ автомиялы облысының, соның ішінде Қорғас экономикалық ауданы мен Қорғас қаласының экономикасын дамытуға, мәдениетін өркендетуге тигізер пайдасы орасан. Қытай елін тану үшін біз Жібек жолы мәдениетін терең зерттеп, Қорғас өткелінің шығыс бен батыс мәдениетін тоғыстыратын қақпа екенін білуіміздің маңызы өте зор. 
«Бір белдеу, бір жол» стратегиясының жолға қойылуына сай Қытай мемлекеттік кеңесі [2014] 80-нөмірлі құжат қабылдап, Қорғас шекара өткел өңірінен Қорғас қаласын құруды бекіткен еді. Осылайша 2014 жылы 26 қыркүйекте Қытайдың батыс-солтүстік бөлігіндегі сахара жібек жолы бойында жаңа Қорғас қаласы дүниеге келді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Тurkistan» газетіне берген биылғы сұхбатында: «Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз» деп жоғары баға берді. Бұл, сөзсіз, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі деп бек сеніммен айтуымызға болады. (Соңы. Басы 2024 жылдың қараша айындағы санында). 
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-этнограф

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы