- Мақала
- 23 Қаңтар, 2026
Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнтізбелік жаңа жыл төрімізге озған шақта қазақ басылымына сұхбат беруі еліміздегі игі дәстүрге айналып келеді. Осы орайда ел Президенті халықаралық «Turkistan» газетінің 2026 жылдың 5 қаңтардағы нөмірінде аталған басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбаты жарық көрді. Сұхбат «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тақырыппен жарияланды.
Президент еліміздегі бірінші тұлға болған соң, оның айтар сөзі мен пікірі, саяси-қоғамдық мәселелерге деген көзқарасы жұртшылық тарапынан қызығушылық тудыратыны сөзсіз.
Қазіргі таңда мемлекетіміз саяси тұрғыдан жаңғыру үстінде. Отыз жылда жасалмаған дүниелер, қордаланып қалған өзекті мәселелер, шешімін таппаған сан түрлі сауалдар, әлеуметтің мұң-мұқтажы, қарап тұрсақ, осының барлығы ды маңызды түйткілдер. Өзекжарды салаларды құқықтық, заңдық тұрғыдан ретке келтіру оңай шаруа емес. Десек те, Президенттің талап қоюымен сең қозғалды, іс алға басты. Ендігі керегі – алға қойған міндеттер мен мақсаттарды сапалы орындау, стратегиялық жоспарларды жетер жеріне дейін жеткізіп, нәтижелі жүзеге асыру. Билік өкілдерінің, жергілікті атқарушы органдардың ұтқыр қимылы керек-ақ. Шенеуніктердің жауапкершілігі артпаса, іс өнбейді. Ал осы жауапкершілікті мойнына алуға лауазымды тұлғалар әлі де жүрексінеді. Бұл жөнінде Президент жыл аяқталар кезеңдегі алқалы жиында жақсы айтты. Мысал үшін, кейбір министрлер, басшылар жауапты құжаттарға қол қоймау үшін еңбек демалысына кетіп қалады, ауырып қалады, бүкіл жауапкершілікті орынбасарларына ысырып тастағысы келетініне қынжылыс білдірді. Расымен де солай. Бұл – ащы шындық. Мемлекеттік іске немқұрайлы қарау, жауапкершіліктен жалтару – биліктің халық алдындағы бет-бейнесіне абырой әкелетін үрдіс емес.
Сұхбатта атап өтілгендей, тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылмауы, қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылымның тозып кетуі, энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің ескіруі, қордаланған түйткілдердің күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласуы, бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті. Үкіметтің «Авгийдің атқорасын» тазалауға асықпауы – елдегі шынайы жағдай болды. «Соған қарамастан ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын» деді Президент. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түскенін айтты. «Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды» деді Қ.Тоқаев. Көптеген бағыттар мен салаларда «Авгийдің атқорасы» дейтінтей ахуалдың орнағаны анық. Ел басшысы осының барлығын көріп, біліп, сезіп отыр. Жемқорлық тереңдеп, бюрократия өрістеп, тамыр-таныстық өршіп, заңсыздық белең алған салаларды ретке келтіру, жөнге салу оңай емес. Бірақ Президент ел басшысы ретінде осының бәрін «келесі басшылыққа ысыра салмай» ахуалды дұрыстауға, жағдайды түзеуге әмір беріп, мәселені созбаққа салмай, жеделдете шешуді тапсырды.
Осы орайда Президенттің сұхбаттағы мына бір ойы ерекше назар аудартты: «Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек». Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев елдің басшысы ретінде жүзеге асырылып жатқан реформаларға байланысты жауапкершілікті мойнына алатынын айтып отыр. Дәл осындай көзқарас, дәл осындай ұстаным күллі жоғары лауазымдағы басшылардың бойында болса, қанеки. Осындай жауапкершіліктің болмауынан көп реформалар аяқсыз қалды емес пе. Қаншама қаражат желге ұшты. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Мұның барлығы тиісті бақылаудың жоқтығынан, бармақ басты, көзқыстылық пиғылға жол берген жемқорлықтан. Жемсауын толтырғандар шетел асты. Мемлекетке опасыздық жасағандар, қазына қаржысын жымқырғандар жазасыз кетпеуге тиіс. Қазір мемлеметтік саясат экономикадағы, қаржы саласындағы бақылауды күшейтті. Оңай пайда табудың ұясына айналып кеткен «тендер» жүйесі де тәртіпке салынса дейміз.
Президентіміз айтқандай, экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. «Дегенмен, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар». Шын мәнінде, елдің дамуы – экономикалық реформалардың тиімді нәтижесіне тікелей байланысты. Сондықтан экономика бұл – тіршіліктің күретамыры. Оның дұрыс болуы, жыл сайын жоғары қарай өрлеуі – әлеуметтің көңіл-күйіне тікелей әсер ететін бірден-бір фактор.
Қазір қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген мәселенің бірі – жаңа Салық кодексі. Әсіресе, кәсіпкерлер алаңдаулы. «Тапқан табысымыздың қомақты бөлігін салық төлеуге жұмсасақ, кәсібіміз төмен қарай құлдилап кетпей ме?» деген сауал іскер азаматтарды толғандырып отыр.
Бауыржан Бабажанұлының жаңа Салық кодексіне байланысты қойған сауалына Президент жан-жақты тоқтала отырып жауап берді. Салық реформасына қатысты ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ екенін бірден айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілген. Жаңа Салық кодексі бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға негізделеді. Демек, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. «Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі» деді Президент.
Салық реформасын әркім әртүрлі қабылдайтыны заңдылық. Салық төлеуден жалтаратындар қарапайым халық емес, қалталы алпауыттар болғанын өткен отыз жылдағы еліміздің тәжірибесі көрсетті ғой. Бұл мәселеде мемлекеттің позициясы айқындала түскендей. Ірі кәсіп иелерін, компания, кәсіпорын жетекшілерін өз міндеттерін адал орындауға шақырып отыр. Өркениетті түрде. Заңдық негізде. Демек, «заманауи қоғамдық келісімшарт» ашық, әділ әрі жан-жақты ойластырылған болуы тиіс.
Қазіргі өзгермелі уақыт кезеңінде газет-журналдардың таралымы жылдан жылға төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Таралымның төмендеуіне әсер етіп отырған бірнеше фактор бар. Олар – қоғамдағы оқу мәдениетінің әлсіреп кетуі, газет-журналдарға деген қызығушылықтың бәсеңдеуі, оқырмандар назары мен ықыласының интернетке, смартфон, гаджеттерге қарай ойысуы. Дегенмен, Президент сұхбатында айтылған «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деген ой баспасөз өкілдерінің үмітін оятқаны ақиқат. Мемлекет газет-журналдар таралымын арттырудың механизмдерін қалыптастыруы керек. Ал әлеуметтік желілердің қандай зияны бар екенін Президент өз сұхбатында жақсы айтты. «Әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады». Әлеуметтік желілерде желіккендер өмірдің барлық жауапкершілігін сезіне алмасы хақ. Жеңіл әңгіме, жеңіл сөз, ұшқары пікір, тексерілмеген факті – бәрі-бәрі әлеуметтік желі қолданушыларының еншісінде. Әлеуметтік желіні қалай пайдалансақ, ол солай қызмет етеді. Бірақ, оған адамның жеке мәдениеті, білімі, ақыл-парасаты сай болуы керек. Қаншама адамның уақытын ұрлап, берекесін қашырып, өмірлік мақсат-мұратынан адастырып жіберетін теріс жағы да бар. Әр дүниеге талғам керек. Әлеуметтік желі де солай. Адамның талғам-таразысы дұрыс болса, әлеуметтік желіден өзіне тек пайдалы жағын ғана ала біледі.
Президент мерзімді баспасөзді жас кезінен бері үзбей оқитынын айтты. Бұл нағыз зиялы адамның пікірі. Мерзімді баспасөз адамның ақыл-ойын ұштап, өмірлік тәжірибені, қоғамды тануды үйретеді. Алдыңғы буын ағаларымыз баспасөзді өмір бойы серік етіп, өз заманының шынайы қайраткерлеріне айналғанын тарихтан жақсы білеміз. Бірақ, қазір, өкінішке қарай, газет-журналдарға деген көзқарас, заманауи ұрпақ тарапынан өзгеріп кеткені қынжылтады. Дегенмен, бұл олқылықтың орны әлі-ақ түзелер деп ойлаймыз. Өйткені, қоғамда кітап оқуға деген мәдениет артып келеді. Бұл да мемлекеттік саясаттың оң нәтижесі.
Осы ретте Мемлекет басшысы аспасөз саласына жоғары баға бергені қуантты. «Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын» деуі дәстүрлі басылымдардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында баспасөздің рөлі айрықша жоғары. Себебі баспасөз қашанда мемлекеттік және ұлттық мүдде тұрғысынан ой айтады, қоғамның маңызды тақырыптарын сараптайды, билік пен халық арасында алтын көпір бола отырып, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешудің де нақты жолдарын көрсете алады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, күрмеуі қиын қаржылық дағдарыспен басталған егемендігіміздің бастапқы кезеңдерінде ұлт баспасөзі қоғамды ұйыстыру, бір мақсатқа жұмылдыру, қиналған елді сабырға шақыру, жаңа заманның жаңа қағидаларын орнықтыру орайында көп еңбек сіңіргенін тарих ұмыта қойған жоқ. Күні кеше ғана пайда болып, ортамызға келген әлеуметтік желілер ешуақытта баспасөздің орнын алмастыра алмайды. Сол себепті де, Президенттің баспасөз оқитын дәстүрі мемлекеттік аппаратта қызмет етіп келе жатқан барша лауазымды тұлғаларға, шенеуніктерге де жұғысты болса екен дейміз. Мемлекет қайраткері мемлекеттік басылымдарды оқуы керек.
Сұхбатта көтерілген келесі бір маңызды мәселе – туризм саласына қатысты болды. Елімізде ең жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі де бірегейі – туризм саласы екені белгілі. Алайда, осы саланың айы әлі де оңынан туа алмай келе жатқаны жасырын емес. Әйтеуір, кемшілік көп. Ұйымдастыру, инфрақұрылым, т.б. мәселелер аз емес. Әрине, Қазақстанның табиғаты көркем. Бірақ, көркем табиғатпен алысқа бара алмаймыз. Туризм деген ең алдымен сервис, яғни қызмет көрсету саласының жоғары деңгейде болуы. Шетелден келген туристер өздерін шын мәнінде турист ретінде сезініп қайтулары керек. Ол үшін елімізге ұшақпен қонған сәттен бастап сервистік қызмет дұрыс деңгейде болуы тиіс. Яғни, туризм саласына оң имидж әкелетін дүние бұл – сервис, яғни қызметтің дұрыс көрсетілуі. Инфрақұрылым да әлемдік стандарттарға сай келуі керек. Әзірге осы дәрежеге қол жеткізе алмай жатқанымыз шындық. Демек, шешімін күткен мәселе көп. Туризм саласына кірген жекеменшік кәсіпкерлер тым жоғары баға қояды. Ондай баға шетелдің өзінде бола бермейді. Осындай келеңсіз нәрселердің барлығы да отандық туризм саласы туралы теріс пікір қалыптастырады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбатында «…жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз» деп әділ бағасын берді.
Сонымен қатар «туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр» деген сөзі де туризм саласында қалыптасып отырған ахуалдың шынайы жағдайынан хабар беріп тұр. Бір есептен, «эко-белсенділерді» де түсінуге болады. Өйткені, олар туризм саласын ұйымдастырушылардың біліктілігіне сенімсіздікпен қарайды. Ағаштарды тым көп отап, жасыл желегі мол жерлерді айтақырға айналдыра ма деп те сескенеді.
Президент сұхбатта орынды атап өткендей, көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады. Осындай қарама-қайшылықтармен бетпе-бет келіп отырған туризм саласы қанат жайып, шарықтай алмай отыр. Әйтпесе, отандық туризмнің әлеуетін молынан арттыруға болар еді. Оған біздің табиғатымыздың мүмкіндіктері ұшан-теңіз. Жалпы, біз туризм саласына ішкі көзқараспен емес, әлемдік көзқараспен қараған кезде ғана көп мәселе шешіледі. Туризм саласының көркеюі сол саланы игергісі келетін кәсіпкерлердің мемлекеттік мүддеге деген адалдығында, отаншылдық позициясында. Қалтасын қампайтуды ғана ойлап, жеке бастың пайдасын ғана күйттеп кеткен кәсіпкерлер мемлекетке де, табиғатқа да жаны ашымайды. Туризм бір-екі жылдық науқан емес екенін, ол мыңжылдықтарға жалғасып кететін стратегиялық сала екенін түсінетіндер аз. Мемлекет пен туризм саласы қатар дамыса, туризм мемлекеттің имиджін көтерер еді. Мысалы, көптеген жұртшылық Түркия елінің тарихын білмеуі мүмкін, алайда Түркияның туристік қалаларын, демалыс орындарын өте жақсы біледі. Жалпы, туристер – өте сезімтал, талғамшыл, кірпияз, талапшыл халық. Олардың талап үдесінен шығу оңай емес. Ал талабынан шықтың екен, пайда шаш-етектен болады. Әлемде тек қана туризмнен тапқан пайдасымен өмір сүріп келе жатқан шағын аралдар бар. Оның жанында Қазақстанның туристік әлеуеті шамамен айтқанда 10 пайызға да игерілген жоқ.
– Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет, – деп атап өтті Президент.
Жалпы айтқанда, туризм саласы түбегейлі өркендеуі үшін әлі де талай жыл керек. Бірақ, серпінді бастамасы бүгін қолға алынып, жұмыстар кезең-кезеңдік қадамдармен жасалуы қажет және бұл мәселелерде ұстаным айқын болуға тиіс. Халықтың да туризмге деген ментальдық көзқарасы өзгеруі керек шығар. Бай тарихымыз бен мәдениетімізді таныстырып, насихаттаудың оңтайлы жолдарын қарастыру – межелі міндет.
Президент өз сұхбатында соңғы жылдары Қазақстанда тарихты талқылау сәнге айналғанын, түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатқанына назар аударды.
– Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние. Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол, – деді. Иә, тарихты бажайлау, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға баға беру – еріккеннің ермегі емес. Тарих – қателікті кешірмейді. Тарих – салқын ақылды, ұстамды көзқарасты талап ететін ғылым. Сондықтан да тарихи тақырыптарға абайлап кірген жөн. Кәсібилік керек, терең білім керек, сарабдал сана керек. Сол үшін де кәсіби тарихшыларымыз көбірек сөйлеуі керек. Олар белсенді болмаған жерде әуесқой «тарихшылар» сөз алатыны заңдылық. Тарихқа қатысты ақпараттық кеңістігіміз игерілмей тұрғандықтан (тарихи еңбектер аз, кинофильмдер санаулы, деректі фильмдер теңізге тамған тамшыдай ғана) бұл салаға әуестікпен, қызығушылықпен келіп, тарихты «хайпқа» айналдырып алғандар туралы Президент сұхбатында жақсы айтты. Бұл қадам – ақиқат жолы емес екенін уәждеді.
– Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс, – деді. Иә, осы мәселелердің барлығы да алдағы күндерде жан-жақты ескеріледі деген сенімдеміз.
Мемлекет басшысы айтқандай, еліміз бүгінде жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгеруге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып отыр. Демек, биыл елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістер жасалып, жасанды интеллектіні экономикаға енгізу, басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін беру – қарышты қадамдармен жүзеге асырылады. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашылады.
Президент сұхбатында көпшілігімізді ойландырып жүрген «Нағыз отаншыл адам кім?» деген сауалға лайықты жауап берілген екен. «Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі».
Жалпы, Мемлекет басшысының сұхбатында көп сұрақтар қаузалды. Ондағы айтылған ойлар мен идеялар, жасалған тұжырымдар, байыпты көзқарастар мемлекетіміздің таяу болашақтағы ауқымды іс-шараларына негіз болып қаланатыны сөзсіз. Президент сұхбатының практикалық және тактикалық мәні басым болатыны сондықтан. Жолдауларда бағдарламалық тұғыр көбірек қамтылса, осындай сұхбаттарда Президенттің мемлекетшілдік тұлғасы, қайраткерлік сипаты, адами-азаматтық қырлары көрініс табады. Газеттегі сұхбат форматының ұтымды болатын тұсы да осында ғой!
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat» журналының бас редакторы
437 рет
көрсетілді0
пікір