• Мақала
  • 23 Қаңтар, 2026

Біз қашан оянамыз?

Қазіргі заманда ғаламтор пайдалану арқылы ақпарат алмасудың пайдасы да, зияны да бары көп айтылып жүр. Бұл көзқарастың екеуі де дұрыс сияқты. Біріншіден, әр адам өз таңдауы бойынша керек уағында іздегенін тауып, өзінің білім деңгейін көтеруге мүмкіншілік беретін пайдалы жол. Екіншіден, ғаламтор ақпаратын екшеп-саралап, ұстанымы қалыптасқан сана таңдауымен өзінің рухани өсуіне, білімін жетілдіруге қажет ететін мөлшерде қабылдамаса – зиян әкелуі мүмкін. Талғамсыз ақпарат қабылдау адамның түйсігін улап, қабылдаған ақпараттарының мәнін терең оймен ұғуға мүмкіншілік бермейді.  

Болат ДҮЙСЕМБІ, 
публицист, қоғам қайраткері 

Ол адамды ойсыз мәңгүртке айналдырып, гипнозбен арбағандай ғаламторға тәуелді етеді. Яғни, жүйесіз, көп мөлшерде алған ақпарат ми мен жүйкеге салмақ түсіріп, адамның табиғи қабілетін төмендетеді. Кейде адамды психологиялық ауытқуларға душар етуі мүмкін. Өйткені, осы ғаламторды санаулы алпауыт мемлекеттердің әлемдегі саяси ахуалды бақылауда ұстап, дүниежүзіне ықпал ету үшін тиімді пайдаланып отырғаны аян. Олардың негізгі мақсаты – адамдардың психикасына әсер ету арқылы, олардың көзқарасы мен түйсігіне ықпал ету. Олар басқа елдердегі, өзінің тарихи-ұлттық рухани құндылықтары негізінде қалыптасатын қоғамдық саналарды өзгерту үшін, небір қитұрқы әдістерді пайдаланады. Сондықтан да біз көзге көрінбейтін, бірақ санамызды жаулап жатқан ақпараттық шабуылдан өзімізді және ұрпағымызды қорғауды бір сәт те болса естен шығармауымыз керек. 
Кейінгі кезде біздің қоғамда ұлты­мыздың болмысына жат пікірлердің құлағы қылтиып, көп айтыла бастады. Мысалы, солардың кейбірі тарихқа шолу жасау немесе шындықты айту үшін деген айдармен таралып жүр. Оның аяғы ұлтымыздың ішінде іріткі тудырып, оның келешегі үшін ұйысуына кедергі әкелмей ме деген сұрақ тудыратыны белгілі. Тірі кезінде құрметке ие болып, қоғамға ықпалын жүргізген танымал адамдардың өлген соң қылықтарын сараптан өткізіп, кемшіліктерін жіпке тізу, оларды нәжіске былғау еуроцентризм идеологиясына тән қоғамдық санада тәрбие алғандардың қылығы екені де аян. Бұл ақиқат. Ойлансақ, бұл үрдістің негізі тереңде жатыр. 
Қазақ болмысындығы бір шындық – ол біздің халқымыздың көзқарасы мен санасы кеңес дәуірінде қалыптасқан орыс мемлекетшілдігі психологиясы негізіндегі идеология ықпалымен қалыптасқаны. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін де халқымыздың ұлттық санасы мен көзқарасының уланып қалған сол бұрынғы идеологиялық құрсаудан шыға алмай жүргені ақиқат. Осының салдарынан, кейінгі кездері қазақ азаматтарының халқымыздың тарихи өткен жолында белсенділік көрсетіп өмір сүрген тұлғалар туралы сын айтуы көбейіп кетті. Әсіресе саяси сахнада болғандар туралы. Бұл үрдіс ұрпақ тәрбиелеудің негізгі құралы – ұлттың бірлігін нығайтатын қоғамдық сана қалыптастыруға орасан зор зиян әкеледі. Халқымыздың менталитетіне байланысты, ішкі ынтымағымызды бекітетін қасиеттерінен айыратын осы іріткі пиғылдардың жол алуы ұлтымыздың келешегіне қауіп төндіретіні белгілі. 
Біздің халқымыздың басқа халық­тарда кездеспейтін бір құндылығы – аруақтарды сыйлау. Халқымыздың тарихында бабаларымыз ешқашан да о дүниелік болған адамдардың атына сөз айтып, кемшіліктерін теріп, олардың аруағын қорламаған. Бұндай қылықты надандық пен көргенсіздікке балаған. Қазақтың мінезіндегі ерекшелігі – адамның кемшілігін тірісінде кім болса да көзіне тура айтып, ал ол адам өлген соң аруағын сыйлап, бар кемшілігін ұмытуды үйренген. Бұны қазақ даналарының шешендік өнеріндегі ел бірлігі мен әділдікті сақтауға байланысты қалдырған сөздері мен өсиеттерінен ұғып, білуге болады. 
Бабалар даналығын ұғу үшін, әр адам өз халқының рухани құндылығын меңгеруі қажет. Адам баласының өз тегінің құндылығын ұғуы мен ойлау қасиеті сол адамның генетикалық жадына тікелей байланысты. Тіл – генетикалық жадының кілті. Адам өзінің генетикалық жадын пайдалану үшін тек ана тілінде сөйлеп, өз тегінің құндылығын бағалайтын ортада өсіп-жетілуі қажет. Яғни, өзіндік ұлттық сана қалыптастыру үшін соған ықпал ететін орта қажет. 
Қазіргі кезеңде біздің рухани құндылығымызды сақтайтын да, оны ұрпаққа сіңдіретін де, таза қазақша сөйлеп, балаларын аталар қалдырған салт-ғұрыптардың асыл жұрнағымен тәрбиелейтін орта – қазақ ауылы. Қазіргі өркениет ерекшелігіне байланысты, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру жолында халық құндылықтарының жауһарын ұрпағымыздың санасына сіңдіру үшін қаланы рухани құндылықты қастерлейтін орта деңгейіне жеткізуіміз қажет. Өзін қазақпын дейтін, халқын қадірлейтін бірде-бір адам бұған қарсы сөз айтпайтыны белгілі. Біз сөз жүзінде осы ұғымды қолдап, іс жүзінде бойымыздағы жігерсіздіктен маңайымызда болып жатқан кемшіліктерге көз жұмып, барды көрмей жүре берсек, сол қылығымыз да жағымпаздықтың бір түрі екені ақиқат. Жағымпаздар – тек лауазымды тұлғалардың маңайында, көз алдымызда жүргендер ғана емес. Халқының келешегі мен ұрпағының тағдырына немқұрайды қарайтын енжар, тек ас үйде отырып билікті мінеп, не оған сын айтатын оппозицияны немесе ұлтшылдарды сырттай сынап, жеме-жемге келгенде үндемей қалатын ынжықтар да, жағымпаздарға жататыны аян. Ондай отбасында тәрбие алған балалар қайдан белсенді, ұлт намысын қорғайтын азамат болсын? Әлде, балалар тек мектептегі тәрбиенің нәтижесінде мемлекетшіл, ұлтын сүйетін, отанын қорғайтын деңгейге жетеді деп ойлай ма? Әй, қайдам. Сол мектепте балаларға тәлім беріп жүргендердің көбінің де сана-сезімі мен болмысы сол еуроцентризм ықпалынан тазара алмай, қоғамда қалыптасқан идеология шеңберінен шыға алмағандар болса қайтерсің. Оларға ренжуге де болмайды. Өйткені, оларды сондай халге душар етіп отырған, өз халқының келешегін тек еуроцентризм ұғымына байлап қана шешуден басқа жолды іздемейтін және көрмейтін жандар сауатсыз ұрпақ тәрбиелейтін бағдарламаны ұсынудан аса алмай жүр ғой. Өкінішке қарай, «өркениетті» елдерден қалмаймыз деп ұрпақ тәрбиесі мәселесін еліктеумен космополиттік ұғымдардың шеңберінен шығармауға күш салып жүргендер де бар. Осыны билік басындағылар қашан ойлап, түзетуге күш салады? Бірақ, қазіргі қалыптасып қалған жағдайды түзетудің ауылы әзірше алыс. Егер бұл мәселе шешілмесе, осы қателері бумеранг болып өздеріне тиетінін сол азаматтардың ойламайтыны ұғымға сыймайды...  
Өмір заңы бір орнында тұрмайды, өзгереді. Кейін уақыт өткен соң, осы қателіктері үшін өздері тәрбиелеген келесі ұрпақ олардың өзін көң-қоқысқа лақтырып, нәжіске аунатуы мүмкін екенін неге ұқпайды. Талас тудырмайтын бір шындық: кез келген «тұлғаның» заманы өткен соң, тарих оған тірісінде айтылмаған бағасын беріп, халық оның атын не мәңгі жадында сақтайды, не қарғыс айтып, халықтың жадынан қара бояумен мәңгілікке өшіреді. Бұл ақиқат, оған ешкімнің әмірі жүрмейді.  
Тарихты қастерлеу деген, өткенге қазіргі заманның көзқарасымен қалыптасқан ұғыммен баға беру емес. Тарихты қастерлеу – сол заманның қайшылықтарын санамен ұғыну, өз пікіріңді тықпалап, өткендердің кемшілігін қазбаламау. 

420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы