• Мақала
  • 29 Қаңтар, 2026

«Судья» кітабы жарық көрді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің мәжіліс залында осы оқу орнының 1985 жылғы түлегі,  Әділет полковнигі, отставкадағы судья  Советхан Сәкенұлының «Судья» атты кітабының таныстырылымы өтті. Заң факультеті мен «Заң» медиакорпорациясы» бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға ҚР Жоғары сотының отставкадағы судьялары, Алматы қалалық сотының өкілдері, жазушылар мен журналистер, факультеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кітапқа Советхан Сәкенұлының әр жылдары мерзімді басылымдарға берген сұхбаттары, құқық қорғау, оның ішінде сот жүйесіндегі мәселелерге қатысты жазған мазмұнды мақалалары топтастырылған. Жинақтың алғы сөзінде ҚР Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір «Шағын ғана жинақта әріптесіміз сот саласының барлық болмысын, қыры мен сырын, жетістігі мен кемшілігін шынайы жанашырлықпен көрсеткен. Ондағы кестелі ой, терең толғамдар, батыл ұсыныстар мен кесек пікірлер судьяның өз принципіне табандылығын, кәсібіне адалдығын аңғартады», – деп жазған.

Кітап автордың «Судьяға (биге) үміткерге қандай талаптар қойылуы қажет?» деген мақаласынан басталады. 2002 жылы жазылған мақаладағы орынды талаптар араға жеті жыл салып 2009 жылдың 18 қаңтарында өткен ҚР Судьяларының V құрылтайында сол кездегі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сот жүйесіне жүктеген тапсырмасында айтылды. Бұл өз кезегінде автордың кәсібилігі мен өз саласына сергек қарайтын жанашыр азамат екенін айқындайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі, тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров «Автордың  көпжылдық судьялық тәжірибесіне сүйене отырып жазған ой-толғамдары оқырманды сот төрелігінің ішкі мәніне, адам тағдырымен тікелей байланысты ерекшелігін білуге жетелейді. Әсіресе қоғамда кеңінен талқыланған Қорғас ісіне қатысты жеке естеліктер мен пайымдары сот қызметіндегі кәсіби батылдықтың, жауапкершіліктің және ар-ожданның көрінісі ретінде бағалы. Сонымен қатар әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған мақалалар мен сұхбаттардың бір жинаққа топтастырылуы бұл еңбектің қоғамдық-саяси, публицистикалық салмағын арттыра түседі, – дей келе, алдағы уақытта автордың  Заң факультетінің студенттеріне шеберлік сағатын өткізуіне мүмкіндік жасалатынын айтты.

Таныстырылымға арнайы келген ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының құрметті профессоры Әділ Қырықбаев: «Советхан судья болу үшін мінез болу керек деп бекер жазып жүрген жоқ. Кітаптың мазмұнына қарасам мұнда  Советханның күйзелісі,  тебіренісі берілген.  Ол бір күнде жазылған жоқ. Ұзақ жылдардағы еңбектің нәтижесі. Советхан өзі пікірін батыл айтатын судьялардың біреуі. Бұл кітаптың маңыздылығы да осында. Судья да қоғамның мүшесі. Қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға, оқиғаларға пікір айтуға құқылы. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Ар деген әр адамның көтеріп жүрген абыройы, жүгі, киіп жүрген киімі. Жалтақ адам жағымпаз, қорқақ келеді. Жалтақтық пен жағымпаздық судья мінезіне келмейді», – деген пікірін айтты.

Іс-шара соңында Советхан Сәкенұлы өзі қараған «Қорғас ісі» үкімінің екінші нұсқасын болашақ мамандарды оқытуда үлгі болсын деп Заң факультетінің кітапханасына сыйлады.

Айта кетейік: Қазақстанның сот саласының тарихында ең ұзақ қаралған ірі іс ретінде аталатын «Қорғас ісінің» айыптау қорытындысының қазақшасы – 35, орысшасы – 35  том болса, орыс тілінде жүрген істің үкімі 7 том болған. Бұл үкімнің бірінші нұсқасы Астанадағы қарулы күштердің музейде тұр.

Советхан Сәкенұлы 1985–1986 жылдары адвокат, 1986–1999 жылдары аудандық прокуратурадан ҚР Бас прокуратурасына дейін Бас Әскери прокуратура, Жоғарғы Сотта, Бас әскери полиция басқармасында әртүрлі жауапты, басшы лауазымдарында қызмет істеген. 2000–2010 жылдары ҚР Әскери сотының судьясы, 2010–2014 жылдары Алматы қаласындағы аса ауыр қылмыстар қарайтын мамандардырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы. 2014–2020 жылдары Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 2020–2024 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы болып, 2024 жылы  құрметті отставкаға шыққан.

 

Назым ДҮТБАЕВА

 

 

 

 

  

 

 

 

 

307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы