• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Абай ғылымы

1994 жылы «Хакім Абай» деген кітап жаздым. Жұрт жылы қабылдады. Әрине, түсінбегендер де болды. Қиындық туғызғаны кітаптың герменевтика тәсілімен жазылғаны. 
Ұстазым Қайым Мұхамедханов талай айтып еді, ақынның шығармасын талдағанда тек бір өлеңін немесе өлеңнің бір шумағын не бірер жолын ғана талдаған жөн деп. Бірақ, қазақ топырағында поэзия­ны бұлай талдаған автор сирек. Жұрт жалпылама айтқанды ұнатады. Жалпылама айту жеңіл, әдебиетшілер әрі кеткенде салыстырма тәсілін қолданады. 
Көпшілік шығарма талдауда сюжет қуалап, баяндауға жаттыққан. Нақтылы мәтінді талдау осал шаруа емес. Бұл тәсілді ілгеріде қасиетті кітаптарды талдауға қолданған. 
Қазақ тілінде бұл тәсіл «тәпсір» дегенге келеді. Құран аяттарын жеке-жеке түсіндіруді тәпсір дейді. 
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңнің бір жолы, енді осыны талдау қажет. «Хакім Абай» кітабы толық осындай тәсілмен жазылған. «Хакім Абай» кітабының құндылығы да, түсінуге қиындығы да осыда. Бұл тәсілді Шәкәрімнің өлеңдерін талдауға қолдандым, кейінірек «Жұлдызды Жұмекен» кітабым осы тәсілмен жазылды. 
Абай шығармалары туралы жалпылама айтушылар әлі де жеткілікті. 
Ақынның тек бір өлеңін, бір өлең шумағын не бір өлең жолын талдау әлі де сирек. Жалпылама айтумен нақты өлеңнің мән-мазмұны ашылмақ емес. Кейінгі кезде «Абай ілімі» деген жиі айтыла бастады.    Бізге қажет «Абай ілімі» емес, «Абай ғылымы». Ғылымсыз елдің болашағы жоқ. Абай мұрасынан ілім іздеу жастарды теріс жолға бастау. 
Абай ілімі – теология, біз зайырлы елміз, керегі Абай ғылымы. 
Осы мақсатта «Абай ғылымы» деген еңбек жаздым.  

Ғылым – дүние көркі. 
Абай айтады: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» – деп. Рас. Ғылымсыз дүние туралы сөз жоқ. Мал дегеннің арабша мағынасында капитал, яғни байлық, барлық дәулет деп түсінсек, ол да ғылымсыз болмақ емес.
Хакім Абай «Рас сөздің кім білер қасиетін?» – деп сауал қойғанында, рас сөздің қасиетін анықтаушы да – ғылым. 
Абай заманында ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғылым бүгінгідей мәуелі бәйтерек емес. 
Оқу, білім, ғылым төменгі сатыда. Ғылымға заманында әл-Фараби секілді бірлі-жарым ғұламалар болмаса, кімдердің қолы жеткен.
Ғылым көпшілікке қолжетімді емес еді. Сондықтан, Абайдың «жасымда ғылым бар деп, ескермедім» деген өкініші табиғи жағдай. 
Дүниені танымаққа деген ынта тұла бойын билеген дана Абайға ғылым аса қажет. 
«Қалың елім қазағым, қайран жұртым» – деп толғанысқа түскенде жұрттың жақсы мен жаманның аражігін ажырата алмауы да ғылымның жоқтығынан – дейді хакім Абай. 
Жақсы деген немене? Жаман деген немене осы мәселені елге кім түсіндіріп бермек, тіптен түсіндіріп бергенімен, оны ұға қоярлықтай жұртта қауһар бар ма?
Қазақ қоғамы үшін жақсы мен жаманды айыру ауыр мәселе. 
Абай заманында «жақсы» деген өзгере бастады. 
Жақсылықты анықтаушы сол кезеңде билік жүргізіп отырған орыс әкімшілігі. Қазақ халқының жақсылық дегені енді жақсылық болудан қалып барады. Қазақтардың балаларын түрікше хат танытып, парсы, мұсылманша сауатын ашқандары орыс әкімшілігінің қажеттілігіне жарамай қалды. Ол кезге керегі орысша оқу. 
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында мынандай сурет бар. Абай орыс даналары Александр Пушкин мен Михаил Лермонтов шығармаларын орыс тілінен тәржімалап отырғанын көріп, түрік, араб, парсыша сауатты тобықтының көзі ашық азаматтары Абайдың теріс оқуға шұқшиғанына таң қалысады. 
Роман Кеңес заманында жазыл­ғандықтан бұл суретті жан-жақты Мұхтар Әуезов кеңейтіп баяндамаған. Бұл жерде айтулы мәселе бар, ол араб жазуының оң жақтан, орыс жазуының теріс жақтан бас­талуы. Бұл адамның оң ойлауы не теріс ойлауы деген жағдай. 
Тобықтының дәстүрлі оқығандарына теріс жазу жат. Олар теріс жазу теріс ойлауды талап ететінін біледі.
Дәстүрлі жазудың күрт өзгеруі отаршылдықтың ауыр рухани соққысы болатын. Бүгінгі зерттеушілердің Абай мұрасын әлі де болсын жете түсінбей жүргендері хакім оң жазумен жетіліп, оң ойлаумен толыққан ойшыл, ал оны іздеушілер теріс оқумен білім алғандар. 
Бұл мәселе, әсіресе Абайдың мәтінін (текстологиясын) анықтауда қиыншылық туғызуда. Абай ғалым ретінде оң ойласа, кейінгілер теріс ойлайды, себебі кеңестік тәртіп, оқу-ағарту жүйесі коммунистік жүйеге негізделген.
Абай ғылымын түсіну үшін осы мәселені зерделеп алған жөн. Орысша оқу Абай заманында басталды. Қазақтың орысша білетін жастары Ресей әкімшілігіне қажет болды.
Осы мәселе «Интернатта оқып жүр» – деп басталатын өлеңде жан-жақты баяндалған.

Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы.
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм бұларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват:
Я Семейдің қаласы,
Я қазақтың баласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.

Орысша оқудың керектігін қазақтар да біле бастады. Байлар әкімшіліктің алдау-арбауына түсе бермеуі үшін балаларын орыс оқуына бере бастаған. 
«Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы».
Әрине, балаларының закон білгені жөн, бірақ олар «орыс тілі мен жазуы» прошение жазуға керек деп ойлайды. Жұрттың, елдің бүлінгені керек емес, әйтеуір пайда тауып қалу. Ғылым саласы туралы терең ой жоқ.
Өлең мәтінін оқи келе орысша оқуда мақсат Салтыков пен Толстойлар туралы емес, тілмаш не адвокат болу.
Бұл өлеңде мәселе тереңде. Интернатта оқып жүрген қазақ балаларының санасында Салтыков пен Толстойлардың болмауы заңды. Оқу бағдарламасында олар жоқ. Тіптен, кәдімгі адвокат не тілмаш болу да жоқ. Керегі прошение жазуға қол жеткізу. Кәдімгі пәле-жаламен күн көру. Интернаттан оқу аяқтаған соң, адвокат болып таза қызметке жарайтын мамандар шығып жатқаны жоқ, орыс тілі мен жазуын ел бүлігіне қолдану, пара алу, сөйтіп қазақтарды патша әкімшілігімен бірге қанау. 
Абай оларды шариғатқа шала дейді. Бұл сөздің астарында интернатта оқып жүрген қазақ балаларының кісіліктері сын көтермейді, оларды адамшылыққа тәрбиелейтін ұстаздар да, арнайы пәндер де жоқ. Шәкірттердің оқу жоспары әкімшіліктің талаптарына сай құрылған. Патша әкімшілігіне шәкірттердің кісілігі қажеті шамалы. Кісілік туралы дәрістер беретін ұстаздар бар ма? Әй, қайдам, қазақ балаларын кісілікке тәрбиелемек түгіл, оларды православие діни-ғұрыптарына бейімдеу белең алған. Христиан миссионерлері қазақтар, әсіресе жастар арасына православие дінін таратып, насихаттауды жолға қойған.
Интернатта оқу, тәрбие жұмысының «ақ пен қарасын» кім қадағалап, тексеруде.
Оқу-ағарту ісі толығымен орыс әкімшілігінің ықпалында, оларға наразылық білдіріп, қарсы шығып жатқан қазақ зиялылары кемде-кем.
Орыс әкімшілігіне қазақ балаларының қазақы тәрбиелеуден бұрын, оларға Салтыков пен Толстойлардың еш қажеті жоқ. Сондықтан орысша оқыған қазақ жастарынан кісілікті жандар шықпай жүр дейді Абай.   
Осы өлеңде:
Бүлінсе елдің арасы.
Табылмас ғылым сарасы, –
дейді хакім Абай. Ғылым елдің бүлінбеуіне қызмет етпек. Ғылымы жоқ жұрт қалайша ел болмақ?!

***
Абай одан әрі де ғылымды жиі айтады. 
    Ғылым таппай мақтанба, 
    Орын таппай баптанба.
    Құмарланып шаттанба,
    Ойнап босқа күлуге.

Абай «Ғылым таппай мақтанба» – дегенде, ой астында ой тұр. Ғылымды тапсаң мақтанасың ба? Әрине, жоқ. Ғылым адамға салмақ, сабыр бермек. Ол үшін әуелі ғылымды тап, ғылымға баратын жолға түс, сонда өзінің орныңды да табасың, ойнап күлу әншейін әуре болып қалмақ. Мақтан болатын нәрсе – ғылым. Нық айтылған сөз. Шын мақтан – ғылым. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңде «Ғылым оқып ой таппай» – дейді. 
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» – деген өлеңнің соңғы шумағында «Терең ой, терең ғылым іздемейді...».
Мәз болады болысың» деген өлеңде:
«Бір ғылымнан басқаның 
Кеселі көп асқанға».

Кесел адамға жабыса кететін – дерт. Ғылыммен шұғылдансаң, кесел дертінен аулақ болмақсың.

«Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім».

(«Сегіз аяқ» өлеңінен) 

«Жастықтың оты қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын
Дүниенің көркін болжамай».

Дүние көркі – ғылым деу, қандай терең ой.

«Ғылым да жоқ, ми да жоқ
Даладағы аңдарсың».
(«Өзгеге көңілім тоярсың» өлеңінен).

«Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ».
(«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» өлеңінен). 
Міне, Абайдың ғылым, ғалым туралы ойларының бір шоғыры. 

***
Абай ілім дегенді бір рет қана қолданған. 
«Қайғы шығар ілімнен». Өзге жерде ілім деген түсінік жоқ. Ғылыммен қатар ілім деген түсінік қолданылмаған. 
Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген кәміл мұсылман, дінге қарсы шүбәлі ой-пікірлері де жоқ. 
«Абай ілімі» дегенді өзіміз жанымыздан шығарып алғанға ұқсаймыз. Ілім туралы баспасөз беттерінде әлденеше рет қайталап айтқанмын. 
Ілім ұғымы Құран-Кәрімде. 
«Ей, Мұхаммед! Сен айт: Құдай сендерге айқын ілім жіберді ғой, сөйте тұра, Құдайдан басқа қандай құдірет іздейсіңдер де?...». Әнғам сүресі. 114 аят.
Бұл айқын, айғақты сөз.
Бақара сүресінің 211-ші аятында былай делінген: «Алладан ілім келгеннен кейін оны кім өзгертсе де, оған Алла тартқызар азап күшті». 
«Ей, Мұхаммед! Сен айт: Құдай сендерге білім жіберді ғой, сөйте тұра Құдайдан басқа қандай құдірет іздемекпіз де». Әнғам сүресі, 114 аят.
«Пайғамбарға жіберілген ілімге сенсеңдер ұйғарым осы». Әнфал сүресі, 41 аят. 
Пайғамбарлар ілім жасаушылар емес, оларға Алладан ілім түскен, себебі олар Алланың елшілері. 
Ілім пайғамбардан өзгелерге түспеген. 
Анығы сол, ілім әулиелерге, хакімдерге т.б. түспеген. Абай секілді ғұламаларға ілім түссе, олар пайғамбарлар деңгейінде болмақ. Абай – пайғамбар емес, ол – хакім. Тіптен, пайғамбар ілімі деген түсінік Құранда жоқ, пайғамбар – Алла ілімін насихаттаушы.
Хакім Абайды дәріпте, оның ерекше қасиеттерін айт, бірақ пайғамбар дәрежесіне көтерме. Хакім Абайды пайғамбар деңгейінде дәріптеу күнә!
Алла тағаламен жарыса ілім жасау­шыларды жоғарыда келтірген Бақара сүресінің 211 аятында Алланың тартқызар азабы күшті. 
***
Алланың іліміне қарсы ілім жасаушылар болды, олар: Карл Маркс, Владимир Ленин. Бұлар дінсіздер – атеистер, құдайсыздар. Карл Маркс дінді «у» деген. Бұл ілім бойынша жер жүзінің жартысына жуығы дінсіз, мемлекеттер, қоғамдар болып өмір сүре бастады, соның ішінде қазақ қауымы болғанын зор өкінішпен айтамыз. 
Хакім Абай бұлардың ішінде болмаған, қабылдамаған, ендеше «Абай ілімі» деген қайдан шықты дегенге келсек, оның да түсініктемесі бар. 
Қазіргі абайтанушылардың дені коммунистік, социалистік қоғамдарда туып-өсіп, солардың ілімдері сіңген оқу-ағарту орындарында «білім» және «тәрбие» алғандар. Сол қандарына сіңіп қалған ұғым-түсініктерден арыла алмай, өздерінше хакім Абайды мадақтаған болғанда Карл Маркс, Владимир Ленин ілімдерін Абайға қолданғандықтан, «Абай ілімі» деген пайда болған, мұны айтушылар алаш азаматтар емес, нағыз қазақтар емес, ислам дінін толық қабылдай алмаған социалистік қоғамның «зиялылары». Сондықтан Абай туралы адал сөз айтуға ерте, ақиқатқа бастайтын сөз айтушылар легі әлі де қалыптаса қойған жоқ, тегі ғасырға жуық мерзім қажет, ұрпақтар алмасуы керек шығар деп ойлаймын.
Хакім Абай қалыптасқан кезеңде қазақтың діні де, тілі де болған, олар отаршылық заманында бірте-бірте жойыла бастаған. Ендігі жерде қалың қазақтың қазақ болуы жойыла бастаған. 
«Жаңа жазу», жаңа өмір сүру тәртібі қазақ қауымына іріткі сала бастаған, ол социализм заманында мүлдем жаңа сипатқа, мазмұнға өткен-ді.
Абай қазақы дәстүрлі қоғамда өмір сүрді, бірақ оны ғұлама ретінде тану кеңестік, социалистік, коммунистік заманға дөп келді. 
Абайды шынымен тану Тәуелсіздік жылдары басталды. Бұл аз уақыт, ол бір. Екіншіден, қазіргі қазақ қоғамы ала-құла. Бір үстел басында коммунистер, социалистер, либералдар, демократтар да отыр. Толық «симфония». Тәуелсіз елдің тәуелсіз санасы әлі қалыптаспаған. Іргелес Ресейде әлі де коммунистер үні кей аймақтарда басым. Сенеріміз АҚШ пен Еуроодақ. Көп мәселе әлі саяси жағдайда анықталмаған, ілгері жылжумен бірге кері кету бар. 

Абай – хакім. Мағжан Жұмабаевтың «Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға» деген өлеңі бар. 

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» – деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!» – деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік елсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

***
Мағжан Жұмабаев өлең мәтініндегі төрт айрықша ойларға жұртшылық назарын аудармақпын.
Бірінші «Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» – дейді. Мың жыл деген он ғасыр. Ғұлама әл-Фарабиден бізге дейін он ғасыр, оның сөзінің дәмі кетпеген. Хакім Абай адамзат тарихында әл-Фараби секілді орын алмақ. Қазақ халқы болғанда Абай сөзінің дәмі кетпес. Ақын Мағжанның бағасы өте биік, әрі орынды. Абай сөзі замандар өткен сайын гүлдей бермек. 
Екіншіден, «Артында қазақтың жас балалары, сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!» – дейді. Рас сөз. ХХІ ғасыр ғана емес, келесі ғасырларда қазақтың жастары Абай сөзін көсем қылары анық. Абай сөзі жәй емес, көсем сөз болмақ. Бұл Мағжан ақынның болашақты болжауы. Сөзі көсем болған, әрине ғұлама, хакім. 
Үшіншіден, ақын Мағжанның келешек туралы қаупі де жоқ емес, ол «Көз ашып, жұртың ояу болған сайын, Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар» – дейді. Шындық. Жұрттың көзі де, көкірегі де ашық, ояу болса, хакім Абайдың қадірі артары анық. Ол үшін ұрпағы, оның мұрасына мұқият болып, ояу болуы керек. Алда қандай замандар болмақ, ол бір Аллаға аян. Шіркін, жұрт үнемі ояу болса ғой... 
Төртіншіден, «Тоқтамас дүниенің дөңгелегі, Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер» – деп өлеңін түйіндеген. Хакім Абайдың ел-елді, жер-жерді аралап кететіні анық. Бұл іс қазірде-ақ басталған. Абайды тану әлемде шама-шарқынша жүруде... жүйрік сөз өріс тілейді, ол қамалып қалмақ емес. 
***
Хакім туралы анықтаманы Абайдың өзінен табамыз. «...әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойылар». Демек, әрбір істің себебін іздеушілер хакімдер. Еуропа білімінде мұндайларды метафизиктер дейді. Ол физикадан кейінгі ғылым деген сөз. Физика нақтылы дене, нәрсе, құбылыс табиғатын зерттесе, одан әргі білім ой арқылы нақтыланбақ. Абай хакім дегенді былайша түсіндіреді. Бұлар (хакімдер Е.Ғ.) хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандары һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ бірлән ләззаттанады.
Әрбір істің себебін іздеуші хакімдер хакім үшін дүниенің қызығы негізгі мәселе емес, оның құмары хаққа қызмет. 
Үш шындықтың иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар.
Абай түсінігінде хакімнің дәрежесі пайғамбар мен әулиеден кейін.
Пайғамбар Алла елшісі, ондай дәреже әулиеде де, хакімде де жоқ. 
Абай «адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» – дейді. 
Дүниені адасудан, яғни ойран болудан сақтаушы хакімдер. Дүние ақиреттің егіні деушілер де хакімдер.
Абай хакім деңгейін нақтылы анықтаған. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым».
Мұсылман ғалымдары – иман тақлиди ал хакім деңгейіне жеткен мұсылмандар иман якини болады.
Абай хакімдік деңгейдегі – ғалым. Мұсылман ғалымдары біреулерге еріп, иман тақлиди дәрежесіндегі көп, ал хакім дәрежесінде иман якини мұсылмандар азшылық.
Сонымен мұсылман ғылымының екі дәрежесі бар: иман тақлиди және иман якини, соңғысы хакім атанады. 
Хакім Абай дегенде, біз оны иман якини деңгейіндегі мұсылман ойшылы деп мойындаймыз.
Дүниелік ғылымды заһири деп атайды. Немесе мұндайларды нақлия ғылымдары деп те атайды.
Ғақлия ғылымдары – хакімдер. Абай өз заманының молдаларының хаким атына дұшпан болғанын айтады. Бұл пікір қазіргі біздің заманға да қатысты сөз. Хакімдік деңгейге көтерілмегендер хакім атына дұшпан болуы әбден мүмкін. 
Қорыта айтқанда, дүниелік заһири, біздің тілде зайырлы ғалымдар бар, оны оқушылар алғашқы сыныптан бастап оқып үйренуде.
Сонымен бірге мұсылман ғалымдары бар, олар нақлия және ғақлияға бөлінеді. Соңғысы хакімдер, Абай соның бірі. 
Абай ғылымы хакімдік ғылым. Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым деген Абайға келеді.
Абай әншейін ғалым емес, хакімдік деңгейге өткен – ғалым. 
Сонымен хакім әр нәрсенің себебін іздеуші.
Адасқанды жөнге салушы.
Хикмет айтушы, осы сипаты оны ғылымнан жоғары қояды.  

***
Абай ғылымында қайшылық жоқ. Ол дүниенің үндестігін зерттеген ойшыл. Әлем қайшылықтан тұрмайды екен, әлем Алла тағаланың кеңістігі, ол тұтас бөлінбейтін шындық әлемі. Алла бір, демек дүние де бір.
Біз оқып келген Карл Маркс ілімі, қайшылыққа құрылған. Ол адамдарды бір-біріне қарама-қарсы жауларға бөлген, оны «таптар теориясы» деген. Адам адамға жау, одан француз ойшылы  «Адам адамға – «қасқыр» деген теория шығарған. Абай ғылымы бойынша басқаша, ол «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – тұжырым жасаған. 
Адамзатты бір бауыр деп түсініп, оны жұртқа жария ету – Абай ғылымы. 
Хакім Абай Еуропада қалыптасып, біздің қазақ жеріне жеткен Карл Маркс іліміне түбегейлі қарсы. 
Адам адамға жау емес, бауыр. Мұны түсіну жұртқа ауыр. Көпшілікке адамзатты екіге жарылғаны ұнасымды. Адамдардың бір-біріне дұшпан болуы табиғи дейді марксистер. Бұл шынында ғылым емес, былшыл. Алайда, соны нағыз ілім, білім, ғылым деп қаншама уақытымызды жібердік. Оны қойғанда, жұрттың әлі де маркстік білімнен босап шыға алмай жүргеніне таңым бар. 
***
Жәуанмәртілік
Қазақта жомарт деген кең тараған ұғым. Жомарт деген жақсы адам деген ниетте, балаларына «Жомарт» деген есім беру дәстүрге айналған.
Жомарт дегеннің түпкі мағынасын Абай отыз сегізінші сөзінде «жәуанмәртлік» деген ұғымды талқыға салған.
Абай жәуанмәртліктің үш қасиетін ашып көрсеткен, олар: шындық, ізгілік және даналық.
Шындықтан әділеттілік туындамақ, яғни жомарт атанған жан шыншыл, әділетті. Жалған сөйлеушілердің жәуанмәртлікке қатысы жоқ, олар пендешіліктен шыға алмай жүргендер. 
Ізгіліктен мейірімділік, парасаттылық өсіп, өркендеп ақ пейіл, ақ ниет деген қасиеттерге айналмақ. 
Ізгіліктен үш қасиет өрбімек, олар: ізгі ой, ізгі сөз, ізгі іс.
Ізгі ойы, сөзі, ісі бар жомарт атанбақ. Даналықтан хакімдік өсіп-өнбек. Хакім адам жомарт жан.
Жәуанмәртліктің үш қасиетіне ие: пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер және кәміл мұсылмандар.
Абай пайғамбар мен әулиелер ахиреттің әңгімесін айтып, нәпсіні тиюшылар, демек олар Алла тағала адамдар үшін берген нығметтерін пайдаланбай о дүние туралы ғибадат етпек, сонда Абай малды кім бағады, егінді кім салады дейді. «Жалған дүние ахиретін егіпті» дегеніміз қайда?! 

