- Мақала
- 23 Қаңтар, 2026
«Ақиқат» – ұлттың айнасы
Алғашқы қоғамдық-саяси журналдардың бірі болған басылымға – 105 жыл
Еліміздің өткен тарихы көне қолжазба-шежірелерде ғана емес, баспасөз өнімдері – газет-журнал беттерінде де қаттаулы. Әсіресе, қазақ елінің тарихында бетбұрысқа және қым-қиғаш оқиғаларға толы ХХ ғасыр басындағы баспа басылымдары – бүгінде тарихымыз үшін құнды жәдігер, дәйекті дереккөз, қайраткер тұлғалардың сөзі мен ізі, ана тіліміз үшін көсемсөздің бастау көзі, журналистиканың қайнар бұлағы. Бұл басылымдар ғасыр басындағы қоғамның тыныс-тіршілігін шынайы бейнелеп, тасқа жазып қалдырды. Осынау ақпараттық, саяси-әлеуметтік әрі ағартушылық міндет арқалаған тарихи баспасөздің алдыңғы қатарында бүгінгі «Ақиқат» – кешегі «Қызыл Қазақстан» журналы тұр. Алғашқы саны 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынбор қаласында баспа жүзін көрген басылымның шыққанына биыл 105 жыл толады.
Қазақ қоғамының рухани, саяси және мәдени тұрғыдан жаңа кезеңі болған бұл дәуірде қазақ тіліндегі газеттер мен журналдар біртіндеп көбейе берді. Баспа басылымдары маңызды ақпарат көзі болумен қатар, ұлттық сананың қалыптасуында елеулі рөл атқарды. Ұлттық идеяны жүйелі түрде көтерген «Қазақ» газетінің үлгі-өнегесі кейінірек жарыққа шыққан кеңестік басылымдардың редакциялық саясатына ықпал етпей қоймады.
«Қызыл Қазақстан» – ХХ ғасырдың 20 – 30 жылдарынан бастап жарыққа шыққан, қазақ тіліндегі мемлекеттік қоғамдық-саяси және идеологиялық журналдардың бірі. Ол кеңес өкіметінің Қазақстандағы саясатын насихаттаушы басты басылым қызметін атқарды. Журнал бетінде бұқара халыққа марксизм-ленинизм идеялары дәріптеліп, тап күресі, пролетариат диктатурасын орнату тақырыптары басты орын алды. Әйтсе де, журналда қызмет атқарған халқымыздың біртуар тұлғалары – «Қызыл Қазақстанның» тұңғыш редакторы Абдолла Асылбеков бастаған Ерғали Алдоңғаров, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Хамза Жүсіпбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Жанайдар Сәдуақасов және басқа азаматтар ұлттық сипаттағы өзекті мәселелерді көтере білді. Олар отаршылық саясаттың кеңес өкіметі тұсында да жалғасуы, жер мәселесі, әлеуметтік теңсіздік, ашаршылық сияқты өткір тақырыптарды қозғап, қазақ халқының сол кездегі жай-күйін ашынып айтты.
1921–1924 жылдары «Қызыл Қазақстан» атымен шығып тұрған басылым, 1924 жылдан 1932 жылға дейін Қазақстан КП (б) өлкелік комитетінің органы ретінде «Қазақстан большевигі» деген атпен оқырманға жол тартса, 1952 жылы журналдың аты «Қазақстан коммунисі» деп өзгереді. Басылымда қазақ журналистикасының тұғырлы тұлғаларының қолтаңбасы қалды. 1950-80 жылдары Мұхаметжан Әбдіхалықов, Ахмет Елшібеков, Құрманбек Сағындықов, Мұқан Мамажанов, Кәкімжан Қазыбаев басшылық еткен уақыт журналдың беделді саяси басылым атанған кезі еді. Мұнда партия-совет билігіндегі лауазымды тұлғалардан бөлек, көрнекті ғалымдардың танымдық-тағылымды мақалалары жарияланды. Редакция қызметкерлері өз естеліктерінде: «Партияның тапсырмасымен шалғай ауыл-аймақты аралап, жоспардағы тақырыпты жазсақ та арасына халықтың мұң-мұқтажын сыналап кіргізіп жіберетін едік» деп еске алады.
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап журнал «Ақиқат» деген атау алды. Журналдың бас редакторы Камал Смайылов басылымды мазмұндық тұрғыдан өзгертті, журнал жұмысына ғалымдарды тартты. «Ақиқатта» бұрын айтылмай келген ақиқаттар айтылып, тасада қалып келген тақырыптар көтерілді. Осы тұста қазақ қоғамы үшін сенсация болған әйгілі «Бесеудің хаты», Тұрар Рысқұловтың хаты, Сәтбаевтың Сталинге хаты және басқа тың тарихи деректер жарық көрді.
Әр дәуірдің өзіндік бағыт-бағдары мен міндетіне сай бүкіл тыныс-тіршілігі баспасөзден көрініс табатыны белгілі. «Ақиқат» журналы өзінің 105 жылдық тарихында саяси-қоғамдық басылым ретінде өз борышын барынша адал атқарып келеді. Журнал қызметкерлері әрдайым сонау ғасыр басындағы ізашарлары нысана еткен ұлттық мүддені басты орынға қояды.
«Қызыл Қазақстан» – бағалы тарихи дереккөз, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық сана трансформациясының айнасы болса, «Қазақстан коммунисі» – қазақ саяси публицистикасының ақпарат айдыны, саяси мәдениеттің мінбері. «Ақиқат» – азаттық пен рухани тәуелсіздікке ұмтылған ұлттың айнасы. Ғылым мен білімді дәріптеуші, философиялық ойдың ордасы.
Иә, қазақ баспасөзі – қазақ қоғамының кешегі шежіресі, бүгінгі тынысы, ертеңгі тарихы. Біздің басты мақсатымыз – өз дәуіріміздің үні бола білу. Ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуін, саяси мәдениетті дамытуды, тарихымызды танып, салт-дәстүріміз бен тілімізді сақтауды және насихаттауды мақсат тұтқан басылым өз дәстүрінен айнымай, сара жолды жалғастыра береді. Редакция алқасы 105 жылдық мерейтойға орай журналымызда нөмір сайын арнайы мақала-сұхбаттар легін беруді жоспарлап отыр.
Бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!
Дина Имамбай
438 рет
көрсетілді0
пікір