***
Абай нағыз шыншыл, ол өмір деген мәселені талқыға салды. «Ғұмырдың өзі хақиқат» – дейді.
Жәуанмәртлікті кәмелеттілікке жетудің нағыз жолы десек, өмірсіз (ғұмырсыз) қайдағы кәмелеттілік. 
Хакімдер болса, дүние сөзін сөйлейді. Әулиелер тариқатқа кіріп, дүние ойран болмай ма? Дұшпаннан қалай қорғанбақпыз, дінімізді қалай сақтамақпыз. 
Абай жәуанмәртлікті бір жақты түсінуден сақтандырған.
Әулиелер ішінен де байлар шыққан. Байлық болған жерде мәселе көп, оны Абай отыз сегізінші сөзінде тереңнен талқыға салған.
«Перзенттерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып естелік қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың төлеуі – махаббат. 
***
Абай «махаббаттың төлеуі – махаббат» – дейді. Мұны қалайша түсінбекпіз.
Махаббат Алла тағаланың құдыреті. Олай болса, Жаратушының құдыретін қалайша талқыға салмақпыз. Құдыретті – құдырет деп қабылдаудан өзге жол жоқ. Құдыретке сенім қажет. 
Ғылымда абсолют деген ұғым бар, оны қалай түсіндірмекпіз. Абсолюттің мәні – абсолют дейміз, себебі оны ешнәрсемен салыстыра алмаймыз, былайша айтқанда, теңдесі жоқ. Абсолютті ешнәрсемен салыстыра алмаймыз. 
Махаббатты Алла тағаланың құдыреті десек, оның салыстыратын теңдесі жоқ, сондықтан махаббаттың өтеуі – махаббат. 
Махаббаттың дара қасиеті оны абсолют етіп тұр. Өз лексикамызға салсақ, махаббат – абсолют. Ол сезім, бірақ теңдесі жоқ абсолют сезім. Махаббат адамның барша сезімінің өзегі, тіптен – анасы. 
Махаббаты жоқ адамнан ғалым да, өнер адамы да шықпайды. Махаббаты жоқ адамда мейірім болмақ емес. Махаббатсыздық надандыққа бастайды. Махаббат көңіл көзінің ашылуы, сенім тұнығы.
Сезімге байлық – махаббат. Ғашықтық – махаббаттың асыл көрінісі. Абай нәпсі құмарлығынан ғашықтықты бөліп қарастырған. Құмарлық нәпсі ағысында болса, ғашық тұнық сезім, ол қуатты махаббаттан алады. Абайдың «махаббаттың өтеуі – махаббат» деп отырғаны терең түсінік.   
Махаббатты тек махаббат арқылы сезіну ерекше сенім. Сонда махаббат Жаратушымызға сенім болып шықпақ, яғни махаббат дегенді жеңіл-желпі түсіну қателік емес, надандыққа бастауы әбден мүмкін.

***
Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық. 
Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. 
Абай айтады «Ғылым – Алланың бір сипаты» – деу дәлелдеуді қажет етпейді. Тіптен, дәлелдемек болсаң да оған дәлелдерің жетпейді.
Ғылым Алланың бір сипаты деуге сену қажет. Сенім – ғылымнан биік феномен. Сондықтан, неге ғылым Алланың бір сипаты дегенге дәлелдер іздемейміз. Бізге белгілі жай, ғылым дүние көркі. Ғылым болмаса, әлем туралы ақпарат жоқ. Сондықтан, дүние көркі – ғылым. Сонда ғылымның негізінде танымға сенім қалыптасқан. Біз әдетте танымға зерттеп жетеміз дейміз, ал бұл жағдайға танымға сенім қажет. Бұдан шығатын түйін – сенім ғылымның ең алғашқы сатысы. Осыны түсінбеген періште Жаратушының жаратқан адамына күмән келтіріп, қарғыс алып, ібіліс атанды. Ібіліс адамға бас имей, оны зерттеуге ынталы болды, бұл Жаратушы ісіне күдік еді. Жаратушы адамды тануға ерік берді. Ібіліс Жаратушыға – адам кемел емес, іші қуыс екен деді. Ібіліс – болса, сенім емес, дәлелдерге жүгінді. Алла тағала ғылымы сенімге, сөйтіп Алланың бір сипатына айналса, шайтани ібіліс ғылымы дәлелдер қуып кетті. Сенімсіз дәлелдер үнемі қателіктерге ұшырап отыратынын ібіліс білмеді. Содан беріде адам ғылыми қателіктерге ұрынып келумен келеді, қазіргі ЖИ – соның айғақты көрінісі.  
 
***
Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. 
Абай «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі» – дейді. Мұны сенімге қабылдауымыз керек. Алла тағаланың өлшеусіз екендігіне берік сену қажет. Өлшеусізді білем деу – ағаттық. Алла тағаланың өлшеусіз екендігіне дәлелдің қажеті жоқ. Бұл жерде ақыл емес, сенім қызмет етеді. Ақыл өлшеулі, оның мүмкіндігі шектеулі. Ешбір хакім ақылмен Алланы танымақ емес. Абай тереңге кеткен. Бәрін ақылмен танып білмек болғандарды Еуропада рационалис­тер, олардың теориясы рационализм деген. Абай рационализмді қабылдамауда. Сенімге жолды ақыл бастамаса, қалай болмақ?! Меніңше сенімге жол – сезімде.
Сезіну сенімді қалыптастырмақ, ол арнайы әңгіме тақырыбы. 
Абай осы отыз сегізінші сөзінде аса күрделі тақырыпты көтерген, ол «Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демектілік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса «бір» демекілікте алла тағалаға лайықты келмейді». 
 Әдетте «Алла бір, пайғамбар хақ» дегенге қалыптастық. Мәселенің түбіне үңілсек, Алланы «бір», «бар» деуіміз ақыл нәтижесі емес, ұғымға тиянақ үшін «ойлап тапқанымыз», яғни таным тәсілі. 
Онтологиялық мағынада Алланың бір екені, бар екені бізге беймәлім. Біз Алланың бір әрі бар екенін ақыл арқылы танып-біліп отырғанымыз жоқ, Алланың бір, бар екеніне сенудеміз.
Сенімнен ақыл, таным өрбіген, бұл жаңалық. 
 
***
Абай айтады: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» – деп келісу қиын. Абай хакімдерге тым ауыр жүк арқалатқан. Неге дейсіз ғой, біріншіден, дүниені билейтін хакімдер емес, патшалар, хандар, корольдер т.б. Олардың дені хакімдер емес және хакім сөзін құлаққа ілетіндер де емес. Дүниенің ойранын шығарған. Александр Македонский, Цезарь т.б. биліктің құлдары, зұлымдар.
Екіншіден, хакім билікке келсе де, әділ билеуші болып қалар ма екен? Билік кімді болмасын отқа салады, есін алады. Билікке мас болмаған, билік басында әділетті басшы болғанды тарих білмейді. Билік басына дені дұрыс келген адам, ұзақ билікте болғанда танымастай өзгереді. Сондықтан, Америкада және бірқатар елдерде билік басына 4-5 жылдан артық отырмайды. Америка Құрама Штаттарында Президент екі мерзімнен артық сайланбайды.
Хакімдердің ел басқаруы даулы мәселе. 

***
Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. Әддүния мәзрәгәтул-ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. 

***
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады.
Отыз сегізінші сөздің сүбелі-сүбелі жерлерін таңдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бұл сөздің толық мәтіні қосымша әдебиетте келтірілген.
Хакім Абай сөздері, ойлары біздің баяндауымызда кейде қайталанып келеді, ол кемшілік емес, хакім ойларына ерекше мән беруден туған тәсіл. Абай ойларын қайталып айту, сіңімді болу үшін жасалатын қажеттілік.

***
Жомарт адам кім?
Ол шыншыл, жаны ізгі, дана адам. Мұндай адамның, мұсылман болмауы да мүмкін, бірақ жомарт адам да Алланың рахымына бөленбек. Адамға жақсылық жасау жомарт адамның басты қасиеті, ондай жанның ахиретте орны ерекше болмақ. 
Жомарттық ахиретте ерекше бағаланбақ. 
Жомарт екі дүниеде де жақсы адам. Абай ғылымы жәуанмәртлікті осылай анықтаған. 

***
Әулие кім?
Ол пенделігін әулиелікке жеңдірген, дүние қызығын тәркі етуші жан. 
Абай айтады, олай болса, малды кім бағады, егінді кім егеді, дұшпаннан кім қорғайды. Алла тағаланың адам үшін берген нығметтерін кім пайдаланады.
Ғұмыр өзі – ақиқат. Ғұмыр болмаса, кәмелеттілік жоқ.
Өмір – кәмелеттілік негізі. 
Кәмелеттілікті тек әулиелікпен ғана өлшеуге болмайды дейді Абай. 
***
Абайдың ғалымдығы, оның ойшылдығында. Он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек туралы пікір жарысы болған. Бұл үшеуі кісілер, яғни тұлғалар емес, бірақ Абай олардан ой тұлғаларын жасаған. Оларді бір-бірімен айтыстырып, ақыры оларды ғылымға жүгіндіріпті.
Ой ғылымы деген, міне, осы. Ғылым үшеуіне төреші болғандықтан, бұл ғылыми шығарма, Абай ғылымы. 
Иә, сонымен «қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті».
Абай әуелі үшеуін жеке-жеке сөйлетіп алады. 
Алғашқы сөзді Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, ғылым, өзіңді білуге, ерінбей-жалықпай ізденіп, үйреніп, орнына келтірмек – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.
Бұл қайраттың толық мінездемесі. Қайрат туралы сөз айтқың келсе, дайын мәтін қолдана бер. Әрине, қайрат жеке-дара болмақ емес, ол адамның қасиеті. Ол тәрбиенің жемісі. Қайратты жан табиғатынан дара тұлға. Ата-ана баласына (ұл балаға) Қайрат деп есім бергенде, тілегі алдында. Ер азамат қайратты болмаса, не болмақ. Қайрат елдікке аса қажетті қасиет. Батыр, би, көсемдер қайратты жандар, олар тура жолға бас­таушылар. 
Енді айтысқа түскен ақылды тыңдалық: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті (2 т. 172 б.). 
Рас. Ақылдың жүрмейтін жері жоқ. Ақыл адамның хайуаннан басты басты ерекше қасиеті. Ақыл дүниені танып, білуші, оған талас бар ма? 
Әңгімеге үшінші боп сөзге араласушы жүрек айтыпты: «Мен –  адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті (2 т. 172 б.).
Рас. Таза жүрек мейірім, ұят, әділеттің мекені. Жүрек – тіршілік иесі. Жүрек болмаса, өмір жоқ. Дүние жүрекке барып тіріледі. Жүрек тәрбиесі – жан тәрбиесі. 
Абай қайрат, ақыл, жүректі сөйлетіп алып, ғылымға жөн айтқызыпты: 
«Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті.
«Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман», – депті.
«Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім», – депті. 
Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет», – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен (2 т. 172 б.).
Хакім Абай ғылымның өмірдің сарапшысы, төрешісі екенін айтқан. Ғылым деңгейі биік, оны дүниенің көркі дейтініміз сондықтан. Абай ғылымға шаң жұқтырмаған, бірақ ғылымның да жамандыққа да тартып кететіні бар. 
Ғылым, яғни адам ғылымы Алла ғылымына қарсы болмауы керек. Қазіргі ЖИ (жасанды интеллект) қандай ғылым.
ЖИ мамандары айтады, онда этика жоқ деп, мен қазақшалап айтсам, онда тірі жүрек жоқ, сонда қалай болғаны. 
Жүрек болмаса, мейірім, махаббат, адамшылық жоқ. Ойланатын мәселе. Абай ғылымы қазіргі заманда мәселеге айналуда, шешімі қалай болмақ? 
***
Абай кәміл мұсылмандарды жомарттар қатарына санайды. Отыз бесінші қара сөз: 
«Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді».
Абай «кәміл мұсылмандарды» биік қояды. Шынында қажы атану – дәреже, молда, сопы да сол секілді істер. Тіптен, жомарт, шейіт те осы жалған дүниеге қатысты айтылады. Мәселе, ниет тазалығында. Таза ниетпен молда, сопы, шейіт, жомарт атанғандар бір басқа, ал қажеке, молдеке, сопиеке, мырзеке, батыреке аталмақ та болсаңдар, енді жауап беріңдер дейді. Ниет тазалығы кәміл мұсылмандар да, олар Алланың разылығы үшін қызмет етті, оларға Алла тағаланың орны ерекше дейді Абай.
Әрине, бұл істің шешімі Абай айтқанмен бір Алланың әмірінде. Таразыға ниет тазалығы түскенде шындық анықтамақ, ол бір Алланың ісі. 

***
«Толық адам туралы»

«Толық адам» – метафоралық ғылыми тұжырым. 
Абай өлеңі: 
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Осы өлеңнің алты жолы кей азаматтар үшін Абайдың «толық адам» деген іліміне негіз болыпты. Мәселе, ақыл, қайрат және жүректе, бұл үшеуі тек қазақтарға ғана тән емес. Орыс, неміс, француз бәрінде ақыл бар, қайрат бар және әркімде жүрек бар, демек адам баласының бәрі «толық адамдар». Олай болса, «толық адам» ұғымы тек қазақтарға ғана тән емес. Осы үшеуін бірдей ұстайтын орыс, неміс, француз жоқ деп кім айтты. Абай жалпы адамзатқа тән жағдайды қазақша баяндаған. Шындық сол. Абай осы үшеуін бірдей ұстайтын қазақтар деген жоқ. Адам болған соң, ол ақылды, қайратты әрі жүректі болуға міндетті. Әрине, адамдар әркелкі, мүмкін біреу қайратты болса, жүректі болмауы мүмкін немесе қайратына сай ақылды болмауы да мүмкін іс. Абайдың айтып отырғаны тағылымдық, үлгілік жайт. «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деп басталатын өлеңнің соңғы шумағында «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
Талас жоқ. Абай адамның өзге де қасиеттерін осы үшеуіне сыйғызған, қасиеттерді сұрыптаған, бұл жерде ешқандай ілімнің белгісі жоқ. Сөз адам және оның асыл қасиеттері туралы. Алғашқы өлеңге қайта оралсақ, соңғы екі жолда: 
«Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, 
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» – деп ойын түйіндеген, мұнда да ілім туралы сөз жоқ. Абай үшеуінің жөнін білетін Ғылым деген. 
Абай қалыпты жағдайды адам табиғаты туралы баяндаған. 
Хакім Абай отыз сегізінші сөзінде толық адамды толық мұсылман – дейді. Оның айтуынша, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған толық мұсылман. 
Қорыта айтқанда, «Толық адам» деп отырғанымыз, хакім Абайдың метафоралық-ғылыми тұжырымы, ілім емес.

***
Абай отыз сегізінші сөзінде Алланың ғылымы, адамның ғылымы деп анықтаған. 
Білімге, растыққа, хақиқатқа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бұл Адамның ғылымына қатысты. Бір сөзбен айтқанда, білмекке құмарлық – адам ғылымы.
Ғылым Алланың бір сипаты болғандықтан, хақиқат Алла ғылымы. Ол ғылым дәлелдеуді қажет етпейді, себебі Алла тағаланың өзі – хақиқат жолы. Адам ғылымы – ізденіс жолы. Адам ғылымында мін, қателік болуы мүмкін, Алла ғылымында мін жоқ.
Оқу, білім жолына түсу адам ғылымының тәсілдері. Адам ғылымы екі бағытпен құнарланады. Алғашқысы оқып-білу, талаптанып іздену, қажырлы еңбекті қажет етеді. Білім, ғылым инемен құдық қазғандай деген сөз содан шыққан.

(Жалғасы бар)

441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы